«Байтұрсынов: Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз»,– деген сәлем айтқаны туралы мағлұмат беріп, Орынбор мен Ташкенттің арасында қандай да бір байланыстың болғанын жоққа шығарды.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Бұқара қаласында өзбектердің осындай ұйымы бар екенін, ол үкіметтің жетекшісі Исымов Қаримен 23-жылы таныстым. Бірақ біздің ұйым олармен байланыс жасаған жоқ. Олар жадидтік бағытты ұстанады, үлкен әрекетке қабілеті жетпейтін. Әнуар паша мен Заки Валидовтің бағдарламалары қандай, не ойлағандары бар, нені мақсат етеді, қазақтармен қарым-қатынастары қандай, соны білу үшін Бұқараға Бірімжановты жібердік. Біз екі республиканың аражігінде тұрмыз, сондықтан да біздің мақсатымыз Қазақстан мен түркістандық қазақтарды біріктіру екенін білдірдік. Бірімжановтың Бұқарадан қайтып келгеннен кейінгі жауабы маған белгісіз. Кейін Әділевтің де басмашыларда болғанын естідім. Бірімжанов пен Әділевті Орынбор ұйымы 22-жылы жіберіпті. Екі республикадағы ұйымның өзара байланысы болған жоқ».
З.Валидов: «...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді»,– деп (268-бет) еске алады.
М.Тынышбаев (жалғасы): «4) Ұйым террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедов үндеу жазып таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұл шарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Заки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгендей ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «12). Менің және ұйым мүшелерінің айналысқан қызметіне келетін болсам, мен ғылыми баспаны басқардым. Соның ішінде қазақ тілінде көптеп кітап шығаруға ерекше көңіл бөлдім. Сонымен қатар Оқу-ағарту халық комиссариатында да қызмет атқардым. Тынышбаев Жер жөніндегі комиссариатта істеді, Қашқынбаев денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жұмыстарымен айналысты. Бірімжанов «Ақ жол» газетінде, ал Жәленов пен Әділев жастармен жұмыс істеді. Бұрын Түркістанда жарияланбаған оқулықтарды аударып бастық. Зоология, табиғаттану, анатомия, адам физиологиясы бойынша пәндік оқулықтар жарияланды. Қазір де сол оқулықтар басшылыққа алынып оқытылады. Олар кеңестік мектептердің бағдарламасы бойынша, эксперттердің пікір білдіруімен жарияланды. Ұлтшылдықтың ешқандай белгісі де жоқ. Сонымен қатар халық әдебиетінің үш томдық жинағын шығардым. Әрине, онда маркстік талдау жетіспейтін. Мен халық әдебиеті туралы бірнеше кітапты құрастырып шықтым. Үш оқулық орыс тілінде жазылды. Сыншылар: оқулықтарда ұлтшылдықтың салқыны бар. Ол ұлтшылдық көзқарсын оқулықтар арқылы студенттерге насихаттап, өз ойын өткізіп жіберуге тырысты – десті. Алайда оған менің мүмкіндігім болған жоқ және бақылау да күшті болатын. Менің Ташкенттегі мәдениет саласына араласқан кезімде 25 атаудан астам кітап қазақ тілінде жарық көрді. Мен кеткеннен кейін бір кітап та шыққан жоқ. Бұл кітаптардың барлығын да ұлтшылдар жазған, солар аударған. Бұл оқулықтарда біздің бағдарламамыздың қазақ халқына қатысты негізгі мәселелері (тұрғылықты халықтардың саны, жер және басқа да мәселелер туралы) түсіндірілді».
Халел Досмұхамедов жетекшілік еткен Ғылым комиссиясы 1922 жылы ғана 622 кітап шығарды, оның 33,7 пайызы қазақ тіліндегі басылым болатын. Ол Институттың ғылыми Кеңесінің төрағасы ретінде:
«Халел Досмұхамедов 1923 жылы 11 шілде күні Москва қаласында өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде ұйымдастырылатын қазақтың тұрмысы мен этнографиясына байланысты шараға Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының студенті Құрманбек Жандарбековтің әнші ретінде қатысуын ұсыныс етті, соған орай ол демалыстан шақыртылып алынды. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқан қазақтардың көрмесінде Қазақ ағарту институтының оқытушысы, Ташкенттегі Қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі Мағжан Жұмабаев ерекше ынта көрсетіп, белсенділік танытты. Көрмеге әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағы апарылды. Олардың ұзын саны 100-ге жуық. Солардың ішінде Темірдің Түркістандағы Ахмет Яссауидің мешітін салу туралы жарлығы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның жағырапиялық очерктері», Тұрар Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» атты кітаптар бар», – делінген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 52-бет).
Алайда кеңес өкіметі мен тергеушілердің білім туралы көзқарасына жүгінсек, мұның барлығы барып тұрған «қастандық», Абайдың тілімен айтқанда, «бақас ғылым» еді. Оған «Айыптау қорытындысындағы» «Мәдениет майданындағы қастандықтар туралы дәлел. Онда:
«2. Мәдениет майданы: Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.
«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-iс, 1 т., 220-бет).
Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.
Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға М.Жұмабаев және айыпталушылар Даниял Ысқақов, Халел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов пен Қошмұхамед Кемеңгеров қатысты.
(...) ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды»,– деп жазылған.
Х.Досмұхамедовтің тергеу хаттамасындағы жауаппен тергеушілердің «Айыптау қорытындысындағы» келтірілген дәйектемелерді зейін қоя салыстыра қараған оқырман, екі жазбаның арасындағы айырмашылықты және тергеушілердің қиыннан қиыстырып бұрмалаған «қорытындысындағы» астары теріс қаратылған «үкім жобасын» қиналмай аңғаратыны анық. Мұндай «бұратылған стильдік тәсілдердің» біразына келер беттерде де орын берілетінін ескерте кетеміз.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Жер мәселесі туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселемен мүлдем таныс емеспін. Ал жастармен Жәленов пен Әділев тікелей жұмыс істеді. Олардың нақты міндеттері болды. 25-жылға дейін комсомол ұйымы құрылғанша жұмыс істеді...
13). ...Сәдуақасов пен сәдуақасовшыларға біз іштарта қарадық, әсіресе, жер мен ауыл мәселесі жөніндегі көзқарасы бізге барынша жақын болды. Шындығында мен бұл мәселелер жөнінде онымен пікір бөліскемін жоқ, бірақ та сөйлеген сөздері мен газеттегі мақалаларынан білуге болатын. Біз ол кезде Ташкентте болғандықтан да істің жайынан тыс қалдық. Сәдуақасовшылармен және Сәдуақасовпен ешқандай байланысымыз болмады. Ол кісімен Ермеков, Байтасов, Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов жақсы таныс болатын, әр тақырыпта пікір бөлісетін. Сәдуақасов солардың ықпалында болды деп ойлаймын».
Х.Досмұхамедов «іштарта қараған» С.Сәдуақасовтың сол жылдары мерзімді баспасөз арқылы білдірген:
«Бүгінгі таңда ұлттық шет аймақтардағы жер саясаты саласындағы нақты міндет 1) Қоныс аударушы байырғы тұрғындармен қоса жергілікті халықты да жерге түпкілікті орналастыру. 2) Жаппай жерге орналастыру (бұған өз еркімен келгендерді жерге орналастыру да, халықтың табиғи өсімін ескере отырып, жер қорын белгілеу және т.б. кіреді) жөніндегі жұмысты қызу қарқынмен жүргізу, осының нәтижесінде артық жер бар болса, анықтау»;
«Ұлт республикаларының аппараттарындағы қызметшілердің бәрі бірдей европалық коммунистер емес екені, онда талай партияда жоқ европалықтардың, тіпті саяси жер аударылғандардың да отырғаны ешкімге құпия емес. Сонда, Митрофанов жолдастың сөзіне қарағанда, бай-манаптардың диктатурасы жария сипат алатын болғандықтан да басқару жүйесіне қалай дегенменде, бұл, жергілікті интеллигент қой – деп патша чиновнигін (сонда патшаның кезінде чиновниктер тек қана шет аймақтың интеллигенциясынан жасақталғандай) отырғызу ілгері басқандық па?»;
«Мен ешкімді де ластағым келмейді, бірақ біздің осы мәселе жайындағы саясатымыздың бағыты дұрыс емес, орта шаруаларға тиісінше көңіл бөлінбейді, олардың пайдасы жөнді көзделінбей келеді. Бұл дұрыс емес демекшімін. Қазақ ауылында орташалардың беделі күшті, салмақты, сондықтан орташалар мен кедейлерді бөлмеске, олардың арасына жік салмасқа керек еді. Ауыл ішіндегі жұмыстарымызды орташалар мен кедейлерді одақтастыру, біріктіру бағытымен жүргізу керек еді деймін. Енді байларды тақымдау, оларға мықтылық көрсету керек деген мәселеге келейік»;
«Менің ойымша, қазақ ауылын орыс поселкесінен жеке сөз қылуымыздың қисыны жоқ, Голощекин жолдас, Ресейдегі орыс поселкелерінің жарлылар комитеті жуан жұдырықтарды тақымдап, олардың мүлкін бөліп алу дәуірін өткізіп отыр. Бірақ Қазақстандағы орыс поселкелерінде бұл жұмыстар жүргіз – кеңес билігі жуан-жұдырық қара шаруалардың қолында болды. Мысалы, сол кездерде Жетісудағы орыс қара шаруалары: «Осы күні жұмыскер мен қара шаруа өкіметі жасалып отыр, қазақтар туралы ештеңе де айтылмаған», - деп соғып жүрген. Бұл ойын емес, ақиқат. Бұл тарих. Ауыл-поселкеде жүргізілуге тиісті біздің тап саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, қазақтың байымен қатар орыстың да жуан жұдырықтарын тақымдап отыруымыз керек», – деген пікірлер еді.
Бұл пікір қазақ ұлтының өмір сүруі мен өркендеуінің кепілі еді. Сондықтан да оған тек Х.Досмұхамедов қана «іштарта қараған» жоқ, исі қауым назарын тігіп отырды. Ал мұны «Голощекиннің националдары» О.Исаев пленумда:
Достарыңызбен бөлісу: |