Уақыт пен кеңістік 1) Әдеби шығарма шексіз көп жақты және терең мәнге ие уақыт пен кеңістікке қатысты түсініктерге толы болып келеді. Шығармада биографиялық (балалық, жастық, кәмелеттік, кәрілік) уақыттың, тарихи (дәуір мен ұрпақ ауысуының, қоғам өмірінің ірі оқиғаларының сипаттамалары) уақыттың, күнтізбелік (жыл мезгілдерінің ауысуы, жұмыс пен мейрам) уақыттың, тәуліктік (күн мен түн, таң мен кеш) уақыттың образдары және сонымен бірге қозғалыс пен тыныштықтың, өткені мен бүгіні, болашақтың үйлесімділігі туралы түсініктер орын алады. Д.С.Михачевтің айтуынша, дәуірден дәуір өткен сайын өмірдің өзгермелілігі туралы түсініктер кеңірек әрі тереңірек болады да, уақыт образы әдебиетте одан сайын маңызды мәнге ие болады: Жазушылар бұдан да анығырақ әрі сезімтал түйсікпен, «қозғалыстың көп қырлы түрлерін толығырақ», «өмірді оның уақыттық өлшемінде игере отырып суреттейді» (Михачев Д.С. Поэтика древнерусской литературы. с.209, 219, 334).
Әдебиеттегі кеңістік картинасы да уақыт сияқты көп сипатты болып келеді. Әдебиетте тұйық және ашық кеңістіктің, жер мен ғарыш, нақты көрініс пен елестету образдары және жақын мен алыстың болмысы туралы түсініктер кездеседі. Әдеби шығарма кеңістікті жақындату, әртүрлі кеңістікті бір жерге тоғыстыру мүмкіндігіне ие.
Ю.М.Лотманның айтуынша, әдеби шығармашылықтағы «кеңістік тілі» «ең маңызды және негізгі» болып келеді. Н.В.Гоголь шығармашылығына тоқталған ғалым бағытталған кеңістік, тұрмыстық және фантастикалық кеңістік, тұйық және ашық кеңістік сияқты кеңістік шекараларының көркемдік мәнін сипаттайды. Латман Дантенің «Құдіретті комедиясының» көркемдік негізін әлемдік құрылымның универсалды (әмбебаптық) бастаулары ретіндегі жоғары мен төмен туралы түсініктер құрайтынын, осы аяда басты қаһарманның қозғалысы іске асатынын, үй мотиві маңызды М.А.Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романнында «кеңістік тілі» «кеңістік емес түсініктерді» білдіру үшін қолданғанын айтады (Лотман Ю.М. Избранные статьи: В 3 т. Таллин, 1992-1993. Т1. с.447, 451).
2) Әдебиетте көрініс табатын уақыт және кеңістік ұғымдарын өзіндік бірлік құрып, М.М.Бахтиннен кейін хронотоп (ежелгі грек, chorones – уақыт және tonоs – орын, кеңістік) деп атала бастады. «Хронотоп, - деп көркем шығарманың ақиқат шындыққа қатынасында көркемдік бірлікті анықтайды», - деп, тұжырымдап: «Өнер мен әдебиеттегі уақыт пен кеңістік әрқашанда эмоциональды құндылық тұрғысында әрленген» - дейді (Бахтин М.М. Вопросы литературы и эстетики. с. 391, 399, 406).
Бахтин хронотоптарды идиллиялық, материялық, карнавалдық және сонымен бірге жол, босаға (дағдарыс пен күрт бұрылыс) қамал, қонақ үй, салон, провинциалды қалашық (оның бірсарынды тұрмысы) хронотоптары деп, қарастырады.
Ғалым хронотоптық құндылықтарды айтқанда, оның сюжетқұрушылық қасиетін айта келіп, оны пішіндік-мазмұндық категориялар қатарында атайды. Термин алғаш математикалық жарастылыстануда қолданып, салыстырмалық теориясы негізінде орнықты (Эйнштейн).
Бірақ әдебиеттегі хронотоп салыстырмалық теориясындағы мәніндей емес, метафоралық сипатта көрініс табады. Бізге қажеті хронотоптағы кеңістік пен уақыттың бір-бірімен үзілмес байланыстылығы (уақыт кеңістіктің төртінші өлшемі сияқты). Хронотопты әдебиеттің пішіндік- мазмұндық категориясы ретінде түсінеміз, қабылдаймыз (мәдениеттің басқа саласындағы хронотопты сөз қылмаймыз).
Әдеби-көркем хронотопта синтезіне түскен және нақты бүтіннің кеңістіктік және уақыттық белгілерінің араласуы орын алады. Уақыт бұл жерде қоюланады, тығыздалады, көркемдік көру сипатына ие болады. Кеңістік уақыт, сюжет, тарих қозғалысына тез, белсенді түрде тартылады. Уақыт белгілері кеңістікте ашылады және кеңістік уақыт арқылы безбенделіп, өлшенеді. Көркемдік хронотоп осы категориялардан өтіп, белгілердің араласуымен сипатталады.
Хронотоп әдебиетте өжетті жанрлық мән иеленеді. Жанр және жанрлық әралуандық хронотоп арқылы анықталады, оның үстіне әдеибеттегі хронотопта басты негіз уақыт болып табылады. Хронотоп пішіндік- мазмұндық категория ретінде әдебиеттегі адам образы анықтайды. Бұл образ әрқашанда міндетті түрде хронотопты болады.
Уақыт пен кеңістік категориясы әдебиетті моделдеудің маңызды құралы бола отырып, шығарманың кеңістік-уақыттық тұрғыдан ұйымдастырушы-хронотоп пішінін анықтайды (М.Бахтин).
Бұл мәтіннің ең маңызды мазмұндық бастаулары (универсалий) болып табылады. Оның үстіне хронотоп кеңістігі фабулалық жоспарды құраса, ал уақыт – сюжеттік жоспарды құрайды.
Көркемдік уақыт пен кеңістік еркін жүйелер бола отырып, бірақ сонымен қатар материалды ұйымдастырушы күрделі ортақ жүйе ретінде көрінеді (М.Бахтин). Бұл мәселеге көңіл аударудың себебі, ХХ ғасырдың көркемдік әлемін көңістіктік-уақыттық тұрғыда ұйымдастыру дәстүрлі кеңістіктік-уақыттық парадигмамен салыстырғанда елеулі түрде күрделенеді. Жазушылар уақыттық қозғалысты, әртүрлі уақыттық қабаттарды жалғау, уақыт арқылы кеңістік шектеулерін кеңейтулерді қолдана отырып, уақыт және кеңістікпен шебер ойнауды шығарды. Уақыт және кеңістік шығарманың көркемдік әлемінің параметрлерін алға шығарады. Олардың өзара қатынасы роман архитектоникасында автор санасының құрылымын, оның дүниетанымын, философиялық түсінік жүйесін білдіреді. Және осыдан шығатын олардың интрепретациясы – автор идеясын білдіру құралдарын іздеу болып табылады.
Көркемдік мәтіндегі уақыт пен кеңістіктің шынайы уақыт пен кеңістіктен айырмашылығы, әрқашанда қаһарманның субъективті санасының, автор-баяндаушының, «авторлық масканың» қабылдауы арқылы жанама түрде беріледі. Олардың әрқайсысы өзінің кеңістіктік-уақыттық шегіне ие, ал осы сана шегіндегі әрбір нысан өзінің кеңістістік-уақыттық пішініне ие болады. Осы пішіндердің мәтіннің күрделі архитектоникасындағы өзара орналасуына тәуелді мүлдем әртүрлі қарым- қатынастар болуы мүмкін.
Кеңістік пен уақыт абстрактілі, метафизикалық, нақтылы болуы мүмкін. Кеңістік көркемдік тұрғыда уақытқа қарағанда ерікті категория болып табылады. Ол нақтылы, табиғи, метафизикалық, тарихи, мифологиялық болады. Оның ұйымдастырылуында бірнеше семантикалық мәндегі солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс параметрлері бар. Кеңістік кіндігінің – вертикалды кіндік, горизонтальды кіндік (жоғары-төмен) сияқты құндылық статусына (мәртебеге) ие. Кеңістіктің горизонтальды және вертикальды бағдарлануының өз семантикасы және әртүрлі құрылымдық рөлді шекара, әмбебаптық қызметі бар символика (бернелеу) иеленеді. Шартты- символикалық кеңістікте нақты реалийлер болмайды және олар даралық емес, әмбебаптық, метафизикалық категориялармен толтырылады. Кеңістіктің символикалық образдар жүйесі кең. Мысалы: жол, өзен, жағалау, құрдым, жарқабақ.
Уақыт моделі де кеңістік моделі сияқты күрделі және көпнұсқалы. Оның құрылымына, тіршілікке қатынасына, көркемдік кеңістікке қатысты көптеген философиялық, психологиялық және лингвистикалық зерттеулер бар. Осы мәселеге қарасты ресейлік зерттеуші З.Я.Турлеваның «Категория времени. Время грамматическое и время художественное» деген еңбегі бар. Уақыт «авторлық уақыт», «сюжеттік уақыт», «тарихи және мифологиялық уақыт», «уақыттан тыс», «ғарыштық», «оқиғасыз», «хроникалды-нақтылы», «психологиялық» сияқты әртүрлі құрылымдық түрге ие. Көркемдік уақыт пен кеңістіктің тіпті де күрделі ұйымдастырылуының үлгісі ретінде Дж.Джойстың «Улисс» романын атауға болады.
Фабулалық уақыт тура бағытта болып, сипаттамасы бойынша күнтізбелік уақытқа сәйкеседі. Ол созылмайды және сонымен қатар тарылмайды. Сюжеттік уақыт фабулалыққа қарағанда баяулауы және тездетуі мүмкін, бұрылысы көп, үзілмелі, дискретті болады. Сюжеттік уақыттың құрылымы мен сюжеттік кеңістік сәйкеседі. Фабулалық кеңістік көбіне статистикалық тұрғыда болады, себебі ол шынайы әлем параметрлеріне дәл келеді. Сюжеттік кеңістік өзінің көпқырлылығымен байланысты көбіне жылжымалы әрі өзгермелі сипат иеленеді.