Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет19/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   46

Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс, Тынышбаевтің жауабы, № 2370-iс, 275-бет)».

Бұл мәселе М.Тынышбаевқа қатысты бөлімде кеңінен талданғандықтан да талдау жасап жатпаймыз.

И.Қашқынбаев (жалғасы): «Мен болған жайдың бәрін мойындадым. Ол менің бауырым болғандықтан да не істерімді білмеймін.

М.Мұрзин: Мынадай тәртіпті ұстану керек. Ешқашанда, ешнәрсені мойындамау керек. Егер де жан-жағыңнан қысымға алса, онда үндеме, әйтеуір мойындай көрме. Сіздің тәжірибеңіз аз адам екенсіз. Ешқашанда тергеушілердің сөзіне сенбеңіз. Егер де олар нақты айғақ бар десе, онда құжатты көрсетуін талап етіңіз. Алайда тергеушілер көрсеткен айғаққа сенбеңіз. Бұл олардың тақыстанған тәсілі. Бетпе-бет мойындасуға шақырса да бәрібір мойындамаңыз. Мен өзім бетпе-бет мойындасу кезіндегі барлық айғақтарды жоққа шығардым.

И.Қашқынбаев: (бұл арада тыңшы Қашқынбаевтың сөзін мазмұндап беріп отыр) Нақты айғақты мойындамау керектігіне (Қашқынбаев) қарсы шықты. Бұл ГПУ-дің сенің сөзіңе сенімсіздік тудыруы мүмкін, деді.

М.Мұрзин: Сенімен жігітше сөйлескенде ғана ер жігітке сай мінезді көрсету керек. Адамның жеке басын қорлап, қысым көрсетіп отырған қазіргі жағдайда парасатты көріну нағыз ДонКихоттық, ақымақтық. Жалпы кез-келген қысымға шыдай білу керек және өзгеге кінә артпауға тырысу қажет. Ең бастысы, ешкімді шырғалаңға тартпаған жөн. Менің негізгі ұстанған тәртібім – үшінші бір адамның атын атамаймын, тіпті достарыммен отырғандағы әңгімеге де ешкімді араластырмаймын.

Тағы да Мұрзиннің айтқаны (Тыңшының жазғаны – Т.Ж.): Сіздердің ұйымдарыңыз бар екенін баяғыда-ақ білген, бірақ та ол кезде қозғамаған. Әуелі бірінші топты, содан кейін екінші топты іріктеп тұтқындаған. Енді үшінші топтың да тізімін жасауы мүмкін. Мұның барлығы сыртқы дүниеге (немқұрайлы адамдарға) қыр көрсетіп: ГПУ тергеушілері тергеу барысында жаңа астыртын ұйымды әшкереледі, дегенге сендіру үшін жасалып отыр. Ал тұтқындалғандардың барлығын айыпты етіп, мәселесін шешіп қойған. Олар тергеуді тұтқындағаннан кейін емес, тұтқындағанға дейін жүргізеді. Сіздер астыртын ұйым құрды дегені жай сылтау ғана, мәселе басқада. Орталық комитеттің былтырғы қаулысында ұлттық интеллигенциямен күресу туралы шешім қабылданған болатын. Бұған не себеп болды, мен білмеймін. Бірақ та біздің тұтқындалуымыз сол қаулыны жүзеге асырудың нәтижесі екені анық».

Шірікін, жігітім-ақ! Әр сөзі шындық. Көзімен көріп, жүрегімен сезіп, ақылымен біліп отыр. Әттең, осындай жігіттердің кәдімгі өмірде аяғына оратылған шырмауықтардың кездесетіні өкінішті. Мұны айтып отырған себебіміз: «Әй, ант атқан, ант атқан, осал жерін жігіттің, қалай дәл тапқан!», - деп Қадыр ақын айтқандай, сұғанақ тергеушілер Мұхтар Мұрзиннің де осал жерін дәл тауыпты. Осы істің І томының 638-бетінде «Власова Алисаның 1931 жылғы 5 қыркүйек күні берген жауабының хаттамасы» тіркелген. Бұл тосын хаттаманы тағдырдың мазағы десе де болады. Мұхтар Мұрзиннің інісі, айыпталушы Әзиз Мұрзиннің орыс әйелі Алиса өзінің күйеуінің және қайынағасының үстінен арыз жазған. «Қатын өсекті» сөз арасына іліктіріп отырғанымыздың себебі, қалайда қаралау үшін некелі әйелін күйеуіне қарсы арандатқан тергеу жүйесінің аярлығына мысал келтіре кету.



Алиса Власова: «Әзиз Мұрзинді мен 1920 жылдан білемін. Сонымен қатар оның туған ағасы Мұхтар Мұрзинді және оның жақын таныстары Сәдуақасов Смағұлды, Бөкейханов Әлиханды, Байтасов Абдолланы, Сұлтанбеков Жағыпарды, Досмұхамедов Жаһаншаны, Шылалов (–?) Мыңайдарды, Басалов Айдарбекті, Телхожин Зейнолланы, Ермеков Әлімханды жақсы білемін. Бұл адамдардың барлығы менің күйеуім Мұрзинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Ол бұлардың үй іштерін де жақсы көретін. Сондай-ақ Әзиз Мұрзиннің болашақ әйелі Жантөрина Зайрамен де таныспын. Жоғарыда айтылған таныстары мен достары оның отбасымен үнемі араласып тұратын.

1922 жылы Смағұл Сәдуақасов Қостанайға келіп Әзиз Мұрзинді өз жағына тартты. Ол кезде Мұрзин Қостанай губерниялық атқару комитетінің төрағасы болатын. Олар байлармен ауыз жаласып, оларға көмектесті. Қазақ қызметкерлері Мұрзинің маған, яғни, орыс әйеліне үйленгеніне қарсы болды. Сондай-ақ Сәдуақасов Смағұл мен Мұрзин Мұхтар да жақтырмайтын. Қазақтың таза қаны орыспен араласқаннан кейін дүбара тұқым туады дейтін. Олардың дегеніне көнген Мұрзин мені тастап кетті де, Балғымбаевтің қызына үйленді. 1927 жылы маған Мұрзин былай деп айтты: 1922 жылы Смағұл Сәдуақасовтың Орынбордағы пәтеріне оның сыбайлас достары жиналды, ағайынды Мұрзиндер де соның ішінде болды. «Кеңес өкіметіне қарсы күресеміз, бір-бірімізге адал боламыз», - деп ант сөзін жазыпты. Бұл антты бәрі түрегеп тұрып тыңдап, төс қағыстырыпты. Ол мәжілістің мазмұнын білмеймін. Алай да Әзиз Мұрзин маған: «Мұны өкімет мекемелері біліп қойса, біздің көрешегімізді көрсетеді», деді.

Мұрзин Әзиз 1923 жылы Сәдуақасовпен және «ұлтшылдармен» байланысы үшін Компартия қатарынан шығарылды... Шәкеннің (?) .... көмегімен Москвадағы құрылыс жөніндегі қазақ өкілі болып қызметке орналасты. Москвада ол Бөкейханов пен Мұңайтпасовты төңіректеп жүрді. Сол кезде маған Әзиз Мұрзин: «1920-жылдардың басында Ташкентте кеңес өкіметін құлату үшін қазақтардың жасырын ұйымы құрылды», деп айтты. Сол ұйымның мүшесі ретінде Мұңайтпасовқа қару беріп, Қожановты өзінің пәтерінде атып өлтіруді тапсырды. Мұңайтпасов Қожановтың әйелінің бауыры болатын. Қарындасы мен жиендерінен айырылып қалмас үшін ол бұл тапсырманы орындамады. Тіпті бұл туралы Қожановтың өзіне де айтып қойыпты. Бұл оның алдындағы өзінің кінәсін жуғысы келгені болса керек. Мұңайтпасов бас тартқан бұл жұмыс ұйымның басқа мүшесіне тапсырылыпты. Оның аты-жөні есімде қалмапты.

