Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
187
сыпай ертіп, Хан Ордасына қарай бұрылды. Өзге қолына қала шетіндегі әскерге
арнап салынған рабаттарға барып орналаса беруді бұйырды. Бұлар хан сарайының
жанына келгенде бүкіл алаң иін тірескен халық екен. Топ сыпаймен келе жатқан
Қасымды көріп, жұрт:
— Жолдан былай тұр! — десіп, қақ жарылып арасын аша берді.
Қасым аттан түспей, серіктерімен хан сарайының дәл есігінің алдына келіп
тоқтады. Енді ғана ол жан-жағына көз тастады. Есік алдында жартастай боп бір
топ нөкерлерінің қоршауында Бұрындық тұр. Анандай жерде жолға шыққалы
ыңғайланған салт аттылар. Ең алдында
кәрі тарлан атқа мінген, сәл бүкірейген,
кереге көз темір далбағай киген әлі сұсты Темір би. Көштің ең соңында бір жас
жігіттің атының артына теріс қарап отырғызылған Гүлбаһрам-Патшайым сұлу...
Екі қолын алдына байлаған. Даусын жұрт естімесін деп аузын ақ жібек орамалмен
тұмшалаған. Аттан секіріп түсем деп әрекет істемес үшін, көмірдей қара, жұп-
жуан ұзын қос бұрымын ат үстіндегі жігіттің тақымының астынан өткізіп, аттың
омыраулығынан мықтап ілмешектеп қойған. Бұл — жауласқан елінің қыз-
келіншегіне істейтін қалмақтан қалған үлгі... Аяушылықты білмейтін заманның
айуандық дәстүрі! Бұрындықтың бұнысы Әбілқайыр қызы Гүлбаһрам-
Патшайымның інілері Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан үшін кек қайтарған
болмысы. Қасым енді көзін оңға қарай бұрып еді, жүз мың санды жауынан қорқып
көрмеген жүрегі дір ете қалды.
Хан сарайының дәл алдына әкеп орнатылған дарының астында мойынына қыл
арқанның ілмешек ұшы салынған, батыр Саянның аузынан түскендей айнымаған,
ер жетіп қалған баласы Аян тұр. Қыл арқанның бір жақ ұшын ұстап,
екі білегін
сыбанған, еңгезердей хан әмірін орындаушы — жан алғыш. Қанды көз Темір биге
күңдікке берілген Гүлбаһрам-Патшайымның көзінше Аянды дарға асуды
Бұрындық әдейі бұйырған. Бұл орынсыз қиянатты істерінде, түбі Аян өсіп ат
үстіне мінер болса, Бұрындықтың анасына істеген қиянатын кешпейтінін есіне
алған. «Маған
қосар болсаңыз, жалғыз баласын көзінше қан етіп не қыласыз,
істемеңіз бұл қылмысты» деп өтінген Темір биге Бұрындық: «Көзбен көрген қайғы
тез ұмытылады. Бала керек болса Алшынның ақ иығынан тағы табар» деп жауап
берген. Ат жалын тартып мінгелі өмір бойы ажал мен қиянаттың ортасында өскен
Темір би, бұдан әрі өтініп қиналмаған. Ескі кектің салдарынан өш көңілдің
арманы болған Гүлбаһрам-Патшайымға қолын жеткізген Бұрындыққа енді қарсы
келмеген.
Қасымның Аянға көзі түскенін әдейі күтіп тұрғандай, жан алғыш арқанның бір
ұшын өзіне қарай тарта берді. Дәл осы сәтте Қасым ақырып:
— Босат! — деді.
Ерлігі елге аңыз бола бастаған айбарлы әскер басының бұйрығын естіп,
сұмырай жан алғыш кенет сасып қалды. Арқанның ұшын босатса да қоя бермеді.
— Хан әмірі! — деді ол есін жиып, даусы жауар күндей күркіреп.
— Босат! — деді Қасым бұрынғысынан да даусы ызғарлы шығып.
Мойынындағы садағын қолына ала бастады. Жан алғыш енді арқанды жерге
лақтырып жіберді. Бұрындық та жартастай боп кілт бұрылды да, жанындағы
дәйекшісінің алдаспанын алды. Нөкерінің бірі анандай жерде ұстап тұрған жал-
құйрығы жерге төгілген теңбіл көгін алдына тарта берді. Хан аяғын аттай түсті де,
кілт тоқтай қалды. Оның көзі кілең тоқпақ жал, құшақ құйрық желаяқ тұлпар
мінген, үсті-бастары күн сәулесі шағылысқан көк темір сауыт, қолдарына сойыл,