ҚР Білім жəне Ғылым министрлігі
Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжі
РЕФЕРАТ
Пəн: Балалар әдебиеті мен мәнерлеп оқу
Тақырып: «Б.Бұлқышевтің балалар әдебиетіне
қосқан үлесі»
Дайындаған: Айтқалиева С
М-19-3 (11)
Тексерген: Мұхаев І.Д
Қарағанды,2020
Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлттық әскери әдебиеттің дамуына үлес қосқан жауынгер жазушы Баубек Бұлқышев еді.
Ұлы Отан соғысының шындықтары, өмір мұраты мен адам қайраты, Отанды, елді, жерді аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері, елдік пен ерліктің үлгі өнегелері, жастық пен достық, махаббаттың өлшем өрнектері, қысқасы ұлттық дәстүрге адалдықтың, атамекенге, ата анаға, бауыр туысқа, отбасына шынайы берілгендіктің сыр сипаттары Баубек Бұлқышевтың ақындық қуаты бай, жазушылық қарымы кең, журналистік мүмкіндігі мол дарын даралығы мен талант табиғатынан терең танылады.
Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сөнген, жастай кеткен Баубек Бұлқышевтың шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Оның өмірі нағыз кеңес жасының өмірін елестетеді. Ол Қарағанды облысының Ұлытау өңірінде, қазіргі «Амангелді» кеңшарында 1916 жылы туған. Балалық дәуірдің балғын бесігінен жаңа аттаған шағында Баубек әуелі шешесінен, артынан әкесінен айырылып, жетім қалады. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып сауатын ашады.Бұдан былайғы оқуына жақын туысы Сейтжан Смайлов деген мұғалім көп ықпал жасайды. Баубек жастайынан алғыр, өжет боп өсті. Сейтжан ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақбай заводындағы фабрика завод училищесіне келіп оқуға түседі. ФЗУ–ды бітіргеннен кейін Баубек 1933-1934 жылдары «Ұлытау» совхозында түрлі шағын қызметте болады. Осы уақыттан бастап ол көркем әдебиетті құмарта оқиды.
1935 жылы тамыздың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік тиісті білімі болмағандықтан техникумдардың бірін қалауға тура келеді. Өзімен бірге келген ересек жолдастарымен есеп экономика техникумының даярлық курсына түседі.
Оның оқуға, өмірге деген құштарлығын мына өзі жазған хатарының біреуінен байқауға да болады «Менің он тоғыз жасымда бар ойым оқуда, қызмет жайында және несін жасырайын, атақ жайында болатын. Мен толып жатқан өнер жайын ойлаушы едім Алдымен ақын болғым келетін. Пушкин мен Лермонтовты, Гете мен Гейнені, Байрон мен Шиллерді оқығанда біржола сүңгіп кетуші едім. Бұл ақындар маған қатты ұнайтын да, күні түні басымды көтермей оқитынмын. Мен күйші де болғым келетін. Чайковский мен Глинканы, Бетховен мен Шопенді ерекше құмартып тыңдаушы ем. Мен өзімшіл екем, әрі ақын, әрі күйші болғым келетін.
Жоқ, шынын айтсам, маған ол аз еді. Менен гөрі ересек жолдастарым мен бірге туған ағаларым институт бітіріп, біреуі инженер, біреуі тарихшы болып шыққанда, осы мамандықтар түгелімен менде де болса деуші едім.
Өмір үшін, жас жігіт үшін, әрине бұ да аз...»
Міне осындай ұшқыр қиял, асқақ арман, биік мұрат Баубек бойына дарыған қасиеттер еді.
Майданға аттанған Баубек қатардағы жауынгерден офицерлік дәрежеге дейін көтерілді. Ақтық рет, 1944 жылы ақпан айының ішінде Украинаның Ново - Юльевка деген селосы маңында саперлік міндетін атқарып жүріп, опат болды.
Әдебиетпен шындап айналысқан Баубек техникумның екінші курсында есеп қызметкері болу мамандығынан мүлде суып, оған селсоқ қарайтын болды. Уақытының бәрін әдебиетке арнап, соның қызығына түседі. Қызға арнап өлеңдер шығарады. «Балалық шақ» деген поэма, «Ауылдан Алматыға» деген ұзақ әңгіме жазады. Бірақ бұл екі әңгімесін де «нашар нәрселер» деп жыртып тастаған. Баубек бұл жылдары әлеуметтік тақырыптарға да өлеңдер жазып жүрді. Бұл жазғандарын «Лениншіл жас» газеті, «Қазақ әдебиеті» журналы сияқты баспасөз орындарына ұсынған.
1938 жылы техникумның екінші курсын бітіріп, жазғы каникулда елге бармастан қазақтың мемлекеттік баспасында іс атқарушы болып уақытша қызмет істейді. Осында жүріп «Айсұлу» поэмасын бітіреді. Сол кездегі баспаның директоры Ә.Сәрсенбаевтың ұсынуымен Баубек Қазақстан Жазушылар ұйымының жанынан ашылған жас ақын жазушылардың екі айлық курсына алынады. Бұл курсқа алынған соң, ол техникумнан арыз беріп босанады. Курсты сол жылы аяқтап Жазушылар ұйымының жолдамасымен «Лениншіл жас» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Мұнда біраз істеген соң «Октябрь балалары» газетінің бөлім меңгерушісі болып жоғарылайды. Газеттің күнделікті тынысына еріп бірде мақала, очерк, рецензия жанрларымен айналысса, бірде әңгіме, новелла, өлең жазды. Алматыға келген күнінен бастап оның өмір жолы - жанталасқан оқу, іздену, үйрену жолы болды. Алматы оған шығармашылық қанат бітірді, «Пай, пай, Алматы ай!..- деп жазды ол, - поэзия қаласысың сен! Жүрегімді мың бұрап, ойлы, әсерлі, әсем қиялға бөлеген ғажап қаласың! Сен туралы, сенің батыр ұлдарың туралы жазбақпын. «Алматылықтар»деп атаймын оны» – деп жазды Баубек.
1940 жылы Баубек өзі тіленіп әскер қатарына алынды. Ол Балтық жағалауындағы елдерді азат етуге қатынасты. Осыдан соң Баубектің жауынгерлік өмірі басталды. Ә дегеннен жақсы солдат, батыр жауынгер болды. «Біз кәрлі кезеңнің, соғысты заманның жандарымыз. Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де...Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» деп жазды ол «Өмір мен өлім туралы» очеркінде.
Ол шынында да өмірдің өзін творчество деп түсінді. Ол бірде Лермонтовтай офицер ақын болуды арман етсе, бірде Фурмановтай жауынгер жазушы болуды армандайды. «Жазғың келеді, жаза бергің келеді, әттең, шіркін, уақыт болса» деп әр хатында жазып жүрді. Ол шығармашылық арманын орындау үшін жан аямай соғысу керектігін, фашизмді жеңу керектігін өзіне де, өзгеге де ұран етті.
Баубек соғыс жылдарында жауынгер публицист ретінде жарқ етіп көзге түсті. Орыс жазушылары И.Эренбург, Б.Горбатов, К.Федин, А.Фадеев, Н.Тихонов, К.Симоновтардың ізімен әскри публицистикаға бой ұрды. «Өмір мен өлім», «Мен өмір сүргім келеді», «Шығыс ұлына хат», «Заман біздікі», «Тыңда, Кавказ», «Жауыздық пен махаббат» деген публицистикалық шығармалары майдан жауынгерлерін ерлікке, патриоттыққа үндеді. «Жауыздық пен махаббат» шығармасында қан майданда өзімен бірге болған құрдасы жайында, оның үйін іздеп, туған селосына барғанын сөз етеді. Бұл құрдасы қан майданда табысқан, мақсаты бір жанашыр досы еді. Егіздің сыңарындай екі құрдастың бірі бұлбұлы сайраған Курск жерінде, орыс отбасында дүниеге келген де, екіншісі Сарыарқа самалы жанын тербеткен қазақ даласында туған. Одан әрі екеуінің өмірі бір арнаға түсіп, бірлесе ағады. Бұрын соңды бірін бірі етене жақын білмеген екі жас окоп үйдің ішінде тұңғыш рет танысады, ойлары орайлас, мақсаты мығым екі досқа айналады.
Бұл қысқа мерзімнің аясында өмірге келген достық болса, бірақ ғұмырға бергісіз шын жүрекпен жалғасқан аяулы адал достық еді. Окопта жатып екеуі де жараланады, жандарына батқан жараларын кезектесіп таңады. Осындай уақытты Баубектің өзі: «...Екеуміз бір бірімізді сүйемелдеп, кейінірек түсіп жатуға орнымыздан қозғалғанымызда көзіміз өзіміздің жаралы денеден төгілген қанымызға түсті. Жас адамның қаны қып қызыл бола ма, әлде бізге солай көрінді ме, өрттей қып– қызыл қан окоптың екі жақ жаны арқылы ағып келіп ұштасып, бір жерге құйылып жатыр екен. Әлі де тоқталып бітпеген жас дененің қаны тыйылмады. Кейде менің, кейде оның денесінен бинтке сыймай кезекпе кезек тамшылаған жас қан жаңағы жерде көз алдымызда қосылып ақты да тұрды».
«Жауыздық пен махаббатта» Баубек өзінің құрдасынан бөлініп кеткеннен кейін, оның туған селосына келеді. Оның ата анасымен, сүйген қызымен танысу үшін, солардың амандық саулықтарын білу үшін келеді. Құрдасының туған өлкесіне бет аларда оны ерекше қуаныш сезімі билейді. «Мен құрдасымның туған жеріндемін, оның туып өскен жері менен екі шақырымдай ғана жол болып тұр. Жүрек сонша алып ұшып қуанды. Өзім туған Арқада ән салып келе жатқаннан кем емеспін» деп жеткізеді Баубек бұл сапарын.