Қазақстан моңғол империясының құрамында. Қазақстан аумағы үш моңғол ұлысының құрамына енді: оның дені (далалық жағы) – Жошы ұлысына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Казақстан – Шағатай ұлысына, Солтүстік-Шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді. Жошының еншілігі Ертістің батысынан Жетісудің теріскейін қамтып, Дешті-Кыпшақтың бүкіл шығысын Төменгі Еділ бойына дейін алып жатты. Шағатай ұлысы жоғарыда айтылған жерлер үстіне Шығыс Түркістан мен Мауераннахрды қосып алды, Үгедей – Батыс Моңғолия мен Жоғарғы Ертіс, Тарбағатай аудандарын биледі.
Шыңғыс әулеті өз ұлыстарын тәуелсіз иеліктерге айналдыруға тырысты. 1227 жылы Шыңғысхан дүние салғаннан кейін, бұл ұмтылыс күшейе түседі де, империя бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге бөлініп кетеді.
Шағатай ұлысында, ең алдымен Жетісу аумағында билікке үміткер Шағатай мен Үгедей ұрпақтары арасында толассыз соғыстар болып тұрды. Өзара қырқыстарға Шыңғыс тұқымдарының бірін қолдаған көшпелі феодалдардың топтары да қатысты.
ХІҮ ғасырдың бірінші жартысындағы Хайду мирасқорлары арасындағы өзара қырқыстар Жетісуға экономикалық зардаптар алып келді. Бұл жөнінде Махмұд ибн Уәли өз шығармасында толымды түрде көрсетіп кеткен.
Бұл процесс одан бұрын басталған болатын. Моңғол шапқыншылығы қалалық мәдениетті қиратпағанымен, оған біршама ауыртпалықтар әкелді. Орасан зор армияның өңір жерімен жүріп өтуі егіншілік алқаптардың гүлденіп тұра беруіне кері әсерін тигізді.
Жошы қайтыс болғаннан кейін (1225 жылы) оның орнын ұлы Бату (Батый) басады. Ол Дешті-Қыпшақ пен Еділ бұлғарларының жеріне, одан әрі Батыс елдеріне жаулау жорығын жасайды. Орыстың аса ірі кінәздіктері талқандалып, Польша, Венгрия, Чехияны және басқа елдерді талап, құлазытады. Жеті жылдық жорық нәтижесінде (1236-1242) Батыйдың қоластына Еділдің батысынан Дунайдың төменгі жағына дейінгі жерлер қарайды, әрине оның ішінде Қырым, Солтүстік Кавказ бен Батыс қыпшақ (половцылар) даласы да кіреді. Еділдің төменгі бойына қайта оралған Бату бұл арада жаңа мемлекеттің негізін салады, ол кейінірек Алтын Орда деп аталады. Оған Жошы ұлысының аумағы Шығыс Дешті-Қыпшақ, Хорезм мен Батыс Сібірдің бір бөлігі, сол сияқты жаңадан жаулап алынған жерлер кіреді.
Батухан негізін салған мемлекет шығыс деректерінде Жошы ұлысы, сол сияқты Жошы ұрпағы хандарының атымен (Бату ұлысы, Берке ұлысы, т. б.) деп аталады. Ұлыстың астанасы Сарай-Бату (Астраханға жақын жерде), кейінірек Сарай-Берке қалалары болған.
Алтын Орда көп ұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол қоғамдық-экономикалық дамуының деңгейі жағынан бір-бірінен айырмашылығы үлкен, өзіндік мәдениеті мен әдет-ғұрыптары бар әралуан халықтар мен тайпалардан құралды. Дешті-Қыпшақ даласындағы көшпелілердің басым көпшілігі ең әуелі қыпшақтар, сосын барып қаңлылар, қарлұқтар, наймандар, т.б. болған еді. Алтын Орданың отырықшы облыстарында бұлғарлар мен мордвалар, орыстар мен гректер, шеркестер мен хорезмдіктер, т. б. тұратын. Ордадағы моңғолдардың өздері тіпті аз еді, ал XIII ғасыр соңында және XIV ғасырды моңғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді.
Алтын Орданың мемлекеттік құрылымы тұтас алғанда Шыңғысхан енгізген үлгінің ізімен жүрді. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандардың меншігі саналды. Аса маңызды мемлекеттік мәселерді шешу үшін билеуші әулет мүшелері бастаған ақсүйектердің жалпы жиналысы-құрылтай шақырылды.
Моңғол шапқыншылығы мен оның өктемдігі Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қалыптасқан шаруашылығы дамуының экономикалық негізін қиратып, осынау аудандардың бірігу процестерін баяулатты, олардың өзара шаруашылық, этникалық, мәдени жағынан бір-біріне және төңірегіндегі далаға әсер етіп, араласып-құраласып кетуіне кері әсерін тигізді. Бағындырылған елдердің көшпелі және жартылай көшпелі жұрты Шыңғыс әулетінің ұлыстарына енеді, сөйтіп ондық, жүздік, мындықтарға және басқаларға бөлінеді жөне бұл істе жергілікті халықтың рулық-тайпалық құрылымы қатты ескеріледі, бұл әрине оның жаңа орынға ұзақ уақыт тұрақтап бекіп қалуын қамтамасыз ететін манызды фактор болатын.
Моңғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге, кейбір жағымды жақтары да болғандығы белгілі. Моңғол үкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасайды, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметінің тұтас жүйесін енгізеді. Бұрын алыс қиянда жатқан халықтар арасында сауда және мәдени байланыстар орнатылады. Ұлыстар аумағымен сауда керуендері, елшілік миссиялары ағылып жатады, саяхатшылар ит арқасы-қияндағы өлкелерге сапар шегіп, Еуропаға Азияның бұрын құлақ естіп, көз көрмеген елдері мен халықтары туралы мәліметтер жеткізеді. Әмір Темірдің ірі үш жорығынан кейін (1389, 1391 және 1395 жылдары) Алтын Орда күйрейді. Алтын Ордағы жорығы кезінде Әмір Темір әскерлері Қазақстан, Кавказ, Оңтүстік Русь тұрғындарын аяусыз тонады. Батыс Қазақстандағы, Еділ мен Қырымдағы Алтын Орданың бірқатар ірі қалалары қиратылды.