«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томында кеткен қателіктерге келетін болсақ, оған редактор ретінде қаншалықты дәрежеде жауапты екендігімді айтып өткен болатынмын. Оның ішінде Кенесары туралы тарау қатты сыналды. Бұл еңбекті біз қайтадан қарап жатырмыз, авторлардың жаңа құрамының көмегімен ол қателікті жөндейміз деп ойлаймын.
Енді Жазушылар одағы тарапынан кеткен қателікке байланысты екі ескерту айтқым келеді. Ол драматургия, оның ішінде жеке бір пьесаға қатысты пікір. Мүсірепов дұрыс айтты, бәрі де, оның ішінде Әуезовтің де, Мүсіреповтің де эпостық фольклордың негізінде жазылған тарихи пьесалары да қайта қаралуы тиіс. Бұл өзгертулер біздің халқымыздың бүгіні мен өткеніне қатысты бүгінгі күннің дәл қазіргі талабына сай жүргізілуі тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда біздің жағымды кейіпкерлеріміздің бейнесін қайтадан қарауға тура келеді».
Әңгіме қазақ ішіндегі әңгімеге ойысқанда жоғарыдағы өршіл идея бәсең тартып, кілт бұзылады. Өзін-өзі әшкерелегенінің есесін қайырғысы келгендей, біздің ойымызша өзінің «жалғыз салт атты көрінбеуі үшін» ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді. М.Әуезов:
«Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасына тоқталғым келеді. Бұл пьеса кәнігі ұлтшыл, орыс халқына жаны қас болған панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ол – Ақан сері Россиядан келген орыс шаруалары мен қоныс аударушылардың қазақ жеріне орналасуына саналы түрде қарсы күрес жүргізген. Патша өкіметі тентіреткен, жерсіз және панасыз қалған шаруалардың шарасыздығын ол білген. Қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған... Ол көзінің жасын көл етіп төккен қазақтың ауызымен: «Біз оның (патшаның – Т.Ж.) мұжықтарға бауыздап беретін лағы сияқтымыз!.. Патшаның сүйікті ұлдары келген соң бізді өлексе сияқты лақтырып тастай салды», – деген сөз айтқызады. Байқап отырғандарыңыздай, бұл арада орысқа қарсылық анық байқалады және бұл: Россияда қазаққа орын жоқ – деген түжырымға әкеп тірейді. Ақан сері патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсайды, халықты исламияның жетегінде жүруге, панисламизмге үгіттейді. Міне, Ақан серінің насихаты қайда бағытталған? Мен Ақан серінің әндері мен музыкалық әуендері болған жоқ деп тұрғамын жоқ, олар бар, бірақ ол қалдырған сол мұралар несімен тамаша? Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, ол халыққа мүлдем жат, оңаша өмір сүрді. Ол ақын ретінде «құлагер» деген атының өлімін, қыранының ажалын, жас кезіндегі қыздарға ғашықтығын, өзінің кешігіп келген басқа кезекті үшінші, төртінші қызға махаббатын жырлады. Осы қайшылықтардың барлығын ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалау қажет. Алайда бізде ол жұмыс істелмеді. Керісінше, Ғ.Мүсірепов жолдастың бұл пьесасы 10 жыл бойы барлық театрларда, соның ішінде академиялық театрда үзбей қойылып, бұл адам тұрақты түрде насихатталып келеді. Осы сияқты тарихи тұлғаларды бағалау мен жалған трактовка арқылы оларды сақнада насихаттаудың, тіпті Кенесары туралы жалған трактовкадан айырмашылығы қандай? Міне, осыны да ойластырған дұрыс» »,–деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.
Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Сондай-ақ, осы тұста Ғ.Мүсірепов партиялық топтың жағында Н.Н.Поспеловтың, Сәрсековтің баяндамаларына сырттай кеңес бермеді ме екен деген күдік те ұялайды. 1950 жылы Мәскеуден Ысқақ Дүйсенбаевқа жазған хатында:
«Бұл қалпында Ғалиге (Әбетовке) қайтадан бірталай жұмыс істеу қажет. Ең әуелі Ақан туралы бұндай ұзақ жазбасын. Мен Ақанның әлеуметтік тақырыптардағы өлеңдерін түгел көргенім осы еді...»,– деп жазған болатын.
Сол жолы Ақанның жапандағы жалғыздығы «Құлагердің» қасіреті емес, дүниеден баз кешкен софылықтың салты екенін, тәркі дүниелік философияға бой ұрғанын терең сезінген сияқты. Мүмкін, Мағжанның мақаласы да жадында жаңғыруы мүмкін. Қалай дегенмен де сол әсердің таты осы пікірге жұғып қалғаны анық.
М.Әуезов (жалғасы): «Біздің алдымызда тұрған жауапты міндеттің бірі – қазақ әдебиеті тарихының бағдарламасын жасау. Біздің бағдарламамызда бір тосаңсу жүбелгісі бар. Ол қазақ кеңес әдебиетінің жолын орыс кеңес әдебиетінен бөліп тастап отыр. Орталық баспасөзде көптеген мақалалар басылады, бірақ біз оны насихаттамаймыз, аударып баспаймыз.
СССР Жазушылар Одағының ХІІ пленумында қазақ әдебиетінің жағдайы талқыланды, онда бізді сынады да, мақтады да. Бірақ біз пленумнан қайтып оралғаннан кейін біз жағдайды өзгерттік пе, орыс жазушылары айтқан сол пікірлерді біз насихаттадық па? Жоқ.Бұл тұрғыдан алғанда бізде томаға тұйықтық анық байқалады, қазақ әдебиетінің дамуы бағыты орыс әдебиетінен бөлініп қарастырылады. Қазір өре жайылуға мүмкіндік жоқ, алайда мұның барлығы, қордаланып қалған шығармашылық жүк кейде бізге зиянын тигізді, әдеби процестің жалпы жағдайына әсер етті, бұдан былайғы шығармашылық жұмысымызды қатал, принципті және тура сын мен өзара сын арқылы қайта құруымыз керек. БК(б)П Орталық Комитетінің соңғы шешімін мен әділетті, нақты мақсаттарға жұмылдырылған шешім деп қабылдаймын»,– деп сөзін аяқтады.
Ғ.Мұстафин: «Жазушылардың ұжымын біріктіре түсудің орынына, жазушылардың шығармашылық қуатын партия мен үкіметтің жазушылардың алдына қойылған міндетті орындауға бағыттаудың есесіне, Жазушылар Одағының төрағасы С.Мұқанов жолдас қажетсіз іспен айналысты. Әуезовке деген жеке басының жеккөрініші оны шектен шығарып жіберді. Мұқанов жолдас буржуазияшыл-ұлтшылдықтың барлық көрінісін тек Әуезовтің шығармасынан табады және мұндай өрескел бұрмалаушылықтар С.Мұқановтың өзінің де шығармаларында аз кездеспейді. Осы уақытқа дейін өзінің қателігін мойындамақ түгілі, ол қателіктерін түзеген де жоқ, керісінше, дәл осындай қателіктерді талдау барысында Жұмалиев пен Бекхожин жолдастар сияқты өзінің жақтастарын қолдап отырды. Жолдас Әуезов өзінің қателіктерін бірнеше рет мойындады, алайда ол қатені түзетуді қолына алмады. Мұндай ауыр идеологиялық бұрмалаушылықтың оған қарсы сөйлеген басқа жазушылардан да кездесетіндігіне көңілі тоғайып қалды».
Партияның оқшантайындағы үмітті тұлғалар ғана емес, ғылыммен, шығармашылықпен айналысатын зиялылар да мінез көрсетіп қалды. Беймәлім әрі тұрпайы көрінетін жайлардың астарын кейінгі оқырман дұрыс түсінсін деген ниетпен, сол айтыста басты айыпкерлердің қатарына қосылған және өзара пікірлес, айтар сөзін алдын ала келісіп алған Е.Исмаиылов пен Қ.Бекхожиннің, Қ.Аманжолов пен Қ.Бекхожиннің арасындағы мына оқиғаның көрінісін әдейі алдын-ала келтіреміз.
Е.Исмаиылов (осы талқыдағы сөйлеген сөзінен): «Мына бір жай еріксіз есіме түсіп тұр. Бірде Бекхожин маған: «Сен ЦК-ның қаулысына ілінген адамсың, сондықтан да үндеме. Сен соғылған (битый, мәселесі шешілген) адамсың, ешқашанда оларды сынап қарсы шықпа, күйіп кетесің. Сені кінәлау оңай, өйткені сенің атың қаулының барлық жерінде көрсетілген»,– деді» (Орталық мұрағат, 36-іс, 84-бет).
Кенесары мен Наурызбайды ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, тәуелсіздіктің туы, намыстың көк семсері ретінде арғы атасы – Шыңғыс хан мен Жошыдан, бергі атасы – Абылай мен Қасымнан бастап жырлаған, «Ақсақ құлан», «Қаз оты», «Наурызбай – Қаншайым» атты дастандардың авторы, Кенесары көтерілісі туралы қазақ ақындарына тікелей тапсырма берген Х.Бекхожинді Ә.Тәжібаев өзінің сөзінде «төрелердің толғаушысы» атандырып, Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Е.Исмаиыловтан кейінгі төртінші орынды алатын халық жауы ретінде айыптады. Ол сөздің астарында саяси астармен қоса ақындық бақас бәсеке де қылтиып тұрды.
Ә.Тәжібаев (мазмұндама): «Өкінішке орай, жұмсартып айтқанда, мұндай «ауытқушылықтар» әлі де көзін жойған жоқ. Қазақ кеңес ақыны, партия мүшесі Қалижан Бекхожиннің «шығармашылық жолын» айтсақ та жеткілікті. Ол өзінің «Әдебиет және искусство» журналының 1939 жылғы № 4-5 сандарында жарияланған «Ақсақ құлан» дастанында Шыңғысханды:
Дариға, кешегі өткен әкем Шыңғыс,
Ер еді-ау Күншығыстан шыққан тұнғыш (?), –
деп сарнады. Бұл шумақтардың идеялық бағытының зиянкестігін дәлелдеп жатпаса да, ақынның көздеген жаулық пиғылы өз-өзінен түсінікті. Шыңғысханға осылай табынудың тамырын қайдан іздеген жөн? Кеңес ақынына хан-агрессордың қанқұмарлығына ашық сұғыну қайдан келді? «Дариға» деп күңіренуінің астарындағы күйзелісті сағынышта не ой жатыр?
Бір кезде контрреволюциялық «Алашорданың» жыршысы Мағжан Жұмабаев өзінің «есалаң жырларында»: «Гүннен туған, Күннен туған, мен шығыстың ұлымын!» – деген сандырағы бар болатын. Міне, Бекхожиннің Шығысы мен Шыңғысының үндестігі қайдан шығып отыр. Осыдан барып, қанішер хан қазақтың бабасы болған бекхожиндік шежіре туған. «Аспан күл, жер мұз боп кетседе» деген Жұмабаевтің ұраны осылай бастау алған. «Қазақта Кенекеме ер жетпейді» деген ұранына Бекхожин де қосылып «Науан» атты дастан жазды. Сонда ханның сауынына жиылған батырларды арыстанға, жолбарысқа, бүркітке, сұңқарға теңейді. Наурызбайды ақын «Науан» деп еркелетіп атайды. Ол орыспен достыққа ұмтылған Ахметтің басын кесіп әкеледі, тұтқындарды жылқының жарылған қарынына орап ханға әкеледі.
Міне, дастанның мазмұны осы. Дастанның әр жолына хандық пен ұлтшылдықтың уы сіңген. Дастанның әр сөзі екі халықтың – орыс пен қазақтың бейнесін қасақана қара маймен бояған. Бұл олардың арасында орнаған қайырым мен бауырластықты қаскөйлікпен арандату емес пе? Хиуаның, Қоқанның хандары, Кенесарының өзі де еңбекші қазақты тонап, олардың қыздары мен ұлдарын құлдық пен күңдікке әкеткенін Бекхожин қасақана жасырады, жасырып қана қоймайды, ол қазақтың сорлы халіне орыс халқын кінәлі етіп қояды.
Бекхожиннің суреттеуі бойынша, қазақтар Россияға қосылғанша жақсы өмір сүрді, өз күндерін көңілді, ойын-сауықпен, молшылықта өткізіпті. Бізге бақытсыздықты әкелген Россия екен. Ал Кенесары хан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды қайтару үшін күресіпті. Автор қазақ халқы өзінің ханын сүйіп еді – дейді.
Сонымен, ақынның суреттеуінше: Кенесары жай ғана пенде емес, алланың сүйген құлы, ол қазақты билеу үшін жаратылған. Сондықтан да Кенесарының тұсында «Сарыарқа пейішке» бергісіз болыпты. Қазақ халқын ұлы орыс халқына қарсы арандату үшін айтылған өтірік пен жалаға қоса, дастан ұлттың сезімін улайтын діни сенімді қоздырады. Шығармасын ширықтыра түсу үшін «алашордашылардың» көсемдерінің қатарында жүрген, октябрь революциясына қарсы шыққан, контрреволюциялық көтерілістің қару ретінде өткір дастан жазған ақынның кейбір сөздерін, теңеулерін, жолдарын, кейде шумақтарын тұтастай пайдаланады. Абылай мен Кенесарыны әспеттеген сондай дастандардың бірін революцияның жауы, «Алашорданың» мүшесі Мағжан Жұмабаев «Баян батыр» деп атаған. Бекхожин Жұмабаевтің дастанының атын «Науан батыр» өзгертіп алады. Мағжан:
Бәрінен асып туған батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян,– десе, Қалижан:
Бәрінен айбыны артық батыр Науан,
Қазақта батыр бар ма жеткен оған,–
деп Мағжан Жұмабаевті жол ма жол, сөз бе сөз қайталайды.
Мағжанда батыр Баян қалмақтарға қарсы: «Абылай! Абылай» – деп шапса, Қалижан Бекхожинде Науан орыстарға осылай әскери ұранмен аттанады. Абылай мен Кенесарының «құдайдың ерекше жаратқаны» туралы сөзді де Жұмабаев Бекхожинге өсиет етіп қалдырыпты. Арызданушының атынан Қалижан Бекхожин Кенесарыға: «Сорлаған ел-жұртыңды сақта өзің, Самсаған албастыдай сонау жаудан»,– дейді. Сөйтіп, орыстарды қазақ халқының жауы ретінде көрсетіп, оларды «албастыдай басып келе жатыр» деп Бекхожин тағы да орыс пролетариаты мен октябрь социалистік революциясына шабыт беруші адамдарды «албастыға», тағы да басқа «жын, шайтанға» теңеген контрреволюционер Жұмабаевтің теңеулерін тірілтеді. Мұндай мысалдарды өте көп кездестіруге болады. Тіпті, шелтиген, шатырайған, сұмдық, ел талаған деген сияқты тағы да басқа теңеулер арқылы орыс солдатын сондай бір сүйкімсіз етіп көрсеткен. Ең соңында «Науан батырдағы»: «Құдая, кер заманға кез келтірдің!»,– деген сөз дәл ме дәл – қазақ халқының жауы, Аманкелдіні өлтірген Міржақып Дулатовтан алынған.
1944 жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Кешегі Кенекеме тартып туған.
Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,
Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!),–
деп берген батасы да «таң қаларлық».
Көріп отырғанымыздай, Бекхожин «Науан батыр» дастанында Кенесарының Россияға бағытталған қанды жорығын, алынбаған кекті романтикалық көтеріңкі леппен жеткізеді. Ол енді фашизмді талқандап жатқан біздің кеңес офицерін: Есіңе ал кешегі өткен Кенекемді, кек жолында кеудесін оққа тосқан... Кенекемдей ерлікпен атың шықсын,– деп Кенесарының өзіне тартуға шақырады.
Бұл ұран нені білдіреді? Кенесары ханның жолымен жүрген, Кенесары сияқты кек қайтарған офицер кіммен және кімге қарсы оқ атуы тиіс? Мұндай офицердің фашистерге қарсы оқ атуы мүмкін бе? Бұл өлеңінде Бекхожин ашық және бар дауысымен алашордашыл ақындардың ақындық сөздігін пайдалана отырып, «кек» алуға шақырады. Осыдан кейін оның осы «Шеру» жинағына енген «Қазақ ұлына» атты өлеңіндегі: «атаң қазақ разы болсын», «ата қоныс – Сарыарқа разы болсын»,– дегендегі «қазақ», «қазағым» деген сөздің емеуірінін қалай түсіну керектігіне қиналасың.
Бұл жолдар Кенесары туралы дастанның сарынымен тікелей астасып жатыр. Мұндай интонация Бекхожиннің көптеген туындыларынан ұшырасады. Оның өзге тақырыпқа жазған туындыларында да ұлтшылдық сарыны есіп тұрады. Мысалы, «Домбыра» атты өлеңіндегі: Нәзік, тәтті күйіңді тыңдап өстім, Ұмытпас қасиетіңді сенің ешкім. Алтын арфа, күмбірлі оркестрге, Мен сені ешқашанда теңгермеспін», – деген (мазмұндалып алынды – Т.Ж.) жолдарды оқиықшы.
Домбыра – біздің ұлттық аспабымыз, біз оны сүйеміз. Бұрын жалғыз өзінің ғана әлсіз үні шығатын домбыраның үні тек кеңестік Қазақстан тұсында ғана жаңаша күмбірлеп, үлкен ұлттық оркестрге айналды. Алайда оны «даңғырлаған оркестрге» немесе «алтын арфаға» қарсы қоюға бола ма? Әрине, болмайды! Симфониялық оркестр де біздің құндылығымыз, онсыз қазақ халқының мақтанышы опера өнерін ұйымдастыра алмас едік.
Симфониялық музыканы одан әрі дамытуға және қазақ жастарының музыка өнерінің жоғары деңгейіне көтерілуге ұмтылуы, сондай-ақ жас композиторлар мен орындаушылардың орыстың классиалық және қазіргі кеңестік музыканың озық үлгілерін үйренуге тәрбиелеу – біздің міндеттеріміздің бірі болып табылады. Ал Бекхожин «домбыра» деп қасарысып тұрып алса, оны ешқандай оркестрмен, арфамен теңестіргісі келмесе, оған не айтасың? Бекхожин үшін сол бір өткен заман, «солтүстік жұмақ болған» өмір қымбат. Адамдардың ішінен ол «құдай ерекше етіп тудырған» Кенесарыны, Шыңғысханды, Наурызбайды, музыкалық аспаптардың ішінен өткен заманды жырлағанда қосыла шертіп отыруы үшін домбыраны таңдап алады. Ол оның ұлтшыл дауысын өшіретін оркестрден қашады, ол оны тітіркендіреді, сондықтан да оны «даңғырлаған» деп суреттейді».
Тура осы кезде әуелде Қ.Сәтбаевтің тапсырмасын орындап, баяндама жасап жүрген философия ғылымдарының кандидаты Нұрымбек Жанділдин Орталық Комитеттің Ғылым бөлімінің меңгерушілігіне ауысып, енді сол Қ.Сәтбаевтің үстінен тексеру жүргізіп жатса да «информация жинау үшін» осы мәжіліске қатысып отырған болатын. «Партияның жан алғыш жан торсығы» Ә.Тәжібаевтің «домбыраның оркестрге» қарсы ұлтшылдық рухтағы соғысы туралы пікірі жадында сақталып қалса керек, араға екі-үш жыл салып барып, Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болған кезінде оны қайта жаңғыртып «домбыраны» оркестрден алып тастап, «екі ішекті қу тақтайды» қуғындаған болатын.
Ә.Тәжібаев «жалғасы): «Ең соңында, «Пионер» журналының 1949 жылғы № 4 санында «Қазоты» деген дастансымағын жариялады. Жақшаның ішіне «Орыс аңызынан» деп жазылған. Туынды мынадай жолдармен басталады: «Ерте, ерте, ертеде, құба қыпшықтың дәуірінде, біздің еліміз қыспаққа алынғанда...» қыпшақ тайпасынан шыққан ағайынды екі адам болыпты. Олардың аттары – Сұрша мен Атырақ екен, екеуі де атақты батыр болыпты. Атырақ жаугершілікке ұшыраған... жат елді қорғауға кетеді. Ол елде Атырақ... емін-еркін өмір сүреді. Сонда:«Бақытқа кенелдіріп, өмірін ойын-сауықпен өткіздірген қай ел?»,– дегенге автор нақты жауап бермейді, тек «Кавказ тауының арғы бетіне» мекзейді. Егерде Каспий теңізі арқылы көрсетілген бағыт бойынша тура тартса, оқырман Түркиядан бір-ақ шығады».
Өзге-өзге, өзіне де ақындық кие қонған Әбділдәның мына емеуіріні шабыт емес, шалықтау, шарықтау емес, шабыну еді. Әйтпесе, орыс деректеріндегі «Қап тауының арғы беті» – қазақ даласынан қарағанда «бергі беті, яғни, кешегі Ноғай даласы, бүгінгі Қобан бойы екенін Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алған Тәжібаев жолдас білсе керек-ті.
Ә.Тәжібаев «жалғасы): «Сұрша кенже інісін елге қайтару үшін атқа мінеді. Сұрша батыр бетпақ даланы аралайды. Сол «бетпақ даладан» інісі бала кезінде жақсы көретін Қазоты деген өсімдікті тауып алады. Ол сол гүлді Атыраққа жібереді. Ханға Қазотын әкелген жаушы қобызда ойнай бастайды. Қобыз айрауықтың ащы зарымен боз інгендей боздай жөнеледі. Хан Атырақ қазотын иіскей отырып, қобыздың күйіне қосылып ащы жасын төгеді. Ең соңында ол: жат елінде – сұлтан болғанша, өз еліңде – ұлтан болған дұрыс екен-ау. Туған жерге барамын, ағамды бауырыма аламын,– деген Атырақ өзін «бақыт пен қуанышқа бөлеген» елден кетіп, өзінің «бетпақдаласына» құл болып жүру үшін қайтып келеді.
Автордың жақшаның ішінде көрсеткен «Орыстың аңызынан» дегені оқырманда жаңылдыру үшін қолданылған құр алдарқатудың амалы ғана. Бұл туынды «Науан батырдағы» кейіпкерді көпе-көріне тірілте жырлаған қайырма ғана. Тек бұл арада автор Кенесары «Кавказдың арғы бетінен» аңсары ауа «іздеген» сол бір «ақ орданы», «алтын тақты», «думан мен қызықты» іздеуді ұсынып отыр».
Шыңғыс ханнан бұрын өмір сүрген, орыс жылнамаларында жазылып қалған, Карамзин, Жуковский, К.И.Никитин пайдаланған бұл әфсананы қалайда «қиыннан қиыстырып» Кенесарыға телуі – арандатудың ең арсыз түрі. Қазақша айтқанда, Қалижан Бекхожинді өкпеге ғана емес, өлімге де қиып, басын тігіп беріп отыр.
Ә.Тәжібаев (жалғасы): «Ақын Бекхожиннің жолы осындай. Алайда, оның зиянды ойлары тек поэтикалық шығармаларында ғана емес, ол құрастыруға қатысқан оқу құралдары мен хрестоматиядан да орын алған. Осыған қарамастан, Бекхожин өзінің зиянды әрекетін жұртшылықтың алдында ашық мойындауға тырысудың орынына, оның қатесін көрсетуге болады екен-ау – деген ой қаперіне де кіріп шықпайды. Оның басты себебі, бірінші, ол өзінің кінәсінің ауыр екенін біліп, соны мойындаудан сескенеді, екіншіден, ол өзінің көркемдік ерекшелікті сылтауратып сынды тұншықтырғысы келеді, сөйтіп, оның назарын басқа жаққа бағыттап жібергісі келеді.
Біздің ойымызша, Бекхожин саналы түрде жүріп келе жатқан зиянды жол тым ұзаққа созылып кетті. Кеңес оқырмандарының санасын ірітуге тырысқан мұндай жүйелі жортуылды тамырымен жоятын кез келді. Мұндай «көркем бұрмалаушылыққа» бұдан әрі қарай жұртшылық төзбейді».
Төзбегенде не істеу керек еді? Әрине, «тамырымен отап, жою» керек. Өйткені оның ақындық өмірі «тым ұзарып барады». Замандастарының: «Әбділдә өзімнен басқа ақын өмір сүрмесе екен деп тілеуші еді»,– деген қиянатты сөздің растығына сеніп-ақ қалғың келеді. Бұдан артық талдап, түсіндіріп жатудың өзі артық. Төзбейтін теңеулер, «зиянкес бұрмалаушылықтар», Бекхожинді ақын ретінде емес, адам ретінде көзін жоюды көздеген Ә.Тәжібаевтің ұзақ жылдарға созылған, біз әдеп сақтап, пайдаланбай кеткен деректердегі бар пиғылы осы сөзден соң ашылып қалғандай. Осы пікір таласы туралы естелігін тыңдап, «Батыр Науан» дастанын «Жұлдыз» журналына жариялауға рұқста беруді өтінгенімізде арыстан ақынның жүректегі үрейі қайратты қою мұртын тікірейтіп шыға келді. Жағдайды түсіндіргенімізде түсі жылып, әлсіз саусақтарымен қаламын ұстап:
«Мен «Батыр Науан» атты бұл дастанымды қазіргі кезден елу бір жыл бұрын, әдебиетке жаңа ғана қатыса бастаған жас албырт шағымда жазған едім. Сол тұста қазақ советтік автономиялық республикасының құрылғанына жиырма жал толуына арналға «тарту» атты өлең, әңгімелер жинағы кітап болып шыққан, сол кітапта менің осы поэмамнан үзінді жарияланды. Бұл дастанымда мен аты шулы қаһарман Кенесары мен Наурызбайдың Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы жасаған ұлтшылдық әрекет деп теріс түйіндеді. Соның салдарынан менің поэмам әділетсіз ауыр сынға душар болды. Енді қазіргі дәуірде партиямыздың әділ басшылығымен өткендегі тарихи уақиғаларға әділеттік пайыммен топшылауды қағида тұтқан шақта, Кенесары, Наурызбай көтерілісі өзіміздің «Жұлдыз» журналымыздың бетінде тарихи өз бағасына қайта ие болды, мен сол үшін өте риза болып, ұмыт қалған бұл дастанымды баспасөзден жариялауға ұсынып отырмын (Денсаулық болмай, жайым кетіп жүргендіктен поэманың толық нұсқасын архивімнен іздестіріп таба алмадым). Автор»,– деп біз арқылы журналға жариялауға ұсынып еді.
Марқұм «Батыр Науанның» қайыра басылымын көруге үлгере алмай дүниеден өтті. Сол жолы қимас бауырындай мейірлі сезіммен ол жоғарыдағы талқы туралы айта келіп, Е.Исмаиыловтың сөзіне орай:
«Ақыры түрмеге қамалатын болдым. Сондықтан да Есмағамбет екеуміздің не істеп кеткенімізді арттағылар біле жүрсін деп, өзімнің кінәмды мойындағансып, әй бір көсілдім. Ал бізге Кенесары туралы жинақ құрастыруға тапсырма берген Орталық Комитеттің өзі болатын. Мен сол Орталық Комитеттің өзіне ишара жасай отырып сөйледім. Ажалдан мені сол сөзім құтқарды ма, кім білсін. Менің мінезім қапастағы булығуды көтермейді. Құсадан, не қыстығып жүріп өзіме өзім қол жұмсаудан жазым болар едім. Ал Есмағамбет туралы айтатын пікірімді алдын-ала өзімен келісіп алғамын. Ол сол сырдың барлығын өз сөзінде айта бастағанда зәрем ұшып кетті. Атамашы сол күндерді. Бәрінен де мен үшін Әбділдәнің сөзі қауіпті еді», – деген мағлұматты бізге айтып беріп еді.
Соңғы пікірді бұдан әрі дамытпаймыз. Х.Бекхожиннің «келер күндердің» қаперіне ұсынған сөзінен үзінді келтірумен шектелеміз.
Қ.Бекхожин: «Осы арада, Кенесарыны әспеттеу туралы қате пікірлер 1940 жылы Қазақ ССР-нің 20 жылдығына орай орталық газеттерде жарияланған біздің сол кездегі басшыларымыздың (Скворцов пен Қазақпаев) Кенесарыны ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде мойындаған мақалалары арқылы таралғанын айтып өту артық емес... Бұл екі адамның (мәтінде бұл сөз Скворцов пен Қазақпаевтың атынан кейін қолданылған – Т.Ж.) Бекмаханов пен Исмаиыловтың Кенесары Қасымовтың тарихтағы орыны жөніндегі жалған пайымдаулары олардың пікірлестерін де, Қазақ ССР тарихының редакциялық алқасын да аталған қателіктерді жіберуге алып келді.
Осы жалған тұжырым көптеген біздің жазушыларымыздың, ақындарымыздың, тіпті халық ақындарының шығармашылығына да зиянын тигізді, олар осы теріс тұжырымды бағытқа алып, оның мәнісіне бармастан Кенесарыны – қазақ тарихындағы осы бір қара тұлғаны өздерінің шығармаларында мадақтады.
Жекелеген жазушылардың қателігін айтпай-ақ, Орталық Комитеттің осы шешіміне байланысты, баспасөздердегі сындарға байланысты: қазақ және орыс халқының жауына – Кенесарыға қатысты жіберген өрескел қателерім үшін өзімді-өзім батыл және қатал түрде айыптайтынымды партия жиналысының алдында айтуды парызым деп білемін», – деп (сонда, 84-бет) жария етті.
Әрине, «жекелеген жазушылардың қателігіне тоқталмай», «өзін-өзі батыл және қатал айыптауы» да мінезді ақынның мінезін танытады. Дегенмен де партия жиналысында жауынгер ақын «партиялық адалдықты» сақтап өзінің кенесарышылдығының түпкі тегін ақындық көркем көзқарастан іздемей, «ақылшыдан» іздейді. Оның себебін былай түсіндіреді:
Қ.Бекхожин (жалғасы): «Мен өзімнің әлі тәжірибе жинақтамаған қарапайым әдеби қызметімді СССР ҒА-ның Қазақстандағы филиалының Тіл және әдебиет секторында, Кенесары мен басқа да хандар мен билер туралы пікірлердің дәнін сепкен Исмаиыловтың жетекшілігінде атқара жүріп, Қазақстан тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихының кейбір тұстарын түсінуде адасып кетіппін...».
Әрине, сол кездің ғана емес, жалпы талқы атаулының дәстүрі бойынша Қ.Бекхожин де «еруліге қаруын қайырып», Ә.Тәжібаевқа да қарата астарлы сес танытты:
Қ.Бекхожин (жалғасы): «Мен Тәжібаевтің сөзіне ризашылығымды білдіре алмаймын, оның өзі де көптеген ұлтшылдық қателіктерді жіберсе де, ұлтшылдық дегеннің не екеніне және оны кімге оп-оңай жапсыра салуға болатынына партиялық тұрғыдан және өзінің түйсігімен саралап түсінбей, өзінің мақаласында (осының алдында Ә.Тәжібаевтің жоғарыдағы мазмұндағы мақаласы жарияланған болатын – Т.Ж.) маған ұлтшылдықтың көр-жердегі барлық қылмысын айып етіп тақты, ал менің шығармаларымды ұлтшылдық қателіктің жүйесі ретінде көрсетті. Олай емес, мен сіз айтқандай ешқандай қарғыс атқыр ұлтшылдықтың жазғыштарына еліктегемін жоқ, сіз сияқты буржуазиялық символизмді үйренгемін де жоқ және ол дертпен ауырғамын да жоқ. Мен өзімнің қателіктерімді үнемі ашық айтып келдім, қазір де сіз сияқты былғақтамай ашық айтып отырмын. Мен орыс және кеңес классиктерінен үйренемін. Менің ойымша, партия ұйымы большевиктік сынды біреудің екінші адамнан кек алуының қаруына айналдыруға, Тәжібаев сияқты жолдастардың бір кездегі менің айтқан сыныман қарымта қайыруының амалы ретінде пайдалануға жол бермес деп ойлаймын».
Иә, «кектің қарымы» осылай қайтарылыпты. Бәрібір, Ә.Тәжібаевтің жоғарыдағы әшкерелеуінен кейін оның бұлай демеске лажы да жоқ еді. Өйткені, олардың көзінше және талап етуінше «оның ақындық өмірі ұзаққа созылуы тиісті емес» болатын. Сөзінің соңында өзінің ұлтшылдық ұстанымын оятқан Есмағамбет Исмаиыловты «өздерінің өзара келісіп алғанындай» «қарақшыға байлап» кетеді.
Қ.Бекхожин (жалғасы): Ең соңында айтарым, өзінің ұлтшыл, оның ішінде Кенесары туралы қателерін осы уақытқа дейін ашық және шын жүректен мойындамай отырған Исмаиыловтың тәртібін қатаң талқыға салуға болмай ма? Кенесарыны әспеттеген ондай адам жоқ, ол бұл мәселе жөнінде идеялық қателік қана жіберіп қойған жоқ, сонымен қатар бірнеше жыл бойы мұқым бір мемлекеттік ғылыми мекемені жұмылдырып, мемлекеттің қаржысын жұмсап, Кенесарының тарихын мадақтайтын зерттеулер жаздырды, сөйтіп, жалған дәлелдер арқылы Кенесарыны «халықтық» тұлға етіп көрсетіп, қоғамдық ойды адастырды. Соның тапсырмасымен кеңес ақындары бірқатар қате шығармалар жазды. Жылқыайдаров, Керімбаев, Шипин сияқты халық ақындарымен қоса ақын Аманжолов та оның тапсырмасымен Кенесары мен Наурызбайды мадақтайтын дастандар шығарды. Неге ж.Аманжолов өзінің Кенесары туралы жіберген қателігін ашық мойындауды парызым деп есептемейді? Өзіміздің барлық қателігімізді ашық мойындап, оны сынау арқылы ғана өзіміздің шығармаларымызға жат, зиянды идеялардың кіріп кетпеуіне жол ашамыз».
Бұл талқыға «бір басынан дауы арылмаған» Қасым Аманжолов та араласып кетті, ол өзін ақтау орайын кешегі досы, бүгінгі қаралаушысы Е.Исмаиылов пен Қ.Бекхожинге әкеп тіреді.
Қ.Аманжолов: «... Сол кезеңнен кейін менің шығармашылығымда бұл тақырып қайталанған жоқ, қайталануы мүмкін де емес. Мен ол дастанның бір де бір бетін ешқашанда жариялаған емеспін, соған қарамастан, арада бірнеше жыл өткеннен кейін болса да өзімнің қателігімді мойындап отырғанымның өзі де жақсылық. Сөйтсем, 1940 жылы дайындығым аз, саяси көзқарасым жоқ, талантым ұшталмаған тұста осы іске араласып кетіппін. Турасын айтайын, партия жиналысынан жасыратын ештеңем жоқ... Ол кезде Исмаиылов пен Бекхожин ғылым академиясында істейтін. Бекхожин екеуіміздің айырылмас дос болғанымызды бәріңіз білесіздер. Менің әдеби сауатым жоқ болатын, ал Бекхожинның жоғары әдеби білімі бар болғандықтан да, мен онымен дос болдым, айтқанын тыңдадым. Бірде Бекхожин Кенесары туралы жинаққа арнап дастан жазуымды өтінді. Сол дастан үшін екі жүз жетпіс сом алдың – дейді Бекхожин. Шынын айтсам, соның екеуі де есімде жоқ. Міне менің қателігім осында... Бекхожинның ұлтшылдығын әшкерелеп, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жаздым»,– деп (сонда, 92 бет) жиналысқа қатысушылардан өзін арашалауды өтінді.
Жиналыс оның бұл өтінішін қанағаттандырды. Себебі, оның өзін-өзі ақтауға мүмкіндік берген «арылу» мен «парызды» «Хандардың жоқтаушысы» атты мақаласы арқылы өтеген еді:
Қ.Аманжолов: «Бекхожиннің бізде болып жатқан жиылыстардың бір де бірінде өз шығармаларының кемшіліктері туралы жұмған аузын ашпауына қарағанда, онда тіпті кемшілік жоқ па деп ойлайсың. Шынында солай ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін, Бекхожиннің өзі үндегісі келмесе, оның шығармаларын сөйлетіп көрейік.
Достарыңызбен бөлісу: |