Баянауыл орталығы Баянауыл тауларының айналасында орналасқан.
Айтылып отырған ауданның ең ірі нысаны Бозшакөл мысты-порфирлі кен орны болып табылады. Өз қоры бойынша ол Қазақстандағы Жезқазған мен Қоңыраттан кейін үшінші орынды иемденеді деп саналады. Геологтардың айтуына қарағанда, Бозшакөлде кен өндірудің ісінің ежелгі іздері көптеп байқалады. Одан басқа көне кәсіпкершілік нысандарының қатарына Ескіжұрт (Спасское), Тезекбайсор, Анненское, Александровское, Сарыадыр, Қазанауызды жатқызуға болады. Олардың әрбірінде бұрынғы кездегі игеру жұмыстарының іздері сақталған, бірақ дәл уақытын анықтау әзірге мүмкін болмай отыр.
Баянауыл ТКМО-ндағы кен орынды игерудің басталғандығын жанама түрде болса да айғақтайтын қола дәуірінің зерттелген жалғыз ескерткіші көне металлургтердің қонысы Тағыбайбұлақ болып табылады. Қоныс кейінгі қола дәуірімен мерзімделінеді.
Успенск-Қарқаралы орталығы Сарыарқаның қақ ортасында, батыста Сарысу өзенінен шығыста Шыңғыс тауларының ең шеткі тарамдарына дейінгі ұсақ шоқылардың ең биік бөлігін алып жатыр. Успенск-Қарқаралы орталығындағы ең ежелгі кен орындары қатарына жататыны – Успенск. Онда Қ.И.Сатпаевтың есептеуінше, ежелгі замандарда 200000 тонна кентас алынған. Успенск кен орнындағы тотыққан кентастардағы мыс үлесі 16%.
Ал Ольгинское-Алмалы және Алмалы-Ақбиік кен орындарын қамтитын Алмалы кентас алқабынан тереңдігі 8-10 м-ге жететін 18 және 17 көне кен шығарылған орындар анықталған.
Бесшоқы полиметалл кен орнынан алғаш рет күміс, мыс және қорғасын кентастары бар ежелгі үйінділер табылған.
Успенск-Қарқаралы ТКМО-ндағы маңызды көне кен орындарының қатарына өткен ғасырдың орта тұсында ашылған Қызылтас тауындағы Самомбет пен Берқара полиметалл кен орындарын жатқызуға болады. Олар басқаларына қарағанда Қазақстан қола дәуірі ескерткіштеріндегі металдан жасалған жарқын бұйымдар сериясы белгілі болған Қарқаралы қоныстары мен Кент қонысына жақын орналасқан.
Қарағанды қаласынан шығысқа қарай 70 км жерде Алтынтөбе ежелгі кен орны бар. Кен орны ауданынан бай металл жабдық-саймандары бар қола дәуірінің жерлеу орындары анықталған. Қоспа-бөлшектерге қарағанда табылған бұйымдардың химиялық құрамы кен орнынан алынған кентастар құрамына ұқсас. Бұйымдар мен кентастар құрамы өте бірегей екендігі анықталды, сол себепті зерттеушілер оларды мыстың жеке химиялық тобына бөлді. Оған қорғасын мен висмуттың мол құрамда болуы, күшәла мен сүрменің аздығы, никельдің төмен болуы мен алтынның жоқтығы тән.
Успенск-Қарқаралы ТКМО аумағынан мыс пен қола балқытқан өндіріс орталықтары көптеп табылып, зерттелген. Металлургиялық өндіріс іздері Энтузиаст, Усть-Кенетай, Сораңғы, Зеленая Балка, Жосалы, Қомыттың-Қарашоқысы, Қарқаралы-1-2, Упаис, Мырзашоқы, Суықбұлақ, Ақ-кезең, Шортандыбұлақ, Бұғылы-1, т.б. қоныстардан байқалған. Олардың көпшілігі кейінгі қола дәуірінің ақырғы кезіне жатады.
Жезқазған-Ұлытау орталығы Қазақстан ТКМО-ң батысында орналасқан. Оның аумағына Ұлытау, Арғанаты таулары мен оларға шығыстан қосылып жатқан ұсақ шоқы массивтері кіреді. Дәл осы жерде, дәлірек айтқанда Ұлытау тауларынан оңтүстік-шығысқа қарай 60-70 км жерде әлемдегі ірі мыс кен орны Жезқазған орналасқан. Оның кенді алқабының ауданы 100 шаршы км шамасында. Жезқазған кен орнынан кентас алу қола дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырларға дейін жалғасқандығы анықталған. Осы уақыттардың ішінде Жезқазған қойнауынан миллион тоннадан астам кентас алынған, ондағы мыс 10 мың тоннадан кем емес.
Петро қыратындағы кен алынған орын ең ежелгі уақытқа жататындығы анықталған.
Жезқазған қойнауынан алынған кентастарды қорыту сол жерде жүзеге асқан. Оның телімдерінен қола дәуірінің көптеген қоныстары анықталған, олардың арасындағы ең ірілері – Кресто-Воздвиженское (Кресто), Милықұдық, Айнакөл, Сорқұдық, Златоуст. Жезқазған төңірегінендегі Тасқұдықтан, Ақшиден, Құлманнан да кентастар алынып, өңделген. Қоныстардың материалдары (қыш құмыра, тастан жасалған еңбек құралдары, т.б.) ежелгі кен орындарынан алынған материалдармен ұқсас, және де олардың арасында байланыс болғандығына ешқандай шүбә жоқ.
Металлургиялық өндірістің қалдықтары Ұлытаудағы өзімен аттас қоныстан да алынған. Мұнда кентастар мен күл-қалдықтан (шлак) басқа ежелгі металлургтардың ұсақ және ірі құмтастардан жасалған балға, келсап, үгіткіш секілді еңбек құралдары да көптеп табылған.
Ұлытау қонысынан 5-10 км жерде құрамында қалайы бар шашыранды тобы анықталған. Бұл топқа Нөгербекдарасы, Қызылтасдарасы мен Айбасдарасы кіреді. Олардағы каситерит құрамы мейлінше жоғары – 1000-2000 г/м (куб).
Мұнда қола дәуірінің Талдысай қонысы зерттеліп жатыр. Оның алғашқы нәтижелері қоныстағы металлургиялық өндіріс қалдықтарын анықтап отыр. Қазба барысында металл қорытатын пеш орындары, шеберхана бөліктері, сан алуан еңбек құралдары алынған.
Солтүстік Бетпақдала орталығы Бетпақдала шөлінің солтүстік бөлігі мен Қазақ ұсақ шоқысының оңтүстік-батыс шетін қамтиды.
Солтүстік Бетпақдала ТКМО-ның негізгі кен базасына Кенқазған, Ефимовское мен Мыйқайнар кіреді. Кенқазған карьері бүгінгі күні Қазақстандағы сақталып қалған ежелгі кен орындарының бірі болып табылады. Оның өлшемдерін қазіргі уақыттардағы өндірістермен салыстыруға болады: карьердің ұзындығы 500 м-ге, ені 80-100 м-ге, тереңдігі 5-10 м-ге дейін жетеді. Ежелгі тау-кен ісінің көлемі 570000 м кубқа жеткендігі есептелген. Жалпы алғанда, одан 300000 м куб кентас алынған, ол шамамен 80000 тонна мысқа тең.
Аталған үш орыннан кен көздерін алып, өңдеудің басталған кезі кейінгі қола дәуіріне жатуы әбден ықтимал.
Жоғарыда аталған үш кен орнынан алынған кентас қоныстан солтүстік-шығысқа қарай 100 км жердегі Атасу ықшам ауданына қорыту үшін жіберілген деп есептелінеді. Бұл ықшам аудандағы қоныстар қатарына кеуіп кеткен Атасу өзенінің орта ағысындағы Атасу-1, Мыржық, Атасу-2 (Ақ-Мұстафа) мен Ақмая секілді ескерткіштер кіреді. Олар басқа ескерткіштерден мыс қорыту өндірісі бойынша дараланады.
Атасу қоныстарынан оңтүстікке қарай 120 км жердегі және Кенқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 100 км орналасқан Оңтүстік Болаттау кен орны да қызығушылық туғызады. Ерте кездері Оңтүстік Болаттаудан кен өндірілгендігін табылған тау-кен ісінің тас құралдары да растайды, олар карьер шетінде және түбінде көптеп шашылып жатыр. Бұлар негізінен түрлі көлемдегі балғалар, қайлалар, кен уатқыштар еді.
Балқаш орталығы Солтүстік Балқаш төңірегін қамтиды. Мұнда өз көлемділігі бойынша Қоңырат пен Саяқ секілді кен орындары белгілі. Олар өз қоры бойынша Қазақстандағы ірі мысты-кенді орындар болып табылады. Қоңырат кен орны Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 17 км жерде. Мыс тау деген атпен Қоңырат жергілікті халыққа ежелгі уақыттан белгілі болды. Тек шығарылған үйінділерінде ғана 225 мың тонна тотыққан мыс кентастары болғандығы анықталған.
Шамамен Қоңыраттан шығысқа қарай 200 км жерде кен орындарының Саяқ тобы (Саяқ-1-5, Тастау, Молдыбай, Берқара желі, Орталық Жамбас) орналасқан.
Саяқ тобына енетін кен орындарында ежелгі қазылған кен көздері бірнеше жүзге жетеді. Қазылған жердің орындары жайылып кеткен шұңқыр сияқты немесе кен денелерімен бірге 90-100 м-ге созылған тар саңылау секілді карьерлер болып табылады. Алынған кентас осы жерде балқытылды. Айналадағы төбешіктердің барлығынан металлургиялық қалдық күл көптеп кездеседі. Әлбетте, ежелгі замандарда бұл жердің табиғаты өзгеше болғандығы анық, ал оның шөлге айналуы көне металлургтер қызметінің әсерінен де болған сыңайы бар.
Отын туралы сөз қозғаған кезде Саяқтан оңтүстікке қарай 100 км жерден геологтар тапқан қызықты олжа туралы баяндап кетуге болады. Мұнда Қаратал өзеннің төменгі ағысындағы қалың тоғай арасынан металлургиялық қалдық күлдер мен тотыққан мыс кентастарының кесектері табылған. Құрамы бойынша олар саяқтық кентастарға қатты ұқсас. Сірә, Саяқ кентастары, сонымен қатар басқа да шөлді аймақтардағы кен орындарынан алынған кентастар басқа да алыс өңірлерге тасымалданған сияқты. Оның себебі, ежелгі металлургтарға кентасты қорыту үшін жеткілікті дәрежеде су мен отын қажет еді. Демек, Қаратал ағаштары Саяқта кентас балқытқан ежелгі металлургтар үшін отын көзі болған сияқты. Қалай болғанда да, оған жақын отын көзі жуық маңнан байқала қоймайды.
Сөйтіп, Қазақстан ТКМО-дағы кен орындарын пайдалана бастау, жоғарыдағы мәліметтерге қарағанда кемінде б.з.б. ХҮІІ-ХҮ ғасырларда басталған сияқты. Бұл хронологиялық шектің әлі де келешектегі ғылыми ізденістер нәтижесінде көнелене түсетіндігі анық.
Қазіргі уақыттарда геологтар кен көздерінің қорын, соның ішінде өңделгендерінің санын асқан дәлдікпен есептеп шығарған. Қазақстан металлогениясы бойынша ірі мамандардың бірі академик Г.Н.Щерба барлық мәліметтерді мұқият талдаудан өткізе келіп, кең түрде өндірістік қазба жұмыстары басталған ХІХ ғасыр ортасына дейін кен орындарынан кем дегенде 450 мың тонна мыс алынған деп есептеп шығарған. Егер балқытуға құрамында орта есеппен шамамен 5% кентас алынған десек, онда алынған кентастың жалпы көлемі 10 млн. тоннаны құрайды. Кенді Алтайда, Мұғалжар, Шығыс Қазақстан мен Жетісудағы ірі кен орындарын есепке алмағанда, Орталық және Солтүстік Қазақстан кен орындарына алынған кентастың 80%, яғни 8 млн. тоннадан астам өнім тиесілі болған. Бұл сан Қазақстан ТКМО-ндағы жекелеген кен орындарының мәліметтеріне сәйкес келеді.