Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет68/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   242
«Мен енді сәдуақасовшылдықпен принциптік негізде келісу мүмкін емес кейбір мәселелерге тоқталып өтейін. Біріншіден, жергіліктендіру хақында. Олар оны іс жүзінде неге саяды? Олар жергіліктендіруді басшылықты тартып алудың әдісі мен құралына айналдырмақ, сөйтіп Мәскеудің пролетарлық партиялық жетекшілігінен құтылмақ», – деп қужақтата езуледі.

Өзегі өртенген қайраткер жалғыз Смағұл ғана емес еді.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «14). Коммунистердің ішінен Қожановпен етене таныспын. Қожанов біздің ұйым туралы ештеңе білген жоқ. Өткен жылы менен ұйым жөнінде сұрағанында: ешқандай да ұйым болған жоқ – деп жауап бердім».

Тергеу ісіндегі барлық хаттамада осы арада: «З.Валидов Т.Рысқұловпен кездесті ме, жоқ па?», – деген сұрақ қойылатын. «Батыс Алашорданың» көсемі Т.Рысқұловтың орынына С.Қожановтың атын атайды.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): Сұлтанбековті Ермеков жақсы біледі. Орынбордағы ұйымға мүше болуы мүмкін, оның тізімі бізге белгісіз. Байтұрсыновтың тұтқындалуына байланысты Ермеков менен біздің ұйым туралы сұрады. Асфандияровпен таныспын, тек университеттегі жұмыс жөнімен ғана қарым-қатынас жасадық, ұйым туралы ол ештеңе білмейді. Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ол бізден саяқсынып кетті. 29-жылы кездескенімізде біздің сақ жүруімізді емеуірінмен білдірді. Ораз Жандосовпен оқу-ағарту комиссариятында істеген кезінен – 28-жылдан бастап көрші тұрдық. Біз оны нағыз берілген коммунист деп есептейтінбіз. Байділдинмен таныспын, оны 28-жылы Орынбордан қызмет бабында байланыс орнату үшін Ташкентке келгенінде көрдім. Ол көз алдындағыдан алысты болжай алмайтын адам, байқауымша, ол тез өзгеріпті, өзінің шын берілгендігін танытуға тыраштанған жолбике коммунист болып шығыпты».

ҮІ томның 133-189-беттері аралығында парақтың екі жағына жолдары тығыздалып машинкаға басылған Әбдірахман Байдилдиннің «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар. Ұзын ырғасы 90 беттен асатын бұл ұзақ көрсетінді 1929 жылдың 26 қазан күні басталып, 133-149 беттері, 2 қарашаға дейін 150-160 беттері, 20 қарашаға дейін 176-189 беттері тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарының бас-басына тоқталып, олардың бәріне мінездеме беріп шыққан. Мұндағы пікірлер партиялық «өткір, ұстамды, ашық» пікірмен әр сөзі шегелене жазылған. Оның ішінде Х.Досмұхамедовке де тиісті «мінездеме» берілген. Алайда оның ешқандай да дәлелдік түйіні болмағандықтан да, бұл арада келтірудің жөнін таппадық.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «15). Университетте әшкерелеу науқаны жүріп жатқан кезде маған Асфандияров та көмектесе алмады. Менің туысқандық жақындығым бар Құрмановты байдың тұқымы деп университеттен шығарып жіберді. Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын. Ал оны растайтын құжаттарды табан астында қайдан таба қойсын. Дәл осындай сылтаумен тағы бір студентті шығарып жіберді. Құрғақ ақылдан басқа еш көмегіміз тимеді».

Тергеушілердің «Айыптау қорытындысында» тура осы сөздер: (...) Х.Досмұхамедов: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Асфандияровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. №2370-iс, 1 т., 209-парақ)», деп өзгертіліп берілген.

Ал: «Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын», - дегенмен: «Байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым», дегеннің арасында үлкен айырмашылықтың бар екені және мұны неге өзгертіп пайдаланып отырғаны айтпаса да түсінікті.

16). Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидовтің бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан да кездесуге өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Бұл туралы… (танылмады – Т.Ж.) Мен, Қашқынбаев, Әділев қана білді. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді.

Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты (Ол бұл кезде қаза тапқан болатын – Т.Ж.). Мен оның бұл ойының дұрыс еместігін, кеңес өкіметі жағына шығуының жазамен аяқталатынын айттым. Анықтап білгенім – Әнуар паша Түркістанда, оның ішінде Бұқара мен Қазақстанда біріккен мұсылман мемлекетін құрмақшы екен. Бұл мәселе жөніндегі көзқарастарымызда біраз келіспеушіліктер болды. Бұдан кейін ол өзінің кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, үкімет мүшелерімен, Қожановпен тілдесіп беруді өтінді. Мен бас тарттым. Кеңес өкіметі оған кешірім жасай қоймайтындығын ескерттім. Сонымен біздің әңгімеміз аяқталды».

З.Валидов: «Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шаһит болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістанның тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім», – деуі оның шын жүрегінен шығып еді»... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «17). 1924 жылдан кейін контрреволюциялық әрекетпен шұғылданған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы шықпасам да «Алашорда»» идеясынан бас тартқам жоқ. Мұны іскерлік-төңкерістік идея десе де болады. Ресми аты болмаса да, біз оны өзара «Ұйым» және «Өркениетті ұлтшылдар партиясы»,– деп атайтынбыз».

Зады бұл бүкіл түркі әлемін оятқан атақты «Иттиһат уа тарахият» партиясының қазақша тәржімасы болса керек.

Д.Әділев (жалғасы): «Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір, екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов: бұл хатты Халел Досұхамедовке көрсету керек, - деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Олар мұны Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде – Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушысының кітабын оқыдым. Россия социализмнен алыс жатыр депті. Соның жазғаны дұрыс,– деді».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «18). Рысқұловтың жолдаған хаты Жаһанша Досмұхамедовтің қолына тиді. Хат Сарымолдаевқа жолданған. Ол кезде (Сарымолдаевтің) тұрақты мекен-жайы болмағандықтан да хат Жаһанша Досмұхамедовтің қолына кездейсоқ түскен».

Бұл хаттың «хикаясы» алаш қайраткерлерінің арасында Дездамоннаның орамалының «қызметін» атқарған. М.Әуезов өзінің түрмедегі көрсетіндісінде сол оқиғаға байланысты «Сұғанақ сұр» повесін жазғанын айтады. Оған байланысты деректер Ж.Досмұхамедовпен, М.Тынышбаевпен бетпе-бет жауаптасуда келтіріледі.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «19). Астана Қызылордаға ауысқаннан кейін мен ол ұйыммен (Орынбордағы – Т.Ж.) байланыс жасауға тырыстым. Ол жөнінде Бөкейхановқа хабарласып ем, ол жауап қатпады».

Бұл ұмтылыстың жай-жапсары алдағы беттерде жан-жақты қарастырылады.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «20). «Тұтқындалғанға дейін «Алашорданың» мүддесі үшін қандай іс-әркет жасадыңыз?»,– деген сұраққа айтарым мынау: Ташкенттегі № 2 баспахананы Орынборға ауыстыруға қарсы болдым. Баспаханың Ташкентте қалуы пайдалы екендігіне көздерін жеткіздім. Жалпы алғанда мен Орынбордың астана ретінде қабылдануына қарсы болатынмын. Сонымен баспахана Ташкентте қалдырылды. Бұл ұлттық бағыттағы кітаптарды өзіміздің бақылауымызға алып, басып шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен жоғарғы оқу орындарына арналған ғылыми кітаптарды шығаруға және баспахананы техникалық тұрғыдан жабдықтауға жан-тәніммен кірістім. Қазақстанның өзіндік дербес оқу жүйесі болуына бар жігерімді жұмсадым.



21). Араб әліпбиін қалдыруға мен ешқашан қарсы болған емеспін. Араб қаріпімен қоса латын әрпін қатар пайдалану мүмкін емес деп есептеймін. Төреқұловтың: «Бұл мәселені революциялық жолмен шешеміз, араб әліпбиі мен ұйымның көзін жойып, коммунизмге барамыз», – дегені бар. Мұны естіп мен барлық жұмыстан бас тарттым. Ол туралы: «Азған адамның тозған ісі»,– деген пікір білдірдім.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет