4) Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi;
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде
қорытындылар бередi.
2. Конституциялық Кеңес соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-бабында
белгiленген реттерде қарайды.
73-бап
1. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-
тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң
қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық
референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады.
2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3)-
тармақшаларында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, тиiстi актiлерге
қол қою не оларды бекіту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.
3. Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн
шығарады. Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентінің
талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.
4. Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне Республика
Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелерi
жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен еңсерiледi. Президент қарсылығы еңсерiлмеген
жағдайда, Конституциялық Кеңестiң шешiмi қабылданбады деп есептеледi.
74-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар
мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекітілмейдi және күшiне
енгiзiлмейдi.
2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың
Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп
танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және
қолданылуға жатпайды.
3. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi қабылданған күннен бастап күшiне енедi,
Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады
және шағымдануға жатпайды.
Достарыңызбен бөлісу: