Дидактикалық ойындар
Ересек топта дидактикалық ойындарға басшылық ету тәрбиешіден оларды дайындау және өткізу барысында ауқымды, ойластырылған жұмысты талап етеді. Бұл балаларды қажетті білімдермен байыту, дидактикалық материалды таңдап алу, кейде балалармен бірге материалдарды дайындау, ойынға арналған жағдайды ұйымдастыру. Ойындағы өзінің рөлін басынан соңына дейін нақты анықтап алу қажет.
Дидактикалық ойынға материалды таңдап алуда оның келесі шығармашылық ойынға қолданылуын қарастыру маңызды. Мысалы, «Дүкен» ойынында тек ойыншықтар ғана сатылмайды, сондай-ақ спорт жабдығы: доптар, ракеткалар, воландар, төрешінің ысқырығы,секіртпелер және т.б. сатылады. Балалар осы заттарды сатып алады да, серуенге алып шығып, спорттық ойындарды ұйымдастырады.
Мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды әлеуметтік белсенділікке тәрбиелеу, ойынға арналған материалды дайындауда өздерінен кіші достарына көмек көрсетуге, қызықты ойындарды өткізуге үйрету қажет.
Еңбек іс-әрекетін ұйымдастыру
Ересек жастағы балаларды шамасы жететін еңбек міндеттерін жүйелі орындауға қажеттілікті және бірлесіп еңбек ету біліктерін тәрбиелеу.
Ересек топта өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылады. Балалардың өзіне-өзі қызмет көрсетуіне басшылық етудегі басты тәсілдің бірі-бақылау болып болып табылады. Балалар өзіне-өзі қызмет көрсетудің еңбек әрекеттері ұқыпты орындалмаса, жағымсыз нәтиже беруі мүмкіндігін (пальтоның түймесін салмасаң- тоңасың, аяқ киімді тазаламаса-лас болып көрінеді, қолыңды тазалап жумаса- орамал ластанады) түсіну үшін, дағдыларды саналы түрде қолдануына ерекше көңіл бөлу керек.
Өзіне-өзі қызмет көрсету барысында балаларда адамгершілік сезімдерді және оңтайлы өзара қарым-қатынасты қалыптастыру, мейірімділікті, елгезектілікті, бір-біріне көмек беруге тәрбиелеу жалғастырылады. Тәрбиеші үнемі балалардың алдында бір-біріне қамқорлық көрсеткен, мейірімділік танытқан балаларды басқаларға үлгі ретінде айтып отырады.
Тұрмыстық-шаруашылық еңбегі
Ересек топта тұрмыстық-шаруашылық еңбектің мазмұны кеңейтіледі. Ұжымдық еңбек әрекетін ұйымдастыру дағдыларын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлу қажет. Балаларды тапсырманы тыңдауға, жұмыс жоспарын ойластыруға, оның орындалуына барлық қажетті құралдарды дайындауға, алаңдамауға, басқалардың еңбек етуіне кедергі келтірмеуге, құрдастарына көмектесуге, жұмысты соңына дейін жеткізуге, көмек сұраудан қысылмауға баулиды.
Осы топта балалар тапсырманы орындағанда, барлық қатысушылардың нәтижелерін жалпылауды талап ететін бірлескен еңбек ұйымдастырылуы тиіс. Ортақ әрекетке 3- 6 адамға дейін біріктіріледі. Жұмыстың қорытындысын шығарғанда әр баланың еңбегінің нәтижесіне баға беруді ұмытпау керек.
Ересек топта балалар мен ересектердің бірлескен еңбек әрекеті жиі ұйымдастырылады. Тәрбиешімен бірге балалар ойындарға атрибуттар дайындайды, бөлмені безендіруге, мерекелерге костюмдерді әшекейлеуге қатысады.
6 жастағы балалардың жұмысты орындау сапасына, дербестігіне жоғары талаптар қойылады. Тәрбиеші көбінесе олардың тәжірибесіне, білімдері мен біліктеріне сүйену керек, балаларға шығармашылығын, тапқырлығын, ерік-жігерін көрсетуге мүмкіндік беру.
Табиғат бұрышындағы еңбек
Оқу жылының басында балалар табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларға күтім жасауда күнделікті тапсырмаларды орындайды. Табиғат бұрышындағы кезекшілік қыркүйектің соңында – қазанның басында енгізіледі. Алдын-ала бөлме өсімдіктері, жануарлар, оларға күтім жасау тәсілдері, олардың өсіп-өнуіне қажетті жағдайлар туралы әңгімелесу жүргізіледі. Тәрбиеші жануарларды қалай қоректендіруді, азықты қанша мөлшерде беру керектігін көрсетеді. Күн сайын кезекшілер тағайындалады. Тәрбиеші кезекшілерге жұмысты бөлісуге көмектеседі. Балаларды жағымсыз жұмысты да орындауға, мысалы теңіз шошқасының торын тазалауға үйрету керек. Тәрбиеші жұмыстың қиын бөлігін өзі орындайды. Ол балаларға табиғат бұрышын мекендеушілер тазалықта тіршілік етуі және оларға күтім керектігін түсіндіреді. Тәрбиеші үнемі кезекшілердің жұмысына назар аударып, әсіресе алғашқы апталарда қажет кезінде көмектесіп және қолдап отыруы қажет.
Табиғаттағы еңбек
Осы топта тәрбиеші балаларды табиғатты қорғаудағы ересектердің еңбегімен, мәдени дақылдары өсірумен және жануарларға күтім жасаумен таныстыру жұмысын жалғастырады.
Күзде тәрбиеші адамдардың ағаштар мен бұталарға күтім жасауына бақылау жүргізеді: діңдерін қурап қалған қабықтардан тазартады, ағаштардың діңін әктаспен ағартады, жас жеміс ағаштарын түбін қопсытады және т.б.
Қыста балаларға адамдар үй жануарларына қалай күтім жасайтынын көрсетеді және әңгімелеп береді, құстарды қоректендіруді ұйымдастырады. Тәрбиеші балалармен бірге бораннан, қар жауғаннан кейін жемсауытқа апаратын жолдарды тазалайды, құстарды қосымша қоректендіруге арналған алаңқайдағы қарды сыпырады.
Көктем мезгілінен бастап балаларды бақшадағы еңбек әрекетіне белсенді қатыстыру. Тәрбиешінің басшылығымен балалар гүлзарларға гүлдердің тұқымдарын егеді.
Жазда балаларды өсімдіктерге күтім жасаудың түрлері: өсімдіктерді суару, қопсыту, мәдени өсімдіктердің арам шөптерін жұлумен таныстырады.
Тәрбиеші балаларды суарғанда жүйектердің айналасында су сепкішті дұрыс ұстауды, күннің көзінде жылытылған сумен суаруға, қопсытуға, арам шөптерді жұлуға және т.б. үйретеді.
Балалар көктем және жаз мезгілінде бақшада және гүлзарда еңбек ете отырып, өсімдіктердің тұқымдардан өсетіні туралы түсінік алады, өсімдіктердің өсіп-өнуі үшін күннің көзі, жарық, су, жақсы құнарлы топырақ және күтім қажет екенін біледі.
Достарыңызбен бөлісу: |