3.2. Педагогикалық құндылықтар туралы түсінік
Құндылық проблемасы өмірдің өзінен алынған. Табиғат пен қоғам құбылыстарына құндылық тұрғысынан қарау адам өмірінің негізі болып табылады. Құндылық қатынас адам мен қоғам өмірінде қажетті, жалпыға ортақ және мәңгілік фактор болып табылады. Құндылықтар туралы алғашқы түсінік тамырын тереңге жая отырып, сонау көне замандардан бастау алады.
Антика заманында өмір сүрген Сократ (б.з.б.469– 399 жылдары) таным мен философияның негізгі мәселесі адам болу керектігіне мән бере отырып, адамға «алдымен өзіңді біл,сол арқылы дүниені, әлемді білесің» деп уағыздады, яғни адам барлық заттардың мөлшері бола алатындығын дәлелдеді.
Адамның бойындағы ізгілікке бас ие отырып, адами құндылықтарды – білімділік, даналық, парасаттылық, адамгершілік ізгі қасиеттерді жоғары бағалады. Философиялық зерттеулерге сүйенетін болсақ, Платон үшін құндылық – «өмір сүру», Аристотель үшін құндылық – «адамның даналығы, яғни қандай да болмасын құнды нәрсені таба білуі»,софылар үшін құндылық – «адамның өмірді бағалауы» болғанын көруге болады.
Орта ғасырда педагогика ғылымының қалыптасуына өзіндік зор үлесін қосқан ойшыл, данышпан ғалым Әбунасыр әл–Фараби «Адам көп нәрсеге мұқтаж болғандықтан, өзіне керегін қоғамдасқан ортадан ғана таба алады. Жеке жан иесі адамдар бірлестігінің арқасында жетіліп, өз қабілетін шыңдай түседі.Осыдан келіп олардың өмір сүру мәні қалыптасады » – дей келе, рухани құндылықтар ішінен атап көрсеткен ерекше ұғымы «қайырымдылық» феномені болды. «Қайырымдылық» екі түрлі болады: этикалық және зияткерлік. Зияткерлік– (жанның) ақыл– парасаттылық жағына жататын қайырымдылық – дейді ғұлама.
Ал XI ғасырда өмір сүрген түркі данасы, ойшыл Жүсіп Баласағұнидің тәлімдік тәрбиелік мәні зор «Құтты білік» атты еңбегінде бүкіл адамзатқа тән адами құндылықтардың бәріне дерлік сипаттама берілген. Дастанның негізгі өзегі, алтын арқауы болған адами құндылықтардың жүйесі төмендегідей болып табылады :
1. Адам, адамның өмірі, жеке тұлға.
2. Имандылық, ізгілік, руханилық .
3. Тектілік, парасаттылық, кісілік.
4. Оқу – білім, ақыл, даналық.
5. Әділдік, әділ заң.
6. Байлық, дәулет, құт.
7. Қанағат, ынсап, тәубешілдік.
8. Жомарт жүрек.
9. Тіл өнері, сөз шеберлігі.
10.Ел басқару өнері, билік.
Құндылықтар –адам үшін пайдалы мәнге ие болатындардың барлығы, яғни адамзат қоғамының іргелі дамуы мен адамның жеке тұлғасын жетілдіруге тиімді ықпал ететіндердің барлығы құндылық болып табылады.
Қазіргі кезде құндылық мәселесі өз алдына дербес ғылым пәні ретінде қарастырылады. Адам құндылығының өзегін қарайтын және оны зерттейтін ғылым саласын – «аксиология» деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |