Хат жаз. Жарайды, сау-саламатта бол! Құшақтасып көріскенше. Бауырың Қошке. 13.ІҮ. 1924 жыл».
Осы хатқа және оның мазмұнына ғана емес, Абдолла Байтасовқа қаратыла жазылған М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтің, Ж.Аймауытовтың, Д.Ысқақовтың, Е.Байғасқиннің тігіндідегі хаттары мен тілшелеріне, ілеспелеріне жүгінсек, онда осынау алаш оғланының бәріннің сеніміне кірген, жұғымы бар, сыр бөлісе алатын, «досы көппен – сыйласқан, досы жоқпен – сырласқан», бұйымтайды тиянақты орындайтын ықтиятты екені азамат танылады. Оның осы мінезін ашу үшін де Қ.Кемеңгеровтің хатын көпшілікке қайыра ұсындық.
Ал келесі Дінше Әділевке жолданған хаттың қазақ өнері тарихына тікелей қатысы бар. Өйткені, Дінше Әділев – Қазақ театрының тұңғыш директоры, ал Қошке Кемеңгеров – театр шымылдығын ашқан тұңғыш пьесаның авторы. Демек олардың арасында өзара шығармашылық байлныс болуы заңды. Омбыдан таныс, өзара шымшыма қалжыңы бар, еркін сөйлесетіні хаттың мәтінінен анық аңғарылады. Оқу-ағарту комиссариатында мәдениет пен жастар ісі жөнінде ұйымдастыру саласымен айналысып, Діншенің «алаш ісі үшін жан аямай тер төгіп жүрген кезі» (Діншенің өз сөзі).
«Дінше бауырым! Денсаулығың жөнінде, қызметіңнің өскені турасында естідік. Әлі күнге сүр бойдақ жүргеніңді де білдік. Мейлі, әзілді қоялық. Іске келейік.
Ғұмырыңда талай тарихты бастан кешірдің ғой сен. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Сенің сонау Қиыр Шығыс сапарыңнан бастап қазіргі өміріңе шейін терең танысқым келеді. Қандай мақсатпен коммунизм жолына түстің? Бұл жолдан неге ауытқыдың? Және өзің көрген уақиғалар хақында, сапарлас, қарым-қатынас жасап жүрген достарың туралы қысқаша ақпар бер. Жалқауланба. Уақытыңды бөл. Өмірдің алдында әйтеуір есеп беруіміз керек қой. Мен қазақ зиялыларының өмірі жөнінде роман жазуға отырдым.
Егер Түркістандағы ерліктерің туралы хатқа жаза алма-саң, онда ауызша айт. Бір жерде кездесейік. Қазақстанның дүмді деген қайраткерлеріне мінездеме бер. Осы өтінішімді аяқсыз қалдырма. Өзіңе сенемін.
Ниеттес тілеушің һәм досың Қошке. 16.ІІІ.1925 жыл».
Хаттың мазмұнына қарағанда, «Алтын сақина» пьесасын сақнаға қою үшін емес, М.Шолоховтың «Тынық донындағы» Григорий Мелеховтың тағдырына ұқсас «партизандық өмірінен» роман жазуға ниет еткендіктен қолына қалам алған. Жалпы, Діншені тағдырына сол тұстағы М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сияқты жазушылар шығармашылық ықылас танытқан. Соның ішінде дерек ретінде расталып отырғаны осы Қошке Кемеңгеров қана. Әрине, бұл тілек – тек тілек күйінде қалған. Романның қандай дәрежеде орындалғаны, қолжазбасының тағдыры, бимәлім. Бұдан кейінгі екеуінің де өмірі аласапыранға араласып кеткендіктен де бұл тақырыпқа қайырылып соғуға мұршалары болмауы да мүмкін.
Қалай дегенмен де, араға бір салып барып, 1926 жылы 12 қаңтар күні қазақ драма театрының сақнасы Дінше Әділев директор боп тұрғанда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақинасымен» ашылған. Бұл екі адамның да аттары қашан тәуелсіздік алғанша жартылай жабық күйде болғандықтан да, алғашқы премьера Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіне» тиесілі болып келді. Бар айтарымыз, жоғарыдағы хат екеуінің арасына бір нәзік байланыс орнатқаны анық.
Жалпы, Қошке Кемеңгеровтің табиғи болмысынан дәрігерлік пен жазушылық өнерді нәзік байланыстырып тұрған сезім сәулесі анық аңғарылады. Оны Алматының түрмесінде жатқанда елдегі жарына жазған:
Ашығып үш күн болды жаттым төзіп.
Жатырмын жас өмірден күдер үзіп.
Жан жарым, жандай көрген үш құлыным,
Қаласың әлде кімге көзің сүзіп, –.
деген ұшбу өлеңінен түйсінуге болады.
Бұл болмыс – осы текке қатысты тектік түзілім де сияқты. Өйткені сезімін көркем жеткізуге ұмтылу Қошкенің балаларының ғана емес, оның немересінің де, өзге емес, өз шәкіртіміз, ата мұрасын тинақтап жинап жүрген Қайырбек Кемеңгердің бойына да сол қасиеттің тумысынан біткенін сезіндік. Тағдырлы тектің отбасының кейінгі тағдыры туралы мағлұматты аты аталған Қайырбек өреннің «Омбыда оқыған қазақтар» атты жинағындағы «Жан жарым, жандай көрген үш құлыным» деген эссесінен алынған үзінді арқылы жеткіземіз.
Қ.Кемеңгер: «Жолдасы тұтқындалғаннан кейін Гүлсім үш баласын алып 1930 жылдың күзінде Омбыға оралады. Қайратты келіншек жол жөнекей талай азап шегіп, күйеуінің туып-өскен Қаржас аулына жетеді. Гүлсім бір уақытта Қошкенің әкесі Дүйсебай қажының қаржысына салынған Қаржас мектебіне балаларын қалдырады да, өзі қолындағы алтын жүзік, білезіктерін сатып Алматыға кетеді. Алматыға жеткен соң, абақтыда жатқан серігіне күнде тамақ тасып, оның көңілін сергітіп, жолдасымен тар күннің тауқыметін бірге тартады.
Алматы абақтысынан Қошке Кемеңгерұлы 1932 жылы Орталық Ресей жеріне, Валуйки деген қалаға жер аударылады. Туған жерден алысқа айдалып бара жатқан жан серігін Гүлсім бұл жолы да жалғыз қалдырған жоқ. Аяулы жар айдауға жолдасымен бірге кетеді. Алайда Қошке қасына отбасын толық алмайды. Ол өзімен бірге Гүлсім мен екі қызын ғана алып, Нарманбетті ауылындағы ағасына және бір Аллаға аманат қылып тапсырып кетеді. Айдаудағы ауыр тұрмыста күн не болады деген қауіптен болса керек, Қошке тағы бірнеше жыл ұлынан айырылуға мәжбүр болады.
Әке-шешесі еркелетіп Нартай деп кеткен Нарманбет Қаржаста 1935 жылға дейін Қошкенің ағасы Құлмағамбеттің қолында қалады. Айдаудағы кесілген мерзім аяқталып, ауылына оралған отбасын жасы сегізге жетіп қалған Нартай жатырқаған сезіммен қарсы алады. Бірнеше жыл көрмей, көңілі суып қалған жас бала туыстарын біраз уақытқа дейін танымайды. Әке-шешесі қанша бауырына тартса да, Нартайдың мұздап қалған жүрегі біразға дейін жібімейді. Валуйки жеріндегі өмір сол уақытта жасы есейіп қалған Қошкенің үлкен қызы Зайраның есінде жақсы сақталған.
Қошке отбасы баяғы Ташкенттен кейін енді ғана бір шаңырақтың астына жиналғандай болады. Аяулы ата-ананың аясында үш бала енді өздерін бақытты санады. Саналары кіріп қалған оларға алдағы екі жыл өмірлеріндегі ең бір тамаша кез болды. Қошкенің жары Гүлсім де: "Өткен өмір өтті, бәрі қайыр. Қорлық пен қиындық көрген бес жыл ішінде өлмей тірі қалдық, Аллаға шүкір. Ендігі өміріміз жарқын болса екен", – деп болашаққа ақ үмітпен қараған еді. Қошке айдаудан келген жылы Омбы облысының Шарбақкөл деген, елді мекенінің аудандық ауруханасына дәрігер болып жұмысқа тұрады.
Шарбақкөл өңірі – өзінің нағашы жұртының елі болғандықтан, Қошкеге жат жер емес еді. Аяулы азамат жергілікті халықты емдеп, көпшіліктің алғысына бөленіп жатты. Қолы босаған кезде баяғы ермегі – қолына қаламын алып, заман ағымы туралы, әдебиеттің бағыт-бағдары жайында мазалаған ойларын хатқа түсіріп жүрді. 1937 жылы қызы Зайраға: "Амандық болса, Алматыға барамыз. Мен роман жазып аяқтадым. Соны баспаға жеткізу керек", – деген екен. Өкінішке орай, Қошке тұтқындалғаннан кейін, оның барлық қол-жазбалары із-түзсіз НКВД кабинеттерінен қайтпады.
Болашақты кім болжай алған? Алдағы күн қандай сыбаға тартатынын жұмыр басты пенде қайдан білсін? Қошкенің Алматыға қолжазбаларымды апарамын деген арманы да сағымға айналды. Енді ғана есін жинай бастаған ұйыған отбасының шаңырағы бір-ақ күнде құлады. Қазақты қан жылатқан 19371 жылдың жетінші тамызында Қошке жұмысынан оралмайды.
"Сібір жерінде Кеңес үкіметіне қарсы жасырын ұйым құрушы, Жапония елінің шпионы" деген жалған жаламен Қошке Кемеңгерұлы тағы да қамауға алынады. Осы жолы жағдайдың ауыр екенін, енді қайтып оралмайтынын сезген
Қошке отыз үш-ақ жаста жесір қалып бара жатқан аяулы жары Гүлсімге: "Заманның беті жаман. Ертең тірі көрісу-көріспеу екіталай. Сондықтан балалар өз күнін өздері көрер. Қасында өзің, туыстары болса адам болып кетер. Ал сен болсаң әлі жассың. Мен сені қидым. Қош!" – деген екен. Қошке Кемеңгерұлы нақақтан атылған уақытта оннан асқан Зайралар әкелері туралы шындықты білмеді. Көп жыл бойы олар аяулы әкелері оралады деген сеніммен жүрді», – деп (аталған жинақ, Астана, 2007, 105-107 беттер) баяндайды.
1937 жылы ұсталып, сол жылы 21 қараша күні Омбы түрмесінде атылып кетті.
Бір жұбанышы, Қошкенің артында қалған ұрпағы Омбының орманын паналап, әкелерін ұмытпай өмір сүрді. Барлық «халық жауларының» әйелдеріне ортақ қасірет тауқыметін Гүлсім де басынан кешіп, бес жыл айдауда болды. Соның ішінде Қошкенің қызы Зайраның батылдығы мен сата –анасына деген терең махаббаты ерекше сүйінішке лайық. Құрбадары әке-шешесіне бас тартып жатқанда ол соларды аңсап, аңсарын өлеңмен дәптеріне түсірген.
Қ.Кемеңгер: «1947 жылы Зайра әкесіне арнап кезекті өлеңін жазды. Әкеге деген ыстық сезім мен қатты сағыныш көздің жасы мен қағаздағы жыр жолдарына айналады. Ұзақ өлеңде мына секілді жолдар бар:
Нұрлы жүз көлеңкең тұр көз алдымда,
Кетпейсің жатсам, тұрсам еш жадымнан.
Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп,
Бетіне қалықтайтын күнің бар ма?
Он жылға толар биыл Сіз шыққалы,
Өмірдің талқысынан жан бұққалы.
Күн мен түн, ай мен жылдар ауысады,
Сонда да көрінбейді еш нысаны.
Әкелік, мейірбандық жылы сөзің,
Ботам деп, құлыным деп тұрған кезің.
Ойымнан бір кетпейді, әкежаным,
Асыл зат, қойдан қоңыр әр мінезің.
Әкелік тәрбиеңді көргенім жоқ.
Ішімде он жыл болды тұтанды шоқ.
Алтындай дидарыңды көріп өлсем,
Сол күнде қам көңілім болмақшы тоқ», –
деп (сонда, 111-бет) жырлапты мұңлы қыз.
Түрме әфсанасының осы тарауын Қошкенің: «Мен сені қидым», қызы Зайраның: «Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп», – деген сөзімен аяқтағым келеді. Өйткені, бұл жолдарда адамның бойын ерітететін барлық шуақты сезімдер шынайы құйылып тұр. Ал шынайылықтан асқан қасиетті болмыс жоқ. Иә, қимасымызды – қимай, тұңғиық терең жарға түсіп кетпей, еркін өмір сүруге сіз бен біздің де толық қақымыз бар.
28.05.09.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ: «ЖЕТІЛМЕГЕН ЕЛДІҢ БАЛАСЫ...»
(ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ)
1.
Сонымен, «Дала қарақшысы», «Өзі де – ақ, сөзі де – ақ» атты ілгерідегі бөлімдердің мазмұнын орағытып өтсек, астыртын контрреволюциялық ұйымның қастандық әрекеттері ашылмады. Дінше Әділевтің көрсетіндісі бойынша Міржақып Дулатовпен қоса Жүсіпбек Аймауытовтың «ылаңкестікке, қастандыққа» тікелей қатысы бар екенін анықтай алмаған тергеушілер, енді тергеу тәсілін күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тапты. Олар тікелей Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай:
«Кіші октябрьдің» авторын – Голощекинді қастандықпен өлтіруді ойластырды», «қырда көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді», – деген айып аяқ астынан табыла кетті.
Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филипп Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бір де біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден: бұл кеңес өкіметіне және оның көсемдеріне бұлтартпайтын айғағы бар ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез-келген пікірі айғаққа жарап жатыр. Екіншіден: «социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі»,– деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Демек ұлтшылдардың жанына тиетін бір түйіткілдің болғаны. Ендеше қалайда «Кіші октябрьді» жүзеге асыру қажет», – деп шешкен. Әрине, бұл жай ғана болжам. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин әрбір отырыста: өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске салып, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын басқаша қалай түсінуге болады?
Ең шетін мәселе – Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы 20 мамыр күні тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа:
«1927-1928 жылдары Әділевтің бандысымен астыртын байланыс жасап қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған», – деген айыптың тағылуы соған дәлел.
Бұл – тергеудің үшінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?
Д.Әділев (жалғасы): «Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, Түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанымызда, жолда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол: өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым, – деген болатын. Мен мұны Қожановқа айттым. Ол содан кейін Аспандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Аспандияров тапаншаның біренше оғын Қожановқа берді. Қайтарда Арыс бекетінен Шымкенке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым...
1927 жылы өзімінің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұрлан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уезінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Байсейіт елге шығып кетті.
Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келіп: «Қожанов Мәскеуден келді. Ол: Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс», – деп сәлем айтыпты. Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: «Мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер», – деген үмітпен туысым Нұрлан Кәрібаевті ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келгеннен соң Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.
Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке – Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айытым. Ол: «Сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт»,– деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: «Таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да, өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер», – деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».
Бұл көрсетінді Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне тікелей себепкер болды. Өйткені мұнда Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті» ашық айтылған. Және Д.Әділевтің берген көрсетіндісін Ж.Аймауытовтың өзі мойындаған. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:
Жоғарғы соттың айқындамасынан: «Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д.Әділев) бұған (Ж.Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінеді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді».
Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Қайта, Әділевті бетінен қайырғаны үшін, алғыс айту керек еді. Ол кезде Жүсіпбек – Шымкенттегі Педагогика техникумының оқытушысы болатын.
Ал, бірінші рет «Торғай ісіне» байланысты жауапқа тартыларды ЦКАКА-да (қызыл әскер курсында) әдеби қызметкер екен. Ж. Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол «айыпкерден» айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады.
«Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК-тің жанынан 1921 жылы 18- маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті – еуропалық аштарға азық-түлік жөнелту болды. Бір жарым миллион адамның өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтілді. Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет еуропалықтарға жетпей, сасып жатты. Ал онымен жапсарлас Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп, «без теріп» кетті.
Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Аштарға көмек» комитеті құрылды. Басында бейтараптық танытқан Өлкелік комитет, ел-жұрттың алдындағы беделінен айырылып бара жатқанын көріп, еріксіз араласады. Ол туралы С.Меңдешевтің өзі:
«Алашордашылар аштарға көмек көрсетуде белсенділік танытып, дербес қимылдап еді, біз олардың бұл әрекетіне қарсы тосқауыл қойып, іске араластық», – деп жазды.
Аштарға көмек көрсетіп, азық-түлік жиып, ажалдан құтқарған адамдарға «тосқауыл қоюдың» өзі қылмыс емес пе?!. Иә, тосқауылды жақсылап тұрып, қойып, алаш ардагерлерінің барлығын кеңес қоғамынан «тазартып», қызметтен қуды, Қазақстанда тұру еркінен айырды, сотқа тартты. Сол «тосқауылдың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың, Ахсетсафа Юсуповтың үстінен жүргізілген тергеу. Сөйтіп, осындай жазалау әрекеттерін жүргізу арқылы большевиктер өзінің беделін күшпен қалпына келтірген».
Тергеушілер «Алашордашылардың қылмыстық ісіне» Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен жүргізілген бұрынғы сот хаттамаларын да қоса тіркепті. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған елге Семей мен Керекуден мал жинап апарып, тегін таратқаны Ж.Аймауытовтың өзіне «қылмыс болып тағылған» бұл оқиға жөнінде Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Мұның өзі: «Соттың ісіне қарсы қоғамдық пікір туғызып, қысым көрсетіп, үкімге ықпал ету үшін жасалды», – деп бағаланып, мемлекеттік деңгейдегі қаралаушы О.Исаевқа «Баянхат» (докладная записка) арыз жазуға түрткі болды.
Тергеу барысы төрт жылдан астам уақытқа созылды. Істің созылуына әр түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның бірі: Жүсіпбек сол кезде Қазақстаннан тыс жерде – Орынборда қызмет істеп жүргендіктен де, сот келесіне уақытында келе алмағандығы еді. Осыған орай оның ерекше маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушіге жолдаған хатын назарға ұсынуды жөн көрдік.
«Қазақстан Жоғарғы сот мекемесінің ірі қылмыстарын тергеушіге Жүсіпбек Аймауытұлынан Өтініш
Сентябрьдің 27-не шақыруыңызды алып, сол күнге келе алмайтын себебімді айтып, өтініш жазамын. Себебім: әскерлік школде оқу оқытамын, күніне бос емеспін. 2-ден: комиссияның ісін басқарамын. Күнде оқушыларды бақылап, жөн көрсетіп, мәжіліс жасап отыруға тура келеді. Менің орнымда қаларлық қазақ оқытушысы жоқ. Мен кетсем, қызмет, оқу тоқтап қалады. Сондықтан маған жаңа жыл мейрамына шейін пұрсат беруіңізді сұраймын. Екінші шақыру(ды) жібермесеңіз екен, өйткені (онда) декабрь айында келуге міндетті боламын.
Жүсіпбек Аймауытұлы. 18-сентябрь, 1927 жыл».
Жүсіпбектің жаңа жылға дейін «пұрсат сұраған» тілегі орындалмапты. 1927-жылы 3 қазан күні Ерекше істер жөніндегі тергеуші Сейдалин Ж.Аймауытовтан жауап алыпты.
Анкеталық деректер: Ж.Айымауытов сол жылы ол 37 жаста. Орынбордың Совет және Инспектор көшелерінің қиылысындағы №51 үйде тұрады. Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітірген. Әйелі, үш баласы бар. Орынбордағы Казатком атындағы әскери мектепте оқытушы екен.
«Жан жегісі» атты тарауда бұл соттың жай-жапсары, О.Исаевтің баянхаты, Ж.Аймауытовтың соттағы сөзінің М.Дулатов газетке жариялаған нұсқасы толық қамтылғандықтан да, бұл арада таратып жатпаймыз. Тек соған қосымша «Торғай ісі» туралы ресми мағлұмат ретінде Қазақ өлкелік комитетінің бір мүшесінің баянхатындағы төмендегі деректермен шектелеміз. Онда: :
«1922 жылы Қазақстанның негізгі бөлігі, соның ішінде Торғай мен Қостанай уезі қатты аштыққа ұшырады. Тоқшылықта отырған Семей губерниясынан 8 мың ірі қара жиналды. 2 табынға бөлінген малды Торғайға Семейдегі аштарға көмек комитетінің атынан Аймауытов пен Тоқтарбеков айдап әкелді. Торғайда малды мұқтаждарға үлестіріп беретін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның құрамына: уездік аткомның төрағасы Жүсіпов, БКП(б) укомының хатшысы Байменов, уездік бөлімнің меңгерушісі Әбдіғапаров, Семей губерниялық Аштарға көмек көрсету комитетінің өкілі Аймауытов және уәкіл Құлжанов кірді. Мал таратылып болғаннан кейін кедейлердің арызы бойынша мал бөлісі жөнінде тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша: комиссия мүшелері мен уәкіл Аймауытов мал үлестіру барысында мал басын иемденіп, шығынға ұшыратып, талан-таражға салғаны үшін, малды байларға немесе мұқтаждығы жоқтарға үлестіріп бергені үшін жауапқа тартылды. Тергеу 4 жылға созылды. Алдын-ала тергеу кезінде және сот барысында комиссия мүшелері 5–9 қараны иемденгені, шығынға ұшыратқаны (темекі сатып алған, жорға майлаған), 15-тен астам қараны олардың Орынбор мен Семейде тұрғанына қарамастан туыстары мен таныстарына (Дулатовтың, Қадырбаевтің, Құлжановтың, Бірімжановтың) таратқаны расталды (мұны өздері де жоққа шығармайды), ал 5 жаны бар кедейлерге екі жасар бір тайыншадан ғана берген. Комиссия белгілеген мал үлестіруші уәкілдердердің көпшілігі ауқатты адамдар (олардың ішінде мешіттің бір молласы да бар), дені комиссия мүшелерінің ағайындары мен құдалары (мысалы, айыпталып отырған Сарыбай Жүсіповтің туыстары 100 қара алған). Мал Жер жөніндегі халық комиссариятының телеграфпен берген өкімінен тыс үлестірілген, Жүсіпов, Байменов және Құлжанов соған мәжбүр еткен», – деп («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 289-бет) көрсетілген.
Бұған қандай уәж айтуға болады? Оның барлығы Ж.Аймауытовтың соттағы сөзінде дәлелмен келтірілген. Дегенмен де тілмарсып мынадай сауалдар қоюға болады: жаз айында екі жарым – үш мың шақырым жерге 8 мың мүйізді ірі қараны (!) оқыралатпай, шыбындатпай, ит-құсқа талатпай жеткізгені үшін бақташылардың еңбекақы алуға, үш уақыт тамақтануға, насыбай-темекі атуға құқы бар еді. Ал мұнша сиырды шашыратпай жеткізу үшін жүрдек ат қажет шығар. Бақташыларға арнап жолақы төлемегені анық. Екінші бір уәж: қазақ жолына келсең, бар қазақ ағайынды. Бірақ Торғайдағы ақ пен қызыл боп бөлінген арғын мен қыпшақтың ата дауы ашаршылық тұсында тіпті араны ашылып кетті. Мұны Жүсіпбек Аймауытов төбе шашы тік тұрып еске алады. Тіпті солай болған күннің өзінде де, ашаршылыққа көппен бірге ұшыраған Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Қадырбаевтің, Бірімжановтың, Жангелдиннің, Имановтың руластыр мен ағайындары мал үлесінен неге шеттетілуі тиіс? Солардың қара шаңырағы ретінде 15 үйге 15 қара үлестірілсе, ол да айып па? Осылай шексіз тілмарси беруге болады. Ашығына көшкенде оларға себеп емес, салдар ғана қажет болатын. Оған сылтау да даяр тұрды.
Жүсіпбектің бейнесін қысым жылдары да ұмытпай, оның есімін үнемі еске алып, ол жинақтаған Сұлтанмахмұттың қолжазбаларын қайта бастырған шегенді ұстаз Бейсенбай Кенжебаев өзінің жазып кеткен естелік мақаласында аталмыш сот күндеріндегі Жүсіпбектің көңіл-күйі туралы:
«Соттың бірінші мәжілісі аяқталған соң, Жүсіпбек Әуеш арқылы менен «Сана» журналының бір санын сұратып алды. Онда Жүсіпбектің психология жайында жазған «Әдет заңы» деген мақаласы болушы еді. Сот үш күнге созылды. Үшінші күні Жүсіпбек соңғы сөзін сөйледі. Оны түгел жазып алған екен, мәнерлеп оқып шықты. Залдағы отырған көпшілік өте риза болды. Соңғы сөзін Жүсіпбек түгелдей қазақ халқының әдет заңының негізінде құрған еді. Асылы былай болды: «Қазақ ежелден қарыз беріп, қарыз алады, құн беріп, құн алады, қалыңмал береді, қалыңмал алады. Сонда ол бірінен-бірі ешуақытта қолхат алмайды, ешбір протокол жасамайды, бәрін ауызша, сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестіргенде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім», – дегенді айтты. Осылай Жүсіпбек ақталып шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |