16). Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидовтің бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан да кездесуге өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Бұл туралы… (танылмады – Т.Ж.) Мен, Қашқынбаев, Әділев қана білді. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді.
Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты (Ол бұл кезде қаза тапқан болатын – Т.Ж.). Мен оның бұл ойының дұрыс еместігін, кеңес өкіметі жағына шығуының жазамен аяқталатынын айттым. Анықтап білгенім – Әнуар паша Түркістанда, оның ішінде Бұқара мен Қазақстанда біріккен мұсылман мемлекетін құрмақшы екен. Бұл мәселе жөніндегі көзқарастарымызда біраз келіспеушіліктер болды. Бұдан кейін ол өзінің кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, үкімет мүшелерімен, Қожановпен тілдесіп беруді өтінді. Мен бас тарттым. Кеңес өкіметі оған кешірім жасай қоймайтындығын ескерттім. Сонымен біздің әңгімеміз аяқталды».
З.Валидов: «Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шаһит болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістанның тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім», – деуі оның шын жүрегінен шығып еді»... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «17). 1924 жылдан кейін контрреволюциялық әрекетпен шұғылданған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы шықпасам да «Алашорда»» идеясынан бас тартқам жоқ. Мұны іскерлік-төңкерістік идея десе де болады. Ресми аты болмаса да, біз оны өзара «Ұйым» және «Өркениетті ұлтшылдар партиясы»,– деп атайтынбыз».
Зады бұл бүкіл түркі әлемін оятқан атақты «Иттиһат уа тарахият» партиясының қазақша тәржімасы болса керек.
Д.Әділев (жалғасы): «Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір, екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов: бұл хатты Халел Досұхамедовке көрсету керек, - деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Олар мұны Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде – Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушысының кітабын оқыдым. Россия социализмнен алыс жатыр депті. Соның жазғаны дұрыс,– деді».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «18). Рысқұловтың жолдаған хаты Жаһанша Досмұхамедовтің қолына тиді. Хат Сарымолдаевқа жолданған. Ол кезде (Сарымолдаевтің) тұрақты мекен-жайы болмағандықтан да хат Жаһанша Досмұхамедовтің қолына кездейсоқ түскен».
Бұл хаттың «хикаясы» алаш қайраткерлерінің арасында Дездамоннаның орамалының «қызметін» атқарған. М.Әуезов өзінің түрмедегі көрсетіндісінде сол оқиғаға байланысты «Сұғанақ сұр» повесін жазғанын айтады. Оған байланысты деректер Ж.Досмұхамедовпен, М.Тынышбаевпен бетпе-бет жауаптасуда келтіріледі.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «19). Астана Қызылордаға ауысқаннан кейін мен ол ұйыммен (Орынбордағы – Т.Ж.) байланыс жасауға тырыстым. Ол жөнінде Бөкейхановқа хабарласып ем, ол жауап қатпады».
Бұл ұмтылыстың жай-жапсары алдағы беттерде жан-жақты қарастырылады.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «20). «Тұтқындалғанға дейін «Алашорданың» мүддесі үшін қандай іс-әркет жасадыңыз?»,– деген сұраққа айтарым мынау: Ташкенттегі № 2 баспахананы Орынборға ауыстыруға қарсы болдым. Баспаханың Ташкентте қалуы пайдалы екендігіне көздерін жеткіздім. Жалпы алғанда мен Орынбордың астана ретінде қабылдануына қарсы болатынмын. Сонымен баспахана Ташкентте қалдырылды. Бұл ұлттық бағыттағы кітаптарды өзіміздің бақылауымызға алып, басып шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен жоғарғы оқу орындарына арналған ғылыми кітаптарды шығаруға және баспахананы техникалық тұрғыдан жабдықтауға жан-тәніммен кірістім. Қазақстанның өзіндік дербес оқу жүйесі болуына бар жігерімді жұмсадым.
21). Араб әліпбиін қалдыруға мен ешқашан қарсы болған емеспін. Араб қаріпімен қоса латын әрпін қатар пайдалану мүмкін емес деп есептеймін. Төреқұловтың: «Бұл мәселені революциялық жолмен шешеміз, араб әліпбиі мен ұйымның көзін жойып, коммунизмге барамыз», – дегені бар. Мұны естіп мен барлық жұмыстан бас тарттым. Ол туралы: «Азған адамның тозған ісі»,– деген пікір білдірдім.
22). «Егерде төңкеріс бола қалған жағдайда, онда біздің ұйымның дәргейімен жалпыға ортақ әскери міндетті енгізу керек»,– деген ұсыныс жасалды».
З.Валидов: «Бұл кездері Балқаш көлінің маңындағы Бетбақдалада кезінде Бұқарада бірге болған Діншенің ұйымдастыруымен 30-40 адам әскери жаттығуларды үйреніп жатыр еді. Олар Самарқандағы бізге және Әнуар пашаға көмектесу үшін, ал сырт көзге ат сатуға келген кісі боп Ташкентке жетті. Бәрі де ұлы даланың жалынды жастары екен. Ақын әрі театр әртісі Діншенің өзі де келіп, бұған қоса тағы да ержүрек жастар жіберетінін айтты»,– деп (444-бет) еске алады.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «23). Біз Кеңес үкіметін жақтырмаймыз және оның жазалау саясатынан үрейленеміз.
Сұрақ-жауаптың мазмұны дұрыс жазылған, сол үшін қолымды қойдым …(Халел Досмұхамедов)».
Азамат және «Алашорда» көсемі ретіндегі қайраткерлік өмірбаяны мен көзқарасының барлығы да осы көрсетіндіде қамтылған.
Тергеу барысындағы бетбұрыс бір жылдан кейін ғана басталғаны байқалады. Ендігі қойылатын жауаптар кейбір жайларды анықтауға және жеке адамдарға қатысты берілген. Оның барлығын қамту мүмкіндігі бізде шектеулі болды және қажеті де жоқ сияқты көрінді. Сонда да М.Тынышбаевтің алаш жасағындағы серігі, З.Валидовтің Ташкенттегі құпия кездесулеріне жауапты болған, 1931 жылдың 8-тамызында ұсталған Алдаберген Үмбетбаев туралы көрсетіндісін келтіруді орынды санадық. Өйткені бұл азаматқа қарасты деректер өте қат.
«1931 жылы 10 қыркүйек күні айыпкер Халел Досмұхамедовтен алынған қосымша тергеудің хаттамасы.
Берілген сұраққа қайтаратын жауабым төмендегідей: Үмбетбаев Алдабергенді 22-жылдан білемін. Онымен Ташкент қаласында таныстым. Қазақ тілінен дәріс беретін маман ретінде әңгімелестік. Бөкейханов оған қандай мақсатпен, қандай тапсырма бергенін мен білмеймін. Үмбетбаевтің ұйымға ешқандай қатысы жоқ. Ал Заки Валидовті кім ертіп келгені есімде емес. Ермековпен арадағы араздығымыз 29-жылы орын алды. Ордабаевтің айтуынша, мені семейлік топ ГПУ-дің тыңшысы деп санайды екен. Бұл өсек Сәрсенов Дәлелден тарады. Мұны маған Селебаев пен Ордабаевтің біреуі жеткізді. Сондықтан да мен өзімнің ренішімді Ермековке білдірдім. Ол: «Сендердің Ташкентте жасырын ұйымдарың бар екен, сол туралы айт. Ал сені ГПУ-дің тыңшысы деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын», – деді. Мен: «Бізде ұйым болды, бірақ оны ұмыту керек, сондықтан да ол туралы саған ештеңеде айтпаймын»,– дедім».
Үмбетбаевтің түсінігі: «1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтің өзі де растайтын шығар.
Тынышбаевтің жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамедовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды,– дедім».
Бұл жауабында, көріп отырғаныңыздай, Х.Досмұхамедов Алдаберген Үмбетбаевтің еш «қылмысын» білмейтін болып шығады. Шындығына келсек, өздері жолығуға ынталы болған Заки Валидовке жіберген сыпайыны жақсы білгені анық.
Халел Досмұхамедов айып тағып отырған Дәлел (Далил) Шегелекұлы Сәрсеновтің өз аты Алаш тарихында алтын әріппен жазылмаса да, туған ағасы Биахмет Сәрсеновтің есімі мәңгілік ұмытылмайтын тұлғаның бірі. Кей тұста ағасының қайраткерлігі туған бауырының ел үшін істеген елеулі еңбектерін тасада қалдырған сияқты әсер қалдырады. Әйтпесе, Дәлел Сәрсенов «Алашорда» үкіметінің ең қыспақты тұсында үш жақты құрсауда қалған Алаш автономиясы мен Башқұртстан республикасының арасын жалғастырған жүректі азамат. Жүсіпбек Аймауытовпен, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен қатар Семейдің ерлер гимназиясын 1918 жылы бітірген. 1919-1922 жылы Том университетінің заң факультетінде оқыған. Аталған азаматтардың жүрегін шымырлатқан, әр қайсысы да дәмелі болған Том университетінің медицина факультетінің студенті Ғайнижамал Кутумоваға үйленіп, 1923 жылы Ташкентке ауысады. Мұнда Орта Азия университетін тәмамдап, 1925 жылы 20 мамыр күні Қазақ ағарту институтының директорлығына тағайындалады. Содан кейін Қапыланбектегі мал шаруашылығын зерттеу институтының директоры қызметін атқарады. 1932 жылы жұқпалы індетке ұшыраған ауруларды егу кезінде өзіне де жұқтырып, оқыстан қайтыс болады. Ал жесірі Ғайнижамал Кутумова 1938 жылы Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасарлығына тағайындалып, 1947 жылы докторлық диссертациясын қорғар алдында жүрек талмасынан дүниеден өтеді. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің жүрегінен ерекше орын алған Ғайнижамалға жазған олардың ғашықтық дастанға бергісіз 200-ге жуық хаттарымен Ташкенттегі күйеу баласы, профессор С.Қарабаевтің үйінде танысып едік. Түрме азабынан тосын ажал құтқарған Дәлел Сәрсеновтің алаш қайраткерлерімен байланысын үзбегенін Х.Досмұхамедовтің көрсетіндісі дәлелдейді. 1926 жылы 13 көкектегі институттың ғылыми кеңесіне төрағалық еткен директор Дәлел Сәрсенов:
«Оқытушы Досмұхамедов жолдас Қазақ педагогикалық институты үшін аса бағалы маман болғандықтан да Оқу ағарту халық комиссариатынан оны Қызылорда қаласына шақыртқан ұсыныстан бас тартып, институтта қалдыруды өтінеді»,– шешім шығарды.
Бұдан директор Д.Сәрсеновтің оқытушы Х.Досмұхамедовтің қадірін білгендігі танылады. Ал олардың арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынасты елдік күрестің садағасына лайық мінезге жатқызамыз. Бұл отаудың тағдыры барынша инауатты тұрғыдан зерттеуді қажет ететін тақырып. Біз әдептіліктен аспаған бұл эпистолярлық мұраларды сондай бір әдепсіздікпен иеленгісі келген әлдеқалай классик біреудің бетін парасатты оқымысты Серік Қарабаев әдеппен қайыра біліпті.
Оған да тәубә. Кейде ақиқаттың да ар ұялар іске бастайтыны бар.
Бұл – шындық, бірақ үлгісіз шындық.
Тергеушілердің ендігі нысанаға алған адамы «Алаштың» жас жолбарысы Әлімхан Ермеков екені осы хаттамадағы қойылған сұрақтан-ақ аңғарылады. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтен Ә.Ермеков жөнінде жарыстыра «сыр» суыртпақтайды. Мұның алдында М.Тынышбаев: Халел Досмұхамедов пен Әлімхан Ермеков бір-бірімен араз. Сондықтан да олардың арасында ұйымдық байланыс болуы мүмкін емес, – деген мазмұнда жауап берген болатын. Әрине, бұл қалайда Ә.Ермековтің атын хаттамаға түсірудің амалы. Әйтпесе, екі адамның арасындағы қарым-қатынасты реттеу төтенше комитеттің міндеті болмаса керек-ті. Сөйтіп, М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті екеуара беттестіреді.
«Айыпталушы Тынышбаев пен Досмұхамедовтің беттесуінің хаттамасы:
Тынышбаевқа сұрақ: Досмұхамедов пен Ермековтің араздығына не себеп болды?
Жауап: 28-29 жылдары біздің достарымыз Дулатов, Байтұрсынов және басқалар тұтқындалғанда Досмұхамедов: «Бұған Орынбордағы контрреволюциялық ұйым мен «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесі кінәлі»,– деді, ал Ермеков: «Бұған Ташкент тобы кінәлі»,– деп есептеді. Екеуінің бас араздығы осыдан барып туындады.
Досұхамедовке сұрақ: Бұл туралы сіз не айтасыз?
Жауап: Ермековпен екі арадағы түсініспеушілік 29-жылы ол ауырып жатқан кезде туды. Әрі таныс, әрі дәрігер ретінде оның көңілін сұрай бардым: «Мені семейліктер ГПУ-дің тыңшысы деп өсек таратыпты. Оны таратқан Сәрсенов. Семейліктер мені аңдуын неге тоқтатпайды?»,– дедім сабырлы қалыппен. Ермеков: Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын және мұның арандату екенін, семейліктердің мені аңдымайтынын, оған Байтұрсыновтың да, ташкенттік топтың да жазығы жоқтығын айтты, содан кейін өзіне беймағлұм ташкенттік топ туралы баяндап беруімді өтінді. Мен: «Ташкенттік топ туралы оған ештеңе де айтпаймын, оны еске алудың қажеті жоқ, ұмыту керек»,– дедім. Бұл 29-жылдың желтоқсан айы болса керек. Ермеков: «Маған сенімсіздік көрсеттің», - деп ренжіді. Ермековтің төсек тартып ауырып жатқанын ескеріп, тынышсыздандырмақ үшін дауысымды бәсеңсітіп, оны жұбата сөйлеп, бұл тақырыпты енді қозғамайық - деп келістік. Арада аз уақыт өткен соң Ермековпен арадағы болған бұл жайды Тынышбаевқа айттым. Әңгіме барысында екеуміз де: «Бұған пәлендей мән берудің қажеті шамалы, ол мәселе өзінің маңызын жойды»,– дегенге тоқтадық. Мен туралы өсек таратқандары жаныма батқандығын айттым. Тынышбаев мені тыныштыққа шақырды. Сонымен әңгіме аяқталды (Досмұхамедовтің қолы).
Тынышбаевқа сұрақ: Бұл араздықтың негізгі себебін сіз қалай түсіндіресіз?
Жауап: Екеуінің қасында тұрмағандықтан да, Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы айтыстың неден туындағанын мен нақты білмеймін. Соған дейін де және одан кейін де Байтұрсыновтардың тұтқындалғанына Досмұхамедов – орынборлықтарды, ал Ермеков пен семейліктер – ташкенттіктерді кінәлі санады. Мен екеуін де сабырға шақырдым. Бұдан кейінгі Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқанын мен білмеймін. Досмұхамедовті ГПУ-дің тыңшысы десіп жүрді жұрт. Бірақ екеуінің ауызынан мұндай сөзді естігемін жоқ (Тынышбаевтің қолы).
Досмұхамедовтің Тынышбаевқа сұрағы: Мені мен Ермековтің арасындағы кикілжің қай уақытта болды деп есептейсің?
Жауап: Оны Ермеков қана нақты көрсете алады. Менің ойымша 1929 жылдың басында, қаңтар не ақпан айында өткен шығар деп ойлаймын.
Досмұхамедовтің түсініктемесі: Тынышбаев айтыстың өткен уақытын және мен туралы өсектің тараған кезін дәл айта алмай отыр. Екі арадағы сөз қағыстыру 29-жылдың желтоқсан айында өтті, өйткені осыдан кейін Ермеков операция жасатуға кетті де, 1930-жылдың қаңтар айында, мен Москваға емделуге жүрердің алдына қайтып келді. Мен Москвадан 30-жылдың сәуір айының басында қайттым. Тынышбаевті мен қаңтар, ақпан айларында емес, маусымның соңында бір-ақ рет көргенім есімде. Содан кейін көріп отырғаным осы. Мәскеуден оралғаннан кейін тұтқындалғандар туралы әңгімелескен емеспін. Өйткені Байтұрсынов 29-жылдың мамыр айында тұтқындалды. Демек одан ерте бұл тақырыпта сөз болуы мүмкін емес. Тынышбаев уақытын шатастырып отыр. Ермековпен 29-жылдың тамыз, қыркүйек айында кездестік. Байтұрсыновтың тұтқындалуының себептері жөніндегі болжамдарымызды айттық. Мен: «Дулатов, Байтұрсынов және басқа да адамдар ұйымдастырған орынборлық топты ГПУ әшкерелепті», – дедім. Ермеков: Ташкентте болған кезінде тұтқындалғандардың тізімін көргендігін айтты. Ал Байтұрсынов 24-жылы ғана Ташкентте болған еді. Орынборда да ешқандай құпия ұйым болған емес. Айналып келгенде, Байтұрсыновты университеттің ашылған кезінде сөйлеген сөзі үшін жауапқа тартқан шығар дестік. Тынышбаев осыны жаңылыстырып отыр (Досмұхамедовтің қолы).
Тынышбаевтің сөзі: Досмұхамедов пен Ермековтің арасында болған жайдың мерзімі жөнінде жаңылысып айтқанымды, оның Байтұрсыновты тұтқындаудан бұрын өткенін ескерте кетемін. Оқиға жыл аяғында өткен. Әйтеуір қыс кезінде өткені есімде қалыпты (Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолы қойылған).
Досмұхамедов пен Тынышбаевқа сұрақ: Орынбор мен Ташкентте астыртын ұйымның болғандығын Ермеков білді ме?
Досмұхамедовтің жауабы: Ташкенттегі ұйым туралы Ермеков соңғы уақытта, Қызылордадан Ташкентке ауысқан кезінде ғана, шамамен 25-26 жылдары ғана білген сияқты. Ұзынқұлақтан естіп, білді ме, одан хабарсызбын, менен ол туралы айтып беруді сұрағанда, қашан естігені туралы айтқан жоқ. Орынбордағы ұйым туралы білді ме, жоқ па, ол жөнінде ештеңе дей алмаймын. Менімен сөйлескен кезде ол: «Орынборда ешқандай ұйым жоқ»,– деп сендіріп отыратын (Досмұхамедовтің қолы).
Тынышбаевтің жауабы: 29-жылы мен Ташкентте Ермековпен әңгімелескен емеспін (Қолы). 14 қыркүйек 31 жыл».
Бұл беттесуден тергеушілердің қандай қорытынды шығарғаны түсінікті. Ә.Ермеков 6-қазан күні тұтқындалды. Ал Ә.Ермеков пен Х.Досмұхамедовтің арасындағы өкпе қай күні, қандай жағдайда өтті, мұның жекебасылық қана мәні бар еді. Тергеушілердің Ә.Ермековтің астыртын ұйымның мүшесі болғаны қақында мәлімет ала алмағаны беттесудің барысында анық көрінеді. Екі дегдар өзара амандасып, дидар көрісіп, алдағы жауаптардың мазмұнын ішкі түйсік арқылы емеуірінмен білдірісіп алған сияқты. Өйткені бұдан кейінгі екеуінің жауаптары бір жерден шығады. Ендігі беттесудің кезегі 1930 жылдың 31 қазаны күні тұтқындалған Жаһанша Досмұхамедовке келді.
Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтен кейін «Алашорданың» батыс бөлімшесінің тең төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің жауапқа тартылуы өзінен-өзі түсінікті. Ол кісі Москва қаласында тұратын болғандықтан да алдыңғы екеуінен екі ай кешігіп барып, 1930 жылы 31-қазан күні ұсталған. Өзі астыртын ұйымда ысылған заңгер болғандықтан да оның жауаптары барынша нақты әрі дәлелді. Сондықтан да оған қосымша айғақ пен дәлел келтіріп жатудың өзі артық сияқты.
1930 жылы 7 желтоқсан күні ПП ОГПУ-дің ҚАССР-дегі ерекше бөлімінің бастығы Поповтың тергеуіне орай толтырылған І томның 429-бетіндегі анкетада:
«Алматы. 1930 жылғы 7-желтоқсан. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов айыпталушы Досмұхамедовтен сұрақ алғанда, мыналар анықталды: Жаһанша Досмұхамедов 43 – жаста, тұратын жері – Москва қаласы, Шабловский пер., 11-үй, 25-пәтер. Туған жері – Орал округі Жымпиты ауданы, партияда жоқ. Ақпан төңкерісіне дейін сот мекемелерінде қызмет еткен. Қазан төңкерісіне дейін әр түрлі қоғамдар мен мекемелерде істеді. Қазір Москвадағы «Скотовод» басқармасында қызмет етеді. Білімі – жоғары, Москва университетін бітірген. Үйленген. Күн көрісі – қызмет табысына байланысты. Әке-шешесі жоқ, диқан болған»,– деген өмірбаяндық қысқаша анықтама бар.
Ол өткендегі қызметін түгел баяндап жатуды артық санаған сияқты. Халел Досмұхамедов туралы анықтамалар мен өмірбаяндық жазбаларда әр түрлі деректер келтіріліп жүргендіктен де, біз тергеу мұрағаттарына негізделген деректерге сүйеніп, бір жүйеге түсірілген қысқаша ғұмырнаманы ұсынуды жөн көрдік.
Сонымен, Жаһанша Досмұхамедов – 1887 жылы 27 маусымда Орал облысы Жымпиты болысының №3 ауылында ауқатты отбасында туған. Болыстық қазақ мектебінен сауатын ашқан. 1899-1905 жылдары Орал қаласындағы реальдық әскери училищеде оқыды. Заң факультетін (1906-1910) бітірген. «Уральский листок» газетіндегі жер туралы мақаласы үшін губернатордың бұйрығымен Орал облыстық басқармасында істеуге тыйым салынған соң Орал округтік сотының көмекшісі, қылмысты істер бөлімі хатшысының көмекшісі, бітімші сот, 1912 жылы Омбы сот палатасына қарасты Барнаул, 1913 жылы Змейногорскі уездерінде бітістіруші сот, Барнаул уезінің көмекші (орынбасар) прокуроры боп қызмет істеген. 1914 жылы Том округтік сотының Каин уезі бойынша прокурордың орынбасарлығына тағайындалған. 1917 жылы Орал облысы қазақтары құрылтайының төрағасы, Бүкілресей мұсылмандарының «Шура-и ислам» комитеті төрағасының орынбасары, 1918 жылы «Ойыл уәлаяты» уақытша өкіметінің төрағасы, «Батыс Алашорда» кеңесінің әскери жетекшісі, жалпыалаштық сот төрағасы, 1920 кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң Ташкент қаласына ауысып, Түркістан Республикасы ОАК-нің қазақ бөлімінің хатшысы, халық шаруашылығы кеңесінің жанындағы жүн-жұрқа бөлімшесін басқарған. 1927-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы Қазақ ауылшаруашылығы банкісінде заң кеңесшісі, 1929-1930 жылдары Мәскеу қаласындағы «Скотовод» басқармасында заң кеңесшісі болып істеген. Әрине, анкетада оның «Алашорда» үкіметінің бағдарламасының авторларының бірі, Түркістан республикасының «Жауыздық низамы» атты Қылмыстық кодексінің авторы екені көрсетілмеген.
Жаһанша Досмұхамедовтің 1930 жылғы 5-қараша күнгі көрсетіндісі ІІІ томның 430-бетіне тіркеліпті. Онда тергеушіге:
«Мен Москвадан Ташкентке 1920-жылдың қазан айында келдім, сол жылғы да, келесі 1921-жылғы да қазақтар бас қосқан ешқандай отырысын білмеймін.
1922 жылы көктемде кешке жақын «Ақ жол» газетінде істейтін біреу: «Бүгін кешке «арқалықтар» (солтүстіктің қазақтары) бас қосып, бір мәселе жөнінде ақылдасатынын айтты. Не туралы екенін сұрағанымда: келген соң білесің»,– деді. Сол күні кешке жақын менің үйіме 7-8 қазақ келді. Қазір есімде сақталғаны Халел Досмұхамедов, Дулатов және Бірімжанов, қалғандары есімде жоқ. Олар: «Қазақ қайраткерлерінің бұрынғы «Алаш» бағдарламасы ресми бекітілген жоқ, кезінде дұрыстап ойдағыдай етіп жетілдірілмеді. Бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің саяси мәселелер жөніндегі толысқан саяси тұжырымдары тиянақталуы үшін соны жетілдіру керек»,– десті. Мен: «Біз, алашордашылар, қазір әр түрлі саяси ұстанымда жүрміз, саясаттың кейбір мәселелері жөніндегі көзқарастарымыз сай келмейді. Бұрын бізді тек ұлттық белгіміз ғана біріктіріп келген. Қазір біз саясаттан мақұрымбыз. Сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны қайта жаңғырту бізге төтенше мекемелер тарапынан тек қана зиян әкелуі мүмкін», – деп, мұндай түзетуге мүлдем қарсы болдым.
Алайда, қызу пікір таласынан кейін, саяси бет-беделімізді сақтап қалу үшін (З.Валидовтің алдында ма? – Т.Ж.) қалайда бағдарламның керектігі мақұлданып, сол арада оның жобасы жасалды. Бағдарламаны Орынборға жіберіп, ондағы бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің келісімін алу мақсатымен жобаны «Ақ жол» газетінің бір адамы алып кетті. Содан кейін мен Түркпромсоюздың және Ашаршылыққа көмек комитетінің тапсырмасымен Прежевальскіге (Қарақолға) кеттім, ол жақтан 3 айдан соң ғана Ташкентке қайтып келдім. Сол екі аралықта менің балдызым Надежда Константиновна – Рысқұлов жолдасқа күйеуге шығып алыпты. Сол кезде Рысқұлов Ташкентке Түркістан Республикасының Халкомының төрағасы қызметіне ауысып келіпті. Сөйтіп, мен оның үйінде, ол менің үйімде жиі болып тұрдық. Содан бері жоғарыда аталған адамдардың не істеп, не қойғанынан, жобаны не істегенінен хабарсызбын.
Қызылордаға барғанда мен олармен аталған бағдарлама жөнінде бір ауыз сөз алысқамын жоқ, оны мүлдем ұмытып кеттім, өз ісіммен ғана айналыстым, партия мүшелері мен еуропалықтардың ортасында жүрдім. Мен бұл мәселені бірінші тергеуде айтпаған себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша жоғарыдағы іскерсінген әрекет қазақтың «Еріккен сарт енегін уқалайды», - дегенінің кері деп есептедім, екіншіден, маған өзге адамдардың аттарын атау сондай қиынға соқты. Мен бұрын да, қазір де: «Кеңес өкіметін құлата алатындай күш СССР-де бұрын да болған емес, қазір де жоқ»,– деп есептеймін. Сондықтан да ешқашанда кеңес өкіметіне қарсы шыққан емеспін. Қазір де, міне, 10 жылдан бері адал қызмет етіп келемін, өз мамандығымды ғана білемін.
Достарыңызбен бөлісу: |