ЖҰМБАҚТАР
Білімнің дәнін тереді,
Балаға тәлім береді.
( Ұстаз)
Білімнің - жолбасшысы,
Шәкірттің - қолбасшысы.
( Мұғалім)
Оқу - білім бағдары,
Заманының бағбаны.
( Ұстаз)
“БӘРІ КЕРІСІНШЕ”
(Төменгі сынып оқушыларына арналған ойын – мереке)
Безендірілуі:
Түрлі-түсті шарлар, күз мезгіліне арнап салынған суреттер, нақыл сөздер жазылып ілінеді. Ұстаздар күніне орай кітап көрмесі ұйымдастырылады.
(Жүргізушілер сахнаға қолдарындағы қоңырауларын кезек-кезек сыңғырлатып жүгіріп кіреді)
Жүргізуші 1: Құрметті ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Сіздерге еңбекте табыс, қажымас қайрат, зор денсаулық, бақыт тілейміз!
Оқырман 1: Білімнің кілтіндей
“Әліппе” ұстатқан,
Оқуға іркілмей
Тоқуға ұстартқан.
Қамқоры ұл, қыздың –
Мұғалім – ол біздің.
Оқырман 2: Қиынға төзуге
Үйреткен қашанда,
Жаманнан безуге,
Жақсылық жасауға.
Қамқоры ұл, қыздың –
Мұғалім – ол біздің.
Оқырман 1: Атам да сыйлайтын
Атамның тұстасы,
Папам да сыйлайтын
Ауылдың ұстазы.
Қамқоры ұл, қыздың –
Мұғалім – ол біздің
Мұзафар Әлімбаев
Жүргізушілер қоңырауларын тағы бір мезет сыңғырлатады. Осы бір мезетте оқушылар Ұстаздарды мерекелерімен құттықтауға шығады.
(Балалар ұстаздарына гүл шоқтарын сыйлайды).
Жүргізуші 1: Біз бүгін аяулы да, ардақты ұстаздарымызды немен қуантсақ екен?
Жүргізуші 2: Осы өткізіп жатқан мерекеміз, апайлар мен ағайлардың естерінде қызықты жағымен есте қалу үшін, бәрін керісінше істеуіміз керек.
Жүргізуші 1: Қалай керісінше?
Жүргізуші 2: Бүгін біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз орындарын ауыстырады. Дұрысын айтқанда, ұстаздарымыз уақытша оқушы рөлін атқарады. Қазір біз оқушыларымызға қызықты ойындар өткізсек. Осы ойында көп сұраққа жауап берген оқушы “Жеңімпаз” атағын жеңіп алады. (Оқырмандарға қарап) Келісесіңдер ме, балалар?
Жүргізуші 1: Ал ойын-мерекемізді бастайық! (Осы кезде сахнаға Әліппе жүгіріп кіреді)
Әліппе: Сәлеметсіздер ме? Қайырлы күн көпшілік
қауым! Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті
Ұстаздар! Бірақ бұл мерекені менсіз өткізіп
жатқандарыңыз қалай? (Әліппе томсырайып
өкпелеп қалады)
Жүргізуші 2: Ой, Әліппежан, сенің келгенің қандай жақсы болды, өкпелеме енді. Сенің келгеніңе біз өте қуаныштымыз!
Жүргізуші 1: Әліппенің құрметтілігі сонша, ол балалардың сауатын ашады. Жәй ғана әріптерді үйретіп қана қоймай, нешетүрлі көңілді де, қызықты ойындармен, жұмбақтармен таныстырады.
Әліппежан, осы мерекеде өзіңнің өнеріңді бір көрсетсең. Бұл ойын-мерекеде мұғалім болуды біз саған жүктедік.
Әліппе: Келістім! Онда бірінші ойын - қазақ тілі!
Ойынды бастамас бұрын, “Өшіргіш пен қағаздың айтысын оқып берейін.
Өшіргіш пен кір қағаз –
Өмір бойы дүрдараз.
Қағаз айтты досына:
“Қайырымың осы ма?
Жатырмын деп тазалап,
Ысқылайсың қажалап.
Білігі жоқ есерсің,
Бүйірімді тесерсің.
Түбі осыңнан табасың:
Күнде шөгіп барасың.
Өзің–дағы өшерсің,
Дүниеден көшерсің”.
Сонда өшіргіш сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
- Бұйырмасын өкінсем:
Қағаз кірін кетірсем.
“Бір күні жоқ жалыққан
Қателерден арылтқан –
Өшіргіш!” – деп, айтады ел.
Бағалайды байтақ ел.
Жаны туыс,
Көркемдік пен тазалық:
Кәне дұрыс,
Көркем, таза жазалық!
Мұзафар Әлімбаев
Әліппе: Біріншіден мен оқушыларым әріптерді ұмытқан жоқ па екен соны тексергім келіп тұр. Ол үшін оқушылардың арасынан өзіме көмекке 2-3 баланы сахнаға шақырамын. Бұл балалар кезек-кезек дене мүшелері арқылы әріптердің формасын көрсетеді. Ал сіздер, қадірлі “оқушылар” оларды шешулеріңіз керек.
(Бұл жерде әріптердің жеңіл көрсетілетін түрлерін таңдаған дұрыс. Мысалы: А, Я, Ф, О, М, П, Ж, І, Ө т.б. қалаулары бойынша. Сонымен қатар, көп ұтыс жинаған оқушыға алдын-ала қызыл картоннан жасалған жұлдызшалар үлестіріледі).
Жүргізуші 2: Өте жақсы! Әліппежан, оқырмандарың бірінші тапсырмаңды сәтті орындап шықты. Ынталы да, жақсы оқитын балалар екен.
Жүргізуші 1: Ал мен бұл тапсырмаларды өте оңай деп есептеймін. Сенде бұдан да қиынырақ тапсырмаларың бар ма?
Әліппе: Әрине, біздің мұғалімдер оқушылардың жазба жұмыстарынан өте көп қателер тауып, соның салдарынан балалардың бағасы төмендеп жатады. Жіберген 1-2 қатеге бола бағамызды төмендетті, - деп оқушылардың ренжитін кездері де болады. Кейде бір әріптің қатесі сөздің ғана емес, бүкіл сөйлемнің немесе шығарманың да өңін айналдырып, мазмұнын өзгертіп жібереді.
Мен сендерге қазір бірнеше шумақ өлең айтып беремін. Бұл шумақтарда жалғыз-ақ әріптің қатесінен мазмұнның қалайша күлкілі болып шығатынын аңғарамыз. Сендер, балалар, сол шумақтардағы әріп қателерін табуға тырысыңдар.
Гүл бөледі даланы,
Сыбдыр қақты жылғалар.
Биік ұшып барады,
Ұзын мойын тырмалар /тырналар
Аспаннан көктемде,
Нұр төгіп күн тұрды.
Алма да, көк тал да,
Шақша да құлпырды /Бақша да
Саусағына Ауғанбай,
Жұқтырып ап күйені.
Бетін сипап қалғанда,
Түйе болды иегі / Күйе
Мін таппайсың көшеден,
Тақтайдай-ақ жол қазір.
Қолдың үстін көшеде, /Жолдың
Тегістеп жүр бульдозер.
Мөлдір суда балықтар
Жүреді ғой топтанып.
Кеше сонау арықтан,
Сүзіп алдық көп халық / балық
Біздің саулық семіз-ді,
Бірақ туды өгізді / егізді
Менің атам үнемі,
Жұмыс істеп жүреді.
Жер қазуға қолайлы-ақ,
Ұзын сапты жүрегі /күрегі
Біздің байтақ арқада,
Жақсы өседі арба да /арпа
Мүбәрак Жаманбалинов
Жүргізуші 2: Әліппежан, сенің оқыған өлең шумақтарың өте қызықты екен. Осыдан кейін оқушылар жазба жұмыстарынан қате жібермеуге тырысатын болар.
Жүргізуші 1: Мен де солай ойлаймын. Бірақ оқушыларыңның бет-әлпетіне қарағанда, олар кішкене шаршаған сияқты.
Әліппе: Онда мен балалар сендерге ертегі оқып берейін.
Білімін жалғастыра алмай қалған аң-құстар, жәндіктер, азын-аулақ сөз білетін ділмар тоты, ғарыштан келген қатал мұғалім және ғажайып мектеп хақындағы ертегі.
Ертеде, ерте, ертеде,
Шөлейтте, не бір орманда,
Бәлки, бір сулы өлкеде
Болмаған, әлде болған ба,
Шындық па, жалған былық па,
Онысын қайдам...аң біткен
Оқыпты бірге сыныпта
Құстармен, түрлі жәндікпен.
Ит, қасқыр, сиыр, сауысқан,
Көбелек, түйе, түлкі де,
Көлбақа, балық, тауық та,
Жылқы, қой, жылан, кірпі де,
Шымшық, құрт, тауық, арыстан,
Бозторғай, керік, батбат та
Келеді екен алыстан
Мектепке жазда – аптапта.
Ертемен бұлбұл таң атпай
Сайрайды екен есіліп.
Тасбақа болса, сабаққа
Жүріпті кілең кешігіп.
Кенгуру нанға қалтасын
Келеді екен сықап бір.
Ал тышқан сызып партасын,
Кеміреді екен кітапты.
Түнімен ұшып жапалақ,
Сабақта қалғып-мүлгіпті.
Мұғалім болса қатал-ақ,
Ғарыштан келген бір мықты!..
* * *
... Партада бірге отырды
Көлбақа мылқау балықпен.
Алғашқы әріп оқылды,
Ашылды дағы “ӘЛІППЕ”
Ғарыштан келген мықты да
Қолтаңбасымен әдемі
Тақтаға жазып шықты да:
-Оқыңдар, мынау – “А”, - деді.
Ит болса мұны: “Р”, - деді
“У”, - деді қасқыр тұмсығын
Көтеріп алып аспанға
“Ч”, - деді орман шымшығы,
Тұтығып тілі, сасқанда.
Кісінеп жылқы: “И”, - деді.
Ызыңдап шыбын: “З”, - деді.
Бәрі де әріп “үйреніп”,
Жайнады бал-бұл жүздері!..
* * *
...Мұғалім мінген кәріне,
Түгендеп шығып сыныпты,
Жәндік, аң, құстың бәріне
Былай деп мойын бұрыпты:
- Оқимыз сөзді таза біз,
Сынайын бүгін бар аңды,
Жат жазу енді жазамыз,
Алыңдар қағаз, қаламды.
Мұқият бәрін тыңдаңдар,
Оқиын мен бір сөйлемді.
Асығыстық та қылмаңдар, -
Деп, ұстаз қарап қойды енді.
“Орман да, шөл де – біздікі,
Қырат та, бел де – біздікі,
Өзен де, көл де – біздікі,
Тау, құм, су, жер де - біздікі!..”
Бірыңғай мүше, шылау бар,
Құрмалас сөйлем әрі бұл.
Сендерге тиіс ұнауға,
Ұнамаса да, бәрібір!..
* * *
...Бір шолып шығып маңайды,
“Әліппені” үздік тауысқан
Тотыға үнсіз қарайды
Сұлу да кербез сауысқан.
Үңіліп керік, тышқаннан
Көшіріп алды “сөйлемді”.
Қалған жоқ аң мен құстардан
Момақан ғана қой да енді.
Секеңдеп орман шымшығы,
Қарамақ болып тауыққа,
Сұқты да тынды тұмсығын
Байқамай сия сауытқа.
“Бақ-бақ!” –деп жазып жалыққан
Көлбақа мылқау көршісі –
Көшірмек болды балықтан
Бақаның мүлдем ерсі ісі!
“Аспанға бәрің бас и!” – деп
Жазбақшы еді бозторғай,
“До, ре, ми, фа, соль, ля, си” – ден
Аспады қайран жез таңдай!..”
* * *
...Мұғалім жүрген жоқ текке,
Тексеріп барлық дәптерді,
Үш күннен кейін мектепке
Өзімен бірге ап келді.
Дәптерін түйе толтырып,
Жазыпты кілең: “Бө-бө!” – деп
Бір сағат бекер желпініп!
Отырыпты ғой көбелек!
Қызарып батбат намыстан,
Сіңген-ді құмға заматта.
Тек қана “А” деп арыстан
Жазыпты бір бет параққа.
Ит, қасқыр, тышқан, сауысқан,
Көлбақа, керік, кекілік,
Піл, аю, балық, тауық та –
Бәрі де алды “екілік”.
Өкінгенмен кеш тіпті,
Сиырға тиді оқыра!
Мұғалім жалғыз “бестікті”
Қойыпты ділмар тотыға...
* * *
... Намысы жеңіп табанда,
Жан еді қайсар, елгезек
Қайдасың деп түу саванна,
Жол тартты керік сол мезет.
Арыстан, бұлбұл, түлкі де,
Сауысқан, шымшық, зорман да,
Көбелек, қоян, кірпі де
Жоғалды сіңіп орманға.
Қой, түйе, сиыр, жылқы да
Тапты бір айла-амалды –
Көнді де АДАМ ырқына,
Қораға келіп қамалды.
Өзенге қарай бет алды
Көлбақа ертіп балықты.
Ғарыштан келген қатал да
Ғарышқа кетіп қалыпты.
“Сауат ашқан” аз-ақ күн
Көрікті тоты бұл күні
Күледі екен мазақ қып
Сауысқан, бақа, түлкіні...
... Бар әлі, достар, сол мектеп,
Қайсың бар оны көрмеген?
Қабырғаларын өрнектеп,
Адамдар қайта жөндеген.
Көремін десең, тек тыңда,
Келіңдер біздің өлкеге.
Кенгуру бүгін жоқ мұнда
Қалтасы толған бөлкеге.
Жоқ мұнда тоты - мақтаншақ,
Тышқан да кітап кемірген.
Бәрі де ойда жоқты аңсап,
Өтіпті кеше өмірден...
Сабақты жылан секілді
Қалмайды ешкім есітпей,
Аумай-ақ ұлы екінді,
Келеді бәрі кешікпей.
Алмайды ешкім “екілік”
Болмасын титтей шүбәңіз
Қоспайын тіпті өтірік,
Оқитын онда мына БІЗ!..
Байбота Серікбайұлы Қошым – Ноғай
(Ескерту: Ертегінің басында курсивпен берілген 2 куплет, ертегінің арасында қайталанып отырады. Ертегінің ұзақ болу себебіне байланысты, қысқартылып тасталды. Бұл куплеттер **** орнына қойылуы тиіс еді.).
Жүргізуші: Ертегі тыңдап бір сергіп қалдық қой.
Әліппе: Ендеше мерекені жалғастырайық. Құрметті балалар! Ендігі кезекті қазақтың мақал-мәтеліне берсек.
Ал мынау менің ең сүйікті мақалым: Оқу күрекпен құдық қазғандай / инемен
Мен шамасы дұрыс айтпадым-ау деймін. Бүгін әріптер де, сөздер де бытырап, біртүрлі шашырап кетті ме, қалай?
Ендеше мен сендерді көмекке шақырайын, менің айтқан мақал-мәтелдерімді түзетуге көмектесіңдер.
1. Қына басқа бітеді / тасқа
Білім шашқа бітеді /басқа
2. Біліп тұрсаң да, сұрама / сұрап ал
3. Аз біл, көп сөйле /Көп біл, аз сөйле
4. Бір елі ауызға
Бес елі қақпақ / Екі елі
5. Көрмес – шошқаны да көрмес /түйені
6. Өнер алды – ұзын тіл /қызыл тіл
7. Жығылып жатып, жығылғанға күлме /сүрінгенге
Әліппе: Жарайсыңдар балалар! Мына тапсырма ең соңғы тапсырма. Сендердің міндеттерің “Отан”, “Туған жер” тақырыбына, мейлінше көп мақал-мәтелдерді еске түсіріп айту. (Көп мақал-мәтел айтқан балаларға жұлдызшалар таратылады)
Жүргізуші: Жарайсыңдар балалар! Тапсырмаларды өте жақсы орындап шықтыңдар. Білімге бай екендеріңді байқаттыңдар.
(Ойын соңында көп жұлдызшаларға ие болған оқырман “Жеңімпаз” аталып, сыйлықпен марапатталады).
Жүргізуші: Міне, осымен біздің ойын-мерекеміз де аяқталып қалды. Құрметті ұстаздар! Көңілдеріңіз көктемдей болсын, өмірлеріңіз мәнді, сәнді қуанышқа тола берсін! Келгендеріңізге көп рахмет!
(Бәрі бас иеді). Хормен “Ұстазым” әнін орындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |