Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет8/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   46

ІҮ. (Төртінші мәселе қазақ интеллигенциясының З.Валидовпен байланысы туралы қозғалады. Ол туралы пікірі кейінгі көрсетіндіде қамтылатын болғандықтан да біз де пайдаланбадық Т.Ж.).

Ү. 1922 жылы жазда маған Дулатов пен Әділев келіп: «Ғазымбек Бірімжанов Германияға оқуға кетіп барады, шет елде жүрген Шоқаевқа қазақтардың жағдайын жеткізу керек, қайтарында Шоқаев өзінің шет елде не істеп жүргенін Бірімжановқа айтып жіберсін», – деді, мен бұл ұсынысты қолдадым. Өзбектер де өзінің студенттеріне осындай тапсырма беріпті. Бірімжановтың бұл сапары туралы пікірімді бұрынғы көрсетінділерімнің бірінде айтқанмын.

ҮІ. (Бұл тарауда қазақ және өзбек тілдерінде әдебиеттер шығару үшін Ташкентте баспа ашуға ұмтылғандары, жер-су реформалары, Т.Рысқұловпен, Бөкейхановпен 1927 жылғы кездесуі, ауылға барып демалғаны баяндалады. Бұл мәселелер өзге көрсетінділерде бірнеше қайталанып айтылады Т.Ж.).

Осы көрсетіндімді қорыта келе айтарым: түрмеде отырған екі ай ішіндегі өткен өмірім туралы үздіксіз ойларым, менің бұрынғы көзқарасымды мүлдем өзгертіп жіберді. Өткен өмірімдегі кеңес өкіметінің алдындағы кінәмді сезінемін, маған кешірім жасап, Қазақстан мен Түркістаннан тыс жерде еңбек етіп, өзімді «Алашорда» идеологиясының насихатшысы ретінде емес, ұлы СССР-дің техник-қызметкері ретінде көрсетуге мүмкіндік берулеріңізді өтінемін. М.Тынышбаев».

Тергеу ісіндегі жауаптар бірыңғай көрінгенімен, олардың көрсетіндісінің арасында өзгелердің аты-жөні кездесіп, түсінік берулерінің себебі, тергеу – сұрақ ретінде жүргізілген. Тыңшылардың мәліметіне сүйеніп берілген сұрақтарға қайтарған жауабы тергеушінің ыңғайына орай қағазға түскен. Сондықтан да оны нақты көрсетінді деп қарауға болмайды. Біз бұл жауаптарды тек түрме тарихына қатысты деректерден барынша толық мағлұмат беру үшін және олардың көрсетіндісінде айтылған адамдардың не үшін жауап беріп отырғаны түсінікті болуы үшін келтірдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов өзінің жауабында: М.Тынышбаевтің көрсетуі жалған, мені онымен бетпе-бет кездестіріңіз, деп талап етеді. Ал М.Тынышбаев өз жауабында:



«Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлгенбіз. Сондықтан да оның кеңес құрылысы туралы хабары жоқ болғандықтан да, қарсы әрекетке бару мүмкін емес»,– дейді.

Міне, осы айғақтың тонын аударып пайдаланған тергеуші Х.Досмұхамедовке:



«Сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр»,– деп арандатады.

1930 жылғы 6 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаевтің көрсетіндісінде астыртын ұйымды мойындағандай сыңай танытатын айғақтар кездеседі. Мұны қатты қысым мен зорлықтың нәтижесінде айтты ма, жоқ, тергеушінің өзі айғақ берген адамға да оқытпай: міне, сен туралы мына көрсетіндіде былай жазылған, деп бопсалап жауап алды ма, ол жағы белгісіз. Бұл – түрме тергеушілерінің кәнігі төселген тәсілі. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермековке, М.Әуезовке – М.Тынышбаевтің; керісінше М.Тынышбаевқа – Х.Досмұхамедовтің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің; Х.Ғаббасовқа – Е.Омаровтың; А.Байтұрсыновқа – М.Жұмабаевтің; М.Әуезовке – Ж.Аймауытовтың, Ә.Байділдиннің; Ж.Аймауытовқа – М.Әуезовтің, Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің; М.Дулатовқа – М.Есполовтың, Ғ.Бірімжановтың, Х.Болғамбаевтің, К.Жәленовтің; Ә.Бөкейхановқа – Е.Омаровтың, Ә.Байділдиннің, ал осылардың барлығына Д.Әділевтің жауаптарын қарсы қойып, өзара арандатуға тырысқан.

Бұған бір мысал: 30-жылғы 6 қыркүйекте тергеуші М.Тынышбаевқа:

Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа, тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімхан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой”– деп жорта сұрақ қойған.

Өкініштісі, мұндай бопсаға түсіп қалғандар да бар. Ал М.Тынышбаев сондай шырғаға түспес үшін:

Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты” деп сұрақты сөзбе-сөз қайталап жауап қайырады.

Ал енді мұны көрсетінді деуге еш келмейді. Бірақ та аты аталған адамдарға аты-жөні көрсетілген тұсты ғана нұсқап: сенің қылмысың туралы, міне, М.Тынышбаев мынадай деп көрсеткен, деп арандатқан. Сондықтан да Х.Досмұхамедовтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің көрсетіндісінде М.Тынышбаевтің есімінің аталуына күдіктене қарауға болмайды және өзгелерді өзінен неғұрлым алыстата түсу үшін: екеуара қатынасымыз нашар, мен оны жаратпаймын, ол мені жек көреді, деген сияқты екіұшты пікірлерді оқығанда, айыпталушы екінші адамды қорғап отыр деп есептеу керек.

М.Тынышбаевтің 30-жылғы 4 қазандағы жауабының соңына қолы қойылмаған. Көрсетіндінің басында өзінің „Алашордадағы” қызметтеріне шолу жасай келіп:



«А.Байтұрсынов пен М.Дулатов ұсталғаннан кейін ұйымның жұмысын Алматыда – Ермеков, Досмұхамедов Халел, Тынышбаев, Досмұхамедов Жаһанша, Ташкентте – Қашқынбаев Иса, Әуезов Мұхтар, Қожамқұлов жалғастырды. Ташкенттегілерге Сырдария округіндегі Кенесарин Әзімхан (Шымкент), Мұсаев, Шынғалин, Қоңырқожаев (?), Әулие-Атадан – Байсейітов Әзиз, Түркістаннан – Өтегенов Садық мүше ретінде қосылды. Қазақ-монғол тарихы туралы еңбегімде қазақтың шығу тегі жөніндегі пікірлерімді алашордашыл-ұлтшыл көзқараспен жаздым, кітаптың таралуына жол бермес деген күдікпен оның көшірмесін өзімде сақтап қалдым», деген пікірді білдіреді.

Зады, баспадан шығып, таратуға тыйым салынған, бірен-саран данасы бізге жеткен тарихи шежіренің кейінгі өңделген, толықтырылған нұсқасының жағдайы қатты алаңдатса керек. Өкінішке орай, толықтырылған нұсқа із-түзсіз жоғалып кетті.

Осы көрсетіндідегі С.Өтегенов туралы деректер өте қат, зерттеушілердің де назарынан қалыс қалып келеді. Оның есесіне сол жылдардағы адамдардың өмірбаяны «қызылтұмсық арыздар» арқылы барынша толық жазылған. «Коммунист Д.Нысанбаевтің 1925 жылы 31-қаңтарда Сұлтанбек Қожановтың Қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайлануына байланысты» жіберген «жанашырлық хатында» бүкіл түркістандық қазақ зиялыларын не алашордашыл, не басмашы етіп шығарған. Сол арызда «Кеңес» құпия ұйымының «төрағасының бірі Садық Өтегенов» туралы:

«Шымкенттік, Әулие-Ата уезінен, ұзақ уақыт бойы Түркістанда тұрған, Қожановтың қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастырған бас кеңесші әрі ұстазы. Өтегенов жолдас Ташкенттің мұғалімдер семинариясын Қожановтан көп бұрын бітірген, аз уақыт халық мұғалімі болған, содан кейін ұзақ мерзім бойы сот пен приставтың аудармашысы болған», деген («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 175-бет) ғұмырнамалық дерек бар.

Осы аз мағлұматта зерттеушілердің ой қорытуына мүмкіндік беретін көп мағына бар. Түптің-түбінде іздеу салынатын тұлғаның бірі. Өйткені: «Құмның ішінде жасақ жиып, кеңес өкіметіне қарсы күреске шығайын ба?», деген ұсынысты қарабайыр қазақтың екісінің бірі айта бермейді.


«1930 жылғы 5 қараша күнгі инженер Тынышбаевтің тергеу хаттамасы. Жауап алған ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жолд. Алшанский

1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22 жылы сәуір айында Заки Валидовтің сөзінен білдім. Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды. Сонда: Міржақып Дулатов Заки Валидов туралы әңгіме болмақ. Онда өзбектердің де өкілі келмек, - десті. Уағдаласқан күні бардым. Алғашқы мәселе Ташкент ұйымының жұмыс барысына арналды. Бұл Халел Досмұхамедовтің қазақ оқу-ағарту мекемесінің үйіндегі пәтерінде өтті. Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты. Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: Шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Заки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Заки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен, - дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есполов бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов бұған қатты қарсы болып: «Мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды», - деді. Мен де сөзге араластым. Менде сенімсіздік бар еді. Ақыры: ұйымды құру керек, - деп ұйғардық. Жаһанша да соңында келісімін берді. «Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс», - деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен: «Алматыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек», - деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ. Коммунистерді де ұйымға тарту мәселесі қозғалды. Біз оған қарсы болдық. Өйткені: Қожанов біліп қоюуы мүмкін, - деп қауіптендік. Сөйтіп алғашқы жұмысты Қазақстанның қалаларында ұйым бөлімшесін ашу әрекетінен бастадық. Ұйым ісіне Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер белсене араласты. Әсіресе Халел Досмұхамедов үлкен теоретик, кеңсе мен ұйымдастыру жұмысына жетік, істен гөрі теорияға бейім еді. Ал Жаһанша Досмұхамедовтің іскерлігі басым болатын. Ермековтің ұйымдастыру қабілетінің қандай дәрежеде екенін білмеймін. Бірақ ол өте шешен, айтқанына сөзсіз сендіре алатын тілмар еді.

2) Қалыптасқан тарихи жағдайды бағалауға келгенде Дулатовқа ешқайсымыздың күрескерлігіміз де, өреміз де жетпейтін. Ұйымға ешқандай ат қойылған жоқ. Қазақтардың астыртын ұйымы деген түсінік қана болды. Бұдан басқа мәселе талқыланған жоқ. Ұйым төрағасына Халел Досмұхамедов сайланды. Ұйымның хатшылығына Дулатов пен Бірімжанов ұсынылды. Бірімжанов: бұл мәселеге ақсақалдардың алаңдамауын, оны өзі жүргізетінін айтты. Ұйым алдына мынадй міндеттер қойды: 1. Заки Валидовпен кездесу керек. Оған Бірімжанов барсын деп шешілді. Сөйтсек Бірімжанов Бұқараға барып келіпті. Бұл отырыста біз: Бұқарға Халел Досмұхамедов барсын, ол Заки Валидовті бұрыннан таниды және дәрежелес деп пікір білдірдік. Халел Досмұхамедов қайтып келген соң бізге барлық жайды түсіндіріп берсін дестік. Бұған Досмұхамедов үзілді-кесілді қарсы болды.

3) …Ұйымның саяси-экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді. Заң шығарушы орган парламент болуға тиісті. Үкіметті министрлер кеңсесі басқаруы тиіс. Тіпті болмаған жағдайда Кеңес үкіметінің қазіргі құрылымын пайдалану керек. Ең жоғарғы орган құрылтай болуы тиіс, деген ұйғарымға келдік. Бірақ та нақты ереже қабылданған жоқ».

З.Валидов: «Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мінауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет). ...Құрылтайымыз 18 қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады...».



М.Тынышбаев (жалғасы): Болашақ үкіметтің өнеркәсіп жөніндегі міндеті талқыланбады. Ал мал шаруашылығы қазіргі қалпында қалсын дестік. Су шаруашылығы ауызға алынған жоқ. Қазақстанның жері кең. Ондағы халықтардың да көңіл-күйі әр қилы. Әсіресе, жер мәселесі өте күрделі. Сондықтан да қоныс аударушыларды тоқтата тұру керек. Мал шаруашылығы мен жер өңдеуді қатар алып жүруге, жер өңдеу мәдениетін игеруге белсенді түрде көшу керек. 1922 жылғы жер туралы реформа біздің араласуымызсыз өтті. Біз ол реформаға мүлдем қарсымыз. Оның жобасына біздің ұйым мүшелері де белсене араласуға тиісті еді деген пікір білдірдік. Жалпы екі ұйым қатар жұмыс істеді. Орынбордағы ұйымға Байтұрсынов, Дулатов, Әділов, Бірімжанов, Болғанбаев, ал Ташкенттегі ұйымға Дулатов пен Бірімжанов жетекшілік етті. Екеуін де алдыңғы қатарлы ұйым деп есептедік. Айырмашылығымыз Жизақ пен Самарқан облысы Түркістанның құрамына енгендіктен де біз Заки Валидовпен жақын байланыста болдық. Қызылордадағы үкімет екеуін де бір ұйым деп қабылдады. Дулатов екі ұйымда да белсене қызмет етті.

4) Ұйым-террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедовке үндеу жазып таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұл шарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Заки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгеніндей, ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сүйкімсіз күйімізше сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік. Жер мәселесі жөніндегі 2-ші баптағы міндетті жоғарыда айтып өттім. Мал шаруашылығының қалыптасқан жүйесін бұзбау керек. Жер өңдеу мәдениетін жарыстыра жүргізу керек деген пікір сол күйінде қалды.

Сондай-ақ жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге және ғылыми кітаптарды аударуға баса көңіл бөлу керек дестік. Әсіресе оқу-ағарту мен жер мәселесі жөнінде белсенді түрде жұмыс істеу керек. Жер ең алдымен жергілікті халыққа берілсін, содан кейін барып казак-орыстардың үлесін қарастыруға болады деген тұжырым ұстандық. Мен ол кезде темір жолда жұмыс істедім. Бұрын тарих пәнінен сабақ бердім. Өз дәрісімде ұлттық идеяны дәріптеп, қазақтар Кеңес өкіметінен гөрі 17 ғасырда жақсы, емін-еркіндікте өмір сүрген. Сендердің сыбағаларыңа сол өмір тиесілі еді – деген сияқты пікір білдіріп жүрдім. Тарихты нашар білгендіктен де олар менің сөзіме сенді. Мұның барлығы, әрине, өткен тарихи әңгіме. Жоғары оқу орындарына арналған кітаптарды құрастырып, аударуға Халел Досмұхамедов, Орынборда Байтұрсынов пен Дулатов белсене араласты. 25-ші жылдан кейін мен де араластым. Оқу пәндерін қадағалауға тиісті Сүлеев бізге бақылау жасаған жоқ».

Мұхамеджан Тынышбаев өзінің институтта толтырған анкетасына:



«Қара сүйектен шыққанмын, ешқандай революциялық қоғамдық қызметпен айналыспадым, денсаулығым жөнінде айтарым жүрек қабы кеңейген, безгекпен ауырғамын, қазақ ағарту институтында тұрақты істегім келеді,– деген анықтама берген.

Ол – ұлт көсемі, Түрксібті жобалаған теміржолшы-инженер ретінде ғана емес, тек тарихшы ретіндегі еңбегімен де ұлт тарихында мәңгі сақталатын тұлға. Оның бұл саладағы зерттеуі 1923 жылғы институттың ІІІ курс студенттеріне арналған түркі-монғол тарихының бағдарламасынан бастау алды. Дәріс жобасы мынадай:



«Түркі-монғол тарихына кіріспе.

1. Монғолдардың (Шыңғыс ханның) дәуірлеуіне дейінгі көне түркілер туралы деректер. Түркілер мен монғолдардың ежелгі баспаналары. Ғұндар, сақтар, юзилер, үжіндер (үйсіндер Т.Ж.), қаңлылар, сәнбилер, жужандар. Оғыздар: шығыс және батыс түркі қағанаты. Ұйғырлар, тоғыздар, өгүлер, қарлықтар, қараханилер, печенегтер, былғарлар, мадьярлар, башқұрттар, хазарлар, қыпшақтар, түрік-селжүктер, қара қытайлар (қидандар Т.Ж.).

2. Монғолдар. Ұлы монғолдар мен солтүстік монғолдар (татарлар), керейлер, меркіттер, жалайырлар және Шыңғыс ханның дәуірлеуі Шыңғыс ханның империясы, Шыңғыс ханның тұлғасы.

3. Шыңғыс тұқымдары (төрелер Т.Ж.). Шыңғыс ханның тұқымдарының жергілікті жұртты билеу жолындағы күресі: Үгедей, Шағатай, Жошы және Төле ұлыстары. Алтын ордадан Тоқтамысқа дейін және Темірдің Шағатай ұлысындағы билігі.

4. Темір және оның империясы. Баязидтің талқандалуы, Тоқтамыстың күйреуі және оның салдары, Темірдің жеке тұлғасы.

5. Алтын орданың күйреуі және оның себептері. Кіші хандықтардың: Қырым, Қазан, Сібір, Ноғай, Өзбек және Қазақ хандықтары бірлестіктері, қырғыздар.

6. Темірдің тұқымдары, Шайбани ханның Түркістанды жаулап алуы.

7. Шайбанидтер, Аштарханидтер, Маңғыттар (Бұқара), Қоңыраттар (Хиуа), Менгілер (Қоқан).

8. Қазақ хандығы бірлестігінің кейінгі тағдыры. 1723 жылғы соғыс және оның салдары.

9. Қазақтар мен қырғыздарды орыстардың бағындыруы.

10. Түркі-монғол халықтарының шежіресі», деген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 46-бет) тұрғыда түзілген.

Біз де тарихтың ұшығын ұстап жүрген профессор ретінде айтарымыз, Мұхамеджан Тынышбаев түзіп кеткен осы дәріс кестесінен ХХІ ғасырдағы жоғары оқу орындарының бағдарламасы тереңдеп не қанатын кең жайып кете қойған жоқ.

М.Тынышбаев (жалғасы): «25-ші жылдан бастап мен құрылыспен айналыстым. Онда саясатпен айналысуға мұрша болған жоқ. Болашақ мемлекеттің мүшелерінің кім болатыны талқыланған емес. Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмеймін. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінгі Шоқаевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ».

Өзінің орнына Қоқан республикасының премьер министрі болған М.Шоқайды «Мен оны жақтырмайтынмын», деу арқылы сол тұстағы барлық саяси күрес ахуалын баяндаудан бас тартып отыр. Әйтпесе: Қоқан республикасы құлағанда қызыл әскерлерге қарсы соғыстыңыз ба, М.Шоқаевпен арадағы байланыстарыңыз қандай, өкіметті қалай тапсырдыңыз, тағы кімдер өкімет мүшесі болды, сол үкіметтің құрамындағылардың ішінде кімдер басмашыларға қосылды, олармен арадағы байланыстарыңыз қалай еді?, – деген сұрақтың астында қалар еді.

М.Тынышбаев (жалғасы): «…Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Сәдуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты».

Мұхамеджан Тынышбаев пен С.Сәдуақасовтың түйісіп жатқан пікірлері соңғысының «Ұлттар мен националдар туралы» атты мақаласындағы:

«Патша өкіметінің заманынан бері қалмай келе жатқан қате көзқарастың бірі – ұлт республикаларына шикізаттар дайындап шығаратын аудан деп қате қараушылық. Мұны қою керек. Бұл туралы 12-съезде де сөз болып өткен еді. Өнерлі кәсіп лайығына қарай бөліну керек деседі. Дұрыс-ақ, тері шығатын ауданда – былғары зауыттары, жүн-жұрқа бар аудандарда – жүн жуатын орындар, шұға фабриктері салынуы керек... «Шет аймақтарды тек қана шикізат аудандарына айналдыруға тырысқан патша өкіметі мен орыс буржуазиясының саясатын» өмірден аластау туралы директиваның шет аймақта, біздің мысалымызда, Орта Азия мен Қазақстанда жүзеге асырылуы жеткіліксіз, дәлірек айтқанда, мүлдем жеткіліксіз»,– деген көзқарастары болатын.

Осы арада тергеуші Д.Әділевтің сызып берген астыртын ұйымының кестесі туралы сұрақ қойған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «5. № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес, құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрылымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ оған мемлекеттік құрылымның өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатылуға жақын деп ойладық… Менің миымда осы ой ұялап алды да, мен он өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуов мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Сәдуақасовпен хат арқылы пікір алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім: ол Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн, деді. Сұлтанбековпен мен алғаш рет Рысқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді».

Бұдан кейін С.Асфандияровпен, Т.Рысқұловпен арадағы байланысы туралы сұрақ қойылған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «6. Асфандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Асфандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірге жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рысқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па, оны білмеймін. Рысқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.

Рысқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рысқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін, бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рысқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитетте істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы, ол 30 жасқа толғанда Ташкентте кездестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандай да сөйлескем жоқ».

Тұрар Рысқұлов та М.Тынышбаевті назарынан тыс қалдырмайды. Қамқорлық та жасағысы келіп:



«Бізде бар, бірақ тым мардымсыз ымырашыл зиялыларды оң мен солға лақтырумен келеміз. Біз оларды тиімді пайдалана білмейміз... Мысалы, кеңес өкіметі жаққа шыққандардың арасында инженерлік білімі бар жалғыз адам М.Тынышбаев... Ол өз ісін, соның ішінде далалық суару жүйесін жетік біледі. Қазіргі уақытта ол көшеде қаңғырып бос жүр, бейне бір басы артық адам сияқты... Зиялыларды білім, мәдени-ағарту, ғылым саласындағы жұмыстарға ұтымды пайдалануға болады. Бұл ретте ескі мамандардан коммунист шығарамын деп үміттенудің жөні жоқ. Бірақ та партияның алға қойып отырған міндеті әр түрлі инженерлер мен мамандар арқылы ұлттық саясат жүргізу емес, сол іске өзің жетекшілік ету», деп өз пікірін әдеттегідей екі жаққа бірдей қақпақылдай жеткізе отырып жанына жақын тартты.

«Алашорда» қайраткерлерінің үстінен жүргізілген ресми тергеу ісін Заки Валидов пен Тұрар Рысқұловтың, Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың үстінен жүргізілген ресми емес тергеу деп атаса да болады. Өйткені қамауға алынған қайраткерлердің бәрінен де осы төртеуі жөнінде қадалып тұрып сұраған. Сұрақ-жауап барысында толық анықталмаған мәселе: 1922 жылы Бұқарадан Ташкентке Алдаберген Үмбетбаевтің көмегімен жасырын келген кезінде Заки Валидов Тұрар Рысқұловпен жолықты ма, жоқ па?, деген сұрақтың жауабы еді. Тұрар Рысқұловтың өзі партиялық тазалау комиссиясы мен Сталинге жазған хаттарында өзара кездесудің болғанынан мүлдем бас тартқан болатын. Ал 1937 жылы 3 шілде күнгі қауіпсіздік комитетінің тергеушілері, капитан Глебов пен кіші лейтенант Нейманға берген жауабында:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет