Бір атанға жүк боларлық осы бір тақырыпты қаузамас бұрын аздап жүрексінгенімізді де
жасырмаймыз. Қолға алған тақырыпты жан-жақты талдап, шамамыз жеткенше түсіндіре білуге
тырыстық. Кітапты жазу барысында алдыменен «Ислам дінімізде жалпы болмыстың құқы бар
ма?», «Бар болса адам құқы қаншалықты?», «Адам баласы əлсіз жаратылыс ретінде өзін-өзі
қалай ұстауы керек?», «Аллаһтың əрдайым қамқорлығына мұқтаж адам баласына өзгелердің
арын аяққа таптау жараса ма?» деген сұрақтарға жауап іздедік. Қасиетті Құран аяттары мен
пайғамбар
(саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)
хадистерін ақтара отырып мұның жауабын таптық та. Барынша
аят-хадиспен көкейдегі сауалдарға жауап беруге тырыстық. Аят-хадистің мəнін аша түсу үшін
бірқатар діни қиссаларды да кірістірдік. Сонау жыраулар заманындағы қазақ қоғамына көз
жүгіртіп, ата-бабамыздың адам арын қаншалықты қадірлегенін көріп, ұрпаққа сабақ қылу
мақсатында жыр-дастандарынан үзінді де келтірдік. Кісі ақысы сырттай қарағанда кішкене ғана
тақырып болғанымен, адамның ақыреті үшін үлкен маңызы барын ескеріп, тақырыпты барынша
талдай түстік. Арғы дүниеде Аллаһ тағала ақысы кеткен кісі мен ақы жеген адамның ісіне
араласпай өздерін оңаша қалдырады дегенді ескеріп, сөз негізін бұл дүниеде кісі ақысына
барынша сақ болу керек дегенге келтірдік. Осы істің барысында елге, Исламның өркендеуіне
титтей де үлесі тиер-ау деген үмітіміз де болды.
Біле білген адамға кісі ақысы өте ауқымды мəселе. Пайғамбарымыздың
(саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)
дəл осы мəселе Аллаһ тағалаға көп жалбарынғанын білеміз. Қоштасу құтпасында Арафатта дəл
осы кісі ақысының кешірілуі үшін дұға еткен. Кісі ақысы адамды ақыретте тығырыққа тірейтін
бірден-бір күнə. Шама келгенше, Аллаһтың құзырына кісі ақысын арқаламай барған жөн. Ислам
ғұламасы Ибн Араби былай дейді: «Кісі ақысына келгенде барлық мұсылмандар тең. Басшы елді
бай-кедей деп бөлмей, бəріне тең қарау керек, өйткені Ислам бір дене болса, мұсылмандар сол
дененің мүшелері. Адам мүшелерден құралатыны секілді Ислам да мұсылмандардан құралады».
Өздеріңіз де көргендей, кісі ақысы өте үлкен жауапкершіліктен құралады. Ондай болмаған
жағдайда дүниеде əділет салтанат құрмаған болар еді.
Кітаптың негізгі мазмұны «Кісі ақысын жеуден бойымызды аулақ ұстап, ешкімнің ала жібін
аттамай өмір сүру бір жағынан ғибадат болып есептеледі. Ешкімнің құқығын бұзбай, басқаның
да бұлай жасауына шамамыз келгенше жол бермей, əділеттілік үшін өз үлесімізді қосу
баршамызға ортақ міндет. Ұлы жаратушы Иеміз кісі ақысына қол сұғуды, басқаларға қиянат
жасауды харам қылды» дегенге саяды. Бұл тақырыпқа қатысты аят-хадисті топтастырып,
алдымен соларды саралып шығуды да ұмыт қалдырмадық. Неғұрлым тереңірек бойлап,
жалпылама сөзден барынша сақ болуға тырыстық. Бүгінге дейін қазақ тілінде мұндай еңбек
жарыққа шықпағандықтан, жауапкершіліктің үлкен екенін ескеріп, шама келгенше мол
мағлұмат беруге тырыстық. Кітапты жазу барысында «бүгінгі мұсылманның бет-бейнесі қандай
болуы керек?» деген сауал төңірегінде зерттеулер жасап, шын тақуа адамның кісі ақысын аяқ
асты етпейтінін оқырманға жеткізуді мақсат еттік. Кісі ақысының оңай күнə емес екенін айта
отырып, бұл күнəні істеп қойған жағдайда ең алдыменен не істеу керек екенін де көрсетуді
ұмыт қалдырмадық. Ақырында кітапты Пайғамбарымыздың
(саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)
қоштасу
қажылығында ерекше тоқталып кісі ақысына мəн бергенін айтып, «мұсылманның барлық
нəрсесі: қаны, малы, арының басқа мұсылманға харам» деген хадисті негізге алып қорытынды
жасадық.
Достарыңызбен бөлісу: