ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІК
Каникул – жылдың ең қысқа күндері.
* * *
Күнделік - үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиям.
* * *
Математика – мен түгіл әкемнің де тісі бата бермейтін “жаңғақ”.
* * *
Дос – бақылау жұмысында дәптеріне жазғандарын бақылатып отыратын я қыз, я ұл.
* * *
Сабақ – үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
* * *
Спорт секциясы - әжеме айтатын басты сылтауым.
* * *
Ақпақұлақ – айтқанның бәрі құлағынан көктей өтетін бала.
* * *
“Апайға айтам” – қыздардың негізгі қаруы.
* * *
Кер жалқау –“ертеңі” таусылмайтын оқушы.
Қосымша
МҰҒАЛІМ МӘДЕНИЕТІ
Атақты педагог, ғалым В.А.Сухомлинский “Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым–шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады”- деп, ұстаздық өнерге ерекше баға берген.
Жас жеткіншектерге тәрбие беру ісінде мұғалімнің атқаратын міндеті зор.
Ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, мұғалім мәдениеті мен шеберлігін төмендегідей бөліктермен анықтауға болады;
1. Мұғалімнің сыртқы келбет мәдениеті.
2. Мұғалімнің өзін-өзі басқару шеберлігі.
3. Мұғалімнің мимика және понтомимика ишараларының (жест) мәнерлі негіздері.
4. Мұғалімнің мәдениеті, әдебі, сөйлеу шеберлігі, шешендік қасиеті, дем алуы, дауыс дикциясы, интонациясы.
Педагогикалық әдептің негізі - оқушыға деген шын ықыласты және олардың адамдық ар-ұятына деген қөзқарасында жатыр. Педагогикалық әдеп баланы адам ретінде сыйлау деп есептеуге болады.
Мұғалім жұмысында педагогтік әдеп сақталмайынша оқушылармен тіл табысу мүмкін емес, ал оқушылардың тілін таппайынша оқу–тәрбие үрдісінде ілгерілеу жоқ.
Педагогтің әдебі ілтипаттылық, сенім білдірушілік, әділдік, төзім мен сабыр сақтау деген сияқты қасиеттермен өлшенеді. Енді осы түсініктерге тоқталайық.
Ілтипаттылық. Әдетте оқушылар өздері жақсы көретін мұғалімдер оларға дауыс көтеріп сөйлесе де көңілдеріне ауыр алып қалады. Дауыс көтеру, жазықсыз жазғыру, әділ қойылмаған баға ғана емес, мұғалімдер көзге ілмей, өтініштерін құлықсыз, жүрдім–бардым тыңдаса да, ең болмағанда қастарына жақындап көңіл аудармаса да, ренжіп қалады. Өздеріне мұғалімнің назарын аудару үшін тәртіп бұзатын бірді-екілі балалардың болатыны да бар.
Мұғалім оқушыларға жаңа материалдарды түсіндірумен қатар оларға назар аудара білуі керек. Өйткені мұғалімдер тарапынан оқушыларға ілтипат болмаса, олардың араларына жарықшақ сызаты түседі.
Сенім. Педагогикалық әдеп мұғалімнің оқушыларға сенім арта білу қабілетін де қамтиды. А.С. Макаренконың пайымдауынша; қателесу қаупі төніп тұрса да мұғалім оқуда болсын, тәлім-тәрбие жұмысында болсын оқушыларға өзінің батыл-батыл ойларымен ықпал жасауы қажет.
Балалар өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін толық шамалай алмайды. Олар ересектердің бағасына, әсіресе өздерінен де артық сенетін мұғалімнің бағасына сүйенеді. Сондықтан мұғалімдер олардың қабілеттерін бағалауда өте сақ болғандары жөн. Оқушының қабілетін, әрине асыра бағалау дұрыс емес, ал оларды құлдыратып бағалау одан да оғаш.
Әділдік. Мұғалімнің қандай қасиеттерін бағалайсыз деген сауалға оқушылар көбіне көп: “әділдігін” деп жауап қайтарады. Егер мұғалім әділ болғанның үстіне әдебі мол, көңілді, жайдары болса, мектепте одан беделді адам болмайтыны түсінікті.
Мұғалімге “әділетсіз” деген ат оның тек әділетсіз болғандығын ғана емес, сонымен қатар оқушылармен жұмыс барысында әдеп сақталмауынан да таңылуы мүмкін. Мұғалім оқушыларға тек қана әділ қарап қоймай, соған қоса өз ісінің дұрыстығына иландыра білуі керек. Мұғалімнің әдеп сақтамауы оның айнымалы мінезінен немесе өзіне-өзінің ұдайы талап қоймауынан және оқушылардың білімін бағалай білмейтіндігінен болуы да мүмкін.
Мұғалім ар-ұяты кіршіксіз болса, оқушылар оның кез келген қатесін кешіреді. Керісінше мұғалім әділетсіздік жасап, жалған мінез көрсетсе, оқушылардың көңілдері қалып, араларының салқындауы осыдан басталады.
Төзім мен сабыр сақтау. Мұғалімнің педагогтік әдеп әлемі үшін бұл қасиеттердің маңызы үлкен, тіпті көп жағдайда шешуші мәні бар. Бұл, әрине, өртеніп жатсын, күйіп жатсын, мұғалім еш нәрсеге ашуланбауы тиіс деген сөз емес. Ондай жағдайларда оған өзін ақылға жеңдірмей болмайды.
Ашу үстінде ешқандай шешім қабылдамау керек. Сабырлылық, өзін-өзі ұстай білушілік сияқты қасиеттер ұстаздың белсенді құрамы болуы тиіс.
Қай кезең, қай дәуірде болсын адамға білім мен тәрбие беруден асқан мұрат жоқ. Ұстаз – ұрпақ тәрбиелеп өсіруші, қоғам сенген адам. Ұстаздық қызметтің қыры мен сыры мол. Сондықтан да болашақ ұстаздар өз ісінің әрбір қыр-сырын жетік игеру жолында жоғарыда көрсетілген кәсіптік сапаларды толық меңгерсе, бүгінгі қоғамымызды байытатын, дамытатын, жаңартатын адам тәрбиелеуге мол мүмкіндік ашылатыны күмәнсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |