Бекіту сұрақтары:
1. Әскерилер билігі – сегунаттың орнауының тарихи алғышарттарын көрсетіңіз.
2. Бакуфу үкіметінің ішкі және сыртқы саясатына талдау жасаңыз.
3. Жапонияға монғолдардың жорығы және жапондықтардың қорғанысы?
4. «Камкадзе» құбылысының мәнін ашыңыз.
5. Асикага сегунаты тұсындағы Жапонияның ішкі және сыртқы саяси жағдайы?
КЕЙІНГІ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС
ХІІ ТАРАУ
КЕЙІНГІ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚЫТАЙ
XVI-XVII ғғ. Қытайдың әлеуметтік–экономикалық дамуы.
XVI
ғасырдың басына қарай Мин империясы өмір сүруінің алғашқы жылдары
орныққан шаруашылық механизмі табысты түрде жалғасын тауып жатты. Ел
экономикасының негізі болған ауыл шаруашылығында жетекші орынды
егіншілік алды және ол өз уақыты үшін жоғары деңгейде дамыды, өнімділігі
де жоғары болды. Бұрын игерілмеген жердің есебінен егістік көлемі ұлғая
түсті. Еңбек құрал-жабдықтары қарапайым күйінде қала берді. Бірақ
шаруалардың еңбекқорлығы мен шеберлігінің есебінен еңбек өнімділігі арта
түсті. Еңбек құрал-жабдықтарының қарапайымдылығы жердің құнарлығын
сақтауға, соның арқасында түсімін арттыруға жағдай жасады. Қытай
шаруалары дәнді дақылдар, бұршақ, шай егіп, жеміс-жидек, май және бағалы
ағаштар өсірді. Мақта егістігі де кең қанат жая бастады.
Алайда XVI ғасырдың алғашқы онжылдығында XV ғасырдан-ақ
байқала бастаған аграрлық қатынастағы ішкі қайшылықты үдерістер
айтарлықтай күшейіп, шиеленісе түсті. Бұл, біріншіден, мемлекеттік жер
қорының қысқаруы, оның жеке меншік иеліктерге айналуына байланысты,
сондай-ақ есепке алынған салық төлеуші жерлердің қысқаруы, ал соның
салдарынан салық төлеушілер санының және қазына табысының
қысқаруымен байланысты болды. Бұл үдерістер бір-бірімен тығыз
байланысты болды және Қытайдың XVI-XVII ғғ. аграрлық қатынасының
дамуындағы жалпы үрдісті көрсетті.
Мемлекеттік жерлердің қысқаруы әр түрлі жолдармен жүрді.
Біріншіден, әскери қоныстар жүйесінің ыдырауымен олардың көбі жергілікті
әскери басшылардың, шенеуніктердің жеке меншігіне өтіп отырды.
Нәтижесінде XVI ғ. басына қарай әскери қоныстардан қазынаға түсетін табыс
бастапқы табыстың 1/10 ғана құрады.
Екіншіден XVI ғ. басында «усадьбалық егістік жерлердің» және
«император усадьбаларының» - яғни поместьелік типтегі жер иеліктерінің
көлемі күрт өсіп кетті. Бұл жерлер формальді түрде мемлекеттік жер деп
саналғанымен, іс жүзінде қожайынның толықтай жеке меншігінде болды
және мұраға қалдырылып отырылды. Ірі жер иелігі қарастырылып отырған
уақытта шаруалардың жерін күшпен тартып алу, немесе оларды өз жерлерін
арзан бағаға сатуға көндіру арқылы да іске асып отырды. XV―XVII
ғасырларда шаруалар жер иеліктерінен айырылып, тез кедейлене түсті. Олар
өз жерлерін түгел немесе жартылай, ашық немесе жасырын сатуға мәжбүр
болды.
XVI ғасырдың аяғына қарай астаналық облыс маңында көлемі 1280
мың му болатын бес поместье пайда болды. XVII ғасырдың басына қарай
императорлар поместьелерінің саны 300-ге жетті. 1489 жылғы есеп бойынша
императорлар әулетіне кірмейтін 332 феодалдық жер иеліктерінің көлемі
3300 мың муға жетті. XVI ғасыр ортасына қарай шонжарлардың усадьбалық
егістіктері елдің бүкіл егістік жерлерінің 1/20 бөлігін құрады. Әсіресе
провинция билеушілерінің жерлері барынша ауқымды болды. Монғолдар
дәуірінен ұлыстар жүйесі сақталып қалған болатын. Ұлыстарды
(провинцияларды) енді Мин императорының жақын-жуықтары басқарды.
Усадьбалардағы барщиналық еңбекпен қатар, шаруалар ірі жер иелерінен
жалға жер алып, өңдеп отырды. Помещиктерден алған жерлері үшін
шаруалар азық-түлікпен де, ақшамен де, өз еңбектерімен де есептесіп
отырды. Сонымен қатар шаруалар қазынаға жылына екі рет салық төлеп
тұрды. Ол салықты негізінен азық-түлікпен және мерзімді еңбекпен өтеді
.
Ірі және орташа жер иеліктерінің қожалары өз жерлерінің көп бөлігін
салық төлеуден босатудың барлық қолдан келген амалдарын жасап бақты.
Нәтижеде салық төлеуге тиісті жерлердің саны XVI ғасыр басына қарай XIV-
XV ғғ. межесімен салыстырғанда 2,3 млн ши астыққа қысқарып кетті.
Осындай жағдайда қазына шығындарды жабуды қамтамасыз ете алмады,
XVI ғ. 50-жж. бастап шығындардың 50%-ы да жабылмай қалды. Елде
қаржылық дағдарыс орын алды. XVI ғ. 70-жж. билік басына келген
реформашылар бұл дағдарыстан шығудың жолдарын іздестіріп, салық жинау
жүйесіне біраз өзгертулер енгізді. Бұған дейін, салық төлеудің басты түрі
заттай салық болған болатын. Салық реформаларының мәні салықтар мен
еңбек міндеткерліктерін біріктіріп, оны күміс ақша түрінде төлеуге
негізделді. Салық салудың жаңа жүйесіне көшу рыноктық қатынастардың
кеңінен дамуына жол ашты.
Алайда, елді қаржылық дағдарыстан шығару мақсатымен жасалған бұл
реформалардың нәтижесін халық ұзақ көре алмады. Реформаның басты
инициаторы Чжан Цзюйчжен қайтыс болғаннан кейін (1582) реформалар
тоқтап қалды.
Қарастырылып отырылған дәуір қалалардағы кәсіби қолөнердің және
сауда мен өнеркәсіп қызметінің айтарлықтай дамуымен сипатталды.
Өндірістің осы салаларындағы алға басуларға қарап зерттеушілер Қытайда
XVI ғ. ортасынан бастап экономикалық өрлеу болғандығы жөнінде айтады.
Қарастырылып отырған дәуірде қала халқы өседі. Үлкен қалалардың әр түрлі
кварталдарында қолөнердің жекелеген түрлері дамиды. Жекелеген қалалар
қолөнердің белгілі бір түрімен айналысу орталықтарына айналды. Мысалы,
фарфор жасаумен айналысатын 40 орталықтың ішінде бірінші орында
Цзиндэчжен, жібек тоқуда Сучжоу мен Ханчжоу, темір бұйымдарын
өндіруде Фошанчжэнь, қағаз шығаруда Шитанчжэнь т.б. болды. Қытай
шеберлері жіп иіретін үлкен де күрделі станоктар ойлап тапты, қорыту
пештерін жетілдірді, зеңбіректер мен мылтықтар жасауды меңгерді. Сапасы
бойынша бұл өнімдер ең жоғарғы әлемдік стандарттарға жауап берді.
Еңбек бөлінісінде де алға басу байқалды. Қолөнершілердің еңбек
міндеткерлігінен салыққа көшу процесі мемлекеттік қолөнердің біржолата
жабылуына алып келе қойған жоқ. Бірақ ол мемлекеттік өнеркәсіп
шеңберіндегі жеке қолөнердің дамуына ықпал етті. Осы бағыттағы
шаралардың айқын көрінісі 1628 ж. жібек тоқу өндірісінің басты
орталықтары Сучжоу мен Ханчжоуда мемлекеттік өндірістің жабылуы
болды.
XVI-XVII ғасырлардың басында жеке қолөнер өндірісі сандық
жағынан да, сапа жағынан да терең өзгеріске ұшырады. Жеке қолөнердегі
негізгі тұлға өз өндіріс құрал-жабдықтары бар, өз отбасы мүшелерімен және
сырттан тартылған шәкірттер мен көмекшілердің күшімен жұмыс істейтін
жеке шебер болды. Оның шаруашылығы салық төлейтін бірлік ретінде
мемлекеттік тізімде тұрды.
Қарастырылып отырған дәуірде қолөнершілер арасында айтарлықтай
жіктеліс орын алды. Ең бір ауқаттылары жалдамалы жұмыскерлерді тартып,
өндірісті кеңейтіп отырды. Өндірістің осы саласында және тоқыма, қағаз
жасау, фарфор өндірісінде жалдамалы еңбек кеңінен қолданыла бастады.
XVII ғасыр басында Цзиндэчженде бірнеше ондаған мың жалдамалы
жұмыскерлер шоғырланды. Экономикалық жағынан дамыған Орталық және
Оңтүстік Қытай аудандарында ең алдымен тоқыма өндірісінде шашыраңқы
мануфактура түріндегі еңбек ұйымдастыру пайдаланыла бастады. Мұнда
жекелеген жұмыскерлерге шикізат бөлініп беріліп, белгіленген уақытта
дайын өнімді бекітілген баға бойынша алып отырған болатын. Бірқатар ірі
шеберханаларда еңбек бөлінісі, жұмысшыларды жалдау және ақшалай ақы
төлеу орын алды, бұл кәсіпорындар өз сипаты бойынша мануфактураның ең
қарапайым түріне жақын еді.
Жоғарыда айтылған құбылыстар ауыл шаруашылығы өнімдерінің
тауарлығының күшеюі белгілерімен қосыла келе Қытай зерттеушілерінің
XVI-XVII ғғ. межесінде Қытайда капиталистік өндіріс тәсілінің пайда
болғандығы жөнінде мәселе қоюына мүмкіндік берді. Алайда бұл аталған
құбылыстардың маңыздылығын төмендетпей және сондай-ақ қарастырылып
отырған дәуірдегі Қытай қолөнерінің сөзсіз прогресін мойындай отырып,
сонымен бірге бұл прогрессивті өзгерістер барлық жерде бірдей емес, тек
экономикалық жағынан ең дамыған аудандарда ғана орын алғандығын,
мануфактураның дамуына тек беталыстың ғана болғандығын немесе бұл
алғашқы мануфактуралар феодалдық типте болғандығын алға тарта отырып,
көптеген
зерттеушілер
қарастырылып
отырған
дәуірде
Қытайда
капитализмнің қалыптасуы жөнінде айтудың еш қисыны жоқ деген
қорытындыға келеді. Олардың капиталистік мануфактураға айналуына
капиталдық жетіспеушілігі, дамыған меншік құқығының жоқтығы, жоғары
мөлшердегі салықтар, басқарудың авторитарлық тәртібі т.б кедергі келтірген
еді. Егіншілікте натуралы шаруашылық абсолютті түрде басым болды, ол
дамыған жалгерлік қатынастарға алып келмеді. Сонымен бірге шаруалардың
кедейленуі кең еңбек рыногының қалыптасуына, жалдамалы еңбектің
дамуына алып келген жоқ болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |