Мен саған өзімнің достығымды күштеп таңбаймын, алайда біз араласа-пікірлесе, өзара түсінісе отырып жұмыс істеуге міндеттіміз.
Мен төзе де, құпияны сақтай да аламын. Егерде сенің: «Мұқанов – қызғаншақ», – деген сөзің жанымды жараламаса, мүмкін, бұл хатты әлі де жазбаған болар едім. Бұл сөз менің адамдық сезімімді қатты қобалжытты. Мен адамдармен жауласа да білемін. Бірақ маған мұны өмірдің өзі үйретті және тым ерте үйретті. 7 жасымнан жетім қалуым – күштілердің қорлауына қарсы тұруға үйретті, кек алуға итермеледі. Алайда жауларыма, әсіресе, октябрь күндерінен кейін соншама қатыгездік жасағам жоқ. Бірақ жауларымның жауы екендігімді бұғып қалмадым, мен олармен арадағы күресте адамдардың қарым-қатынасына тән дәрежедегі тәсілдерді қолдандым. Қазір де солай істеймін. Мүмкін, жекелеген адамдар сенің санаңды: «Мұқанов – қатыгез, қауіпті адам» т. б., – деп улап тастаған шығар, оларға сенбе. Мен сенімен ашықтан ашық жауласуға да жараймын, бірақ, егер екеуміз де бір платформада – совет әдебиетінің платформасында тұрсақ – онда өштесудің қажеті қанша?».
Иә, оларға өштесіп, кек қуысудың қажеті жоқ еді. Ол өздерінің жеке бастарына да, қоғамдық пікірлерді қалыптастыруда да, туған халқының мәдениетінің дамуына да зиянын тигізетін еді. Кейін кесірін келтірді де.
Осы арада ашық айта кететін бір жай: Сәбит Мұқанов – Мұхтар Әуезовты үнемі өзінің саяси қарсыластарының тобына жатқызып келді. Осы хатта да «бір платформада болсақ» деуіндегі емеуріні де сол. Дәл осы «кілтипан» олардың арасын толықтай, жарықшақсыз қабысып кетуіне мүмкіндік бермеген. Елуінші жылдардың басында да сол сөзді қайталады. «Шын көңілімен таптық тұрғыдан» бағалады. Тіпті, отыз жетінші жылы партиядан шығарылып, жұмыстан қуылған кезіндегі сергелдеңді де ол сталиндік репрессиядан емес, «ұлтшылдардан» көреді. Осы хатында:
«1937 жылдан бастап менің өмірімде аздаған өзгеріс болды. Сонда адамдардың үш тобы маған қарсы жағдайды пайдаланып қалғысы келді:
1. Менің ежелден келе жатқан жауларым – алашордашылдар ашық қимылдағаны, жасырынып жүргені бар, бәрі де қуаныштан қолдарын шапалақтап, билеп: «Аһа, Мұқановтан күш кетті, енді оны мүйіздеуге болады», – десті.
2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
3. Әлі де тәжірибесі аз жастар, олар іштерінен мені сыйласа да «жағдайға» бейімделіп, өз көзқарасына қарсы болса да «сын айтқансыған болды»,– деп түсініктеме береді.
Соңғы екі топтың түп тамыры жоғарыда біз келтірген «үштіктен» еш айырмасы жоқ болатын. Айырмашылығы олардың Сәбит Мұқановша жіктелуі ғана. Сәбит Мұқанов осынау сойқанды жазалауларды шындығында да «халық жаулары» істеп отыр деп сенеді және сол тұстағы өзіне айтылған жалақорлардың арандатуларын өзінің кінәсі, қателігі ретінде мойындайды. Бұған қарағанда Сәбиттің өзі де «қара құйынның» артындағы арыстанның тырнағын байқамаған, не ол науқанның әлеуметтік астарын толық түсінбеген, дәлірек айсақ, түсінгісі келмеген. Сондықтан да әуел бастағы бағытын өзгертпеген, еш күмәнсіз солай болуға тиісті деп сенген.
«Мен коммунист, нағыз совет жазушысы, партияшыл болғандықтан да осыншама қиындыққа төзіп бақтым, бірақ, кінәм де болды. Ол кінәлар менің жандүниемнен шыққан ақыл-ойымның жемісі емес, менің сыртқы түсініктерімнің қателігінде жатыр. Қалай екенін білмеймін, мен 1937 жылға дейін саясат әлемінде адамдардың екі ғана тобы бар, олар қарама-қарсы екі топтың мүддесін қорғау үшін бір-бірімен саналы түрде ашық айтысқа шығады,– деп есептедім. Егер де адамның саясат жағынан сауаты жоғары болса, ол мейлі жау болса да, ойындағысын жасырмай ашық күреске түсетініне сенімді едім. Міне, мен өзімнің осынау қате түсінігім үшін сүріндім, ол пікірімнің терістігіне өзімнің қатты таяқ жеген соң ғана көзім жетті. Бұл құлауымды достарым мен жауларым сан-саққа жорыды. Достарым (мен нағыз совет адамдарын айтамын): саяси күресте әлсіздік жасағаны үшін Сәбит Мұқановты аямай соғу керек, бірақ өлтірмеу керек, оның өз қатесін түзетуге мүмкіндік берейік,– десті. Ал жауларым – өлтіруді тіледі. Ол оңбағандардың бұл ісі жүзеге асқан жоқ («Заман талқысы» тарауында бұл адамдар туралы емеуірін жасалды – Т.Ж.).
Мен осының бәрін түсіндім, түсіндім де октябрь күндерінен бері атсалысқан ісіме көзсіз белсене араластым. Өзімнің бүкіл болмысыммен біте қайнасқан партиядан тыс жұмыс істеу (ол жылдары Сәбит Мұқанов партия қатарынан шығып қалған – Т. Ж.) психологиялық жағынан маған ауыр соқты. Бірақ та мен өзімнің ішкі ренішіммен қасарыса күрестім, ол өкпенің маған творчестволық жағынан кесір тигізбеуін ойластырдым.
Жұмысыма еш зияны тимеді. Қайта, тырнақша ішіндегі «партиядан тыс өмірімде» мен бұрынғыдан да көп жұмыс істедім.
Мен өзімнің және бүкіл елдің алдында сынақтан өттім. Мені бұрынғыдан көрі қатты сынағысы келетін достарымның бар екендігін білемін. Бірақ та өз қатемді өзім сезіне отырып ежелгі әдетімдегідей большевикше еңбек етемін».
Өзінің идеялына осыншама көзсіз сенген адамдар аз. Олар, «жасырын жаудың» барлығына шын сенді. Тіпті, күдіктенбеді де. Қателіктері де сонда.
Ал, ол репрессияның тарихи-әлеуметтік себебі мүлде басқада екені қазір айқындалып отыр. Сәбитті ол үшін де жазғыруға болмайды. Басты себебі – Сәбиттің ақ жүректілігінде, ұстанған идеялға деген шүбәсіз сенімінде. Кей кезде жан-жағына байыппен қарамай, тәуекелге бел шешіп кірісіп кетуінде. Мүмкін, оның өзі адамның бойға біткен мінезімен де ұштасып жатуы.
Сөзінің соңын: «Мен совет өкіметінсіз тамаша өмір сүруге болмайды. Совет өкіметінің өмір сүруін мен тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, жан-тәніммен қалаймын»,– деп аяқтайды.
Сәбит Мұқанов бұл сертінен өле-өлгенше айныған жоқ.
Әрине, машинкамен басқанда 15 беттік бұл хаттағы әрбір уәжді талдап шығудың ыңғайы да жоқ, қажеті де аз шығар. Бірақ қалайда айтылуға тиісті. Өйткені екі ұлы адамның арасындағы түсінбеушіліктің себебін білудің өзі де – сабақ. Таным тағылымы. Екіншіден, Мұқанов пен Әуезовтің арасындағы қарым-қатынасты әр саққа жүгіртіп, дақпырт таратып жүргендердің сыпсыңына тыйым да салар деген үміттеміз.
3.
Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңімен араласа жүріп азаматтық қасиеттерге жыға негізделген. Олардың шағымды сәттерде жеке бастарының ренішінен халықтың, өнердің мүддесін жоғары қоюға дәттері жеткен. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған. Осы хаттан кейін олардың өзара түсініскені аңғарылады. Ашық жаулыққа жүріп жатқан соғыстың қасіреті де мүмкіндік бермегені анық. Соның бір айқын мысалы, Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы:
«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру»,– деген пікірі.
Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады. Жазушылар одағына келе салысымен Мұхтар Әуезовке тағы да өтініш жаздырды. Істің беті түзелгеніне сенімі артқан Мұхтар өтініш пен өмірбаянын қайталап өз қолымен жазып шықты. Алдыңғы өтініштің бірер сөзін қайталағаны болмаса, мұнда өзінің ішкі ілхамын жеткізе баяндаған.
«Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің президиумына
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі азамат Мұхтар Әуезовтен
Мен 1930 ОГПУ мекемесі тарапынан қазақ ұлтшылдарының ісі бойынша тергеуге тартылып, тергеу біткенше түрмеде отырдым, тергеу аяқталғаннан кейін үш жылға шартты түрде кесіліп, босатылдым. Үкімнің күші 1933 жылы аяқталды.
Өзімнің өткендегі ұлтшыл қателігімді мойындай отырып, тергеу орындарынан мені кеңес мәдениетінің сенімді қайраткерлерінің, жазушылардың ортасына оралуға мүмкіндік жасауын, сөйтіп Қазақстанның партия-кеңес жұртшылығының алдында өзімнің сөзімнің шын және нақты екенін көрсету үшін мәдениет майданындағы шынайы да табанды еңбегіммен дәлелдеуге мүмкіндік беруін өтіндім. 1932 жылы Қазақстан жазушыларының ортасына қайтып оралдым. Содан бері жазушы ретінде драматургия, проза жанрында еңбек етіп келемін. Социалистік мемлекеттің құрылысына арналған қазіргі тақырыпты қамтитын оншақты пьеса жаздым. Сондай-ақ қазақ кеңес әдебиетінің соңғы жылдардағы жетістігі ретінде аталып өткен бірнеше тарихи пьесаның да авторымын. Осы жылдары «Абай» романы сияқты прозалық шығармамен қатар зерттеу еңбектері де жазылды.
Өмірімнің бірден бір мақсаты коммунистік партияның басшылығындағы өзімнің социалистік отаныма қызмет ету екенін көріп те, сезініп те жүрмін. Мен Жоғарғы кеңес президиумынан менен «сотталған» деген айыпты алып тастауды, сол арқылы менің азаматтық арыма түскен дақты кетіруді өтінемін.
Жазушы М.Әуезов.1943 ж., 25 ақпан».
Бұл өтініштен М.Әуезовтің қоғамда өзінің жоғары орыны бар екеніне сенімі анық аңғарылады. Сонымен қатар қаралатын іске жазушының өз қолымен жазылған «М.Әуезовтің өмірбаяны» да қоса тіркелген. Қаламгердің өз қолымен жазылған әр өмірбаяны құнды. Сондай-ақ мұнда кейбір соны өмірлік деректер бар. Сондықтан да түгелдей келтіреміз.
«Мен 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей облысының Шыңғыс болысында (қазіргі Абай ауданы) көшпелі шаруа отбасында тудым. Менің атам Әуез (мен сол кісінің атын алып жүрмін) және әкем Омархан араб әліпбиі бойынша кітапшіл-сауатты адамдар еді. Әкем Омархан 1909 жылы қайтыс болған соң мен бүтіндей Қасымбек ағамның қамқорлығына көштім. Екеуміз де жер басқармасының стипендиясымен оқыдық. 1915 жылы қалалық училищені бітірген соң мен Семей мұғалімдер семинариясына оқуға түстім.
Алғашқы әдеби тәжірибем өлеңнен басталды. Бірақ олар сол кезде де, кейін де баспа бетінде жарияланған емес. 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасын жаздым. 1918-19 жылдары «Абай» журналында әдеби-сын мақалаларым жарияланды, сондай-ақ «Ел ағасы» («Попечитель народа»), «Бәйбіше-тоқал» (Жена-соперницы») пьесаларын жаздым. Екеуі де қолжазба күйінше ел арасында кең таралды, әсіресе соңғысы төңкерістің бастапқы жылдарында Қазақстан мен Түркістанның бірнеше қаласында, Семейде, Шымкентте жастардың драма үйірмесінде қойылды. Онда театр жоқ болатын, сондықтан да бұл үйірмелер өздерінің шығармашылық күшімен және репертуарымен қазақ драма театрының негізін қалады. Сөйтіп, 1926 жылы тұңғыш қазақ драма (кейіннен академиялық драма театры деп өзгертілген) театрының шымылдығы менің «Бәйбіше-тоқал» (нағында «Еңлік – Кебек» – Т.Ж.) пьесасымен ашылды.
1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітірісімен, сол жылдың аяғында Батыс Сібірде (Семей қаласында) кеңес өкіметі орнасымен мен өзімнің алғашқы қоғамдық-саяси қызметімді бастадым. Губисполкомның қазақ бөлімін басқардым. 1922 жылға дейін мен Семей губаткомының президиум мүшесі және губатком төрағасы, Қазаткомның президиум мүшесі (Орынборда) сияқты жауапты қызметтер атқардым. Революцияның алғашқы жылдарындағы ұлттық республикаларда қызмет істеудің қиыншылықтары мен сол кездегі партия-кеңес аппараттарындағы әр түрлі ұлтшыл топтар маған кері ықпалын тигізді. Жауапты қызметкер ретінде қалыптаспай жатып ұлтшылдықтың ықпалына түстім, сөйтіп, 1922 жылы ұлтшылдық қателіктерім мен партиялық тәртіпті сақтамағаным үшін мені партиядан шығарды.
1922 жылы күзде мен өзімнің аяқталмаған білімімді жалғастырдым. 22/23 жылы қыста Ташкент университетінде оқыдым, сол жылы күзде Ленинград университетінің тарих-филология факультетіне (ол кезде этнолого-лингвистика, кейіннен Ямфак деп аталды) ауыстым. Ленинград университетін 1928 жылы бітірдім, Ташкентке ауысқаннан кейін Шығыстану факультетінің аспирантурасында білімімді одан әрі жалғастырдым, Таяу шығыс әдебиеті мамандығы бойынша мамандандым.
Университетте марксизм-ленинизмнің негізімен танысуым (1926-27 жылдардан бастап) менің бұрынғы ұлтшыл қателіктерімді жеңіп, одан арылуға ықпал жасады, 1932 жылы РАПП таратылғаннан соң өзімнің бұрынғы идеялық ұстанымдарымды батыл сынап, Қазақстан жазушыларының қатарына өттім. Содан бері «Октябрь үшін», «Тартыс», «Айман-Шолпан», «Түнгі сарын», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Ақ қайың», «Абай» пьесаларын жаздым. «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Шекарада», «Абай» және ертеректе жазылған «Еңлік-Кебек» пьесалары барлық Қазақстанның орталық және барлық облыстық театрларында үзбей қойылып келеді. 1932 жылдан бастап қазіргі кеңестік Қазақстан туралы әңгімелер мен повестер жаздым.
Сонымен қатар қазақ әдебиетінің тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын. Қазақ орта мектептеріне арналған бірнеше оқу құралдары жазылды. Қырғыз эпосы «Манас» туралы зерттеулерім бар. Соңғы жылдары аса ірі тұлға туралы, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаев туралы көлемді роман жазудамын. Бұл романның алғашқы кітабі қазақ тілінде 1942 жылы жарық көрді.
Ұлы отан соғысы жылдары «Сын сағатта», Әбішевпен бірге «Намыс гвардиясы» атты пьесалар жаздым. Бұл пьесаларда өзінің социалистік отанын қорғаған Қазақстан жауынгерлерінің батырлық ерліктері көрсетіледі, олар да қазақ театрларының сахнасында жүріп жатыр.
М.Әуезов (Қолы)».
Иә, Мұхтар Әуезов те өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңнен бастапты. Бұл бұрын айтылмаған дерек.
Міне, осы арада Сәбит Мұқанов өзінің уәдесін орындауға ресми түрде кіріседі. «1943 жылы 4 наурызда Қазақстан кеңестік жазушылар одағының Президиумы бекіткен СССР жазушылар одағының мүшесі жолд. Әуезов Мұхтар Омарханұлына Мінездеме» берілді. Кейбір сөз бен сөз тіркестері және жалпы мазмұны қайталанғанымен де мұндағы пікірлер «таптық, партиялық принциппен» жазылғандықтан да ұсынуды жөн көрдік.
«1932 жылы жолд.Әуезов «Казахстанская правда» газеті арқылы өзінің саяси қателерін ашық мойындап, ол өзінің бұрынғы ұлтшыл көзқарасынан түбегейлі бас тартатынын, өзінің шығармашылық еңбектерін кеңес жазушысының ауанына лайықтайтынын мәлімдеді.
Содан бастап ол қазіргі тақырыпта мынадай пьесалар жазды:
1. «Октябрь үшін», онда Қазақстандағы азамат соғысы кезіндегі тап тартысын баяндаған, ұлтшылдарды келеке етеді, большевиктердің өскелең күшін көрсетеді.
2. «Шекарада», біздің отанымыздың шекарасын бұзушылармен күрескен шекарашылар мен шекаралық колхоздардың таптық күресін көрсеткен.
3. «Сын сағатта», Ұлы отан соғысы кезіндегі майдан мен тылдың бірлігін көрсетеді.
4. «Намыс гвардиясы», Ә.Әбішевпен бірігіп жазған, Панфилов атындағы сегізінші дивизияның даңқты ерліктері суреттеледі.
Аталған пьесалардан басқа Әуезовтің қаламынан шыққан, бүгінгі күн тақырыбына арналған «Тастүлек», «Алма бағында», Ақ қайың» пьесаларында саяси қателік жоқ, бірақ көркемдігі төмен туындылар.
Әуезов тарихи тақырыпта төмендегі пьесаларды жазды:
1. «Айман-Шолпан», осы аттас дастанның негізінде, революцияға дейінгі ең жақсы әйелдердің ақылы мен қабілеті баяндалады.
2. «Бекет», ХІХ ғасырдағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің біреуі туралы.
3. «Түнгі сарын», 1916 жылғы азаттық көтерілісі туралы.
4. «Абай», ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтің өмірі мен қайраткерлігі туралы.
Тарихи тақырыпқа арналған жоғарыдағы пьесаларының бәрін де Әуезов кеңестік жазушы ретінде жазған, халықты қанаушыларды әшкерелеген, қалың бұқараның бостандық пен тәуелсіздікке ұмтылысын бейнелеген.
Таяуда ғана жарық көрген «Абай» романы (бірінші бөлімі) оның тарихи тақырыптағы тұжырымды еңбегі болып табылады, мазұны жағынан да, формасы жағынан да кеңестік оқырмандарды қанағаттандырады.
Жазушылар одағы тапсырған қоғамдық тапсырмаларды Әуезов адал орындайды, белсенділік танытады және жауапты әрі тыңғылықты қарайды.
Қазақ ССР Кеңестік Жазушылар одағы Президиумының төрағасы – С.Мұқанов (Қолы). 5/ІІІ-43 ж.».
Міне, бұл «Мінездеменің» жолы болды.
«Аса құпия. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының І шақыруының жабық кеңесінің хаттамасы және оның қосымшалары. 1943 жылы 17 ақпан күні басталып 12 көкек күні аяқталды. 1943 жылғы 2 наурыз күнгі Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының жабық мәжілісінің №30 хаттамасы.
Төраға – А.Қазақпаев. Қатысқандар – Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің орынбасарлары – И.К.Лукьянец, Ш.Ермағамбетова, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің президиум мүшелері – Н.А.Скворцов, М.Омаров, Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы – Н.Оңдасынов, ҚК(б)П ОК хатшысы – Ж.Шаяхметов, шақырылды – М.Әуезов».
Қабылдау бөлмесінде ұсыныс жасап, кепілдік беруші мекеменің төрағасы ретінде Сәбит Мұқанов, жауапкер ретінде Мұхтар Әуезов екеуі қатар отырғаны анық. Онсыз мәселе қаралмайды. Сонда екеуі бет-бет отырғанда өткен өмірлерін, соның ішінде осыдан екі жыл бұрын жазылған хатты және онда көтерілген мәселелерді естеріне алып, қандай ойға келді екен? Бұрынғы қаралаушы – ақтаушыға, «сотталған қылмысты» – толық құқылы азаматқа айналып, қас-қағым сәттен кейін екеуінің де құқы теңелмек. Бұдан кейін Мұхтар Әуезовтің шылбыр ұшы ұзарып, тұлғалар талқысында мысы басыңқы тарта бермек.
Иә, тұлғалар өз тағдырын өздері талқыға салған шағымды шақ еді бұл.
Сол отырыста қабылданған қаулының мәтіні мынадай:
«Өзінің сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы Мұхтар Әуезовтің өтініші қаралды.
«1930 жылы қыркүйек айында ПП ОГПУ-дің Қаз ССР-дегі өкілдігінің шешімі бойынша «Алашордашыл қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты ұлтшылдық әрекеті үшін (58 баптың 7, 10, 11 тармақтары бойынша) тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында – 1930 жылдың қазанынан бастап үш жылға шартты кесіммен үкім шығарылған, ол үкімнің күші 1933 жылы қыркүйекте аяқталған Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы ұсыныс қаралды.
Әуезов Мұхтар Омарханұлы 1897 жылы Семей облысы Шыңғыстау болысында (қазіргі Абай ауданы) көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген, жоғары білімді, әлеуметтік жағдайы – қызметкер. 1932 жылы Қазақстан кеңестік жазушылар одағының қатарына өткен, 20 жылдан астам уақыт әдебиет саласында жазушы драматург, прозаик және әдебиет тарихшысы ретінде еңбектеніп келеді.
Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы ұсынысты Қазақстан кеңестік жазушылар одағы аса жағымды мінездеме бере отырып қолдайды.
Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы айыпты алып тастау туралы ұсыныс қанағаттандырылсын және одан «сотталған» деген айып алынсын.
Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы – А.Қазақпаев (Қолы).
Президиумның хатшысының орынына –Х.Байұзақов (Қолы)».
Осы қаулы арқылы Мұхтар Әуезовтің барлық азаматтық құқы қалпына келтірілді. Содан кейін барып Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтарға ұсынылуға, депутаттыққа, академиктікке сайлануына жол ашылды. Ол туралы 1957 жылы Сәбит Мұқанов Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатында:
«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру. Бұл тілекті өкімет пен партия қабылдады да, Жоғары совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтың бетіндегі қара күйені сүртті »,– деп жазды.
Бұл – Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке жасаған азаматтық парызы мен мәрттік мінезі еді. Ендігі қадам жасаудың кезегі Мұхтар Әуезовке келетін. Сол қадам, өкінішке орай, жасалмай қалды.
Күн бар жерде – көлеңке түспей тұрмайды. Тек, соның барлығына адамгершілік, азаматтық тұрғыдан қарау керек. Сонда ғана адам өмірі мағыналы өтпек. Сәбең мен Мұхтардың, Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің бір тағылымы осы болса керек.
нұсқасында «Қобыланды батыр» пьесасының сюжеті мен тілін мақұлдай келіп, Жазушылар ұйымынын Президиумы туындының идеялық-көркемдік сапасын төмендететін мына кемшіліктерді атап өтті:
а) Қазақ халқының ең сүйікті батыры Қобыланды батыр лирикалық-тұрмыстық сыпатта суреттелгендіктен де оның өз ұлтын қорғаған ерлігіне нұқсан келген;
б) Орта Азия халықтарының үнемі өзара қақтығыса беруінің қоғамдық шындығы ашылмаған, тек әйел үшін арпалысқа құрылған, сондықтан да лтанды жаудан қорғау идеясы ашылмаған.
в) Эпостық батырға тәне емес мифтік бейне Көкіланды енгізуі және оның бүкіл сюжетке тікелей аралысып отыруы батырлық жырдың құнын түсірген. Жазушылар ұйымынын Президиумы мұны дұрыс емес деп шешті.
г) Қыпшақ пен иран арасындағы шайқасты ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дұшпандық ретінде көрсетілуінің қажеттігі жоқ деп есептейді.
д) Қобыландының сүйікті әйелі Құртқаның бақсы кемпір Көкіланнан тууы, ат пен қару-жарақты халықтың қолынан емес, диуанадан алуы шындыққа жанаспайды.
Е) Драмалық шығарма ретінде Орақ батырдың, Қарлығаштың, Құртқаның бейнелері солғын шыққан, Көбіктінің, Алшағырдың, Қазанның Қогбыландымен күресі бірсарынды боп шыққан.
Жазушылар ұйымынын Президиумы М.Әуезовке: «Қобыланды батыр» пьесасына жоғарыда айтылған ескертпелерге сай түзету енгізіп,, қайтадан талқылауға ұсынсын – деген шешім қабылдады.
Бұл қарама-қайшы шешімдердің қайсысы дұрыс? Сақнада қойылған спектакльге қаратылған пікірлерге және жазушының қолжазбасына жүгінсек, бұл бағытта елеулі түзетулер енгізілмегені байқалады. Аралары жаңа ғана жөнге келіп, сотталғандығы туралы айыптау үкімі алынып тасталған осынау кезеңде С.Мұқановтың төралқа шешімін қадағаламауы да мүмкін. Дегенмен де осы арада бір кілтипан бар.
С.Мұқанов пен М.Әуезовтің арасындағы көңіл жықпас жылы лептің барлығы 1943 жылы 22 қараша күні өткен жазушылар одағының ІІ пленумындағы сөздерінен аңғарылады. Мұнда бұрынғыдай түйілген астарлы қабақтан көрі ашыла бастаған көңіл кірбіңі аңғарылады. Скворцов, Шаяхметов сияқты республика басшылары қатысқан пленумды С.Мұқанов кіріспе сөзбен ашты.
М.Әуезов жуырда ақындар айтысы туралы толғана сөйлей келіп:
«Мұқанов проза саласында тамаша образдар жасады. Оның өзіндік баяндау мәнері бар, қазақ прозасы үшін көп еңбек сіңірді, алайда оның негізгі табысы поэзияда. Сондықтан да мен оған қиналып жазатын прозадан көрі поэзияға баса көңіл аударуды ұсынар едім. Ішкі дайындығы пісіп жетілмеген соң романдардың көбі үстірт жазылады. Сондықтан да ішкі иірімдері таныс поэзия оңтайлы болмақ. Пушкин данышпан сияқты поэзияны да, прозаны да, драматургияны да керемет игерген таланттар сирек кездеседі. Прозағада қалам тартқан дұрыс, алайда Мұқановтың өзекті таұырыпқа арнаған шығармаларының көптеген беттерін қайта қарап, жазып шығуды қажет етеді. Шашылып, жайылып кетуге болмайды. Мұндай жайлып кетушілік Тәжібаев та да бар. Тек Орманов пен Жароков қана бір жанрды нықтап қстанып отыр...»,– деп сипай қамшылап өтті.
Бұған жауап ретінде Сәбит Мұқанов сол мінбеден «Абай» мен «Еңлік-Кебекті» жоғары бағалай келіп, кейпкерлер дайын күйде сақнаға шығады, әйелдер образы әлсіздеу дей келіп:
«Мұхтар, менің білуімше, екеуміздің арамызда ешқандай түсініспестік жоқ сияқты. Мен сізді жазушы, үлкен талант иесі, мәдениет қайраткері ретінде силаймын, бірақ, драматургиядағы жаңа тақырыпты игере алмай жатқанда, ал бұл аса үлкен мәселе, ол аспан мен жердің арасында ілініп тұрғанда, қашан жаңа тақырыпты қамтитын шығарма жазғанша, бұл бізге, әсіресе, оқиғаны жақсы құра алатын, жақсы бейнелер жасайтын, тілі тұщымды драматург саған кешірім жоқ. Тіл жөніне келсек, сен маған көптеген сын-ескертпелер айттың, бұл жағынан алғанда сенің бүгінгі күннің тақырыбына арнап жазған пьесаңның оқиғасы да, ондағы адамдардың бейнесі де, тілі де өте жұтаң. Бұл ретте Мүсіреповтің жетістігі бар. Бірақ сіз «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты пьесалардың деңгейіне жеткен жоқсыз. Өйткені бұл пьесалар «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты біздің драматургиямыздың үлгісі болып саналмайды. Ал сол тақыптас пьесалардың тілі жұтаң болып келеді (Бұдан кейін қазақшаға көшеді). «Абай» пьесасы әдебиетіміздің тарихында жақсы орын алатын пьеса. Мұнда Мұхтар байшыл жазушыларды негізді адам етіп алмайды... Сон соң Мұхтарда шарықтап кетушілік жоқ. Үлкен адамдардың кескіні жаңа (тақырыпқа арналған) пьесаларда көрінбейді. Қысқасы, Мұхтарда бес-алты пьеса бар. Бірақ көп жасай алмайды (жазбай жүр)... Мұхтардың тарихи пьесалары тіл жағынан шалқып жатады, қазіргі (тақырыпқа арналған) пьесалары тілге нашар, кедей. Маған Мұхтар: тілің нашар,– деді. Мен оны ұарсы аламын. Бірақ Мұхтардың өзі де оңып тұрған жоқ-ау деймін. Өйткені, Мұхтардың пьесалары бәйге алғанда, менікі де (менің де пьесам бәйге) алды. Сондықтан да қатарласпын ғой деймін (күлкі)», – деп тыныс алып барып, содан кейін – «бірақ та өткендегі ұлтшылдық сананы жеңе алмай жүрсіз» – дегенді (сонда, №198 іс, 87-бет) қыстырып қойды.
Сол күннен бастап С.Мұқанов М.Әуезовті мақтай, жақтай сөйлеген сөздерінің өзін де осыған саятын пікірмен түйрей отырып сөзін аяқтайтауды әдетке айналдырды. Қалжың да азая берді.
Сол бір жылылықты Қ.Сиранов жасаған драматургия туралы қосымша баяндамасы суытып жіберді. Ол әдебиет пен театрдағы барлық кемшілікті түйдектете төкпелей келіп:
Достарыңызбен бөлісу: |