Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


«...Ескендір аға (Мұхамеджанның үлкен ұлы



бет10/44
Дата18.11.2016
өлшемі8,29 Mb.
#1993
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   44

«...Ескендір аға (Мұхамеджанның үлкен ұлы Т.Ж.) өз естеліктерінде, бізбен сөйлескенде де, шешесі Гүлбаһрам (Алматыдағы белгілі фельдшер Бақи Шалымбековтің қызы) 1923 жылы Шымкентте тырысқақ (холера) ауруын емдеу кезінде инфекция жұқтырып өлгенін, сондықтан денесін кислота құйып өртеп жібергенін айтқан еді. Одан көп кейін өзінің құмық досы профессор Шейхалидың қарындасы Әминаға үйленгенін есіне алып: «Әмина әкеме жақсы жар болып, 1932 жылы Воронежге айдалғанда да әкеммен бірге кетті», деген болатын», деп еске алды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Валидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.



Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да, бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Досмұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі, деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар 28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек», деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па –?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады (Бұл туралы М.Әуезов өзінің жауабында ашық жазады – Т.Ж.).

Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін. Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім».

Осы көрсетіндіде аты аталған Жұмақан Күдерин Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында математикадан сабақ берген. Әкесінің соңынан арызданып, тек әкесі үшін ғана емес, мұқым алаш қайраткерлерінің ақталуына Кеңес тұсында ат салысқан аз ұрпақтың бірі Жұмақан Күдериннің қызы Л.Ж.Күдерина. Аяулы азамат арудың бұл хатына Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің өзі Ж.Күдерин туралы мәліметтің сақталмағаны туралы хабарлаған. М.Тынышбаев та: «Маған туыстық жағынан ең жақын адам еді», дегеннен асып ешқандай артық мағлұмат бермеген. Осы орайда табанды ізденуші, мұрахаттардың шын жаны күйері Болат Нәсеновтің аталған жинағындағы Ораз Жандосовтың тергеуге берген жауабында Жұмақан Күдерин туралы:



«Мен 1935 жылы ұйымның мүшесі, Қожановпен тікелей байланысты бұрынғы алашордашы Жұмақан Күдеринмен қарым-қатынасымды қайта жалғастырып, оны жұмысқа алдым. Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы. Анненковтың бандысы талқандалғаннан кейін: «Қытайға өтіп кетсем бе, жоқ, кеңес өкіметінен кешірім өтінейін бе?», деп екіойлы болған Күдерин ауылда ұзақ жасырынып жүрді. Ақыры соңғы шешімге келіп, араға кісі салып, менімен байланысты. Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым. 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті, кейіннен контрреволюциялық әрекеті үшін сотталды, жазасын өтеген соң, 1935 жылы маған келді», деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 75-бет) мағлұмат береді.

Өкінішке орай қандай қызметке алғанын атап көрсетпеген.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз».

Жауаптардың астарына қысқаша түсінік: Д.Әділевтің «астыртын ұйымның тізімі мен құрылымын сызған» көрсетіндісін тергеуші Х.Досмұхамедовке: «М.Тынышбаев сызып берді»,– деп сендірген. Ал «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын ұйым» деп көрсеткен. Сөйтіп, Тынышбаев пен Досмұхамедовті бір-біріне қарсы қоюға ұмтылған. Сондай-ақ, шекараға жақын орналасқан матай мен қаракерей елінің сырт асып кетуіне: «М.Тынышбаев жетекшілік етті, астыртын үгіт жүргізді»,– деген айып тағып, Лепсі уезіндегі біраз адамдарды ұстап, түрмеге қамаған.

«Айыптау қорытындысында» жоғарыдағы көрсетінді:

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға тағы басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)»,– деген мазмұнда «өңделіп» жазылған.

М.Тынышбаевтің: «Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз», деп өзі ерік бергеніне сүйене отырып, мұны біз де жала деп қабылдаймыз.

4.
Алаш ардагерлерінің тағдыры қандай жолдан, қандай қолдан өткенін, 1928 жылдың қазан айынан басталып 1932 жылдың сәуір айында аяқталған „қылмыстық істің” барлық болмысын көрсету мақсатында бір-бірін қайталайтындай көрінетін, бірақ әр қайсысының „өзіндік орыны бар” құжаттарды қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.

Зады тергеудің бет алысына және айғақтарының жеткіліксіздігіне өздерінің де көзі жеткен ерекше бөлімнің адамдары жауапқа тартылғандардың жауабына қанағаттанбаған әрі тергеу басталысымен «астыртын ұйымның әшкереленгені» туралы Голощекиннің атышулы мәлімдемесін жоққа шығарудың амалын таба алмаған тіміскілер «қылмысты істің» көлемін ұлғайтып, «ұлттық қозғалыс» ретінде көрсетуге тырысып, оған жаңа «айыптылар мен күдіктілерді» тартқан. Оны І томның 457-бетіне тігілген «Қамауға алынғандардың тергеу мерзімін ұзарту туралы. 1930 жылғы 20-қараша күнгі» мына түбіртек растайды.



«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар:

1. Тынышбаев Мұхамеджанның, 2. Мұрзин Мұхтардың, 3. Мырзабаев Рамазанның, 4. Ақбаев Әбілхамиттың, 5. Ақбаев Мұраттың, 6. Омаров Әшімнің, 7. Қадырбаев Сейдазымның, 8. Омаров Ғаббастың, 9. Сұлтанқұлов Атбасардың, 10. Ыбыраев Абылдың, 11. Сырттанов Дәрібектің, 12. Токин Хамиттың, 13. Досмұхамедов Халелдің, 14. Мұсаев Шынәлидің, 15. Ақаев Серікбайдың, 16. Ахметов Ілиястың, 17. Ермеков Әлімханның, 18. Қожамқұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, 20. Қадырбаев Қалмақанның, 21. Ақбаев Жақыптың, 22. Қашқынбаев Исаның, 23. Мамырбердин (келесі хаттамада Меңгелин) Алдабектің, 24. Бұралқиев Мұстафаның, 25. Досмұхамедов Жаһаншаның, 26. Әуезов Мұхтардың, 27. Сүлеев Біләлдің, 28. Кемеңгеров Қошмұхамедтің, 29. Кенесарин Әзімханның, 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін:

2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.



ОО ерекше бөлімінің бастығы (Попов). «Келісілді» ОО бастығының орынбасары (Волохов). «Бекітілді» тергеу бөлімінің бастығы (Пирогов)».

Бәрі де түсінікті. «Алашордашылардың» түрмеден жазасыз шықпайтыны анық. Түсініксіздігі 1930 жылдың қарашасында тергеу ісінің 1932 жылдың қаңтарына дейін аяқталмайтынын қалай болжап, біліп отыр? Демек, қылмысы дәлелденсін мейлі, дәлелденбесін мейлі, алаш зиялыларының тағдыры шешіліп қойған. Қалай да олардың темір құрсаудан құтылмайтындарына тергеушілердің сенімі кәміл. Келесі келтірілетін хаттама мәтінінен сондай сенімнің таты шығып тұр.

Тура біз күткендей, оларға көрсетілген бір жыл екі ай да жетпепті. Сондықтан да 1931 жылы 16 тамызда тағы да:

«Мен, ОППП ОГПУ-дің 3 бөлімінің КССР-дегі өкілі Лаптев астыртын ұйым құрған қазақ ұлтшылдарының үстінен қозғалған № 2370 іс бойынша ҚІК-нің 58-7, 58-11 және 59 баптарымен қамауға алынған Тынышбаев Мұқамеджанның, Қожамқұлов Наширдың, Қордабаев Рамазанның, Серікқанов Нәрібектің, Сұлтанқұлов Насырдың, Мұсаев Шынәлидің, Ахметов Ілиястың, Қадырбаев Сейдазымның, Досмұхамедов Халелдің, Ақбаев Жақыптың, Мұрзин Мұхтардың, Ақбаев Әбдіхамидтің, Сүлеев Біләлдің, Кемеңгеров Қошмағамбеттің (түпнұсқада солай), Омаров Әшімнің, Қашқымбаев Исаның, Ермеков Әлімханның, Бұралқиев Мұстафаның, Әуезов Мұхтардың, Күдерин Жұмақанның, Меңгелин (алдыңғы хаттамада Мамырбердин) Алдабергеннің, Кенесарин Әзімханның, Досмұхамедов Жаһаншаның, Мұхаметшин Сейдахметтің, Омаров Уәлиханның, Ысқақов Даниялдың, Қожықов Қоңырқожаның, Мұңайтпасов Әбдірахманның, Тілеулин Жұмағалидың, Үмбетбаев Алдабергеннің тергеу ісі ОПК-тің 616 бабында көрсетілген уақыттан асып кеткенін ескере отырып, жоғарыдағы ұйымға қатысы бар жаңа айыпкерлердің іске тартылуына және соған орай қалыптысқан жағдайға байланысты тергеу жұмысын аяқтап үлгеру мүмкін емес болғандықтан да:

2370 іс бойынша тергеуге тартылған жоғарыдағы айыпкерлерді 1932 жылдың қараша айына дейін қамауда ұстауға Қаулы етемін. Бұл жөнінде тергеу жұмысын бақылайтын ОГПУ-дің аймақтық прокурорына хабарланды.



3 бөлімнің өкілі Лаптев. «Келісемін»: ОПП ОГПУ-дің бастығы Хворостян.

«Бекітемін»: Кастев, Мариновский (Үштіктің мүшелерінің қолдары анық танылмады – Т.Ж.)», деп Қаулы қабылдайды.

Дегенмен де «ұяттары оянды» ма, жоқ, Голощекинге, сол арқылы өздеріне де тықырдың таялып келе жатқанын түшіркенді ме, әлде, мұнда аталған адамдардың «шырынын сорып, шындығын айтқызып алған соң», енді қажетсіздігіне көз жеткізді ме, әйтеуір, кеңес тіміскілерінде кездеспейтін оқыс шешім қабылдапты. «1931 жыл 29 қазан күні ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің ерекше өкілі Попов:

23-70 іс бойынша жауапқа тартылған: Меңгелин (алдыңғы хаттамада Мамырбердин) Алдабергеннің, Кенесарин Әзімханның, Исаев Абылдың, Қашқынбаев Исаның, Бүркітов Кенжеғұлдың, Сәрсенов Дәлелдің, Ақаев Серікбайдың, Қожықов Қоңырқожаның, Қияқов Жүністің, Токин Хамиттің, Түркібаев Иістібектің, Әлімханов Фазылқазының, Ақбаев Кәмілмұраттың, Нұрымов Ғаббастың, Қадырбаев Құшлұмұқамедтің, Ордабаев Рамазанның, Сұлтанқұлов Досмұхамедтің, Итугенов (Өтегенов ?) Садықтың сотқа тарту үшін айғақтары жеткіліксіз болғандықтан да ОПК-ның 202 бабына сәйкес Қаулы қабылдап:

Қылмыстарын дәлелдейтін нақты айғақтардың жеткіліксіздігіне байланысты аталған айыпкерлердің тергеу ісі тоқтатылсын. Бұл жөнінде Тергеу жұмысын бақылайтын ОГПУ-дің аймақтық прокурорына хабарланды. ООП-тің ерекше өкілі – Попов. «Келісемін». Бастық үшін – Молохов. «Келісемін» ОО ПП бөлім бастығы – Волохов», деген (ІІІ том, 119-бет) шешім шығарыпты.

Бұл тізімнің ішінде тергеуде аттары аталмайтындар да, керісінше, кеңінен қамтылған көрсетінді бергендер де бар. Куәсіз күдік – күмәнға жетелейді. Сондықтан да емеуірін танытумен ғана шектелеміз. Әрине, бұл тізімге М.Тынышбаевтің ілінбейтіні анық. Өйткені ол бастатқан «қылмыстыларға» осы ІІІ томның 163-бетіндегі аса маңызды қатынас қағазында белгіленген тағдыр жазасы тиесілі еді. Онда үш жылдан астам уақытқа созылған тергеу ісінің аяқталғанын білдіретін:



«ОГПУ-дің 1924-жылғы №172 бұйрығына сәйкес бұл тергеу ісі соттан тыс қаралуы үшін ОГПУ коллегиясының жанындағы ерекше бөлімнің қарамағына жіберілуі тиіс. Анықтама: Осы іс бойынша тұтқындалғандардың барлығы Алматы қаласындағы түрмеде қамақта отыр және көрсетілген іс ОГПУ коллегиясының қарамағына жолданды. ПП ОГПУ-дің ҚССР-дегі ерекше бөлімінің бастығы – Хворостян. Төтенше өкіл – Попов. «Келісемін»: ПП ОГПУ-дің жанындағы прокурор ... (қолы танылмады). 21/ХІІ -31», деген мазмұндағы мағлұмат берілген.

Үштіктің қарамағына берілген істен еш қайыр күтуге болмайды. Бұл айыпталушыны соғыссыз әскери майдан жағдайындағы «ату жазасы» тосып тұр деген сөз. Тергеу ісі Мәскеуге жөнелтілді. Бұл айыпталушылардың көңіліне үміт сәулесін түсірді. Қанша айтқанмен, Мәскеудің аты – Мәскеу, қара қазақтың сөзімен айтсақ, «оқыған орыстың аты – оқыған». Соған сеніп алдыңғы көрсетінділерінен бас тартқандар да, қосымша түсінік бергендер де болды. Бірақ түрме тігіндісінде М.Тынышбаевқа қатысты Мәскеу тергеушілерінің жанама деректері жоқтың қасы. Оның есесіне 1932 жылы 27 ақпанда олар қазақстандық әріптестерінің тергеуін кері қайтарып:

Мен, ОО ОГПУ-дің 4-бөлімінің бастығының көмекшісі Балминский (Балшинский, Балтинский, Балтин ?) 58-7, 58-11, 59-3 баптар бойынша Ә.Ермеков бастатқан, барлығы 20 адамның №121027 тергеу ісімен танысып шығып:

1. Контрреволюциялық әрекеттер жасады – деп айыпқа тартылғандардың тергеу ісіндегі айғақтардың барлығы да 18-20 жылдардың арасын қамтиды. 2. Соңғы жылдарға қатысты жүргізілген тергеу ісіндегі айғақтар айыпталушылардың ұлтшыл көзқарасын ғана білдіреді. 3. Түрікшілдердің бандысына қатысты ұйымдастыру-жетекшілік әрекеттері мүлдем көрсетілмеген.

Баяндалған жайды негізге ала отырып: істі ОГПУ-дің Қазақстандағы бөліміне қайтаруды және істі қайтадан тергеуге жіберіп, тиісті шаралар жүргізу туралы шешім қабылдадым», деп ОГПУ-дің 4-бөлімінің бастығы (қолы танылмады), «Бекітемін», деп ОГПУ-дің бастығының орынбасары (Кряхов)»,– деген Қаулы шығарды.

Бұл «қызмет тәртібін» сақтаудың емес, өзін-өзі сақтандырудың бір мезіреті ғана сияқты.

Өйткені бұл қатынасқа қазақстандық тіміскілер ешқандай жауап бермеген. Беруге мүмкіндіктері де келмеуі мүмкін. Өйткені олардың қосымша тергеуге мұршасын келтірмей араға тура 1 ай 20 күн салып, 1932 жылы 20-сәуір күні үштіктің үкімі шықты.

«ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілетті өкілдерінің №11 отырысының қаулысы.

2370 іс бойынша Тынышбаев Мұхамеджанға, Досмұхамедов Халелге, Досмұхамедов Жаһаншаға ҚК-нің 58-10, 58-7, 58-11, 59-03 баптары бойынша; Үмбетбаев Алдабергенге ҚК 59-07, 11 баптары бойынша; Мұрзин Мұхтарға 59-7, 11 баптары бойынша; Мұңайтпасов Әбдірахманға 58-4, 58-7, 11 баптар бойынша: Кемеңгеров Қошмұхамедке, Бұралқиев Мұстафаға 58-10, 11 баптар бойынша; Күдерин Жұмақанға, Қожамқұлов Әшімге 58-11 бабы бойынша; Ақбаев Әбілхамитқа 58-11, 59-3 баптары бойынша, Ақбаев Жақыпқа 58-10, 59-3 баптары, Қадырбаев Сейдазымға 58-7, 11, 59-3, Омаров Әшімге 58-7, 10, 11 баптары, Тілеулин Жұмағалиға 58-2, Ермеков Әлімханға, Әуезов Мұхтарға 58-7, 10, 11 баптары бойынша, Омаров Уәлиханға, Сүлеев Біләлге 58-11, Ысқақов Даниялға 58-10,11 баптары бойынша тағылған айыптар қаралып:



Тынышбаев Мұхамеджан... 5 жылға кесіліп, концлагерьге жіберілсін. Мерзімдері: Тынышбаевтің мерзімі 30-жылдың 3 тамызынан есептелсін, деп Қаулы қабылданды».

Міне, М.Тынышбаев үшін үш жылғы түрмедегі «тар жол, тайғақ кешудің» соңы осылай аяқталды. Дәлірек айтсақ, азаптың ақырғы баспалдағын аттап, бұдан кейін әркім өзінің маңдайына бұйырған түрмегөй есебінде өмір сүруі тиіс сияқты еді. Өкінішке орай олай болмады. Өйткені үкімде көрсетілген кесім белгіленген қағаздың шекесіне: «Бақылауға алынсын»,– деген бұрыштама жазылып, тағы бір адам қол қойып, осы Қаулыға тіркеме ретінде Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың атынан:



«КПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жол. Каруцкийге. Алматы.

Ермеков және басқалардың контрреволюциялық әрекеттері туралы (Мәскеуден – Т.Ж.) қайтарылған істі қадағалап тексергенде мыналар анықталды:

1. Контрреволюциялық әрекеттер жасады деп айыпқа тартылғандардың тергеу ісіндегі айғақтарының барлығы да 18-20 жылдардың арасын қамтиды. 2. Соңғы жылдарға қатысты жүргізілген тергеу ісіндегі айғақтар ары дегенде айыпталушылардың өзарасында айтылатын ұлтшыл көзқарасын ғана білдіреді. 3. Айыпталушылардың түрікшілдік қозғалысты ұйымдастырудағы және жетекшілік етудегі әрекеттері мүлдем дәлелденбеген.

Сондықтан да іске тартылған айыпталушылар түрмеден босатылсын, оларды қылмысты іс бойынша тергеу тоқтатылсын. Босатылғандар тыңшылық қызметке тартылсын. Босатылғандардың соңына тыңшы қойылып, жасалған жоспар бойынша олардың ұлтшыл-контрреволюциялық әрекеттеріне баса көңіл бөлініп, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып бақылау астына алынсын.

ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары (Дьяков). ОО-нің 4-бөлімі бастығының көмекшісі (Паволицкий)”, – деген ілеспе бұйрық жолданды.

Үштіктің бұл бұйрығы олардың бәрін де ату жазасына бастап апарды.

Бұдан кейінгі Мұхамеджан Тынышбаевтің тағдырына қатысты баянды өзіміз көрген, білген, осы кітапта пайдаланылған деректерді өзара бөліскен, пікір алысқан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Ескендір Мұхамеджанұлы Тынышбаев, Еңлік Мұхамеджанқызы Тынышбаева, Дәулет Мұхамеджанұлы Тынышбаев сияқты абзал жандармен арнайы әңгімелердің негізінде авторлық тұрғыдан сараласа да болар еді. Алайда өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап архивтен табылған әрбір жаңа деректі бір-бірмізге ертелі-кеш сүйіншілеп хабарлайтын, алғаусыз мұрахат алмасып, ағымыздан жарылатын профессорлар Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтің, Кеңес Нұрпейісұлының, архив оқымыстылары Ақыжан Игенбаевтің, Бейсенбай Байғалиевтің, Зияда Ижановтың, Марат Хасанаевтің, Федор Осадчийдің, Мұхамеджан Тынышбаевтің бауыры Болат Тәуімбетұлының (қазір бәрі де марқұм) асыл рухтарын еске ала отырып, сол бір зерделі де қымбат күндердің белгісі ретінде осы түрме әфсанасындағы бәрімізге ортақ оқиға туралы солардың жазбаларын пайдаланғанды дұрыс көрдім.

«Алашорда» қайраткерлерінің қайта жарияланған мұраларының дені аталған ғалымдардың еңбегінің арқасында сексенінші жылдардың аяғында және тоқсаныншы жылдары басылымдарда жарияланды. Біріміз тапқан деректі екіншіміз көшірісіп, жарияланымға ұсынатынбыз. Алаш азаматтарының әдеби мұраларының ақталуына 1988 жылдың қаңтарынан бастап сәуір айының соңына дейін бейресми сарапшы (эксперт) болған біз үшін де намысты шара болғандықтан да, бұл ағаларымыздың сөрелерін шаң қаптырмай әлсін-әлсін қағып, жаңа деректерді іздестіруге «жұмсап», сирек мұрағаттарды 1988-2001 жылдардың аралығында өзіміз бір пұшпағын илеп жүрген «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарына үзбей ұсынып тұрдық.

Кеңес өкіметінің тұсында «тұрымтай боп тұсына, балапан боп басына кеткен»» алаш қайраткерлерінің ұрпақтары әр тұстан табылып, хабары шыққанда олардың елмен байланысуына себепкер болған да осы жандар еді. Солардың ішінде «Таглаг» пен «Сиблагта» ұя басып қалған Дәулет Тынышбаев, Бектұр Аймауытов, үйіріне қосыла алмай қалған Жанақ Аймауытов пен Муза Аймауытова, А.Күдерина (өкінішке орай есімін есіме түсіре алмадым Т.Ж.) сияқты ақиықтың түлектері Алматыға келгенде бірге қарсы алысып, қонақжайға орналастырып, Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова мен Гүлнар Міржақыпқызына жолықтырып, дәм бөліскен ауыр да аяулы сәттеріміз де ортақ еді. Болат Тәуімбетұлы бір сөзді, не деректі тиянақтау үшін сонау бірінші Алматыдан орталыққа күн сайын екі келуге ерінбейтін. Бозбала шағында олимпиядалық деңгейде өнер көрсетуге дейін ұмтылған Болат 1956 не 1957 жылы (дәл қай жыл екенін нақты есіме түсіре алмадым – Т.Ж.) Олимпияданың іріктеу жарысына жол жүрер алдына нағашысы М.Тынышбаевтің «Күнделігі» мен жазбаларын қазіргі мұражай-үйінде тұратын Мұхтар Әуезовке әкеп береді. Арада жыл өткенде ұлы жазушы дәптерді өзіне беріп, мұқият сақтауды, әзірше бұл мәселенің жабық күйде тұрғанын айтады. Дәптердің сыртына өз қолымен: «Жарықтық! Күнің әлі туады. Келер күндер сенікі!», деп жазып қойыпты. Өкінішке орай сол дәптерден құпия жағдайда көз жазып қалғандай көрінуші еді біздерге.

Бұл оқиғаларға ол кісілердің шәкірттері де белсене араласты. Әсіресе, Бейсенбай Байғалиевтің мұрағаттас та, мұраттас та қарындастары, Әбу Тәкенов пен Кеңес Нұрпейістің шәкірттері Света Смағұлова мен Гүлбану Жүгенбаеваның ізденістері тиянақты да нәтижелі және жалғасты болды. Олар әлі де алған беттерінен бұрылған жоқ. Жолдары олжамен ұзарсын! Марқұм Б.Байғалиев дүниеден өткен соң сол адамның рухының құрметін еске ала отырып құрастырған Мұхамеджан Тынышбаевтің «Таңдамалы» жинағындағы алғысөзінде Гүлбану Жүгенбаева тергеу үкімі шыққаннан кейінгі алаш көсемінің тағдыры туралы:



«М.Тынышбаев алдымен Воронеж қаласына жер аударылды. Мұнда ол зайыбы (үшінші қосағы Т.Ж.) Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли және кенже ұлы Дәулетпен келіп, Москва Донбасс темір жолы құрылысында жұмыс істеді. Жер аударылу мерзімі 1935 жылдың жазында аяқталған соң, М.Тынышбаев қуғын-сүргіннің мұнымен тоқтамайтынын жақсы түсініп, зайыбы мен баласын Уфа қаласындағы Әмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді. Өзі Батыс Қазақстанның территориясы арқылы Ташкентке, үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Ташкентте көп аялдамай, Қандыағаш Гурьев темір жолы құрылысына жұмысқа орналасады. Бірақ денсаулығының нашарлауына байланысты ұзамай Ташкентке қайтып оралады. Сонда оны 1937 жылы 21 сәуір күні Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алды», деген мағлұмат береді.

Жоғарыда аталған оқымыстылардың көз қиығы түскен бұл деректерді күдіксіз қабылдауға болады деп есептеймін. Сондықтан да жанұясы – біреу, жарұясы – үшеу болған Мұхамеджан Тынышбаевтің балаларының тағдыры да өте тауқыметті болды. Үш ұядағы ұл мен қыз бірін-бірі көрмей өсті, кейбіреуі өзінің туған бауырлары бар екенін де білмей өмірден өтті. Оған себепкер – әуелі тағдыр, содан кейін кеңестің зұлматы. Алғашқы құдай қосқан қосағы қазақ даласына, соның ішінде Жетісу өңіріне белгілі фельдшер Бақи Шәлімбековтің қызы – Гүлбаһрам Бақиқызы. Сауатты, сенімді, мейірбике әйел. Ол: «1921 (бір деректе – 1923 жыл, түрмедегі көрсетіндіге жүгінсек, 1921 жылға орайласады) Шымкентте адамдарды тырысқақ (холера) індетінен емдеу кезінде инфекция жұқтырып алып қайтыс болған, сондықтан да денесін кислота құйып өртеп жіберуге мәжбүр болған» (Ескендір Мұхамеджанұлының мағлұматы). Гүлбаһрамнан – Ескендір атты бір ұл, Фатанад-Бану, Динарзада атты екі қыз қалады. Әкелерін қолдарынан түрмеге жөнелткен бұл екі қыз да тағдыр тауқыметін қатты тартып, жүрекке түскен жаралары емделмеген күйі өмірден озды.

Ал Ескендір Мұхамеджанұлының тағдыры басқаша қалыптасты. Осынау бекзаттығы мен өжеттігі тумысынан құйылып туған, әкесі Мұхамеджан тергеушілерге «қарасүйекпін» деп жазса да ақсүйек, жиырмасыншы жылдардың тілімен айтқанда «нағыз қаратаяқ» азаматпен бірге әкесінің ақталу қуанышын туған елінде бірге тойлап едік. Сондағы білгеніміз бен басылымдардағы, соның ішінде В.Маричеваның «Әкем үшін жауап бергім келеді» атты сұхбатындағы деректерді жинақтай баяндағанда Ескендір аға өзінің әңгімесін тамағын қырнап қойып (қолдан тыныс алдыратын қондырғымен жүретін):

«– Әкем Воронежге жер аударылған соң өгей шешем Әмина Ибрагимқызы ініміз Дәулетпен бірге сонда кетті. Қаланың шетінен пәтер жалдап тұрды. Мен сол кезде өзімнің түсірген фильміме қыруар ақша алған соң бірден Воронежге тарттым. Әкемді Москва – Донбасс темір жолының құрылысына жобалау бөлімінің инженері ретінде жұмысқа алыпты. Ол үнемі: «Мұнда бір түсініспестік кеткен. Бәрі де анықталған соң Қазақстанға қайтып барамыз»,– деген үмітін үзбеді. Жанашырларым маған: «Воронежге барма, тіпті, біраз уақыт әкеңнің бар екенін ұмыт»,– деп кеңес берді. Маған жұмыс берді, фильмдерім үшін жақсы қаламақы төледі, үнемі: «Әкесі үшін баласы жауап бермейді»,– деп ескертіп отырды. Ал мен: «Әкем үшін жауап беремін! Жауап бергім келеді және оның әр сөзіне, әрбір іс-әрекетіне де жауап беремін!»,– дедім. Жиырма бір күн ғана комсомол болдым, аудан хатшысы әкемнен бас тартуымды өтінді. Оның тұмсығы бет болды. 1934 жылы мені түрмеге отырғызды. Он жыл өмірім – бір түрмеден екінші түрмеге, Соловкиден Беломор-каналға, одан басқа гулагқа ауысумен өтті. Мерзімімді Төменгі Тагильде аяқтадым. Қалтамда көк тиыным жоқ. Ромен Карменге: «Ақшам жоқ, қайда барарымды да білмеймін»,– деп хат жаздым. Алматыға келсем тағы да қамап қоюы мүмкін. Кармен ақша жіберіп, Ташкентке баруыма кеңес берді. Ташкентте «Таһир мен Зуһра» фильмін түсіріп, жолым ашылды. Ал «Казахфильмдегі» «Оның уақыты келеді» атты фильм түсіріп, өмір мен өнерге кеткен есемді қайырдым. Әкемнің 1937 жылы тағы да тұтқындалғанын ұзақ жылдар бойы білгемін жоқ. Оны 1959 жылы 29 қыркүйек күні атылғаннан кейін 19 жылдан кейін ақтады», деп баяндайтын.

Бірінші зайыбы Гүлбаһрам қайтыс болғаннан кейін төрт жылдан соң досы, дәрігер Сәдуақас Шәлімбековтің жесірі, қазақша қайырғанда қайын бикесі Әзизаға үйленеді. Одан туған қызы Еңлік Мұхамеджанқызы 1926 жылы дүниеге келді. Зиялы Әзиза апай ұзақ жылдар бойы туған әкесінің кім екенін жасырып келіп, 1976 жылы, яғни, Еңлік Мұхамеджанқызы 51 жасқа толғанда ғана айтады. Еңлік Мұхамеджанқызымен жоғарыда аталған оқымысталардың қатарында сапарлас болып, кішілік танытып жүрген кезіміз де болды. Әкесі туралы ашылып сөйлеспейтін, сырын ішіне сақтаған, мінезді адам ретінде есімізде қалыпты. Шындығында да әже атанғанша әкесін әке деп сезінбегеніне өзі де ыңғайсызданған шығар. Алғашында біздің ойымызға мұндай ыңғайсыздық болар деген алаң кірмепті.

Мұхамеджан Тынышбаев туралы бұл түрме әфсанасын мынадай нысаналы естелікпен аяқтағым келеді. «Алашорданың» Жетісудағы туын тіккен Лепсі, Сарқант елі Мұхамеджан Тынышбаев ақталып, кітаптары жарық көріп, қашан Темір жол институтына есімі берілгенше тумаларын жатырқап жүрді. Оның басты себебі, ардагердің туған жері Қарғалыда М.Тынышбаев «қарақшы» ретінде әшкерелеген, Тынышбай қарияны және Мұхамеджанның туған туыстарын атып өлтірген әйгілі «қызыл партизандар» ағайынды Мамонтовтардың «ерлігін мәңгі есте қалдыруға» арналған «Черкас қорғаны» атты іргелі ескерткіш пен шағын көрсетпе бар болатын және «партизандардың тұқымының» кеудесі басылмаған кез еді. Қалайда кешігіп барып сол ауылда тұратын мал дәрігері болып істейтін бажамыз, Алдиярдан барып қосылатын Мұхамеджанның інісі Қазтай Ескелдинов маған хабарласып, атасы М.Тынышбаевтің мерейтойы есебінде салтанатты шара ұйымдастыратынын, соған орай ғылыми конференция өткізгілері келетінін, менің соған көмектесуімді өтінді. Бас тартатын іс емес. Дереу Кеңес Нұрпейісұлына, Әбу Тәкеновке, Федор Осадчийге, Бейсенбай Байғалиевке, Болат Тәуімбетке, Ақыжан Игенбаевқа, Марат Хасанаевқа хабарласып, сол күні ғылыми конференцияның тақырыбын бөлісіп алдық. Бәрі де дайындалды. Күтпеген оқиға, сол жылдары жылы табысып, мені бауырына баса бастаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыз: Ескендір Мұхамеджанұлы екеуі жасынан дос екендігін, өзін Тынышбаевтің шәкірті есептейтінін, Қапалдағы санаторийге демалуға бара жатқандарын, содан Қарғалыдағы салтанатқа қатысатынын, ғалымдардың баратынына қуанатындығын, сонда кездесуге уәде беретінін айтты. Бұл бізге берілген тапсырма болатын. Сонда да Марат пен Болат, Ф.Осадчий, Ақыжан аға бара алмады. Кейін олар бұған қатты өкінді. Оның есесіне Еңлік апаймен дидарласа жүрудің сәті түсті. Салтанат та, конференция да, бәйге де сәтті өтті. Димекең мен Ескендір аға екеуі өзара қалжыңдасып қойып бар қызыққа қатысып, Алматыда кездесетін болып Үшаралға аттанып кетті. Біз Алматыға келіп шаңымызды қағып жатқанда Димекеңнің баласы Дияр жылап тұрып, ел ағасының Алакөлде қайтқанын хабарлады...

Иә, жақсының жаны да жақсының жолында мәңгілік ұясына қонды. Араға жыл салмай Ескендір аға да дүниеден озды.

Мұхамеджан Тынышбаевтің үшінші жамағаты құмық қызы Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли мен одан туған ұлы Дәулет туралы профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтің «Түркістанда» жарық көрген «Тынышбаевтің екінші ұлы табылды» деп аталатын соңғы жарияланымын ықшамдап ұсынуды парызым деп есептеймін. Жоғарыда аты аталған оқымыстылардың бәрін ортақ көңіл-күйге бөлеген бұл мақалада Мұхамеджан Тынышбаевтің жанұясының тауқыметті де трагедиялық тағдыры толық қамтылған.



Ә.Тәкенов: «...Бұл арада бірнеше жұмбақтың сырын ашуға тура келеді. Біріншіден, Мұхамеджан Тынышбаевтің «халық жауы» таңбасынан арылғанына (1956) да 40 жыл болыпты. Дәулет оны біледі екен. Екіншіден, оның ағасы – халық артисі, тұңғыш қазақ кинооператоры Ескендір Тынышбаев 1995 жылы 1 көкекте ғана дүние салды. Сонда Ескендір інісінен хабардар болмағаны ма? Мәселе сонда, хабардар болған. Оған дәлел – Дәулеттің Ескендірмен бірге түскен суреті. Фотосурет 1968-1969 жылдары Уфада өткен Қазақстан мәдениетінің онкүндігінде түсірілсе керек. Ал одан бері де 30 жылға таяу уақыт өтіпті. Бірақ ағалы-інілі Тынышбаевтар араласпағанға ұқсайды. Соңғы жылдары М.Тынышбаевтің кітаптары да жарық көріп, оған ескерткіштер қойылып, туған жерінде ас берілді (біз жоғарыда айтып өткен салтанат). Астанада (Алматыда – Т.Ж.) оның атында көше де бар. Бірақ Дәулет бұл жөнінде хабарсыз болып шықты, ал ағасы Ескендірдің қайтыс болғанын да біздің хатымыздан естіпті. Бізге жолдаған екінші хатында ол өзінің елмен байланысы болмағанын былайша баяндапты:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   44




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет