Тәрбиеші балаларға доп салынған кәрзеңкені көрсетеді де алаңның бір жағында өзімен бірге қатарласа тұруды ұсынады. Одан кейін кәрзеңкеден доптарды алып, балалардан алысқа, әр жаққа лақтырады. Балалар доптарға жүгіреді, оларды алып кәрзеңкеге салады. Ойын қайталанады.
Балалар қанша болса, доп та сонша болуы керек. Олардың әрқайсысы допты қуып жетіп, кәрзеңкеге салатын болсын.
Ойын варианты.
Ойын үшін түрлі түсті шарлар (ағаштан немесе пластмассадан жасалған) таңдап алынады. Оларды кәрзеңкеге салып, тәрбиеші балаларды шақырады, шарлардың қандай әдемі, олардың түсі қандай екендігін де айтып береді. Одан кейін: «Қараңдар, шарлар қалай домалап кетті... қуып жетіңдер де қайтадан кәрзеңкеге салыңдар» - дейді. Балалар кішкене шарларды қуып жетеді де кәрзеңкеге апарып салады.
Ойын қайталанған кезде педагог кімнің қандай шар әкелгенін жариялайды: қызыл, сары, т.б.
Пластмассадан жасалған шармен ойынды учаскеде де, тоғай ішіндегі алаңда да өткізуге болады; ағаштан жасалып, сырты жылтыратылған шармен оның бүлінбесі үшін, үй ішінде, кілем үстінде ойнаған дұрыс.
Тәрбиеші балалардың бір жерге шоғырланбай, бүкіл алаңның бойымен жүгіруін (әр бала өз шапшаңдығымен жүгіреді) қадағалайды.
Алғашқыда ойын азғана балалармен жүргізіледі, одан соң бірте-бірте ойнаушылардың саны көбейе түседі.
Айдарлы тауық.
Тәрбиеші мекиен тауықты, балалар балапандарды бейнелейді. Бір бала (сәл үлкендеу) – мысық. Мысық шеттеу тұрған орындыққа отырады. Тауық пен балапандар бөлмеде жүреді.
Тәрбиеші:
Ертіп сары балапандарын,
Айдарлы әсем шықты тауық.
«Кетпеңдер ұзап, балақандарым,
Қыт-қыт», - дейді ауық ауық.
Мысыққа жақындап келіп тәрбиеші былай дейді:
Тұрған жолдың бойында
Орындыққа бүк түсіп.
Не бар, қайдам, ойында
Жатыр ұйықтап бір мысық.
Мысық көзі ашады,
Балапандар қашады.
Мысық көзін ашады, мияулайды да бөлменің белгілі бұрышына, - «үйіне», тауық-мамаға қашқан балапандарды қуа жөнеледі.
Тәрбиеші (тауық) қолын жан-жаққа бұлғап, балапандарын қорғайды да: «Кет, мысық, балапандарымды саған бермеймін!», - дейді.
Ойын қайталанғанда, мысықтың рөлі басқа балаға тапсырылады.