Қарақұмық – бағалы және маңызды азық-түлік дақылы. Басқа жармалық дақылдардың ішінде азық-түліктік құндылығы бойынша ол бірінші орынды иеленеді. Азық-түліктік мақсатқа ол негізінен жарма түрінде, шамалы мөлшерде ұн түрінде қолданылады. Қарақұмық жармасы жеңіл қорытылатын ақсылдарға, майларға, минералды заттар мен дәрумендерге бай. Ол жоғары калориялығымен, жақсы дәмдік сапасымен ерекшеленеді және диетикалық қасиеттері бар.
Қарақұмық ақуыздары (белоктар) қоректік қасиеттері бойынша дәндібұршақ дақылдарының ақуыздарына жақын. Олар айырбасқа жатпайтын амин қышқылдарының көптігімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, қарақұмықта тарыға қарағанда лизин он еседей көп. Қарақұмық жемісінде емдік қасиеттерімен сипатталатын лецитин көп мөлшерде кездеседі. Қарақұмық жармасындағы ақуыздарға жоғары ерігіштік тән. Олардың арасында суда еритіндері (альбуминдер) 58 %, ал тұзда еритіндері (глобулиндер) – 28 %. Салыстыру үшін – бұл қасиеттер тары жармасында тиісінше 5,2 және 5,8 %.
Қарақұмық жемісінің құрамына кіретін майлар тотықтануға жоғары төзімділігімен ерекшеленеді және соның нәтижесінде тіпті салыстырмалы түрде астығы мен жармасы ұзақ уақыт сақталғанда қаңсымайды.
Қарақұмық жармасындағы органикалық қышқылдар (алма, қымыздық, лимон) және көп дәрумендер құрамы (В1, В2 ,В6, Е, РР ж.б.) ас қорытуды жақсартады, әрі адам ағзасында артық мөлшерде тұздардың жинақталуына кедергі жасайды.
Жеңіл сіңірілетін ақуыздардың айтарлықтай көп мөлшерде болуы және амин қышқылдарының, дәрумендердің, органикалық қышқылдар мен әртүрлі микроэлементтердің қарақұмық жармасы мен ұнынан дайындалатын қоректік азық-түліктің оңтайлы құрамы адам ағзасының физикалық жүктемеге, сонымен қатар радиоактивті және рентген сәулелеріне жоғары шыдамдылық пен төзімділігін арттыруға мүмкіндік жасайды. Олар ішек-асқазан ауруларымен, қант диабеті, нефрит, мигрень, жүйке ауруына шалдыққан, жүрек-тамыр ауруларының түрлерінен зардап шегетін балаларға, ересек және ауру адамдарға өте пайдалы, әрі қажетті.
Қарақұмық жармасынан – ботқа (каша), пудингілер, запеканкалар, котлеттер, құймақ, пирогқа салынатын турамалар (фарштар) дайындалады. Қарақұмық ұны құймақ, варениктер, балалардың қоректік қоспаларын, дайындауда қолданылады. Майбұршақпен (қытайбұршақпен) араластырып әртүрлі кондитер өнімдерін, оның ішінде шоколад дайындау өндірісінде пайдаланылады.
Қарақұмықтың бал әкелетін дақыл ретіндегі рөлі де зор. Ғылыми деректерге қарағанда қарақұмықтың әрбір гектар егістігі орта есеппен 40-60 кг, ал қолайлы жылдары 100 кг дейін бал жинауға мүмкіндік береді, ал оның емдік қасиеттері жоғарыда айтылған. Сондықтан бұл дақылдың егістігі бал араларының жақсы азықтық қоры болып табылады.
Қарақұмықтың шырынды өнімділігіне ауа-райы жағдайлары, сорттық ерекшеліктері, өсірудің агротехникалық шаралары (себу мерзімі, тыңайтқыштар, пестицидтерді қолдану ж.б.) әсер ететіні анықталған.
Қарақұмықтың мал шаруашылығы үшін де белгілі бір маңызы бар.
Әдетте, мал азығына астыққа тазалағанда, іріктегенде және өндірістік өңдеуден өткенде алынатын қоспалар (семген, ұсақ, уатылған дәндер, мал азықтық ұн, кебек) пайдаланылады. Олармен үй құстарын, шошқаларды, азықтандырады. Мұндай жағдайда құстардың жұмырткалағыштығы артады, ал ет семіз, әрі ашық түсті болады. Шошқалардың қосымша салмағы артады және майының сапасы жақсарады. Шошқа мен ірі қара мал төлдері үшін қарақұмық мекені жақсы мал азығы.
Қарақұмық сабаны қоректілігі мен сіңімділігі жөнінен астық және бұршақ тұқымдас дақылдар сабандарының аралығынан орын алады. Жеміс салу кезеңінің басында жиналған қарақұмық массасы жасыл және құрғақ күйінде мал азықтық құндылығы бойынша шалғындық шөптерге таяу, ал оның сүрлемі ақуыздың мөлшері мен қоректілігі жағынан күнбағыс пен жүгері сүрлемінен қалыспайды.
Достарыңызбен бөлісу: |