41 Жамбыл Жабаев-Жетісудың ақын жыршысы ретінде танылуы әдеби-мемориалды музейі жайында ақпарат беру
Алматыдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауылы — бір ғасыр өмір сүріп, қазақ жырының даңқын асқақтатқан жыр алыбы Жамбылдың жаны тыныштық тапқан жер. Ақынның атымен аталған бұл ауылда дара тұлғаның құрметіне ашылған мұражай кешені бар. Бұл киелі мекенге еліміздің әр аймағы мен қатар, көрші мемлекеттерден де келіп, тірісінде-ақ аты аңызға айналған Жамбылды танып-білуге ниет білдіретіндердің қатары көп.
1945 жылы Жамбыл Жабаев дүниеден өткеннен кейін араға екі жыл салып ақынның көзі тірісінде мекен еткен үйін әдеби-мемориалдық мұражай ретінде ашу жөнінде шешім қабылданды. Жазушылар Одағы Мәскеудегі Пушкиннің, Маяковскийдің белгілі мұражайлары осы ақындардың баспанасы болғандығын алға тартып, Жамбыл сынды халқымызға ортақ тұлғаның да баспасын мәдени кешенге айналдыру керектігін айтады. Нәтижесінде 1947 жылы Жамбыл Жабаевтың мұражай-үйі жыр алыбының өмірінен сыр шертетін киелі орын ретінде көпшілікке есігін ашады. Мәдени кешен ақын тұрған үй, әдемі гүлзар бақтар және әкімшілік ғимараттан тұрады. Сондай-ақ, бақтағы қалың ағаштардың ортасында Жамбыл Жабаевтың аппақ мәрмәрдан жасалған мавзолейі бар. Оның жобасын белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің салған үлгісі бойынша Александр Белоцерковский есімді сәулетші әзірлеген екен.
Ақын тұрған үйге ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Үйдің қабырғаларынан бастап, ішіндегі бұйымдарына дейін сол бұрынғы күйінде.Мұндағы қызметкердердің ерекше күтімінің арқасында Жамбылдың көзі тірісінде қолданған заттарының көбі сол күйінде сақталған. Жалпы, мұражайдағы көрініс тек ақынның тұрмыс-тіршілігін ғана емес, Жамбыл өмір сүрген дәуірдің бет-бейнесін көз алдыңа елестетеді. Мұндағы әрбір экспонаттың ақын өміріне тікелей қатысы бар. Жыр алыбының 150 жылдық мерейтойының қарсаңында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ақынның мұражай-үйіне түгелдей жаңарту жұмыстары жасалды.
Мұражайдағы құнды экспонаттардың бірі – ұлы ақынның киелі домбырасы. Өзінің суырыпсалмалық өнерімен жалпақ жұртқа атағы жайылған Жамбыл – айтыс өнерінде үлкен із қалдырған тұлға. Ақынның Құлмамбетпен, Досмағанбет, Айкүміс сынды дүлдүл ақындармен жасаған айтысы қазақ ауыз әдебиетінің алтын қорынан орын алады. Мұражай қабырғаларына жыр сүлейінің өмірінің әр түрлі кезеңдерінде жасаған айтыстары да сурет арқылы бейнеленген. Жалпы, әрбір ақын өзі сүрген заманының айнасына айналып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді өлең-жырға арқау етіп отырары анық. Жамбыл өз жырларының тең жартысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арнаған. Сондықтан болар, мұражай қабырғасынан Амангелді Имановтай көтеріліс басшысының суретін көрдік.
Мұндағы экспонаттарға қарап, ақын өміріндегі тағы да бір үлкен кезеңді көруге болады. Ол – соғыс уақыты. Жамбыл екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан отан қорғаушыларға арнап жырдың небір үлгісін жазған. Бұл жырлар бір жинаққа топтастырылып, «Соғыс жылдарының өлеңдері» деген атпен мұражайда сақталып келеді. Ақынның «Ленинрадтық өрендерім» деген өлеңі соғыс жылдарында талай жауынгерді жігерлендіріп, қарапайым жұртқа күш-қуат берген еді.
Достарыңызбен бөлісу: |