Түсініктеме хат
Физика пәні табиғатта болып жатқан барлық құбылыстарды түсінуге мүмкіндік беретін ғылым ретінде адамзат өмірінде маңызды орын алады. Физиканың жалпы мәдени мәнділігін және оның негізінде ғылыми дүниетанымды, қоршаған ортаға деген көзқарасты қалыптастыру оқу пәнінің басым мақсаттарына жатады.
Бағдарламаны өзектілілігі – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарына негізделген, яғни қазақстандықтардың бойында патриоттық сезімі, ұлттық сана-сезімі, ұлттық рухы, азамттылығы мен әлеуметтік белсенділігі жоғары деңгейлі зияткер әрі бәсекеге қабілетті тұлғаға тән қасиет-сапаларды жетілдіруге бағытталған.
7-сыныптағы физика курсын толықтырып және тереңдетіп оқытуға арналған аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – оқушыларды жаңашылдық дағдылары күн сайын күрделеніп жатқан ХХІ ғасырда өмір сүріп, еңбек етуге дайындау, нақты білім және білік, сын тұрғысынан ойлау, қарым-қатынас және бірлесіп әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, жаhандық экономика жағдайында еңбек ету қабілеттерін дамыту, өмірге қажетті практикалық есептердің шешімдерін таба білуге, пәнді өмірмен байланыстыра оқуға дағдыландыру.
Бағдарламаның негізгі міндеті – оқушылардың табиғатты танудың ғылыми әдістерін меңгеруіне ықпал ету, интеллектуалдық, ақпараттық, коммуникативтік мәдениетін дамытуға, физикалық экспериментті орындау, зерттеу жұмыстарын жүргізу дағдыларын қалыптастыруға бағыт- бағдар беру, шығармашылық және логикалық ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал ету.
Оқушылардың танымдық қабілетін, алған білімін оқу және өмірлік жағдаяттарда пайдалана білу біліктерін дамытуды, жалпы пәндік біліктерін қалыптастыру арқылы өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі басқаруды қамтамасыз етуді көздейтін білім беру мақсаттары физика курсын оқытудың басым міндеттерін айқындайды. Сол себепті де мектеп-лицейлерде физика пәнін негізгі міндетті пән ретінде тереңдетіп оқыту өзекті мәселе. Мұның бірден-бір дұрыс жолы 7-11 сыныптарда физика пәнінен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес алған білімдерін негізгі курстың оқу бағдарламасына сәйкестендіре отырып толықтырып, тереңдетіп отыратын арнайы бағдарлы курстарды оқытуды дұрыс жолға қою.
Қазіргі заманғы мектеп физикасының даму негізі жаңартылған оқу мазмұнына сәйкес оқу іс-әрекетінің алуан түрін пайдалануды қамтамасыз ететін оқу әдістерін үйлестіру болып табылады. Осыған байланысты физиканы оқытудың оқу-тәрбиелік мақсаттары, білім мазмұнын таңдап алудың ұстанымдары, сондай-ақ оқушылардың дайындық сапасын бағалау әдістері нақтыланған. Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқыту барысында барлық назар оқушыны дамытуға, оның мотивациялық ынтасын және ойлау еркіндігін қалыптастыруға бағытталған. Бұл орайда, мұғалімдерге қойылатын басты талап, оқыту барысында оқушылардың танымдық-белсенділік және ақпараттық-коммуникативтік іс-әрекеттерін дұрыс ұйымдастыра білу.
Физика пәнін оқыту барысында оқушылар физикалық құбылыстарды, түсініктерді, іргелі заңдарды, теорияларды, тәжірибелерді, т.б. оқып-үйрене отырып, адамзат өмірінде күнделікті өмірге қажетті түсініктер, ойлау жүйесі мен практикалық қолданыс табатын мол тәжірибе қорын жинақтайды.
Атап айтатын болсақ, 7-сыныпқа арналған «Физика» курсының бағдарламасына сәйкес оқушылар бұл сыныпта табиғат құбылыстарымен, заттың құрылысымен, механикалық қозғалыстың түрлерімен, күш ұғымымен және күштің түрлерімен, газдардағы, сұйықтардағы және қатты денелердегі қысым, жай механизмдер, күш моменті, денелердің тепе-теңдігі, жұмыс, қуат, энергия, механизмнің пайдалы әрекет коэффициенті ұғымдарымен танысады. Таныса отырып, аталған физикалық шамалардың белгіленуін, өлшем бірліктерін, оларды есептеуге арналған формулаларды және оларды есептер шығару барысында түрлендіріп қолдана білуді оқып-үйренеді. Сондай-ақ, физикалық заңдарды немесе механизмдерді, құбылыстарды оқыту барысында оладың күнделікті өмірдегі қолданыс табатын жерлерін, практикалық маңызын түсіндіріп отыру басқаша айтқанда, пәнді өмірмен байланыстыра оқыту арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту басты назарда болу керек.
Пәнді өмірмен байланыстыра оқытуда оқушылардың теориялық алған білімдеріне практикада көз жеткізуге үйрету арқылы жүзеге асырудың тиімділігі мол. Ол үшін эксперименттік және техникалық мазмұндағы есептер шығарту, демонстрациялық сабақтарды, зертханалық жұмыстарды жасату жоспарда көрсетілгендей өз деңгейінде жүргізіліп отыруы керек.
7-шы сыныпқа арналған физика бағдарлы курсының осы бағдарламасы әдеттегі мектеп курсында қарастырылатын материалдарға қосымша тақырыптармен толықтырылған.
Бағдарламада оқушылармен өтілетін сабақтардың түрлері: теориялық, семинар, практикалық сабақтар түрінде берілген және оны оқып-үйренуге қажетті сағаттар саны келтірілген.
Қауіпсіздік техникасы шараларын оқып-үйренуге де сағат бөлінген.
Әрбір практикалық жұмысты жасауға кіріспес бұрын оқушы сол жұмысқа қатысты теориялық материалдарды, суреттерді, схемаларды, анықтамаларды, формулаларды толығымен меңгеріп алуға тиіс. Сол мақсатта бағдарламада алдымен теориялық материалдар, содан кейін практикалық сабақтар ретімен келтірілген. Оқу материалдарын меңгерту жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес спиралдық қағида логикасына негізделіп жасалған.
Жұмысты орындау барысында өлшеу құралдарының бөлік құнын табуды үйренуден бастап, өлшеу және есептеулер жүргізу, жазбаларды кестеге түсіру, қателігін көрсету және жұмысты қорытындылау талап етіледі. Мұндай талап қою оқушылырды тиянақтылыққа, кәсіби шеберлікке, зерттеушілік сипаттағы білімдерін тереңдетуге, басқаша айтқанда нәтижелі іс-әрекетке баулиды.
Жалпы мектепте физика пәнін бағдарлы курстар арқылы тереңдете оқыту оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, бүгінгі заман талабына сай мамандық таңдауға, кәсіптік бағдар алуға және өз таңдаған мамандығының болашағына сеніммен қарауға жетелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |