4 бөлім. Жоғары дәрежелі жүйке жүйесі.
Тақырып 4.1.И.М. Сеченов, И.П.Павлов ілімдері. Шартты, шартсыз рефлекстер.
И. М. Сеченовке дейінгі физиолог ғалымдар рефлексті тек жүйке жүйесінің төменгі бөлімдері қызметімен ғана байланысты деп есептеп келген. Тек И. М. Сеченов қана психикалық әрекеттерді мидың жоғары бөлімдерінің қызметімен байланысты деп санап, оған физиологиялық талдау жасауға алғаш қадам жасады. Ол өзінің 1863 жылы жарық көрген «Ми рефлекстері» атты еңбегімен одан кейінгі жүмыстарында психикалық әрекеттердің негізінде рефлекс жататынын дэлелдеді. Орталық жүйке жүйесінде тежелу процесінің орын тебетінін ашып, мидың рефлекстік қызметінің күшейіп және элсіреп отыратын кездерін физиологиялық тұрғыдан дәлелдеді.
И. М. Сеченов еңбектерін басшылыққа ала отырып, ми физиологиясы жайлы ілімнің негізін И. П. Павлов жасады. Үлкен жарты шарлар қыртысының қызметін зерттеуді ол сілекейдің бөлінуін бақылаудан бастап, сілекейдің тек мал азық қабылдаған кезде ғана емес, ол азықты көрген, оның иісін сезген, ыдыс-аяқ салдыраған кезде де бөлінетініне көңіл аударған. Бұл құбылысты ол «психикалық секреция» деп атап, оған рефлекстік сипат тән екенін дәлелдеген. И. П. Павлов психикалық секрецияның тым өзгергіштігін, кейде байқалып, кейде жойылып кететінін аңғарған. Сол себепті мұндай рефлекстерді ол шартты рефлекс деп атаған және оны үлкен ми жарты шарлары әрекетінің көрінісі ретінде санаған. И. П. Павлов пен оның шәкірттерінің еңбектері нәтижесінде шартты рефлекстердің шартсыз рефлекстер негізінде қалыптасатыны дәлелденді.
Ми қыртысының шартты рефлекстік әрекеті атқарушы органдар (бұлшық ет, без, т.б.) қызметін тікелей өзгертпейді. Ол орталық жүйке жүйесінің төменгі бөлімдерінің шартсыз рефлекстерді қамтамасыз ететін құрылымдары арқылы атқарылады. Шартсыз рефлекстер организмге тікелей әсер ететін тітіркендіргіштің салдарынан туындайды, сондықтан олар орта жағдайына бейімделу процесін қамтамасыз ете алмайды. Егер мал тек ауызына түскен азықты ғана қабылдап, оны іздеп табу қабілетінен айырылып қалса, ол аштан өлген болар еді. Азықтың түрі, иісі шартты тітіркендіргіш рөлін атқарады да, оны іздеп табуға, қабылдауға себепкер болады. Демек, тіршілік барысында жануарларда нақтылы бір реакцияны тудыратын әртүрлішартты сигналдарды ажырата білу қабілеті қалыптасады. Осы сигналдарды сезіну нэтижесінде организм тітіркендіргіш эсеріне алдын ала дайындала бастайды, сыртқы ортаның эртүрлі факторларын талдап, өзінің бейімделу реакцияларын нақыштап, кеңейтіп, жетілдіріп отырады. Шартты рефлекстер арқылы жануар тэжірибе жинақтайды, қорек табады, жауларынан сақтанады, әртүрлі жағымсыз әсерлерден қорғанады. Сондықтан шартты рефлекстердің биологиялық маңызы өте зор.
Шартты рефлекс — белгілі бір эрекет тудыратын үйреншікті тітіркендіргіштің белгілерінен, басқаша айтқанда, шартты тітіркендіргіш әсерінен туындайтын рефлекстік әрекет. Демек, кез келген шартты рефлекс мидағы шартты тітіркендіргіш анализаторының орталығы мен шартсыз рефлекс доғасының орталық бөлімінің арасында уақытша байланыстың пайда болуының нәтижесі болып табылады. Қалыптасу механизмі бірдей болғанымен, шартты рефлекстер шартты сигналдар мен шартсыз тітіркендіргіштер сипатына, сыртқы орта мен организм арасындағы қатынастарға байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Шартты рефлекстің ең қарапайым түрі — бірінші реттік шартты рефлекс болып табылады. Ол шартсыз рефлекс негізінде пайда болады. Бұл жағдайда шартты тітіркендіргіш (мысалы, қоңырау даусы) шартсыз тітіркендіргіштің (азық т.б.) алдын алады. Бірінші реттік шартты рефлекстер табиғатта өте кең тараған.
Достарыңызбен бөлісу: |