Москвада тұрғанда Мұрзин Бөкейхановты үйге жиі шақырды. Сәдуақасов үшеуі мені бөлмеден шығарып жіберіп, оңаша әңгімелесетін. Олардың қандай да бір өзара құпия әңгімесі болатын. Кей кезде Мұрзин Әзиз іссапармен келген ағасы Мұхтар Мұрзинге жолығу үшін қонақ үйге кетіп қалатын да, оңаша әңгімелесетін. Менің сұрақтарыма әдеттегідей жалтара жауап беретін. Әзиз Мұрзин Әлихан Бөкейхановпен кездескен кезде есі шығып кететін, мұндай жақындық еркектердің арасында өте сирек кездеседі. Ал Бөкейханов маған: «Мұрзинді туған ұлымдай жақсы көремін», дейтін. 1929 жылы Мұрзин Моквадан кетерде Бөкейханов онымен қимай қоштасты, көзіне жас алды. Онымен қоймай олар әлде не туралы қазақша сыбырласып сөйлесті. Ол кезде Москвада Байтұрсыновтың және басқа да адамдардың тұтқындалғаны туралы хабар белгілі болатын. Бөкейханов пен Мұрзин, Мұрзин мен Мұңайтпасовтар ол жөнінде жиі әңгімелесетін. Мен Москвадан кеткен кезімде Бөкейханов түрмеде жатқан Дулатовқа көмек ретінде оның әйелі Дулатоваға тапсыру үшін 4 мың теңге берді. Бұл ақшаны маған өте құпия түрде тапсырды, әрі өте сақ болуымды өтінді, почта арқылы хат жазбауымды ескертті. Дулатовқа тапсырылған ақша мен хатты Қызылорда қаласында Дулатоваға бердім. Тұтқындағылардың отбасына ақшалай көмек үнемі көрсетіліп тұрды. Ақшалай қаржыны ең соңғы рет Бірімжанов өзінің қазақ өкілеттілігінде істейтін қарындасы арқылы Алматыдан Москваға беріп жіберді.

1928 жылы Бірімжанов шетелден Москваға келді. Шетелде Мұңайтпасовпен кездескен. Бірімжанов Жантөринаға үйленеген болатын. Москваға келген соң Бірімжанов тұтқынға алынды. Бөкейханов пен Мұрзиннің кеңесі бойынша Жантөрина онымен ресми ажырасты. Ал шындығында, ол өзінің күйеуіне үнемі қаржылай көмектесіп отырды. Бірімжановтан ажырасуының себебі өзіне тергеушілердің назарын аудармаудан туған. Өйткені Жантөрина помещиктің от басынан шыққан. Әкесі мемлекеттік Думаның мүшесі болды. Патша сарайында жиі болып тұрған. Ол әйел Москва мемлекеттік университетінде шет тілі факультетінде оқыған. Германияға өзінің неміс тілін жетілдіру үшін іссапармен жіберілген. Қаражаты жоқ болғандықтан да басында барғысы келмеп еді, бірақ кейін ақша оның қолына жаңбырдай жауды да, шетелге кетті. Оған Мұрзин 400, Бөкейханов 600, Сейдалин 200 сом берді. Сейітқали Меңдешев те көмектесті. Оның өз сөзіне қарағанда 4 мың сом жиналған. Әрине, бұл оның кемітіп айтқаны. Ол бүкіл Еуропаны аралады, Берлинде, Парижде тұрды, Түркия арқылы қайтып оралды. Онда оның үй, қора-жайы бар ағасы тұратын. Ол Парижде Шоқаевпен кездесті. Әзиз Мұрзинмен екеуара әңгімелескенде Шоқаевтің есімі жиі аталатын. Жантөринаның Москвадағы жоғары оқу орнына түсуі туралы мынаны айта аламын: Жантөриндердің үй-іші Колчактің штабымен бірге көшіп жүрді. Оның әкесі сол сапарда қайтыс болды. Әкесі өлген соң, сіңілісі екеуі Москвағв оқуға келді. Мұндағы қазақтармен танысып, жөн сұрасады. Құрлыс жөніндегі қазақ өкілеттігінде істейтін Әзиз Мұрзинге жолығады. Ол: «Бұлар менің жерлесім, Сырдария аулынан шыққан», - деген сенім қағаз береді. Сол құжат бойынша Жантөрина оқуға түсті.

Москвада Әзиз Мұрзиннің жақын араласқан адамы Кәрменов Қайролла. Ол бұлардың барлық қылмысын білетін. Мұрзиннің, Мұңайтпасовтың, Бекентаевтің тобына Кәрменов қамқорлық жасайтын. Кәрменов шетелден келгенде, олардың бәрінің үй-ішіне өз есебінен сыйлықтар әкелді. 1929 жылы Алматыға келген соң ғана Кәрменовтің, Бекентаевтің, Досмұхамедов Жаһаншаның тобымен қоштасты. Жаһанша Досмұхамедовпен көбінесе саясатқа қатысты әңгімелесетін. Қызып алған кезде ол компартия мен кеңес өкіметін балағаттайтын, мазақтайтын. Әзиз Мұрзин қарқылдап күліп, оны қоштап қоятын. Қазақтар Мұхтар Мұрзиннің үйінде де бас қосатын. Әдетте ағайынды Мұрзиндер, Қадырбаев Сейдазым, Нұрымов, Ғаббасов, Сұлтанбеков жиналатын. Олар тек қана саяси тақырыпта сөйлесетін. Әңгімелерінің мазмұнын мен білмеймін. Алайда бір рет олардың үрейін ұшырып: «Сендердің сөздеріңді өкіметке жеткізіп, әшкерелеу ғана қалды», дедім. Бұдан кейін Мұрзин менен сақтанып жүретін болды.

Тынышбаев, Ермеков және басқалары тұтқындалғаннан кейін Әзиз Мұрзин өте сақтық жасап Мұхтар Мұрзинмен, Кәрменовпен, Бекентаевпен, Мұңайтпасовпен, Мұратбековпен жазысқан хаттарын өртеді. Хаттарды мен жақтым. Ал ол іші қағазға толған үлкен папканы өртеді. Сөйтіп ол тінту кезінде айғақ қалдырмауға тырысты. Сақтық шарасын қолданған себебі: «Менің артымнан тыңшы еріп жүр, үйді күдікті адамдар аңдып жүр», - деп жиі айтатын. Әзиз Мұрзин Мұхтар Мұрзин мен Қадырбаевтің әйелдерімен сөйлескеннен кейін: Ғаббасовқа, Нұрымовқа, Тынышбаевқа сенуге болмайды, олар ГПУ-дің шпиондары, - дейтін. Халком кеңесінің төрағасы Исаевпен жақсы болатын. Онымен төрт рет кездесіп Мұхтар Мұрзиннің неге сотталғанын білгісі келді. Алайда ол әрекетінен ештеңе шыққан жоқ. Сондай мәліметті білмек боп Масановқа да барды. Исаев пен Масанов: Мұхтар Мұрзинмен байланысы бар деген сөзге қалмас үшін мұның тілегін орындаудан бас тартты.

Мұрзинмен ажырасқаннан кейін мен Төрехожиннің пәтеріне ауыстым. Сонда байқағаным Төрехожиннің үйіне Сұлтанбеков жиі келеді екен. 1931 жылы 19 немесе 20 тамызда Сұлтанбеков пен Төрехожин арасында таңғы сағат 4-ке дейін созылған әңгіме болды. Олардың сөзіне құлақ салған тыңшы болмаса да, ешкім естімейтіндей оңаша жерде сөйлесті. Олардың қазақша сөздерінің арасынан Голощекин мен Криштоның фамилиясын естіп қалдым. Ермеков біздің үйде болған емес. Алайда Әзиз Мұрзин: «Ермековті қонақ ету керек еді», - деп жүретін. Менің оған мұршам жетпеді.

Қолымды қоямын... (Власова). Тергеудің жауабын алған Попов».

Бұл көрсетінді туралы не айтуға болады? Бір-ақ нәрсе анық. Бұдан ағайынды Мұрзиндердің ер жүрек азамат екендіктері анық байқалады. Ажырасқан күйеуінен осылай кек қайыру, ол жылдары, ұлттық намыстың «үлгісі» болатын. Мұндай басыну мен кек қайыруды кейін де талай дегдарлар «тағдырдың қарғыс таңбасы» ретінде басынан кешірді. Шет жағасын да көрдік. Мұрзиндердің тағдыры туралы Міржақып Дулатовтың қызы – Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова «Шындық шынары» атты әсерлі кітабында сондай бір бауырмалдық сезіммен еске алады.

Г.Дулатова: «Мұхтар ақ сары жүзді, қыр мұрынды, көзіне пенсіне салатын, ұзын бойлы, келбетті кісі болатын. Мұхтар жоғары мәдениетті, жан-жақты білімді, адамгершілігі өзге жұрттан бөлек биік тұратын, мінезі тік, турашыл-тын. Мұхтар айтқан сөзінен таймайтын, ұстанған пікірінен қайтпайтын. Қайсар. Біреуді күндеп, не зәбір көрсетуден бойын аулақ ұстайтын. Барынша адал, шыныдай кіршіксіз таза, жолдастарына айнымас дос, әділеттік туын жоғары ұстаған принципті кісі болатын. Ол өзіне биік талап қойып, міндетті түрде білімін толықтыруға күш салатын, көп оқитын, екі тілді бірдей меңгерген, аудармамен де айналысатын өнері барын білеміз. Мұхтардың бір бойына дарыған осынша жақсы қасиеттерді бағалап, әкем қатты сыйлап өткенін айтып отыратын. Менің шешем Мұрзиндермен 1923 жылдан бастап Орынборда, одан 1929 жылға дейін Қызылордада, астана Алматыға ауысқанша араласып тұрды. Сол заманнан бері Мұрзиндердің семьясы бізге ыстық, туыстан жақын болып кетті.

1930 жылы көптеген (32 адам) оқыған қазақ интеллигенттерін жаппай тұтқынға алғаны бәрімізге мәлім. Сол бір ауыр да қасіретті жылдар Мұхтарды да құр қалдырмады, Алматыда Намкомземде экономист болып жұмыс істеп жүргенінде тұтқынға алынды. Соттың үкімімен Воронежге айдалды. Өзімен бірге сотталып барғандар: Сейдазым Қадырбаев, әйелі – Жаңыл (Тәпіл дейтін), қызы – Гуля, Әбдіхамит Ақбаев әйелі –Зүфүнүн, Мұстафа Бұралқиев, Әбдірахман Мұңайтпасов, әйелі – Сара, балаларымен (сонда болды). 1934 жылы араларына Кәрім Тоқтабаев қосылды, орыс әйелі Мария Петровна, қызы Естаймен келеді. Мұхтар үй-ішін алдырған соң, жоғарыда айтылып отырған кісілермен араласып, бір-біріне жәрдем беріп тұрған. Берген бес жылын өтеп 1936 жылы Шымкентке келіп сельхозбанкте жоспарлау бөлімінде меңгеруші болып істеп жүргенінде – 1937 жылы қайтадан ұсталды. Мұхтар 1957 жылы ақталды.

Мұхтардың інісі – Ғазиз Бабақайұлы Мұрзин 1925 жылдары Қызылорда да, одан Алматыда жұмыс істеді. Ғазиздің бірінші әйелі Рахила Ғабдоллақызы (Гүләйімнің немере сіңілісі) еді, бұл семьяда екі ұл – Назар мен Дос дүниеге келді. Бірақ Рахиланың мінезі ұнамсыз, шатақ болғандықтан, бұл кісілер ұзақ отаса алмады, ерте ажырасты. 1928 жылы Ғазиз Москвада постпредствода жұмыс істеген, екінші рет Алматыда Ада Павловнаға (Алиса Власова осы әйел болуы әбден мүмкін – Т.Ж.) үйленгенін Сара Садыққызы Өтегенова – Мұңайтпасовадан естігенім бар. Ада Павловна өте мәдениетті, адамгершілігі жоғары, сыйласа білетін кісі еді дейтін. Москвада араласып тұрған екен. Ада Павловна мен Ғазиз көп жылдар өмір сүрген, кейін Москвадан соң ажырасып, Нина Морозоваға үйленген. Ғазиз Риддерде алтын кенін шығаратын приискіде жұмыс істеп жүргенінде 1936 жылы іш сүзегін жұқтырып алып, қайтыс болыпты».

Ада мен Алисаның аттарының өзгешелігі болмаса, Әзиз (Ғазиз) Мұрзиннің үстінен арыз жазған Власова осы әйел сияқты.

Иә, «мәдениетті әйел», бірақ, сыйласымы жоқ, «шыдайсың риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табылса да», - деп Абай айтқан «табашыл жар» болған сияқты. Мүмкін оның осы жымсымасын сезіп қалып Ғазиз Мұрзин ажырасқан шығар.

Бәрі де мүмкін. Бәрі мүмкін.

Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа берілген хатты тапсыра алмаған, Х.Досмұхамедовтің ісінде алғашқы жауабы тіркелген Уәлихан (Уәлитхан) Омаровтың көрсетіндісі:

«Берілген сұраққа жауабым мынау: Қазақ ұлтшылдарының ешқандай ұйымына, оның ішінде Орынбордағы бөлімшесіне де мүше болған емеспін. 20-жылдары қандай да бір ұйымға мүше болды деген сөз шындыққа жатпайды. Ешқандай да ұйымды білмеймін. Валидов пен Байтұрсыновтың арасындағы хат туралы да мағлұматым жоқ. Байтұрсыновты естуім бар, бірақ таныс емеспін. Әділев пен Сәдуақасовтың кеңес құрылысына қатысты блоктары жөнінде де хабарым жоқ. Сәдуақасовпен бірге қожановшыларға (колчаковшыларға да болуы мүмкін, нақты танылмады – Т.Ж.) қарсы күреске қатысқаным рас. Оның өзінде де азаматтық блок емес, кейбір мәселелер жөнінде келіспегеніміз шындық. Кеңес өкіметіне қарсы ешқандай іс-әрекетке қатысым жоқ. Бөкейханов Уәлиханмен (Ғабдолла – ?) Жер жөніндегі комиссариатта бірге істедім, білімді, іскер, коммунисшіл. Әрине, ешқандай ұйымның құрылғанынан бейхабармын. Ташкентте құрылған ұйымды естіген емеспін. Кулаков пен Ермековтің арасындағы байланыстан хабарсызбын. Олардың: әр нәрсені менімен ақылдасты, дегені шындыққа жатпайды, тек шаруашылық мәселелері ғана тапсырылды.

22-24 жылдар арасында жазылған «Табалдырық» платформасын білмеймін және «Алқа» үйірмесіне менің қатысым жоқ. Мен ол кезде Ташкентте емес, Петропавловскіде болатынмын. Сәдуақасовпен, Бөкейхановпен, Мұрзинмен, Омаровпен және Байтұрсыновпен қосылып қандай да бір қағазға қол қойғаным есімде жоқ. Егерде қазақ әліппесі туралы болса, онда менің бұған тікелей қатысым шамалы, өйткені мен әріп түзумен айналыспаймын, оған икемім де жоқ. Бұл қол менің қолтаңбама ұқсамайды (қазақ әліпбиі туралы халыққа жолданған үндеу хат –Т.Ж.).

Сіз айтып отырған 21-22 жылдары Ташкентте өткен Тынышбаев, Досмұхамедов және басқалар қатысқан жиналыс туралы тіпті естісем бұйырмасын. Заки Валидовтің кім екенін де білмеймін, өмірімде ол туралы естіп көрмеппін. Әділевті естуім бар, бірақ өзін көрмеппін».

Бұдан кейін 1931 жылдың 15-қыркүйегі күні тергеуші оған түрлі тақырыптарды атап ұсынып, соған жауап беруді талап еткен. Сурет көрсетіп, олардың кім екенін сұрайды. «Жоқ, мен бұларды білмеймін. Мен Әділевті үйіне ауырып келгенде ғана көрдім»,дейді. Алайда келесі жолдағы хатқа түскен сөздер кілт өзгеріп сала береді. Айыпталушының алдыңғы тергеудегі кесімді сөздері жұмсарып, айыбын мойындауға көшкен. Бұған қарағанда арадағы үзіліс кезінде қысым көрсетіліп, қинау жасалған сияқты. Оны мына жауаптың мәнерінен де байқауға болады:



«Мен қазір бұрын жасырып келген жайлардың бәрін де сізге айтып беремін, жолдас милиционер. Шындығында да 22-жылы Ташкенттен Бөкейхановқа беруге арналған хатты алдым. Онда ешқандай адрес көрсетілмеген және ол ауылда жоқ дегенді естідім. Хатты тапсырғым келмей жыртып тастадым. Онда Ташкенттегі ұйымның жай-жапсары айтылған сияқты. Хат жөнінде мен Әбікей Сәтбаевқа, Хасен Ақаевқа және ...(аты толық танылмады – Т.Ж.) айттым. Кейіннен білдім, Бөкейхановқа арналған хаттың мазмұны туралы жергілікті адамдардың барлығы естіп алыпты»,деп жұмсарта баяндаған.

«Шабармандығы» болмаса, Х.Досмұхамедов айтқандай, «ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адам қатарында» қалыпты. Бұл да кісінің кісісінің ғана қолынан келетін қасиет.

Бұл томдағы тергеу ісіне тартылғандардың бәріне тағылған айып пен қаулы мәтіні бірдей. Тек қана аты-жөндерін ауыстыра салса болды. Сондықтан да Ж.Досмұхамедовке шығарылған айыптау қорытындысын толық келтіреміз.

«№2370 іс. І том. 435-а бет. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов тергеуге алынып, № 2370 іс бойынша жауапқа тартылған Жаһанша Досмұхамедовтің қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысы және соған байланысты кеңес өкіметіне қарсы әрекеттері толық дәлелденгенін ескере отырып ҚІК-нің 128-бабына сәйкес ҚАУЛЫ етемін:

Осы іс бойынша Досмұхамедов Жаһанша мына қылмыстық әрекеттері үшін айыпкер ретінде тергеу астына алынсын, ол: 1). 1921 жылы айыпкерлер М.Тынышбаевпен, Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкент қаласында қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрған, ол ұйымның бағдарламасын жасауға қатысқан, ұйымды кеңейтіп, оның бағдарламаларын тарату үшін ұйымға жаңа адамдар тартқан, мысалы 1922 жылы Алматы қаласында айыпкер Біләл Сүлеевті ұйымға тартқан.

2) Ұйымның жетекші мүшелерінің бірі ретінде Бұқарадағы басмашылардың құрбашы Заки Валидовпен байланыс орнатқан, сондай-ақ 1927 жылы Сарысу ауданындағы Әділевтің бандысымен астасып, Ақмола милициясының бастығы мен тағы бір милиционерді 1923-жылы атып өлтіргені үшін ұсталған бандының бастығы Әділев Байсейітті Қызылордадағы түрмеден босатып жіберуге қатысқан.

3) Астыртын ұйымның жетекші мүшесі ретінде партия мен кеңес өкіметінің жер саясатын бұрмалауға бағытталған науқанға белсене қатысты, сондай-ақ 5 партконференция мен Қазақстандағы кеңестің 5-сьезінде жерге орналастыру мәселесінің шешілуіне қысым жасады, астыртын ұйымның бағдарламасының талабы бойынша «Алқа» астыртын үйірмесінің әдеби бағдарламасын жасауға қатысты, яғни: ҚК-нің 58-7, 48-10, 58-11 және 57-3 баптары мен тармақтары бойынша жауапқа тартылсын.

Төтенше өкіл – Попов. «Келісемін»: ОО бастығы үшін – Волохов».

Осы қаулының үстін бастыра: «Осы қаулы маған оқылды, бірақ та қаулыда негізделген материалдар маған толық көрсетілген жоқ. Ж.Досмұхамедов. 25/Х 31»,деп қол қойған.

Бір түсініксіздігі, тергеуші кәсіби заңгермен бетпе-бет келе отырып, Ж.Досмұхамедовке мүлдем қатысы жоқ Д.Әділевтің қылмысты ісін қалай «қиыстыра» қосақтаған? Жерге орналастыруға, телім бөлуге, «Алқа» үйірмесіне қатысты өзге көрсетінділерде де Ж.Досмұхамедовтің аты аталмайды. Қалайда «сауатты» айып тағып, түрмеге қамауды мақсат етсе керек. Ал «қылмыскер» адам айыптау қорытындысымен келісе ме, жоқ па, оларға бәрібір еді.
4.
Осыншама қилы да қияметті тергеудің қорытындысы ретінде шығарылған үштіктің үкімі Халел Досмұхамедовтің жер аударылып барған Воронеж қаласынан 1934 жылы 28 наурыз күні Саяси бөлімге қарата жазылған өтінішінде толық қамтылған. Онда:

«СССР-дің ОГПУ коллегиясына Қазақстаннан жер аударылған Досмұхамедов Халел Досмұхамедовичтен өтініш.

ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы коллегиясының қаулысы бойынша ұлтшылдықпен айыпталып, 1930 жылдың 14-қыркүйегінен бастап 5 жылға жер аударылған едім. 33-жылы өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауырдым. Сондай-ақ ұсынылған құжаттарда көрсетілгеніндей бүкіл денемді дуылдататын жүйке қышымасына да ұшырадым. Аурудың себебі – ауыр жұмыс, ауа райының жақпауы, тұрмыстық нашар жағдай (тар және сыз пәтер, еңбекақының тамаққа жетпеуі). Мен 5 адамнан тұратын үйдің жалғыз асыраушысымын, әйелім және 14-16 жастағы 3 балам бар, оның біреуі туберкулезбен, екіншісі туботоксинациямен (?) ауырады. Қазіргі жайсыз жағдайға байланысты менің үй-ішімнің өкпе туберкулезін жұқтырып, тарату қаупі бар. Менің дертім барған сайын асқынып, меңдеп барады. СЧО (сслькадағы санитарлық емдеу – Т.Ж.) аймағындағы ем өкпеге қонбайды. Маған жыл сайын бірнеше ай бойы Қырым мен Кавказ санаторийларында емделу қажет. Жер аударылушы ретінде мен ондай мүмкіндіктен айырылғамын. Мұндай жағдайда мен өзімнің жұмыс қабілетімді ғана жойып қоймаймын, сонымен қатар мен мүгедектікке ұшырасам, бүкіл жанұям асыраушысыз қалады. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере келіп СССР-дің ОГПУ-нің коллегиясынан мені босатуды не кесімді мерзімді азайтуды өтінемін.

Х.Досмұхамедов. 28 наурыз, 1934 жыл.

Мекенжайым: Воронеж қаласы, Ветеринарная көшесі, 13. Дәрігерлердің анықтамасы қоса тіркеліп отыр”, деп баяндалған.

Әрине, өтініште көрсетілген тілектің орындалмағаны анық. Дәрігер болғандықтан да өзін іштен жеген қылқұрттың қаншалықты қатерлі екенін сезсе де жұқпалы дерттен баласын арашалай алмағанына қатты қорланғанын, Х.Досмұхамедовтің зағип боп қалған қызы Қарашаш апай қабырғасы сөгіліп отырып айтып еді. Кесімді мерзімі біткен соң да Қазақстаннан қайыр болмайтынын біліп еліне қайтпаған. Денсаулық сақтау мекемесінде амбулатория меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істепті. Өжет мінезді қайсар қыздың қиналғанын көріп тұрып, одан әрі қинауға біздің де дәтіміз жетпеп еді. Сол кезде айтылған бір ауыз сөз өзегімді қазір де қарып тұрғандай көрінеді.

Семіп бара жатқан өмірдің сөніп бара жатқан күнін тыныш қарсы алуға да кеңестік қастаншықпағыр жүйе мүмкіндік бермеді. 1938 жылы 26 шілде күні тағы да тұтқынға алынып, әуелі Мәскеуге апарыпты, одан Алматыға алып келіпті.

Батыс «Алашорда» тарихын түбегейлеп зерттеген Дәметкен Сүлейменованың мағлұматына сүйенсек:



«1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. 1939 жылы 19 тамызда түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды – деген хабар келген. Бірақ бұл дерек толық анықталған жоқ».

«Бір жанға екі күймек әділет пе?», деп Абай айтқандай, Халел Досмұхамедұлы да ұлты үшін бір емес, екі рет күйінді болды.

Тура осындай тағдыр тауқыметі Жаһанша Досмұхамедовті де күтіп тұрды. Тергеу ісінің І томының 990-бетінде Воронеж облыстық Ішкі істер басқармасының бөлім бастығы Булатов 1935 жылы 17-тамыз күні төмендегідей шешім шығарған. Онда:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет