Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Сіз маған: «Қазақтың әлдекімі әлде қайда Ташкенттен сырт қалаға барды ма?»



бет17/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   46

Сіз маған: «Қазақтың әлдекімі әлде қайда Ташкенттен сырт қалаға барды ма?», деп сұрақ қойып отырсыз, ол туралы мен ештеңе білмеймін. Өз басым ондай жолдыбайшылыққа жүргемін жоқ», деп жауап берген.

Сот пен тергеу ісін, іс жүргізу хаттамасын білетін кәсіпқой заңгердің жауабы нақты әрі сенімді. «Алашорданың» ескі бағдарламасын естелік үшін жаңғыртып жобаға түсіру мен астыртын ұйымның арасындағы айырмашылық үлкен, оларға қолданылатын заң баптары да мүлдем басқа. Алғашқы жауап пен соңғы көрсетіндінің арасында қандай айырмашылық бар? Шамалы. Тек өзгелердің көрсетінділерінде ғана: «Ж.Досмұхамедов Ташкенттегі астыртын ұйымның бағдарламасын жасады», делінеді.

Жаһанша Досмұхамедов өзге көрсетінділерінде де осы бағыттан таймаған. Көрсетінділері кей тұста сөз бе сөз қайталанып отырады. Сондықтан да тергеушілер өзге айыпкерлермен беттестіруге мәжбүр болған:

«Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовтің тергеудегі беттесуі. 1931-жылдың 15-қыркүйегі.

Х. Досмұхамедовке сұрақ: 1921-22 жылдардағы Ташкентте құрылған сіздердің астыртын ұйымдарыңызға Жаһанша Досмұхамедовтің мүше болғандығын растай аласыз ба және ол бұл ұйымда қандай міндет атқарды?

Жауап: Ешкімде қолхат жазып шақырған жоқ. Ол шешімді Мұхамеджан қабылдады. Оған – Тынышбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Мырзағазы Есполов, Кәрім Жәленов қатысты. Олар Түркістандағы және Қазақ өлкесіндегі жағдайларды талқылады, соның ішінде Әнуар пашаның осында келуі мен Бұқарадағы оқиғалар сөз болды. Крондштаттағы көтерліс туралы да хабарланды. Сонымен қатар Орынбордағы Байтұрсынов басқарған ұйым мәселесінен хабарсыз екендігіміз айтылды. Содан кейін күнделікті тіршіліктің ауыртпашылығына тоқталып, Түркістанда ұйым құру туралы ұсыныс жасалды. Өзара сұрақтар қойып, пікір алыстық. Дінше Әділев: «Ұлттар туралы Үндеудің» (1917 жылғы ма, жоқ 1919 жылғы ма? – Т.Ж.) шартын пайдаланып Тәуелсіз Түркістан Халық Республикасын жариялау – туралы ұсыныс айтты. «Кеңес соттары жергілікті тұрғындарды барлық жерде қысып жатыр. Сондықтан да жиналыс ашып, еркін-саяси партия құру қажет. Қалалық кеңес үкіметі өзінің саясатын өзгертуге ықпал жасау керек», деді.



Отырыста біз осы мәселелерді талқыладық. Еркін саяси мүмкіндік беретін үйірме құрудың мүмкіндігі туралы алып-қашпа сөздер қалада кең таралды. Біз осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылдық және өзара пікір алысатын ұйым құруға уағдаластық. Айтылған мәселелерді Тынышбаев екеумізге қағазға түсіруді ұсынды. Біз оны Жаһанша Досмұхамедовке көрсеттік. Сіздердің «Бағдарлама» деп жүргендеріңіз осы. Бағдарламаның бір данасын Әділевке беріп, пікір білдіру үшін және өздерінің ұйымдарының мақсатын жеткізу үшін оны Байтұрсыновқа жіберуді өтіндік. Аз уақыттын кейін Байтұрсынов Әділев арқылы: «Барлық жағдайды Биахмет Сәрсеновтен ұғысыңдар», деп бізге сәлем айтыпты. Сондай-ақ Байтұрсынов: «Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз», депті. Осы жауаптан кейін біз өзіміздің үйірмеміздің жұмысын кейінге қалдырдық. Тек күнделікті оқиғалар туралы пікір алысып жүрдік. Ақпан айында Түркістандағы жағдай туралы толық баяндалған мәліметті Омаров Уәлихан арқылы Орынборға жолдадық. Жағдайдың қиындап кетуіне байланысты ол мәлімет тиісті жерге жетпей қалды.

Біздің барлық мақсатымыз: Кеңес өкіметі еркін партия құруға, жеке бағыт ұстануға мүмкіндік бере ме, жоқ па, ондай болған жағдайда бұқаралықтар Кеңес өкіметі жағына шыға ма? деген мәселені білу еді. Сол мақсатпен Бірімжановты Бұқараға жіберуді ұйғардық. Ол бас тартқандықтан да, бұл мәселе нәтижесіз қалды. Өтегенов Садықты кімнің жібергені белгісіз. Біз оған күдікпен қарадық. Ақылды, беделді болғандықтан да ... баруға үгіттедік. Біздің басты бағытымыз мынау еді: Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты. Ол ұйымның құрылымы мен бағытына қарсы болды ма, жоқ па, есімде қалмапты. Қалайда өзара пікір таласы болғаны анық. Қалайда кеңес үкіметінің халық соттары халық ішінен сайланып қойылуы тиіс дестік. «Тәуелсіз Халық Республикасы жарияланады», деген лақап рас болса, бұл әбден мүмкін жайт еді.

Жаһанша Досмұхамедовтің жауабы: Халел Досмұхамедовтің сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана. Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: «Жалғыз башқұрт (Валидов – Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашанда қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады», дедім.



Осыдан кейін Халел: «Егер Жаһанша қарсы болса, онда бұл ұйымды құрылмады деп есептеу керек. Одан да бұрынғы «Алашорда» тұсындағы саясатқа көшейік. Қоқан автономиясы кеңес өкіметі жағына шықсын. Оларға: саяси қылмысқа саяси айып тағылмасын. Кешірім жасалсын», - деді. Мен: «17-жылдың ортасында қабылданған ескі бағдарламамызды қайтадан жаңғыртуға түбірімен қарсы болдым. ... Мұрзин Әзиз бұған қарсы шығып: «Тынышбаев екеуің Орынбордағы қазақ құрылтайы қабылдаған «Алаш» партиясының бағдарламасын қабылдамадыңдар», десті. Мен: ондай бағдарламаның есімде жоқ екенін және орындаудан бас тартатынымды айттым. Алайда жолдастарымның қысымымен жобаны екі-үш күнде жазып бітіріп, «Ақжолға» (газет – Т.Ж.) бердім. Ол жобаны өзгертті ме, жоқ па, білмеймін. Ол жоба Бұқараға жіберілді ме, жоқ па, одан да хабарсызбын. Жоба Байтұрсыновқа және басқа адамдарға жіберілді ме, одан да хабарсызбын. Ешқандай жауапхат алғаным жоқ, ешқандай мәлімдемеге қол қойғаным жоқ. Заки Валидовтің Ташкентке келгенін білгенім жоқ. Оны менен жасырған болуы керек. «Түркістан Халық Республикасы жарияланды!», - деп түн ортасында мені ұйқыдан тұрғызып айтса да сенбес едім. Бұған кеңес өкіметі де, компартия да келісе қоймайтын. Ташкенттегі қазақ зиялыларының мәжілістеріне қатысқан емеспін. Өйткені мен ол кезде Түркістан Атқару комитетінің тапсыруымен Прежевальскіге іссапармен кеткем. Халел Досмұхамедовтің Өтегеновті қалай үгіттеп көндіргені туралы ешқандай мағлұматым жоқ.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Бұл оқиғаның тым ертеректе өтуіне байланысты кейбір жайларды ұмытып, не шатастырып алуым мүмкін. Жаһанша Досмұхамедовтің, жалпы «Алашорданың» батыс бөлімінің Заки Валидовке қарсы екені бұрыннан маған мәлім. Мәселе, Заки Валидовтің Бұқараға келуіне байланысты емес, Әнуар пашаға қатысты еді. Ол туралы Жаһанша Досмұхамедовке мен ештеңе айтқаным жоқ. Оған Қашқынбаев түсіндірген шығар, деп ойладым. Түркістан Халық Республикасының жарияланатыны туралы хабарды Ташкентке келген комиссар Орджоникидзе айтты деген сыбыс бар. Біз: «Халықтық Республика жариялаудың алғышарттары пісіп-жетілген жоқ», деп есептедік. Көп мәселе бізде қарапайым жолмен шешілді. Сондықтан да Жаһаншаның біраз мәселеден хабарсыз болуы мүмкін.

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Әділевпен «Ақ жолдың» қасында жолықтым. Мұндай мекемелерге мен жолай бермеймін. Оны Бұқараға жұмсады ма, жоқ па, хабарсызбын. Жалпы қазақ зиялыларымен араласуды жаратпаймын. Олардан ешқандай тапсырма алғаным жоқ, өзім де ешкімге тапсырма бергем жоқ. Мұны Халел Досмұхамедов те растай алады. Осыдан кейін қандай да бір ұйымға мүше болуым мүмкін бе?

Халел Досмұхамедовпен қатты сөзге келіп қалғандықтан да, жиырма екінші жылдан бастап, жиырма тоғызыншы жылға дейін ешқандай байланыс жасағам жоқ. Тек бір рет Алматыда аңға шыққан кезде кездесіп қалдым. Орынбордағы ұйым туралы ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Соған қарап менің жолым олармен бөлінген екен деп ойладым. Сондықтан да Халел Досмұхамедовтің көрсетінділері мен үшін жаңалық болып есептеледі.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Жаһанша Досмұхамедовтің біздің ұйымымызға қандай ықпалы тигенін ашып айта алмаймын. Өйткені екеуміздің қатты сөзге келісіп қалып, жиырма тоғызыншы жылдың аяғына дейін араласпағанымыз рас.



Сұрақ-жауап алған: Попов».

Бұл беттесудің мазмұнына түсініктеме беріп жатудың пәлендей қажеттігі жоқ сияқты. Бәрі де белгілі жайлар. Тек Жаһанша Досмұхамедовтің қадай сөйлегенінен, оның ысылған заңгер екені анық аңғарылады. Айтылған уәждерге екпін түсіре жауап беру арқылы өзінің ұстанымын Х.Досмұхамедовке аңғартып отырған. Тергеу ісіне 1931 жылы 30 наурызда Уәлитхан Омаров деген азамат та тартылған. Оның бар айыбы – «Халел Досмұхамедовтің 31 қыркүйек күнгі жауабының хаттамасында» былай көрсетілген:



«1922 жылдың көктемінде Омаров Уәлихан (Уәлитхан) Ташкенттен Семейге кетті. Біздің Ташкенттегі ұйымымыздың беделі төмен болғандықтан да, сондай-ақ Әнуар паша мен Заки Валидовпен қандай қарым-қатынас жасауымыз туралы Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа Уәлихан арқылы хат жолдадық. Бұл мәселе туралы Байтұрсынов қанағаттанарлық жауап бермегендіктен де, Бөкейхановты сол кезде өтуге тиісті қазақ зиялыларының мәжілісіне шақыруды көздедік. Жиналыс өтпей қалды, сондықтан да Омаров Уәлиханды пайдаланып Бөкейхановқа хат беріп жібердік. Хаттың мазмұны нақты есімде жоқ. Ұзынырғасы, қалыптасқан жағдайды түсіндіре келіп: «Біз не істейміз, сіз не айтасыз?», дегенге саяды. Бөкейхановты өзіміздің көсеміміз санағандықтан да, осы хатты жаздық. Біздің ұйымның ішінен тұтқындалғандар туралы мәлімет бердік. Хатқа мен, Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеуміз қол қойдық. Кейін білгеніміздей, хат Бөкейхановқа тапсырылмапты. Ол туралы 24-жылы Орынборда кездескенде айтты. Омаров Уәлихан хаттың мазмұнын білмеуі мүмкін. Өйткені оның ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адамның қатарына жатады. Бұл арада басты жауапкершілік Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеумізде. Жаһаншаның жауапкершілігі Тынышбаев пен менен кем болған жоқ. Қожамқұловты Әділевтің сырттай таныстыруы арқылы білемін. Омаров Уәлихан біздің ұйымға мүше болған жоқ. Ол біздің үйірмені «жолбике» деп қарады. Менің алдыңғы көрсетіндіме бар қосарым осы (Халел Досмұхамедовтің қолы қойылған)».

Тергеу ісінде тыңшылар қағазға түсірген Иса Қашқынбаев пен Уәлитхан (Уәлихан) Омаровтың екеуара жауаптасуы бар. Зады бұл екі азамат өзара сөйлесіп отырғанда олардың сөзін үшінші бір «үндемес» қағазға түсіріп отырған сияқты. Х.Досмұхамедовтің жоғарыдағы көрсетіндісіне қатысты болғандықтан да осы араға кіріктіріп беріп отырмыз. Ескерте кетеріміз, хаттамада Қашқынбаевтің фамилиясы «Кошкинбаев» деп көрсетілген. Ал мұндай адамның тура осы мәселе жөнінде тергеу ісіне тартылмағандығын ескеріп, біз Қашқынбаев деп алдық.

Қашқынбаев: «Уәлихан, 1921 жылы саған Әлихан Бөкейхановқа арналған бағдарламаны бергенде, Уәлихан, сен сақтық жасамаған сияқтысың. Ол (зады Дінше Әділевтің көрсетіндісін айтып отырса керек – Т.Ж.): «Сен Әлиханға арнап бір құжаттарды берді», деп түсініктеме беріпті. Ең бастысы бердің бе, жоқ па, соны бізге айтқан жоқсың ғой.

Омаров: Маған ешқандай бағдарлама берілген жоқ. Тынышбаевтің, Досмұхамедовтің қолы қойылған хат болды. Әлиханның ауылдан менен бұрын кетіп қалғанын білген соң, хаттың көзін жойдым. Хат туралы Сәтбаевтан басқа ешкімге айтқамын жоқ. Оның мазмұнын Сәтбаев білмейтін. Сен айтып отырған мұндай өсектің тарағаны рас. Менің ойымша мұның бәрін таратып жүрген Әділев немесе Әшім Омаров (? – Т.Ж.).

Қашқынбаев: «Валидовтің үйірмесіне Омаров 1922 жылға дейін мүше болған жоқ. Тек көктемге қарай Тынышбаевқа танысып шығу тапсырылды...».

Бұдан әрі өзара жауаптасуда Қашқынбаев әр нәрсенің басын бір шалып, нақты пікір не уәж айта алмаған. Анау – алай деді, мынау – былай деді, деген сияқты жалтаң да жалпылама сілтемеге көшкен. Оның тергеу барысына пәлендей әсері де жоқ әрі «тыңшы» түсініксіздеу етіп қағазға түсіргендіктен де, кім не туралы, кім туралы айтып отырғаны, қандай айып тағылғаны нақты ажыратылмайды. Тек айтылып отырған мәселенің мазмұны олардың өздеріне ғана анық болса керек. Сондықтан да анық ойды бұлдыратпас үшін біз де пайдаланудан саналы түрде бас тарттық.



3.
Айыптау қорытындысы Х.Досмұхамедовке 1931 жылдың 25 қазаны күні ғана мәлім етілген. Ескерте кететініміз, ендігі жауаптардың мазмұны мүлдем басқа арнада өтеді. Түрмедегі өткен бір жылда тергеудің аңысын аңдып, өздері де ойларын тиянақтап алған сияқты. Оған – жарыса жазылған мына өтініш пен мәлімдеме дәлел. Әуелі айыптау қорытындысына өтініш есебінде қарсылық білдірген. Содан кейін тергеу ісіндегі жалған хаттамалар жөнінде ашық мәлімдеме жасаған:

«СССР ОГПУ-і коллегиясының тергеу жөніндегі ерекше өкілі Поповқа тұтқын Халел Досмұхамедовтен өтініш.

Осы жылдың 25-қазаны күні маған: кеңес өкіметіне қарсы жасаған әр түрлі қылмыстары үшін деген желеумен 58-баптың 7, 10, 11 тармақтары және 59-баптың 3- тармағы бойынша айып тағылды. Маған тағылған осы айыптардың ішінде мен төменде көрсетілген жайларды ғана мойындаймын: 1) 1922 жылы кеңес өкіметіне қарсы құпия ұйымға қатысып, жұмыс істедім. 2) Сол 22-жылы Ташкент қаласына жасырын келген Заки Валидовпен кездестім, содан бастап 24-жылдың ортасына дейін пікір алысып тұрдым. Өзімнің қызмет барысымда буржуазиялық ұлтшыл демократиялық идеологияны басшылыққа алдым. Маған тағылған қалған айыптарды мен мойындамаймын. 24-жылдан кейін мен кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да құпия немесе ашық ұйымға, үйірмеге, тағы да басқадай алқаға қатысқамын жоқ. Өзімнің буржуазиялық идеологиямды кеңестік талаптарға саналы түрде бағындырдым. Бар білгенім мен өзімнің барлық іс-әрекетім бұрынғы тергеуге берген жауаптарымда, соның ішінде 31-жылдың 14-қыркүйегінде берген жауабымда толық қамтылған.

Соны тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2) «Алқаға» қатысқамын жоқ. Білетінімнің барлығын тергеу кезінде хабарлағамын. 3) Мен Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана Қызылорда қаласында 2,5 ай тұрдым. Негізінен 28-жылға дейін Ташкентте болдым. Қазақстан үкіметінің жүргізген шараларына кедергі келтірген емеспін. Қазақстан үкіметінің шараларын бұзатындай ешқандай қастандыққа ешқашанда барған емеспін. 4) Мен жер жөніндегі мәселелерден мүлдем мақұрыммын. Бұрынғы «алашордашылар» да бұл жөнінде менімен ақылдаспайтын. Олардың бұл мәселе туралы менімен санаспауының өзі де тегін емес. 5) Байларды тәркілеуге қарсы еш жерде ешқандай үгіт жүргізген емеспін. Жер және тәркілеу туралы пікірімді 14-қыркүйек күнгі көрсетінімде жазғанмын. Ташкентте де, Алматыда да оқушылар мен оқытушылардың арасында бұл бағытта ешқандай үгіт жүргізбедім. Бір сөзбен айтқанда 24-жылдан бастап тұтқындалғанға дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да қылмысты әрекетке қатысқан емеспін.

Ал жала жапқандармен бетпе-бет кездестіру ұйымдастыруыңызды өтінемін. Олардың өтіріктерін әшкерелеп бере аламын. «Тынышбаевтің ісіне» қатысты тергеу кезіндегі беттесу соны растайды. Тынышбаев менің үстімнен ешқандай көрсетінді жасамағанын айтты. Поповтың қолымен жазылған қоғамдық актілерді (тергеудің сұрақ-жауаптары болуы керек – Т.Ж.) маған көрсеткен жоқ. Тынышбаев та 1922-1930 жылдардың аралығында қандайда бір ұйым болған-мыс деген пікірден бас тартты. Ұйым мүшелерінің тізімі мен оның құрылымы сызылған кестеге байланысты мұның жалған екендігін қатаң түрде талап ете мәлімдеймін. Тынышбаев сызды-мыс делінетін кесте қиялдың ғана жемісі (Айта кетейік, бұл кестені сызған Дінмұхамед Әділев болатын. Бұл – «Алаштың» екі көсемін бір-біріне қарсы қою үшін тергеуші Поповтың қолымен жасалып отырған, жоғарыда аталып өткен қитұрқы арандату «актісі» болса керек – Т.Ж.). Олардың арасында ешқашанда ешқандай ұлтшылдыққа қатысы болмаған адамдар жүр. Мысалы, тізімдегі Қасымов деген адамды көрген емеспін. Мұндай адамдар тізімде көп сияқты. Менің көзімше тергеуші Поповтың «Тынышбаев жасады-мыс» деген көрсетіндісі мүлдем өтірік. Демек, Тынышбаевтің атынан жасалған өзге көрсетінділер де жалған. Сондықтан да Тынышбаевпен және өзге де адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Мен олардың көрсетінділерінің жалған екендігін әшкерелей аламын...

Мен айыптаушының (тергеушінің Т.Ж.) деректерді қайдан алғанын түсіне алмай тұрмын. Жауап алған кезде тергеу орындарының жаңсақ жазғанына енді еш күмәнім жоқ. Егерде тергеу дұрыс жүргізілсін десеңіздер, онда маған Тынышбаевтің және басқалардың өз қолымен жазған көрсетіндісін оқытыңыздар. 1922-1924 жылдар арасындағы кеңес өкіметіне қарсы бағытталған әрекеттерімді мойындаймын. Ал 24-30 жылдардың арасында кеңеске қарсы белсенді түрде күресті деген, өмірде болмаған ұйымның болуға мүмкін емес қылмыстарын мойындамаймын.

Осыған қосымша мынаны мәлімдеймін: мен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырған астыртын жұмыстарыма қатты өкініш білдіремін. Бұл өкімет бұрын қанауда болған ұлттар үшін бірден-бір лайықты өкімет. Егерде маған мүмкіндік берілсе, онда осы өкіметтің көркеюіне бар күшімді жұмсаймын. Мен бұл сенімге түрмеде емес, одан көп бұрын келген болатынмын.

Бұған қосымша айтарым: астық жинау, колхоз бен совхоздардың етке мал өткізу науқанына қарсы ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізгемін жоқ. Шаруашылықтарды коллективтендіруге теріс қарағаным рас. Қазір бұл шараны еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын. Мен бұл пікірімді Әлімхан Ермековке айтқанмын. Мүмкін есіне түсірер.

Досмұхамедовтің қорытынды сөзі дұрыс жазылды. (Қолы). 26 қазан 31 жыл».

Бұл көрсетінді бірінші томның 97-101 беттерін қамтиды. Осында айтылған және Х.Досмұхамедов орынды күдіктенген М.Тынышбаевтің көрсетіндісі, шындығында да, қолдан жазылғаны тергеу барысында анықталады. Астыртын ұйымның кестесін сызып, тізімін жасап, алашордашыларға бейтаныс адамдарды «қатарға қосқан» Дінмұхамед Әділев екенін оның өзі жазып берген қорытындыда анық көрсетілген. Таныс, дастархандас, көршілес адамдарды да «астыртын ұйымның мүшесі ретінде» тіркеген. Ондағы сүйенген қисыны: «Алашордашылар ұлтшылдардан басқамен араласпайды», деген ойжота жорамал. Онда жер мәселесіне ұзақ тоқталған. Х.Досмұхамедовтің келесі көрсетіндісі де алдыңғы сұрақ-жауапты қайталайды. Ішінара сөздер мен сөйлемдерге өзгеріс енгізген. Алайда, мәтін арасындағы қосымша пайымдаулар мен емеуіріндердің астары тереңдеп, көзқарасы қалыптанып, бұрынғы жауаптарын нақтылай түсетіндіктен де назарға ұсынуды жөн көрдік.



«ОГПУ-дің ерекше өкілі Поповқа тұтқын Досмұхамедов Халелден Мәлімдеме.

Осы жылдың 25-қазан күні маған Қылмысты істер кодексінің 58-бабының 7, 10 және 11, 59 баптың 3-тармақтары бойынша: кеңес өкіметіне қарсы бағытталған түрлі қылмыс бойынша айыптар тағылды. Тағылған айыптардың ішінен мен төмендігі айтылғандарды:

1. 1922 жылы өзімнің кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекеттер жасау туралы үйірме құрмақшы болғанымды;

2. Сол, 1922 жылы Ташкентке келген Заки Валидовпен кездесіп, онымен әңгімелескенімді;

3. 24-жылдың ортасына дейін жұмыс барысында өзімнің ұлтшыл-буржуазияшыл идеологияны жүргізгенімді – ғана мойындаймын.

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға, үйірмеге және басқа да шараларға қатысқамын жоқ. Жасырын да, ашық та кеңеске қарсы шыққамын жоқ. Өзімнің ұлтшылдық иедологияммен саналы түрде күрестім. Бұл туралы 31-жылдың 14- қыркүйегі күнгі берген түсініктемемде хабарлаған болатынмын. Тағы да қайталап көрсетмін:

1. 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық алашордашылармен байланысымды үзгемін, олардың Қазақстандағы әрекеттеріне еш қатысым жоқ.

2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын».

«Айыптау қорытындысында» бұл жолдар: «Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)», деп «толықтырылып» берілді.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): 3. Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана 2,5 ай ғана Қызылордада болдым. 28-жылға дейін Ташкентте тұрдым.

Қазақстан өкіметінің шараларына араласқан емеспін және оған кедергі келтіретіндей әрекет жасаған емеспін.

4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.

5. Байларды тәркілеуге қарсы ешқандай әрекет жүргізгемін жоқ. Жер және байларды тәргілу туралы көзқарасымды 31-жылғы 14-қыркүйектегі түсініктемемде көрсеткемін. Ташкентте де, Алматыда да оқытушылар мен шәкірттердің арасында ондай іс жүргізгемін жоқ. Бір сөзбен айтқанда:

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасағамын жоқ. Маған әр қалай жала жаба бермес үшін олармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды талап етемін. 31-жылдың 25-қазанында беттесуден бас тартқанда және Тынышбаевтің көрсетіндісімен танысқан соң соған көзім жетті. Менің берген жауаптарымды жазып отырған тергеуші Попов мен айтпаған бірнеше оқиғаларды жанынан қосқан. Маған көрсеткен ұйым мүшелерінің тізімі мен сызылған кестеге байланысты еш нәрсе білмейтінімді, 24-жылдан кейін ондайға қатыспағанымды қатаң ескертемін. Тынышбаевтің жасаған кестесі (мұны сызған Тынышбаев емес, Д.Әділев болатын. Оны айыпкердің өз қолымен жазып бергендігі туралы түсініктемесі іске тігілген. Бұл арада тергеуші алаштың екі көсемін бір-біріне қарама-қарсы қойып, арандатуға ұмтылған – Т.Ж.) ертегі сияқты. Мысалы Қасымовтың ұлтшылдарға еш қатысы жоқ. Тізімді толық оқығамын жоқ, бірақ маған көрсетілгендердің көпшілігі қате жазылған. Менің қатысуыммен Попов оқып берген Тынышбаевтің көрсетіндісі жалған. Тынышбаевтің өзге көрсетінділері де өтірік жазылған деп ойлаймын. Сондықтан да олардың жаңылыс жауаптарына орай Тынышбаевпен және өзге де куәлармен бетпе-бет кездестіруді өтінемін. 22-24 жылдар аралығынан басқа 24-жылдан бастап 31-жылдың 25-қазанына дейін, Тынышбаев көрсеткендей кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет істеген емеспін. Ол үшін өзімді-өзім жазғырамын».

М.Тынышбаев: «12-ші. Совхоз құрылысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық … бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын».

Х.Досмұхамедов (Жалғасы): «Бұл өкіметті: бұрынғы қаналған халықтар үшін аса бір қажетті өкімет деп есептеймін. Мен бұл пікірге дәл қазір түрмеде отырған кезде емес, одан көп бұрын келгенмін. Астық дайындауға, мойынсеріктің малдарын тәркілеуге, коллективтендіру науқандарына кесір келтіруге араласқан жоқпын. Қазіргі көзқарасым өте оңды және жүргізіліп отырған шаралар арамтамақтарды жоюға, жартылай ашаршылықтан, қорлықтан құтқаруға бағытталған деп есептеймін (Тура осы кезде Қазақстанда жаппай ашаршылық басталып кетсе де осылай „мойындауға” мәжбүр болған – Т.Ж.). Мен өз пікірімді Әлімхан Ермековтің алдында да айтқамын. Егер ұмытылып қалмаса. Айтқандарым дұрыс жазылды. (Х.Досмұхамедов). 26 қазан, 31 жыл».

Жалпылай алғанда, Х.Досмұхамедовтің тергеушіге берген негізгі жауаптарының хаттамалары осылар. Бұдан басқа «Мәдениет майданы» қақындағы түсініктемесін және жеке басына қатысты өтініштерді тақырыпқа қатысты тұста пайдаланамыз.

Енді Мұхтар Мұрзинмен оңаша жауаптасқанда: «Мен болған жайдың бәрін мойындадым»,деген Иса Қашқынбаевтің көрсетінділерін назарға ұсынамыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет