Тұрсынжан Шапай
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ
Менің көзім жетті: біз, әйтеуір, аштан өлмейді екенбіз. Бізге келетін тажалдың аты басқа екен.
Қазақтың жаны үшін күрес жүріп жатыр!
Лайықты жауап болу үшін лайықты сұрақ қойылуы керек. Орыстар сұрақты тікесінен қойды: «Кто виноват?» Сосын «Что делать?»… Жауап та сойқан болды: 1917 жыл!
Қазақтардың осы ғасырдағы ашық қойылмаған сұрағы – гамлеттік: «Бармыз ба, жоқпыз ба?» Немесе «Боламыз ба, болмаймыз ба?».
Miнe, ғасырдың соңы — сұрақ өзгерген жоқ. Өйткені… өмір мен өлім жандасқан қан майдан қызып барады. Жерді қойшы, қазақта жер көп – қазақтың жаны саудаға түсіп жатыр! Бальзактың шегірен былғарысындай шуыған рухымның қалдығын ит тартқан терідей жұлмалап, тонап жатыр. Жаралы жаным қансырап жатқан ұрыс даласында бүгін қарға-құзғын, мародерлердің тойы басталды…
Боламыз ба, болмаймыз ба?..
Енді ашық қойыла бастаған асау сұраққа серкелеріміз қашандағыдай мыңқылдап, үні ін түбінен шығатын жуас жауап береді: «Егемендігімізді алдық, Елбасымызды сайлап алдық, енді… міне-міне… ышқырымызды көтеріп алайық, белімізді мықтап тартып алайық… терімізді сүртіп, алқынымызды басайық… сосын тағысын тағы көре жатамыз ғой… ы-ы… быды-быды…»
Құдайдың өзі «алсаңшы енді!» деп жалынған тәуелсіздікті алуын алдық-ау… бірақ, жанымыз, рухымыз азат па?
«Жан?.. Қазақта жан бар ма еді?!» деп кекетеді менің Оппонентім… Рас, қазіргі қалпымызға қарап (әсіресе, қазақтың жанын қырық қайшымен қидалап, өртеп, күлін эфирге шашып жатқан Алматының пәленбай каналды теледидары мен радиоларына қарап) мен ол кісімен кейде келісе де жаздаймын…
Қайда біздің Рух? Қайда біздің Жан? «Жоқ» дейін десем, қазақтың бабасының бабалары тасқа қашаған Тағдыр не дейді? Жоқ дейін десем, қағазда дерегі, ауызда аңызы қалған қияпатты Тарихының куәлігі қайда қалады? Сары өзеннің сағасынан құдіретті Римнің іргесіне дейін сайрап жатқан тайпарлардың ізі – менің бабаларым рухының шежіресі емес пе, шынымен? Қазтуған, Бұқар, Дулат, Абай, Ахмет, Мағжан… – көрген түс, кешкен қиял ғана ма рас-ақ?! Тәңірі – Алласы аузындағы қазақта жан, рух жоқ болса – онда менің жаным неге ауырады?
Сен сұрамашы… Мен – айтайын: сиам егізіндей бір басы қазаққа, бір басы айдалаға қарайтын құбыжық ұрпақ келді дүниеге. Біздің осы трагедиямыз өзгелерге – ермек. Әлем осы құбыжықты қызықтауда. Шақшадай басы әуелден екі бөлек міскіннің басқа ортақ мүшелерін бөлшектеп, тәжірибе жасап көріп жатыр. Суық қол, ендігі, қолқа-жүректі аралап кетті. Енді жүрегін пәршелеп, жанынан айырмақ. Жүрегі – бір екенін сезінбейтін, соры сорпадай болған екі бейшара бас өзара айтысады. Бірі айтады: сен ұлтсызсың, орыс пен еуропаның көзі қысық суррогатысың, сен – абстракция, сен – ешкім емес. Екіншісі айтады: сенің тілің ештеңеге жарамайды, сенде әдебиет те жоқ (болмаған да!), мәдениетің, тарихтың – бәрі күмәнді… Жұт – жеті ағайынды. Бұл бақытсыздық аз болғандай екеуінің арасынан және бір бас өсіп шықты. Нағыз екіжүздінің өзі! Оң иығына бұрылса – «қазағым» деп көлгірсиді, сол иығына қисайса – басқа сайтандарының табанын жалауға әзір… Сондай бір кәззап бас!
«Мәңгүрт» бас өз ұлтын, мәдениетін менсінбейтінін, жатырқайтынын жасырмайды. Ал, мына, әзәзіл жасырады. Тіпті, өзінен де жасырады. Тек қылығы ғана әшкерелейді. Осы бас – ең жиіркеніштісі. Қазақтың жаны мен рухына түскен батпан қара күйеңіз – сол.
Мен көп ағаларыма қызығамын. Қай заманға да тез күйлейді, сызатсыз сіңеді. «Капитал» мен «Құранның» арасын екі-ақ аттайды. Екі дүниенің басын иілтіп, даналықпен тең ұстайды: садақ қып тартып жамбы атса да, қияқ етіп қобыз шалса да – соның қаруы. Және міндетті түрде жүлде алады… Қызығамын. Бірақ, түсінемін: бұл – жанның ерлігі, рухтың мықтылығынан емес. Ішкі темірқазықтың жоқтығынан. Олар күнбағыстың басы сияқты: төбесінен қандай күн шықса да, бәрібір – қашан батқанға дейінгі жолын қалт етпей қайталайды. Олар балауыз сияқты – отты қай жағына жақындатсаң, сол жағына қарай майысып, тамшылай береді.
Қазіргі қазақтарды… аяймын… Адамзат өркениеті «қол жеткізген» барша былық-шылық, настық пен боқтықты жуынды төккендей солардың басына лақ еткізді. Жалтара алмай, жабырқап тұр… «Майыса» алмай, күйіп барады… Арғы жағаға өтіп үлгергендер де бар, әрине… Жолдары болсын! Бірақ, көбі күйіп кетті.
Жанымыздың жартысы күйіп кетті!
Феникс құстың күлі болғай едік…
Тұрсынжан ШАПАЙ
Достарыңызбен бөлісу: |