Тулепбергенова ардак усенгазиевна


Кесте 2 - М.Әлімбаевтың қазақтың кейбір мақал-мәтелдеріне берген түсініктемесі (М.Әлімбаев шығармаларынан теріп, қысқартылып алынды)



бет3/6
Дата11.01.2017
өлшемі1,39 Mb.
#6789
1   2   3   4   5   6

Кесте 2 - М.Әлімбаевтың қазақтың кейбір мақал-мәтелдеріне берген түсініктемесі (М.Әлімбаев шығармаларынан теріп, қысқартылып алынды).




Қазақтың мақал-мәтелдері

Тәрбиелік мәні

1.

Жақсы атты тай жағалайды.

Адамның күні адаммен. Жастарға өнегелі адамдар ақыл-өсиет айту арқылы оларға жақсылық қасиеттерді көрсету, жастардың ақылды адамдардан үлгі алуы.

2.

Жақсы қыз ел-жұртының сақтар салтын

Ата-бабалардың адамгершілік дәстүрін жалғастыру келесі буынға аманат. Халық былай деген екен: «Өзіңді әдейі іздеп келіп едім, қызы жақсы деп ойлама, жақсыға жанас».

3.

Туған жерге туың тік.

Өзге жерде өгейлік көрмей қоймайсың, санаңмен сарғаясың. Кіндік кесіп, кір жуған жеріңнің бір тамшы суына зар боласың, самал жерін сағынасың. Көсегең туған жерде ғана көгереді.

4.

Атаның баласы болма, адамның баласыф бол.

Жақсыны, қандасыңды бауыр тұт, ешкімді жатсынба, бауырмал бол, ақылы асқан адамды алысым деп ойлама.

5.

Өнегелі дана жоқ жерде, өнерлі бала жоқ.

Жас балаға ылғи да ізгіні, игіні көп көрсету керек, ол сонда ғана айтулы азамат болады. Қаршадай баланы қателіктен, жаңсақ қадамдардан ұдайы сақтандырып, түзу жолға бағыттау.

6.

Жақсы бала қонаққа үйір.

Адамдармен жақсы қатынаста бол. Қонақты сыйла, құрмет көрсетіп, жақсыларға елікте.

7.

Ауру қалса да, әдет қалмайды.

Парықсыздықтан бойыңызды аулаққа сал, жаманнан жирен. Жамандық жұққыш, бойыңа бір сіңіп кетсе, кетуі қиын.

8.

Ер бесіктен танылады.

Ел болам десең, бесігіңді түзе.



Ер атану тәрбиеден деген сөз. Бірін-бірі толықтырып, тағылым, тәрбие мәнін әрқайсымызға ұқтырып жатқан даналық ойлар.

9.

Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт.

Халыққа қызмет етуіңе жарар білім ал. Қатарға қара, көп айтқаныңа мәз болма.

10.

Достықтың төлеуі – достық.

Адал дос ақыры үзілгенше айнымайды. Тек өзің адалдыққа – адалдықпен жауап бер. Досыңның ділі мен діні кіршіксіз пәк болсын, рухани жан дүниесі бай болсын.

11.

Бірлік қайда болса, ерлік сонда.

Жаудан елін қорғай алатын қалың қол әскері, батырлардың ерліктері, ата-бабаларымыздың халық арасынан шыққан батырлардың ерлігін жырға қосып, бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, батырларды құрметтеп отырған.

12.

Адамның күні адаммен.

Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болып, қайырымдылық көрсет, қиналғандарға қол ұшын бер, жақсылық жасаудан жалықпа.

13.

Ақыл азбайды, білім тозбайды.

Даналықтың алғыр ерлері де, тәлімгерлері де біздің білгір ата-бабаларымыз. Өзімізді өзіміз бағалай білуіміз керек. Өрен жастың өсу жолында ең құдіретті күш – оқу, білім теру, ғылым зерттеу.

14.

Мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті данадан үйрен.

Жас ұрпақтың санасына халқымыздың ана құдіреті туралы нақыл сөздерін жастайынан әр ата-ана балаларының құлағына құйып отыру қажет. Анадан, даналардан үйрену керек.

15.

Аға болсаң ақыл айт, ақыл айтсаң, мақұл айт.

Талап етуді үйрен, әділ талап қою елге де, ерге де сүйіспеншілікпен, құрметпен қарау.

16.

Елдің ісі – ердің ісі.

Халқымыз әр жас адамға азамат болып өсу – парызың, еліңе қорған болуды ойлап өс, жетіл, кемелден деген ұғымды білдіреді. Алапат ерлікте, ғажайып қаһармандықта айбынды елі бардан шығады.

17.

Ұлың өссе, ұлы үлгімен ауылдас бол.

Балаға игі жақсылықты көп көрсет, өнеге күші өлшеусіз.

18.

Ынталыға оқу жолы әрдайым ашық.

Оқудың, білім алудың түпкі пайдасын қазақ халқы жетік білген. Оқушы шәкіртке жан құштары ғана емес, табандылық керек. Икем-ыңғай, талантты өсіретін – талап қажет.

19.

Отан үшін – ерге тиген үлес.

Әр азаматтың аяулы борышы – туған жерін қорғау, туған елін, туған жерін адалдықпен сүю. Бейбіт күнде еңбегіңмен еліңді сүйсіндір. Отаның үшін оқтан, оттан тайынба.

20.

Ұлы сөзден ұлағат.

Тұлпар мінген қазақ қазақ тіліне де сенген. Тілдің әсерлі, ықпалды құдіретіне сенген. Мақал-мәтелдер – халықтың моральдық кодексі, тәрбие қағидасы, өнеге.

21.

Білімге өміріңді байла.

Өмір бойы үйренуден айнымау керек. Жастықта алған білімің – қарттықтағы ұстар мүлігің. «Білім алмай болдым деме, еңбек етпей толдым деме».

22.

Ерке, еркенің ісі келте.

Ерке бала еңбекте икемсіз, епсіз болып өседі. Бұл кеселді дер кезінде бірден емдеу керек сияқты, еркелерді де ертерек қолға алу абзал.

23.

Ананың алдында асқар тау да аласа.


Ана - өмірдің қайнар бұлағы. Ол ақылды тәлімгер. Ана өз басын, өз саулығын ұмытып, өзгелердің қамын жеуді бәрімізге үйретуші. Ол бала бақытының бағбаны.

24.

Тәрбие тілден басталады.

Ана тілі – адамның ғұмыр бойы серігі, рухани қуаты, құдіретті құралы. Бесік жырымен бөбегіңді тербете біл, ертегі, аңыз-әңгімелер айту, ата-бабалардың тарихымен таныстыру.

25.

Жақсыға жанас.

Өмір жолында жайқалған жасыл гүлдей кілең жақсылық, өңкей өнегелілік кездесе бермейді. Парықсыздықтан бойыңды аулақ сақта, жаманнан жирен.

1967 жылы Мұзафар Әлімбаевтің «Өрнекті сөз – ортақ қазына» атты еңбегі жарық көрді. Бұл кезде халықтың педагогикасы аса дамыған дәуір болатын. Дегенменде ақын халықтың рухани қазынасы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәніне үңіліп, оларды жастар тәрбиесінің кәдісіне жаратуды мақсат етті. Бұл жөнінде ақын былай деп жазды: «Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді газет практикасында пайдалану туралы нақты, ғылыми еңбектер қазақ тілінде әлі де жоқтың қасы екенін айтуымыз керек» [21.108].

Сонау ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлттық тәлім-тәрбиеміздің қайнар көзі болып табылатын мақал-мәтелдер ақынның «Халық - ғажап тәлімгер» атты еңбегінде аз емес. Қазақы ортада өсіп, ер жеткен ғұлама ақын өз халқының бай қазынасы, ұлттық өнегесіне, батаға, ырымға, үлкенді құрметтеп сыйлауға, жақсылық, қайырымдылық жасауға, адалдыққа, атамекенді сүюге, кішіпейілділікке тәрбиелейтін мысалдарға, ертегілерге, аңыз-әңгімелерге, мақал-мәтелдерге, нақал сөздерге талдау жасап, олардың жас ұрпақтың санасын қалыптастыруда тиімді пайдалана білді. «…. Бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы сезімін, алғашқы көргенін, алғашқы туылғанын қаз-қалпында сақтай біледі. Баланың қиялы көргендерінен көлемді ой түйіп жатпайды, қайта үздік-үздік үміттің өзіне рахат сезімге бөліне беретін» көрінеді. Жеткіншек санасына үлкен ойдың түймедей түйені мақал-мәтелдердің тигізетін әсері басқаларға қарағанда әлде қайта маңызды екені хақ. Сондықтан ақын кейінгі ұрпаққа - бізге ұғындыра отырып, оның мәні мен мағынасына терең бойлауды ұсынады.

Ұлттық тәлім-тәрбие адам болып қалыптасудың ұлы мектебі болып табылатынын ақын шығармаларын талдау барысында көзіміз жеткенін айтуымыз керек.

«Бала болсаң, болғандай бол, ағайынға қорғандай бол», «Отаның берік болса, жауың алмайды», «Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмас». Ақын өзекті сөздерді халықтың өзінен алады. «Егер ел аузында жүрген отан қорғау тақырыбына арналған мақал-мәтелдерімізді түгендеп теріп, тізер болсақ, ол патриоттық тәрбиенің үлкен бір саласы екеніне әр оқырманның көзі жетеді» [26.71] - дейді ақын. Сөйтіп, ақын әр жас адамның еліне қорған болуы - ол парыз деген ой білдіреді.

Ғұлама ақын Мұзафар Әлімбаев халқымызды - ғажап тәлімгер деп атап, мақал-мәтелдердің бала мінезінің қалыптасуына, оның дүниетанымдық болмысының өсіп-жетілуіне тигізетін ықпалы орасан мол екенін небір сүбелі ойлармен жеткізеді. Қазіргі жастардың көбісі мақал-мәтелдерді, аңыз-әңгімелерді өз өмірінде қолдана бермейтіндігін байқадық. Бұл жөнінде қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы былай деп толғаныпты: «Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Сондықтан қорқам. Менің қазіргі келіндерім бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлдей әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын».

Бүгінде, шынын айту керек бала тәрбиесін теледидарға, компьютердің мойнына артып қойдық десек артық айтқандық болмас. Ақпарат құралдарының белгілі бір дәрежеде балалардың санасына кері әсер ететін жерлері де бар. Әрине дүние қаншалықты өзгеріске ұшыраған сайын адам сана-сезімі де сонымен бірге жаңа өзгерістерге түсуі белгілі. Дегенмен де, ұлттық тәлім-тәрбиеден қол үзбеу қажет. Себебі ұлттық тәлім-тәрбие барлық жақсылықтардың қайнар бұлағы, сондықтан дала педагогикасының мәртебесін биікке көтеруіміз керек.

Заманымыздың заңғар ақыны Мұзафар Әлімбаев бала тәрбиесіндегі халқымыздың небір асыл сөздерін насихаттаудан жалықпағанына зерттеу барысында көзіміз жетті. Ол халықтың ғажап сөзінде қисап жоқ екенін айта келе, аға ұрпақтың бала алдында келешекті ойлап, ұлым, қызым ұлы мақсатқа жұмылсын деп саналуы керек екендігін айтады. «Атаның даналығы – еліне ағалығы», «Алты қадам алдын көрмеген – алысқа ұзап кете алмас», яғни «Бүгіннің шығында ғана бүкшеңдей берме, ертеңгіні ойла, сонда ғана алға жылжи аласың» - дей келе, тағы бір халқымыздың алтын сөздерін келтіреді: «Арманымен ер - сұлу, орманымен жер - сұлу», «Халық санай да біледі, сыйлай да біледі», «Азамат - елдің ажары», «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау баланың парызы».

Ақын халқымыздың «Көре-көре көсем боласың» деген мақалына мынадай түсінік береді: «Алдыңғылардан, ағалардан, өмір тәжірибесі бай, түйгені мол, қосар кеңесі көп жандардан үлгі алсаң, үйреніп көрсең, сенде азамат болып өсесің. Халық өнегесімен тәрбиелеу теңденциясын еңбекпен тәрбиелеу тенденциясына ұштастырады. Бірақ сол үйренуге де еңбегі, қажыр қайраты қажет [21.3].

Мақалдардың тақырыбы өте көп. Мақалдар халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне, еңбегі мен тәжірибесіне байланысты туғандықтан, оның тақырыбы да орасан көп. Бұл ретте мақалға қосылмаған нәрсе жоқ деуге болады. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен салты, дүниетанымдағы көзқарасы, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен қайғысы, айтатын ақыл-өсиеті, үйретуі мен үкіметі, қысқасы халық өмірінің барлық жақтары мақалдардың басты тақырыбы болып отырады.

Ақын М.Әлімбаевтың мақалдарының ішіндегі ең күрделі бір саласы - адам баласының еңбек ету жайларына арналғанын айтады. Бұл тектес мақалдардан халықтың еңбек жайындағы көзқарасы байқалады. Еңбек адамды мақсат-мұратқа жеткізуші, абырой әперетін іс екендігін халық мақалдары арқылы дәлелдеп көрсетеді. «Еңбегі бардың, өнбегі бар», «Еңбек түбі береке» деп, халық адал еңбекті ардақтайды. Дүние – байлық, шат өмір еңбек арқылы болатындығын, адамды тек еңбек қана қатарға қосатындығын суреттейді. Еңбек етпеген адамды, жатып ішер жалқауларды халық өзінің мақалы арқылы сыңға алады, шенейді. Бұдан: «Еңбегі аздың - өнбегі аз», «Еріншектің ертеңі таусылмас» деген мақалдарды келтіруге болады.

Еңбек тақырыбына арналған мақалдардың қайсысы болса да ақыл-өсиет түрінде айтылады. Еңбек ету оңай еместігін, қиыншылығымен бейнеті, ауыртпалығы барлығын ескертеді. Осылардың барлығын еңбегімен жеткізген адам ғана мақсатына жететіндігін аңғартады. Мұны «Бейнет, бейнет түбі зейнет», «Бейнетсіз рахат жоқ», «Әрект болмай, берект болмас», «Еңбек етсең - емерсің» деген секілді мақалдардан көреміз. Бұл тектес мақалдар адамды еңбек, кәсіп етуге, жұмыс істіуге үндейді, тек еңбек қана абырой-атақ әпереді деп қорытынды жасайды.

Адал еңбекті ардақтаған халық кәсіп ет, жұмыс істе дегенде ең алдымен мал бағуды ұсынады. Оның себебі қазақ халқының ертедегі тұрмыс-тіршілігі, күн көрісі төрт түлік малға байланысты болғандығынан деп есептейміз.

Өмір бойы мал бағып тіршілік еткен, оның сырын жақсы білген халық әрбір түліктің қандай қызмет атқаратындығын мақалдары арқылы да көрсетіп отырған. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дей отырып, сол мақалдардың қажетін, қызметін айтады. «Жылқы малдың патшасы, түйе малдың қасқасы» деп бағалайды. Төрт түліктің тұрмыс-тіршілікте алатын орны қандай екендігін атайды.

Халқымыз өзінің мақалдары арқылы мал баға, мал басын өсіру жөнінде ғасырлар бойы жинаған, жүзеге асырған тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі етіп қалдырып отырған. «Түлік төлден өседі» дей отырып, сол түліктерді өсіру үшін қажырлы еңбек керектігін ескертеді. «Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал жуымас», «Ат шаппайды, бап шабады», «Мал жисаң, қонысын тап», «Бақпасаң мал кетеді» деп ақыл айтады.

Мал басының құрылуы, өсіп-өрбуі тек адал еңбекке байланысты деп түсінген халық бұл жөнінде қожа-молдалар айтатын діни ұғымдарға да қарсылық көзқарасын білдіреді. Егер дін иелері мал басының өсуін құдайға байланысты «Малды құдай береді» десе, еңбек адамы бұл түсінікті керісінше, «Мал баққанға бітеді» деп өз тұжырымдайды. Сөйтіп, халық адал еңбегімен жинаған малын ардақтайды. «Еңбексіз тапқан мал, иесіз кетер» деп түсінген халық төрт түлік малдың қайсысы болса да адал еңбекпен бағу арқылы құралатындығын, сонда ғана адам мұратына жететіндігін көрсетеді.

Егін жайында шығарылған мақалдардың қайсысы болса да, ең алдымен егін егу адамға пайдалы екендігін дәлелдейді. Егін өздігінен өспейді, оны егу керек, ол үшін көп еңбек ету қажет деген қорытынды жасайды. «Жер ырыстың кіндігі», «Ексең егін, ішісің тегін», «Жердің сәні егін», «Егін еккеннің есесі көп» деп мақалына қосады, егіншілікті үлгі етеді, оны тіршілік тірегінің берекесі деп бағалайды.

Қазақ мақалдарының көрнекті тақырыбының бірі – ұйымшылдық, ынтымақ, бірлік жайын қамтиды. Бұл тақырыптағы мақалдардың негізінде халықтың аталған мәселелер жөніндегі даналық көзқарасын өмір тәжірибесінен алып, білгірлікпен жасаған қорытындысы жатады. Үй-ішінің, ел-жұрттың, бүкіл қоғамның құралуы ұйымшылдық пен бірлікке байланысты деп біледі. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп бағалайды. Мұны «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Бірлігі жоқтың, тірлігі жоқ», «Ырыс алды - ынтымақ» деген секілді мақалдардан да көреміз.

Бұл келтірілген мақалдардың бәрі де өмір шындығына негізделіп туғандығын көрсетеді. Ондай мақалдар арқылы халық ынтымақ пен бірлікті, ұйымшылдықты жақтайтындығын білдіреді. Халықтың «Алтауы ала болса ауыздағы кетеді, төртеуі түгел болса төбедегі келеді» дегені осыдан.

Қандай істің болса да белгілі бір нәтижеге жетуі – адамдардың бірлік, ынтымақ, ұйымшылдықтарына байланысты дей отырып, халық мақалдары бұл жөніндегі қорытындысын ақыл-өсиет, нақыл сөз ретінде келтіреді. «Саяқ жүрсең, таяқ жерсің», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп, жекелік пен даралықты, көпшіліктен бөлініп шығушылықты шенейлі. Барлық күш-қуат көпшілікте, халықта екендігін дәлелдейді. «Көпке топырақ шашпа», «Көп қорқытады, терең батырады», «Көптен шыққан – көмусіз қалады» деуімен көпшіліктің, яғни бүкіл халықтың күшін сипаттайды. Бұл ретте халық өзін қоғамдағы барлық материалдық және рухани байлықтарды жасаушы, салт-сана, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік түрлерін қалыптастырушы, оларды әрбір тарихи жағдайларға, өмір тілектеріне сәйкес өзгертуші, алға қарай дамытушы негізгі күш деп таниды. Бұларды жасау, іске асыру жеке адамдардың қолынан келмейтіндігін дәлелдейді. Сондықтан да халық мақалдары адамдардың ынтымақты, ұйымшылдық пен бірлікте болуын өсиет, нақыл етеді. Осыған байланысты ақын тағы бірнеше халық мақал-мәтелдерін келтіреді: «Ақ көңілдің аты арымас», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле», «Екі кісі ұрысса – ағат, екі кісі сыйласса - санат», «Ақылы асқан жақсыны алысым деп ойлама, ақылы жоқ жаманды жақыным деп ойлама». Осы келтірілген мақалдарға ақын талдау жасап, біреудің сорынан өзіме бақыт табамын деп арам ойға жүгірген абырой алмайды, адалдық адамдығың, келте өмірді абыройлы өткіз, басқаларға жақсылық жасаған күндеріңді өкінішсіз өткізген күндерім деп сана дейді.

Лұқпан Хәкім бұл жөнінде: «Мың жасадым дегенде әлгідей қапысыз күндерің, халыққа жақсылық жасаған күндері мен айларын көпке санаған болар» - деген.

Ақынның осы жоғарыдағы ойларынан шығатын қорытынды: нағыз педагог, халық тағылымдырының жанашыры Мұзафар Әлімбаев сан қилы мақал-мәтелдерді бала тәрбиесінде тиімді пайдаланып, о бастан бірден дұрыс тәрбиелеу оңайырақ, ал бұзылғанды түзету, адасқанды жөнге салу, яғни қайтадан тәрбиелеу азапты еңбек екенін ата-аналарға кеңес етіп ұсынады. Бұл ой қазіргі педагогикадағы баланы қайта тәрбиелеу қағидаларымен сабақтасып жатқанын аңғару қиын емес.

Педагогика курсындағы «Тәрбие әдістері, тәсілдері» деген тақырыпты өткенде ұлы ақынның «Талай мінезі асқындырып алып, тия алмай жүретініміз бар әлі, тұрпайы мінез – тағы жат, надандықтың белгісі. Әдептілік пен сыпайылық, адамгершілікке, биязы мінезге шақырудың бір әдісі мінез өзгерісіне ауысқан он екі жасар кінәмшіл, шамшыл, кейде тіпті қыңыр қылыққа басатын керітартпа ұландардың қытығына тимей, жанама ақыл айтқан жөн» деген сөздері «Мәуелі ағаш майысқақ» дегендей, білігі бардың бәрі сыпайы, биязы болатынын ескертеді.

Ақын өмірде ешкімге ірілік көрсетпейді, кеудесін қақпайды. Үлкенге де, теңдесіне де иіліп сәлем беру керек деп тұжырымдайды. «Өз бетін аямаған – кісі бетін шиедей қылар», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Ұлық болсаң, кішік бол» деп этиканың басты қағидасын алға тартады. Сөйтіп: «Сыпайы адам сынық мінезді, көпке жұғымды, сүйкімді атанады. Көп алдында бетің қызармасын. Себебі, дана халқымыз «Өлімнен ұят күшті» деген өсиет айтқан, яғни өзіңді, жан дүниеңді өзгелермен салыстырып барып білу – тиімді әдіс, ұтымды үрдіс және көз ашқаннан көз жұмғанға дейін қажетті де пайдалы дағды» деп көрсетеді [24.10]. Ақынның бұл ойы ғылыми педагогикадағы тәрбиенің үздіксіз процесс деген қағидасымен үндесіп жатырғанын байқауға болады.

Көрнекті ақын, жауынгер-журналист, халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев жиырма бір халықтың 666 мақал-мәтелдерін аударып, 1960 жылы кітап етіп шығарған, халықтық мұраны ерінбей жинап жүріп, әдеби тілді байытқан, жиған-тергенін оқырманға да үйреткен, өзі де сол халықтан үйренген. 1994 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Халық – ғажап тәлімгер» атты педагогикалық ой-түйіні халық педагогикасының қыры мен сыры туралы тебірене жазған еңбегі.

М.Әлімбаевтың фольклорды зеттеудегі тағы бір ерекшелігі – қазақтың мақал-мәтел, қара өлеңіндегі афоризм сөз тіркестерін көрші орыс, өзбек, татар, қырғыз, монғол тілдеріндегі ұқсас сөз тіркестерімен салыстыра зерттеп қарауында надандықтың белгісі деп келетін мақалдардың тәрбиелік, этикалық мән-мағынасы әлі күнге дейін өз күшінде деген тұжырым айтады.

Сөзіміз жалаң болмас үшін ақынның еңбекке шақырған бір-екі өлеңін мысалға келтіріп өтейік:

Ара тынбайды,

Ұшып, зырлайды.

Шарлап қырлайды,

Шырын жинайды.

Гүлдер өсірсең,

Балын сыйлайды [25.36].

«Сыйға сый» өлеңінде М.Әлімбаев араның күнделікті зырлап ұшып, тыным таппай, еңбектенген тірлігімен бүлдіршіндерді таныстыра отырып, оларды да ара құсап тынбай еңбектенуге шақырады. Сөйтіп, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абай афоризміне жақын ой түйеді. Бүлдіршіндерге бал жегің келсе, гүл өсіріп, айналаңды көгалдандыр деген ой тастайды. Балалар не нәрсені де өте нақты, конкретті түрде түсінеді, ақын сондықтан да оқырмандарына гүлзарларды көбейту идеясын ұсынады. Ақын ойын жинақы әрі өте ұтымды берген, өз орнын таппаған басы артық сөзі жоқ.

Оқырманның көз алдына төңіректі шарлап, гүлден-гүлге қонып, шырын жинаған еңбекқор жәндік, жайқалған көк майса елестейді. Бейне бір сол араның ызыңын естігендей боласың. Н.Севостьянова өз мақаласында: «Егер сіздер М.Әлімбаев өлеңдерін мұқият оқысаңыздар, онда әрине, олардың балалар салған суреттерге ұқсайтындығын, солар сияқты көркем, бейнелі, түрлі-түсті екендігін көресіздер», - дейді. Жоғарыда келтірілген өлең осы пікірдің жанды мысалы іспеттес.

Сондай-ақ ол – айтулы публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеуші. Ақынның бұл қырларының қай-қайсы да – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, мәуелі бұтақтар. Үздіксіз әрі дәмді, мол жемістер беріп келе жатқан бұтақтар. Шындығын айтсақ, бізге үлкендер ақыны, аудармашы, сыншы, очеркші, ән-өлеңші, ұстаз, редактор М.Әлімбаевтың қай қыры да қымбат. Алайда, әсіресе, соңғы ширек ғасыр көлемінде, қаламгер есімі аталса болды, алдымен балалар ақыны М.Әлімбаевтың ойға оралары анық.

Ақынның балалар әдебиетіндегі орны өз алдына бір сырлы әлем екенін баса айтқымы келеді. Өйткені балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мұзафар Әлімбаевтың әр жастағы баланың ой-өрісіне сай лайықталған азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, қызық оқиғалы, күлдіргі әрі тапқырлығы жағынан әралуан ойлы туындылары бала психологиясының нәзік сырына жетік білгірлігін танытады. Оның шығармалары мектеп оқулықтарынан тұрақты орын алған.

Әлемдегі қай елде болмасын, балалар әдебиетіне, балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас пен құрмет ерекше. Олай дейтініміз, балаларға арнап қызықты шығармалар жазу екінің бірінің еншісіне тие бермейді. “Бесік жырынан” басталатын балғындар өлеңінің әйтеуір бір құдіреті бар. Соған қарағанда, ән-өлең бала бойына ана сүтімен бірге таралатын болу керек. Әйтпесе, бөбекті өлеңмен қалай ұйықтатып, өлеңмен қалай оята алады? Дүниеден хабары жоқ бесікте жатқан сәбиді өз ырқына көндіріп, өз дегенін істететін өлеңнен артық керемет бола ма? Бөбектерге арнап өлең жазудың қиындығы да осында болса керек. Өйткені ол барлық жырдың нәрі, барлық жырдың басы ғой…

Автордың балаларға арналған өлеңдері қысқа болғанмен, белгілі сюжетке, тартымды ойға, терең пікірге құрылған. Ақын балалардың қызығып та қуанып оқуын көбірек ойланады. Сондықтан да Мұзафар өмірдің кішкене бір көріністеріне үлкен мән беріп, түйінді ойлар айтуды өзіне зор мақсат етіп қояды.

Ақынның, әсіресе, мектеп жасына дейінгі балдырғандар мен бастауыш мектеп оқушыларына арнап жазған өлеңдері тым қызық, өте әсерлі. Оны үлкен кісілер де сүйсініп оқып, балалық шақтарын еске түсіреді. Ақын «Кім ұтылды, кім ұтты...» өлеңінде тау асып ойнап кеткен үш баланың қарны ашып, қолдарында қалған екі алманы бөлісе алмай жатқандарын сөз еткен. Екі алманы үшке бөлісе алмай таласып, керілдесіп жатқан екі жолдасына үндемей тұрған үшінші бала былай дейді:

Қиын емес бұл мүлдем,

Теп-тең етіп бөлейік.

Екеуің ал бір-бірден,

Мен-ақ соған көнейін.

Не керек сол айтысып

Сен бер маған жартысын.

Екеуі оған көніпті,

Жарты-жарты бөлікті

Басу айтқан балаға,

Өз қолынан беріпті.

Кім ұтылды, кім ұтты?

Кім ұқпады, кім ұқты? [26.91].

Ақын өлеңін сұрақпенен аяқтап, оқиға шешімін балалардың өз талқысына салады, сөйтіп, олардың ойын дамытуға, өздерінше пікір таласын тудыруға сілтейді. Ақын өлеңі тартымды ойға құралатыны осыдан ап-айқын көрінеді.

«Әріптер сыны» өлеңінің мамандық таңдауға жол ашатын сыр-сипаты бар:

«А» – Алтай бала дәрігер,

Аурудан сақтар ол мені.

«Ә» – Әнуар өнер біледі,

Әдемі етік тігеді.

«Б» – Бауыржан сақшы – жауынгер

Батыр деп сүйген қауым ел.

«В» – Володя мастер мен дейді,

Вагондарды жөндейді.

«Г» – Гүлжамила бақшасы,

Гүлге толған бақшасы.

«Ғ» – Ғажап бояу жағады,

Ғали сурет салады.

«Д» – Дүлділ аттар батпаған,

Дәрменді жұрт мақтаған [27.168].

Мұндағы әр әріп әр түрлі мамандықты таңдайтындай мазмұнға құрылған. Төменгі сынып оқушыларының жаттап айтуына ыңғайлы. 36 әріпті түгел танып шыққан балғындар ата-аналар жиналысы кезінде мектеп сахнасына шығып, бірі «А», екіншісі «Б», үшіншісі «Ә» болып ролдесіп, жатқа айтып шықса, жарты жылдық оқудың білім қорытындысы болып, ата-ананы зор қуанышқа бөлер еді. Педагогтардың ақын, жазушыларға қояр тілек, талаптары шығармаларының тәрбиелік мәні басым болумен қатар, білімдік мазмұнға құрылуын тілейді. Оқушылардың сөздік қорын байытатын талғам, ойлы, парасатты көркем сөздер болуын талап етеді. Өлеңдерді тез жаттап айтуына икемді боп тұруын жақтайды.

Мұзафар – көркем сөз зергері. Оның өлеңдерінен бала жанын мәз етерлік елжіреген бос сөздер, құлақ тұндырарлық құрғақ өсиеттер көздеспейді. Балаларға арналған шығармаларынан тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп отыратын терең ой, өткір пікірлер табылады. Мұзафар өлеңнің көркемдік түрлерін тек метафоралар мен эпитет сияқты бейнелі, мәнерлі сөздерден ғана іздемейді. Ол сөз қолдану шеберлігін әр сөзді орнын тауып жұмсай білуден іздейді. Орнын тауып қолдана білсе, терең мазмұнға, ерекше көркемдікке ие болып құлпырмайтын, түрленбейтін бірде-бір сөз жоқ екенін Мұзафар жақсы түсінеді. Ол – ізденгіш, талғамы күшті, бала жанын түсінетін талантты ақын.

Мұзафар Әлімбаев балаларға отызға тарта кітап сыйлады. Сол жинақтардағы тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаш, мазақтама, ертегі-аңыздар мен баллада поэмаларында құрғақ үгіт-насихаттаудан аулақ. Ақын балдырғандарға арнап жазған жырларында әр баланың жас ерекшелігін ескере отырып, өз оқырманының әдрісін тауып ұсынады. Қаламгердің өлеңдері сонысымен де құнды.

Өз шығармасына жауапкершілікпен қарайтын Мұзафар Әлімбаев балаларға танымдылығы бар жыр жазғанда ақынға тән шеберлікті әсте естен шығармайды.

Мысалы, «Он саусақ» деген өлеңінде былай жырлайды:

Жалғыз саусақ тіпті де,

Ұстай алмас жіпті де.

Екі саусақ бірікті,

Ине қолға ілікті.

Үш саусағым орамды,

Жүгіртеді қаламды...

Өнерлі екен он саусақ:

Қала салсаң, жол салсақ немесе «Жылқышы» деген өлеңінде:

Екі бала таласты,

Едірейе қарасты.

Жылқышы –

Ол – кісі, - деді Арнұр.

Жылқышы –

Шөл құсы, - деді Жаннұр.

Кім жаңылып бұрыс айтты?

Екеуі де дұрыс айтты [28.376] - деп «жылқышы» деген сөздің екі мағынасы барын нақтылы айтып береді. Бұл өлеңді оқығанда балалар біріншіден – «Жылқышы» дегеннің жылқы бағатын кісі екенін, екіншіден – «Жылқышы» деген шөлде жүретін құстың аты екенін біледі.

Балаларға танымдылығы бар шығарма жазғанда жалаң, өзің ойдан шығарып айта салу, сол нәрсені жалған түсінуге әкеліп соғады. Мұндайдан сақ болу үшін Лев Толстой айтқандай, «ғылыммен дәлелденіп», шындыққа негізделгені жөн.

Сондай-ақ балалар поэзиясына әкелген бір топ шарада, метограммаларын атап өткен орынды. Осындай сөз жұмбақтардың, жаңылтпаштардың, жекелеген жұмбақтардың барлығы баланың ойын қалыптастырып оның санасын оятады. Оларды еріксіз қызықтырады. Өздері де өлеңмен не қара сөзбен ақынның келтірген жырлары арқылы соларды шығарып айтуға дағдыланатындары сөзсіз.

М.Әлімбаев балаларға арналған өлеңдерінде мүмкіншілігінше ашық дауыстыларды қолданады. Мұның себебін ақын: «... олақ ақындар бұл талаппен санаса бермейді, дауыссыз дыбыстарды қаптатып, өлеңді оқыған кіп-кішкентай баланы былдырлатып, тұтқыртып әуреге салады»,- дейді. Жоғарыдағы өлең балалар өлеңіне қойылатын осы талаппен де ұштасып жатыр. Демек, өлең сөздерінің дыбыстық, буындық жағынан дұрыс үйлесім табуы, оның бүлдіршінің тіліне орамды, жүрегіне жылы тиюіне әсер етеді.

Мұзафар Әлімбаев – бақытты ақын. Өйткені қазақтың маңдайына біткен жалғыз балбөбек журналы «Балдырғанды» ұйымдастыруға атсалысып, соның бас редакторы болды. Журналдың балабақша мен бастауыш мектеп балаларына лайықты шығуына өз ақыл-ой, қайрат-жігерін жұмсаған қайраткер. Журналда жиырма бес жылдан астам уақыт бас редактор міндетін атқарған Мұзағаң көптеген балалар ақын-жазушыларын тәрбиелеп шығарды.

Педагогикалық пәндерді оқыту процесінде халық мақалдарында біреуді алдап-арбап, басқаларды қынадай сорып, бақ-байлық қуған адамдардың еңбексіз табиғатын сынайтын өлеңдер өте көп. «Өзі ұры біреуді ұры санайды», «Жаман сопы - тобашыл», «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», «Саудагерде иман жоқ – арын сатады, өтірікшіде иман жоқ – жанын сатады», «Аңқау елге – арамза молда» сияқты толып жатқан мақалдардың тәрбиелік мәнін келтіреді. Ғалымның мақал ішінде мазмұны бүгінгі заманға келе бермейтіндері де бар. Мысалы, «Байтал шауып, бәйге алмас» десе, мұнысы әйелге деген ескі діни-феодалдық көзқарас, бұл оймен келіспеуге болмайды.

Қорыта келе, бүкіл адам баласының сан ғасырлар бойы жиған-терген, ақыл-ой қазынасынан тек оқу ілімі арқылы сусындауға, қоректенуге болады дегіміз келеді. Алдыңғы буынның білгені кейінгі буынға білім екені даусыз нәрсе. Халық педагогикасының жариялылығының бірі «Ұлт тағылымы» журналы келгеннен бері көп уақыт өтпесе де, оның беттерінен қазақтың салт-дәстүрлерінің, мақал-мәтелдерінің тәрбиелік мәні жетекші орын алады десек, артық айтқандық болмас. «Еңсесі биік ел озар», «Асыл мұра», «Этнопедагогика», «Сөз өнері» атты айдарлары жас ұрпаққа адамгершілік-имандылық тәрбие беруде маңызды рол атқарады.

Ұлттық дәстүрлі тәлім-тәрбиенің танымымызға жеңіл, жанымызға жақын әбден қанға сіңген қасиеттерінің бірте-бірте әлсіреп, жойылуы ол ең алдымен ұлттық сананың күйреуі, ұлттың құрып кетуіне, ұлттық наным-түсініктің қазаққа тән емес болмысының қалыптасуын, ұлттық менталитеттің халыққа тән қасиеттерінің ерекше белгілерінің құрып кетуіне әкеліп соғатын қатерлі құбылыс. Бұл ұлт үшін ең басты қауіпті тажал. Осыдан сақтану үшін ұлттық негіздің түп-тамыры болып табылатын қазақы тәлім-тәрбиеге көбірек көңіл бөлу қажет.

Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісін ақын терең зерттей келе былай деп жазды: «… Халық тәрбиесінде әлеуетті сөздің алатын орны, атқарар қызметі айтып тауысқысыз. Үлкендер де кішілер де халық поэзия қазыналарын тере жүріп, қалың көпке жаюды, таратуды санаса игі. Сонда ғана жасөспірімдерге ізгі өнеге, текті тағылым ұсына аламыз және бір ескеретін жайт – ел арасынан жинаған құнды сөздерді дер кезінде газет-журналдарға ұсынып немесе ұлттық академиясының әдебиет пен өнер институтына жолдап отырса құба-құп» [29.308]. Бұл ойы арқылы М.Әлімбаев халқымыздың небір асыл жырларын жас ұрпақ тәрбиесінің кәдесіне жаратуға шақырды.

Мұзафар Әлімбаев 300-ден астам еңбектерінің ішінде балаларға арналған өлеңдері жеткілікті. М.Әлімбаев балаларға арнап халық ертегілерінің ізімен «Түлкі мен жолбарыс», «Алатау баурайында», «Қарағай неге ұзын, жыңғыл неге жатаған, тобылғы неге қара?» деген ертегілерді өлең түрінде жазды.

Ақынның «Алатау баурайында» поэмасын студенттер мектепте тәжірибе жинақтауда 5 сынып оқушыларымен тәрбиелік сағат етіп өткені оларға үлкен ой салғанын айта кетуді жөн көрдік. Бұл жерде баланы адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында өткізілді. Адамгершілігі мол парасатты кісі әрқашан өз басының қамынан гөрі ел қамын, халық қамын көбірек ойлайды да, өз Отаны алдында қызмет етуге ірқашан дайын тұрады. Міне, осы мәселелер поэзия тілімен жақсы суреттеледі.

Поэманың қысқаша мазмұны: Жақы деген жарлының жаман күркесін сұрап алыпты. Сөйтіп, Пернебек оны түзеп, үлкейтіп, үй ету мақсатында оның астын қазып жатқанда кесек-кесек алтын шығады. Қатты қуанған ол: «Бұл алтын сенің үйіңнің астынан шықты, бұл алтынды сен ал» - деп Жақыға ұсыныпты. Ал, Жақы болса оңай олжадан бас тартып, былай депті: «Пернебек мұны сен ал, ол алтын сенің еңбегіңмен табылды» - дейді.

Жарымаған жарлының,

Жарылғаны адалдық.

Жарлымын да жарлымын,

Жанға жақпас қараулық.

Көзің сатып жеген нан,

Кептеледі өңешке,

Терің сатып жеген нан,

Балдан тәтті емес пе? - деп Жақы тағы да Пернебектің алтынды алмасына қоймайды. Аш көзділік, арсыздықтың жоқтылығы қандай абзал. Пернебек те алтыннан бас тартыпты:

Оңай олжа, арам ас,

Мен де алтыннан беземін.

Бола қоймас балам аш,

Терсем де жер тезегін [30.95].

Соңында олар өздерінің көрген таршылықты, кедейлікті балаларымыз көрмесін, олардың болашағы жарқын болсын деп, екеуі құда болыпты. Сөйтіп, адтынды үйленген балаларына беруді ұйғарады, ал балалары да алтынды алудан бас тартады. Ақыр соңында құдалар өмірден көргені мол қарияға жүгініпті. Қария оларға алтынды халық мүддесіне жұмсап, алмалы бақ орнатуды айтыпты. Тауып алған алтын халық игілігіне жұмсалыпты. Бұдан шығатын қорытынды: бала бойында адамгершілікті, қайырымдылықты, ізгілікті жас кезінен қалыптастыру қажет.

Міне, бұл баланы адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу идеясынан туған тоқтам. Жүре келе түсінер, өмірдің өзі үйретеді дей жүріп, баланы бақылаудан тыс қалдырса, оны құрметтемесе, балаға баласынып қараса, онда ата-ананың ұтылғаны. Ал егер баланың бойына ізгілік егілмесе, оған құрметпен қарамаса, ондай бала өзіне өзі сұрқия, басқаға да жексұрын боп көрінеді. Бұған біз Мұзафар Әлімбаевтың «Егерде» деген өлеңін үлгі етер едік.

Ауланың қарын күрер ем,

Аяғым су болмаса,

Бақшаны баптап жүрер ем,

Үстіме шаң қонбаса.

Бұл бала не істеу керек екендігін біле тұра соған илікпейді. Қолы бармайды. Қара жұмысқа жиіркене қарайды.

Суға да мен барар ем,

Егер қарым талмаса,

Отынды да жарар ем,

Ағаш қатты болмаса.

Жастайынан осындай тәрбиеде өскен шолжаң бала көбіне жамандыққа үйір болады. Ал, жамандыққа үйір кісі жан біткенді жек көреді. Жасынан өзімшіл, жалқау өскен бала өзге түгіл өзінің жақынына да қарамайтын болады. Ақын бұл жағын да дұрыс айтқан:

Жұбатар ем Жанатты,

Жылап маза алмаса,

Жақсы оқыр ем сабақты,

Кітап қалың болмаса... [31.210].

Еш нәрсе істегісі келмейтін, ешнәрсеге икемі жоқ жалқау бала тіпті оқуға да мойны жар бермейді. Дайын тамақ, дайын асқа ғана үйренген. Тұла бойын жаман жолға бастайтын қырсық билеген тілазар жалқау баланы Мұзафар қатты сынаған. Осыдан үлкен қорытынды жасайтындай, ақылға келетіндей, сабасына түсетіндей ой салған. Өзінің зор болашағына үлкен кесір келтіретін осындай жамандықтан баланы өте жас кезінде арылтуға күш салған жақсы. Бала бойындағы жамандық біткеннің бәрін де өріс алдырмауға, оны тез арада тұншықтырып тастауға әрекет еткен абзал. Мүмкіндік, жағдай бар екен деп баланы тым еркелете беру, есірте беру жақсы нәтиже бермейді.

Зерттеу жұмысымыздың бірінші бөлімін аяқтай келе, мынадай қорытынды жасауды жөн көрдік:

Заманымыздың заңғар ақыны, жазушы Мұзафар Әлімбаев тынымсыз еңбек етіп, халқымыздың тәрбиедегі небір сөздерін жалықпай теріп, тәжірибеде шыңдалған тұжырымдарды өзгелерге сырлы да нәрлі етіп жеткізді. Адамды тәрбиелеу жолында ақынның тәлімдік ойлары ұшан-теңіз десек артық айтқандық болмас. Ақын: Мақал-мәтелдерді ақын балаға ұлттық тәрбие беруде тиімді пайдалану қажет. Олар (мақал-мәтелдер) – халықтың моральдық кодексі, тәрбие қағидасы, атаның артындағы ізбасарына қалдырған өнегелі өсиеті» [32.158] - деп тұжырымдайды.

«Адамға өткен дәуір бәрі - сабақ». Себебі, заманалар тәжірибесінен сұрыпталған тұжырымдар кейінгі ұрпаққа кітап сөзіндей аса қымбат болғаны да, болатыны да осыдан.

Ақынның еңбектерінің қуанарлық жағының бірі - қазақтың мақал-мәтелдерін тәрбиеде жүйелі пайдалана отыру қажет деп санауы. Сөзшең, өнерлі ақын азаматтарға жиын-тойларды төрден орын беріп, қошемет көрсеткен. Жастарды шешендікке, сөз өнеріне үйрету үшін әке-шешелері, аталары мен әжелері оларға мақал-мәтел, жұмбақ, терме, өлең-жыр жаттатып үйреткен. Ақын халық педагогикасындағы тәрбие ісін әр баланың жеке бас ерекшеліктерін (психологиясын) ескере отырып жүргізуді ескертеді. Бұл ойымыз Мұзафар Әлімбаевтың халық мақалдарын келтіруінен көрінеді: «Баланы туады екенсің, мінезді тумайды екенсің», «Бір биеден ала да туады, құла да туады», «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау – баланың парызы» [33.216] деп түйіндеген.

Халық педагогикасы ақынның пайымдауынша жас ұрпақты өмірге дайындап, «Сегіз қырлы, бір сырлы», жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу үшін бар мүмкіндікті сарқа пайдаланған.

Халық педагогикасы бүгінде ғылыми зерттеулердің тек объектісі ғана емес, сонымен қатар ол педагогикалық теориялардың, әсіресе отбасындағы тәрбиенің дамуына үлкен әсер ететін ынтымақтастық педагогикасының іргетасы болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет