Web кеңістігіндегі жастар тілінің ерекшеліктері жанғазы Ақиқат 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет5/11
Дата10.04.2017
өлшемі3,09 Mb.
#13680
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақ тілінің түсіндірмес сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1974. – 968 б.

2.Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық (Құраст. Т.Жанұзақов, Омарбеков С., Жүнісбек Ә. және т.б.) 1-том. – А – А. – Алматы: Арыс, 2006. – 744 б.

3. Древнетюркский словарь. – Л.: Наука, 1969. – С. 677.

4. Қашқари М. Түркі тілінің сөздігі (Дивани лұғат-ит-түрік). ІІІ томдық шығармалар жинағы /Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А. Егеубай/. 1-том. – Алматы: Хант, 2006. – 600 б.

5. Абай тілі сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1968. – 734 б.



ЖАСТАР ТІЛІНДЕГІ ФОНЕТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Жұман Назерке – 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2 курс студенті

Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Назира Амиржанова
Қазақ тіл білімінде жастар тілі сөз мәдениеті тұрғысынан қарастырылды. Оған дәлел ретінде «Жастар қалай сөйлейді? немесе бүгінгі сөздік қордың мәдениеті» тақырыбы аясында біршама профессор ғалымдардың зерттеу еңбектерінің бар екендігін айта аламыз. Мысалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Шалабаев бұл тақырыпқа былай деп пікір айтады: « Жастардың өскен ортасы, әлеуметтік мәртебесі, оқу-білім деңгейі мен сана-сезімі сияқты тілдік емес факторлар жастар тілінің сөз мәдениетіне тікелей байланысты деп көрсетеді. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ тілінің стилистикасы және сөйлеу мәдениеті» пәнінің оқытушысы Дина Әлкебаева « Қазір ақпарат заманы, сондықтан білімнің көптеген салаларына ден қойылуда. Мәдениет және коммуникация салалары бойынша немесе ресми орталарда қарым-қатынас жасаған кезде, жастар өзінің сөйлеу мәдениетін алғы шепке қоюда. Әрине, соған қарамастан сөйлеу мәдениеті аясында жастар арасында «стильдік мода» термині және күнделікті өмірде қосып сөйлейтін «паразит» сөздері бар. Міне, осы факторлар жастардың сөз мәдениетіне өз залалын тигізіп отыр» деп өз ойын білдіреді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Өтеғали Шеденов «Жамандайын дегенім емес, қазақ тілінің экономикалық сөздік қоры жұтаңдау» деп қорытындылайды.[1,3-11] Осы айылған пікірлерден жастардың сөз мәдениетінің жұтаңдығын айқын аңғарамыз.

Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Қазақтілді ұрпақ келе жатыр» атты мақаласында қазақша ойлайтын әрі сөйлейтін тілдік тұлғалар өсіп келе жатқанын айтады. Ғалым бүгінгі қазақ жастарының тілге шорқақ, тілдері шолақ екені рас, бірақ бұл арада тіпті лексика-фрразеологиялық нормадан, синтаксистік нормадан ауытқу деген әңгіме жоқ екендігін айқын дәлелдеп берді. Ол өз сөзінде: «Қазақтілді ұрпақ келеді, ағайын. Ол ұрпақ бүгін 18-де. Олар қазақ тілінің өміршеңдігіне нық сеніммен келе жатыр. Орысша ойлап, қазақша сөйлесе де, әдеби тілдің нормасын жетік меңгере қоймаса да, әдеби тілді жоғары деңгейде пайдалануға тырысып, жалтақтамай сөйлейді. Иә, ең бастысы, жалтақтамай сөйлейді. Тілімізді өшірмейміз десек, әдеби тілдің өміршеңдігін ойласақ, қазіргі жастарымыздың тіліне бей-жай қарамауымыз керек. Тілдің өміршеңдігі әдеби тіл лексикасын, нормаларын жалпы халықтық қолданысқа айналдырумен байланысты. «Сөзден сөз туады, сөйлемесең неден туады», «Сөйлей сөйлей шешен боларсың» дейміз тағы. Әдеби тілді жалпы қолданысқа түсіруді баланың сөзіне шек қоймаудан бастау керек. Кішкентай кезінде қарапайым сөйлеу тілін, ауызекі, бейтарап сөйлеу тілін жетік меңгеріп алған бала ересектеу шағында өзі-ақ тіліне, сөз саптауына жоғарылау талап қоя біледі. Иә, рас, қазақтілді ұрпақ келеді, ағайын. Олардың тіліне қамқор болайық, бас-көз болайық » деп сөзін аяқтайды. [2,4] Бұл орайда ғалымдар арасындағы жастарға, жастар тіліне деген түрлі пікірлерді аңғарамыз. Енді жастар тілінің фонетикалық ерекшелігіне тоқталайық. Жастар тілінің фонетикалық ерекшелігі арнайы зерттеу нысаны ретінде әлі зерттелген жоқ. Мақаламызда жастар тілінің фонетикалық ерекшелігін атап айтар болсақ, жастар тіліндегі екпін, орфоэпия, ерін үндестігі, интонация сияқты просодикалық элементтер сараланады.



Жастар тіліндегі орфоэпия. Тілдегі сөздердің айтылуы мен жазылуы әрдайым сәйкес келе бермейді. Өйткені сөздің жазылу ережесі (орфография) бар да, айтылу ережесі (орфоэпия) бар.. Әдеби тілдегі сөздердің, сөз тіркесі мен қосымшаның белгілі бір ережеге сәйкес бірізді дыбысталуын қамтамасыз ететін жалпыға бірдей қалыпты айтылу нормасын, екінші сөзбен айтқанда, дұрыс сөйлеу үлгісін орфоэпия дейміз. Сондықтан да орфоэпияны тіл мәдениетінің өзекті мәселесіне жатқыза отырып, жастар тіліндегі кемшін тұстарына талдау жасап көрейік. Жастар деген кім? Ол мына біз бен сіз! Олай болса, орфоэпиялық варианттарға жазуда еленбейтін, сөйлеу тіліне тән түрлері: мысалы, шай/шәй/чай, жай/жәй/джай. Олар дауысты дыбыстың алмасуынан да (несібе/нәсібе), дауыссыз дыбыстың өзгеруінен де (елпелең/емпелең, өңкей/өңшей, түгендеу/түгелдеу, нәрсе/нәсте, менменсінген/ менменсіген) түзіле береді. Осы секілді сөйлеу тілінде сөздің ықшам тұлғаға ауысуы орфоэпиялық варианттардың басқа тобын құрайды. Мысалы, сонымен/сомен, жоқ-жо, сондай-ақ көп буынды сөздердегі қайталанып келетін дыбыстар мен буындардың ықшамдалуы: балалар-баллар, әрекет-әркет, т.б. . Сөйлеу тіліндегі тұлғаларға элизия құбылысы да жатады. Басқаша айтқанда, сөз тіркестерінде екі дауысты дыбыс қатар келгенде ішкі паузасыз (кідіріссіз) айтылатындықтан, ықшамдалып қолдануы мүмкін: осы екен /осекен, таба алмау/ табалмау/табамау, қара ала/ қарала, т.б. Түбір мен қосымшаның немесе сөз тіркесі аралығындағы көршілес дыбыстардың үндесуінен орфоэпиялық варианттар түзіліп келген. Оған ілгерінді ықпал (ашса/ашша, бұл қалай/ бұл ғалай), кейінді ықпал (сенбі/сембі, жазса/жасса, ақ лақ/ ағ лақ), тоғыспалы ықпалы (бес жыл/ бешшыл, аман келді / аман гелді) жатады. Осы аталған орфоэпиялық варианттардан не аңғардық? Біз, жастар орфография мен орфоэпияның ара жігін шынымен де ажырата алады ма екенбіз?! Осы сұраққа жауап іздеп, сол жастардың өзіне бірнеше сөздерді оқытып көрдім.

Олар: отын / [отұн], жұлын / [жұлұн], үшін / [үшүн], өркен / [өркөн],

құмыра / [құмұра], өлке / [өлкө], көтер / [көтөр], өлең / [өлөң],

осы / [осұ], көзі / [көзү], бөрік / [бөрүк], дөңгелек / [дөңгөлөк],

сәуле / [сәулө], әуе / [әуө], бүлдірген / [бүлдүргөн], сөзсіз / [сөзсүз],

құрық / [құрұқ], қосшы / [қошшұ], шұжық / [шұжұқ], көген / [көгөн],

көркем / [көркөм], көрген / [көргөн], құлын / [құлұн], жұлын /[жұлұн]

Осы сөздерді студенттерге оқыту барысында 80 % студент ерін үндестігін сақтамайтындығы анық байқалды. Ерін үндестігі туралы пікір айтушылардың еңбектерімен дәлел келтірер болсақ, С. Ақымбектің «Ерін үндестігінің табиғаты» атты мақаласында қазіргі қазақ тіліндегі ерін үндестігі туралы пікір айтушылар академик І. Кеңесбаевтың тұжырымын негізге алады, «Қазақтың ауызекі тілінде аздап болса да ерін үндестігі байқалады. Ерін үндестігі қазақ тілінде : а) тек қосалқы роль атқарады; ерін үндестігі бойынша сөздің жуан я жіңішке болып келуі – тілімізде – басты қағида; ә) буындардың саны жағынан ерін үндестігінің күші үш буыннан аспайды: әсіресе екі буынды сөзде ерін дауыстысымен келген алғашқы буынның еркіндік ықпалы анық сезіліп тұрады; үшінші буында солғындау сезіледі» [3, 284] деп, о, ұ, ү дыбыстарының ерін жағынан игеруін мысалдар арқылы екінші буыннан асырмай көрсетеді. Дегенмен бұған шек келтіру мүмкін емес. Ғ. Әбуханов өз еңбегінде «Қазақ тілінде өзге түркі халықтарының тілдеріндегі сияқты еріндік дауысты дыбыстар үндестігі жоқ» дей келе: «құлұн, жұлұн, бұрұн, күңгүрт, орұн, тоғұз, күрөк, жүрөк, бөлмө, төсө сияқтанып естіліп тұрса да» - деп мойындайды. [4,55]

Сөздің басындағы немесе бірінші ашық буындағы ұ, ү, ө, о дыбыстары және екі дауыстының ортасында келген у дыбысы (тауық, бауыр сияқты сөздерде) келесі буындағы ы, і дыбыстарын өзгертіп ұ, ү-лерге жуықтатып естіртеді... Мысалы: құлұн, бүгүн, орұн, күлүп болып айтылады. Еріндік дыбыстардың ықпалы үшінші, төртінші буындарда біртіндеп әлсірей береді. Мысалы: күмістің деген сөздің екінші буыны ү-ге ұқсап, соған жуық айтылса, үшінші буында і-ге жуықтап айтылады: күмүстің. Қазіргі кезде бұл сияқты ерін үндестігі байқалатын сөздерді, жазылуы бойынша оқу орын алған, әсіресе екінші буындағы е әрпін анық айтуға тырысқаннан э етіп, өнэр, үлэс, өрэн түрінде айтушылық байқалып жүр. Бұл, әрине, қате деп Р. Сыздықова сөздердің айтылу нормаларын қарастырған еңбегінде ерін үндестігіне осылай сақтықпен қарайды. Осы секілді ауызекі сөйлеу тілімізге арнайы еңбек жазған С. Омарбеков пен Н. Жүнісов еріндіктің құлашын сәл болса да ұзартқан болатын: сөздің бірінші буынында ерін дауыстылары келген жерде екінші буындағы, тіпті үшінші буындағы қысаң және жартылай қысаң дауыстылардың еріндік сипатқа ие болуы – тілімізге тән заңдылық. Мысалы: дөңгөлөк, бөдөнө, жұмұр, үндөмө т.б. Ал үшінші буындағы дауыстының ерін ықпалына шалдығуы оншалық емес. Бұдан арғы буындарда ерін үндестігі ықпалының кездесуі тілімізде байқалмайды десек те болады. Мысалы көбөлөктің [5,30].

Еріндіктер мен езуліктерді сөздің өне бойында осылайша игеріп отыруын байқаған Ж.Аралбаев : Қазақ тілінде сөздің бірінші буынында ерін дауыстысының (о, ө, ұ, ү) біреуі келетін болса, одан соңғы екінші кейде үшінші (өте сирек) буындағы езу «е, ы, і» дауыстылары кейде сөйлеуде «ө, ұ, ү» ерін дауыстыларымен үндеседі- комбинаторлық түрде алмасып айтылады: жүрек (жүрөк), бүйрек (бүйрөк), бөдене (бөдөнө/бөдөнө), түндегіден (түндөгүден/түндөгіден) [6,91]-деген оймен бұл құбылысты дыбыс алмасуы деп қарайды.



Р. Сыздықованың ауызша сөйлеу мәдениетінің басты талабы- тілдің фонетикалық заңдылығын сақтап, сөзді дұрыс дыбыстау деп атап өткеніндей, сөз тіркесіндегі сөздерді өзара үндестіріп, ритмикалық ырғағын үйлестіріп айту қазақ тілінің басты орфоэпиялық ерекшелігі екені белгілі [7, 3-4]. Дей тұрсақ та орфоэпиялық өлшемге жататын тіліміздегі фонетикалық құбылыстың бәрін бірдей еш өзгеріссіз қалуға тиіс деуге келмейді. С-ш, л-ң, н-м, н-ң дыбыстарының үндесуінен түзілген варианттар да өз әсерін жоғалтуы мүмкін: орысша/ орышша, қосшы/қошшы, жауынгер/ жауыңгер, күнгей/күңгей, сөзшең-сөшшең, түнгі/түңгі, бұрынғы/бұрыңғы, ішсем- ішшем, жұмысшы/жұмышшы, жалғыз- жаңғыз, сенбе/ сембе, т.б. Рас, таяу уақытқа дейін бұл негізгі орфоэпиялық заңдылыққа жатқызылып келді. Алайда, бүгінгі күннің өзінде ұшырасып жүрген «қосшы», «түнгі», «сенбі» деп жазу өлшеміне лайықтап айту дағдысы онан әрі дами түссе, бұл процесс сөздің айтылу техникасын жетілдіретін ұнасымды өзгерісті танытпақ.

Қорыта келгенде, тілдің өміршеңдігі жастардың тілімен өлшенетіні белгілі. Сондықтан тіліміздің әуені мен әуезінің қалып-күйінің қазіргі сипатын зерттеу аса өзекті мәселе қатарына жатады. Қазақ тілінің бейнелігімен қоса әуендік үндестікпен дыбысталу жүйесін атап өткен түрколог Мелиоранский қазақтың сөздері ырғақпен күмбірлеп естілетінін айтқанда, сөзбен сөздің тіркесіндегі айтылу сазы мен әуезділігін меңзесе керек. Фонетика үшін сөздің жазылуы (жансызы емес), айтылуы, естілуі (жандысы) маңызды екені даусыз. Еріндіктердің орнына езуліктерді жазу- орфографиялық норма, жазудағы бірізділікті сақтау үшін қажет. Өйткені ерін үндестігінің қанша буынды қамтитындығын білмей тұрып, еріндіктермен жазған жағдайда ала-құлалық болмай қоймайды. Ал орфографиялық қағиданың басты мақсаты- бірізділік. Ерін үндестігін анықтауға байланысты пікірлер алалығы сөздің бірінші буынынан басқа буында ерін дауыстыларының жазылмауынан болып тұрған жоқ, жазу жетегінде болып, солардың айтылуын қадағаламаудан болып отыр. Сол үшін де менің айтпағым тіліміздің өміршеңдігі - жастардың қолында! Я, мына біздің қолымызда! Тілімізді шұбарлатпай, қазақ халқына сай әуезді үнмен сөйлей білейік!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Жастар қалай сөйлейді? немесе бүгінгі сөздік қордың мәдениеті»

№15 (3179), 3,11бет

  1. «Қазақ тілді ұрпақ келе жатыр...» Құралай Күдеринова

Ұлт газеті, 4 бет

  1. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. « Қазіргі қазақ тілі» - Алматы , 1975ж

  2. Әбуханов Ғ. «Қазақ тілі» - Алматы, 1982ж

  3. Омарбеков С., Жүнісов Н. «Ауызекі тіліміздің дыбыс жүйесі» - Алматы: Мектеп, 1985.

  4. Аралбаев Ж.А. «Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер» – Алматы: Ғылым, 1988ж

  5. «Ана тілі» газеті 29.03.1990ж

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОРФОГРАФИЯЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРДІҢ ӨЗГЕРУІ МЕН ДАМУЫ
Мырзабек Бибіхан - 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 2-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Назира Әміржанова
Орфография   тарихи, «жанды» құбылыс. Қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінің дамуы ол пайдаланылып отырған жазба тілдің, әсіресе оның сөздік қазынасының толығуы, реттеле түсуі (нормалану процесі) сияқты қозғалысына орай оның жазба тәжірибесі де, жазу тәртіптері – емле қағидалары да азды-көпті өзгерістерге ұшырап отырады. Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы «ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады»дейді белгілі академик Р. Сыздық. Қазақ жазуының орфографиясы ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларында ғылыми тұрғыда тұңғыш рет сөз болды. Оның қажеттігі мен рөлі ғана дәлелденіп қойған жоқ, алғашқы ережелері іспеттес тәртіп жүйесін ұсынды[1]. 1850 жылдан бастап орфография саласы қарастырыла, сөз бола бастады. 1910 жылдан бастап зерттелінді десек қателеспейміз. Оған дәлел, 1912 жылы жазылған, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының «Емле туралы» мақаласы.

Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының емлесі туралы ой-пікірлерін өзі редакторы болған «Қазақ» газетінің беттерінде әрі қарай жалғастырып, пікірсайысқа негіз болды. Емле мәселесіне келгенде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері қарама-қарсы екі түрлі бағытта болды. «Айқап» бұрынғы дәстүрлі әліпби жүйесі мен емлені қолдаса, «Қазақ», әрине, А.Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен жаңа емле принциптерін жақтады[1]. Емледе сонымен қатар толықтырулар мен өзгерістер талап етілді.

А. Байтұрсынұлы ұсынған жазу емлесінің 14 ережелері:

1

Й, у дыбыстарының жазылуы туралы

2

Бірнеше түбірден құралған мәнді сөз тұтас жазылсын

3

Кенжеғұл, Аякөз бірмәнді сөздер дүдәмалы дыбыс естілуінше жазылсын

4

Бірге, бөлек, бірігу, кірігу екеуі екітүрлі

5

Тұтас сөз з,ж,ш,с естілуі бойынша емес, түбірше жазылсын

6

Жалғау, жұрнақ, дауыссыз дыбыс естілуінше емес, түбірше жазылсын

7

Р,л,й,у дыбыстарының алдындағы дыбыстар дүдәма жазылсын

8

-тұң қосымшасы –тың болып жазылсын

9

Демеулік, жалғаулық қосымшалар ғана, мен естілуінше жазылсын

10

Сын есімнің күшейткіш түрі естілуінше жазылсын

11

-ау, -ай одағайлар сөзге тіркелгенде бірге жазылсын, сөзден бұрын келсе бөлек жазылсын

12

-еке жұрнағы бірге жазылсын

13

Кейбір көмекші етістіктер бірге немесе сызықшамен жазылсын

14

Сың, соң қысқартылып жазылатын соң сөзі бірге жазылсын

Ұлт ұстазы ұсынған ережелер саны, қазіргі кездегі ережелер жиынтығынан аз. Бізге де ережелердің аз болғаны тиімді.

1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Оның қолданылу тәртібі – орфографиясы 1929 жылы жеке талқыланып (Қызылордада өткен конференцияда), осы кезден бастап іс жүзінде қолға алынды: мектептер мен баспасөз және баспа орындары енді латынша жазуға көшті.[2, 194]

1929 жылы Қызылорда қаласында латын графикасына көшкен қазақ орфографиясының ресми бекітілген 30 ережелер жиынтығынан тұрады. Біз соның 15 ережесін көрсеттік:

1

тұтас сөз жеке күйінде есітілгенінше жазылады, жанындағы сөздің жалғас дыбыстарының ықпалы еленбейді.

2

бір неше түбірдің дыбыстары кіріккенен шыққан бір мағыналы сөздер де естілген күйінде тұтас жазылады.

3

сызықша мен жазылады: ондай сөздердің дыбыстарының біріне бірінің тійгізетін ықпалы еленбейді, екеуіде түбірше жазылады.

4

екінші бөлегінің бас дыбысы өзгеріп айтылатын қайталама сөздер де сызықша мен жазылады

5

«ма» мен «ді» алдынғы сөздер сызықша мен айырылады, «ма» мен «ді» нің дыбыстары алдыңғы сөз ықпалы мен өзгерсе, сол өзгерген күйінде жазылады.

6

сын есімнің басындағы дыбыстарына «п» қосылған күшейтүу жалғауы сызықша мен жазылады.

7

жалғау-жұрнақтардың бәріде түбірмен қосылып жазылады

8

ғұрлы, қой, ғана, да, дағы, ақ, ма? Ше? ау, ай алдындағы сөзден бөлек жазылады

9

алдындағы сөздің жалғауын өз ауанына қаратып отыратын «соң», «көрі», «бері», «үшін», «шейін» сықылды үстеулер алдыңғы сөзден бөлек жазылады.

10

көмекші етістіктер алдындағы сөзден бөлек жазылады.

11

сөз ішіндегі дыбыстардың жұуан жіңішкелігі көмескі болған жерлерде, анығы жалғау-жұрнақтың түрінен ашылады.

12

жазғанда ерін үндестігі еленбейді.

13

шеттен кірген сөздерде «ф» орнына «п» жазылады.

14

шеттен кірген сөздер басындағы «г» дыбысы «г» және «ғ» түрінде сақталады.

15

еуропаның «сһ»-сы, орыстың «х»-сы, арап-парсының «қ»-сы жуан айтылатын сөздерде қ жіңішке айтылатын сөздерде к арқылы жазылады.

Осы ережелер жиынтығы 1938 жылы толықтырылып қабылданды. Ол ереже Х бөлімнен тұрады. .[2, 196]

І

Емленің негізгі тайанышы жеке сөздің түбір тұрпатын бұзбай жазу болсын. І бөлімнің өзі 12 бөлімшеден тұрады

ІІ

Әліппе және дыбыс жіктері

ІІІ

Дауысты, дауыссыз дыбыстардың бір-бірімен алмасып естілгендегі жазылулары. ІІІ бөлім 6 бөлімшеден тұрады

IV

Қысаң езулік дауысты ы, і-лердің жазылатын орны. IV бөлім 5 бөлімшеден тұрады

V

И, у әріптерінің жазылуы. V бөлім 2 бөлімшеден тұрады

VI

Орыс тілінде бар, қазақ тілінде жоқ дыбыстардың жазылуы. VІ бөлім 7 бөлімшеден тұрады

VII

Сызықшамен жазылатын қос сөздердің түрлері. VІІ бөлім 6 бөлімшеден тұрады

VIII

Кейбір жалғаулықтардың жазылуы. VІІІ бөлім 4 бөлімшеден тұрады

IX

Бас әріптердің емлесі

X

Фамилиядағы жазудың ережесі. Х бөлім 4 бөлімшеден тұрады.

С. Аманжолов: «Қазақ тілінің сингормонизм заңына бағынатындығы бұлай тұрсын, қазақтың ежелгі сөздерінің талайы дыбыс жүйелі принципке бағынбайтын еді. Мысалы: tuz+cь, ag+cь, bas+cь, gel+bau, gьzmel+ker, gazdь+gun» [3, 105 ] деп, емлені тілдің дыбыстық заңдылығынан шығарудың мүмкіндігі төмен екенін айтады. Сөйтіп, емле ережелеріне мынадай өзгерістер ендірілетін болды дейді: емленің негізі – морфологиялық принцип, түбір морфологиялық, қосымша фонетикалық принциппен жазылады, түрлері сақталған біріккен сөздер, кірікпей жазылады да, қосымшасы фонетикалық принциппен жазылады; кірмен сөздер ішінара болмаса, морфологиялық принциппен түпнұсқа тұрпатын сақтап жазылады, қосымша фонетикалық принцип бойынша жалғанады [3, 105], қазақ тіліне ауызша жолмен еніп, игерілген географиялық атаулар, ұғым атаулар қалыптанған түрінде жазылады: өzbek, poiьz екі немесе одан көп дауыссыз дыбысқа аяқталған кірме сөздерге қосымша жалғанғанда, соңғы дауыссыз түсіп қалады, қосымша сөздің соңғы буынның жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: Bekmuratqa, кірме сөздердегі еріндік дауыстылар таңбасы соңғы буында да жазылады, кірме сөздердің аяғында в, д, г әріптері таңбаланады; <ұ> дыбысы й таңбасы арқылы <і> фонемасы j әрпі арқылы таңбаланады; екі дауысты дыбыс таңбасы тіркесе береді; әліпбиге x, f, v әріптері алынады; қосар ый, ій, ұу, үу дыбыстары і, и таңбалары арқылы беріледі; әліпбиде 32 әріп болады; кірме сөздерде айтылатын ә, е, и дыбыстарының орнына, сөз мағынасы бұзылмаса, а әрпі жазылады; екінші-үшінші буындарға дейін [ә] дыбысы сөздердің тек буынында ә-әрпін жазу; соңғы буындарда естілген ө, ұ, ү дыбыстарының орнына е, ь, j әрпін жазу; түбір мен қосымша жігіндегі [п-б], [қ-г], [к-г] дыбыстарының алмауы таңбаланады; сөз басындағы қысаң езуліктер мағынаға әсер етпеген жағдайда таңбаланбайды[3, 106]; екі буын аралығындағы мағынаға әсер етпейтін қысаң езуліктер таңбаланбайды; соңғы буындағы қысаң езуліктер түбір тұлғасында да, тәуелді жалғау тұсында да жазылмайды; одағай сөздерде екі дауыссыз әрпі қатар жазыла береді; соңғы буындағы қысаң езулігі бар сөздерге тәуелдік жалғау жалғанғанда сөз аяғындағы қатаң ұяңдап, қысаң езуліктер түсірілмейтін болса, түбірде де таңбаланады[3, 106]; і, и әріптерінің жуан-жіңішкелігін түбір не қосымша ажыратып тұрады; жуан-жіңішке пары бар сөздердің жіңішкесін таңбалау [3, 106]; кірме сөздердегі ь белгісін ә, ө әріптері арқылы беру; ю әрпін іи әріп тіркесімен беру; барлық дауыссыз дыбыстардан соң келген ю әрпін u таңбасымен беру; кірме сөздердегі я әрпін іа тіркесі арқылы беру; ё әрпі іо арқылы беріледі; с дыбысынан басқа дауыссыз дыбыстардан соң келген ё әрпі ө әрпімен беріледі; ц әрпі сөз басында және дауыссыз дыбыстан соң келсе s-мен беріледі. Ал сөз аяғында және дауысты дыбыстан соң келсе, mc арқылы беріледі; щ әрпі сөз ішінде және дауысты дыбыстан соң қос сс әрпімен, ал дауыссыз дыбыстан соң және сөз басы мен аяғында с-мен беріледі.

Ғылым Академиясы Тіл, әдебиет институтында (1952 ІІІ) осы ұсыныстар талқыланған жиналыс қаулысы әліпбиден һ әрпін алып тастауды, әліпби тәртібін өзгертуді, ый, ій, ұу, үу қосарын и, у таңбаларымен беруді қабылдайды [3, 110]. Бірақ С. Аманжолов керісінше, қазақ әліпбиін өзгерту «қазақ тілі дыбыстарына арналған әріптердің керексізі бар ма», «алфавит сиқын бұзып тұрғаны жоқ па»; «орыс әріптері толық қолданылып жүр ме» деген бағытта жүруі керек дейді. Автордың ойынша, ә әрпінің қызметін я әрпі де атқара алады; к,г-ге аяқталған термин сөздерге соңғы буынның жуандығына байланысты жуан қосымша жалғану, біріккен сөздерді кіріктіріп жазбау ақкөңіл, асырасілтеу сияқты сөздерді бірге жазу уәжді. Сондай-ақ С. Аманжолов әліпби тәртібін өзгертуге қарсы болды. Ғалым әріп ретін өзгерту алфавиттің қосалқы – нөмірлеу – қызметіне кедергі болады деді. Және қосар дыбыстарды бір таңбамен беру морфологиялық принципке сай емес, сөздің айтылуы мен жазылуын алшақтады к, г-ге біткен орыс сөздеріне жіңішке қосымша жалғау орыс тіліндегі сөздердің айтылуын бұзады деді [3].



Орыс жазуына (кириллицаға) көшу процесі негізінен латынға көшкендегідей бүкілодақтық үлкен жиын-конференцияларсыз, ғылыми негізді пікірталастарсыз, көп дайындықсыз өтті, ССРО-ны мекендеген түркі халықтарының жазуы латыннан кириллицаға көшсін деген үкімет қаулысы алынды да, 1940 жылы күзде қауырт жаңа әліпбиді қолдануға жарлық шықты[5]. 1988 жылғы орфографиялық сөздікке 1957 жылғы ереже кодексі және 1983 жылғы ереже негізге алынды.

Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері

(Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі 1988 ж.)

І. Әріптердің емлесі

1) Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы

2) дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы

3) ь, ъ белгілерінің қолданылуы



ІІ. Түбір сөздердің жазылуы

ІІІ. Бөлек жазылатын сөздер

ІV. Бірге жазылатын сөздер

V. Қос сөздердің жазылуы

VI. Қосымшадардың жазылуы

VII. Шылау сөздердің жазылуы

VIII. Бас әріптің қолданылуы

ІХ. Сөздердің тасымалдануы

1957 ж. қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері қабылданға дейін қазақ жазуының тарихында бірнеше ұсыныс болған. Оның алдыңғысы 1939 ж. әліпби жобасы, 1940 ж. емле жобалары болса, орыс графикасына негізделген қазақ жазуының алфавиті мен орфография ережелері 1953 ж. 28 ақпанда «Қазақстан мұғалімі» газетінде ұсыныс ретінде жарияланды. Әліпби 40 әріп рет санымен белгіленді. Әліпбидегі әріп реті қазіргі әліпби тәртібімен бірдей. Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің алғашқы нұсқасы осы 1953 ж. емле жобасы болып табылатындықтан ереженің 1953 ж. нұсқасы мен қазіргі нұсқасының арасындағы өзгешеліктерге назар аударайық.[3, 110; 4, 24]. Төмендегі кестеде Қ. Күдеринова қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін салыстырады. Бұл салыстыруда 1953 жылғы мен 2005 жылғы ережелер жиынтықтары арасында кездесетін нақты айырмашылық һ әрпінің қосылуы, сонымен қатар екі пунктің болмауы болып табылады.

ҚТОНЕ-нің 1953 ж. нұсқасы

ҚТОНЕ-нің 2005 ж. нұсқасы

А, е, о әріптері сөздің барлық буынында жазылады.

А, е, ы, і әріптері сөздің барлық буынында жазылады.

Ә, ө, ү, ұ әріптері кінә, күмән, куә, мазмұн сөздерінде соңғы буындарда жазылады.

Ә, ө, ү, ұ әріптері кінә, күмән, куә, мазмұн сөздерінде соңғы буындарда жазылады.

Ый тіркесі тый, сый сөздерінде жазылады, бұл сөздерге қосымша жалғанғанда жалаң и жазылады

Ый тіркесі тый, сый сөздері мен туынды сөздерде де жазылады

Я, ю әріптерінен бұрын ы, і әріптері жазылмайды, тый, сый сөздері тұйық рай тұлғасында тыю, сыю болып жазылады.

Я, ю әріптерінен бұрын ы, і әріптері жазылмайды, тый, сый сөздері тұйық рай тұлғасында тыю, сыю болып жазылады.

Халық, ауыл, әріп, ауыз т.б. сөздеріне тәуелдік жалғауы жалғанғанда соңғы буында ы, і әріптері жазылмайды.

Халық, ауыл, әріп, ауыз т.б. сөздеріне тәуелдік жалғауы жалғанғанда соңғы буында ы, і әріптері жазылмайды.

Йы дыбысына біткен сөзге й жұрнағы жалғанғанда йи болып жазылады.

Йы дыбысына біткен сөзге й жұрнағы жалғанғанда йи болып жазылады.

Х әрпі халы, хат, қахарман, гаухар, ухлеу сөздерінде жазылады

Х әрпі халы, хат сөздерде жазылады, қахарман, гаухар, ухлеу сөздері һ әрпімен жазылады

Алдыңғысы соңғысын анықтайтын екі зат есім бөлек жазылады.

Анықтауышы-анықталушы қатыгастан ажырап, бір заттың атауы болып кеткен сөздер бірге жазылады

Екі сөзден біріккен кейбір кісі есімдері айтылуынша жазылады.

Бұл ереже 1983 ж. емле өзгерісінде қабылданды.

Пен, кер, кеш, нікі, паз, қор, хана жұрнақтары түбірдің жуан- жіңішкелігіне қарамай осы тұрпатта жалғанады.

Мұндау ескерту жоқ.

К, г дыбыстарына аяқталған термин сөзге қосымша жіңішке жалғанады.

Бұл ереже 1983 ж. емле өзгерісінде қабылданды.

Цифрмен жазылған реттік сан есімнен кейін дефис қойылады

Мұндай пункт жоқ.




Қазақ әліпбиі мен жазуының тарихында осы саладағы ғылым дамуына өз үлестерін қосқан А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, Қ.Басымов, Ш.Х.Сарыбаев, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздықова, Г.Жәркешова, Н.Оралбаева, А.Хасенова, К.Ниеталиева, Н.Уәлиев, Қ.Күдеринова т.б. ғалымдардың еңбектері мен зерттеулерін атап көрсетуге болады. [7]

Әртүрлі, әрқилы, әртарап, әртекті сөздері2007 жылғы орфографиялық сөздікте бірге жазылған, ал одан бұрынғы 1978, 1988,  2001 жылдардағы сөздіктерде аталған сөздер әр түрлі, әр нәрсе, әр текті, әр уақытта болып бөлек жазылған.[8]

А. Байтұрсынов та, Қ. Жұбанов та қазақ жазуы фонетикалық принципті ұстану керек деген пікірде болды. М. Балақаев “Тіл мәдениеті мен қазақ тілін оқыту” атты кітабында “сөздердің айтылуы мен жазылуы нұсқаларында мүмкін болғанша жақындық, үйлесім болуға тиіс” – дейді.[8]

Ж. Таласпаеваның еңбегінде көрсетілген мысалдар:

2001

2005

2007

ер жүрек

ақ пейіл


әр түрлі

қол арба


наурыз

бір беткей

бір тұтам


ержүрек

ақпейіл


әртүрлі

қоларба

Наурыз

бірбеткей



біртұтам

ержүрек

ақпейіл


әртүрлі

қоларба

Наурыз

бірбеткей



біртұтам

Қазақ тілі орфографиясындағы ережелердің жыл санап өзгеріске ұшырауының диаграммасы мен кестесі.



1929 жылғы қазақ тілі орфографиясының негізгі ережесінде 4 көрсетілген емле негіздеріне сүйеніп 30 ережені бекітті. 30 ереже 11 ескертуге негізделген ережелер жиынтығы құрастырылды.

1938 жылы толықтырылып қабылданған ереже 10 бөлімнен тұрады. 1 бөлімнің өзі 12 бөлімшеден; 2 бөлім қысқа өзі ғана; 3 бөлім 6 бөлімшеден 1 ескертуден тұрады; 4 бөлім 5 бөлімшеден тұрады; 5 бөлімде 2 бөлімше бар; 6 бөлімде барлығын қосқанда 12 бөлімше, 1 ескерту бар; 7 бөлімде 6 бөлімше, 1 ескерту бар; 8 бөлімде 4 бөлімше қаралған; 9 бөлімде 1 бөлімше бар; 10 бөлімде 4 бөлімше бар.

Тiл мәдениетiнiң мәртебесiн айқындайтын көрсеткiштiң бiрi- жазудағы бiрiздiлiк. Мұның өзi алдымен тiлдiң емле ережесi мен сөздiгiнiң сапасына байланысты. Жаңа графикаға көшумен байланысты 1940 жылы жасалған емле заңдары 1957 жылы түзілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 51 параграф, 12 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын. 1983 жылғы «толықтырулар мен түзетулерден» кейін оған 3 параграф және 3 ескертпе қосылған[6].

Қазақ жазуы күні бүгінге дейін 1957 жылы қабылданған емле ережелерін пайдаланып келеді. Бұл ережелер 1940 жылы жаңа графикаға көшумен байланысты жасалған емле заңдарының негізінде өңделіп, толықтырылып жаңалап түзілген болатын.

Емле заңдылықтары да тілдің өзі сияқты дамып, жетіліп отыратын құбылыс болғандықтан, 1957 жылы түзілген қазақ орфографиясының принциптері негізінен дұрыс, жинақы бола тұрса да, кейбір ережелерін әлі де болса толықтыра түсу қажеттілігі туды.1988 жылғы сөздікте 53 параграф, 15 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын.

1940 жылы жасалған емле заңдары 1957 жылы түзілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 2001 жылғы сөздікте 52 параграф, 19 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын

1940 жылы жасалған емле заңдары 1957 жылы түзілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 2005 жылғы сөздікте 52 параграф, 20 ескертпе енгізіліп, толықтырылып жаңадан түзілген болатын

Қарастырған мәселемізді қорытындылай келе, сонау тарихы тереңде жатқан қазақ жазуы емлесінің даму кезеңдері қызықты да, тың ақпараттарға толы болды. Емле мәселесін өзектілігін сөз етіп көтерген, қазірде өзектілігін қозғап жүрген зерттеуші ғалымдардың пікірлерінің барлығы да орынды. Қазақ әліпбиі қаншама қиындықтардан өткеніне қарамастан өзінің ерекшелігін сақтап қалды. Барлық жиналған ақпарат, мәліметтерді қорытындылай келе, орфографияда аса көп ереженің болғаны қазіргі таңда тиімді емес деген пікірдеміз. Әрбір адам сауатты жазуы үшін орфографияда көрсетілген ережелерді білуі шарт. Міне, сол себепті де ереженің нақты, әрі түсінікті, жеңіл болғаны тиімді. Тіл жүйелі түрде дамып отыратын жанды құбылыс, осы жанды құбылысымызды дамытып, өсіп-өркендетуіміз қажет.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет