«Естен кетпес отты жылдар»
еске алу кеші
Ұлы Отан соғысының жауынгері, ақын, журналист Ықылас Адамбековтың туғанына 100 жыл толуына арналған
Өткізілетін күні: 07.11.2012
Уақыты: 15-00
Өтетін орны: С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана
Аудитория: №9 және №16 мектеп оқушылары.
Шақырылғандар: Қ.Ы.Адамбекова, №16 мектеп ұстаздары және т.б. қонақтар.
Мақсаты: соғыс, оның зардаптары, Ұлы Жеңістің маңызы туралы мағлұмат беру; Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құрметтеу; жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршын қиылған, жат жерде көз жұмған қандас, қарулас азаматтарды еске алу; жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру; елжандылыққа,отан- сүйгіштікке, ұлтжандылыққа, ізгілікке, мейірімділікке баулу.
Көрнекілігі: көрме, көсемсөздер, слайдтар, безендіру құралдары.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, әріптестер, жас жеткіншектер!
«Естен кетпес отты жылдар» атты кешімізді бастаймыз.
Кеш Ұлы Отан соғысының жауынгері, ақын, журналист Ықылас Адамбековтың туғанына 100 жыл толуына арналады. Осы аталмыш кешке ақынның қызы Хамар Ықыласқызы қатысып отыр. Қошемет көрсетейік.
Ән. «Ана туралы баллада».
Әні: Жақсыгелді Сейіловтікі
өлеңі: Аманжол Шамкеновтікі
(Ән орындалады)
Жүргізуші: Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағының халықтары, соның ішінде қазақ халқы үшін үлкен сынақ болды. Бұл тақырып халық өмірімен, тағдырымен тығыз байланысымен, тереңдІгімен ерекшеленетін болғандықтан бүгінгі тарихтың да, болашақтың да күн тәртібінен ешкім де алып тастай алмайтын, ешқандай оқиғалар мен күтпеген жағдайлар әсерін тигізе алмайтын тақырыпқа жатады. Соғыс аяқталғаннан бері арада көп уақыт өтсе де, тақырып қазіргі замандастарымыздың жадын жаңғыртып, сезімдерін толқытады.
Қазақстаннан майданға халықтың 25% аттанды. Бұл жалпы ел көлеміне шаққанда өте жоғары көрсеткіш.
Еліміздің 18-50 жас аралығындағы ер адамдарының 70% майданға аттанды. Республикада 12 атқыш және 4 кавалериялық дивизиялары, 7 атқыш бригада, 50 шақты жеке полктер мен батальондар құрылды. Барлығы майданға 1 млн. 200 мың адамнан 1 млн. 400 мыңға дейін адам аттанды деп есептеледі.
Жоғары жақтан жиналған мәліметтер бойынша қаза болған адамдардың саны үнемі төмендетіліп берілді. Кезінде И.Сталин 7 млн. адам қаза болды десе, Н.Хрущев 20 млн. деген санды жариялаған. Жариялылық кезінде КСРО қорғаныс Министрлігі 28 млн. адамның қаза болғанын жария еткен. Шетелдік зерттеуші М. Хайнес соғыстағы КСРО жалпы жоғалткан адам саны 42,7 млн. деп санайды. Бірқатар Ресей ғалымдары 30 млн. астам деген мәліметті келтіреді. Бұл сандар соғыс уақытында кеңестік мемлекет басшыларының адамдарды аяусыз, ысырапсыз пайдаланғанын көрсетеді.
Бұл соғыста Қазақстан 400 000 адам жоғалтты деп саналады. Бұл да өте төмендетілген ақпараттық сан. Бір ғана мысал келтіре кетейін. Майданға кеткендердің санына 1939, 1940, 1941 жылдары Кеңестік Армияға алынғандар кірмеген. Соғысқа дейінгі армияға шақырылған- дар соғысты әскер қатарында қарсы алды.
Қазақстан майданды азық-түлікпен, киіммен, әскери құралдар- мен жабдықтауда үлкен рөл атқарды. Бүкіл Қазақстан өндірісі мен өнеркәсібі майданға жұмыс жасады. Тылдың нағыз ауыртпалықтары заводтардың, колхоздардың, өнеркәсіп орындарының қарапайым жұмысшыларына түсті.
1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы қазақстандық әрбір отбасын шарпыды. Миллиондаған адам әскерге, еңбек армиясына шақырылды, жүздеген мың жауынгер ұрыс даласынан қайтпай калды, қапыда қолға түскендері неміс тұтқынында азап шекті. Жауды талқандап, елге аман-есен жеткендері майданда жоғалтқан денсаулықтарын қалпына келтіре алмай, тән азабын бастан кешті.
(Слайдқа назар аудару сұралады).
Соғыс қашанда зорлық - зомбылықка, әділетсіздікке, қайғы - зарға толы. Атасы мен әжесі немересінен, әке мен шеше үміт еткен жалғызынан, басынан желегі түспеген келіншек Құдай қосқан қосағынан, іні-бауырдан, қарындас-ағадан айрылды. Тылда «қара қағаз» қолына тигендер де, «хабар-ошарсыз жоғалды» деген суық сөзді естігендер де қайғыға жеңілмей, ұрпағы үшін, елі үшін ыстыққа күйді, суыққа тоңды, бірақ шыдады. Оларға ата-бабаларының тағылымы мен тәжірибесі, азаттыққа құштарлық, әріптесі мен көршісінің, ағайыны мен жегжатының, тіпті бейтаныс жанның жылы сөзі қуат берді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ... (көрмеде қойылған мәтін оқылады). ( Мәтін. «Ұлы Отан соғысы біздщ халкымыздың, аға буын өкілдерінін, біздін әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен каһармандығын күллі әлемге таныткан касиетті соғыс болса, Ұлы Женіс аға ұрпақтың сол ұлы ерлігін мәңғілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Егер Сіздердің сол сұрапыл соғыстағы жеңістеріңіз болмаса, бүгін жаркын болашаққа батыл қадам жасаган тәуелсіз Қазакстан да болмас еді») деген болатын
Кешегі ер етігімен су кешкен Ұлы Отан согысының отты жылдарында қолына қару мен қаламды қоса ұстаған жауынгер журналистер көп болды.
Олардың бірі - жерлесіміз Ықылас Адамбеков болатын.
Тарихына үңілсек Ықылас Адамбеков Қарқаралы округі, Қарағанды облысы, Шет ауданында 3 ауылда («Қатбар» колхозы) 1912 жылы туған. Алты жасында әке-шешеден жетім қалып, жалшы болған.
1927-31 жылдары Қарқаралы балалар үйінде оқып, тәрбиеленген. 1929 жылы комсомол қатарына өткен.
1931-32 жылдары Қоңырат аудандық комсомол комитетінде шағым бюросының меңгерушісі болған.
1934-35 жылдары республика жастар газеті «Лениншіл жаста» әдеби қызметкер болды.
1935-38 жылдары Коммунистік журналистер институтында оқып, оны бітірген соң «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында, көркем әдебиет баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеген.
1939 жылдан Қазақ ССР Халық комиссариаты советінің Өнер жөніндегі басқармасында редактор болып жұмыс істеп жүріп, Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанды.
Жас ақын осы жылдары өндіріп жазады.
1939 жылы ақынның алғашқы «Достар жүрегі» атты жыр жинағы жарық көреді.
Әдебиет сыны ақынның тұңғыш жинағы, оған енген дастандарды жылы қабылдайды.
Жаңа заманға қарай жаңа ән керектігі де аян. Осыған орай көптеген әндердің мәтіні келеді. Жазушы Әлжаппар Әбішевпен бірігіп «Қамбар батыр» операсына либретто жазады. Көптеген патриоттық өлендері сол кездің өзінде орыс тіліне аударылады.
Олардың бір тобы 1940 жылы Мәскеуде шыққан «Песни степей» антологиясына енеді.
Біраз өлең топтамасы ақын өзі көз жұмғаннан кейін «Көтеріл, ер халык!» жинағында жарияланады.
Әзілхан аға еске алатын «Аманкелді туралы жыр» әні осы жинақ арқылы көпшілікке тарайды.
Елі отқа оранып жатқанда ақын алғашқылардың санында
майданға сұранады.
Жүргізуші: Бұл жөнінде белгілі жазушы Ә.Нұршайықов былай дейді: «...Ықылас соғыс басталғаннан кейін іле-шала Алматыда И.В.Панфилов жасақтаған 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында болды.
857-ші артиллерия полкындағы 2-ші дивизияның барлаушысы болып қызмет етті. Дивизияның Мәскеу түбіндегі көптеген ұрыстарына белсене қатысты.
1941 жылы 18 қарашада 316-шы атқыштар дивизиясы 8-ші гвардиялык дивизия атағына ие болды. Ықылас Адамбеков барлаушы болған 857 полк енді 27-ші гвардиялық артиллерия полкы атанды. Гвардияшы ақын Адамбеков ертеңінде генерал Панфилов қайтыс болғаннан бір күн кейін Голубцы деревнясы үшін болған қиян-кескі ұрыста қаза тапты.
Содан бірнеше сағат бұрын алматылық екі ақын Дмитрий Снегин мен Ықылас Адамбеков екеуі кездесіп, бірін-бірі гвардия атағымен құттықтап, қуана қауышқан болатын. 3-ші дивизияға командир болып тағайындалған Д.Снегин асығыс түрде өз артиллериясына қарай жөнелгенде, Ы.Адамбеков 2-ші дивизияның бақылау пунктінде қалған. Сол сәтте тағы да қанды шайқастар басталған. Ақындар тек қана ерлікпен өледі. Оған ешқандай күмән жоқ. Мәрмәр тасқа бедерленген ақын аты қазірде ұрпақты ел үшін ерліктер жасауға шақырып тұрғаны сөзсіз. Ескерткіш тақта осының белгісі. («Қазақ әдебиеті» 05.09.84. №40) .
Әзілхан ағамыз жазып отырған ескерткіш тақта 1975 жылы сәуірде Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар Одағы үйінде Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық ақын-жазушыларды мәңгі есте қалдыру құрметіне қойылды.
Ақын қызы Хамардың іңгәсін ести алмай кетеді. Бұл жалғанда Хамар есімді қызы қалғанын білмейді. Ақынның көзіндей боп артта қалған жалғыз тұяғы, өмірінің жалғасы Хамар Ықыласқызына тағы да қошемет көрсетулеріңізді сұраймын (қошемет көрсетіледі).
Ақынның ғүмыры келте болды. Ол орда бұзар жасына жетпеді. Оның ғүмыры ағып тұрған өлең еді. Сол өлең аяқталмай қалды, нүктесі койылмады.
Ән. «Журавли»
Өлеңі: Расул Гамзатовтікі
әні: Ян Френкельдікі
(Ән орындалады)
Жүргізуші: Талантты акын, журналист, жауынгер жазушы не бәрі 30 жыл ғана өмір сүрді. Өзінің қысқа ғұмырында ұрпаққа сырлы да нұрлы әсем жырларын мәңгілік ескерткішке қалдырды.
(Слайд көрсетіледі, музыка ойнап тұрады. А.Иманов)
Ықылас ақынның жинағына кірген өлеңдердің бәрі де оқушысын ерлікке, батырлыққа, ел қорғауға шақыратын туындылар еді. Сондай туындыларының бірі - «Амангелді» өлеңі. А.Иманов 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, батыр.
( Өлең оқылады)
(Слайд көрсетіледі)
Жүргізуші: «Бостандық жолында». Батырлық, ерлік, қимастық, соғысқа аттанып бара жатқан жауынгердің болашаққа деген сенімі жүрегіңе мақтаныш сезімін ұялатады.
( Өлең оқылады)
(Слайд көрсетіледі)
Жүргізуші: «Ана мақтанышы». Анадан дана да, дара да, батыр да, ақын да туған. Осы өлеңінде ананың өз ұлдарына деген сенімі, мақтаныш сезімі жырланған.
( Өлең оқылады)
(Слайд көрсетіледі)
Жүргізуші: «Берік қамал». Жігерлі, намысқа толы, патрмоттық сезімге бай шығармаларының бірі.
( Өлең оқылады)
Жүргізуші: Ықылас Адамбеков тек қана өлеңдердің ғана емес, отыз шақты ән мәтіндерінің (текстерінің) авторы.
Біздің ән отан тапқан елдің әні,
Бақыттан самал соққан жердің әні,
Жауға оқ, түнді серпер, адам досы,
Жау жүрек, алапат күш, ердің әні.
Осы өлең жолдарының өзі қандай ән екенін айдан анық айтып тұр емес пе? Ендеше кезекті әнге берейік.
«Біздің ән».
Сөзі: Ықылас Адамбековтікі
Әні: Ахмет Жұбановтікі
(Ән орындалады)
(Слайд көрсетіледі)
Жүргізуші: «Өмір тұлғасы». Ақын бұл өлеңінде адамның ақыл-ойы, білімі, қажырлы еңбек пен табыс өмірдің маңызы мен мәні екенін паш етеді.
(Өлең оқылады)
(Слайд көрсетіледі)
Жүргізуші: «Шаттық кернеп» өлеңінде Отанымыздың байтақ жерін, самал ескен даласын шаттана жырлайды.
( Өлең оқылады)
(Слайд көрсетіледі. Халықтар достығы)
Жүргізуші: Ақын «Достар жүрегі» өлеңінде халықтар арасындағы достықты жырлаған. Бүгінгі күннің де маңызды тақырыбы десек қателеспейміз. Достық пен бірлікті қастерлеген аға ұрпақтың жалғасы екенімізді мақтан етеміз.
( Өлең оқылады)
(Слайд көрсетіледі)
Жүргізуші: Кезек тағы да әнге беріледі. Қазақ халқының ерлігі, азат күнге жеткені, еркіндігі, арайлы таң атқаны ақын жүрегінен жыр шумағы болып ағытылған ән.
Ән. «Ұлы күн».
Сөзі: Ықылас Адамбековтікі
Әні: Наурызбай Бейсекеевтікі
(Ән орындалады)
Сөз кезегі Қамар Ықыласқызына беріледі.
48 жыл ағарту ісінде , оның 31 жылын № 16 мектептің директоры (1.09.1978 – 2009) болып қызмет атқарды. 19 жыл (1989-2007) депутат болған. 1988 жылдан облыстық Кеңестің депутаты, (1999-2007жж.) облыстық Мәслихат депутаты.
Қазақ КСР «Оқу ісінің озаты» (1973). Кеңес Одағының «Оқу ісінің озаты» (1991).Әдіскер-мұғалім (1994). «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (22.10.1998).
Қолданылған әдебиеттер:
Ерлік –дастан [Мәтін]: Антологиялық жыр жинағы. Құраст. А.Әлтаев, К.Ахметов.-Астана, 2010.-520 б. (суреттер).
Аяған, Б. Кітапта: Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында; тарихи-құжаттық зерттеу.- Алматы.-Өнер, 2010.-3-13 б.
Қаһарман Б.Момышұлы [Фотоальбом].-Алматы.-Өнер, 2008.-192 б.
Майбас, Т. Елқұжат [Мәтін]: Ы.Адамбеков туралы /Т.Майбас.- Алматы.-Қазақпарат, 2006.-256 б.
Нуршаихов, А.Портреты [Текст]: о И.Адамбекове /А,Нуршаихов .- Алматы.-Жазушы, 1986.-496 с.
Нұршайықов, Ә. Автопортрет [Мәтін]: Ы.Адамбеков туралы/ Ә.Нұршайықов.- Алматы.-Жалын, 1977.-200 б.
Нұршайықов, Ә. Тас тізім [Мәтін]: Ы.Адамбеков туралы/ Ә.Нұршайықов //Қазақ әдебиеті.-1984.-№ 40.-5.10.
Орынбеков, Е. Жауынгер,журналист,ақын [Мәтін]: Ы.Адамбеков туралы / Е.Орынбеков// Арқа.- 1992.- №2.- 45-51 б.
Сейдеханов, К. Жыр-аманат [ Мәтін]: Ы.Адамбеков туралы / К.Сейдеханов.-Алматы.-Жалын, 1978.-264 б.
Деректерді дайындаған «Балқаш қаласының ОКЖ » КММ әдіскері Бекмурзина К.С.
Достарыңызбен бөлісу: |