Аксиология («ахіа» – грекше «құндылық», «logos» – «ғылым, ілім») тұлғаның, ұжымның, қоғамның, материалдық, рухани, адамгершілік, психологиялық құндылықтары, олардың ақиқат әлеммен өзара қатынасы, тарихи даму үрдісінде құндылық – норма жүйелерінің өзгеруі туралы философиялық ілім.
Қазіргі педагогикада оның әдіснамалық негізін құрай отырып, адам өмірінің, тәрбие мен оқытудың, педагогикалық іс – әрекет пен білім берудің құндылықтарын түсіну мен бекітуге негізделген және педагогикалық көзқарастар жүйесін анықтайды.
Аксиологияның ғылым ретінде қалыптасуына үлес қосқан философтар (Гегель, Кант, Ницще, Кассирер және т.б.) мәдениеттің ішкі кұрылымынан, жалпы адамзаттық құндылықтары арқылы адам алдына қойған мақсатына жету жолында өмір сүру негізін құрайтын «мәнділік», «еркіндік», «игілік», «жақсылық» сияқты құндылықтарға ұмтылу қажет екендігін атап көрсетті.
Құндылық проблемасы қоғамдық қана емес, жеке тұлғалық та проблема.
Құндылықсыз адам болуы мүмкін емес, құндылықты зерттеуде алған қойған мақсат–адам өмірін байытатын нақты, дәл құндылықтарды таңдап алу. Сондықтан, бұл проблема танымдық және әлеуметтік проблема болуы мен қатар тәрбиелік проблема ретінде ерекше мәнге ие болады.
Көрнекті Кеңес философы В. П. Тугариновтың айтуынша құндылықтар болмысты танудан келіп шығады. Олар танып білуге болатын нақты фактілер, қоғам мен табиғаттың мәнді жақтары адамзаттың іс – әрекеті мен қоғамдық тарихи тәжірибе процесінде жасалады.
Ғылыми әдебиеттерде «құндылық» түсінігіне әртүрлі анықтамалар беріледі. Философиялық тұрғыдан алсақ, құндылықтар – адам үшін пайдалы мәнге ие болатындардың барлығы, яғни адамзат қоғамының іргелі дамуы мен адамның жеке тұлғасын жетілдіруге тиімді ықпал ететіндердің барлығы құндылық болып табылады. Психологиялық тұрғыдан, құндылық ретінде қоғам үшін әлеуметтік тарихи мәні бар және жеке адамдар үшін тұлғалық мағынасы бар болмыстың белгілі бір құбылыстары сипатталады.
Сонымен бірге құндылық қоғамның моральды қатынастарының көріну формасы ретінде де әрекет етеді.
Сондықтан құндылық біріншіден, жеке тұлғаның адамгершілігі, абыройы және олардың адамгершілік әрекеттері немесе адамгершілік сипаттары, екіншіден, моральдық нормалар, принциптер, мұраттар, қайырымдылық, әділеттік, бақыт ұғымдары деп айқындалады. Мұның өзі құндылық ұғымының педагогикалық мәнін білдіреді.
Педагогика ғылымында құндылықтың иерархиялық пирамидасының шыңында адам тұрады. Құтты біліктің негізгі желісі адамнан, адамның өмірінен артық, одан қымбат, одан қасиетті жер бетінде ешқандай құндылық жоқ. Адамды және оның өмірін құндылық тұрғысынан қарастырғанда, педагогика ғылымында «жеке тұлға», «дара тұлға», «жетілген адам» ұғымдарына тоқталмай кетуге болмайды. Халықтық тәрбиенің де әу бастағы мақсаты – жан – жақты жетілген тұлғаны тәрбиелеу. Осы жан – жақты жетілген адам халықтық идеал болып саналады. Жүсіп Баласағұни адамзат тарихындағы жеке тұлғаның рөлін жақсы түсініп, дастанда Мұхаммед (С.АС.) пайғамбарды, оның сахабаларын, орта ғасырлық түркілер тарихында болған тарихи тұлғаларды, өзінің кітабындағы төрт кейіпкерлерді жұртқа үлгі етеді.
Педагогиканың зерттеу объектісі – адам тәрбиесі, тәрбиенің де мақсаты – жеке тұлғаны жан – жақты, қоғамға сай тәрбиелеу, яғни бұлардың барлығы бір – бірімен сабақтастықта.
Құндылықтар теориясы –нақтылы ғылыми –әдіснамалық таным ретінде және
педагогикалық шындықты жаңғыртуда өзінің негізгі аксиологиясы – жалпы адамзаттық мәдени құндылық (заттық және рухани) жайында оқу болып табылады.
Ол жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарға негізделіп, оған қайшы келмейтін ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді қамтиды. Сондықтан да тұлғаның өз ұлты және өзге халықтар мәдениетін оқып білуі, одан әрі жалпы адамзаттық мәдениетпен танысуы арқылы өзінің мәдени дамуын қамтамасыз етеді.
Қорыта келгенде, құндылық жүйесінде мәдениетті меңгеру, біріншіден адамның өзінің даму жағдайын, екіншіден шығармашылыққа қабілетті тұлға ретінде қалыптасуын іске асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |