Жиылыс, жазушы Мүсiреповке саяси жағынан сенбейтiндiгiн бiлдiрiп, оның жұмысын қарау – тиiстi орындардан сұралсын дедi. Жиылыс, Мұқанов Сәбиттi жазушылар ұйымының басшылығынан алу жөнiндегi қаулыны бекiттi, Мұқановты жазушылар союзының мүшелiгiнен шығарды». Аңғарған адамға бәрi де түсiнiктi. Тiптi қиналатын да ештеңе жоқ. Сәбит Мұқанов қарауылға iлiндi. Тек шүрiппенi басу ғана жетпей тұр. Ғабит Мүсiреповтiң де «базары тарқады». Онша алаңдамаса да болады. «Басты жазушылардан» қалғаны жалғыз Мұхтар... Бұлқынып шығып кетпей тұрғанда оған бұғалық тастап қою керек едi. Бiр жақсысы, құрық қолдарында. Қашан тартса да кеш емес. Басқаны қайдам, «ажал тұзағын құрып» отырған арандатушының дәл осылай ойлағаны анық. Жиналыстың есебiмен қоса, Ғабиттi әшкерелеген «үн қосуды» дер кезiнде жариялады, ұмытпады. Неткен ұшқырлық десеңiзшi.
Iле, сол мәжiлiстiң есебiмен бiрге «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» деген мақала екi бетке жалғаса жарияланды. Түгелiн тiзiп шығу мүмкiн емес. Iшiнара Ғабит Мүсiреповке айып есебiнде тағылған тұстарды ғана ұсынамыз:
«Жаулармен табақтас болып келген, шығармаларында халық жаулары, алашордашыларға көрiне трибуна берген, большевиктiк сынға, өзара сынға мейлiнше қысым жасаған, өзiнiң қызмет орнын пайдаланып жазушылар ұйымының жұмысына бөгет жасап келген жазушы Мүсiрепов Ғабит туралы да көптеген фактiлер келтiруге болады.