Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті


Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия. – Алматы: Раритет, 2007



бет325/571
Дата01.05.2022
өлшемі1,5 Mb.
#141614
1   ...   321   322   323   324   325   326   327   328   ...   571
Байланысты:
treatise187525

Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия. – Алматы: Раритет, 2007.
ИСЛАМ ФИЛОСОФИЯСЫ – ислам өркениетіне тән рухани және тәжірибелік жүйесi. Ислам өркениетi мен оның филос. дәстүрлерiнiң қалыптасып, дамуындағы арабтармен қатар, өзге де түрлi халықтар мәде- ниетiнiң елеулi үлесi мен атқарған рөлiне байланысты бұл құбылысқа анықтама беру кезiнде түрлi әдебиеттерде «араб тiлдi философия», «араб- мұсылман философиясы», «араб философиясы», «исламдық шығыс философиясы» деген тәрiздi атаулар жиi қолданылады. Ислам өркениетiнiң өзiндiк сипаты және айрықша ерекшелiгi – ислам дiнiмен тiкелей бай- ланысты. И. ф. мұсылмандардың қасиеттi кiтабы – Құранда тұжырымда- латын «дүниенi қабылдау» ауқымында қалыптаса келіп, ислам өркениетi- нiң жалпы мән-мазмұнын бейнелейдi. И. ф-ның даму кезеңi үшке бөлiнедi: И. ф-ның классикалық кезеңi (VIIІ–XV ғ-лар); кейiнгi (XV–ХІХ ғ-лар) және қазiргi заман (ХІХ ғ. – ХХ ғ-дың 2-жapтыcы). Кеңестiк кезең тұсындағы қазақстандық философияда И. ф. ретiнде «мұсылмандық ренессанс» («шығыс ренессансы») деген атқа ие болған ислам мәдениетiнiң классика-
лық даму кезеңiне тән шығыс немесе араб тiлдi перипатетизм (жаңа арис- тотелшiлдiк) танылды. Көрнектi орта ғасыр ойшылдары Әбу Насыр әл- Фараби, Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн Сина, Әбу Әли ибн Рушд және т. б. ұстанған перипатетизм ислам өркениетiнiң талаптары мен iзденiстерiне сай келетiн көне филос. дәстүрдi мирас ете отырып, орта ғасырлық Бат. Еуропа ғалымдарының филос. ой-пiкiрлерiне ықпал еттi. Сондай-ақ, қайта өрлеу дәуiрi мен жаңа заман философиясына өз әсерiн тигiздi. И. ф-нда пери- патетикалық бағыттан өзге кәлам, сопылық, исмаилшылдық, т. б. қалып- тасқан дәстүрлердiң әрқайсысының өз тарихы бар. Олардың кейбiрi (мыс., исмаилшылдық пен сопылық) өз ықпалын күнi бүгiнге дейiн жойған жоқ. Ендi бiреулерi (мыс., кәлам) ислам әлемiнiң әр түкпiрiнде қазiр де өзiнiң гүлдену дәуiрiндегiден аз ықпал етпейдi, үшiншiлерi белгiлi бiр даму сатыларынан өте келе, қазiргi заманның дiни-идеологиялық жүйелерiнiң құрамына ендi, я болмаса сопылық идеялармен ұштаса отырып, қазiргi заманғы көрнектi ислам ғалымдарының ой-пiкiрлерiнен орын алып келедi. И. ф. дiн (ислам), құқық (фикh) және теориялық ғылымдармен тығыз байланыста қалыптасып, дамыды. Олардың құрамына жаратылыстану, медицина, математика, филология (грамматикадан бастап риторика мен поэтикаға дейiн қамтитын тiл туралы ғыл. бiлiмдер жинағы), практикалық ғылымдар (этика, саясат) енедi. И. ф-ның айрықша ерекшелiгi – оның пiкiрталастық сипаты. Әуел бастан сұхбаттық филос. дискурсқа баруына оның жалпыға бiрдей мiндеттi қағидадан азаттығы түрткi болды. Идеол. және таза ұйымдық шектеулердiң жоқтығы көптеген бағыттардың пайда болуына мүмкiндiк туғызды және дiни-филос. ой-пiкiрдiң еркiн дамуына жол ашты. Христиандық дiни ой-пiкiрден айырмашылығы – бұл бағыттарды сектанттық-еретиктiк деп атауға болмайды. И. ф-ндағы елеулi айырмашылықтар (хариджиттер, сунниттер, шииттер) билiк мәселесiн шешумен байланысты. Ислам мемлекеттерi мен олардың идеологиясының дамуы ислам қоғамында метафизика мәселелерiне қызығушылық туғызды. Ол И. ф-ның дамуына жаңа дем бердi. Мәселен, сенiм мәселесiн шешудегi пiкiр алшақтығымен И. ф-ның хариджиттер, мурджиттер, мутазилиттер және т. б. ағымдар; Алланың мәнi мен сипаттары мәселесiн шешудегi алшақтықтармен сифатиттер, джахмиттер, хашвиттер, сопылар және т. б.; қоғамды құқықтық реттеу мәселелерiндегi алшақтықтармен ханафиттер, ханбалиттер, шафиштер, маликиттер көзге түседi. Идеялық алшақтықтар салдары VIIІ ғ-дың өзiңде-ақ кем дегенде бес ағымның пайда болуына әкеп соқтырды (сунниттер, шииттер, хариджийалар, мутазилалар, муржиалар). Олардың барлығы өз сенiмiнiң дұрыстығын дәлелдей отырып, бiрiн-бiрi
«бұрмалаушылар» немесе «адасушылар» деп айыптап, бiр-бiрiнiң көз- қарасына күмән келтiрдi. Сондықтан «дұрыс сенiм» мен «адасу» мәселесi И. ф-нда басты орын алды. Бұл Х–ХІ ғ-лар тоғысында «дұрыс сенiм» ретiнде
«сенiмнiң кадириттiк белгiсiнiң» жариялануына әкелiп соғып, одан ауытқу сенiмсiздік ретiнде қарастырылды. Алайда, бұл шара «бастапқы исламға» оралып, бiрлiктi нығайту талабын қайта жаңғыртқанымен, дiндарлар таласындағы алауыздыққа шек қоя алмады. Ислам өркениетiнiң тарихында ХІХ ғ-дың басы – ХХ ғ-дың ортасы – нарық қатынастарының дамуына, ұлттық буржуазияның қалыптасуына, ұлт-азаттық қозғалыстарға байла- нысты күрделi де қайшылыққа толы «реформалар» кезеңi. Fасырлар бойғы оқшаулықтан арылу мен техногендi өркениет жетiстiктерiне, дүниежүзілік мәдениетке қосылу үдерісі И. ф-нда дәстүрлi қағидаларды жаңаша ой елегiнен өткiзу қажеттiгiн тудырды. Дәстүрлi филос. ой-пiкiрдiң iргесi шайқалып, зайырлы бiлiмге, ғылым мен техникаға қызығушылық оянды. Бұл үдеріс Батыс идеяларының ықпалымен жүргiзiлдi, сондықтан «Шығыс

  • Батыс» мәселесi бүкiл философияның мәселесi iшiндегi ең өзектiсi болып саналды. Егер ХІХ ғ-дың басыңда И. ф-нда дiн мәселесi басты үстемдiкке ие болса, ХІХ ғ-дың 2-жapтысынан бастап конституционализм, парламентаризм, бостандық, ұлт, т. б. мәселелер қозғалды. ХХ ғ. қарсаңында И. ф., әсiресе, Египет пен Сирияда, еур. филос. ой мен мәдениетке қызығушылықтың оянуынан Батысты мадақтаудан отаршылдыққа қарсы күрес пен еур. өркениеттi сынауға карай ойысты. Әлеум.-саяси мәселелердi шешудегi ағартушылық көзқарас жаңа заманғы И. ф-ның айрықша белгiсiне айналды. Басты назар қоғамға пайдалы тұлға ретiнде адам мәселесiне, адамгершiлiк мәселелерiне аударылды. Алайда, бұл И. ф. дәстүрлi құндылықтарды мүлдем ұмытты деген сөз емес. Ол Батыстың филос. идеяларын ислам өркениетi негiздерi тұрғысынан, дәстүрлi ислам дүниетанымы тұрғысында қарастырды. Әлеум.-саяси және мәдени жағдайлардың өзгеруi барысында ынтымақтастық мәселесi жаңаша қарастырылды. ХХ ғ-дың 2-жapтысы И. ф-ның алдына мүлдем жаңа – демократия, филос.-теологиялық және әлеум. ойды нарықтық өзгерiстер мен индивидуализм тұрғысынан дамыту мәселелерiн қойды. Олар ең алдымен, әлеум.-саяси дамудың социализмнен де, капитализмнен де өзгеше

«үшiншi жолын» iздестiрумен сипатталды. Соның негiзiнде «ислам мемлекетi», «ислам экономикасы» және т. б. тұжырымдамалар жасалынды. Партикулярлық ұлтшылдық пен панарабшылдық түрiндегi ұлтшылдық әлеум.-филос. ойдың үстем формасына айналды. Батысқа қатысты екi жақты ұстаным қалыптасты: прогрессивтi даму мақсатында Батыстың оңды жетiстiктерiн пайдалануға ұмтылыс арта отырып, сонымен бiрге батыстық өмiр салтына сенiмсiздiк көрсету, оны қабылдамау күшейе түстi. Саяси және әлеум. тұрғыдан алғанда, ислам дербестiктiң, филос.-этик. тұрғыдан

  • рухани және адамгершiлiк құндылықтардың символы болып қала бердi. Батыстық рационализм мен прагматизмдi сынай отырып, И. ф-ның өкiлдерi батыстың филос. ой-пiкiрлеріне де жол берiп, әдiстерiн қолданды. ХХ

ғ-дағы И. ф-ның дамуы ұлттық егемендiкке жету, ислам әлемi елдерiнiң экон. және саяси тәуелсiздiгiн нығайту үрдiсiн қалыптастырумен сипат- талады. Бұл ислам өркениетi мен И. ф-ның қарқынды дамуын бiлдiредi. Дәстүрлi И. ф-нда Әбу Насыр әл-Фараби идеяларының рөлi мен маңызы ерекше. Еуропаға табынушылық бағыттағы көзқарастар, әдетте, орта ғасыр- лардағы ислам философтарының, соның iшiнде әл-Фарабидiң де еңбегi мен жетiстiгi, көбiнесе, тек қана гректер мұрасын жеткiзуiнде деп қате тұжырым жасайды. Анығында, оның еңбегiнiң мәнiн пайғамбардан кейiнгi кезеңнен бастап өз дәуiрiне дейiнгi тарихи тұрғыдан жаңа, рухани шындықты ұғынуынан, адам өмiрiнiң шынайы ақиқатын түсiнуге ұмтылуынан iздеген жөн. Мұны философия тiлiнде жүзеге асыруға мүмкiндiк берген әдiс – Платонның, Аристотельдiң және олардың iзбасарларының iзденiстерiндегi ойлар мен дәлелдер жүйесiн түсiндiру едi. Қазақстанда И. ф-ның қалыптасуы мен дамуына түркi сопылығының ұлы өкiлi Қожа Ахмет Ясауидiң рухани қызметi үлкен әсер еттi. И. ф-ның айрықша «мәртебесi» мен дүниетанымының ерекшелiгiн айқындаған филос. және қоғамдық ойдың дамуына Ясауидiң қосқан үлесi сопылық – исламдық Алла тұжырымдамасын қазақ халқының дәстүрлi дүниетанымына енгiзу болып табылады. Исламның дүниетаным- дық, әсiресе, имандылық пен адамгершiлiк аясындағы сипаттары қазақ ойшылдарының филос. iзденiстерiнен де көрiнiс тапты. Мыс., Абай фило- софиясының дүниетанымдық мәселелерiн И. ф. арқылы қарастыруға болады. Абайдың «Отыз сегiзiншi қара сөзiнде» Жаратушы мен ол жаратқан дүниенiң тұтастығы ұстынын сатылап көрсететiн оның дiни-филос. тұжырымдамасының түйiнi тарқатылады. Абай тұжырымдамасындағы Жаратушыға көзқарас пен оған қызмет етудiң екi қырын, бағытын нақты және анық бөлiп қарау қажет: бiрiншiсi – сана күшiне сүйене отырып, сенiмнiң не үшiн қажеттiгiн анық түсiнiп, оның ұстындарын ұстанып, исламды қабылдау, екiншiсi – исламды соқыр сенiмге сүйенiп қабылдау. Абай әрбiр адам үшiн ең бастысы – сенiмнiң күштiлiгiне сену және сенiмдi ұғынуға ұмтылу деп бiледi. Қазақ ойшылының айтуынша, адамға Алла берген сана оны Құдаймен жақындатады. И. ф. идеяларын Шәкәрiм Құдайбердiұлы өз шығармасында жалғастырып, одан әрi дамытты. Шәкәрiм үшiн ақиқатты iздеу – дүниетанымдық бағдар үлгiсiн таңдап алумен тең. Шәкәрiм жақсы меңгерген және өзiнiң «Yш анығында» көрсетiп берген филос. зерттеу әдістемесі И. ф-н зерттеушiлердiң назарын аудартады. Философиядағы материалистiк бағыт бағдарын талдап, сынай отырып, Шәкәрiм И. ф-ның негiзгi ережелерiн қорғап, жария еттi: 1) дүниедегi нәрсенiң себептi негiздерi – танымның өлшеусiздiгiнде, Жаратушының құдiреттiлiгi мен шеберлiгiнде; 2) жан мәңгi және бастапқы кезден-ақ өмiр сүредi және айналымның әрбiр кезектi үдерісінде ол жаңа сапалы биiктiкке көтерiледi; 3) жанның ажырамас қасиетi – ар-ұждан. Осының бәрiн жинақтағаңда бұл үш ереженi қадағалау – адамның жоғары дәрежеге көтерiлуiнiң шынайы ақиқат жолы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   321   322   323   324   325   326   327   328   ...   571




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет