АЗИЯ Ж2НЕ АФРИКА ЕЛДЕРІНІҢ ОРТА ҒАСЫРЛАР ТАРИХЫ
КІРІСПЕ
Жаңа дәуірде Батыс Еуропа тарихнамасында Еуропа тарихын зерттеу
негізінде пайда болған «орта ғасырлар» түсінігі шығыстану ғылымында
Шығыс елдерінің де көп ғасырлық дәуірін анықтауда қолданылады. Антика
дәуірінің аяқталғандығын көрсеткен Еуропа тарихының аса маңызды
оқиғалары – халықтардың Ұлы қоныс аударуының қуатты толқындары,
варвар шапқыншылықтары және Рим империясының құлауы әлемдік
тарихтың, соның ішінде Шығыс тарихының да маңызды факторлары болды.
Біздің заманымыздың алғашқы ғасырлары Шығыста ежелгі әлеуметтік-
экономикалық және саяси құрылымдардың қирап, өтпелі формалардың пайда
болған уақыты болды, олардың дамуы ортағасырлық қоғамдардың
қалыптасуына алып келді. Ортағасырлық құрылымға тән дамудың күрделі де
көп қырлы үдерісі әр түрлі аймақтарда әр түрлі қарқынмен жүрді.
Сондықтан да Шығыстағы ортағасырдың басталуы әр түрлі елдерде әр түрлі
кезеңдерде орын алды
Еуропадағы капитализм генезисі мен буржуазиялық революциялар
еуропалық ортағасырлық қоғамның аяқталуын білдірген еді. Отандық
тарихнамада ортағасырдың аяқталу уақыты ретінде XVII ғасырдың
ортасындағы ағылшын буржуазиялық революциясы алынады. Алайда XV
ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында Батыс пен Шығыстың «қасіретті
кездесуі» іске асты, әлемдік тарихтың бүкіл барысы үшін маңызды
салдарларға алып келген бұл оқиғалар, екі аймақ халықтарының тағдырына
да ықпал етті. XVI ғасырдан бастап Шығыс өз эволюциясында суырылып
алға шыққан Еуропа державаларының сауда экспансиясы мен отарлаушылық
басқыншылықтарының нысанына айналды. XVI-XVIII ғасырлардағы сауда
және отарлық экспансия Еуропаның динамикалық дамуына қосымша
импульс бере отырып, Шығыстағы қалыпты тарихи дамуды үзді, Азия және
Солтүстік Африка елдерінің өзіндік даму үрдісін бұзды.
Шығыстағы ортағасырлық қоғамдар тарихының орталық мәселесі
олардың әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылымдарының сипаты
мәселесі болып табылады. Осыған орай тарихнамада бірнеше концепциялар
бар. Әлі күнге дейін бірқатар ғалымдар «азиаттық өндіріс тәсілі»
концепциясын жақтайды. Бұл тұжырымды жақтаушы ғалымдар капитализмге
дейінгі Шығыс қоғамдарының Батыс Еуропа қоғамынан өзгешелігін баса
көрсетеді. Өз кезінде К. Маркс енгізген бұл ұғым мемлекеттік өндіріс тәсілі
ұғымымен бір ұғым деп түсіндіріледі. Яғни Азия мемлекеттерінің өндіріс пен
қосымша өнімнің бөлінісі саласындағы ерекше функциясын, жеке меншіктің
әлсіз дамуын (немесе мүлде болмауын) Шығыс қоғамдарының басты
ерекшелігі ретінде көрсетеді.
Ал енді «ренталық өндіріс тәсілі» деп аталатын теорияны жақтаушылар
бұған мүлдем қарама-қарсы пікірді ұстанады, олардың ойынша әлемнің
капитализмге дейінгі барлық қоғамдарында жерге жеке меншік үстем болған.
Бірқатар ғалымдар үшін отарлау дәуіріне дейін «индустриялдық»
(капиталистік) даму жолына түспеген Шығыстың ортағасырлық қоғамдары
«дәстүрлі» қоғамдар болды. Оларға тән «дәстүрлі» формалар көптеген
Шығыс елдерінде қазіргі күнге дейін сақталып отыр. «Үлкен феодалдық
формация» концепциясын жақтаушылар да аз емес. Олар Шығыстың ежелгі
және ортағасырлық қоғамдарының типологиялық жағынан бірегейлігі
жөнінде айтады.
Алайда отандық және шетелдік ғалымдардың көпшілігі ортағасырлық
Батыс қоғамдары тәрізді, Шығыстың да ортағасырлық дамуының
«феодалдық концепциясын» ұсынады. Алайда Шығыстағы феодализмнің
дәлелі ретінде әр түрлі айғақтар келтіріледі, соның ішінде, қоғамның саяси
ұйымдасу
белгілері,
дәлірек
айтқанда
мемлекеттік
құрылымның
аморфтылығы (бостығы) және жергілікті биліктің күшті болу тенденциясы,
феодалдық жер иелігінің шарттылығы, феодалдар арасындағы жеке
байланыстар және т.б. «Феодалдық концепцияны» көптеген зерттеушілер
Шығыстың жекелеген аймақтары мен елдері бойынша нақты тарихы
материалдық негізінде дамытып отыр, ал бұған балама (альтернативті)
концепцияларға қатысты мұны айта алмаймыз.
Феодализм дегеніміз қоғам дамуындағы ерекше бір формация, яғни
кезең, ол дамудың белгілі бір деңгейіне негізделеді, және материалдық
өндіріс, экономикалық формалардың, мәдениеттің сипатымен ерекшеленеді
деген көқарас тұрғысынан қарасақ, ортағасырлық Шығыс қоғамдары
шынында да феодалдық болды деуге негіз бар. Сонымен бірге феодалдық
құрылымның жекелеген элементтері ежелгі дәуірде-ақ, негізінен ежелгі
дәуірдің соңына қарай пайда болғандығын мойындау керек.
Сонымен феодализм Шығыстағы көпукладты ежелгі қоғамдардың
орнына келген екінші антогонистік қоғам. Феодализм ұсақ, натуралды
өндіріс үстем болған қоғам. Бірақ бұл тезисті абсолюттендіруден аулақ болу
керек. Мұндай көзқарас феодализмнің «натуралды шаруашылық теориясын»
жақтаушыларға тән. Ортағасырлық қоғамдарда сондай-ақ тауар-ақша
қатынастары, сауда, ұсақ тауарлы қолөнер дамыды. Шығыстағы феодалдық
формацияның негізін, әлемнің басқа аймақтарындағыдай, феодалдық өндіріс
тәсілі (әлеуметтік-экономикалық базис) құрады, оған феодалдық кезеңге
ғана сипатты мемлекеттік саяси және заңдық мекемелер мен қоғамдық сана
формалары тән болған.
Шығыстағы феодализм концепциясын жақтау, әлемдік тарихи
үдерістің біртұтастығын жоққа шығармайды. Сонымен қатар бұл елдердің
экономикалық-әлеуметтік, саяси құрылымдарындағы, мәдениетіндегі
спецификалық ерекшеліктерді де ашып көрсету аса маңызды болып
табылады. Бұл ерекшеліктер ортағасырлық Шығыста ерекше формациялық
аймақ «шығыстық феодализмнің» қалыптасуына негіз болды. Мұның өзі
Шығыс пен Батыстағы тарихи дамудың әр түрлі нәтижелер беруіне алып
келген еді.
Алайда шығыстық формациялық аймақ бірқатар аспектілерде, ең
алдымен даму қарқыны бойынша батысеуропалық феодализмнен ерекшелене
отырып, өзара Шығыстың өзі де біртұтас болмағандығын байқаймыз:
жекелеген елдер немесе елдердің топтары субаймақтар құрғанын, бұл
аймақтар бір бірінен феодалдық формалардың пісіп-жетілуі бойынша және
бұл формалардың дамуы үшін қажет ішкі және сыртқы жағдайлары бойынша
да бір бірінен ерекшеленгенін көруге болады.
Шығыс, сондай-ақ, өркениеттілік аспектіде де сан-алуандығымен
ерекшеленді. Бұл жағынан да ол ортағасырлық Европадан ерекшеленеді
(Батыс Еуропа орта ғасырларда біртұтас христиандық өркениетке жатты).
Шығыстағы әртүрлі діни-мәдени дәстүрлер негізінде пайда болған өркениет
аймақтары формациялық субаймақтармен сәйкес келмейді. Олардың кейбірі
феодализмнің өзінен көп бұрын пайда болды (мысалы, Үнді
субконтинентіндегі буддистік және үнділік өркениеттер, Қытайдағы
конфуцийлік өркениет ежелгі дәуірде пайда болған), кейбірі орта ғасырдағы
тарихи үдерістердің өнімі болды (Таяу және Орта Шығыстағы мұсылмандық
өркениет, Үндістандағы үнді-мұсылмандық өркениет, Оңтүстік-Шығыс
Азиядағы үндістік және мұсылмандық өркениеттер, Жапония мен Оңтүстік-
Шығыс Азиядағы буддистік өркениет, Жапония мен Кореядағы конфуцийлік
өркениет).
Достарыңызбен бөлісу: |