«Қазан төңкерісін – мен және басқа да буржуазияшыл ұлтшылдар, соның ішінде Мұстафа Шоқаев, Серікбай Ақаев, Қоңырқожа Қожықов, Әбдірахман Оразаев бар, Түркістан өлкесінің барлық реакцияшыл буржуазияшыл-ұлтшылдарың: «Кеңес өкіметін мойындамаймыз, дербес буржуазияшыл Қоқан республикасын орнатамыз!»,– деген ұранмен Жалпытүркістандық төтенше құрылтайдың туының астына жидық. Осы құрылтайда премьер-министр Тынышбаев бастатқан үкімет құрылды, кейін оны Мұстафа Шоқаев ауыстырды. Қоқан республикасы Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының негізін қалады, ол 1918 жылдың басында (–?) талқандалды»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 148-бет) көрсетті.
Мұндағы: «басмашылар қозғалысы... 1918 жылдың басында (–?) талқандалды», - деген дерек жаңсақ кеткен сияқты. Анығында мұхараммдар қозғалысы 1928 жылдың ортасына дейін ұласқан болатын. Ал 1918 жылы 4 қыркүйек күні М.Тынышбаев пен Ә.Ермеков Сібір Колчак үкіметінің қабылдауында болып, автономияның жалпы ережелерін талқылады, сонымен қатар қазақ ұлтының сеніміне ие болуы үшін Облыстық комиссарды не оның орынбасарын қазақтан тағайындауды талап етті, 5 қыркүйек күні тұтқындағы алаш көсемдерін, соның ішінде Б.Сәрсеновті түрмеден босатуды ұсынды. Бұл сапарда М.Тынышбаев пен Колчак үкіметінің арасында белгілі бір дәрежеде байланыс орнады.
Анкеталық анықтама (жалғасы): 1919 жылы Колчак үкіметіне қазақ даласын басқарудың жобасын ұсынды.
Мұны түсіну үшін М.Тынышбаевтің 1919 жылы 16 көкек күні «мәртебелі билеуші Колчакқа» жолдаған «Жетісу облысындағы қазақтардың жұтқа ұшырауы» атты баянхатындағы (мәтін іріктеліп алынды):
«1916 жылы тамыздың басында майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлыққа қарсы қазақтар көтеріліске шықты, ол Пржевальский, Пішпек, Жаркент, Верның уездерін қамтыды. Оларға қарсы Ташкент, Ферғана және Семей қалаларынан жазалау отрядтары жіберілді. Жазалау отрядының екі айдан астам уақытқа созылған қуғынынан соң 200 000 қазақ (облыстағы қазақтардың 20%) қазан айында қарлы шыңды асып қытай жеріне ауды. 1916-1917 жылдың қысында босқындар ашаршылыққа ұшырады. Әйелдері мен балаларын сатты. 1917 жылы ақпан мен наурыз айларында босқындардың арасында сүзек індеті тарады. Көкек айында жаңа өкіметтің кешірімін естіп отанына жаяу-жалпылап, аш, жалаңаш жетті.
Крестьяндардың оларға өшіге қарап, астығын сатпай қоюының кесірінен... індет үдей түсті... Аштық Түркістан, Каспий, Сырдария, Жетісу, Лепсі, Қапал уезін қамтыды... 1918 жылы аштықпен қоса іш сүзегі Семей, Ақмола, Торғай облыстарын жайлады... Одан Әндіжан мен Ташкентке тарап, Сібірге ойысты. Сібір уақытша үкіметі Жетісуға баруға тиым салды...
Верныйдан жолдаған оннан астам жеделхатқа қарамастан Петроград тек 1917 жылдың қазанында, большевиктердің төңкерісі қарсаңында, Жетісуда мәлім мөлшерде ғана ақша қалғанда қаражат босатты. Персидан келген 2-казак полкінің көмегімен большевиктер облыстағы үкіметті тартып алғанша (1918 жылы ақпанда) Қазақтарға бөлінген 5 000 000 сомның тек 1 000 000 сомын ғана жұмсап үлгерді. Большевиктерге қарсы күрескен белсенді қызметкерлердің біразы қашып кетті, олардың кейбіреуі қолға түсіп, атылды (Мысалы, үкімет комиссары Шкапский т.б.)
...Қапал және Лепсі уездеріндегі «контрреволюциялық» әрекеттерді басу үшін 1918 жылы мамыр айында облысқа аты шулы Мамонтов (Мақаншы ауылындағы ұрыс кезінде оққа ұшты) жолай Верный, Қапал, Жаркент, Лепсі уездерін қырғынға ұшыратып, тонады... 1918 жылы маусым айында Сібірдегі төңкерістің хабары жеткенде (Семей қаласынан жіберілген «Алашорданың» арнайы адамы арқылы) Қапал мен Лепсі уездерінің қазақтары бас көтерді, қазақ қайраткерлері бірнеше жасақ құрып, Семейден келген жасақтарға қосылды...
Бұл оқиға қызылдардың ызасын оятып, қарусыз қазақтарды жаппай қырып, шаруашылығын ойрандады. Тек қана Лепсі уезінің Садыр болысының бес ауылынан ғана 5000 ересек адам өлтірілді, ал уез бойынша қаза тапқандардың саны 8000-нан асты. Менің әкемнің ауылындағы 6 жастан жоғары еректердің бәрі де өлтірілді, қыстақтары мен киіз үйлері өртелді, 15 әйел мен 17 бала тұл боп қалды…
Жоғарыдағыны мәлімдей келе Сіздің құзырыңыздан: 1. Ашаршылық пен қайыршылыққа ұшыраған қазақтарға 510 000 пұт астық... 2. Большевиктерден азат етілген қазақ шаруашылығына 5100 соқа, 51000 орақ, 255000 шалғы, 10000 балта, 1000 ара босаттырсаңыз екен… 3. 1918-1919 жылға тиесілі барлық алым-салық, ақшалай салғырт алынып тасталса екен… 4. Қазақтардан ат жинау тоқтатылсын… 5. Жаз шыға қайыршыланған қазақтар өзінің шаруашылығын қалпына келтіру үшін қыстақ пен киіз үй салу үшін орманнан ағаш кесуге рұқсат берілсін… 6. Большевиктерден босатылған қазақтардың түтін басына 150 сомнан қайтымсыз көмек берілсін, большевиктерден босатылған қазақтарға жиыны 7 650 000 сом, ал большевиктердің қол астында қалған қазақтарға 18 450 000 сом, барлығы261 000 000 сом қаржы босатылуы қажет. 7. Дәрі-дәрмектің, дәрігерлердің жетімсіздігіне байланысты қауіпті індет ауруы таралып кетпес үшін дәрігерлер мен фельдшерлер жіберілсін… 8. М.Төлебаев сияқты қазақ қайраткерлері тұтқыннан босатылсын…»,– деген «басқарудың жобасына», яғни, бұлжытпайтын шындыққа жүгінсе жетіп жатыр еді
Анкеталық анықтама (жалғасы): «1918-1919 жылдары Шығыс «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі, 1920 жылы Солтүстік Жетісудағы «Алашорда» отрядын бейбіт қарусыздандырып, қазақ атты әскер полкі ретінде ұйымдастыру шарасын жүзеге асырды.
«Алашорданың» Жетісудағы бөлімін басқарған М.Тынышбаев дербес «Алаш» жасағын да құрды. Оған Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, Серікбай Ақаев, Төлембай Дүйсебаев, Н.Ниязов, Қанатхан Сыртанов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Алдаберген Омаров, Кеңсаба Үмбетбаев, Базарбай Мәметов, Мырзақан Төлебаев, Керімбек Күдербеков, Біләл Сүлеев сынды алаш қайраткерлері Жетісу «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ еді. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді «жазалау әскері» деп қабылдап, «жергілікті қоныс аударушы-большевиктер» қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша ұмтылды. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі де кейін тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді. Большевиктер мен Жетісу казактарының жүздігінің «қызыл қырғыны» туралы М.Тынышбаев Колчак үкіметіне:
«1918 жылы облыс қазақтары қоныстанған мекеннің барлығы дерліктей большевиктердің зомбылығы астында өмір сүрді, олар алуға жарайтын нәрсенің бәрін тартып алды. Тұрғындардың дүние-мүлкін түк қалдырмай тонап алды, қазір ауыр зардап шегіп отыр, кейбір шаруашылықтар мүлдем жойылып кетті, түтін басы санағы жүргізілмеді, оны қазір жүргізу де мүмкін емес, берілген мағлұматтар шындыққа сай келмейді. Соған қарамастан бұл қазақтар 800-ден астам жасақ шығарып отыр (ал 1000-нан астам адам соғыс майданында жүр), біздің жігіттер ең жауапты шепте жүр, офицерлердің айтуынша, олар ең сенімді әрі ержүрек жауынгерлер болып саналады екен, алайда, біздің жігіттер қаруландырылмаған, немесе нашар қаруланған. «Контрреволюционер» деп айып тағылған біздің жігіттер Верныйдан, Жаркенттен, Пішпектен, Нарыннан, Гавриловкадан, Қапалдан, Лепсіден жасырын кетіп қалып, қазақ жасағын құрды, сөйтіп, Сібір отрядтарымен бірігіп шайқастарға қатысып жүр. «Алашорданың» мүшесі, Құрылтай жиналысының мүшесі, ең жігерлі қайраткер Отыншы Әлжанов Мақаншыда (Үржардың маңында) большевиктердің қолына түсіп қалды, оны айуандықпен отқа өртеп өлтірді»,– деп хабарлап, жағдайды түзету жөнінде 8 баптан тұратын ұсыныс жасады.
«Алашорда» үкіметі әскери кеңесінің мүшесі және Жетісудағы босқын мен ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмек комитетін басқару үшін Семей қаласына келіп, бірден үкімет ісіне кіріседі. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовпен бірігіп заң актілері мен үкімет нұсқауларына қол қояды. Ал А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков бастаған «Алашорда» үкіметінің мүшелері босқынға ұшыраған қазақтардың жағдайымен танысып, қытай үкіметімен біріге отырып тиісті шара қолдану мақсатында Шәуешек қаласына аттанады. Бұл туралы Ы.Жайнақов:
«Қытай жеріменен Шәуешекке «Алашорданың» Жетісу бөлімінің барша мүшелері келді. Бұл жақта қазақ пен казак-орыстың хал-жайы қатты аянышты. Талау, асып-атудан көзі ашылмайды. Қазақ-орыс қалаларын һам ауылдарын большевиктер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да таланға шалдығып, 1000-дай қазақты өлтірді. Сібір үкіметінің отряды Аякөз маңынан да естіледі. Жеңген, жеңілгенінен хабар жоқ. Хабар алуға, хабарласуға бүгін келдік. Хабарласуға қазақ отрядын түзеп жатырмыз. Жетісудағы большевиктердің саны 10 мыңнан асады…»,– деп хабарлады.
Ағайынды «большевик – партизандар» Мамонтовтардың қырғыны Алтай мен Алатау арасын қызыл қанға бояды. Қатыгездіктің ең анайы түрін қолданды. Шекаралық ауданнан:
«Мақаншыда большевикпен соғыс болып, Отыншы Әлжанов айуандықпен өлтірілді (тірідей отқа жағып жіберілді), Салық Аманжолұлы жараланды. Қазақ азаматтары қару-жарақтың аздығынан жеңілді. Соңғы адамды жартылай қаруланған жүздікпен Шәуешекке жібердік. Бұл жақтағы большевик әлі күшті. Сібір үкіметі тез құрал бермесе, Жетісу халқы қырылады. Алматы, Жаркент уездерінде казак-орыс станицалары қалған жоқ. Қапал, Лепсі уездеріндегі қазақ шығыны есепсіз. Пржевальскі, Пішпек уездеріндегі қазақ-қырғыздың не күйде екені белгісіз. Қазақтардан әскер жасақтау мақсатында тау арқылы Сергиопольге келдік, қорытындысын хабарлаймыз. Жайнақов, Жақыпов, Мамытов, Кәдірбеков, Ниязов»;
«Сергиополь – Шәуешек жолы бос. Мақаншыда ешкім жоқ, өйткені оның іші толған өлікке үйіліп жатыр, тіпті, құдықтар да бос емес. Тек атты қазақтар ғана байланыс жасай алады... Маған Шәуешекке барып консуль Долбежевпен, облыс комиссары В.В.Балабановпен, «Алашорданың» Жетісудағы кеңесінің мүшесі Тергеусізовпен кездесуге рұқсат беруіңізді сұраймын. Өйткені офицерлер мен жүздіктер, оның ішінде Көкпекті жүздігі, кейбір партизан жасақтары соғыста сенімсіздік байқатты. 400 казак жасағы қашып кетті, майданда тек «Алашорда» еріктілері ғана қалды, олар жан аямай шайқасты, өздері қаза тапса да казактардың қалдығын тауды паналауға мәжбүр етті... Бақты бекетінде осы маңдағы үш болыстан құрамында 150 алаш еріктісі бар екі жүздік жасақталды. Олар облыстық комиссар Балабанов пен алаш өкілі Тергеусізовтің қарамағына берілді... Қалғандары Бақты мен Үржар арасындағы жергілікті тұрғындардан құралған қорғаныс жасақтарына көмектесуге кетті. Сергиополь мен Үржарда да жасақтар ұйымдастырылды. Олардың барлығы Семейден келе жатқан Алаш атты әскер полкінің құрамын толықтырады»,– деген (Полковник Ярушин) жеделхаттар жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 216-217).
Қару-жарақтың жетіспеуінен қырғынға ұшыраған «Алаш» әскеріне М.Тынышбаев Семейден оқ-дәрі, қару-жарақ алып шықты. Ол бұл қаруларды «Алашорда» әскеріне өткізіп береді. Ол туралы өзінің көрсетіндісінде:
«1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтов отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» - деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякөзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша-желтоқсан айы болатын»,– деп мағлұмат берді.
Жетісу майданының дайындығын бақылауға келген АНТАНТА-ның өкілі Ч.Элиоттың келуіне орай шеруде көзге түскен алаш жасақтары туралы «Рабочий день» басылымы 1918 жылғы 6 қараша күнгі санында:
«Қазір құрамында 500 адамы бар қазақ жасағы Жетісуда большевиктерге қарсы соғысып жатыр. Сонымен қатар Жетісу облысында – 8 мың ерікті бар, Семейде – 2 мың, Оралда – 2 мың, Қостанайда – 450 жасақ бар. Таяуда сэр Элиот және Бірінші Дала корпусының командирі Матковский Семейге барып, қазақ атты әскерлері бөліміне өте риза болып қайтты. Жан саны 6 миллионға жуық, ұланғайыр жерді алып жатқан қазақтар қалыпты жағдайда 40 мың солдат шығара алады»,– деп жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 225) жазды.
Міне, Шығыс «Алашорда» әскері осындай қанды майданда соғысып жатқан кезде кеңес өкіметімен келісімге келуге мәжбүр болған А.Байтұрсыновтың қызыл комиссарларға:
«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды»– деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатты.
Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды.
Ал С.Брайниннің қосалқы серігі Ш.Шафиро: «Қазақстандағы ұлттық қозғалысты мадақтау орын алып отыр ма, жоқ па? Егерде мұндай бағыт Украинада орын алып отырса, онда Қазақстанда неге болмауы тиіс?.. «Алашорда» туралы Мартыненконың кітабі ерекше орын алады. Бір кезде «Алашорданың» өмір сүргенін жоққа шығарған адамдар болған. 1923 жылы Кенжин: «Алашорданың бағдарламасы дегеніміз – Құрылтай кеңесінің депутаттарына берген тапсырыс қана», – деп жазған болатын. Әлі есімде, 1929 жылы Қызылорда қаласында Мартыненко маған жүгіріп келіп, сондай бір мәз-мәйрам күйде өзінің «Алашорданың» мөрін тапқанын айтып еді. Мөр! Енді «Алаштың» өмір сүргенін ешкімде жоққа шығара алмайды... Біз осы арада Байтұрсыновты халықтың қамын жеген азап иесі ретінде көрсеттік, ол дұрыс емес. Кейде түрмеде отырудың өзі Байтұрсынов үшін пайдалы болды... Алашорда зиялыларының халық арасында беделі өте күшті болды. Бұқараның қозғалысқа ілескені анық, бірақ бұл революциялық қозғалыс емес еді. Сондай-ақ, бұқараға алашордалықтардың ықпалы күшті болғанымен де, мұны революциялық емес деуге де келмейді. Біз өзіміздің зерттеуімізді Жетісудағы азамат соғысының тарихын жазу үшін бастағамыз, сол кезде алашордашылардың қозғалысы туралы мәселеге тап келдік те, «Алашордаға» және оның бастау көзіне арнайы зерттеу жазғымыз келді. Бар мәселе осыдан келіп шығып отыр»,– деген мазмұнда екі жағын кезек-кезек қамшылады.
Қос автордың кереғар ұстанымдарын дәл аңғарған І.Құрамысов:
«Алашорда туралы үнемі айтып отыру керек, бір минутта мұны естен шығаруға болмайды... Ол туралы, ауыл тағдыры туралы айтып отыру керек... Ауылдың – малды жыртқыштарша қыруының, қозғалыстың Орта Азияға ауысуының кілті сонда... Бұл кітап бізге көп нәрсе берді. Біршама кемшіліктері мен қателіктеріне қарамастан, мәселенің батыл қойылуы – авторлардың табысы. Бұл тек қана олардың ғана емес, институттың, ұжымның – әзірше екіұшты ұжымның – Брайнин мен Шафироның табысы, қорыта айтқанда бәріміздің де жетістігіміз»,– деп тұжырымдады.
Мұндағы «екіұшты – двузначного» деп астарлап отырғаны Шафироның жоғарыдағы ұстатпайтын екіұшты сөзі ғана емес, сонымен қатар «Алашорда» туралы да болса керек. Қаншалықты «қызылданып» кетсе де, ұлт тағдырына қатысты тарихи құжаттардың жариялануына «екіұштылар» да мүдделі еді. Қалай дегенмен де, отызыншы жылдардағы үкімет қайраткері сексенінші – тоқсаныншы жылдардағы идеолог ғалымнан гөрі мәселені терең түсінгені анық танылады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда алаш қайраткерлерінің өмірі мен ұстанымы туралы салыстырмалы түрде толығырақ пікір қозғауға мүмкіндік туды. Кеңесте сөйлеушілерге, оның ішінде «екіұшты» төрағалық етіп отырған Орталық комитеттің екінші хатшысы І.Құрамысовқа да:
«Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетемін», – деген Брайнин, айтқан уәдесінде тұрып, шынымен де І.Құрамысовқа көресіні көрсетті.
Ол өзінің Н.Тимофеевпен қосарланып жазған «Большевик Казахстана» журналының 1937 жылы қыркүйектегі санында жарияланған «Жапон – Герман барлауының ұлтшыл агенттері туралы» атты мақаласында:
«Тура дәл осы кезде (1919 жылы – Т.Ж.) оңбаған (мерзавец) және алашорданың асыранды шпионы Құлымбетов (Құрамысов деп те түсініңіз – Т.Ж.) қызыл армияның Ырғыздағы отрядына барып сіңіп алды да, оларды да сатып, ақтарға қосылып кетті»,– деп «қарымтасын қалжасымен қосып» қайырып алды.
Саясатты бүркенген саяси сатқындық кеңес идеологтарының сүйікті тәсілі болды.
Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Түркістан темір жолында, Түркістан су шаруашылығы жүйесінде, Түркістан атқару комитетінің Жерге орналастыру комиссиясында бас маман болды.
Тергеуге берген көрсетіндісінде Жерге орналастыру басқармасы бастығының орынбасары Кәрім Әлімбаев:
«Ол кезде Түркістандағы жерге орналастыру комитетінде алашордашылар Есполов, Қожықов және Тынышбаев жұмыс істеді, олар Жер жөніндегі комиссариаттың басты бағыттарына сөзсіз ықпал жасады»,– деп (Алашорда қозғалысы», 3 том, 25-бет) әшкереледі.
Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Халық ағарту институтында оқытушы болды. 1925 жылы Қызылорда қаласының көркейту жүйесінің бастығы, 1926-1930 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, участке бастығы қызметін атқарды.
Жаңа экономикалық саясаттың екпінімен 1926 жылдың желтоқсанында СССР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түрксіб темір жолын салу туралы қаулы қабылдады. Оған «ұлы қоныстандыру идеясының кеңестік авторы» Алексей Иванович Рыков қол қойды. Үкімет тарапынан құрылған арнайы комитеттің төрағалығына РСФСР Халық Комиссариаты кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Ол дереу өзінің «өмірлік қамқоршысы» әрі «саяси дұшпаны» (өз сөзі) М.Тынышбаевты «жергілікті жағдай мен жер бедерінің білгірі, тәжірибелі инженер» ретінде қызметке шақырды. Шындығында да Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді. Өлкетанушы, жылы жүректі «тынышбаевшыл» Ф.Осадчийдің ғылыми айналымға түсірген хаттамасына жүгінсек, М.Тынышбаев Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданған. Соған сүйене отырып ұзындығы 50-60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ, бір составқа «біреуі алдынан тартып, екеуі – артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орынына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы – Қордай – Бішкек; Алматы – Шоқпар – Құланды – Бішкек жобасы талқыға түскенде М.Тынышбаев – Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге әрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы кейін «Березин жобасы» атанып кетті. Оған не амал табылсын. Бұл жобаға қарсы шыққандардың:
«– Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар»,– деген сәуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сәуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді» (Ф.Осадчий. Қазақтың тұңғыш теміржол инженері. Өркен, 1989 жыл, 12 тамыз).
Өкінішке орай үш күнге созылған бұл салтанатқа жалпы сомасы 26 миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нәтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхамеджан Тынышбаев қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені «Алашорда» көсемінің кеңестік құрылыстың авторы атануының өзі «саяси қылмысқа» жататын. Сөйтіп, жоғарыдағы жоба кезінде «халық жауының қастандық әрекеті» ретінде бағаланды.
Ал мұндай «қастандық әрекеті» үшін М.Тынышбаевтің тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді. Сондықтан да 1930 жылы 4 тамызда түрмеге қамалды.
3
Тергеушінің 1930 жылғы 1 қазан күні М.Тынышбаевқа қойған сұрақтары негізінен оның осы 1918-1920 жылдар арасындағы «Алашорданың» тең төрағасы және әскери кеңестің мүшесі ретіндегі атқарған қызметін қамтыды. Соның ішінде атаман Анненковпен майдан шебіндегі кездесулеріне баса тоқталды. Жетісудың орыс, қазағын қан қақсатқан қанқұйлы ағайынды Мамонтовтардың 10 мыңдық партизанына қарсы соғысқан алаш жасағына М.Тынышбаев қару-жарақ, киім, азық-түлік апарған. Ол кезде «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскері кеңес өкіметі жағына шыға қоймаған кезі. Біз тым ұзақ әрі шұбалаңқылау баяндалғандықтан да, тергеудің жауабын мазмұндап қана береміз:
І. 1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтовтың отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» – деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякөзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша-желтоқсан айы болатын. Демек, мен Анненковтың штабында қызмет еткемін жоқ. Оны Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев растай алады. Сол кезде маған Үржардан Нүсіпбек Жақыпбаев: мені Анненков Үшаралға шақырып жатқаны туралы хабар жіберді. 1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік.
Екінші рет 1919 жылы қыркүйекте кездескенімде, қарауындағы алаш эскадронын толтыруға жігіт жинап беруімді талап етті, ауылда жігіт қалмағанын айтып, бас тартқанымды алдыңғы жауаптарымның бірінде айтқанмын. Үшінші кездесуім Ақсу – Басқан күре жолында өтті. Талдықорғандағы қызылдарға 1919 жылдың желтоқсанында кеткен біздің жігіттердің – Алдаберген Үмбетбаевтің тағдырын білу үшін Ақсуға келе жатқамын. 1920 жылы қаңтарда Анненков Ақсу жолында машинамен кетіп барады екен. Қазақша киініп алсам да мені танып, амандасты. Үшаралға келуімді өтінді. Мен таяуда баратынымды айттым. Қасымда Керімбай Төлебаев бар болатын. Содан кейін Анненковты көрген емеспін. Анненковтың штабында қамдаушы болып істемегенімді Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев, Базарбай Мамбетов растай алады.
ІІ. 1919 жылы тамызда Семейді тастап, туған ауылыма, қалың найманның ішіне келдім. Сергиопольде Садық Аманжоловқа: кеңес өкіметінің «Алашордаға» кешірім жасаған Декреті шыққанын, Байтұрсыновтың кеңес өкіметі жаққа шыққанын, осыны ескеріп, ақтар шегіне қалса, шығысқа емес, батысқа бет алуын тапсырдым. 1919 жылдың қазан-қараша айларында Мырзахан Төлебаев пен Базарбай Маметовті шақырып алып, солтүстікке қарай аяқ баспауды, қызылдарға елші жіберуді тапсырдым. Талдықорғанға Алдаберген Үмбетбаев барып, тапсырманы орындады. Күдерин 1919 жылдың қарашасында (әлде желтоқсанда), Үмбетбаев 1919-1920 жылдың желтоқсан-қаңтар айында кетті. Бұрынғыны қайталап жатпас үшін бұдан ары шұбатып жатпайын».
Атаман Анненковтың «адамның бас сүйегі мен айқастырылған адам жілігінің суреті салынып, «С нами БОГ» деп жазылған жасыл ту көтерген казак жүздіктері ыдырай бастағанда, сол тудың екінші бетіне жарты ай мен жұлдыздың суреті салынған, бас киімдеріне ақ жолақ таққан алаштың Сергиополь жасағы майдан өтінде қалды. М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың ықпалымен 29 наурызда 2 және 3 қазақ полкі кеңес өкіметі жағына шықты, сөйтіп, қызыл армияның қазақ атты полкінің негізін қалады.
М.Тынышбаев (жалғасы): «ІІІ.1920 жылдың қыркүйек-қазан айларында Ташкентке келсем, мені шақырған Фрунзе де, Рысқұлов та онда жоқ болып шықты. Олардың барлығы да (Фрунзе, Куйбышев, Элиава, Викунов) Москваға кетіп қалыпты, ол жақтан қайтып оралмады. Ташкентте бұрынғы алашордашылардан Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Есполов (сол кезде таныстым) бар екен, кейіннен Иса Қашқынбаев, Көбжасанов келді. 1920-1921 жылы қыста Ташкентке Рысқұлов қайтып келді. Ол Құлтасовпен бірге (ол Рысқұлдың бірінші әйелінің қолында тәрбиеленген) маған келіп сәлем берді. Мен Рысқұловты осымен екінші рет көрдім (1914 жылы алғаш көргенімде ол бала болатын, оқуға кетіп бара жатыр екен, Түлкібас ауылында оның қолына ақша ұстаттым, егер мұқтаждығы болса тағы да жіберіп тұратынымды айттым). Ол: түркістандық орыс, қазақ коммунистерінің тартысында орыс тобының жеңіске жеткенін, сондықтан да Москвада қызмет еткісі келетінін айтты. Ол кезде қазақ, қырғыз, өзбектен шыққан партия қызметкерлері (Қожанов, Асфандияров сияқты) бізді, алашордашыларды техникалық жұмысқа тарту керек деп есептейтін: иә, жер, су мәселесі жөніндегі көзқарастарымыз да онша алшақ емес болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |