Туберкулез науқасын емдеудегі жетістіктер химиотерапиямен байланысты. Химиотерапияның нәтижелілігі антибактериалды дәрілердің туберкулез микобактериясына қарсы әсерімен байланысты.
Терапиялық нәтижеліліктің дәрежесі дәрілердің бактериостатикалық белсенділігіне және макроорганизммен байланыста болатын бактериялық популяцияның жағдайына, дәріге төзімділігіне байланысты болады.
Туберкулезге қарсы кейбір дәрілерге сезімтал және төзімді бактериялар түрлеріне сапалы әсер жасау үшін туберкулез науқастарының химиотерапиясы бактериостатикалық дәрілердің комбинациясымен жүргізіледі. Дәрілерді бір-біріне қосып бергенде олардың микобактерияларға қарсы әсері күшейеді, мысалы изониазид пен рифампицин, этамбутол мен пиразинамид бір-бірінің әсерлерін күшейтеді.
Туберкулезге қарсы дәрілердің бактериостатикалық әсері олардың науқас қан сарысуындағы концентрациясының деңгейіне және оны оптималды жоғары деңгейде сақтап тұру уақытына байланысты болады. Бұл дәрінің тәуліктік мөлшерін бір рет және күнара беруге болатынын көрсетеді.
Туберкулезге қарсы дәрілердің жақсы диффузиялық қасиеті бар, олар кез келген патологиялық ошаққа ене алады, сондықтан көп жағдайда химиотерапияның нәтижелілігі туберкулез процессінің ерекшелігіне, оның ішінде өкпедегі морфологиялық өзгерістерге байланысты бола бермейді. Туберкулезге қарсы дәрілерді бергеннен кейін емнің нәтижесіз болуын көбінесе химиотерапияның дұрыс жүргізілмеуіне және дәріге төзімділіктің қалыптасуына байланысты болады. Бірақ созылмалы туберкулез процессінде өкпе тінінде фиброзды өзгерістердің пайда болуы, қан және лимфа айналымның бұзылуы салдарынан дәрілердің диффузиясы біршама баяулайды. Бұл туберкулезге қарсы дәрілердің қан сарысуына қарағанда фиброзды кавернаның қабатында және ішінде өте аз концентрацияда болып дәрі концентрациясының тез көтеріліп оңтайлы деңгейге жетуіне жағдай жасамайды. Нәтижесінде дәрілердің бактериостатикалық әсері әртүрлі патологиялық ошақтарда әр келкі дәрежеде байқалады.