1. Құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе оларды беруге бағытталған
бәсекелестіктегі кез келген әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Жосықсыз
бәсекелестікке тыйым салынады.
2. Жосықсыз бәсекелестікке мынадай әрекеттер жатады:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық
объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
2) басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
3) бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;
4) нарық субъектісінің беделін түсіру;
5) көрінеу жалған, жосықсыз және анық емес жарнама;
6) мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу);
7) бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) бойкот жасауға шақыру;
8) сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру;
9) нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;
10) сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;
11) сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;
12) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану;
13) тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық
қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес
ақпарат ұсына отырып, тауарды өткізу;
14) нарық субъектiсiнiң өзi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларын нарықтың
басқа субъектiлерi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлармен орынсыз салыстыруы.