Оның әйелі Валентина Николаевна ертеңгілік бауға сирек шығатын, көбіне кішкене қызымен айналысатын. Тағы бір айтатыным, со жылдары ол асқан сұлу әйел еді. Бірақ, мінезі тұйықтау болып көрінген. Күйеуі жұмыстан кеш қайтатын, біз қарсыдағы себетте пысылдатып примус әзірлеп жататынын еститінбіз. Енді бір сағат өткен шамада, Мұхаң бау ішінде сейілдеп жүрер еді. Оның көзіне тағы бір рет түсіп, көңілін аударатындай ынта-ықыласымыз болмады. Және сабақтарымыз да басталып кетті. Басқа нәрсеге көңіл бөлуге мына жаңа, жауапты ісімізден қол тимеді. Бастапқы кезде кәдімгідей шаршап жүрдік. Біз бұл жерде онша көп тұрмадық. Бір күні ертеңгісін портупеялы екі кісі (олар милицияның ба, не басқа бір форма киіп келді ме – білмеймін) келіп, оны алып кетті. Себеттің еденінен ұшып тұрып, мен әлгі екеудің біреуі – Мұхаңның алдында, екіншісі – соңында, оны бау ішімен қақпаға қарай айдап бара жатқанын көрдім. Әуезов артына бұрылып қарамай, алдына байыптай қарап, баяу басып бара жатыр екен», – деп (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. А., 1997 жыл. 288-289 беттер) еске алды.
Мұхтар Әуезовтің түрмеге қарай «байыптай қарап, баяу басып бара жатқан күні – 1930 жылдың 17 қыркүйегі болатын. Ташкентте алдын-ала шолақ тергеуден өтіп, одан кейін Алматының түрмесiне жеткiзiлдi. 1930 жылы 8 қазан күнi ПП ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң КССР бойынша өкiлi Поповтың қатысуымен анкеталық өмірбаян толтырылған.
Анықтамалық анкетадан: «Осы тергеу iсi бойынша жауапқа тартылған М.Әуезов – 33 жаста, Семей округiнiң Шыңғыс болысында туған, Ташкент қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, орта шаруа баласы, партияда жоқ. 1922 жылға дейiн ВКП (б) мүшесi болған, Ақпан төңкерiсiне дейiн оқуда болған, Қазан төңкерiсiне дейiн оқыған және мұғалiм болған, мамандығы педагог, жоғары бiлiмдi, ұстаз – журналист, үйленген, 2 баласы бар, жалақымен күн көредi, қазақ болғандықтан да әскерге алынбаған, бұрын тергеуге алынбаған, сотталмаған».
1930 жылы 15 қазан күні Ерекше бөлiм бастығының көмекшiсi Волоховтiң келiсiмiмен жасалған «Алдын-ала айыптау қорытындысында»:
«Қылмысты iстер кодексiнiң 58 – 11 және 59 – 3 баптарымен айыпталған М.Тынышбаев пен Досмұхамедовтардың № 2370 тергеу iсiн қарай отырып Әуезовтiң:
қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысып, Қазақстандағы кеңестiк науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздегенi;
өкiмет мекемелерi мен ВК(б)П-ның, жерге қоныстандыру мекемелерiн, мәдени-ағарту және оқу орындарын, баспасөздi өздерiнiң ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылғаны;
Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенгенi;
кеңес өкiметiн құлатуды алдына мақсат етiп қойғаны – толық әшкерелендi.
Сондықтан да УПИ-дiң 128 тармағына сәйкес азамат Әуезов Мұхтарды № 2370 тергеу iсi бойынша жауапқа тартып, оған қылмыстық iстер кодексiнiң 58 – 71 және 58 – 11 баптары бойынша айып тағып, бұл туралы ОГПУ мекемелерiндегi тергеу жұмыстарын бақылайтын Прокурорды хабардар етуге қаулы қабылданды»,– деп көрсетілді.
Сонымен, Мұхтардың 1918 жылы жазған өз сөзi өзiнiң басына келдi. Ол:
«Елiн сүйiп, елдiгiн iздедi. Елдiкке келген қауiпке... күйiнiп, қарсы шықты. Елдiгi аман қалуы үшiн ендi бейнетке, өлiмге, иә басқа да түрлi қазаға шыдап кетiп, тарих жүзiнде» – соны дәлелдеуi ғана қалды.
2.
1930 жылдың 8 қазан күнгi шолақ тергеудегі алғашқы сұрақтар алыстан орағытылып барып қойылса керек. Мұхтар Әуезов «тергеу ісі бойынша нақты мынаны көрсетті:
М.Әуезов: «Мен Байтұрсыновты 1918 жылдан берi бiлемiн, ал онымен етене жақын араласқаным 1921 жылы Орынборға ауысып келген соң басталды. Тынышбаевпен Ташкентке ауысып барған кезде 1922 жылдың күзiнен бастап таныспын. Халел және Жаhанша Досмұхамедовтермен де, И. Қашқынбаевпен де, А. Омаровпен де, Д.-М. Әдiлевпен де сол Ташкентте таныстым. Қандай да бiр ұйымның бар екендiгiн мен олардан естiгенiм жоқ».
М.Әуезовке айып болып тағылған бұл сұрақтың қойылуына Ә.Байділдиннің:
«Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Т.Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған үндеді, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi», – деген көрсетіндісі себепкерлік етті.
Мұхтар Әуезов өзінің шәкiртi Қайым Мұхамедқановқа мақтана айтып, түрмеде Ахмет пен Мiржақыптың, Мағжан мен Жүсiпбектiң, өзге де алаш азаматтарының әңгiмесiн емiн-еркiн тыңдап, айызы бiр қанып қалғандығы туралы меңзеген кезi де «Байтұрсыновтiң iсiнiң» тергеуi аяқталып, олар Мәскеудiң пәрменiн күтiп жатқан осы дүбара сәт болса керек. Мiне, сол кезде Ақаң өзiнiң ақылын кейiнгi ұсталғандарға айтса керек.
Бұдан кейін «Алқа» әдеби үйірмесі туралы сұрақ қойылған сияқты. Бұл үйірме қақында Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев туралы тарауларда барынша тиянақты салыстырыла талданғандықтан да, біз тек М.Әуезовтің өзінің жеке басы мен көзқарасына қатысты әр көрсетінділерде айтылған тұстарды іріктей жинақтап, тұжырымдай ұсынамыз.
М.Әуезов (жалғасы): «Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау. 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтің хаты маған почта арқылы келдi. Ол: партияда бар және партияда жоқ 6-7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақ та ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.
Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақ та әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс екендiгiн ескерттiм.
Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды.
Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де. Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын. Мұхтар Әуезов».
Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Тергеу iсi жаңа басталғандықтан да, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармауы әбден мүмкін. Өйткені ол өзінің 1931 жылы 20 қыркүйектегі қосымша жауабында алдыңғы тәуекелден қайтпаған.
М.Әуезов: «Сәрсенбаев Жәкеннің көрсетуіндегі «Алқа» әдеби үйірмесінің платформасы туралы Мағжан Жұмабаевқа жазған хатқа келетін болсам, оның айтқаны шындыққа жатпайды. «Алқаның» бағдарламасын және оған қоса жіберілген Жұмабаевтің хатын мен Семейде жүргенде алдым. Екеуі бір конверттің ішіне салынған. Ол туралы алдын-ала хат жазысқан емеспін. «Алқаның» бағдарламасынан заңға қарсы келетін ештеңе де байқамадым. Жұмысшылар комитетінің нұсқауымен ол хатты ВК(б)П Семей губкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоқжігітовке тапсырдым. «Алқаның» бағдарламасы сонда қалды. Ал Жұмабаевқа: «Алқаны» негізінен қолдаймын және әдебиетшілердің үйірмесін құру үшін қазақ жазушыларын жинап, ресми тіркеу керек – деген мағынада жауап бердім. Хаттың толық мазмұны есімде қалмапты. Мен ол бағдарламаны бар ниетіммен қолдадым. Жұмабаевтің мені неге: «Ол бағдарламаны қостамады және шикі деп есептеді»,– деп айтқанын түсінбедім (Зады Мұхтарды «астыртын ұйымға қатысқан» деген айыптан құтқарғысы келген болса керек. Бұл қалыпты әрі түсінікті жағдай – Т.Ж.). Ұлтшылдық көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды. Мен оны жасырмаймын. Ал менің ондай көңіл-күйім астыртын ұйымның бағдарламасы бола алмайды. Университетте оқып жүрген кезімде маркстік ілімнің теоретиктерінен және өнертанушы ғалымдардан дәріс тыңдаған тұста менің әлеуметтік танымым мен өнерге, әдебиетке, оның қоғамнан алатын орнына деген көзқарасым біртіндеп өзгере берді.
Осы көрсетіндісіндегі:
«Мен ол бағдарламаны бар ниетіммен қолдадым. Жұмабаевтің мені неге: «Ол бағдарламаны қостамады және шикі деп есептеді»,– деп айтқанын түсінбедім. ...Ұлтшылдық көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды. Мен оны жасырмаймын»,– деген жауабы оның өзін шырғаға түсірді.
Мұхтардың әуелгі жіберген қатесі де осы еді. Саясатқа шыныққан қайраткер түрме тергеушісіне бұлай жауап бермейді. Өйткені Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң бұл сұрақтарының астары да өзгеше. Алдыңғы топ пен кейінгі топтың сұрақ-жауаптарының арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып: «Алқа» әдеби үйiрмесi – жасырын контрреволюциялық ұйым ретiнде бағаланып», сотқа берiлді. Олардың iзi суымай жатып қолға алынған ұлтшылдардың екiншi тобына ойланбастан сол «айыпты» қылмыс ретінде таңа салды.
Мұны, кез-келген талант иесіне тән аңғал адалдық десе де болады. Мұндай «формулировканы» тергеушілер мен соттар үшін Ә.Байділдин өзінің көрсетіндісінде:
«Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын... 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын», – деп түсінік берді.
Иә, саяси терминді жақсы білетін Ә.Байділдин «Алқа» әдеби үйірмесін – «астыртын қоғам» етіп оп-оңай өзгерте салған.
М.Әуезов (жалғасы): «Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ».
Бұл көрсетіндіде мәтіндік бұлдырлық бар. М.Әуезов Ә.Байділдиннің «Алқа туралы пікірін құптайды, бірақ, астыртын ұйым туралы естімегенін айтады. Ал Ә.Байділдин мұны:
«Бұл әдеби үйірме бүркемелген астыртын ұйым болатын», – деп нақты көрсетіп тұр.
Иә, алдыңғы тарауларымызда айтқанымыздай, «Алқа» үйiрмесi мен «Табалдырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық. Алайда, тергеушiлер оны «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» ретінде қылмысқа жатқызды. Істің насырға шауып бара жатқанын аңғарған М.Әуезов 1931 жылғы 29 қыркүйек күнгі жауабында:
«Жасырын құрылған астыртын ұйым-мыс деп жүрген «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң бағыт-бағдары туралы мәселе жөнiндегi менiң пiкiрiмдi сол кезде Семей облыстық партия комитетiнiң насихат және үгiт бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдастан сұрап білуiңiздi табанды түрде өтiнемiн, «Алқаның» бағдарламасын оған көрсетiппiн бе, жоқ па, оған берiппiн бе, жоқ па, соны анықтаңыздар, демек, соның өзiнен-ақ мұнда ешқандай жасырып-жабушылықтың (нелегальщинаның) жоқ екендiгi байқалады»,– деп куә іздей бастайды.
Бұл тым кеш ширығу болатын. Өйткені бұл кезде:
«Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi. Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды. Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға М.Жұмабаев және айыпталушылар Даниял Т.Ысқақов, Х.Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов пен Қошмұхамед Кемеңгеров қатысты»,– деген «Айыптау қорытындысы» жазылып қойған еді.
Сөйтіп, әуелде, «Алқа» әдеби үйiрмесiне қатысып, оның «Табалдырық» атты бағдарламасын оқығаны үшiн айыпталған Мұхтар Әуезовтiң «қылмысы ауырлап», ендi кеңес өкiметiнiң экономикасына қастандық жасаған бүлiкшiл, оқу-ағарту iсiндегi шараларға кедергi келтiрген, марксшiл iлiмге қарсы үгiт-насихат жүргiзген идеологиялық дұшпан болып шыға келдi.
Тергеу барысында мұның барлығын жоққа шығарған Мұхтар Әуезов осыдан тоғыз ай кейiн жазған «Ашық хатында» жоғарыдағы пікірлерінің бәрiн терiске санап, «қатесiн мойындады». Тiптi, «Алқа» үйiрмесi туралы да мүлдем басқаша пiкiр бiлдiрдi. Ол:
«Алқаның» бағытын әдебиеттегi жаңа төңкерiсшiл бағыт деп қабылдауым да терiс едi. Анығында ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, негiзiнде бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетiп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негiзгi бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазiр де қазақ жазушыларының алдында тұрған төңкерiстiк мiндеттердi түсiну жолында, мен ол «Алқаның» терiс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан бұдан былай онымен ешбiр байланысым жоқ деп санаймын»,– деп алдыңғы пiкiрiнен айнып кеттi.
Шығар үкiм шығып қойған соң дәл осылай бүгежектеудiң қажетi бар ма едi. Бар едi. Өйткенi, бостандыққа шығарғанмен де, еркiндiк бермейтiн. Бұл «Ашық хат» аз да болса тыныс алудың амалы едi. Біз «Алқа» үйірмесі туралы деректерді жинақы беру мақсатында сәл ілгерілеп кеткенімізбен, кейін ұзақ уақыт жауапқа тартылмайды. Өйткенi, олардың қолында М.Әуезовтің астыртын ұйымға, басмашылар қозғалысына, ақ гвардияшылардың жазалау әрекеттеріне, мойынсерік пен тәргілеу науқанына, жер телімі жөніндегі айтыс-тартысқа қатысқаны қақында нақты айғақтар да жоқ едi және олардың көкейiн тескен оқиғалар өткен тұста Мұхтар Әуезов Ленинград қаласында оқуда жүрген болатын. Бұл оған түрме тергеушiлерiнiң қойған сұрақтарына жалтара жауап беруге мүмкiндiк жасады. Алайда Голощекиннiң өзi партия конференциясында Мұхтар Әуезовті «контрреволюцияшыл ұлтшыл» деп ашық жарияланғандықтан да iстi тоқтатудың ешқандайда лажы жоқ болатын. Сондықтан да өткендегi оқиғаларды қоздырып-қотарып, қашан iлiк тауып, ресми айып таққанша бiраз уақыт өттi.
Сонымен, тұтқындалғаннан кейін үш айдан соң барып ресми түрде айыптау қорытындысымен танысып, өзіне тағылған айыптардың шындыққа сәйкес келмейтіндігін айтып, оған қарсы уәж білдірді.
«ГПУ-дiң өкiлеттi өкiлiнiң орынбасары Альшанскийге және Попов жолдасқа
Тұтқын Әуезов Мұхтардан Мәлімдеме
6/ХII күнгi маған көрсетiлген айыптау қорытындысына қарағанда мен 58- статьяның 7 және 11 тармақтары бойынша жауапқа тартылыппын, оның мағынасына (формулировкасына) орай менiң түсiнгенiм мынау: мен Досмұхамедов пен Тынышбаевтiң ұйымының құрамына мүше болыппын-мыс және сол ұйымның тапсырмаларын орындай жүрiп, кеңес мекемелерiндегi бұл ұйымның идеялық ықпалын күшейтуге әрекеттенiппiн, жерге қоныстандыру, баспасөз, мектеп саласы бойынша жүргiзiлген аса маңызды шараларды жүзеге асыруға тосқауыл қойыппын, мұндай мемлекеттiк жоспарлы iстiң атқарылуына мен кедергi жасаппын-мыс».
Халел және Жаһанша Досмұхамедовтің де, Мұхамеджан Тынышбаевтің де тергеушіге берген жауабында Мұхтар Әуезов «астыртын ұйымның мүшесі» ретінде аталмайды. Тек Қазақ зерттеу орталығындағы ғылыми басылымдардың авторы қатарында бір-екі рет тізім ішінде көрсетілген. Сондықтан да бұл арада тергеушілер М.Әуезовті шырғаға түсіру үшін алаш көсемдерінің есімін алға тартқан сияқты. Ал ондай қағыстырулар мен шағыстырулар дәстүрлі тәсілге айналды. Дәлел ретінде Х.Досмұхамедовтің тергеушіге берген мәлімдемесін еске алсақ та жеткілікті. Сондықтан да бұл арада Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтің еш қатысы жоқ. Тек тергеу ісінің тысына «М.Тынышбаевті , Х.Досмұхамедовті және басқаларды айыптау туралы № 06610 іс» деп жазылған жазу ғана олардың «қылмыстарының» басын қосып тұр.
М.Әуезов (жалғасы): «Мен өзiмнiң өмiрiмде қандайда бiр мекемеде iстемейiн, бiрде-бiр рет 7-тармақтағы айыптаудан туындайтын экономика саласындағы контрреволюциялық бүлiкшiл әрекетпен айналысқан емеспiн және бұл айыптың маған қатысы бар екендiгiне ешқандайда сенбеймiн».
Иә, Мұхтар Әуезовтің өзі солай есептегенімен де оның кеңес өкіметіне қызмет істеуінің өзін «қаражүзділік» деп бағалайтын «жанашырлары» жеткілікті болатын. Оның «контрреволюциялық әрекеттері» туралы мағлұматтар жиырмасыншы жылдың басынан төтенше мекеменің тартпасына жиналып жатқан. Тергеу барысында сол деректер мен басылымдардың барлығы да қаперге алынғаны анық. Мысалы, сабырлы азамат, салмақты жазушы қатарындағы Сабыр Шариповтің өзі «Алашорданы» әшкерелеуге ерте қамданыпты. Ол өзінің 1922 жылы маусым айында «Степной правда» газетінде жарияланған «Шығыс Қазақстандағы революциялық қозғалыстың тарихы» атты мақаласында алаш қозғалысын жексұрын етіп қана көрсеткен жоқ, сонымен қатар:
«Алаштың көсемі боп тұрған кезінде, 1918 жылы шілде айында Бөкейханов «Сарыарқа» газетінде №42 санында жарияланған: кеңеске қатысы бар барлық қазақтарды тұтқындау, олардың балалары мен әйелдерін таланға салу туралы өзінің атақты №1 бұйрығын шығарды. Соның салдарынан бұрынғы қызылармияшы Жәнібеков және басқалар тұтқындалды. Комитеттің көрнекті жетекшілері Әуезов, Сәдуақасов, Байділдин және басқалар болды. Бұл комитет ресми түрде мәдени-ағарту сипатында жұмыс істеді, бірақ та олар Алашорданың саяси үйірмесінің ізбасары ретінде ұлттық рухта әрекет етті»,– деп «әшкерелеп», М.Әуезовті қанды қол жазалаушы етіп шығарды.
Алаш идеясы мен «Алаш» партиясының ыстық-суығы басылмай, «әшкерелеу науқаны» басталмай тұрған өліарада С.Шәріповтің «қаламұшын бұлай асыра сілтеуінің» себептері түсініксіз. Оны осы тұстағы Н.Н.Ежовтың Семей губерниясының Қазақстанға қосылуына қарсы белсенді әрекетімен, С.Сәдуақасовтың ол басқарып отырған губкомды таратып жіберуімен, М.Әуезовтің губкомның төрағалығына сайлануымен, Ә.Байділдиннің бұл шешімді қолдап мақала жазуымен ғана түсіндіруге болады. Сонда Сабыр Шәріповтің ұстанымы қандай болғаны? Демек, қазақ жерінің тұтастығына мойынсынбаған – деген күмән ұялайды. Ал «Алаш ісі» тергеуі барысында бұл мақала тергеушілердің қолында болғаны еш күмән тудырмайды. Және идеологиялық әшкерелеу – шынайы большевик Сабыр Шариповтің тұрақты құлақ бұрауына айналған тақырыбы. Кім өзін жендет етіп көрсеткен адамды ұнатады? Жоғарыдағы мақалаға орай «шығыс алашордашыл жендет» М.Әуезовпен екеуінің арасында үлкен «қақтығыс болған». Ол Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулиннің Қызылжарда өткен қазақ зиялыларының кеңесінде сөйлеген сөздерін «ауырсынып», өзінің «естімегеніне» өкініп:
«Көпшілігі мәселені талқылауға дәрменсіз қазақ интеллигенциясы мен жаңадан тартылған коммунистерді қатыстырып Қазақ кеңесін өткізудің қандай қажеттігі бар? Қазақ кеңесін шақыруды кім шығарғанын білмеймін, алайда өткен жылы Орынборда бұл идеяны ұсынған «Бөкейханов бабай» дегенді естігемін»,– деп Губкомға арыз жазыпты.
Осы арыздың сыртына қарындашпен:
«Бұл фракция да емес, кеңес те емес, тек орыс тілін білмейтін қызметкерлердің жиналысы ғана. Оларды үйірмеге ертіп келген Шарипов емес қой. Мен мұны үнемі жиналыс деп атаймын. Бұл Шарипов пен Әуезовтің арасындағы қақтығыстан кейін туындап отырған жоқ па екен? Шариповтің Айбасов туралы мәлімдемесі жалған емес пе? Ондай мәселе көтерілген жоқ қой. Жиналыстың мақсаты: партияда жоқ көпшілікті тарту ма? Жұмабаевты да. Уәкілдің келуіне байланысты дайындалған» деп («Аашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 105-106 бет) бұрыштама соғылыпты.
Сол жылдары «әдетке айналған» мұндай «қызылтұмсық арызға» назар аударуымыздың себебі, бұрыштамадағы «Шарипов пен Әуезовтің арасындағы қақтығыс» деген тіркес. Арызға дейін Ақмола азық-түлік комиссиясының төрағасының орынбасары, арыздан кейін Губаткомның төрағасы болып шыға келген С.Шарипов: «Бөкейханов бабай», «өресіз қазақ интеллигенті», «өте ықпалды әрі беделді ұлтшылдар Жұмабаев пен Тілеулин», «шығыс алашордашыл жендеттер», «қазақ кеңесінің өткізілуі мүлдем орынсыз, оған жол беруге болмайды» – деген тіркестерді партиялық тазалау тұсында тегін қолданып отырған жоқ. Өйткені бұл мәліметтердің барлығы тексеру комиссиясына түседі, онда саяси тұрғыдан өңделіп, төтенше комитетке беріледі. Сондықтан да М.Әуезовтің «өткен қызметімнен мін табуы мүмкін емес»,– дегені өзін-өзі жұбатқан алдарқату. Ал «жымсытпа арызды» жауып тастап отырған кім? Орынбордағы халық комиссариатының атынан келген уәкіл А.Кенжин. Демек арызды басып тастауға қол қойған да сол болуы мүмкін.
М.Әуезов (жалғасы): «Оның үстiне мен 1924 жылдан бастап Қазақстанда қызмет iстегемiн жоқ (1924 жылға дейiн Ленинградта тұрып оқыдым, ал 1928 жылдан бастап тұтқындалған күнiме дейiн Ташкентте тұрдым, САГУ-дiң ғылыми қызметкерi болып iстедiм)».
Бұл жауаптың «саяси астары» Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековке қатысты тұстарда кейінірек талданады.
М.Әуезов (жалғасы): «Сондай-ақ соңғы екi жылда мұнымен қоса қазақ мектептерiнде (оқу-ағарту институтында және орман шаруашылығы техникумында) қазақ әдебиетiнiң тарихының оқытушысы ретiнде өткiзiлген дәрiстерiмдi өкiметтiң ағарту саласындағы бекiтiп берген бағдарламасына қарсы жүргiздi-мiс деген айыпты да мойындамаймын, керiсiнше, қазақ әдебиетiн маркстiк әлеуметтiк тұрғыда оқытуды негiз етiп алған менiң жұмысым өзiнiң пайдасын тигiзгенiне және Қазақстанның орта мектептерiнiң әлеуметтiк бағытына сай жүргiзiлгенiне ешқандай шүбәсiз сенемiн. Бұл бағдарлама қазақ әдебиетi мен қоғамтану пәндерiнiң оқытушыларының 1930 жылы жазда өткен өлкелiк кеңесiнде бекiген болатын. Екi жылдық ұстаздық қызметiм тек осы бағдарламаның негiзiнде жүргiзiлдi, ал бұл бағдарлама марксизмге жат идеология мен қондырғылардың барлығын батыл ысырып, терiске шығарады».
Бұл тұрғыдан алғанда кеңес өкіметінің М.Әуезов туралы көзқарасы мүлдем керағар. Оған БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бөлім мегерушісінің орынбасары Мартыненко мен хатшысы Оңғаровтың 1929 жылы 21 ақпан күні Орта Азия мемлекеттік университетінің ректорына қарата, «өте құпия» түрде М.Әузовке:
«Сіздің Голощекиннің атына жолдаған ж.Әуезовке мінездеме беру жөніндегі сұрауыңызға мынаны хабарлаймыз: Әуезов жолдас коммунистік партияның мүшесі болды, оған дейін «Алашорданың» ықпалында жүрді. Әуезов өзінің әдеби жарияланымдарында белгілі бір деңгейде буржуазиялық-ұлтшыл идеологияны ұстанды. Тек кейінгі жылдары ғана оның көзқарастарынан бұрынғы буржуазияшыл-ұлтшыл бағытынан бас тартқаны байқалды. Осыған қарап және қазақ әдеби қайраткерлерінің тапшылығын ескеріп, ж.Әуезовтің ОАМУ-дің ғылыми қызметкері болып орналасуына келісімін береді», – деп (Алашорда қозғалысы», 3 том, 22-бет) берген мінездемесі дәлел.
Яғни, Әуезовтің өз білімін өзіне несиеге берген.
М.Әуезов (жалғасы): «Баспасөз беттерiндегi мақалаларыма орай сiздiң назарыңызды мына мәселеге аударамын: Қазақтың мерзiмдi баспасөздерiндегi идеологиялық күрес пiкiр алысу (дискуссия) үрдiсiнде бiрнеше жыл бойы жүргiзiлдi, менi сырттай қосақтап кiргiзiп қойған әдеби топтың көзқарасын көздеп бiр де бiр мақала жазған (1922-23 жылдан кейiн) жоқпын. 1926 жылғы қаңтар айынан кейiн жарық көрген жалғыз шығармам – «Қилы заман» повесi. Алайда ол тарихи шығарма болғандықтан да, бүгiнгi күнге ешқандай қатысы жоқ. Ал соңғы жылдары басылып шыққан оқу құралдарына келетiн болсақ, мен оны қазақ мектебiнiң бастауыш кластарына көмек көрсету үшiн ғана жаздым.
Жалпы алғанда, мен өзiмнiң әдеби шығармаларымда ешқашанда контрреволюциялық арандатуға барған емеспiн, егерде алғашқы кезде жiберген идеологиялық ауытқуларым болса, онда оның қандай дәрежеде зиян әкелгендiгiн, қандай пайда келтiрiлгенiн тергеу орындары емес, өлкелiк комитеттiң тиiстi бөлiмдерi анықтауы тиiс. Сондай-ақ, жоғарыда аталған туындыларды 7-тармаққа әкеп қосақтау – шектен шықққандық деп есептеймiн».
Шындығында, мәселе, Досмұхамедов пен Тынышбаевта да, «Қилы заман» мен «Соңғы соққыда» да емес, мәселе, тергеу iсi басталмай жатып кеңес өкiметiнiң идеология қайраткерлерiнiң атынан жолдаған «Ашық хатта» болатын. Бұл – алдағы уақытта жік-жікке бөлініп қайырылатын жауаптың басы ғана еді.
Тергеу арасының ұзаққа созылуы Мұхтардың ойланып жауап беруiне мүмкiндiк жасағанымен, түрменiң жағдайы оған әсер етпей қойған жоқ. Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаев туралы пiкiрiне келетiн болсақ, бiрiншiден, мұны әр тұлғаның арасында бола беретiн қарым-қатынас ретiнде қараған жөн. Екiншiден «аразбын» деу арқылы олармен ара жiгiн ашып алып отыр. Бұл – сыналған, сынақтан өткен, өзiн өзi ақтаған «түрменiң заңы». Оны бұдан кейін берілген, сырт қауымға, тіпті осы мәселемен дендеп жиырма жыл айналысқан бізге де басында түсініксіздеу көрінген, әр қилы желеуге жетелейтін төмендегі жауаптан анық байқаймыз:
М.Әуезов (жалғасы): «Соңғы айтарым: Досмұхамедов пен Тынышбаевтің астыртын ұйымына қатысың бар деген айыпты маған жабылған жала деп есептеп, одан мүлдем бас тартамын, басқасын былай қойғанда, мен оларды сондай бiр сүйкiмдi саяси тұлға деп ешқашанда таныған емеспiн. Тiптi қиыннан қиылысып, жолымыз тоғыса қалған күннiң өзiн де, бұл екi адамға деген менiң көзқарасымның терiстiгiне байланысты, қасақана олармен бiрге жүрмес едiм. Бұл екi адамға деген өзiмнiң бағамды мен 1926 және 1927 жылдары-ақ берiп қойғанмын. «Сұғанақ сұр» повесiм мен Абайдың өлеңдерiне жазған алғы сөзiмде білдіргемін (Бұл екi қолжазбаны сiздердiң адамдарыңыз өзге жазуларыммен қоса алып кеткен болатын)».
Міне, дәл осы арада бір гәп бар! Қос ардагерге мұндай баға лайық емес екені, әрине, түсінікті. Тағдырлы, талантты тұлға дәрежесіне көтерілсе де, тура сол жылдарғы М.Әуезовтің ұлттық күрес жолындағы беделі М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті менсінбейтін деңгейге көтеріле қойған жоқ болатын. Мұның негізгі астары мынада: А.Байтұрсыновтан бастап М.Әуезовке дейінгі тұтқындар өздерінің жақтастарын әдейі шеттетіп, «оны жек көремін», «онымен аразбын», «оны мойындамаймын» деп жорта жауап берген. Бұл – әріптесін қосымша айғақтан құтқарудың амалы болып табылады. Ал көркем шығармаға тән өмірлік және көркемдік шындық тұрғысынан келетін болсақ, бізді мәтқапы қалдырып, тәнті етіп жүрген «Сұғанақ сұрдың» желісіне Ташкент қаласында өткен, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ж.Досмұхамедов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов арасындағы бір хаттың тарихына қатысты оқиға арқау болған деп жорамалдауға толық негіз бар. Оның жай-жапсары Д.Әділев, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ж.Досмұхамедов туралы тарауларда барынша қамтылып берілген. Бұл «кішкентай кілтипанның өзі», шындығында да, көркемдік шындыққа сұранып тұрған бопсалы тақырып. Бірақ оның тергеушілерге келімді-кетімдісі шамалы болатын.
М.Әуезов (жалғасы): «Байларды тәркiлеуге қатысты көзқарасымды бiр повесть пен орыс тiлiнде жазылған «Соңғы соққы» атты либреттомен бiлдiрдiм, онда бұған аса маңызды революциялық шара деп баға бердiм. Бұл «Соңғы соққы» деген атпен «Шығыскиноға» тапсырылды. Мұнда ешқандай өшпендiлiк жоқ, сол шараларды жүзеге асырған кездегi адамдардың шынайы iзгiлiк сезiмi суреттеледi. Әуезов. 12/ ХII – 30 ».
Соңғы жауабы өте аңғарлы, ойластырылған, үмітке жетелейтін түлкі бұлтақпен жазылған. Осы алғашқы көрсетіндінің өзінен бұл тергеудің «Ашық хатпен» аяқталатынын аңғартады. Сондай-ақ бұл іске тіркелген М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовке қатысты бетте де осы көрсетіндімен тәмәмдалады.
Ендігі томда сахнаға қайтадан Д.Әділев пен Ә.Байділдин шыққан. Онда 1930 жылы 12 желтоқсан күні Мұхтар Әуезовтің өз қолымен Голощекиннің атына жазылған хаты, 1931 жылғы 20 және 28 қыркүйек күнгі қосымша жауаптарының хаттамалары, 1931 жылғы 29 қазан күнгі тергеушіге берген арызы тіркелген. Мұндағы көрсетінділердің дені ұзына мазмұны жағынан бірін-бірін қайталайды. Дегенмен де әр сөздің астарын іздесе одан қазақ ұлтының тағдыры мен руханиятына қатысты шешуші оқиғалардың сорабын аршып алуға болады. Солардың ішінен «Алқа» әдеби үйірмесіне қатысты жауаптар нақтылана қамтылған. Тергеудің негізгі бағыты Ә.Байділдиннің: М.Әуезовтің Колчакқа, «Алашордаға», Ташкенттегі астыртын ұйымға, кеңес өкіметіне қарсы идеологиялық бүлдірушілік әрекеттеріне, көркем әдебиеттегі ұлтшылдық пікірді насихаттауына байланысты көрсетіндісіне орай қақпайлана жүргізілген.
Бұл – «өз заманының сұрқылтайы» (М.Әуезовтің сөзі) Ә.Байділдин мен М.Әуезовтің түрмедегі бетпе-бетсіз шарпысуы мен қарпысуы, еркіндіктегі еркін ойдың түрмедегі булығуы. Күндері түрмеде өтіп жатқан «күндестердің» жоғарыдағы көрсетінділердің мәтінінен деп салғыласуға пара-пар арбасуы соны аңғартады. А.Байтұрсынов пен М.Тынышбаев тобының тергеу ісін өзара ұштастыру бағытында тергеушілер Мәскеуден алдыңғы топтың ісін алдырып, ондағы көрсетінділерді кейінгі топтың мүшелерімен байланыстыруға тырысқан. Оған жарты жылдан астам уақыт кеткен. Өйткені, 1930 жылдың желтоқсанынан бастап 1931 қыркүйегі аралығында айыпкерлер сұрақ-жауапқа сирек тартылған, тіпті кейбіреулері мүлдем «ескерусіз қалған». Соның бірі – Мұхтар Әуезов.
Белгісіздік қашанда адамның жанын жегідей жеп, жүйкені тоздырады. Ал түрме кiмдi де болса түршiктiредi. Сондықтан да алты ай бойы сұрақ-жауапсыз отырған Мұхтар Әуезов өз тағдыры үшін алаңдап, тергеушiлерге ресми мәлiмдеме жасауға мәжбүр болды (Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы №06610 іс, І том, 602-605 беттер). Бұл мәлімдеме М.Әуезовтің барлық жауаптарының жиынтығы есепті және Голощекинге жолданған хатпен мазмұндас, оның түрмеде ұстанған бағытын анық танытатын болғандықтан да, ішінара анықтамалық сыпаттағы түсінік бере отырып көрсетінді толық келтіреміз. Ал «түрме тарихына» қатысты қалған «идеологиялық әфсаналық салыстыруларды» өзге жауаптарға орай жүргіземіз. Сонымен, тұжырымдала баяндалған Мәлімдеменің мазмұны төмендегiдей:
Достарыңызбен бөлісу: |