Тубер анестезиясы. Нысана үстіңгі жақтың төмпешігі. Онда үстіңгі тістер өрімінің артқы бөлігіне кіретін көптеген тесіктер бар. Нысана белгілері: 876/678 тістер, өтпелі қатпар мен шықшыт-альвеола қыры. Ақыл тіс ұясының шетінен тесіктерге дейін 2,0-2,5 см-дей.
Ішкі тәсіл – ауызды сәл ашылған қалпында езу мен ұртты стоматологиялық айнамен сыртқа тартады. Инені шықшыт-альвеола қырының артын ала 2 азудың немесе 2-3 азудың арасына шамалап өтпелі қатпарға қадайды. Сүйекті жағалай отырып жоғары, артқа, ішке қарай бағытталған ине үстіңгі жақ төмпешігін айналып өтеді. Ине жылжыған сайын аздап анестетик жіберіп отырады, бұл қан тамырларын инемен жарақаттанудан сақтайды. Шаншу тереңдігі 2,0-2,5 см 10-12 мин соң жоғарғы артқы тіс ұяларының нервісі анестезияланады. (4 сурет)
Анестезия аумағы. Үш азу мен оның тұсындағы альвеолды өсінді, кіреберістегі кілегей қабық, үстіңгі жақ дөңесі, гаймор қуысының артқы қабырғасының кілегей қабығы.
Инфраорбиталық (көзасты) анестезиясы (5 а,б – сурет). Нысана - көзасты тесігі, көз шарасының төменгі қырынан 0,5-0,75 см-дей төмен жүргізілген көлденең сызық пен 2-ші үстіңгі кіші азулар мен иек тесігі арқылы жүргізілген тік сызықтарқиылысында немесе тік алға қарап тұрған көз қарашығы арқылы жүргізілген тік сызықтар қиылысында орналасқан. Іс кезінде көз шарасының төменгі қырындағы үстіңгі жақ пен бет сүйегінің бірігуінен пайда болған бұдырдан 0,5-0,75 см төмен алады. Өзек алға, ішке төмен қарай бағытталған. Олардың жалғасы орта күрек тістердің арасындағы қызыл иектен сәл жоғарылау жерде қиылысқан болар еді.
Ішкі тәсіл – көзасты тесігінің проекциясын анықтаған соң сол қолдың сұқ саусағымен жұмсақ тіндерді сүйекке баса ұстап, бас бармақпен жоғары ерінді жоғары, сыртқа қарай ысырады. Бұл кезде ауыз жабық болады. Инені орта және шеткі күрек тістер аралығынан өтпелі қатпарға шаншиды. Көзасты тесігіне бағытталған инені сүйекке тигенге дейін бойлатып, біраз анестетик жібереді. Енді инені әрі қарай жылжытқанда ауырмайтын болады. Ине сұқ саусақ тұсына жеткен кезде, оны жайлап жылжытып көзасты тесігін табады. Инені өзекке кіргізбей-ақ тесіктің алдында 0,5-0,75 мл-дей анестетик жібереді. Инені өзекке кіргізіп әрі қарай жылжытып жансыздандырғыш дәрі жіберу көзасты нервісінің жарақаттануына әкеліп соғады.
Орта, алдыңғы тіс өрімдерінің анестезиясы 5-7 минуттан кейін пайда болады.
Таңдай анестезиясы
Нысана – таңдайдың үлкен тесігі, ол альвеола өсіндісінің ішкі жағына үшінші азудың тұсында, егер үшінші азу әлі шықпаған болса, екінші азудың артына таман ішке қарай орналасады.
Тіс жоқта басқа белгілер есепке алынады. Тесік А сызығынан (қатты таңдайдың шетінен) 0,5 см-дей алға қарай, қызыл иек пен таңдайдың орта сызығының ортасында белгілейді.
Жалпы ереже. Инені ауызды мүмкіндігінше қаттырақ ашып тесік тұсынан 1 см-дей алға, ішке қарай шамалап шаншиды. Ине жоғары, артқа және сыртқа қарай бағытталады да сүйекке дейін енеді. 0,5 мл-дей анестетик жіберіледі. Анестезия 3-5 мин кейін білінеді.
Анестезия аумағы. Қатты таңдайдың артқы 2/3 бөлігінің кілегей қабығы сүйір, тістің тұсына дейін, аздап жұмсақ таңдай жансызданады.