Қазақстан археологиясы



бет101/138
Дата09.09.2023
өлшемі2,7 Mb.
#180568
1   ...   97   98   99   100   101   102   103   104   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Идеология мен өнер


Ежелгі түркілердің монументтік өнері. Ұлы Қытай қорғанынан Қара теңіз далаларына дейін, Моңғолия, Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан, Қырғызстан, Қазақстан тауларынан түрік халықтарының тастан жасалынған антропоморфты мүсіндерін кездестіруге болады. Далада, тау ойпаттарында тұрғызылған мұндай ескерткіштер сан ғасырлар бойы ежелгі көші-қон жолдарындағы бағдар ретінде де пайдаланылып келді. Ежелгі түрік этносының қалыптасуы Саян-Алтайда, Шығыс Түркістанда, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда, Сарыарқа жерінде басталған.
Тас мүсіндерін жасауды ежелгі түркілер бәлкім скиф-сібір мәдени шеңберінен үйренген де болар.
Ежелгі түріктер тас мүсіндер тұрғызылған ескерткіштерге адам жерлеген жоқ, оны мінәжат орны ретінде пайдаланды. Тас мүсіндердің не себепті салынғандығы ғалымдар арасында түрлі пікірлер туғызған. Кейбір зерттеушілер мүсін түрік өлтірген адамдар бейнесі деген де дерексіз пікір айтты. Қазіргі таңда мамандардың көпшілігі тас мүсіндер ата-баба рухына арнап тұрғызылған ескерткіш деп есептейді.
Түріктердің антропоморфты мүсіндері VІ-ІХ ғасырларда Таулы Алтай, Тува, Тарбағатай, Жетісу, Ертіс өзенінің жоғарғы ағысы, Селенга өзенінің жоғарғы ағысы мен Орхон өңірлері енген Бірінші және Екінші Түрік қағанаттары, Ұйғыр қағанаты аумағынан көптеп кездеседі. Ескерткіштердің көпшілігі осы жерлерден анықталған (1000 шақты). Аталған аумақпен шекаралас аймақтардан да түрік тас мүсіндері ұшырасады. Тас мүсіндер кем дегенде шығыстан батысқа қарай 2500 км жерге дейінгі аумақта меридиан бағытында созылып жатыр. Бірінші Түрік қағанатының тарауы оның түрлі бөліктерінде тас мүсінді жасау өнерінің өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды. Шығыста бұл өнердің ірі орталығының бірі Орхон өзенінің бойында болды. Мұндағы қаған ставкасы Тань Қытайымен тығыз қарым-қатынастар орнатты, оны тарихи құжаттар нақты дәлелдейді. Тань ықпалы ежелгі түрік өнеріндегі иконографияға әсерін тигізген. Мұны Күлтегін скульптурасына қарағанда-ақ бірден байқауға болады, онда ежелгі түркілерге тән емес билеушінің буддалық келбеті аңғарылады. Сондай-ақ мүсін иконографиясында да ерекшеліктер кездеседі. Айталық, Жетісуда қолына тостаған немесе кубок емес, құс ұстаған мүсіндер, әйел адам мүсіндері кездеседі. Тостағанды ұстап тұрған қол саусақтарының мәнері, қастың қиылып салынуы, миндаль секілді көздердің үлкейтілуі соғды өнерінің ықпалымен болған стильдік белгілер болуы ықтимал.
Барлық мүсіндерді жасалуы, тұрпаты мен көлемі, белгілі бір атрибуттары бойынша екі топқа бөлуге болады: 1 топ – адамның беті немесе басы бейнеленген тастар, 2 топ – адам денесі берілген мүсіндер.
Бірінші топтағы адам бет-әлпеті мен басы бедерленген мүсіндер өте көп және де түріктер тіршілік еткен аймақтарға кеңінен таралған. Культтық орындардың қажетті атрибуты болған бұл мүсіндер ғибадаттық ескерткіштер үшін дәстүрлі болып табылады. Олар ежелгі түріктер мекендеген жерлердің барлығына таралуа алатын еді, алайда жер-жердегі шашыраңқы ескерткіштердің мерзімін дәл анықтау мүмкіншілігі шектеулі. Мұндай құлпытастар әдетте жалпақ плиталардан тұрғызылған тік бұрышты ғибадаттық қоршаулардың шығыс жағына орнатылады, беті шығысқа қаратылады, және де олардан оннан жүз метрге дейін жететін тастар қатары – балбалдар болады. Бет-жүзді көрсететін мүсіндер құмтастың жалпақ плитасынан жасалынады, биіктігі 1 м-ге дейін жетеді, аса өңделе қоймайды (құлпытастың беткі жағы, бұрыштары аздап тегістеледі).
Бірінші топтағы мүсіндерді екіге бөлуге болады: жалпақ немесе бет-әлпеті түсірілген өңделмеген тастар, аздап өңделген бас бейнеленген тас. Бірінші типтегі тастарға тек мұрын, көз бен ауыз түсіріледі, шеттері жоғары қайырылған немесе тік жасалған мұрттар да жиі ұшырасады. Әдетте сақалы жоқ. Құлағы жасалына қоймайды. Бүкіл бет-әлпет контуры сирек беріледі, әдетте жартылай дөңгелек немесе аздап қашалған төменгі сызықтарға (иегі, беті) ден қойылады. Егер бас сүйек толық жасалса, онда төбе құйқасында бас киімді білдіретін кертпек түсіріледі. Жетісудың бірнеше мүсіндерінің басынан Құдырге (Кудэргэ) ескерткішіндегі (Таулы Алтай) құдай ананың басындағысындай үш мүйізді бас киім ұшырасқан. Барлық бейнелер гравировка арқылы немесе төменгі рельеф бойынша түсіріледі. Екінші типтегі мүсіндерде кейде киімнің жоғарғы бөлігі тікбұрыш немесе кесінді түрінде беріледі. Иық тұсы, басындағы рельефті құлағы, бетінде мұрты бедерленуі мүмкін. Басы не болмаса дөңгелек кейпі – «қырылған», немесе бас киім секілді аздап кертпештелген. Мүсіндердің бірінші тобындағы екінші тип өз кезегінде екінші топтағы скульптуралы фигураларға жақын.
Екінші типтегі мүсіндер скульптуралы адам фигурасын бейнелейді, олар толығымен өнер туындылары болып та саналады. Қажетті атрибуты ыдыс (ыдыс орнына құс бейнеленген бірнеше мүсіндерден басқа) болып табылады. Олар үш түрге бөлінеді: бір қолында ыдыс ұстағандар, қолында құсы барлар, екі қолымен ыдыс ұстап тұрғандар. Мүсіндердің көпшілігі адам фигурасын белден жоғары қарай сипаттайды. Алайда кейбіреулері бүгілген аяғының тізесін алға беріп немесе аяғын айқастырып «түрікше» (молда соқынып) отырған форманы да береді. Бұлайша отырған фигуралар Моңғолия, Тува, Қазақстан, Жетісу өңірлерінен кездескен барлық ескерткіштерден табылған. Д.Г.Савинов пен С.Г.Кляшторный пікірінше, барлық ежелгі түрік мүсіндері отырған адамның фигурасын береді, өйткені белден төмен қарай скульптура аяқталынады да, тастың өңделмеген бөлігі жерге кіріп тұрады. Жердің бетінде тұрған мүсін отырған адам кейпін еске түсіреді, алайда бүгілген аяқ көп жағдайда беріле қоймайды. Сөйтіп, қолында кубок немесе құс ұстаған өлген адамның фигурасы жасалды, ол да әлі тірі әріптестерінің арасында берілген асқа қатысып жатқан секілді еді.
Екінші топтағы мүсіндерді дайындау үшін, басы мен иығын бөліп көрсету үшін дөңгелек скульптура техникасы пайдаланылды, оның төменгі және жоғарғы рельефі шығып тұрған бөлшектерді «фонның» айналасынан контурлы қашау техникасы немесе оймыштау арқылы түсіру (алып тастау) бойынша жүзеге асырылды. Скульптуралар құмтастан немесе граниттен дайындалды. Көпшілік скульптуралардың белінде белбеу көрсетілген. Скульптуралық мүсіндердің түрлері тек қана ыдыс бейнесі арқылы ғана емес, сондай-ақ көптеген стильдік белгілері бойынша да ерекшелінеді. Белбеу бөлшектері, қару-жарақ түрлері, ыдыс тұрпаты бойынша бұл ескерткіштердің мерзімдер анықталған.
Бірінші типтегі мүсіндер бүгілген оң не сол қолымен көкірек тұсында ыдыс ұстап тұрған ер адамдарды бедерлейді. Бейнеленген адамның жынысы әдетте мұрты мен сақалы бойынша анықталынады. Алайда бұл белгілер болмауы да мүмкін. Келесі қолы белбеу тұсында және де көпшілік жағдайда қару ұстап тұрады, бұл өз кезегінде бейнеленген тұлғаның әскери адам екендігін аңғартады. Барлық мүсіндердің жалпы биіктігі 1,2 м-ден 1,7 м-ге дейін жетеді, алайда олар жерден 0,7-1,5 м шығып тұрған. Мүсіндер ұзын тас блоктарынан дайындалған. Ең алдымен басы мен иығы жасалынды, мықыны кейде ғана көрсетілді.
Кейбір мүсіндердің шаштары көрсетілген. Алдыңғы жағынан толқынды шаштар тігінен екіге ажыратылып, артынан бұрым болып өрілген. Жетісудағы скульптураның бірінен бес не болмаса жеті бұрым анықталған. Бастапқыда олар тік, соңғы жағында толқынды шашпен аяқталынады. Аталмыш мүсіндерде киім бөлшектері де мұқият көрсетілген. Бұлар мұртты, кей жағдайда сақалды ер адамдар еді. Барлығы оң қолдарында тұғырлы кубок ұстап тұрады. Сол қолдарымен қайқы қылыш сабын ұстайды. Кейбіреулерінде бірінің астында бірі тұрған екі қылыш көрсетілген. Үшбұрышты жағалы және айқара ашылған шапан киген. Бір қызығы, дәл осындай түріктердің суреттері Самарқандтағы Афрасиаб қаласындағы фрескаларда кездеседі. Олардың да шаштары бес немесе жеті бұрымды. Киім-кешегі мен қару-жарақтары да (шапан, қос қылыш, т.б.) ұқсас. Бұл фрескаларда Жетісу түріктері сипатталынған деп топшылауға болады.
Тува мен Алтайдан алынған бірінші типке жататын көптеген ескерткіштерде дөңгелек бөрік секілді бас киім жасалса, Жетісу, Алтай мен Орталық Қазақстан түріктерінде биік тікбұрышты бас киім жасалған.
Бет әлпетінің бөліктері аласа рельефпен түсірілген, шетіне қарай кеңейе түсетін тік мұрны бір білік арқылы қастарымен қосылған. Қасы мен мұрыны көбінесе Т-тәрізді фигураны құрайды. Қастары доға тәріздес. Алайда кейде қайырылған қас та кездеседі (әсіресе Жетісуда).
Құлақтарына сырға бейнеленді, әсіресе жетісулық мүсіндерде бұл салт басым.
Киім бөлшектері әрқилы көрсетілген: әдетте камзолдың жоғарғы жағы дөңгеленіп, кейде үшбұрышталып келеді. Кейбір жағдайларда қысқа жең киім де салынған. Шапандардың жиектерін және бекітпесін сәндеп тұрған қайма да байқалып қалады. Жетісудағы мүсіндердегі мұндай шапандар Афрасиаб фрескаларында да нақты суреттелген.
Бірінші типке жататын мүсіндерде суреттелген ыдыстарды да бірнеше типке бөлуге болады.
Мүсіндерде VІІ-VІІІ ғасырларда түріктерде кеңінен таралған тек қана металл ыдыстар ғана емес, сонымен бірге ернеуі қайырылған, білік жапсырылған, тұғырлы қыш ыдыстар да салына беретін еді.
Ежелгі түрік тас мүсіндерінде әшекей-қапсырмалар тағылған кісе белдіктер мұқият салынды. Оған тағылған бірнеше бөліктері біршама бұйымдарды қолдануға мүмкіндік берді. Белдік көшпелі халықтарда кеңінен таралды. Ол көші-қон кезінде, күнделікті тұрмыста көшпенділер пайдаланған әмбебап құралдардың бірі болды. Ауқатты адамдар алтын қапсырмалы белдіктерді тағып жүрді. Қару-жарақтар (қылыш, семсер, қанжар, пышақ) мүсіннің сол жағына орнатылды.
Екінші типтегі мүсіндерге оң қолында ыдыс орнына құс ұстау тән. Сол қолы басқа мүсіндердегідей белбеуінде тұрады. Бұлар тек Жетісудан ғана кездескен. Мүсінде сақал-мұрты бедерленбесе де, олар ер адамның бейнесі болып табылады. Алтын-Емелдегі мүсіндердің бірінен «түрікше» отырған фигура табылған. Құстың бейнеленуінде бір мән болды. Құс қайтыс болған адамның жанын бейнелеуі мүмкін.
Мүсіндердің үшінші түрі екі қолымен ыдыс ұстап тұрған ер адамдар болып табылады. Мұндай типтегі әйел адамдар өте сирек ұшырасады. Мүсіндердің көпшілігі граниттен дайындалған. Бұл осы мүсіндерді жасаған адамдардың өте мықты шебер болғандығын, тас қашау өнерін жетік меңгергендігін көрсетеді, өйткені гранит құмтасқа қарағанда өте берік және оны қашау кез келген адамға оңайға түсе қоймайтын еді.
Жетісудағы кейбір мүсіндердегі киім – кең жеңді шапандар мен иыққа тастай салынған жеңсіз жамылғылар еді.
Үшінші типтегі мүсіндерде тұғырлы ыдыстар бейнеленді. Жетісу мүсіндерінде тағанды (аяқты) кубоктар кеңінен тарады. Зерттеушілердің барлығы мүсіндердегі ыдыстар алтыннан немесе күмістен жасалды, олар VІІІ-ІХ ғасырларда кеңінен таралған деген көзқарасты қолдайды.
Ескерткіштердің соңғы типінде әшекейлер тағылған белдіктер мұқият қашалып жасалған. Тік белбеу құрсауы мен ай тәрізді тоғалы, тілі қозғалғыш дөңгелек айылбасты белбеулер VІІ-VІІІ ғасырлармен мерзімделінеді. VІІІ-ІХ ғасырлардағы археологиялық ескерткіштерден шыққан лиро тәрізді алқалар да нысандар мерзімін нақтылауға мол септігін тигізеді. Анықталған мүсіндердің жартысының белінде қылыш, түйреуіш, пышақ тұрған, бұлар VІІІ-ІХ ғасырларға жататын артефактылар қатарына кіреді. ІХ-Х ғасырларға жататын қылыштар мен қайқы қанжарлар басым. Сайып келгенде, үшінші типтегі скульптуралардың біраз бөлігі негізінен Екінші қағанат тұсында жасалынған. Алайда осы уақыттарда басқа типтегі мүсіндер де тұрғызыла бергендігі анық.
Ежелгі түрік тас мүсіндері олардың қоршаған ортаға, дүниеге және жалпы әлемге деген түсінігін сақтаған болса керек.
Бірінші және екінші типтегі мүсіндер тас қоршаудың жанына орнатылды. Екі қолымен ыдыс ұстап тұрған мүсіндер арнайы жасалынған культтық құрылыстарда болды, мысалы, Моңғолиядағы Күлтегін кешені. Мұндай кешендер Екінші қағанат тұсындағы Моңғолияда (Унгет, Күлтегін), Тувада (Сарығ-Бұлұн) кездеседі, мұндай арнайы жасалған культтық алаңқайлар ортасына құрбандыққа арналған тас жәшік орнатылды. Айта кететін бір жайт, қарапайым ғибадат жасайтын қоршаулардың ортасынан да оттың орындары, күйген малдың сүйектері шығады. Қасына бөренелерден каркасты құрылыс тұрғызылады. Жанында басқа мүсіндер, арқа тұстарында руна жазуы, эпитафиялар жазылған құлпытастары бар ұңғылы тасбақа мен қойдың тас мүсіндері, тас-балбалдар қатары да болады. Тувада әлі күнге дейін тас мүсіндерге қатысты культтық таным-түсініктердің біртұтас циклы сақталған. Тас мүсіндер қайтыс болған адамды ғана емес, түпкі ата-бабаны, тіпті ең жоғарғы құдай Тәңір немесе Ұмайды бейнелейтін де шығар.
Бұл тұрғыдан алғанда Жетісу әйел адамдарының тас мүсіндері қызығушылық туғызады. Олардың кейбірі үш мүйізді бас киім киіп тұр. Осындай бас киім киген әйел адамның фигурасы VІ-ҮІІ ғасырлармен мерзімделінетін Алтайдағы Кудэргэ тасында бейнеленген. Әйел адам ортада сән-салтанатты киім киіп отыр (аяқтары «түрікше» айқастырылған), оның қасында тізесін бүгіп тұрған дулығалы ер адамдар мен аттар бейнелеген. Зерттеушілер ортадағы әйел адамның фигурасын Ұмай-Ана деп есептейді.
Жоғарыда сипатталған кешендер жергілікті жерлердегі дербес топтарды көрсетеді. Осы өңірдегі барлық құлпытастар беті шығысқа қаратылған.
Ескерткіштерді мерзімдеуде стакан тәрізді ыдыс суреттерінің маңызы зор. Бұл ыдыстар Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи-мәдени өңірлеріне көп тән емес. Мұндай ыдыстар Қазақстан аумағында ІХ-ХІ ғасырлармен, ал половцылық осындай ыдыстар Х-ХІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Қазақстан тас мүсіндерінің половецтердің мүсіндеріне ұқсас екендігін тарақтар да дәлелдейді.
Бас киімдерге де орала кеткен жөн. Себебі, Қазақстан аумағындағы скульптуралардан байқалған биік бас киімдер Моңғолияда кездеспейді, олар өз кезегінде ХІХ соңына дейін қазақ әйелдері киген кимешекті бірден еске түсіреді.
Орхон, Тува, Қазақстан мен Қырғызстан аумағын мекендеген ежелгі түріктердің (VІ-VІІІ ғасырлар) тайпалары арасында тұтас бір дәуір жатты. Әлбетте уақыт өте келе, ежелгі түріктердің ғұрыптары мен культтары өзгерістерге ұшырады, дегенмен басты идея ғұрыптарда, жосын-жоралғылар мен заттай мәдениетте сақталып қалды.
Ғасырлар бойы түрік тайпалары ата-баба құрметіне, күн мен оның шығысына арнап тас пұттар (идолдар) тұрғызды. Бұл культтардың іздері Шыңжаңнан, Моңғолиядан, Қазақстан мен Ресейдің оңтүстігінен табылған. Ата-бабаны еске түсіру алғашқыда тас қоршаулармен немесе тас қаландылармен тығыз байланысты болды. Дәл осындай қоршаулар мен тас қаландылары Қазақстаннан табылған. Жетісудағы Меркеден шаршы түріндегі немесе дөңгелек келген жүздеген қоршаулар анықталған. Сірә, тас идол атақты ата-бабаға арнап жасалған. Қатардағы қауым мүшелерін еске алып тұру үшін қоршаулар немесе обалар жеткілікті болған сияқты.
Әйел адамның культы қашан шықты және тастан оны қашап салу қай кезде пайда болды? Биік бас киім киген, қару-жарақсыз, тек қолында ыдысы бар әйелдерді тасқа қашап салу қыпшақтармен бірге келген. Жер-Ана, Ұмай құдай культы ежелгі түрік мәтіндерінде әлденеше рет айтылып отырады, ол Орталық Азиядағы ілкіден келе жатқан ежелгі культтардың бірі болып табылады.
Салттың өте көне екендігі анық. Ежелгі түріктердің мифологиясындағы әйел бейнесі оның жекелеген элементтерінің ұзақ уақыт сақталуына әсер еткендігін мамандар айтып та жүр. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан жосын-жоралғылардың кейбір бөлшектері сақталғандығын этнографиялық мәліметтер де айғақтайды. Мәселен, ХІХ ғасыр бас кезіндегі Орта жүз қазақтары (құрамында қыпшақтар да болған) құрбандық шалған кезде қайтыс болған адамды еске алып жылаған. Олар қолдан қуыршақ жасап, оған қайтыс болған адамның киімдерін кигізіп, соған қарап тұрып еске алған. Молаға олар тас пен топырақтан пирамидалар тұрғызып, онда құрбандықтарын қалдырып кеткен.
Ежелгі түрік мінәжат орындарынан ата-бабаға деген құрмет, құдайларға деген ілтипат тереңінен байқалады. Оларда жүзеге асырылған ғұрыптық кешендер кейіннен көптеген түркі халықтарының рухани мәдениетінде көрініс тапты.
Түріктер арасында пайда болған тәңіршілдіктің бастаулары алғашқы қауымдық құрылысқа барып тіреледі. «Тәңірі» аталымы кем дегенде хуннулар өмір сүрген замандарда басталғандығы анық. Мұны хунну билеушілерінің «тәңірқұт» деп аталуы да көрсетеді. Араб географы әл-Мақдиси түріктер «Тәңірі» атауымен аспани көк түсті, кейде Көктің өзін түсінеді деп хабарлайды. Ал энциклопедист түрік ғалымы М.Қашқари болса, «Тәңірі» сөзін алдымен, құдай, бұдан кейін, көк, содан соң, ұлы мағынасында сипаттап берген.
Моңғол, алтай-саяндық халықтарда тәңіршілдіктің политеистік сипаты басым, ал көптеген түрік тілді халықтарда көптәңірлік сарын әлсіз болды. Тәңірді олар жоғарғы құдай ретінде түсінді. Әрбір заттың киесі бар деп ұқты. Әдетте Тәңір есебінде қарастырылып жүрген Жер-Су иесін, Ай мен Күнді, Шолпан жұлдызды, Ұмайды түріктер қасиетті, киелі деп түсінген, кейбірін (аспан денелерін) Тәңірдің өкілі деп қабылдаған. Бұл көшпелі тұрмыс салтынан да туындаса керек. Аспан денелерін шаруашылықта пайдалану, яғни соларға қарап жыл мезгілдері мен табиғатты түсіну, көші-қон жолдарында бағдар алу, т.б. көшпелілер арасында тәңіршілдіктің ұзақ уақыт үстем болуына алып келген сияқты.
Түрік халықтарындағы тәңіршілдік монотеистік діни жүйе деңгейінде болды. Оның қадір-қасиетін, ұлылығын ақылмен танып-білуге ұмтылған ежелгі түріктер өз дүниетанымдары шеңберінде бүкіл әлемді ұғынып, оны ұлықтайтын ескерткіштер тұрғызды. Бұл ата-баба әруағы мен аспан әлемін біртұтас қарастыратын тас мүсіндерде де көрініс тапты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   97   98   99   100   101   102   103   104   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет