«Өзінің таңдап алған саласындағы пайымды, табанды ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерінің нәтижесінде Қ.Ж.Жұмалиев қазақ орта мектептеріне арнап бірқатар оқулықтар жазды.Солардың ішіндегі әдебиет теориясы туралы, ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары толық орта мектептерге арналған негізгі оқу құралы болып табылады. Жұмалиев жолдас 1943 жылдан бастап жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығының аса жауапты тарауын («Қазақтың батырлық эпостары» туралы) жазуға табанды түрде атсалысып келеді. Қ.Жұмалиев жолдас жазған «Эпос туралы» тарау аталған «Тарихтың» фольклор жөніндегі І томына енді. Сонымен қатар соңғы жылдары Жұмалиев жолдас «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық тақырыбын игерумен жүйелі түрде айналысты. Ғылым үшін аса маңызды осындай қиын да игілікті істі ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеудің нәтижесінде тақырыпты сәтті игеріп шыққан автор өзінің толысқан ғалым екенін танытты»,– деген сөзі еске түседі.
Сондағы шынайы пікір, шын тілек, тілеген ақ жол қайда қалды? Осыдан бір жыл бұрын ғана сондай жылылықпен жазылған:
«... Жолдас Қажым! Қазақ әдебиет тарихының екінші томына арнап жазған Махамбет, Шернияз, Ыбырай турасындағы еңбектеріңіз, жалпы алғанда, жаңа томның көрнекті, ірі бөлімдерінің бірі боп бағаланады. Көлем жағынан да, сапа жағынан да томға елеулі еңбек қосқан автордың алдыңғы қатардағы бірі деп бағалаймыз. Еткен еңбегіңізді осылай өз салмағымен, орнымен атаудың үстіне, енді осы бөлімдер және де армансыз бола түсу үшін әр тақырып туралы бірнеше тілек-талаптар айтпақшымыз», –. деген «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» қазақы ағайындықты Қ.Жұмалиевтің төмендегі сөзінен аңғару қиын.
Қ.Жұмалиев: «Осы мәжілістегі М.О.Әуезовтің сөзіне келетін болсақ, ол мені де, қатысып отырғандарды да қанағаттандырған жоқ. Турасын айтайын, Кенесарыға байланысты мәселеде өрескел саяси қате жібергендерге екі-ақ жол қалды: біріншісі – большевиктік турашылдықпен өзінің қателіктерін мойындап, оны түзету, ал екінші жол – өзінің сорлы менмендігінің тұтқынында қалып, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалу» (сонда).
Бұдан басқа, үшінші жол бар болатын. Осы тартыстың нәтижесі бойынша: М.Әуезов – Қ.Жұмалиев емеуірін еткен «сорлы менмендігінің тұтқынында, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалып» қоймай, оның өзі сияқты жиырма бес жылға жер аударылып кете баруы да мүмкін еді.
Қ.Жұмалиев те «қарызданып қалмай» «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезовтің «ұлтшылдығын әшкерелегені» редакция алқасына ұнап қалса керек:
«Шығып сөйлеген профессор X. Жұмалиев жолдастың сөзі әрі мазмұнды, әрі ғылыми дәлелді болды. Ол Кенесары-Наурызбай қозғалысына байланысты әдебиет зерттеу еңбектеріндегі қателіктердің туу себептерін айта келіп, Бекмаханов, Әуезов, Исмаилов жолдастарды батыл сынады. – Профессор Әуезовтің Абай мектебінің көрнекті өкілі деп жүрген Көкбайы қазақ халқының зұлым жауы Кенесары мен Наурызбайды мадақтап поэма жазған. Сондай-ақ Әуезовтің Абай шәкірттері деп жүрген кейбір ақындары қазақ халқының дана ақыны Абайдың шәкірті деп айтуға татымайды, - деді Х. Жұмалиев жолдас», - деп іштарта көрсетті.
Тістескен тамырлар бір-бірін улап барып, ажырасты. Олардың бұл шарпысуларынан ғылыми таластан көрі пенделік салғыласу басым түсіп жатты. Оны тарихшы Т.Т.Шойынбаев айтқан мына дерек те растайды. Сол бір арбасқан күндері қызметтен қуылған Қ.Жұмалиев қаражаттан қысылып, үйіндегі әппақ жиһазын несие дүкеніне өткізеді. Дүкеннің терезесінен соны көзі шалып қалған қаламгер: «Ә, солай ма екен?», – деп еркін тыныс алыпты. Т.Т.Шойынбаев таңдана: «Сіздердің дұшпандықтарыңыз осындай ма еді?», – деген сұрағына: «Қайдан білейін, қыртыңдап қоймаушы еді»,– депті де бұрылып кетіпті.
Осы дикуссияның жай-жапсарын «Ленинші жас» газетінің 1951 жылғы 4 көкектегі редакциялық мақаласы халыққа былай жеткізді:
«Е.Бекмахановтың кітабындағы ең елеулі кемшіліктердің бірі сол деді сөйлеушілер, Бекмаханов мәселені ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Орта азия мен Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдайға байланыстырмай, бөлек алып қарайды. Бұл мынадан көрінеді: кітапта Кенесарының россияға қарсы күресіне ортаазиялық хандардың (Қоқанның, Бұқараның, Хиваның) ерекше мүдделі екендігі, ортаазиялық хандардың саясаты өз алдына Қазақстанның Россияға қосылуын кідірту сияқты негізгі міндет қойғаны, мұның өзі ағылшын отаршыларының мүдделеріне толық сәйкес келгендігі мүлдем айтылмайды.
В.И.Ленин өзінің бірқатар еңбектерінде ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында, бұдан кейінгі уақытта да, Англияның «бүкіл дүниежүзінің мастерскойының шикі материалдарымен айырбас ретінде оны жабдықтап отыруға тиісті барлық елдерге фабрикаттар жеткізушінің ролін дәмеленіп талап етіп келгенін» көрсеткен болатын. Ағылшын отаршыларының дүниежүзілік үстемдікке, шығыс халықтарын құл етуге осылай ұмтылуы Орта Азия мен Қазақстанды және оларға жапсарлас аудандарды барлаудың саяси сыпаты бар сансыз көп экспедицияларында айқын көрінді. Мәселен, 1825 жылы ағылшын шпиондары Муркрофт және Требек Бұхарада болған, 1833 жылы Бернс, 1836 жылы – Бернс, Вуд және Лич Амударияға дейін жеткен, 1842 жылы – Стоддарт және Конноли Бұхараға еніп кеткен. Осы жылдарда ағылшын агентері Хива мен Қоқанда аз болған жоқ.
Ағылшшындар Кабулда, Ғиратта және Кандағарда резиденттер (өкілдер) ұстаған, олардың Орта Азия мен Қазақстанда толып жатқан шпиондық орындары болған. Ортаазиялық хандар шын мәнісінде ағылшын отаршыларының тура агенттері болды. Ағылшын отаршылары Россияға қарсы күресу үшін хандарды қару-жарақпен, оқ-дәрімен және ақшамен жабдықтап отырды. Хиваның ханы өзін «Хорезмнің ұлы шахы» деп жариялап, Орта Азия мен Қазақстанның халықтарын бағындыруға тырысты, мұның өзі оның тасасындағы Англияның пайдасы үшін істелген еді.
Бұл кезде Кенесары не істеді? Ол Хивадан қару-жарақ алды. Қару-жарақ, әрине, ағылшындікі. Ол Хиваға сыйлық ретінде орыс тұтқындарын жіберіп отырды. Хиваның базарларында оларды құлдыққа, қазақ қыздарын күңдікке сатты, еңбекші қазақ халқына тартып алған малдарды сатты. Бұл фактілер Кенесарының Хива ханы жөнінде және оны жақтаушы ағылшындар жөнінде көзқарасының қандай екендігін жеткілікті мөлшерде айқын көрсетеді.
Ортаазиялық хандар арқылы буржуазиялық саясатын жүзеге асырмақшы болған ағылшын отаршыларына қазақ халқының көзқарасы мүлдем басқаша болды. Бұл жөнінде мынандай мысалдарға ғана сүйену де жеткілікті. 1840 жылы ағылшын резиденті Аббот қарулы отрядымен Адай уезінде пайда болған кезде, оның қолындағы Хива ханынан алған бұйрықта хан: адайлық қазақтар оның өз өкілі – Абботқа бағынсын,–деп көрсеткен кезде, адайлық қазақтар Абботқа шабуыл жасап, оның отрядын талқандап жіберген. Бұл факті еңбекші қазақ бұқарасының Қазақстанды Россияға қосу мәселесіне, ағылшындардың Қазақстанды басып алу әрекеттеріне қалай қарағандығын ыспаттамай ма? Адал ниетпен зерттеген кісілер мұндай фактілердің талайын таба алады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы экономикалық және саяси жағдайды талдағанда ағылшындардың және олардың агенттері – Ортаазиялық хандардың нағыз реакциялық және басқыншылық өрескел жоспарлары қандай екендігі, ағылшын капитализмінің саясаты Орта Азия мен Қазақстанның халықтарына не әкелетіндігі айқын көрінеді. Бұл талдау сол уақыттың өзінде-ақ Россия мен Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени байланыстары қаншалықты күшті және баянды екендігін, Қазақстанды Россияға қосудың тарихи маңызы қаншалықты терең прогресшіл екендігін көрсетеді. Әрине, мынадай факті тегін емес. 1846 жылы, Кенесары тонаушылық, зорлық істерін жүргізе беру үшін ұлы жүзге көшіп барып, қырғыз халқына шабуыл даярлаған кездің өзінде, ұлы жүздің қазақтары Россияның қол астында болуды ықтиярымен қабылдаған болатын.
Сөйлеушілердің кейбіреулері көптеген нақты материалдарға сүйене отырып, Бекмахановтың тарихты бұрмалағанын, біржақты қортынды шығару үшін фактілер мен тарихи доументтерді әдейі келтіргенін көрсетті. Профессор Покровский өзінің сөзінде мынадай орынды мысал келтірді: Е.Бекмаханов өз кітабының 179-бетінде Кенесарының Орынбор губернаторына жазған хатын келтірген. Осы үлкен хаттан ол мындай жалғыз сөйлемді алған: «Қазіргі бастықтар, ұлықтың күш-қуатын таратуды ойлап, жерді өлшеуде, бекіністер салуда, сөйтіп, халықтың мазасын кетіруде». «Халықтың мазасын кетіруде» – деген сөзді сылтауратып Бекмаханов Кенесары бейне бір халықтың қамын жеді – деп дәлелдейді. Ол әлгі хаттың басқа сөзерін қалдырып қойған. Бұл тегін емес, өйткені, документте онан әрі қарай мүлде басқаша сөздер айтылады. «Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым келмейді,– деп жазады онан әрі Кенесары, – және қазірдің өзінде бекіністер салынған жерлерді сұрамаймын. Егер сіз ұлықтан – императордан біздің атамыздан қалған мұра бойынша маған тиісті Торғай, Ұлытау, Сарытау сияқты жерлерді, Есіл-Нұраның ар жағын сұрап алған болсаңыз, онда ұлық-император туралы дұға оқуға көндірген болар едіңіз. Бұл жөнінде жоғары бастықтардан қаншалықты сұрасам да, бірақ олар ешуақытта тыңдаған жоқ. Сіз осы уақытқа дейін маған қайрымды жақсы ниетте болып келгендіктен, ендігі жерде маған осы қайрымдылықты өзіңіз ара түсу арқылы әперерсіз деп сенемін». Сонымен, хаттың келтірлген тексті Бекмаханов үзіп алған сөйлемді, дәлел ретінде келтірген Кенесарының «халық сүйгіштігін» жоққа шығарып отыр. Архив материалдарын біржақты пайдаланудың осындай фактілері жалғыз-жарым емес».
Жоғарыда аты аталған, Кенесары мен кенесарышыларға қарсы майданның бас жауынгері және ол пікірінен көзі жұмылғанша қайтпаған, «Правданың» Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченкоға идея беріп және соны бір жыл бойы қадағалап, табыспен жүзеге асырған Т.Шойынбаевтың «Кенесары Қасымов қозғалысының феодалдық-монархиялық сипаты туралы» мақаласы ((Социалистік Қазақстан», 1951 жыл, 27 маусым) жарияланып, онда қазақы қылмыстарды былай қойып, Кенесарыны ағылшынның шпионы, Е.Бекмахановты солардың жансызы етіп шығарды. Дәлірек айтсақ, онда:
«Дәл осы кезде Англияның дүниеге үстем болуға ұмтылуы шектен тыс еді, оның бұл басқыншылығы бірқатар Шығыс елдерін құлдап алғанынан, Орта Азияға, Қазақстанға, Шығыстың басқа аудандарына көп барлаушылар мен экспедициялар жібергенінен айқын көрінеді. Кабулда, Ғиратта, Кандағарда ағылшын шпиондарының орталығы құрылды. Сол кездегі архивтегі материал: «ағылшындардың қырғыздарға (қазақтарға) да баса көктеп келе жатқанын» баяндайды.
Кенесары қозғалысының ақыры жақындаған кездің өзінде, қырғыз халқына қарсы агрессиялық соғыс әзірлеп, өз жағына үш жүздің сұлтандарын тартуға тырысып, орыс халқы мен қазақ халқын біріне-бірін қарсы қоюдағы өзінің сүйген әдісіне қайта оралды. Сонда ол сұлтандар мен билерге үндеуінде былай деп жазады: «Сіздердің хұзырларыңызға мәлім болсын, Алланың әмірімен, кәпірдің қысымымен кіші жүз бен орта жүзден көшіп, ұлы жүздің Шу, Іле төңірегіндегі жерлеріне келдік. Біз ата-бабамыздың замандарынан бері сіздердің ру басыларыңыз болып келдік. Сіздер қашанда біздің айтқанымыздан шықпай келдіңіздер, сол үшін сұлтандар да сіздерді өзіне қосылуға шақырып, «кәпірлерге» (орыстарға) қарсы күресуге шақырды».
Міне, осындай орыс, қазақ, қырғыз халықтарының қас дұшпаны Кенесары қозғалысы шектен тыс мадақталып, жалған тарихшы Бекмаханов бұл бүліншілік әрекетті «қалың бұқараны саяси тәрбиелеудің тамаша мектебі» деп жариялады.
Орыс патшасы қазақ бұқарасының үнін өшіріп, қанап бақты, бірақ осылай бола тұрса да, Кенесары, егерде патшалық үкімет оның барлық хандық артықшылық халдерін сақтауға кепіл болса, онда қазақ халқын талау үшін Кенесарының патшалық үкіметтің де итаршысы болуға даяр екендігі белгілі еді»,- деп атап көрсетті.
Күнделікті баспасөздердегі даурықпаны былай қойғанда ой қорытып жазуға мүмкіндігі бар журналдық мақалалардың өзінде жоғарыдағы мазмұндағы сөздер қайталанып, астарланып, жұмырланып, саяси-идеологиялық жақтан салмақтанып үзбей жарияланып жатты. Бұдан сол тұстағы жазушы-драматург әрі тарихшы Мұсатай Ақынжанов та шет қалмады. Шет қала алмайтын да. Сондықтан да ол «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы №6 санында «Қазақстан тарихындағы буржуазияшыл ұлтщылдыққа қарсы» мақаласын жариялады. Мұнда тек қазақы тарихи тәпсірленді:
«Соғыс кезінде совет тарихшыларының едәуірі Отан қорғау жұмысына атсалысып жүрген кезде, Е.Бекмаханов әлдеқашан тарихтан алынып тасталынған содырлы Кенесары Қасымовты «тірілтіп», жат пікірді қайта соныламақ болды. Бірақ оның бұл әрекетін Қазақстан жұртшылығы өте суық қабылдады. Орталық партия комитетінің органы «Правда» Бекмахановтың ұстаған жолының қате екенін, бағытының буржуазияшыл-ұлтшылдық екенін әшкереледі.
... Жұртшылыққа белгілі Қазақстанда XIX ғасырдың алғашқы жарымындағы үстем тап – «ақсүйектер» мен бай-феодалдар болған. Олардың өздерінше «ақ сүйектік және дворяндық ұлт мәселесі» болды. Қазақ «ақсүйектері» Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін хандар тұсындағы артықшылығы мен құдіреттілігінен айырылды. Сондықтан олар Қазақстанды орыс мемлекетінен бөліп алуды тіледі. Мұнысымен олар қазақ елінің басына хандарды – «ақсүйектерді» қойғысы келді. Сөйтіп қазақ халқының тағдырын хандарға тапсыруға тырысты. Міне, осыны Сталин жолдас феодалдық-монархиялық «ұлтшылдық» деп атайды.
... Хандық үкіметтің жойылуы қазақ халқы үшін, сөз жоқ, жеңілдік болды. Өйткені Маркстың айтуынша 700-800 жылға созылған Шыңғыс хан тұқымдарының «жексұрын қансоқталығына» аз да болса тиым салынатын еді. Әрине, оны орыс патшасы қазақ еңбекшілеріне жаны ашығандықтан емес, өз құлқы үшін, хансыз қазақ елін чиновниктер арқылы жеке билеп, жеке қанау үшін істеді. Солай бола тұрса да, бұл бір адым ілгері басқандық еді. Өйткені екі қанаушының бірі, әсіресе, 800 жылға созылған «жексұрын қансоқталық» кемитін еді. Екіншіден, ортағасырлық хандық құрылыс казақ ішіне капитализмнің кіруін бөгеп, экономикада натуралдық қалыпты сақтап отыратын еді. Сондықтан хандық институтының жоғалуы қазақ халқы үшін дұрыс қадам болды.
Қазақ халқының Кенесары соңына ермей, Россиямен бірге болуды тілеуінің тарихи зор мәні бар еді: 1) Кенесарыға еріп кеткенде, қазақ еңбекшілері орта ғасырдың шырмауында, қол-аяғын жаза алмай отырған, қаусаған шірік хандықтардың біреуіне тәуелді болып, ақыры ағылшын жыртқыштарының құлдығына түсетін еді. 2) Қазақ елінің быт-шыт болып тозу қаупі болды. Өйткені, Кіші жүз қай жағынан болса да Россиямен біріккен. Ол, сөз жоқ, одан айырылмайтын еді. Олай болса, тұтас қазақ елі бірнеше хандықтарға бөлініп, Қытайдың, Орта Азия хандықтарының, Россияның қол астына бытырап кетіп, халықтығынан айрылатын еді. 3) Шаруашылық тұрмыс құру жөнінен шығыс хандықтары қазақ халқының отырықшылануына, егіншілік кәсібіне айналысуына жол бермейтін еді. Өйткені, оның өзі ескі ортағасырлық тұрмыста болды. Ал бұл кезде қазақ елінің ұлы жүзден басқасында Россияға қосылу арқылы егін, отырықшылық, сауда қатынасы күшейді. 4) Россия тек патшалық Россия емес еді, халықтық-бұқаралық Россия да бар болатын. Орыстық халықтық-бұқаралық мәдениеті де өсті. Бұқаралық Россия өзімен отырған елдердің болашақ Абай, Ыбырай, Шоқандарын туғызуға әсер етіп отырды.
... Кенесары генерал Горчаковқа жазған бір хатында: «Орта жүзден кетіп барамын, өйткені бастықтардан да, қол астында отырған халықтардан да ешбір мейрім таппадым, бәрі де жаулық етеді»,– деп мойындаған. Бұдан корытынды Кенесары Орта жүзге сия алмай, халық қаһарына қарсы тұра алмай, зытып отырған.
Бірақ, оның Орта жүзден, Кіші жүзге ауысуы тегін емес. Өзінің ескі достары Хиуа, Бұқар хандықтарына жақындап көмек алу болған. Өйткені, ол орыс патшасына қарсы халықтық азаттық күресіне басшылық етем десе, сол кезде шыңына жеткен нағыз халық қозғалысы Исатай – Махамбеттің күресіне қосылу керек еді. Керісінше, ол – оған жау болған. Жаппастың ішінде Наурызбай тобы Махамбетке қарсы оқ атқан. Ал оның керісінше ел талаушы Жанғожамен бірігіп кеткен. Жанғожа екеуі тізе қосып алып, бейбіт өмір сүріп отырған қазақ ауылдарын Созақ, Сайрам қалаларын шапқыншылыққа ұшыратқан.
Кенесары Кіші жүздің жеріне келіп орналасқаннан кейін өзінің «әскери күшін» молайтып алу үшін неше түрлі сұмдық айла-амалдар істеген. Орынбордың генерал-губернаторы Перовскиймен, Хиуа, Коқан хандығымен Жанғожа Нұрмағамбетұлы сықылды ел тонаушылармен жақсы қарым-қатынас жасаған. Перовскийге жазған бір хатында:«Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым да келмейді...»,– деп жағымпаздана келіп, осы келіп отырған жерінен қозғамауын тілейді»,– .баян етті.
Ал осы Кенесарының рухани саладағы Кенесарының келтірген кесірі «Әдебиет және искусство» басылымының №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақалада әшкереленді. Онда:
«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаилов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М. Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан жазушылар одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды.
БК(б)П Орталық Комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2 июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16 июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнін ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі, - деп жазды «Правда» - оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу - ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі»,- деп атап өтілді.
Кенесары туралы дау-дамай мен жаулық іздеу мұнымен де тоқталмады. Қазақстан Компартиясы бұл кезде үлкен саяси қарар дайындап үлгерді. Тарихшы Ә.Тәкеновтің мағлұматы бойынша:
«1951 жылы 14 тамызда ҚК(б)П Орталық Комитеті «Қазақстан совет жазушылары Одағы жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктер және оларды жою шаралары туралы» қаулы алды. Тек 1951 жылдың көкек-қазан айлары аралығында 30 пьеса мен 174 ән текстері репертуардан шығарылды».
Тарихта көркем шығарманың сотталған жайлары кездескен, ал әннің сотталуы тек кеңес тұсында ғана орын алды. Сол әндердің сазы қалғанымен де сөздері уақытпен бірге тылсымға сіңіп кетті. Ұмытылды. Оның өзі жеке бір дербес әңгіме.
Міне, осы «Жазушылары Одағының жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктерге және оларды жою шараларына» байланысты 1951 жылы 24 тамызда Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатысқан Жазушылар одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Т.Ысқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақcтан Жазушылар одағындағы өрескел қателер мен кемшілктер туралы және Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті бюросының 1951 жылғы 14 тамыздағы қарарына байланысты міндеттер» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.
С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды, ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, кертартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин-Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады.
Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекқожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаилов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды»,– деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.
Қатарластарының арасында аса сақ әрі аңғал: «Өзім де қумын. Он жетінші жылғыдан әріге аяқ баспаймын»,− деген сөзі мәтелге айналып кеткен Тайыр Жароков та осы науқанның тұсында атой салып шықты. Еркімен шықты ма, жоқ, тобырға ілесті мен, қайдам, алайда оның сөзінің астары сәбит Мұқановтан бастап Қасым Аманжолов пен Халижан Бекхожин сияқты қазақ поэзиясының майдангер ақиықтарын найзаның ұшына іліп берді.
Тайыр Жароков (мазмұны): БК(б)П ОК-нің жазушылар одағындағы ұйымдық және шығармашылық жұмыстардағы осы уақытқа дейін жіберіліп келген өрескел саяси қателер туралы қарары өте орынды және оның түп тамыры Қазақстан жазушылар одағының басшыларының ұйымдастырда жіберген селсоқтығында жатыр. Оның басты себебі, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов және басқалар сияқты сияқты аға жазушылар ұйымдық және шығармашылық жұмыстан өздерін шет ұстайды. Бірін-бірі іш тартқан таныстық қарым-қатынастар, селсоқтық, әсіресе аға буынның арасындағы сын мен өзара сынның жоқтығы, марксизи-ленинизммен жеткілікті қаруланбауы, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов қатарлы жетекші жазушылардың бойынан идеологиялық өрескел бұрмалаушықы пен буржуазиялық ұлтшылдықтың орын алуы, тым масаттанып кетуі, менменсуі, одақтың жұмысына, шығапмаларды талқылауға араласпауы, өзінің туындыларын талдауға ұсынбай, бірден баспаға өткізуі осындай қателіктерге жол берді.
Достарыңызбен бөлісу: |