Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет12/38
Дата09.11.2016
өлшемі7,37 Mb.
#1379
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   38

«Қазақтар әлі алғашқы қауымдық құрылыс деңгейінде өмір сүреді. Тап жігі толық анықталған жоқ. Олар малдың басына қарап адамға баға береді. Сондықтан да кеңес мүшелері мен жар басқармасында істейтіндердің құрамы бірдей шығар. Күштеп тап күресін жүргізудің қазір қажеті шамалы. Ол кері нәтиже беруі мүмкін, қазақтар мен казактардың арасы онсызда шиеленісті дамып келеді. Әрине, кедей қазақтарға көмектесеміз. Орал казактарымен байланыс жасағаннан кейін біз бұлармен арадағы қарым-қатынасымызды ретке келтіріп қалдық. Біздің азық-түлік жөніндегі комиссарларымыз олармен тиімді айырбас жасай алады. Олар бізге ет пен жүн береді. Ал мына жағдайға келетін болсақ, онда қазақ халқының өкілдері: кеңес өкіметінің маңызын түсіндіріп, казактарға қосылмау туралы Үндеу жарияласын. Оны майданға аэропланмен жіберу керек, сондай-ақ үндеу «Хабаршыға» жариялансын», деген ұсыныс жасады.

Еріктен тыс жазылып, «жергілікті Губаткомның техникалық құралдарының көмегімен басылып, аэроплан арқылы таратылған бұл Үндеудегі:



«Бүкілқазақтық халықтық «Алашорда» кеңесі кеңес өкіметін Россия федеративтік республикасын мойындады және Халық комиссарлары кеңесімен байланыс орнатты. Халық комиссарлары кеңесі жанынан таяу күндері Қазақ ісі жөнінде комиссариат құрылады, көп өтпей Қазақ автономиялы өлкесі туралы декрет жарияланады. Халық комиссарлары кеңесінің 1 сәуір күнгі №335 қаулысына сәйкес Уралдан сыртқы облыстар бұрынғы өзінің қызметіне кіріссін. Бұл туралы төменде қол қойғандар сіздерге хабарлай отырып, мынаны ескертеміз: барлық қазақ жер комитеттері мен ұйымдарын, сондай-ақ Уралдың сыртындағы Орал облысының қазақтарын кеңес өкіметіне қарсы қандай да бір қарсы әрекетке бармауын және ешкімге ешқандай жағдайда көмек бермеуін өтінеміз. Қазақ ағайындар, естеріңізде болсын, сендердің ерікті ұлт болып өмір сүру құқықтарыңды еңбекшілдердің кеңес өкіметі мойындар отыр, орыс пролетариятының осы саяси парасатын бағалай біліңіздер!», – деген «Алаш автономиясының» мойындалуы туралы сүйінші хабарды исі ұлтқа жеткізген де Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер болатынБұл да жағдайға орайластырылған оңтайлы амал болатын. Дегеніне жеткен Х.Досмұхамедов:

«Біз Саратов кеңесі сияқты ірі кеңестің қарауында және ықпалында болғымыз келеді. Сіздерде астық, бізде шикізат бар. Қазақтарға үндеу жариялаған дұрыс. Атқарушы комитет мұны таратуға көмектесер еді. Біздің халқымыз қараңғы, оны казактар пайдаланып кетуі мүмкін. Байланыс орнату үшін өкіл жіберген дұрыс. Біз оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Қазақтарды казактардан оқшаулай отырып, олармен күресер едік. Біз Орал қаласына кіріп, кеңестерді ұйымдастырар едік. Казак атты әскерлерінің пайдалануына мүмкіндік бермес үшін, қазақтарға жылқыларын алыс түкпірге әкетуге шақырар едік», – деген сенімсөзді желеу етті.

Ақыры большевиктер ырғаса келіп: қазақ өкілінің мағлұматына орай қазақтардың кеңес өкіметі жағына шыққанын мақұлдап, олармен саяси және экономикалық тығыз байланыс жасауды қолдап, үндеу таратып, Саратов совдепінң мұсылман тобынан комиссар жіберуге шешім қабылдады. Осыған орай Х.Досмұхамедов:



«Еңбекшілер еліне қазақ халқының атынан алғыс айтамын, бізге жаны ашыған жалғыз үкімет кеңес өкіметі. Біз автономия алу жолында ұзақ күрестік, бірақ, кеңес өкіметінен басқа бір де бір өкімет біздің ұсынысымызды қабылдаған жоқ. Мұндай түсіністікті біз ешқашанда ұмытпаймыз», – деп еруге қару қайырды.

.

Сөйтіп, олар кеңес өкіметінің ажал тырнағынан бірінші рет осылай аман құтылды. Ең бастысы – халыққа арналған қаражатты аман-есен сақтап қалды. Әрине, бас амандығына не жетсін, бірақ мына қаржының құндылығы оның қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қызмет ететіндігінде еді. Сондықтан да басты бәйгеге тігуге тұрарлық тәуекел сапары еді бұл.



Иә, бұл жолы аман шығуы шықты, бірақ сол жолы Саратовтағы мәжілістегі белгісіз большевиктің:

«Досмұхамедов – конституциялық демократ», оны «бәрінен бұрын ұлт мәселесі алаңдатады», «өте күдікті адам», деген мінездемесі Халел Досмұхамедовтің қалған ғұмырына көк бауыр болып жабысты.

«Батыс алашорда» қайраткерлеріне берген мінездемесінде большевик Ә.Әйтиев:

«Досмұхамедов Халел – дәрігер, орыс тақылеттес шенеунік, мансапқор, мінезі тұйық, қулығымен кез келген адамды жаңылыстырады. Оның өз күшіне сенгені соншалықты, ең ауыр авантюраға да бара алады. Көзқарасы жағынан монархист, Михеевтің бірінші ме, екінші ме (адамы), әйтеуір Дутов, Толстов, Мартыновтардың оң қолы», – деп жазды.
Саясаттың құралы – амал, айла. Қысылтаяңнан – қиялап, тығырықтан – тізерлеп, ажалдан – арбап жол табатын айлакер қаракеттің иесі ғана саясат мінбесіне көтерілуден дәмелі. Соңынан ел-жұртты ерте алатын көсемдік – мансапқорлық болып табылмайды. Сондықтан да орта қол көсем-коммунист Ә.Әйтиев: Х.Досмұхамедовтің көсемдік қасиетін – мансапқор; қиыннан жол табатын айлакерлігін – авантюрист, арандатушы; қатал билік иесін – атамандардың «оң қолы», – деп түсінген деуге толық негіз бар. Ендеше, өзінің ата жауы – казак атамандарымен келісімге баруы бұл «мінездемелерді» толық ақтайды. Себебі:

«Батыс Алашорда үкіметінің ұйымдастыру жұмыстары осылай қыза бастаған кезде, қазақтардың ұйымдаса бастағанын сезген генерал Дутов – Орынбор жағынан, Орал әскери үкіметі – екінші жақтан Қазақ автономиясы мен «Алашорда» үкіметіне қарсы науқан жүргізе бастады. Сол кезде Дутов Орынборды басып алған болатын, ал Орал казактары қызылдардың шабуылын тойтарып тастаған еді. Генерал Дутов: «Қазақ автономиясы бір топ зиялылардың ойдан шығарған нәрсесі, егер осы бір топтың көзі жойылса, қазақтардың көпшілігі ақ патша билігін өздері-ақ сұрайды» ,– деп жаулық ниетін ашық білдірсе, ал Орал Әскери үкіметі, оның төрағасы Фомичев тылдағы қазақтардан келіп отырған қауіп туралы жар сала бастады. Казактармен қақтығыс сол кезде қазақтар үшін өте тиімсіз болатын, осыны ескерген Қазақ үкіметі Орал әскери үкіметімен одақтық шарт жасауға мәжбүр болды. Шарттың негізі төмендегідей басты баптардан құрылды:

1.Қызылдар казактарды өз территориясынан ысырған жағдайда «Алашорда» үкіметі казак әскерлеріне, олардың босқындарына пана береді; 2. Қазақ әскери бөлімдері казактармен бірге майдандағы ұрыстарға қатыспайды және тек өз территориясын ғана қорғайды; 3. Казактар қыр елінің ішкі өміріне араласпайды және Қазақ үкіметіне кару-жарақ, әскери жабдықтармен көмек көрсетеді.

Бекітілген шарттың осындай ережелері қазақтар үшін тиімді болды, өйткені, сол кезде майдан шебі қазақ даласынан алыста болатын, сондықтан да «Алашорданың» қызыл армиямен қақтығысуы мүмкін емес еді. Ал казактар қыр еліне қарай шегінген жағдайда оларды «қалай қарсы алу» керектігін қазақтар жақсы білді және оны кейін іспен дәлелдеді де. Сонымен қатар келісім-шарт жасалу фактісінің өзін «Алашорда» үкіметі әдейі дәріптеп, орынды пайдалана білді, шарт Алаш автономиясының қас жауларының үнін өшіріп, басталған ұйымдастыру жұмыстарын әрі қарай жүргізе беру үшін Қазақ үкіметіне азды-көпті қолайлы жағдай жасады».

Мұндайда, өзара келісімге қарамастан, кеңес өкіметімен «жауласудан» басқа қазақ үкіметінің қолында өзге қауқар жоқ болатын. «Халық мұғалімі» С.Тұрынтаев мұны да қалт жібермей жоғарыдағы Ә.Әйтиевтің мінездемесін:



«Тұрғындар сайлаған өкілдердің басы қосылған облыстық құрылтайда Х.Досмұхамедовтің және оның қолжаулықтарының қысым көрсетуінің салдарынан тек оларға пайдалы қаулылар ғана қабылданып отырды. Х.Досмұхамедов пен оның жақтастары кеңес өкіметінің нағыз дұшпандары. Олар большевиктерді тұтқындап, атып, тонау үшін қақолдар мен қазақтардың ауылына халық жасақтарын жіберді. Мүмкіндік туа қалса большевиктерге қарсы қолына қарулы қарсылық көрсетуге дайын тұрды, мысалы, Ойылды алған кезде олардың халық жасақтары соңғылармен (кеңес әскерімен Т.Ж.) шайқасты. Олар амалы қалмаған соң, ешқайда қашып құтыла алмайтын болған соң ғана большевиктер жағына шықты, олар Кавказға өтіп кетуді де қарастырды, бірақ ондағы қымбатшылық пен соғыс жүріп жатқанын біліп, тоналып, оққа ұшып кетуден сескеніп, күн көрістік күйлері болмағандықтан да райларынан қайтты. Сонымен қатар жасалған кешірім де олардың үмітін (большевиктерге қолға түсе қалған жағдайда өлтірілмейтініне көздері жеткен соң) оятты. Кеңес өкіметін мойындау туралы қаулы шыққаннан кейін Жаһанша Досмұхамедов: кеңес өкіметінің қолына түссек атыламыз, құрып кеткенде 4-5 адамның атылатыны анық. Егерде қашып кетуді көздесек, онда жер басқармасының біраз мүшелері біздің соңымыздан ермейді, өйткені қауіп-қатер көп деген болатын. Х.Досмұхамедовпен бірге...», – деп («Алашорда қозғалысы», 3-том, 2-кітап 274-275 беттер) толықтырып, бұдан әрі «халық жауларының» (!) аты-жөнін (1920 жылы – !!!) тізбелей жөнеледі.
Жалпы мінездеме жағына келгенде «Алашорданың» өзге қайраткерлеріне қарағанда Х.Досмұхамедовтің жолы бола бермепті. Тіпті М.Әуезов те өзінің түрмедегі жауабында оған «қабағын шыта» баға беріпті.

Тағдырдың таразысына таң қаласың. Жоғарыдағы «қызылдардың қызыл көзі түскен» ақша «қызыл көзқарасты» кеңес тарихшысының да көкірек құртын қоздырыпты. Қазақ ССР Жоғарғы сотында «Алашорда» ісі ақталуға бет алғанда Л.Ж.Күдерина әкесі Мәжит Күдеринді ақтау туралы КППС орталық комитетіне хат жазып, жалпы алаш ардагерлерін ақтау туралы мәселе көтереді. Бұл хатқа кеңестік идеологияның көрнекті маманы, партия тарихы институтының директоры Б.Төлепбаев жауап бере келіп, Х.Досмұхамедовке:



«1917 жылы «Алашорданың» Батыс-Орал тобының жетекшілерінің бірі болды. «Алаштың» ІІ сьезі оны үкімет мүшелігіне сайлайды. 1918 жылы наурыз айында «Алаш» орталық комитетінің тапсырмасы бойынша Москва қаласында Ұлттар мәселесі жөніндегі комиссариатпен келісім жүргізді, қазақ тұрғындарының мұқтажын өтеу және олардың арасында идеялық-түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында кеңес үкіметінен бірнеше миллион сомды жалынып жүріп сұрап алды (выпросил). Ақшаның негізгі бөлігін кеңес өкіметіне қарсы күреске жұмсау үшін оралдық ақ казактарға берді. Орал қаласындағы ақгвардияшылардың төңкерісінен кейін «Ойыл уалаяты» деген атпен белгілі «Алашорданың» батыс бөлімін басқарды. 1919 жылы қазақ байларының өкілдерін Колчакқа бастап барды», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 58-бет) мінездеме беріпті.

Мінездеменің жағымсыз тұрғыдан берілуі түсінікті. Түсініксіздігі, ОГПУ-дің тіміскі тергеушілері таба алмаған, айып ретінде таға алмаған: «бірнеше миллион сомды Х.Досмұхамедов пайдаланып кетті», – деп кінә тағуы. Зады «Ойыл уалаятының» көсемінің беделіне шіркеу түсіретін одан өзге сылтау таба алмаса керек. Иә, кезінде айып тағуға келгенде тергеушілерді жолда қалдырған осындай тарихшылар да болған. Бұл кісінің саяси қырағылығының бірнеше рет куәсі болғанымыз да бар.

Жә, ол «өлшем өзімен» кетсін, тек сол тұста «кеңестік тарихшылар кесіп-пішіп кеткен идеологиялық шапанды» бүгінгі тарихшылардың қайта-қайта иығына жамыла беруге әуестігі өкіндіреді.

Бұдан кейінгі Х.Досмұхамедовтің барлық «қылмысы» «Батыс Алашорда» үкіметінің Ленин мен Сталинге берген түсініктемесінде толық қамтылады. Онда азамат соғысы жағдайындағы күрделі де тағдырлы майданның іс-қимылы, айла-тәсілі былай баяндалады:



«1919 жылы жаздың аяғына қарай Орал майданының бір бөлігі Қазақ жеріне ауысты. Осы кезеңнен бастап казактардың майданға барудан жаппай бас тартуы күшейіп, жалпы казак әскерінің дағдарысы мен азып-тозуы басталды. Осы кезден бастап Орал армиясының жоғарғы басшылығы да тікелей әрекетке көшті. Өздеріне үнемі кедергі болып келген Қазақ үкіметімен арадағы келісім-шартты аяққа таптаған әскери үкімет басшылары тікелей жарлық шығарып, өз қатарын қазақ жерін мекендейтін халық тардың есебінен толықтыра бастады, қоныстанушылармен қатар кейін қазақтарды да ала бастады. Бұл әрекетке қарсылық білдірген Қазақ үкіметі: «Қазақ территориясындағы жоғарғы билікке Қазак үкіметі ие, сондықтан да Қазақ үкіметінің рұқсатынсыз қазақ жерінде реквизиция жүргізуге толықтай тиым салынады, ал Казак әскери басшыларының бұйрығы жұршылық пен жергілікті басшылар тарапынан орындалмауы керек», деген арнайы бұйрық шығарды. Бұл бұйрықка жауап ретінде генерал Толстов Қазақ үкіметінің келісімінсіз үкімет билігін өз қолына алып, қазақ даласын басқару үшін генерал-губернатор тағайындады. (...) Бұйрықта бұл туралы тікелей нұсқау болмаса да, іс жүзінде Толстовтың бұйрығымен Қазақ үкіметі таратылды. Бұйрықтағы ату жазасын қолдану туралы қоқан-лоққы сол кезде «Алашорда» үкіметіне қарсы бағытталған еді, өйткені, казактарға қарсылық келтіруі мүмкін күш – жалғыз Қазақ үкіметі ғана болатын. Онын үстіне: Қазақ үкіметінің большевиктермен байланысы бар, – деген күдік те болды.

Қазақ үкіметі сол кезде шынында да 4-армияның революциялык әскери кенесінің (Реввоенсовет) мүшесі Лежава Мюрат аркылы Түркістан майданымен байланыста болатын. Мюрат кезінде Оралда болғанда, Орал ревкомын басқарған еді. Қазақ үкіметі Мюрат арқылы Түркістан майданынан: Қазақ даласын казак бандыларынан тазарту үшін белсенді шараларды жүргізуді сұрады, өз тарапынан операцияның сәтті өтуі үшін мүмкіндігінше барлық көмекті көрсетуге уәде етті. Мюрат: Даланы азат ету жоспары жасалғанын, Түркістан майданы жуық арада жоспарды жүзеге асыруға кірісетінін хабарлады. Ал Қазақ үкіметіне: майдан үшін тиімді жұмысты, Орал армиясын жабдықтауға барынша кедергі жасауды жалғастырып, сөйтіп, казактардан төнген қауіп-қатерге байланысты әзірге Совет өкіметі жағына ашық шықпай, жұмысты жүргізе беруді тапсырды. (...) Осыдан кейін Қазақ үкіметіне іссапармен Түркістан майданы мен Қазревкомның уәкілдері келді. Түркістан майданының уәкілі, 1-ші армияның Ревәскери кеңесінің мүшесі Наумов пен Қазәскериревкомының мүшесі Бегімбетов өз мекемелері атынан келіссөз жүргізуге, Қазақ үкіметінің кеңес өкіметі жағына шығуының шарттарын анықтау мен соңғы шешім қабылдауға өкілетті болды. Наумов пен Бегімбетовтың жүргізген келіссөздері мен қабылдаған шешімдері 1920 жылғы 1-ші қаңтардағы хаттамада тіркелген. Келісімнің негізі төмендегі басты ережелерден тұрады:

1. «Батыс Алашорда» Қазәскериревкомына қосылады, «Алашорданың» барлық қоры (капиталы) мен мүлкі Қазәскериревкомға көшеді. 2. Орталық Кеңес Өкіметінің басшы нұсқауларына сай жарияланған Түркістан майданы Ревәскерикеңесінің 1919 жылғы 4-ші қарашадағы қаулысында көрсетілген шарт бойынша: Қазақ үкіметі мен қазақтың қоғам және саяси қайраткерлері толық орындаса, қандай да бір жағдайда болсын кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан «Батыс Алашорданың» қайраткерлері мен жетекшілеріне де жасалған жоғарыдағы амнистия күшіне енеді, сөйтіп, «Батыс Алашорда» қайраткерлерінің жеке қауіпсіздігі мен дербес құқығы толық қамтамасыз етіледі. 3.Тұрақты Қазақ әскери бөлімдері уақытша Түркістан майданы командованиесіне бағынады,олардың бұдан былайғы тағдыры туралы мәселені түпкілікті шешу Республиканың жоғарғы басшылығының құзырында. 4.Болыстық және ауылдық жасақтар,сол сияқты елді мекен тұрғындары қарусыздандырылады, қару-жарақ уездік ревкомға тапсырылу керек. Ревком қаруды әскери басшылыққа тапсырғанша өзінде сақтайды. 5. Тапсырылатын қаруды өз қаржысына сатып алғандары туралы мәселе
көтеріледі. 6. Казактардан Қазақ әскери бөлімдері қолға түсірген әскери мүлік қазақ даласында ұрыс жүргізіп жатқан барлық қызыл әскер бөлімдерінің мұктажына жұмсалады, ал қалғандары ерекше бұйрық келгенше тізімделіп, Ойылға сақтауға жіберіледі. 7. Бұрын Қазақ территориясында қолданыста болып келген Сібір, Дон т.б. ақша белгілерін жалпы Кеңес республикасының ақша белгісіне ауыстыру туралы өтініш Алашорда басшылары Орынборға барғаннан кейін Қазәскериревкомның қарауына және шешуіне ұсынылады.


Бұдан кейін барлық істі, мүлік пен капиталды Қазәскериревком мүшесі Бегімбетовке тапсырған «Батыс Алашорда» басшылары Орынборға келді. Бір күннен соң Қазәскериревком төрағасы Пестковский оларға «Алашорда» жетекшілерінің 5 адамы, атап айтканда: Жаһанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Беркін Атшыбаев ВЦИК-тің Президиумының жарлығымен Москваға шақырылып жатқандығын хабарлады. Олар сол күні-ақ Орынбордан Москваға аттанып кетті».

Сонымен, «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері «сенімді одақтастан бітім» іздеп – Мәскеуге, ал С.Меңдешев пен Иванов «әшкерелеуші айғақ жинау үшін» Жымпитыға аттанды. «Алашорданың» батыс бөлімін тарату үшін Қызылқоғаға барған бұл екеуі іссапардың есепті қорытындысында жоғарыдағы «халық мұғалімінің» арызына сүйене отырып:



« (...) «Алашорданың» батыс бөлімінің басшылары қулықпен сиаздың барлық негізгі пікірлерін өздерінің мүддесіне пайдаланған. Өздерінің барлық ресми жарлықтарын орындату үшін, бұқара арасында өз беделдерін көтеру үшін Батыс бөлімнің өкілдері үнемі Орал казактарымен ауыз жаласып, ұдайы оларды көмекке шақырып, әскери көмек алып отырған. Батыс бөлімдерінің өкілдері қалың бұқара мен әскери бөлімдер арасында ешқаңдай саяси және ағарту жұмыстарын жүргізбеген. Пара алу, қазынаны ұрлаушылық, қулық, сұмдық үнемі өрістеп отырса да оларды қасақана байқамаған, оларға назар аудармаған. Осындай жағдайлардың салдарынан алашордашылардың арасында патша үкіметінің қызметшілері мен жаулардың топтасуына жол ашқан. Осының бәрін ескере отырып, Алашорданың батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеуге болмайды. Оны саяси-қоғамдық бағыты жоқ бөлім деп есептейміз. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланыс пен ынтымақтастық болмаған…».

«Батыс алашорда» және оның жетекшісі Х.Досмұхамедов туралы пікір қозғағанда кеңестік құжаттарда оларды «Алашорда» үкіметінен бөліп қарастыру ырқы байқалады. С.Меңдешев те бұл арада соны мекзеп отыр. 1918 жылы 8-23 қыркүйек арасында Уфа қаласында өткен, 170 өкілетті өкіл қатысқан түрік халықтарының біріккен кеңесі кезінде, яғни, 11 қыркүйек күнгі «Алашорда» қайраткерлерінің төтенше кеңесінің отырысында тәуелсіздікдің құрылымы пен басқару жүйесі туралы мәселе қаралды. Ә.Бөкейханов төрағалық еткен бұл кеңеске Жаһанша және Халел Досмұхамедов, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев, М.Тынышбаев қатысып, Біртұтас алаш мемлекеттігін жария етті. Әскери жағдай мен байланыстың нашарлығына байланысты Бөкей, Ойыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Ырғыз уәлаяттары «Алашорданың» батыс бөлімі ретінде құрылған болатын.



С.Меңдешев (жалғасы): «Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланыс пен ынтымақтастық болмаған, керісінше «Алашорданың» батыс бөлімі Орал казактарымен тығыз байланыста болған, атаман Толстовпен біріге отырып Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан өздерінің әскери бөлімшелерінен жазалаушы экспедиция жасақтаған. Оларды большевиктерді қолдау пиғылын танытқан жаңадан қоныстанған поселкелер мен қазақ ауылдарына аттандырып отырған, ал олар болса ойларына келгендерін істеп баққан. «Алашордашылар» большевиктерге қарсы төтенше комиссия құрған, бұл комиссия өздерінің қатал әрекеттерімен жергілікті халықты дүрліктірген. Досмұхамедовтер казактарға Кеңес өкіметінің төтенше комиссары Андрей Латышты опасыздықпен ұстап берген, Латыш 1918 жылдың көктемінде Орал облысына жіберілген болатын. «Алашорданың» батыс бөлімі Колчакпен, Деникинмен жақын байланыста болған. Колчак «Алашорданың» батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеп, мақтау қағазын және көптеген қаражат берген. Деникин алашордашылар алып келген шикізатқа киім-кешек, өнеркәсіп заттарын ауыстырып берген. Екінші рет Деникинге жіберілген полковник Сархарджин «Алашорданың» батыс бөлімі кеңестер жағына шыққанға дейін оларға барып үлгере алмады. Жеке адамдардың айтуы бойынша полковник Сархарджин Жылқосы төңірегінде болған, оған Досмұхамедовтер арнаулы адам жіберген... 4) Казактармен ауыз жаласуға және бірігіп қызмет етуге ұмтылған Халел Досмұхамедұлы еді. Ал Жанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан. 5) «Алашорданың» батыс бөлімінің кеңес өкіметі жағына өтуіне, казактардың Орал жерінен қашуы себеп болды, бірақ та «Алашордашылар» кеңес өкіметінің барлық істерін қолдай қойған жоқ, олардың қолдаудан басқа амалдары да жоқ еді. 6) Алашорданың батыс бөлімінің кейбір жақтаушылары: Жаһанша Досмұхамедұлын кеңес өкіметі хан қылып сайлады және де жергілікті жерді «Алашорданың» батыс бөлімі басқарады – деген жалған пікірді таратуға тырысқан. Ал жергілікті адамдар бұл жайды түсіне алмай дал болуда. Жоғарыда баяндалған барлық жағдайды ескере отырып, әскери революциялық комитет пен Әскери комиссияға (қазақ өлкесіндегі) «Алашорданың» күштерін пайдалануға байланысты төмендегілерді баяндайды: а) «Алашорданың» батыс бөлімінің белсенді басшыларына ешқандай жауапты лауазымдық жұмысты тапсыруға болмайды. Қызылқоғадағы әскери бөлімді тез арада тарату керек. Казактарға болысқан, олармен ауыз жаласуға тырысқан Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындау қажет; б) Жергілікті бұқара арасында «Алашорданың» батыс бөлімінің барлық атқарған істерін түсіндіріп, мәлімдеу қажет.

Қосымша:1) Қасаболатов тобының арызы. 2) Асановтың арызы. 3) Тұрынтаевтың арызы. 4) Комиссияның қаулысы. 5) № 97, 21 ақпандағы (1919 ж.) әскери қызметтен қашушылар жайлы қаулының көшірмесі.

Қазақ өлкесін басқарушы Әскери революциялық комитеттің мүшесі және Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің мүшесі – С.Мендешов. Қазақ өлкесіңдегі Әскери комитеттің тексерушісі – Иванов. 13 ақпан. 1920 жыл. Жымпиты қаласы», – деп бұйрық райындағы ұсыныс жасады.

Бұл қорытындының басты мақсаты – «Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындап», ату жазасына бұйыру екені түсінікті. Алайда 1918 жылы 8-23 қыркүйек арасында өткен Уфа кеңесінде «Ойыл уәлаятының» уақытша үкіметі таратылып, Алаш автономиясының Батыс бөлімі ретінде құрылғанын біле тұрып, С.Меңдешевтің оны заңсыз мемлекеттік құрылым қатарында көрсетуге тырысуы қалай? Ол:



«Осының бәрін ескере отырып, Алашорданың батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеуге болмайды. Оны саяси-қоғамдық бағыты жоқ бөлім деп есептейміз. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланысы мен ынтымақтастығы болмаған, керісінше,«Алашорданың» батыс бөлімі Орал казактарымен тығыз байланыста болған... Толстовпен біріге отырып Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан өздерінің әскери бөлімшелерінен жазалаушы экспедиция жасақтаған... Халел Досмұхамедұлы казактармен ауыз жаласып, олармен бірігіп қызмет етуге ұмтылды. Ал Жанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан», – деп Халел Досмұхамедовті өзге қайраткерлерден бөліп алып, қорытынды ұсыныс жасаған.

1918 жылғы 13 (26) шілде күні «Алашорданың» төрағасы Әлихан Бөкейханов Сібір үкіметінің премьер-министрінің атына:



«...Қазіргі кезде біртұтас Россия жоқ. Біртұтас мемлекеттік өкімет те жоқ ... Сондықтан да тарихи оқиғалардың күшімен большевиктер билігінен құтылған автономиялы облыстар мен халықтар мемлекеттік тәуелсіздік жолына түсулері керек ...Сібір мен «Алаштың» өзара ортақ мақсат мен мүдделері екі автономияның өзара тығыз одағы болуын талап етеді. Бірін‑бірі тану (мойындау) – (әскери) күштерді біріктіреді ... Біз автономия мәселесін талқылау үшін Сібір үкіметіне келісімнің төмендегі баптарын ұсынамыз:

1)Сібір үкіметі мен «Алаш» автономиясы бірін-бірі таниды;2)«Алаш» территориясын мекендейтін барлық халықтар мойындайтын үкімет құрылғанша «Алашорда» қазақ-қырғыз халқының өкімет органы болып табылады; 3)Армия территориялық және ұлттық негізде құрылады... Ол соғыс кезінде Уақытша Сібір үкіметінің әскерлерімен ортақ командованиеге бағынады. Сібір үкіметі армияны қару-жарақпен... азық-түлікпен және әскери нұсқаушылармен қамтамасыз етуге міндетті... «Алашорда» Алаш территориясын большевиктік бандалардан тазартуды, Түркістан мен Жетісуға көмек көрсетуді өзінің бірінші міндеті деп санайды», – деген мәлімдеме жолдағанда, осы ұсынысты қолдап жеделхат жіберген Х.Досмұхамедовті:

«Колчакты қазақтың төбе биі етіп сайлады», – деп дуылдасқан большевиктер, соның ішінде бас лабашы С.Меңдешев тура осы арада неғып «Батыс Алашорданы» Бас «Алашордадан» бөліп тастады?

Демек, бұл: С.Меңдешев Халел Досмұхамедовті – «қарақшы», «монархист», «анархист» ретінде көрсетіп, оны әскери трибунал арқылы ешқандай сотсыз, табан астында атып тастауға барынша мүдделі болған, – деген жорамал жасауға негіз қалайды. Жалпы «Батыс Алашордаға» байланысты кеңестік мінездемелердің барлығында да Х.Досмұхамедовке тек қана «қара бояу» жағылып, көсем ретінде танылған Жаһанша Досмұхамедовке «немкетті мінездемелер» беріледі. Әйгілі белсенді Ә.Әйтиевтің өзі оған қарата:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет