Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет22/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   46

Семей губревкомы басында Сібірревкомына қарады, кейіннен Орталықтың қазақ даласын басқаратын қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннан кейін бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды.

Кезек күттірмейтін бұл мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында мен Орынборға іссапарға жіберілдім, қазақ әскери ревкомы және біздің республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезіндегі уақытша орталығы осы Орынбор болатын.

Екі облыстың – Семей және Ақмола облыстарының қазақ әскери ревкомына қосылуы және оның қарамағына берілуі мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуымен талқыланды. Талқылауда: болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін Қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі көтерілді».

Бұл – империя мен отар елдің арасындағы ең күйінішті де сүйінішті, мүдделері тоғыспайтын, жүйкені шүйкелейтін жанкешті жұмыс еді. Ал, Әлімхан Ермеков үшін болашақтағы тәуелсіз Қазақстанның территориясын анықтап беруі тиіс ұлт аманаты болатын.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақ әскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесі, оның ішінде оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қазақ революциялық әскери комитетінің шешімімен ВЦИК-тің жанындағы Қазақ әскери ревкомның өкілетті коллегиясының төрағасы болып тағайындалдым, әрі ВЦИК-тің президиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшесі болып бекітілдім. Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшелерінің қатарына, сондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде жүрген 4 ай уақыттың ішінде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».

Сол жылы 23 шілде мен 7 тамыз аралығында өткен ІІІ Интернационал конгресінің қарсаңында ұлттық автономия мәселесі ең басты саяси пікір таласына айналды. Алаңдататын оқиғалар күн сайын шиеленісе берді. Кеңес өкіметі кез-келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкін еді. Соның бір айғағы ретінде 1920 жылы 19-мамыр күні бұрынғы тәуелсіз Башқұртстан үкіметі – «Ресейдің автономиялық губерниясы» деп жарияланады. Бұрынғы келісім шартты бұзуының себебін сұраған З.Валидовке Ленин:



«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді... Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды», деп жауап береді.

Бұл З.Валидовті үлкен тәуекелге жетелеп, Мәскеуде жүрген Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен, Ә.Ермековпен, Т.Рысқұловпен пікір бөліседі. Алайда Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековтің бар күш-назары Қазақ автономиясының шекарасын анықтауға жұмылдырылып еді.

Ә.Ермеков (жалғасы. Түрме көрсетіндісінен): «Ара-арасында жауапты қызметкерлер, әр республикадағы ревкомның мүшелері, солардың ішінде менің тергеуіме тікелей қатысы бар Байтұрсынов, Рысқұлов, Валидов Москваға келіп-кетіп жүрді. Байтұрсынов Кирвоенкомның мүшесі ретінде келген сайын өкілдікке жиі келіп тұрды. Сирек те болса Валидов те келетін. Бірде маған Байтұрсынов: кеңес өкіметінің саясатына Валидовтің риза емес екенін, мүмкіндігі болса Индиямен байланыс жасағысы келетінін, сол жақта жүріп революциялық қозғалыс ұйымдастырғысы келетінін, тәуелсіздікті қарумен орнатқысы келетінін, мұны кеңес өкіметінің ішінде жүзеге асыруды ойластырып жүргенін айтты. Бұған Рысқұлов та мақұл сияқты көрінеді деді».

Т.Рысқұлов араға жылдар салып барып : «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттиһад уә таракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттиһад уә таракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә таракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды» деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14-желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «Бұл арыздың мәтіні «Иттиһад уә тараккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барысымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә тараккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» делініпті...», деп жоғарыдағы деректі мойындаудан бас тартты.

Валидов (жалғасы): «...Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) біздің алдымызға кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29-маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым...».

Коминтернді пайдалана отырып дербес Түркістан коммунистік партиясын құруға ұмтылған ішкі қозғалысқа Ә.Ермеков (жалғасы):



«Мен бұған үзілді-кесілді қарсы шықтым: Колчактың терроры мен зорлық пен қорлығынан жаңа ғана құтылдық, кеңес өкіметінің арқасында ғана мұнда республиканы ресми түрде жариялауға мүмкіндік алып отырмыз, сөйте жүріп мұндай екі жақты келісім жүргізудің арандату екендігін айттым... Байтұрсынов менің пікіріммен келісті. Мен ол кезде мұны: жеке бастың әлдеқандай бір себептеріне байланысты туған көңіл-күйдің уақытша құбылуы шығар – деп бұған мән бермедім. Валидов өте іскер адам еді... Сол кезде белгілі бір дәрежеде жасыңқырап жүрген Рысқұловты Валидов өзінің қиялымен баурап алғысы келген болуы керек. Онымен (Валидовпен) бірінші және соңғы рет кездескенімде мен оған Қазақстанның өкілі ретіндегі өз көзқарасымды ашық білдірдім және екеуміз де пікір таласына барғамыз жоқ. Қайтып кездескен емеспіз», деп қарсы пікір білдіріпті.

Әрине, тергеудегі жауаптың мазмұнына сақтықпен қараған жөн. Ал сондай қысылтаяң күндердің бірінде кездескен Ә.Ермековтің атының аталмауының себебін З.Валидовтің «Естелігіндегі»:



«Зияны тимес үшін бұған қатысқан, қазір көзі тірі тағы да екі адамның атын атамауға тура келіп тұр»,– деген ескертуінен аңғаруға болады.

«Естеліктер» жарияланған жылы Әлімхан Ермеков тірі болатын.

З.Валидов (жалғасы): «...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде (1920 жылы – Т.Ж.) қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді»,– деп (268-бет) еске алады.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Тек 1917 жылы шілде айында өткен бүкілқазақтық құрылтайда ғана құрылтайдың шешімімен «Алаш» өлкелік-ұлттық автономиясы жарияланды. Осы құрылтайда Түркістанмен қосылу мәселесі де шет жағалап жалпылама қозғалды. Құрылтай көсемдері, соның ішінде шығыс облыстарының өкілдері: онда үлемдердің ықпалы күшті, діни фанатизм бар, деспоттық билік жойылмаған, осы бағыттағы шет ел мемлекеттерінің әсері күшті – деген уәж айтып, Түркістанмен қосылуға түбегейлі қарсы шықты. Маған келетін болсақ, мен сол көзқарасты 1925 жылға дейін де ұстандым».

З.Валидов (жалғасы): «Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақта біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға – Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен қал десем де қалмайды, бірге жүреді... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа да айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды»»,– деп шешім қабылдағанын жазады.

Мұндағы «Бөкей ордасындағы жақтас коммунисі» кім екенін тап басып таба алмадық. Дегенмен де, Ташкенттегі өзара байланысын ескерсек, Жаһанша және Халел Досмұхамедов екеуінің бірі болуы әбден мүмкін деп жорамалдауға негіз бар. М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлібековті де естен шығаруға болмас. Ә.Әйтиев пен С.Меңдешевке мұндай хабарды жеткізуі екіталай. Ал Б.Қаратаев пен М.Тұңғашинге сондай сеніммен қарады деудің қисыны келмейді. Тергеуден тыс, ол оқиға өткеннен кейін қырық жыл өткен соң Әлімхан Ермеков :



«1920 жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейін Коминтерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. 2- конгреске РСФСР компартиясының делегациясының құрамында Тұрар Рысқұловтың т.б. қатысқаны есімде. Қазақ автономиясын Ахмет Байтұрсынов бастап барды.

Конгрессте Владимир Ильичтің: «Егер де алдыңғы қатарлы елдердің пролетариаты көмек берсе, әлеуметтік-экономиялық жағынан артта калған елдер капитализмді орағытып социализмге өте алады», деген сөзі маңызды теориялық мәнге ие болды. Ең алдымен В. И. Лениннің осы конгресте неміс тілінде сөйлегені мені таң қалдырды. Мұнда Үндістан Коммунистік партиясының лидері Ройдың өз Отанында ұлттық буржуазиялық-демократтық қозғалысты қолдауға қарсы сөйлегені көп пікірталас туғызғаны есімде қалды. Владимир Ильич Ройдың бұл пікіріне түбегейлі қарсы шығып, империализммен күреске бағытталған ұлт-азаттық қозғалысқа пролетариаттың шұғыл түрде көмек көрсетуі қажеттігін батыра айтты. Ағылшын коммунистік партиясының делегаты Квеч те осындай көңіл-күйде сөйледі. Иә, осы бір қысқа естелігімді аяқтай келе, мен жас, албырт шағымда Владимир Ильич Ленинмен кездескеніме өзімді бақытты санаймын. Оның шабытты да дана, аса адамгершілікті кейпі жүрегімде мәңгі сақталады...», деп еске алды.

Әрине, бұл жарияланымда Заки Валидовтің астыртын жұмысы және оның коминтерннің конгресі тұсында Ресейден дербес Ұлттық Түркістан партиясын құруға қмтылғанының айтылмағаны өзінен-өзі түсінікті. Қанша батыл редактор болса да Талап Сұлтанбекұлы мырза бұл есімді баспасөзде ашық жариялай алмайтын, оған цензура да рұқсат етпейтін.

Алайда осы үш айдың ішіндегі оқиғалар араға жылдар салып барып «Алашорда» қайраткерлерінің алдынан шықты. Бұл кездесулер олардың тергеу ісіндегі басты мәселеге айналды. Бұған сәл кейінірек қайтып ораламыз.

3.

Сонымен, Коминтерннің конгресі өтісімен, Әлихан Бөкейхановтың тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Әлихан Бөкейхановпен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Кейін одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдына Ә.Бөкейхановтың пікіріне жүгініп барып талқыға ұсынып отырғанын тергеу деректері де растайды.



Әр түрлі мүдделер мен ұсыныстарды жинақтап, талапкер жақтардың дәлелдері мен сараптамаларын саралап, жан-жақты дайындалған комиссия мәжілісі 9-10 тамызда Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының коллегия мүшесі А.З.Каменскийдің төрағалығымен өтті. Қазақ мемлекетінің тағдыры шешілген, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі территориясын түбегейлі анықтап берген қасиетті мәжіліс болғандықтан да және оның аса маңызды құжат екенін ескеріп, «Алашорда» тарихын алғаш құжаттық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттеген тарих ғылымының докторы, профессор Дина Ахметжанқызы Аманжолованың пайымдауын негізге ала отырып, комиссия мүшелерінің тізімі мен лауазымын, пікірлерін қоса ұсынамыз.

Мәжіліске: Ұлттар жөніндегі халық комиссариатынан – М.Сұлтанғалиев, Жер жөніндегі комиссариаттан – А.Д.Цюрупа, баяндамашы ретінде Семей облысы атынан – Ә.Ермеков, Қазревкомнан – С.Пестковский, М.Мырзағалиев, Г.Кулаков, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, Г.Әлібеков, Мәскеудегі қазақ өкілдігінен – П.Петровский, Орынбор губаткомынан – И.Мартынов, Түрккомиссиядан – Г.Сафаров, Сібірревкомынан – В.Соколов, Омбы ревкомынан – И.Полюдов, Челябі губкомынан – Поляков, Бөкей ордасынан – С.П.Милютин мен Д.Темірәлиев, Ақмола облысынан – Итбаев пен Оразаев, Астраханьнан – А.Каримов қатысты.

Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахань, Урал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81% – ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54% – екенін атап өтіп ол:

«Қазақстанның шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егерде қазақтардың дені осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, … онда бұл облыстардың өзара тығыз экономикалық байланыста екені көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сыпат алады, бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда Автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени және экономикалық орталықтар да аралас облыстық құрылымдар (Сібір ревкомы және т.б.) талап етіп отырған территориялардың құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық және экономикалық-мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып Қазақ автономиясының құрамын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қаралып отыр», деп (сонда, 361 бет) мәселені тікесінен және шешімді түрде қойды.

Бұл аса тағдырлы да тауанды талап еді. Ол талаптан бас тарту – қазақ жерін телімдеумен пара-пар болатын. Осы тұста өзгелердің назарын өзіне қаратып, көзқарасын қазақ автономиясының мүддесіне бейімдеп, дәлеліне сендіріп, бауырына тарта баурау тұрғысынан алғанда Әлімхан Ермековтің туа біткен шешен де өжет мінезі, мысы басым дегдарлығы, қисынды ұстанымы қазақ мемлекеттігінің негізін қалап, территориясын анықтауда шешуші қызмет атқарды. Ол өзінің аса жүйелі және батыл қисындары арқылы оппоненттерінің пікірлерін шарасыз жансыздандырды, олардың талаптарын: кеңес өкіметінің шешімімен, «байырғы халықтар еркіндікті қабылдап, Ұлы Октябрь революциясының жемістерін жинауы» үшін құрылып отырған автономияға қарсылық боп көрінуі мүмкін – екендігін тегеуірінді емеуірінмен жеткізді. Жанын үшкіріп Әлімханның жанына қосқандай болып отырған, мысымен де, демімен де демеп отырған Әлихан Бөкейханов:



«Мен сен сөйлеп отырғанда көтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды», деп баға берді.

Бұл пікірді Сібір ревкомының өкілі В.Соколов та өзінің алпысыншы жылдары жарияланған естелігінде:



«Қайратты қара шашы артына қайырылған, келбеті қазақтардан оқшаулау жас қазақ жігіті жалындай шарпып, аса қызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның ықпалын өзіне қаратып алды», деп (Мәдениет және тұрмыс, 1964, № 11) жазды.

Шындығында да, мүлдем басқа талап қойып, солтүстік облыстарды Ресейдің құрамында қалдыруға өкім дайындап келген В.Соколов қарар үшін дайындаған сөзін жұмсартып:



«Баяндамашының пікіріне негізінен қосыламын. Алайда Солтүстік облыстардың Сібірден бөлінуі, онда шоғырланған орыс тұрғындарының Қазақстанға мәжбүрлі түрде қосылуының салдарынан, ұлтаралық алауыздықты туғызуы, өзара қақтығысқа алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, Орынбор әкімшілік орталық ретінде казактар мен қазақтардың арасындағы қырғиқабақ қатынасты өршітуі мүмкін, сөйтіп, қазақтар көтерілістің отына шарпылатын қауіпті жағдайға тәуекел етіп отыр. Ресей тарихы қазақтарға Қазақстанның аса ауқымды территориясын басқара алатын мемлекеттік аппарат құратындай мардымды білім мен ұйымдастыру тәжірибесін игеруге мүмкіндік берген жоқ. Ал мұндай басқару аппаратынсыз Қазақ автономисы таяу арада өз-өзінен ыдырап тынады. Жерді бірте-бірте өз үлесіне қаратып, басқару аппаратын құрғанша бірталай уақыт керек, сондықтан да бұл міндетті қазір Қазақ ревкомымен тығыз байланыста басқарып отырған Сібірревкомы мен Түрккомиссиясының құрамында қалдыру қажет», деп (сонда, 361-бет) ұсыныс айтты.

Қазір, бұл пікір ашық қарсылық есебінде бағалануы мүмкін және Сібір ревкомы бұл ұсынысты 1922 жылға дейін ұстанып, солтүстік облыстарды қарамағынан шығармады. Алайда сол кездегі, сол күнгі психологиялық ырғасу тұрғысынан алғанда, бұл «жұмсақ пікір» еді. Әйтпесе, мәселе, Қазақ автономиясына солтүстік облыстарды беру – Ресейді бөлшектеу, қазақ еңбекшілерін социалистік қоғамнан шеттету, пролетариаттық интернационалдық парыздан бас тарту, қызыл армияның төгілген қанын қорлап, кеңес өкіметінің орнығуынан бас тарту – ретінде мәлімдеме жасалса, бұл мәселенің дәл сол кезде шешілуі және шешіле қалған жағдайда да солтүстік облыстардың Қазақстан құрамында қалуы неғайбыл еді. Ал, жаңағыдай «автономияны мойындай отырып келтірілген «бірақтар», сөз арасындағы саяси «брак» – сылтау ғана еді. Түркістанның білгірі, «Түрккомиссияның» өкілі Г.Сафаров та:



«Түркістандағы қазақ облыстарында кеңес өкіметі әлі орныға қойған жоқ, бұл бағытта өз бетінше жұмыс істей алатын күш те жоқ, сондықтан да әуелі негізгі құрылымды нығайтып барып, содан кейін ғана бірте-бірте іске кіріскеніміз жөн», деп солқылдақтық танытты.

Түркістан республикасын «әсірекеңестендіріп, бір күнде социализм орнатпақ болып, мемлекетті анархиялық жағдайға әкелгені үшін» Кремльге шақыртылып алынып, «Түрккомиссиясының» жетекшілігі міндетін атқарған Г.Сафаров «қазақ автономиясының» құрылуына мүдделі емес болатын, керісінше, Т.Рысқұлов, Н.Хожаев сияқты жергілікті қайраткерлерді Сталиннің ырқымен биліктен ысырған «аралық қайраткер» еді. Автономияның құрылуына тікелей мүдделі Қазақ ревкомының төрағасы С.Пестковскийдің өзі:



«Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды. Тек территориялық принципті ұстану ғана ақылға сияды», деп түпкі пиғылын танытты.

Ал «кеңестік жер иесі» мекемесінің өкілі А.Д.Цюрупа:



«Егерде шөлейтті далаға құнарлы жер қосылмаса, онда бұл өлке өмір сүре алмайды. Қазақ өлкесінің барлық басқару құрылымы Қазақ ревкомына бағындыра шоғырлануы тиіс, әйтпесе, осыған дейінгі қалыптасқан жағдай өзгермейді»,– деп орынды пікір білдірді.

«Түрккомиссияның» тізгіні қолынан шығып бара жатқанын сезген Г.Сафаров тағы да өзеуреп:



«Орынборда отырып Жетісу мен Сырдарияны басқарамын деу – мазақ қана емес, арандату. Мұндай саясат ұлттық утопия»,– деді.

Ал Ахмет Байтұрсынов үшін бұл қиял емес, нақты тарихи мүмкіндік еді. Ол осы автономия үшін «Алашорданың» мүддесін кеңес өкіметімен байланыстырған және оған кепіл ретінде өз басын тәуекелге тіккен тағдырлы тұлға болатын. Сондықтан да өзеуреген «Түрккомиссиясының» алдын-ала Сталинмен келісіп тұжырымдаған пікірінің бетін бірден қайырып:



«Әңгіменің басын бірден ашып алу керек. Егерде Қазақ өлкесі өзін-өзі билей алмаса, онда республика құру мәселесінің пісіп-жетілмегені, оны құруға тиісті жағдайдың жасалмағаны ғой, онда бос сөзді доғару қажет. Демек, бәрінен бұрын басты мәселені – бұл республиканы құрудың қажеттігі бар ма, жоқ па, соны шешіп алу қажет. Егерде бұл мәселе оңды шешілсе ғана, содан кейін барып сол республиканы басқара алатын күштерді құруды қолға алу қажет, ал ондай күш бар», деп сеніммен айтты.

Ал Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың беделінің алдында Г.Сафаровтың сүреңі оңып сала беретін. Сол кезге дейін әсіресолшыл, бір жылдан кейін әсіреұлтшыл бағытты ұстаған Сталиннің орынбасары М.Сұлтанғалиев үш жақты пікірдің «алтын өзегін» ұстап:



«Егерде Түркістан мен Сібірдегі билік әлсіз болса, ал мұның шындық екенін ешкім жоққа шығара алмайды, онда олардың іс-әрекеттері Қазақ ревкомының, орталықтың өкімімен үйлесетіндігіне ешкімде кепілдік бере алмайды. Сондықтан да бұл облыстардың ревкомының жұмысы орталықтың өкілетті қарарларымен реттеліп отыруға тиісті. Басқару билігі Қазақ ревкомында болуға тиісті, ал қалған орталықтар соның ұлттық, әлеуметтік-экономикалық шешімдері бойынша жұмыс істеп, Қазақ ревкомының шешімдерін жетекшілікке алуы тиіс», деген пікір білдірді.

Міне, осы арада бас баяндамашы Әлімхан Ермеков өзінің ұстанымы мен дәлелін түбегейлі орнықтыру мақсатында қайыра жарыссөзге шығып:



«Автономия беру мәселесін принципті түрде бір ауыздан қолдай отырып, автономияны құруға келгенде сөз бен істің арасынан алауыздықтың туып отырғаны түсініксіз. Анығында, мәселе: республиканы құрудың қажеті бар ма, жоқ па?, - дегенге тіреліп тұр. Егер мен дұрыс түсінсем: тек насихат үшін ғана емес, нақты іс жүзіндегі жұмыс істейтін автономия туралы сөз болып отыр, ендеше, соған сай басқару аппараты құрылуы тиіс, онсыз: қазақтар өзін-өзі басқара ала ма?, дегенді былай қойғанда, республика жөнінде сөз қозғаудың өзі мағынасыз бос мылжың ғана. Ал Қазақ ревкомын қызметкерлермен қамтамасыз етуді орталық мойнына алсын», деп басты назарды автономияның жариялануына аударды.

Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасы А.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе:



«Қазақ республикасын құру – шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдары қарастырылсын»,– деп жариялады.

Бұл үлкен жеңіс еді. Алайда бұл жеңісті тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығуы тиіс болды.

Ә.Ермеков (Естеліктен): «Москваға келгеннен кейін В.И.Ленин төрағалық еткен комиссияның отырысында мен Қазақстандағы жағдай туралы баяндама жасадым. Маған дейін Түркістан республикасындағы жағдай туралы «Түрккомиссиясының» мүшесі жолд. Сафаров сөйледі. Аса қуатты жігерге ие бұл адам отарланған аудандардағы бұратана халықтың аса ауыр жағдайы мен Столыпин реформасынан кейін қоныс аударушылардың кесірінен туындаған қиыншылықтарды сон дай бір сенімді де нақты дәлелдермен жеткізе білген тиянақты баян дама жасады. Ол: өзінің ата қонысынан айырылған және келімсек-кулактардың аяусыз теркісіне ұшыраған қазақ батырақтарының бишаралығы мен көрген қорлығын ашына айтты. Ол: «Шұғыл түрде жер реформасын жүргізіп, барлық кулактардың жерін тартып алып, олардан алынған жерді бұрынғы иесіне қайтарып беруді талап етті. «Сонда ғана бұратана халық бостандықты сезіне алады, ұлы қазан төңкерісінің жемісін көре алады», – деді. Владимир Ильич оның көзқарасын қолдады және содан біраз уақыт өткен соң Ораз Жандосовтың т.б. қатысуымен Түркістанда жер реформасы жүргізілді».

12 тамыз күні Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте Ә.Ермеков негізінен қазақ автономиясының шекаралық аудан мәселесіне баса назар аударды.



Ә.Ермеков (Естеліктен): « Мен өзімнің баяндамама кіріспей тұрып, Ұлы Октябрь революциясы көсемінің алдында қатты толқыдым. Бірақ оның қарапайымдылығы, мейрімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жаймашуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақтығы, ойының өткірлігі, аз халықтың баяндама жасаған өкілін әділ де батыл қолдауы бей-жай қалдырмады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет