Моғолстанмемлекеті. Моғолстан мемлекеті ХІҮ ғасыр ортасында Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс аумағында қалыптасты. Оған Орта Азия солтүстік-шығысы, Жетісу мен Шығыс Түркістан аумақтары кірді.
Моғолстанда аса ірі дулаттар тайпасының әмірі Болатшы бастаған феодалдық тектілер 1347-1348 жылдары жаңа мемлекеттің хан тағына Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді отырғызады, ол Моғолстан билеушілері әулетінің негізін салады.
«Моғолстан» тарихи-географиялық термині «моғол» атауынан шыққан. «Моңғол» есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындыларда «моғол» деп айтылып, жазылатын болған. Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның, Қырғызстанмен Шығыс Түркістанның теріскей бөлігіндегі орасан мол аймақты Шағатай ұлысының кезінде де тап осылай деп атайтын, өйткені отырықшы-егінші Мауераннахрға қарағанда, мұнда көшпелілердің салт-дәстүрі берік сақталғанды және бұл араға ауып келген моңғолдар саны басқа аудандардан гөрі көбірек болатын.
Моғолстан мемлекетінің шекаралары ол өмір сүрген кездері үнемі өзгеріп тұрды. Олар батыстағы Ташкент пен Түркістан уәлаяттарынан шығыстағы Баркөл мен Хами қаласына шейін, солтүстікте Балқаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңтүстіктегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатқан «7-8 айлық жол» еді.
Моғолстан халқының құрамында түрік (дулаттар, қаңлылар (бекшіктер), керейіттер (керейлер), үйсіндер және т.б.) және түріктенген моңғол тайпалары бар болатын, олар «моғолдар» атты түрік тілді этникалық-саяси қауымдастықты құрайтын. Мемлекеттің өзегін ұзақ уақыт дулаттар құрады. Дулат әмірлері Моғолстан хандарынан «он екі артықшылықтар» алған.
Моғолстанның саяси тарихында феодалдық соғыстар мен ішкі қырқыс, көрші мемлекеттер тарапынан жасаған шапқыншылықтарды тойтару жағы өте көп болған. Әсіресе Темірдің шапқыншылығынан жиі қорғануға тура келді.
Темір жаулаушылығына қарсы жүргізілген қанды күресте әл-дәрменнен айрылған Моғолстан еншіліктерге бөлініп кетеді. Елдің шығыс шебіне ойраттар шабуыл жасауды жиілетеді (моңғолдардың батыс бөлігі; Орта Азия деректерінде «қалмақ» деп аталады). Уәйс-хан (арада үзілісі бар 1418-1428 жылдары ел билеген) олармен сан рет шайқасады. Ол өз ордасын Тұрфаннан Жетісудағы Ілебалық деген жерге көшіруге мәжбүр болады.
Уәйіс-ханнан соң күн өткен сайын Моғолстаннан азып-тозу белгілері көріне бастайды. Ішкі күрес-тартыста дулат бастаған ақсүйектер тобы жеңіске жетеді де, олар Уәйіс-ханның ұлы Есенбүғыны (1433-1462) қолдайды. Есенбұғы тұсында, ХҮ ғасырдың 50-60 жылдары Шығыс Дешті Қыпшақтан Жетісуға қазақтың Жәнібек пен Керей бастаған қалың бір бөлегі көшіп келеді. Сөйтіп, уақыт өте келе Моғолстан жері Қазақ хандығының алтын бесігіне айналды. Осында тұрақтаған олар Әбілхайыр хандығынан келген ру-тайпаларды қабылдап, кейіннен жеке мемлекет құрады.
Ал, Моғолстан иеліктер үшін үнемі болып тұрған соғыстар салдарынан келесі ғасырда толық күйреді. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары біршама уақыттардан соң Қазақ хандығының құрамына енеді.