Туған жер
Туған жер – әр адам үшін қастерлі де қасиетті ұғым. Туған жерге, туған елге деген махаббат әр адамды алға жетелеп отырады. Кешегі өткен заманда ата – бабаларымыз мынау байтақ жеріміз үшін аянбай күресіп, тер төккен. Білектің күші, найзаның ұшымен жерімізге көз алартқан жаулардың әрдайым бетін қайтарып, тойтарыс беріп отырған. Одан бері де қилы замандар орын алса да, өз туған жеріне деген халқымыздың дүркін – дүркін көштері әр заманда да орын алып келеді. “Айшылық алыс жерлерден” ат арытып келгендегі басты себеп, ол – туған жерге деген мәңгілік сағыныш. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтылмаса керек. Әйгілі Бейбарыс баһадүр туған жерін сағынғанда, туған ұлысы – Дәшті-Қыпшақ даласынан алдырған бір түйір жусанды иіскеп, сағынышын басқан екен. Алыстан ата – жұртын аңсап келіп жатқан ағайындардың легі бұл күнде де жалғасын табуда. «Сақалын сипап дау шешкен» Орта жүздің биі, Қаз дауысты Қазыбек бабамыз: «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», - деп туған жердің қасиетін ерекше бағалап кеткен. Әр адам үшін өзінің туған жері ыстық. Әр адам үшін өз туған жерінен асқан жер жоқ. Ата – бабамыз аманаттап кеткен біздің жеріміз ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Арқаға дейін жалғасып жатқан кең байтақ атырап. Осынау ұлан – ғайыр даланы көзінің қарашығындай қорғау, шексіз сүю, әр тауы түгілі тасын да қастерлеу басты міндетіміз болып табылады. Әрине, қазақ баласы үшін байтақ жердің қай пұшпағы болса да ыстық қой. Дегенмен, кіндік қанын тамып, өсіп – өнген жерін саф алтыннан да қымбат. Мен үшін сондай қымбат жер сұлу табиғаты, терең тамырлы тарихы бар, Асан қайғы бабамыз «Жер жәннәті» деп баға берген Жетісу жері.
Туған жер... Туған ел... Осы екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші?! Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Ал мен үшін Туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар. Себебі, ол – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Менің Туған жерім, Отаным – кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат әрі киелі Қармақшы жері. Осы мекенде менің көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағым өтті. Қызыққа толы балалық шағым өткен туған ауылдың ауласын еш уақытта ұмытпақ емеспін. Балабақшадағы күндерім... Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күн... Сыныптас достарыммен алғашқы таныстық... Бәрі-бәрі қазіргідей көз алдымда. Осылайша мектеп табалдырығын аттаған күнімді көз алдыма әкелсем, бүгінгі білім ордасымен, санаптас достарыммен қоштасар сәттің жақындағанына да сене алмай қаламын. Әредік орта мектепті бітіруге санаулы ғана күн қалғанын, сыныптас достарымызбен жан-жаққа, Қазақстанның түкпір-түкпіріне білім іздеп кете баратынымызды, балалықпен қоштасуым тиіс екенін ойласам бітті – жүрегім атша тулап, қобалжып қоя береді. Енді әне-міне дегенше сүрлеу-соқпағы көп өмірдің үлкен белесіне аттанбақпын. Мен – жас түлекпін алға ұмтылған. Жас түлек – болашақ үлкен мамандық иесі, өмір атты керуеннің бір жолаушысы. Қалаған мамандығымның соңына түсіп, өмір-керуен қайда жетелесе – сонда жол тартпақпын. «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп қазақтың дара тұлғалы ақыны Абай атам айтпақшы, өмірден өз орнын тапқан дұрыс қой. Дегенмен «туған ауылымды тастап кете барамын» деген ойдың өзі менің киелі, құт мекеніме деген сағынышымды қазірден арттыра түседі. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Авар елінің нағыз патриот ақыны Расул Ғамзатовтың мына бір шумақтары ойыма оралады да тұрады:
Қымбат маған елімнің бар даласы, Балтық пенен Сахалиннің арасы. Қайда болсам қиям оған жанымды, Туған жерден қазсын бірақ қабірді. Туған елге, Туған жерге, Туған тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін осындай болмақ. Отан туралы ой толғасаң, жан толғанысын айтып тауыса алмассың, сірә.
Достарыңызбен бөлісу: |