ҰЛТТЫҚ РУХ – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өс- келең арман-мұраттарымен сипатталатын, елдік тұтастық идеясымен негізделетін өміршеңдік күш-қуаты. Ұ. р. жалпы ғаламдық рух пен жеке адамдық рухтың дәнекері болғандықтан, кез келген ұлттың, мәдениеттің өкілі өзінің әлемдегі орнын өзіндік ұлттық төлсанасы арқылы бағамдауы заңды құбылыс. Сондықтан жеке адамның таным терезесі ұлттық таным тұрғысынан, әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды игеріп, рухани игіліктерге өз үлесін қосады. Қай халықтың болсын бойында өз табиғатына тән өзге де қайталанбас қасиеттері, мінезі, ділі болуы Ұ. р-пен тікелей байланысты. Көзбен көріп, қолмен ұстайтын зат болмағандықтан, Ұ. р-тың көрініс беруі ұлт өкілдерінің көркем шығарм-нан, халық даналығынан, ға- сырлар бойы сабақтастығын үзбеген рухани мұраларынан көрінеді. Әрбір ұлттың өзіне тән Ұ. р-ы бар дегенде, оның өзі жайлы дүниетанымынан, дүниеге көзқарастары мен мінез-құлқынан, мұрат-мақсатынан даму, өзгеру, кейде әлсіреу, яғни үнемі қозғалыс үстіндегі құбылыс екенін аңғарамыз. Ұлт болып ұюдың өзі этностың мекендік және мезгілдік факторларына байланысты болуымен қатар, оның табиғи, тарихи, рухани бітім-болмысы, ұлттық санасы, ділі, мінезі, мәдениеті, әлеум.-саяси мұрат-мүдделерінің қалыптасып, тұлғалануы үздіксіз процесс және Ұ. р-тың түлеп-толысып отыратын өміршеңдігінің көрінісі. Ұ. р-тың буырқана бой көрсетер тұсы бодандық бұғауына қарсылық, тәуелсіздік мұратына ұмтылыс сәті болса, сол кезеңдерде қордаланған көркем рухани мұралардың ерлікке, елдікке үндер күш-қуатының маңызы бұғаудан босанып, болашаққа бет түзеген, баянды бағдарын айқындаған ұлттар үшін де зор. Ұлттың рухани тәжіри- бесін саралап-салмақтау үшін мол мағлұмат беретін басты байлығы оның сөз өнері. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» деп А. Байтұрсынұлы айтқандай, Ұ. р-тың көркем образдар арқылы бедерленуі қазақ әдебиетінен көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |