Конец формы
Асық ойыны

Асық ойыны – қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Аталмыш ойын әсіресе балалар арасында кең тараған. Оларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылықа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі. Тіліміздегі, қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой немесе асығы алшысынан түсті.., бүге-шігесіне дейін анықтау… т.б. тіркестер тегін айтылмаса керек. Сондай-ақ қазақтар жақсы көрген жасты: алтын асықтайнемесе киіктің асығындай шымыр деп атайтын үрдіс бар. Мұндай фразеологизмдер асықтың айырықша символдық мәніне қатысты қалыптасқаны анық.
Асықтың түрлері:
Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда:
Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады.
Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар.
Шүкейт – жас малдың асығы.
Қойлық – қойдың асығы.
Ешкімек – ешкінің асығы.
Құлжа – құлжаның асығы.
Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық.
Топай – сиырдың асығы.
Жабай – ірі асықты айтады.
Қолқар – арқардың асығы

Асықтың атаулары:
Алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы.
Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы.
Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі.
Шіге – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі.
Омпы – асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы.
Шоңқай – асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуі.
Асық ойыны барысында қолданылатын құралдар мен әдістер
Көн киіз — асықтың «тақта» ойыны барысында қолданатын жұқа әрі икемді асық атуға, қаржуға қолайлы құрал. Бұл асық ойынының түрлеріне байланысты 50Х50, 80Х80, 100Х100 см көлемінде болады. Көн киіздің дөңгелек шеңбер түрінде қолдануға болады. Ондай жағдайда көн киіздің диаметрі 50, 80, 100 см. Көн киіздің жиегін жіңішке ұлттық нақышты оюлармен көмкерген дұрыс.
Тақта — көн киіз шағын тақтаның үстіне орналасады. Тақта дөңгелек немесе 4-6 қырлы болады. Ойыншылардың қимылына кедергі келтіретіндей үлкен болмауы шарт. Тақта ойыншылардың қалауына немесе ұйымдастырушылардың ұсынысына қарай отырып болмаса түрегеп тұрып ойын жүргізуге қолайлы болу керек.
Асық иіру – ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.
Асық иірудің әдісі — ойыншы асықты жай шашып тастамайды аса ептілікпен иіреді. Асықты қос қолдап немесе бір қолмен иіріп тастайды. Қолды төңкеріп немесе көн киіздің ортасын көздеп шиырлата иірген асық дұрыс орындалған болып есептеледі. Егер ойыншы асықты дұрыс иірмесе төреші тарапынан ескерту алады. Ескертуді қатарынан үш рет алған жағдайда асықты келесі ойыншыға ауыстырады.
Асық ату – бұл асық ойынының ең бір ептілікті қажет ететін тұсы. Ойыншы қажетті асықты атқанда екі қолдың он саусағының кез-келгенін пайдаланады. Бірақ ату кезінде саусақты сүйретіп немесе жай түртіп атуға болмайды. Бұлай істеген жағдайда асық келесі ойыншыға ауысады.
Асық атудың әдісі – ойыншы көндегі асықтың орналасуына қарай асықтарды атады. Асықты атуға ыңғайлы саусақ бүгіліп, екінші бір саусақтың тіреуінен шертіліп барып асыққа тигені дұрыс.
Асық атау барысындағы қозғалыс есебі – ойыншылардың жас айырмашылығына қарай асық атау кезіндегі қозғалыс есебі үлкен рөл атқарады. Мысалы, «тақта» ойыны барысында ойыншы тақтаны айналып жүріп қажетті асықты атуға болады. Немесе өзінің отырған орнынан қозғалмай-ақ ойынды жалғастыруға болады. Бұл жағдай ойыншылардың шеберлігіне байланысты ойынның алдында төрешілер тарапынан белгіленіп беріледі.
Қаралық – ойыншы асық ойыны ережесіне сай келмейтін іс-әрекеттерді қолданғанды айтады. Бұл төрешілер тарапынан ескерту беру арқылы жөнге келтіріледі.
Шеңбер – бұл асықтың «алаң» ойыны кезінде көп қолданады. Ойыншылардың сыртқы түзілім шегі.
Су – ойыншылардың алаңға тігілген асықты ату кезіндегі бағыты. Ойынның түріне қарай 1, 2, 3, 4 бағытта болады.
Сөре – асық тігілген кіші шеңбер. Онда ойыншылар көнге салған асықтар орналасады.
Қарақшы – алтын сақа орналасқан нүкте.
Кезек – асық ойыншылардың ойынға кіру реті.
Кезекті анықтау – кезекті төрешілер анықтайды. Ойыншыларға асық иірту арқылы немесе жеребе бойынша кезек тоқтатады. Мысалы «тақта» ойынына 4 ойыншы қатысатын болса төреші ойыншылардың көнге тастайтын асықтарын (4-5 асық) иіртіп кімнің асығы көп алшы түседі, соған қарай кезек тоқтатады.
Қаржу (қаршу) әдісі – асықты жоғары серпіп тастап, сол аралықта көндегі асықты іліп алып, жоғары серпілген асықты жерге түсірмей қаржып алу арқылы атқарылады. Асықтың санына немесе түріне қатысты қаржыйды.
Шеңбер сыртында тұрып асық лақтыру – белгіленген орында тұрған сақаны атып алу үшін ойыншы қолындағы асығын дәлдеп лақтыруды айтады. Ойыншы асықты оң немесе сол қолының бас бармағы мен сұқ саусағына қысып ұстап, сақаны дәлдеп лақтырады.

Асық ойын түрлері
Асық ойынының түрлері өте көп. Ол әр өлкеде әртүрлі атауларға ие және ойнау әдіс-тәсілдері де өзгеше. Сөйте тұра аталмыш ойын түрі осы барлық ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған. Осының барлығын салыстыра отырып аталмыш ойын түрін – «үй ішілік» және «далалық» деп екіге бөліп жіктеуге болады. «Үй ішілік» — ойын түрі қазіргі заманауи жағдайға икемделіп – «тақта ойыны» деп аталса, ал, «далалық» түрі – «алаң ойыны» делініп жүр.
Асық ойынының «тақталық» түріне:
— «Хан» немесе «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату»;
— «Құмар»;
— «Қақпақыл»;
— «Қаржу» немесе «Қаржымақ»;
— «Сасыр»;
— «Төрт асық»;
— «Бес тас»;
— «Бес асық»;
— «Иірмекіл» т.б. жатады.
Асық ойынының «алаңдағы» түріне:
— «Арқаласпақ»;
— «Алты атар»;
— «Омпа»;
— «Кетсін бір»;
— «Шыр»;
— «Бәйге»;
— «Алшы»;
— «Бес табан»;
— «Көтеріспек (Атбақыл)» т.б. жатады.
****
Жоғарыда атап өткеніміздей асық ойындарының түрлері көп. Оның бәрін тізбелеп шығу мүмкін болмағандықтан, жалпыға ортақ кейбір ойын түрін атап өтсек:
Бес табан. Ойыншылар тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей (баспай) ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты атып шеңберден шығарса сол ұтады.
Асық қаршу (бестас). Екі одан да көп бала ойнайды. Қаршуға ықшам асықтар таңдап алынады. Ойыншылар асықтарын иіріп кімнің асығы көп алшы түссе сол ойынды бастайды. Бес асықты жерге тастап, бірін жоғары лақтырып, жердегі асықтың бірін іліп алып, жоғарыдағы асықты қағып үлгереді. Осылай бір-бірден, одан кейін екі-екіден, соңында жердегі төрт асықты бірдей сыпырып алу керек. Келесі кезекте «көпірден өткізу» түріне ауысады. Соңында асықтарды қолдың сыртымен қағып, қол сыртына түскен асықтарды қаршиды. Осылай күрделенген түрде жалғаса береді.
Асық ату (хан ату). Ойынға бірнеше адам қатысады. Әрбір ойыншылар кезекпен қолдағы асықтарды сырмақ үстіне шашады. Арнайы белгілеген асықпан (сақамен) қалған асықтарды шертеп атады. Басты шарты ұқсас асықтарды ғана атады. Басқа асықтарға тигізбей атып алынған асық, ұпай ретінде олжаланады. Ойын осылай жалғаса береді…
Достарыңызбен бөлісу: |