«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет25/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   56
ҚазаҚ Өркениеті – ежелгі көшпелі өркениеттерден бастау алатын (сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, ортағасырлық түркілік дала империялары, Алтын Орда, Ақ Орда, т.т.), кейін қазақ хандығы уақытында қалыптасқан, түркі–соғды, түркі–араб синтездері нәтижесінде исламдық суперөркениеттің құрамына енетін этномәдени бірлестік. Қ. ө. үш үлкен өркениеттердің (православиялық, исламдық, конфуцийлік) тоғысқан жерінде орналасқан. Бұл ұғымның қалыптасуына “Дала өркениеті” деген түсініктің маңызы зор болды. Аталған ұғыммен қатар Қ. ө. кеңістігі “Орта Азия”, “Орталық Азия”, “Тұран”,, “Түркістан” сияқты терминдермен де бірегейлендіріледі. Қ. ө–нің төмендегідей белгілерін атап өткен жөн: а/ көшпелі өркениеттің мәдени негізіне ру–тайпалық одақ жатады; ә/ түркі тілінде сөйлеген тайпалар “түрік” этнонимі пайда болғаннан талай ғасырлар бұрын қалыптасқан, бұл қағида Орталық Азияны автохтонды түркі тайпалары мекендігінің бір дәлелі болып табылады; б / мұсылман дінін түркі тайпалары біртіндеп өз еркімен қабылдаған және бұл үдеріс Шыңғыс хан империясы тұсында баяулағанымен, түбінде табысты аяқталған; в/ ортағасырлардың соңынан бастап түркі тайпалары моңғолдық этникалық элементтерді өзіне сіңіре бастады; г/ XV ғасырда түркілік Орталық Азияда қазақ деп бұрынғы мемлекетінен бөлінген адамдарды айтты.
Қазақтың және оның ата–тектерінің әлемдік өркениеттілік дүниесіне қосқан басты құндылықтарына жататындары:

  1. Еуразиялық көшпелілер кеңістікті игеруде адамзат тарихындағы бірінші жетістікке жетті (К. Ясперс атап өткен жылқыны пайдалану).

  2. Номадтар адамдар мекендейтін қоршаған ортаны кеңейтті, шөл мен шөлейіттерді үйлесімді игере алды.

  3. Еуразиялық көшпелілер тарих катализаторлары (А.Вебер) қызметін атқарды, олардағы миграциялық үдерістер жаңа өркениеттердің қалыптасуының себебі болды (Үнді, Иран; Ғұн мемлекеті, Араб халифаты, т.т.).

  4. Ұлы жібек жолы және басқа да мәдени коммуникациялық жүйелер арқылы ілкі түркілер мен түркілер Батыс пен Шығыстың арасында дәнекерлік қызмет атқарды, олардың сұхбатына себепкер болды.

  5. Қазақтың арғы тектері әлемдік өркениеттіліктің шалбар, алдаспан, киіз үй, күйме, металл өңдеу, зергерлік, ұсталық сияқты артефактыларын алғашқылардың бірі болып енгізді.

  6. Түркілердің әмбебапты дүниетанымдық жүйесі – тәңіршілдік адамдық ынтымақтастық пен келісімділіктің маңызды формасы болды.

  7. “Адам бол!” ұстанымы, әлемді Жарық дүние деп түсіну, адамның көңіл–күйіне мән беру, ғарыш және басқа адамдармен үйлесімділікте болу, жасы келгендер мен баланы қастерлеу сияқты қазақ дәстүрлі әдебінің құндылықтары қазіргі руханиятта ерекше орын алады.

Зерттеушілер қазақ өркениеті тарихын хронологиялық және рухани–ділдік негіздерде қарастыра отырып, төмендегідей хронотоптарды атап өтеді: 1) сақ кезеңі; 2) кейін қазақ құрамына енген тайпалардың мемлекеттік бірлестіктері (үйсін, қаңлы, ғұн); 3) ежелгі түркілік кезең; 4) қарақандар мемлекеттілігі; 5) қимақ–қыпшақ кезеңі; 6) моңғол кезеңі; 7) моңғол империясы ыдырау кезеңі; 8) қазақ хандығы қалыптасуы кезеңі; 9) жоңғар басқыншылығымен күресу кезеңі; 10) Ресейдің отарлау кезеңі,11)кеңестік кезең, 12) ұлттық интеллигенция мен мемлекеттің қалыптасу кезеңі. Ал Қ. ө.–нің рухани мәдени типтеріне жататындары: мифология, Ренессанс, Жер ұйық, Зар заман, ағартушылық, ұлттық ояну, тоталитаризм мен маргиналдану, төлтума мәдениетті жаңғырту.
Тәуелсіздікке қолы жеткен Қ. ө. алдында ұлттық архетиптерді сақтай отырып, оларды қазіргі әлемдік өркениет құндылықтарымен үйлесімді ету міндеті тұр. Қазақстан үшін бүгінгі ғаламдану дәуіріне аяқ басар тұста глобализация желеуімен кіріп жатқан, мәдени төмендеуге ұшырататын көптеген діндік, ділдік ықпалдар шырмауында қалып қою қауіпі бар. Бүгінгі таңда қазақ мәдениеті өркениет аясындағы ұлт дәстүріне негізделген жолмен немесе бұқаралық мәдениет үрдісімен жүру жолын таңдауы қажет. Қазіргі қазақстандық мәдениетте екі субмәдениет (қазақтілді және орыстілді) бар екендігі белгілі. Бұл типтіік айырмашылықты дұрыс қолдану Қ.ө–нің мүмкіндіктерін арттырады. Өйткені орыстілді субмәдениет Батыс пен Ресей жетістіктерін тиімді қабылдауға икемді болса, төлтума мәдени тип құндылықтар сабақтастығының кепілі болып табылады. XXІ ғасырда болашағынан үміт күттіретін өркениет пен оның теориясы партикулярлық ұстанымдарға сүйенбеуі қажет. Тек ашық, сұхбатқа икемді, басқалармен үйлесімді этноөркениет қана заман талаптарына сай бола алады. XІX ғасырда Батыс үстемдік етсе, XX ғасыр капитализм мен социализмнің текетіресі түрінде болды, ал XXІ ғасырда ахуал өзгерейін деп тұр. Әлем сахнасына С.Хантингтон жіктеген басқа да суперөркениеттер шығуы мүмкін.. Н.Ә.Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабында мәдени дамудың модельдері (үлгілері) де қарастырылады. Президент ұлттық–өркениеттік жүйелердің сұхбаты жағдайында қазақ мәдениетінің бірегейлік жетекші қызметі арқылы мәдениеттердің синтезі идеясын ұсынады.
Тоталитарлық мәдениеттен кейінгі Қ.ө–де ұлттық ренессанс идеясы басқа да ТМД елдеріндегідей өзінің күрделілігімен көзге түседі. Көптеген архаистік мәдени бағдарлар (магия, хиромантия, гороскоптар, жалған діндарлық) көрініс тапты, қоғамда жаңа идеялардың аздығынан Ресейден, АҚШ–тан, Еуропадан, Қытайдан, мұсылман елдерінен алынған “дайын үлгілер” көбейіп кетті.. Мәдениеттегі кейбір қайраткерлер бүкіл мәдениетке музейдегі экспонат сияқты қарады, мәдени тұлғаларға инвентаризациялар жасау олардың басты қызметіне айналды. Мерейтойлар, ежелгі оқиғалар, батырлар, хандар, т.т. – басты мәдени тақырыптарға айнала бастады. Тек өнеркәсіп өнімдері ғана емес, сонымен бірге мәдени идеялар да “импорттан” алынды., Қазақ мәдениетінің қазіргі күрделі болмысы мен оны ары қарай дамыту жобалырына қатысты терең ойлар Елбасының және басқа да саяси қайраткерлердің еңбектерінде айтылған. Олар тек саяси мүдделіктен туындамаған, халық тағдырына қатысты шынайы толғаныстан түйінделген. Өркениеттік үдерістердің тенденциялары мен мәнісін ашу қашан да ауқымды мәселе болып табылады. Бұл сипатта өзгермелі қоғамдағы жаңашыл мәдени феномендер өз талдауын күтіп отыр. Айталық, ғаламдану үрдісіндегі индивидуалистік бастаулар; дәстүр, жаңашылдық және маргиналдық; мәдени инфрақұрылымдардың үйлесімдігі мен тиімділігі, нарық және мәдениет, виртуалды шындықтағы мәдени өзгерістер, мәтін және оны түсіндіру, симулакрум мәселесі, т.т. XX ғасыр мен XXІ ғасыр арасында БҰҰ адамзат үшін жаңа өркениеттілік құндылықтарын ұсынды. Олардың арасында елдерді адамдық даму индексі бойынша салыстыру, орнықты даму ілімі, мәдени диалог пен төзімділік, бейбітшілік мәдениетінің маңызды рөл атқаратыны белгілі.

Ғасырлардың талай қыр–сырларынан өткен Қ. ө –н ертедегі грек мифологиясындағы өзін–өзі жағып жіберіп, сол күлден қайта тіріле беретін қасиеті бар қиял–ғажайып құс – Феникспен теңеуге болады. Әлемдік өркениеттің ең ертедегісінің бірі Шумерден бастау алатын, сақтар, кейін ғұндар арқылы дүниенің жартысында ізін қалдырған, орта ғасырларда мәдениеттің тамаша үлгілерін адамзат қорына қосқан Кіндік Азия — әлемдік өркениеттілік қайнарларының бірі.




Қазақтану.Қоғамы мен әлеуметтің дамуын адам сапасының ішкі табиғатына, ел дәстүрі мен ұлттың өзіндік санасына қатысты пайымдайтын кешенді көзқарасты Еліміздің егемендігі қазақты танудан, қазақ болудан және қазақтыққа жараудан құралмақ, осы кезеңдерге тарихи, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан беретін бағалаудан қуат алмақ. Халқымыздың болмыстық, әлеуметтік және субъективті кезеңдері еліміздің рухани мәдениетінің мәртебесін көтермелейтін өлшемдер, ұлтымыздың өркениеттік арқауын ширататын бағыт–бағдарлар.
Ұлттық болмыстың табиғатын дұрыс түсіну үшін, ұлттық идеяның, ұлттық мүдденің және ұлттық дамудың этномәдени тәжірибелерін, олардың өзектілігін көре білу шарт. Осы үштіктің – ұлттық идеяның, этномәдени тәжірибенің, тарихи–мәдени қозғалыстың бастауын, олардың өзіндік бағдарын зерттейтін білімдер жүйесі әрі олардың танымдық және мәдени мәйегін межелейтін этнометодологиялық концепцияны қалыптастыру да қажет. Этномәдени тәжірибе Қ. Х.–ың онтологиялық, әлеуметтік, антропологиялық мәселелерін қамтиды, этнометодологиялық концепция Қ. Елінің тарихи бастаулары мен рухани әлемін қарастырады, оның саяси–практикалық мәселелерін шешуге бағытталған. Қ–нудың мазмұны тарихи–мәдени кезеңдердің өзара ықпалында қалыптасады, елдегі еркіндіктің, естіліктің, ерліктің сапалық өлшемдерінен құралады.
Тәуелсіздігін алған жас республикадағы Қ. ұлттық сана–сезімді, ұлттық намысты, ұлттық мүддені қалыптастырудың бастауына және оның әдістемелік құралына жатады; Қ–дың тарихы мен өмір–салты туралы біржақты түсінік пен тар көзқарастардан арылудың бағытын құрастырады; жаңа дәуірдің, демократиялық қоғам мен нарықтық қатынастың мәдени өлшемдерін қазақ жеріне енгізудің жүйесін ықшамдайтын кешенді ізденісті құрайды; еуразиялық идея мен өркениеттің ұлттық моделін қалыптастыруға рухани демеулікті ұйымдастыратын бет–бұрыстың бастауы.
Қ. дегенде алдымен: а) Қазақстан республикасының болашағын болжайтын, оның қоғамдық түрлену жүйесін түсіндіретін кешенді көзқарасты, ә) тәуелсіз елдің ішкі және сыртқы эволюциялық жаңаруын саралайтын ұлттық сана–сезімнің түйіні мен жетілген дәрежесін, б) азаматтың ұлыстық, ұлттық үйлесімділігін қадағалау деңгейін, в) ұлттық мәдениеттің астары мен арқауын өркениет өрісімен ұштастыратын әдістемелі құрал деп ұғамыз. Қ. – тарихи, әлеуметтік, саяси, этникалық, көркем–әдеби, философиялық және т.б. көзқарастарды жинақтайтын дүниетанымдық–мәдени ұғым.
Қ–дың құндылығы – а) ұлттық қимыл–әрекетті реттейтін және жүзеге асыратын бағдарында; ә) ізгілік білімін толықтыруда және кісілік қасиеттің құнын арттыратын күйді қалыптастырып, топтастыруда; б) күнделікті қимыл–әрекетті әлеуметтік бағдармен үйлестіретін ерікте, сол ерікке өзіндік демеулік ендіретін әрекетте. Қ–дың нақты салалық, мәдени және тарихи объектілері: Қ–ң биологиялық құрылымы мен тіршілігі, әлеуметтік бейнесі мен белсенділігі, ұлттық салт–дәстүрлері, кісілік қасиеттері, оның басқа халықтардан ерекше құндылықтары. Әңгіме а) білімнің, дәстүрдің, өнердің, саясаттың өзара ықпалдастығы, ә) күрделі құбылысты басқару, б) өзімізше өмір сүру тәсілі, в) ұлттық мәдениетті дамыту туралы болуда. Қ–дың өміршеңдігі оның болмыстық және танымдық қос бастауларында.
Қ–дың болмысы – ұлттық мүдде мен қоғамдық сұраныстың қажетінен туындайды, үлттық мәдениет көріністері мен өркениетті қозғалыстар қарқынынан құралады. Қазақтың индивидуальды және этникалық болмысы географиялық, биологиялық, әлеуметтік өзгерістерден нәр алады. Қ. белгілі бір табиғи және рухани кеңістіктегі түрлі ұлыстар мен халықтар болмысынан тұтастық пен тұрақтылықты іздейді, тіршіліктіктің тиянақты бағдарын қалыптастыратын этностың, ұлттың тарихына, тіліне, ойлану жүйесіне, мәдениетіне, олардың ортақ және өзекті мәселелеріне әдістемелерді жүйелейтін бағытты ұстайды. Қ. ұлттық болмыстың көрінісін бейнелеу, түсіндіру, жасау, толықтыру; осы танымдық және практикалық жаңаруға қатысты бақылайтын жүйені және бақылаушы жүйені қамтиды; өзара салыстыру және сабақтастыру арқылы қазақты өзіне және өзгеге танытудың арнасын жетілдіреді. Ұлттық мүдденің қағидалары – өмірдегі бірлік пен бітім, ойдағы келісім мен көрегендік, тілдегі нақтылық пен дәйектік, мәдениеттегі жарасымдылық пен жетістік.
Қ. – адамтану, яғни ел азаматтарының қазақты тануы, қазақ болуына, қазақтыққа жарауына жол ашу, осы үлгілерді, өнегені жинақтау, саралау және тарату; қазақтың өзін–өзі тану және өсіп–өну жолдары мен мүмкіндігін жинақтайды; өмірдің әлеуметтік және мәдени өлшемдерін үйлестіретін және сол қозғалысты қолдайтын бастама, осы ұстанымдардың әлеуметтік бағдарын және мәдени ұстанымын марапаттайды. Қ– дың мәдени арқауы, а) адамның сезімдік еркіндігіне тұсаукесер, жан бостандығына шоқтық, б) адамның рухани және өндіргіш қабілетін қарқындатуға қызмет етеді, в) белсенді адам мен топтың өзіндік ерекшелігін сақтайтын тетік, г) мұра мен межеге жаңа көзқарасты, амал–әрекетті алға тарту.
Іргелі тұрғыдан қарастырсақ Қ.: а) ҚР–ң болашағын болжайтын, оның қоғамдық түрлену жүйесін түсіндіретін кешенді көзқарас; ә) тәуелсіз елдің ішкі және сыртқы эволюциялық жаңаруын саралайтын ұлттық сана–сезімнің түйіні және жетілген дәрежесі; б) азаматтың ұлыстық, ұлттық үйлесімділігін қадағалауға мұрындық; г) ұлттық мәдениеттің астары мен арқауын өркениет өрісімен салыстыруға ұйытқы. Қ–дың принципі – түрлі білімдердің көшірмесі емес, ұлттық мұра мен бейнені мүсіндейтін кешенді де қосалқы тәсілдерді мәдениетпен үйлестірудің үлгісі мен бағыты. Ұлттық мәдениеттің адамзат өркениетіндегі орнын немесе мүмкіндігін анықтау – теориялық маңызды мәселе, тарихи тың бетбұрыс және практикалық өткір мәселе. Ұлтымыздың болмысы туралы тарихи, саяси, экономикалық, әдеби–көркемдік және тағы басқа талдаулар ол туралы тұтас ұғымды қалыптастыра бермейді. Қ. – жалпы игілікке бағдар және идеялық үлкен бетбұрыс.
Қазақстан үшін Қ. – жаңару философиясы, қазақтың өз тарихымен, тілімен, ділімен табысу идеясы, қазақ халқының өзін таныту тәсілі.. 1. Қ. идеясын ҚР тәуелсіздігін алғанда, қазақ ұлты тәуелсіз республикасын, өз мемлекетін құрғанда көпшілікке ашық жариялау тегін емес. Әлеуметтік–саяси мәселелер осы екі өлшем арқылы сарапталынды. 2. Қ–ң мазмұны қазақтың тұлғалық тұтастығы мен елдік егемендігінің дәрежесімен салыстыра анықталды. Қазақтың адамдық қасиеттері мен елдік болмысының арақатынасы қазақ халқының егемендігін қалыптастырды, оның туған жердегі беделін арттырды. 3. Қ. – атамекенінде өсіп–өнген азаматтың, өз елін сүйетін патриоттың кәмелетті жады және ар–намысы. 4. Қ. – осы үштіктің тарихи қалыптасу кезеңдері, өзара үйлескен ұлттық ділі, қазақи құндылығы, осы бағыттағы әлеуметтік белсенділік пен мәдени жетістердің өзара ықпалдастығы туралы білімдер жинағы.
Қ. проблемасын теориялық және тарихи тұрғыдан қарастырудың маңызы: а) талқылайтын проблеманы қоюдан және оны шешудің жолын белгілеуден, ә) ұлттық мәдениеттің жалпы негіздерін айқындаудан, б) қазақ болмысының болашақтағы орны мен рөлін анықтайтын талпыныстан, в) ұлттық идея мен қоғамдық сананың этностық қарым–қатынас шеңберіндегі қызметінен білінеді. Қ. – ғылыми және көркемдік зерттеудің маңызды объектісі. Оны адам өмірінің маңызды жағы және амалы ретінде ұлттық бағдарға айналдыру – бірден–бір қажеттілік. Қ. Ілімі: а) Қазақстанның даму моделін жасаудың бастамасына жарамды. ә) білімдік саламен шектелуге, көзқарастағы идеялық және әдістемелі дағдарысқа қарсы; б) қоғамды, елді, ұлтты, оның азаматтық бағдарын зерттеудің мотивтік жолы мен қазақстандық моделін жүйелеу; в) ұлттық рух пен әлеуметтік–этникалық психологияның тигізер үлесін арттырады; г) еліміздегі әлеуметтік оптимизм идеологиясын қолдау; д) ұлттық мәдениеттің межесін сапалы талдау үлгісі мен үрдісі.
Қ–дың гносеологиялық, әдістемелік және мәдени шарттары өзара үйлеспегендіктен, адам болмысы туралы танымда қайшылыққа толы көзқарастар моделі қатар өрбіп, сыңаржақтылық аяқтан тартпақ. Қ. әр мамандық пен мәдениеттің өкіліне ашық жүйе, тарихи түсінік пен теориялық бағдардың үйлес, тұтас қалыптасуына демеулік.. Олай дейтініміз, Қ: а) проблеманы адамгершілік және этномәдени өлшемдерімен саралайды; ә) ғылыми және мәдени жетістіктерді мұра, меже және әдістемелік үлгінің өрісі ретінде қарастырады; б) ғылыми тұжырымдарды этномәдени үйлестік санатында және өркениеттік өлшемнің ыңғайында қолданады.

Қар. Ж. Молдабеков Қазақтану. А.,2003; Ж. Молдабеков. Қазақтану және жаңару философиясы, А.,2009




Қазақтың тарих философиясы – Тарихи,өмірбаяндық негіздерге сүйенген– шежірелік, қоғамдық әлеуметтік үдерістер баяны өткен кезеңдерге деген халықтық көзқарастардың және тарихи түсініктердің негізін құрайды, мұсылмандық ренессанстан кейінгі тарихи–көркем сана мен дүниетанымдық–рухани мұралардан құралады. Оны халқымыздың нақты іс–әрекеттері мен оқиғаларының бағыты, әлеуметтік тәжірибесінің тетігі мен түрі, шебі мен деңгейі деп ұққан абзал. Ауызекі таралған мұралар ұзақ уақыт бойы жинақталынбай мәліметсіз қалды әрі философиялық–әдістемелік талдаудан өтпей өз жанрлық ерекшелігін таппады. Қазақтың, жалпы түрік халықтарының тарихи санасы біржағы отаршылдық қысымда, біржағы сол қысымға қарсы күресте және көрші елдердегі қандастарын өзіне тарта білген әрекетте қалыптасты. Кең мағынада, халықтың тарихи санасы оның жадында сақталған оқиғалардан, өзіндік еркіндік пен бітім үшін талпыныстан, азаттық үшін қозғалыстағы жауапкершілікті өзіне қабылдау тәжірибесінен қалыптасты. Мұнда оқиғаларды аңыз–әңгіме, хикая арқылы баяндаумен қатар, олардың қозғаушы күштерін, әлеуметтік бірлестіктердің өзіндік санасын және қарым–қатынастың үйлестігін әспеттеу алдыңғы қатарға шығады. Туған жерінде өсіп–өнген ұрпақтың кең байтақ кеңістіктегі «өзіндік» үні қазақтың дастандарында әрқалай өріс алды. Ал Өтеміс қажының «Шыңғыснаме», Захир ад–Дин Бабырдың «Бабырнама», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих–и Рашиди», Әбілғазы Баһадурханның «Түрік шежіресі», Қадырғали Көшімбекұлы Жалайырдың «Жамиғ ат–тауарих», Құрбанғали Халидтің «Тауарих–и хамсайи шарқи» еңбектерінде қазақ халқының тарихи шежіресі мен санасының үрдістері, ділі мен әлеуметтік–психологиялық ойлары әрқалай өрбітіледі. Материалдар ата–бабалардың ерлік харекеттерін, халықтың тарихын аңыз–әңгіме, өлең, жыр түрінде әңгімелейді, халықтың ой елегі мен талдауынан өтеді. Дастандар ХҮІІІ–ХХ ғғ. басында хатқа түсіп сақталғандықтан, халықтың әдеттік–құқықтық нормалары және билік қатынастарының идеологиялық ескерткіші болып қалуымен құнды. Шығармалардың құндылығы – тарихи материалдардың (фактілердің, оқиғалардың, түсіндірмелердің) дәлдігі мен толықтығында, мәліметтердің үйлесімділігінде; әрбір ханның саяси–әлеуметтік мәртебесін нақты тарихи жағдайға орай кеңірек жеткізуге мән беруінде; түркі, араб, парсы халықтарының тарихи–этникалық дәстүрі мен құндылық бағдарламасын кенірек жеткізуге мән берілуінде. Дастандардың нақты авторлары болса, олар көп тілді және заманындағы шығыстың көптеген әдебиеттері мен мәдениетін білген мұрагерлер, әлеуметтік–гуманитарлық ғылымдарды терең меңгерген ғұлама–ғалымдар, сол ірі оқиғаларға қатысқан қайраткер ірі тұлғалар. Олар «түріктің ата тегін» сабақтағандар. Мысалға, Әбілғазы Баһадүрхан «Түрік шежіресін» жазғанда оның қолында 18 жазба дерек болған. Осы кітапты жазуға көмектескен өзінің мына үш қасиетін бекер айтпағандай. Олар: а) әскерге қолбасшылық етуі, заң шығаруы, билік ісін игеруі, жаумен де, достармен де ортақ тіл табыса білуі; ә) араб, парсы, түрік тілдерінде өлеңмен жазудың барша түрлерін – меснеби, қасиди, ғазелдер, мюк–татар, рубайларды меңгеруі; б) Арабстан, Иран, Тұран, Моңғол елінде болған хандардың аты–жөнін, өмір сүрген кезін, мемлекетті басқару ісін және осылар жөніндегі оқиғаларды жақсы білуі. Бұл қасиеттер жоғарыдағы ғұламалардың бәріне де тән ерекшеліктер. Олар ата–бабалар мен ру–тайпалардың шежірелерін өздерінше ширатып, қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы этникалық бірегейлік пен тұрмыс–салттық, әулеттік үрдістердің рөлін айқындайды. Баяндаушылар болған, не болуы мүмкін, нақтылы хронологиялық тұрғыдан тіркелген оқиғалар мен құбылыстарды қалай баяндаса да, адамзат тарихының іргелі заңын бұзбайды. Аталынған еңбектерде: а) алуан адамдардың аты–жөні мен жер–су аттары, сондағы түрлі оқиғалар қамтылады; ә) әрбір оқиғалар айтушының өз көзімен көріп, анық–қанығына жеткен жайттар немесе орта ғасырлардағы тарихшылардың деректерімен салыстырылып, көбінесе «әңгіме», «хабарлау» сияқты ауызекі дәстүрде мазмұндалады. Әр жағдайда тарихи сананың үш бітімін – адами–өмірбаяндық есті, шежірелік (генеалогиялық) және тарихи жадыны (Т. Ғабитов) жаңғыртады. Рухани жаңғыруға және мұсылмандыққа бет бұрғызған жүйелі ізденістер қазақтың тарих философиясының арқауын құрайды.
ХІҮ–ХҮІІІ ғғ. қазақ хандығын құрудың рухани–саяси негіздері мен рухани–шипагерлік дәстүрлері тамыр жайды. Рухани–саяси негіз ұлыстардың шежірелік, тарихи, исламдық түп–тамырына, мемлекетаралық факторларға сүйенсе, рухани–шипагерлік дәстүр халықтың даналығын, салауатты өмірін, жан мен тән тазалығын сақтайтын тәжірибені тірек етті. Бұл кезеңде үш арна – адамгершілікке тұлғалық ұмтылыс, саяси өмірдің келбеттенуі және мемлекеттік шеңберде этно–әлеуметтік қозғалысы нышан алады. Қазақ философиясы тарихының осындай жаңа арнасы мен ұлағат тұтарлық ұстанымы хандық дәуір туралы кең мәлімет қалдырған Мұхаммед Шайбанидің «Тауарих–и гузидайи нусрат–намедан» («Жеңістің таңдаулы күндері кітабы»), «Тарих–и амнийаға» («Аманшылық тарихы») дейінгі он жеті жазба ескерткіштерде жалғасын тапқан. Бұл қолжазба ескерткіштер қазақ халқының өзіндік санасының қалыптасу айғағы. Ондағы бас тақырыптар – билікке қол жеткізу, оны жүргізу, хандықтың белгілі бір аймақпен байланысын тарихи ұғыну, қазақ ру–тайпаларының әрі көрші хандықтар арасындағы дау–жанжалдарды шешу мәселелері, ата–бабалар мен елдер арасындағы беделді, мұсылмандық тектілік пен құқық дәстүрін сақтау жолдары. Деректанушылық ғылымның жетіспеуінен ауызша және шет тілдердегі тарихнаманың мәліметтерін жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау, оларды тарихи зерттеулерде қолдану принциптерін даярлау жұмыстары баяу жүргізілуде. Баяндаушылардың тілі қарапайым, сөйлемдері нақты, қысқа әрі ұғымды, халықтың сөйлеу тіліне бейімделген. Оқиғалар еуразиялық, орта азиялық кең кеңістікті және елдік пен мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін қамтиды. Оқиғалар түрлі түсініктер салыстыра қарастырылады.
Қазақ тарихы философиясның жаңа рухани бастауы мен арқау–астары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген шығармаларда әрқалай тарқатылды. Қытай, араб, моңғол, түрік, парсы, ағылшын, орыс және т.б. тілдерден аударылған жаңа басылымдарда тарихи–көркем түсіндемелер әлеуметтік–мәдени феномен ретінде көрініс табады. Шығармаларда оқиғалардың себептілік тәуелділіктері, тарихи уақыт шеңбері және әлеуметтік өзгерістер аумағы толық, айқын көрсетіле бермесе де, мұндағы тарихи талғам мен талдаулар тың және тұрлаулы. Олар: а) адамның рухани болмысын исламдық–философиялық тұрғыдан пайымдайды; ә) халықтың әлеуметтік субъект ретінде қалыптасуы мен мәдени–тарихи үрдіске ену түрлерін сипаттайды; б) өткен шақтағы ұзақ мерзімділік пен осы шақтағы ағымдылық, беймазалық оппозицияның түп–тамырын білдіреді; в) ұлттық нышан мен ұлттықтан тыс, бөтен байланыстарды сараптайды; г) әлеуметтік–этникалық қауымдастықтардың ерекшеліктерін тұрақты және салыстырмалы түрде қисындап түзейді. Қазақтың тарихи–көркем санасы қандастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді егу арқылы ұрпақтардың этникалық өзіндік сана–сезімінің қалыптасуына демеулік етеді. Қазақтың өзіндік тарихи санасы басты үш фактордан – рухани дүние негізінің бір бағытта өрбуінен, мемлекеттік тәртіптің белгілі бір заң түрінде нығаюынан, халық бірлігінен, оның этникалық дәстүрінен күш–қуат алады. Ұлы ойшылдарымыздың тұрақтылық, имандылық, ізгілік, елдік туралы идеялары мәңгі гуманитарлық құндылықтарға жатады.
Тәуелсіздік алғалы егемендікті, еркіндікті, елдікті нығайтатын, насихаттайтын жаңа тарихи кезең басталды. Ұлттық мемлекетіміздің жаңа дәуірін жасау және талдау – алдағы іргелі міндет. Десекте, ұлтымыздың ауқымды дәстүрлері мен өзге халықтардың сырын ұғып, әр дәуірдің мәдениетін қайта жаңғыртып, өрлетуге жол таба білсек, онда халқымыздың тарихи санасының үрдістері сабақталмақ, әрі заманымызға сай өмір сүре алмақпыз. Тарихи сана мен жеңісті тәжірибенің, халық бірлігі мен ұлттық тарихтың ірі сабақтастығы осыдан табылады.
Әдебиет: Қазақтың тарих философиясы. Астана, «Аударма»,2006; Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. Ү т. А., «Дейс–Пресс» 2006


ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ – ұлттык сахналык өнер саласы. Қазақ кәсіби театр өнерінің қайнар көзі халық шығарм–ғына (әнші, ақындар айтысы, шешендік өнерге), ежелден келе жатқан әдет–ғұрып пен тұрмыс–салтқа (беташар, бәдік, жар–жар, жоқтау, коштасу, қыз кәде, шілдехана), ойын–сауық (алтыбақан, қызойнақ, қынаменде, ортеке, судыр–судыр) пен Алдаркөсе, т.б. секілді күлдіргі қулар өнеріне саяды. XVIII және XIX ғ–да қулар мен "шаншарлар" өнері халық арасына кең тарады. Қу немесе қуақылар өз өнерлерін дәстүрлі мереке–жиындарда, той–тамашаларда, шілдехана мен жәрмеңкелерде, халық думандарында көрсетіп отырған. Олар сараңдық, екіжүзділік, жалқаулық секілді жат мінездерді мысқылдап аяусыз ажуалап отырды. Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, т.б. актерлер өз ойындарында халық қуларының бай тәжірибесін мол пайдаланды. Қазіргі қазақ кәсіби театрының тарихы XIX ғ–дың 2–жартысынан басталады. 1859 ж. Оралда, 1869 ж. Орынборда, 1875 ж. Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланып, жұмыс істей бастады. 1890 ж. Семей қаласында "Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы" ұйымдастырылды. Алғашқы драм. шығармаларда Г.Д. Гребенщиков "Жақсы жігіт" пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П. Анненкова–Бернар ұлттык дастан негізінде 1908 ж. "Бекет" атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды. 1911–12 ж. Шымкент, Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Астана), Қостанай, Петропавл, Орал мен Семей қалаларында ойын–сауық үйірмелері ұйымдаса бастады. 1913 – 14 жж. Семейде қазақ мұғалімдері мен оқушы–жастар бірлесіп, "шығыс кештері" деген атпен ойын–сауық кештерін ұйымдастырды. Ұлттық театр өнері тарихында мәні зор ойын–сауықтар қатарында: Абайдын кайтыс болғанына он жыл толуына арналған әдеби, этногр.–муз. Кеш (1914), "Біржан – Сара айтысы" (1915, екеуі де Семейде) және "Қазақша қыз ұзатудың" (1915, Атбасарда) сахнаға лайықталған нұсқасын атауға болады. Осы жылдары ұлттық драматургияның алғашқы туындылары жазылып, баспа бетін көрді әрі оның бірқатары әуесқойлар күшімен сахнада қойылды. Б.Серкебаев ("Бақсы", "Ғазиза", т.б.) пен И.Мендіханов ("Малдыбай", бәрі де 1912) тұңғыш пьесалар жазды. 1917 ж. маусым айында Ойқұдык жайлауында (қазіргі Шығ. Қазақстан обл. Абай ауд.) М.Әуезовтің "Еңлік – Кебек" трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік етті. 1918–24 ж. Ақмолада (қазіргі Астанада), Әулиеатада, Көкшетауда, Орынборда, Ташкентте, Түркістанда және Шымкентте көптеген қазақ драм. үйірмелері ұйымдастырылып, Ж.Аймауытовтың, Әуезовтің, М.Дулатовтың, Е.Ерданаевтың, Қ.Кемеңгеровтьң, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннін, Серкебаевтың драм. шығармалары сахнаға шығарылды. 1925 ж. Қызылорда қ–нда тұңғыш кәсіби ұлт театрының ұйымдастырылуы Қазақстанның мәдени тарихында мәні зор оқиғаға айналды. 1928 ж. Қазақ драма театры республиканың жаңа астанасы Алматыға көшіп келді. Әсіресе осы кезеңдегі Қ. т. өнерінің қалыптасуы жолында Әуезов драматургиясы мен Шаниннің реж. қызметінің мәні зор болды. Әуезовтің "Қарагөз", "Қара қыпшақ Қобыланды", "Абай", "Айман – Шолпан", "Түнгі сарын", т.б. драм. шығармалары театр репертуарын жандандыра түсті. 30–жылдардың бас кезінде Алматыда (1927 – 28), Риддерде (1930– 33) және Қарағандыда (1932 – 34) Жұмысшы жастар театры құрылды. Бұларды ұйымдастыруға К,.Бадыров, К.Қармысов, С.Телғараев, т.б. көп еңбек сіңірді. Соғыс жылдары Қазакстанға келген Ю.А. Завадский, В.П. Марецкая, Н.Д. Мордвинов, Н.И. Сац, Н.М. Ужвий, Г.П. Юра, т.б. көрнекті театр қайраткерлерімен қазақ өнер шеберлерінің өзара шығарм. қызметі сахналық шеберліктің кемелденіп өсуіне, жалпы рухани мәдениеттің дамуына игі ықпал етті.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.


Қазақтың кәсіби философиясы әлемдік философияның принциптері мен заңдылықтарын меңгеріп ХХ ғ. екінші жартысында қалыптасқан ғылыми жүйесі. мемлекеттік университетте, Москва мемлекеттік және басқа одақтық республикалардың университеттерін бітірген кәсіби маман философтар білімнің де, шығармашылық ізденістің де кәсібилік деңгейін көтерді; философияның теориялық және әдіснамалық проблемаларын кеңінен зерттейтін ғылыми институт жұмыс істеді. Республикалық философтар қауымдастығының қарастырған проблемалары ауқымды, әр алуан, оның нәтижесі толымды және тиянақты. Алғашқы шығарм. топ диалектикалық логиканың ұғымдық–категориялық негіздері мен теориялық принциптерін жемісті зерттеді (Ж. Әбділдин, А. Қасымжанов, Ә. Нысанбаев, М. Орынбеков, М. Сәбит, Қ. Әбішев, А. Хамидов және т.б.); Әл–Фарабидің есімі мен ілімін әлемге паш еткен шығармашылық топ қалыптасты (А. Машани, А. Қасымжанов, М. Бурабаев, С.Сатыбекова, Г. Құрманғалиева және т.б.): ғылымның философиясы мен методологиясы әр салада, әр деңгейде сарапталды (Ж. Әбділдин, Қ. Рахматуллин, Ә. Нысанбаев, А. Косиченко, Р. Қадыржанов, М. Изотов А. Асаров т.б.); қоғамның әлеуметтік–этникалық және саяси мәселелері ХХ ғ. ыңғайына орай талқыланды (Д. Кішібеков, Б. Амантаев, Н. Сарсенбаев, М. Аженов, В. Черняк, А. Тұрғымбаев т.б.); ұлтымыздың болмысы, идеясы, құндылықтары, олардың әлемдік мәдениеттегі орны көрсетілді (Н. Жанділдин, Д. Кішібеков, М. Сужиков, Ә. Нысанбаев, А. Айымбетов, А. Айталы, С. Ақатай, С. Темірбеков, Г. Малинин, Т. Ғабитов, М. Хасанов, Ғ. Есім, Ж. Молдабеков, Н. Байтенова, С. Нұрмұратов, Н. Шаханова, Д. Раев және т.б); қазақ философиясының дүниетанымдық және тәрбиелік маңызы, халықтың өзіндік санасы әр қырынан философиялық сараптаудан және қарқынды талдаудан өтуде (А. Қасабек, О. Сегізбаев, Ж. Алтаев, С. Орынбеков, Ғ. Есім, Ж. Молдабеков, Т. Ғабитов, С. Нұрмұратов, Т. Рысқалиев, Ғ. Нұрышева және т.б.); халқымыздың және философияның этикалық және эстетикалық ағымдары Ғ. Ақмамбетов, Б. Қазыханова, Қ. Нұрланова, А. Тайжанов еңбектерінде ұлттық сипат алды; шетел философиясының өзекті мәселелері, соның ішінде батыс бағдарын Ж. Әбділдин, Г. Соловьева, Б. Нұржанов, Ә. Нысанбаев, Р. Қадыржанов, ал шығыс дәстүрін зерттеуде – А. Қасабек, А. Хамидов, Ж. Молдабеков өз үлестерін қосты; дін, ислам және еліміздің рухани мәселелерін әр кезеңде Қ. Шүлембаев, А. Артемьев, Б. Құдайбергенов, А. Косиченко, Ғ. Есім жаңа деңгейде көтерді, ал түрік мұсылман философиясы концептуалды деңгейде нәтижелі зерттелуде (Ә, Нысанбаев, Д. Кенжетай, Н. Аюпов, Т. Ғабитов, Н. Байтенова). Осы аталынған философтардың басым көпшілігі «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша әлемдік философияның 20 тт., қазақ халқының философиялық мұрасының 20 тт., аль–Фарабидің 10 тт. дайындауға және баспадан шығаруға тікелей атсалысты. Қазақтың философиялық ой–санасында әлеуметтік, антропологиялық және гуманистік бағдар (Ә. Нысанбаев, Д. Кішібеков, М. Изотов, және т.б. еңбектерінде) жаңа идеялық арнасы мен өрнегін тапты. Қазақ философтары қоғамдағы құбылыстарды түсіндіргенде, олардағы қайшылықтардың шешімін табу жолында өзара түсіністік пен өзара сыйластық идеясын жетекші принцип ретінде қабылдады. Жаһандану процесінде адамның әлемге қатынасының қандай деңгейі, қандай сипаты тұлғаны және жалпы қоғамдық ортаны дамытуға, жетілдіруге себепкер болатындығы көптеген зерттеулерде тұжырымдала бастады.


Қазақ ырымы – дәстүрлі мәдениеттің маңызды ұғымы; дүниетаным мен әдет–ғұрыптың кие тұту мен нанымдардан өмірді қасиеттендіруге, құдіретке табынуды, рәсім–салтты қисындауға, құрылған ғұрыптық амалдың түрі. Қ.ы. – жақсылыққа сену, үйлестікті күту, жаратаушының ырқына бағыну, жақсы ниетпен бақытсыздықтан құтылу, нанымдардан тұрады. Ы–ң түрлері әдет–ғұрып пен наным–сенім түрлеріне, шаруашылықты жүргізу тәжірибесіне орай жаңарып, жетіліп тұрған. Мыс., нәрестенің кіндігін жаны жақсы адамға кестіру, баланың тұсауын жүйрік, немесе беделді адамға кестіру. Жеміс ағаштарының жемістері мол болсын деп, балаларының қырқылған шаштарын суға араластырып, сол сумен ағаштарды суғаратын болған; босағадан енді ғана аттаған жас келінге енесі жаңа тірлікті жатсынбай, үй шаруасына, әсіресе ас дайындау ісіне адалдықпен әрі тез кіріссін деген ырым мен күмістен жасалған қос білезік сыйлаған. «Тамақ адал болу үшін қолда жүзік болу керек» деген сөз содан қалған; көне түркілер асыл тастар салынған әшекейді тіл–көзден қорғайтын тұмар ретінде қолданған; «ат табынын жатсынған кезде жалыннан бір уыс қыл алып оны малдың түкірігіне малып қалтаға салады. Бұл ырым «түкірік алу» деп аталады; біреуге көйлек бергенде өзінде бір түйме немесе, түйін қалдырады; отбасындағы малдың саны кемімес үшін үйірдегі басты «құт» малды сатпаған және т.б.. Қ.ы.– белгілі және белгісіз, білетін және білмейтін нәрселердің байланысын ұштастыруға арналған, адам өзіне–өзі сенбеген кезде, өзін алапат жағдайлардың құшағында қалғандай болып сезінгенде немесе өзінде жоқ қасиеттерді басқа адамнан көргенде қолданыс тапқан, рәсім–салт шеңберінде адамның өзін–өзі тануды реттемек әрекетін білдіреді. Қазақтар ауырған адамды дуалап түрлі ы.–мен емдеуге әрекеттенген. Жаман тіл көзден сақтану үшін нәрестеге немесе бесігіне тұмар, үкінің қауырсындарын, тырнағын т.б. іліп қоюды, баланың бетіне не маңдайына күйе жағып қоюды, оған ескі–құсқы немесе теріс айналдырылған киімдерді кигізуді дағдыға айналдырған. Құрсақтағы нәрестеге ананың көбікпен жұтқан ауаның исі арқылы алғаш жарық дүние және туған жермен таныстыру үшін аяғы ауыр анаға таң алдында сауылған бие сүтінің көбігін, ақырында, кешкі сүтті ішкізетін болған. Ай–жұлдыз бен шуақты күн ауасының исі сезім мен қан арқылы құрсақтағы шақалаққа дариды деп ұққан. Қ.ы. – өмір салттың тұрпаттық түрлері, солардың жиынтығы. Онда нақты түсініктен көрі метафоралық образдар мен символдық бейнелеу басым. Ол халықтың өмір сүруінің деңгейін, қауымдастықтың бірлігі мен рәсім–салтын сақтауға, адамның мінез–құлық әдеттерін айқындауға, рәсімдерді төтенше жағдайға ішінара бейімдеуге мүмкіндік береді. Қ.ы.–ның тәрбиелік маңызы зор, танымдық және тәжрибелік негіздері бар.


ҚАЗАҚ ЦИРК ӨНЕРІ – сахналық–эстрадалық өнер саласы. Өз бастауын көшпелі өмір салтынан, мал ш–мен байланысты тұрмыс тіршілігінен алады. Ат құлағында ойнап өнер көрсету, ел аралап қуақы, әзіл–қалжың сөздерімен көпшілік көңілін көтеру, бақсылық құру, т.б. салт–жораларда цирк өнерінің алғашқы нышандары көрініс берді. Мініс атын тек көлік ретінде пайдаланып қоймай, шабандоздар оған сан алуан қозғалыс–жүрістер (бөгет пен ордан секіру, артқы аяқпен тік тұру, бір орында шыр айналу, жорғалау, аяңдау, желе жортып жүру, т.б. жасатқан. Шауып келе жатып, ат үстінен найза, қылыш, шоқпар сермеп, садақ тарту, аттың бауырына түсу, т.б. соғыс өнерінде қолданатын әдіс–тәсілдерге үнемі машықтанған. Ат үстінде орындалатын қимыл–жаттығулар қалыптасып, олар сайыс, аударыспақ, теңге алу, көкпар тарту, т.б. ұлттық ойындардың негізін салды. Қазіргі цирк ойындарындағы көптеген белгілі түрлері осы ұлттық ойындардан бастау алады. Бел–гілі қазақ палуандары Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ, т.б. цирк аренасында өнер көрсетіп, цирк өнерінің алғашқы қадамдарын жасады. Сол сияқты халықарасында Ағашаяқ атанған әнші, домбырашы болған Берікбол Көпенұлы да цирк өнерінің кейбір белгілерін оңтайлы пайдаланды. XX ғ–дың 20–жылда–ры Алматыда (1919; жетекш. А.И. Сосин), Семейде (1923, жетекш. В.Феррони) цирк ұжымдары жүмыс істеді. Бүл ұжымдардың репертуарынан бірнеше пантомима, акробатикамен қатар қуақылық өнердің кейбір түрлері орын алды. Осы жылдары Қоянды жәрмеңкесінде, әр түрлі жиын–тойларда Қажымұқан, Зәрубай Күлсейітұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, т.б. ойындар көрсетті. Қ. ц. ө. бұғанасы қатайып, одан әрі дамуына 1965 ж. ұйымдасқан Алматы эстрада–цирк өнері студиясының ықпалы мол болды. 60–жылдары үйымдасқан "Достық" (1962, қазіргі Шымкент халық циркі), "Балдырған" (1968, қазіргі Астана циркі) атты цирк ұжымдары ке–йіннен халықтық ұжым атағын алып, Бүкілодактық, халықар. фестивальдардың жеңімпаздары болды. Цирк өнерінің сахнаға лайықты түрлері Шымкент, Астана, Қарағанды, т.б. қалалардағы, облыстардағы филармониялардың репертуарынан орын алды. 1969 ж. цирк өнеріне икемі бар, қабілетті жастар жиналды. 1970 жылы Алматыда тұңғыш рет қазақ циркі ұйымдастырылды. 1983 ж. Қарағанды қ–нда жергілікті цирктің ашылуы – республикадағы цирк өнерінің даму барысына игі ықпал етті. Цирк ұжымы 1978 –82 ж. Бүкілодақтық цирк өнерінің байқауында жеңімпаз атанды. 1983 ж. Прага қ–нда өткен халықар. байкауда цирк қуақылары Мұрат және Елизавета Жұмағалиевтер Эдуарде Бассе атынд. бас жүлдені жеңіп алды. 1984 ж. Қ. м. ц. Қазақстанның еңб. сің. ұжымы деген атақ алды. Қ. м. ц–нің шығарм. ұжымы гастрольдік сапармен КСРО ел–дерінің көптеген қалаларында, шет елдерде (Куба, Чехия, Қытай, Польша, Франция, Бельгия, Жапония, Германия, АҚШ, Австралия) болды. 2000 ж. цирк аумағында "Арлекино" балалар ойын–сауық кешені ашылды. 2003 жылдан "Шапито" атты жазғы шатырлы цирк жұмыс жасауда.

Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.




«ҚАЗАҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ»– ғылыми–анықтамалық баспа мекемесі. Әмбебап және тақырыптық (пәндік), салалық энциклопедиялар, анықтамалықтар, сөздіктер, тілашарлар шығарумен, көне қолжазбаларды, басылымдарды, ұлы ғұламалардың еңбектерін қайта басумен, күрделі ғылыми–зерттеулер жариялаумен айналысады.
1968 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің 1967 жылғы 13 қыркүйектегі Қаулысына сәйкес Қазақстан Ғылым Академиясы жанынан «Қазақ Совет Энциклопедиясының» Бас редакциясы болып құрылған. 130 адамнан тұратын ұжымның шығармашылық күші 11 ғылыми редакцияға топтастырылды. Қазақтың тұңғыш энциклопедиясының Бас редакциясы жанынан барлық ғылыми салалары бойынша 29 ғылыми–салалық алқалар мен кеңесшілер тобы ұйымдастырылып, оларға 313 ғалым мен маман тартылды. Олардың ішінде Қазақстан Ғылым Академиясының 27 академигі мен корреспондент мүшесі, 84 ғылыми доктор, 189 ғылыми кандидат болды.
Бас редакция қызметтік құрылымы мен ғылыми мекеме мәртебесін сақтай отырып, 1975 жылы Қазақ КСР–і Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттің жүйесіне қосылды. Еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 жылы «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы болып өзгерді. 2001 жылы 2 қарашада жабық акционерлік қоғам болып қайта құрылды. «Қ. э.» ұжымы өзінің алғашқы күрделі жұмысы 12 томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы» 1972–1978 жылдары аралығында әзірлеп, баспадан шығарды. 1982 жылы осы тұңғыш энциклопедияның әліпбилік пән–есім көрсеткіші жеке кітап болып шықты. Бұған жалғаса «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» анықтамалығы (қазақ, орыс тілдерінде 1980 – 1981) жарық көріп, барлығы 15 томдық топтама шығару ісі жемісті аяқталды. Бас редакция ұжымының ең сүбелі еңбектерінің бірі – әрқайсысы төрт томнан қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ ССР» атты қысқаша энциклопедиясы (1986 – 1989). Бұл анықтамалыққа, негізінен, қазақ елінің тарихына, әлеуметтік тұрмыс–тіршілігіне, экономикасы мен табиғатына, қазба байлықтары мен жер–су, қоныстарына байланысты мәліметтер енгізілді. Елдегі саяси–әміршілдік жағдайларға орай бұрын аталмай келген халқымыздың асыл азаматтары туралы әділ бағасын берген мақалалар жарияланды. Еліміз егемендік алып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты бірнеше тілашар мен сөздік шығарылды. Жас оқырмандарға арналған «Ол кім, бұл не?» (үш томдық, 1985 – 1987), «Негеш» (1995), «Әлемде талай қызық бар» (екі тілде, 1986–1990) кітаптары жарық көрді.1996–2008 жылдар аралығында Егеменді Қазақстанның 10 томдық «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясын шығарды.
Ұлы тұлғаларға арналған энциклопедиялар: Ш. Уәлиханов шығармаларының академиялық бес томдығын (орыс тілінде, 1984–85); М. Әуезовтің таңдамалы шығармалар жинағын (қазақ, орыс тілдерінде аралас, 1997); «Құрманғазы» (1998); «Қорқыт» (1999): «Ә.Бөкейханов Таңдамалы» (қазақ, орыс тілдерінде аралас, 1995) кітаптарын қайта басып, ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын жеке кітап етіп шығарды (1998, 1995); Абай Құнанбаевтың бүкіл дүние жүзі елдері атап өткен 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абай» энциклопедиясын (1995) әзірлеп, баспадан шығарды; «Хирургтің анықтамалығы» (академик М.Әлиев, 1997); «Қазақстанда инженерлік істің дамуы» (екеуі де орыс тілінде, 2001 жылы жарық көрді) атты көлемді анықтамалықтар да мамандар мен оқырмандардың қажетін өтеген маңызды басылымдар болды.
Облыстарға арналған энциклопедиялар: «Алматы» (1983, 1996), «Қарағанды» (1990), «Ақмола» (1995),»Тараз» (2003), «Сыр елі» (2005), «Оңтүстік Қазақстан» (2005),«Солтүстік Қазақстан облысы» (2006), «Маңғыстау» (2008), «Ақмола облысы» (2009), Халықаралық «Түркістан» энциклопедиясы (2001) шығарылды. Сондай–ақ 2–дүниежүзілік соғыстағы кеңес халықтары жеңісінің 50 жылдығына орай «Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға ескерткіш–кітап» деген айдармен әр облыс бойынша 2–7 томнан тұратын «Боздақтар» көп томдығы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Тақырыптық энциклопедиялардың алғашқы легі шағарылды: «Қазақстан табиғаты», 1–2–томы, 2008–2009;«Қазақстан ғылымы», 2 том, 2009–2010.
Қ. э.–ның басшылары: академик М.Қ. Қаратаев (1968–1979), академик М.Қ. Қозыбаев (1980–1986), академик Р.Н. Нұрғалиев (1986–1997), академик Ә.Н. Нысанбаев (1997–2003), профессор Б.Ғ. Аяған (2003–2009). 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін профессор Б.Ө. Жақып басқарып келеді.


ҚазаҚ этикасы қазақ халқының ұлттық әдеп жүйесін, моральды, адамгершілікті зерттейтін философиялық пән. Этика термині ежелгі грек тілінде бірлесе өмір сүруші адамдар тобының мекенжайың дегенді білдірді, кейін әдеп туралы ілім мағынасына ие болды. Әдеп термині түрік халықтарының тіліне орта ғасырлардағы арабмұсылман мәдениетінің ықпалымен енген. Көптеген мамандар этиканы әдептану деп аударып жүр. Этика ұлттық сипаты айқындалған ілімдер қатарына жатады. Өйткені әр халықтың орналасу аймағына, тіршілік салтына, өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінезқұлық ережелері, жүрістұрысы, тыныстіршілігі қалыптасады. Қазақ этикасы өзінің көлкөсір молдығымен де, адамгершілік қуаттегеурінімен де, тарихи айқындылығымен де халықтың рухани өмірінде ерекше орын алды. Қ.э–ның ежелгі бастау қайнар көздері үш мың жылдай Еуразияның Ұлы даласында өркендеген скифсақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен түрік бірлестіктерінің мол мәдениетінен нәр алады. Осыдан 2600 жыл бұрын өмір сүрген скифсақ ойшылы, ұлы жеті ғұламаның бірі Анахарсис (Анарыс) өзінің әдеп және адамгершілік туралы терең пікірлерін айтқан. Мысалы, маскүнемдік туралы ол былай деген: Бірінші тостақты, әдетте, денсаулық үшін, екіншісін рахатқа бату үшін, үшіншісін ардан таза болу үшін, төртіншісін ақылдан алжасу үшін ішеді”. Кіндік Азиядан табылған түріктердің атақты Күлтегін, Тоңыкөк жазуларында татулық, бақыт, дәулет секілді әдеп ұғымдары жиі кездеседі. Қ.э–ның қалыптасуына Қорқыт ата үлкен үлес қосты. Оның үлгіөнеге, өсиетнақыл сөздері қазақтармен қатар барша түрік халықтарында кең таралған. Қазақ топырағында әдептануды арнаулы ілім ретінде қарастырған ғұламафилософ, әмбебап ғалым Әбу Насыр ӘлФараби. Ол этиканы жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырды. Оның түсінігінше, адам жаратылыстағы ең қасиетті жан. Сондықтан оған үлкен құрметпен қарау керек. Жақсылық дегеніміз білім, мейірбандық, сұлулық бірлігінде жатыр. Бақытқа жол сілтеу” трактатында ойшыл баянды тіршіліктегі адами бақыт туралы сөз қозғайды. Түрік халықтарының этикасын дамытуға үлкен үлес қосқан ғұламалар қатарына: Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Иасауи, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани және т.б. жатады. Қазақ хандығы қалыптасқан кезден бастап Қ.э. негізінен ақынжыраулардың даналық насихат жырларында дамыды. Олардың ауызекі мәдени мұралары ұлттық қадірқасиет пен өнегелі әдепті ғасырлар бойы жоғалтпай сақтап қалуға үлкен қызмет етті. Атақты қазақ ақынжыраулары Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, т.б. ұлттық әдеп жүйесін заман талаптарына сәйкес жоғары тұғырға көтере білді. Олардың әлеуметтікэтикалық ойлары қазақ халқының әдептік санасезімінің қалыптасуына, кейінгі ұрпақты адамгершілік және ұлтжандылық рухта тәрбиелеуге үлкен әсерін тигізді. Қазақстандағы Ресей империясының отаршылдық саясаты халықты рухани жағынан күйзеліске ұшыратты, оның діні мен діліне, әдебіне, әдетғұрпына, салтдәстүріне нұқсан келтірді. Халықтың тәуелсіздіктен айырылып, бодан болуынан ұлттық мінезде ұнамсыз қылықтар көбейе түсіп, жасқаншақтық, құлдық психология пайда бола бастады. Қазақ елі осындай тұйыққа тіреліп, одан қалай шығуды білмей, болашағын ойлап, қабырғасы қайысқан кезде халқымыздың Шоқан, Ыбырай, Абай сынды асыл перзенттері ұлттық әдеп жүйесінің күрделі мәселелерін шешуге ұмтылды. Абай әдеп тақырыбын қозғағанда иман мәселесіне көп көңіл аударады және оны арлылық пен ұяттың баламалары ретінде түсіндіреді. Абай өз халқының бойындағы кісілік қасиеттермен қатар, теріс қылықтарды да қатал сынға алады:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ..,—
деген өлең жолдарында Абайдың сыни этикасы көрініс тауып тұр. Хакім 34–ші қара сөзінде Адам баласына адам баласының бәрі дос» , дейді. Абай Қ.э – ның түбегейлі ұстанымы Адам болу» талапмұратын жоғары деңгейге қойды. Қ.э–сын кәсіби деңгейге көтерген ұлы тұлға Шәкәрім. Ол өзінің Үш анық атты еңбегінде этиканы ар ілімі деп атап, әдептанудың көптеген мәселелерін теориялық тұрғыдан талдады. Шәкәрім арождан о дүниеде де бар және осыған сену имандылықтың түпқазығын құрастырады дейді. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты», дейді ғұлама. Ал әдеп жолы дегеніміз адам баласына пайда тигізу, жақсылық ету деп түсіндіреді. Ол үшін адам өз бойындағы кемшіліктерден арыла білуі керек, сөйтіп өз арожданына кір келтірмейтіндей өмір сүруі қажет. Арожданның мазмұнын нысап, қанағат, тәубе, әділет, намыс құрайды деп түсінетін ойшыл олардың мазмұнын кісілік қасиеттермен байланыстырады: Кісіге адамшылық неге керек,
Адамдық өзге айуаннан артық демек.
Ит талаған төбеттей қалай дейсің,
Аямай әл келгенін жұлып жемек.
Қ.э–сы Кеңес өкіметі тұсында қайшылықты жағдайда дамыды. Социалистік құрылыс қазақы әдеп пен мінезқұлық жүйесіне теріс әсерлерін тигізді. Кеңбайтақ жерді иемденіп келген көшпелілер табиғатынан ер мінезді, бостандық пен еркіндікті қастерлеген, өр тұлғалы қайсар халық еді. Тоталитарлық жүйе жылқы мінезді халықты момын қой мінездіге айналдырды. Шолақ белсенділер, пысықтар”, шаш ал десе, бас алуға дайын тұратындар пайда болды. Адам адамға дос, бауыр”, Барлық адам тең құқықты деп ұрандатқанымен, қолында билігі барлардың арасында екіжүзділік, озбырлық, тамыртаныстық, жүгенсіздік, парақорлық өріс алды. Ортақ мүдде жеке адам мүддесінен жоғары деген ұран адам еріктілігіне нұқсан келтірді, қуыршақ адамдарды көбейтті. Әкімшіләміршіл жүйе ескінің қалдықтарымен күресуді желеу етіп, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдеп құндылықтарын жойып жіберуге барынша тырысты. Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы деп келген халықтың ішінен сан мыңдаған мәңгүрттер шықты. Әрине, бұл заманда қазақ этикасы таза құлдырау жағдайында болды деу cыңаржақтылық болар еді. Жалпы сауаттылықтың артуы, қалалардың өсуі, орыс тілі арқылы әлемдік рухани мұрамен таныса бастау әмбебап әдептілік жүйесін қалыптастыра бастады. Қазақстанда кәсіби философтарды дайындау ісі де жүргізілді. Бұл қазақ этикасын зерделеген кәсіби мамандардың пайда болуына оң ықпалын тигізді. Қазақстан әдептанушылары мораль философиясы және қазақ этикасының тарихы мәселелерімен шұғылданды (Ғ.Ғ. Ақмамбетов, А.Оразбеков, М.С. Бурабаев және т.б.).

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесін жаңғырту мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Қазақ философиясы мен мәдениеті тарихын зерттеуге арналған еңбектерде (А.Х.Қасымжанов, А.Қасабек, Ғ.Есім, М.С. Орынбеков, О.А. Сегізбаев, Ж. Алтаев, С.Ақатай, С. Нұрмұратов және т.б.) қазақ этикасының ауқымды мәселелері көтерілді. Қазақ этикасының басты мәселелері ретінде ұлттық әдеп жүйесін диахрондық және синхрондық талдау, ондағы дәстүр мен жаңашылдықтың арасалмағын айқындау, өтпелі қоғам мен ғаламдану жағдайындағы әдептік реттеу тетіктерін айқындау, нарық пен моральдың, табыс пен ізгіліктің арақатынасын айқындау, діни әдеп жүйесінің ерекшеліктерін сараптау, т.т. белгіленді. Қ.Ш. Нұрланова қазақ этикасына тән әсемдік пен ізгіліктің синкретті бірлігіне назар аударып, қазақтың ұлттық идеясы ретінде Жарық дүниедегі адами іштесуді атап өтеді. Ғ.Ғ.Ақмамбетов қазіргі өркениеттегі индивидуалистік ұстанымдардың маңыздылығына назар аударады. Т. Ғабитов этиканың жақсылық пен жамандық, әділеттік, ар, бақыт сияқты категорияларына философиялық талдау береді және әдептік–мәдени типтерге назар аударады. С. Мырзалы өз зерттеулерінде өтпелі қоғамдағы саясат пен моральдың ара қатынасын зерделейді. Мектептерде “Әдептану” пәнінің енгізілуі арнаулы оқу құралдарын қажет етті. Бұл пәнге байланысты қазақ тілінде алғашқы оқу құралдары жарияланды (Қ. Жарықбаев, Т. Ғабитов, Ж. Базарбаев, К. Оразбекова, т.б.). Қазақстан Республикасында нарықтық қатынастарды енгізу мен азаматтық–құқықтық қоғам құру міндеттеріне байланысты кәсіптік этикалық алғашқы зерттеулер жарияланды (Т.Ғабитов, Т.Нұрахметов, т.т.). Бұл еңбектерде еліміздегі моральдық ахуалға ғылыми талдау беріліп, өтпелі қоғамға тән ауытқушыл қылықтың өрістеп кетуінің себептері мен халықтың әдеп мәдениетін жоғары деңгейге көтерудің жолдары қарастырылды. Қазақ этикасын заман талаптарына сәйкес қалыптастыру мен дамыту қазақ зиялыларының келелі міндетіне айналып отыр.




Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005




ҚазаҚ эстетикасы адам мен әлемдегі әсемдік пен сұлулық туралы, қазақ халқының ұлттық көркем мәдениетін зерттейтін философиялық пән. Эстетика термині ежелгі грек тілінен сезінуші, сезімдік қабылдауң деп аударылады. Қазақ халқының қалыптасу барысындағы эстетикалық ойпікірлерінің дамуы бірнеше кезеңдерден өткен. Халықтың эстетикалық құндылықтары алдымен фольклорда тұрмыссалт жырларында, аңыздары мен мифтерінде, батырлық және лирикалық эпоста көркем формада баяндалған. Қазақ эстетикасының келесі бір арнасы Қазақстан жерін мекендеген түрік тілдес ұлыстардың өзіндік мәдениеті, жазуы мен өнері болды. Көне түрік жазуындағы Жүсіп Баласағұнның Құтты білігінде”, Қожа Ахмет Иасауидің Даналық кітабында”, Ахмет Иүгінекидің Ақыл сыйында”, Сүлеймен Бақырғанидың Хакім Атасында”, т.т. эстетикалық мәдениет пен мұраттың түбегейлі мәселелері көркем суреттелді. Ислам Ренессансы эстетикасын қалыптастыруда қазақ топырағында дүниеге келген әлФараби ерекше орын алады. Ол өзінің Музыканың үлкен кітабы”, Поэзия өнерінің каноны туралы трактат”, Поэзия туралы кітап атты еңбектерінде эстетикалық болмыс пен таным туралы терең пайымдаулар айтты.
Қазақтың төлтума эстетикалық мәдениеті хандық дәуірінде қалыптасты және ақынжыраулар шығармашылығында өзінің шарықтау шыңына жетті. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Шал сияқты ақынжыраулардың эстетикалық ізденістері көшпелілердің дүниені қабылдауын білдіреді және оған айрықша кісілік асқақтық тән:
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып өтіп дінді ашқан
Сүйініш ұлы Қазтуған!!!
Ақынжыраулар эстетикасының құндылығы көркем мазмұнымен ғана емес, сонымен бірге дәстүрлі қазақ қоғамындағы қуатты әлеуметтікмәдени орны және қызметімен айқындалады. Сондықтан, олардың алдында тек бұқара халық емес, ақсүйектер де ілтипат сақтаған. Ақынжыраулар толғауларында бүкіл қазақ халқының ойарманы мен эстетикалық түсініктері шынайы бейнеленген. Олардың шығармашылығында сұлулық пен әсемдікті, ерлік пен елдікті жырлау басым болып келеді.

ХІХ – ХХ ғ. Қазақ ағартушылары Ресейдің империялық саясатының күшейген тұсында әрекет етіп, ұлттық көркем мәдениетті заман талаптарына сай өзгертуге ұмтылды. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханның ойы бойынша, әрбір халық үшін басты мақсат — “еуропалық, жалпыадамзаттық ағартуды игере отырып, осы жолдағы кедергілермен күрес жүргізіп, даму мен мәдениетке қол жеткізу... Біздің халық көркемдіктен кенде емес өсімтал әдебиетке ие. Ал қоғамдық дамуымыз жоғары мәдени дамумен салыстырарлық табиғи /балаң/ кезеңде тұр. Осы фактыға біздің бар үмітіміз бен келешегіміз негізделген”. Шоқан қазақтың ауызекі мәдени үлгілеріне алғашқы ғылыми талдау берді. Ыбырай Алтынсариннің эстетикалық көзқарастары оның сан қырлы педагогикалық қызметімен байланысты. Оның бұл бағытта қойған бағдарларына жататындары: “қазақтың келешегін дұрыс жолға қою; екіншден, сенімсіз дүмше молдалардың өлшеусіз қанауынан халықты құтқару; үшіншіден, қазақтың әзірге жойылмай келген ешқандай дін ықпалына түспеген тәжірибелік негізге сүйенген дәстүрін сақтауң. Өзінің шығармаларында ол халықтың қоғамдық өмірінде, оның рухани дамуында әдебиет пен өнердің қаншалықты орын алатындығын көрсетті. Мұнда ағартушының отаншылдығы айқын аңғарылады. Ыбырайдың “Орыс–қырғыз школы туралы” жобалары да, әйгілі “Қырғыз хрестоматиясы” да, тіпті жазылу себебін әркім әрқилы жоритын “Шариат–ул ислам” кітабы да дәстүрді үзбеу ыңғайында жазылды. Абай Құнанбайұлының эстетикалық ойлары мың жылдан артық тарихы бар жазба әдебиетіміз бен рухани мәдениетіміздің ХІХ ғасырдағы тарихи шындығы аясында қарастырылуы тиіс. Абай өзінің көркем шығармашылығында сол замандағы қазақ қауымының көкейкесті мәселелерін терең білдіре алды және олардың шешімін іздеді. Ол қазақ әдебиетінде тұңғыш рет табиғат пен адамның сұлулығын нақтылап айқындай түсті. Поэзияның көркемдігін шыңына жеткізе түсуді, мағынасын тереңнен толғау керектігін айтты. Абайдың қара сөздерінде көрініс тапқан эстетикалық көзқарастар қазақтың көркем мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Шын мәнісіндегі халықтық бағыттағы ақын–жазушылар заман талабын терең сезіну мен сол жайында толғануды, алға және алысқа көз тігуді, тарих тамырының жанды соғысын суреткерлік және азаматтық жүрекпен ұғынуды Абайдан үйренді. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары еңбектерінде әдеби–эстетикалық ілімдер қазақ әдебиетінің орыс мәдениеті арқылы Еуропа және жәдитшіл татар мәдениеті арқылы оянған Шығыспен тоғысуы нәтижесінде қалыптасты. Терең эстетикалық ойлар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ғұмар Қараштың, Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабайұлының, Міржақып Дулатұлының, т.т. шығармаларында айтылды. Олардың талқылаған басты тақырыптарына қазақ сөз өнерінің ерекшеліктері, дәстүр мен жаңашылдық, өнердегі гуманизм мен имандылық, фольклордағы рәміздік кейіпкерлер, ұлтжандылық пен азаматшылдық, т.т. жатады. Кеңес Одағында қазақ эстетикасы қайшылықты жағдайда дамыды. Бір жағынан, “мазмұны социалистік, формасы ұлттық мәдениет” дегенді басшылыққа алған тоталитарлық жүйе ұлттық көркем өнер түрлерін зерттеуге шек қойды. Екінші жағынан, “жан–жақты жетілген адам” дегенді мұрат тұту білім беру мен эстетикалық тәрбиеге назар аудартты. Бұл дәуірде көптеген ғалымдар мен өнер қайраткерлері қазақ халқы өнерінің тарихы мен типтік ерекшеліктерін зерттеуге үлкен көңіл бөлді. Олардың қатарында М.О. Әуезовтың, Ә.Х. Марғұланның, Е.Ысмайыловтың, М.Қаратаевтың, М.Базарбаевтың, Қ.Жұмалиевтің, А. Жұбановтың, Б. Ерзаковичтің. Ә. Қоңыратбаевтың, т.т. еңбектерін атап өтуге тұрады. ХХ ғасырдың екінші жартысынан Қазақстанда кәсіби философиялық–эстетикалық бағыт қалыптаса бастады. Идеологиялық қысым жағдайында қазақ эстетиктері / Б.Р. Қазыханова, Қ.Ш. Нұрланова, Е. И. Байзақов, С. Ақатаев, М.Қаратаев, Е.Тұрсынов, М.М. Әуезов, Ә. Мұхамбетова, т.т./ ұлттық тарихи–мәдени мұрадағы көркем мәдениеттің өзіндік болмысына теориялық талдау берді. Әкімшіл–әміршіл жүйе осы авторлардың бір тобы дайындаған көшпелілер эстетикасына қатысты монографияны таратуға тыйым салды. Қазақстан Республикасында эстетикалық зерттеулер әлемдік жаңа өркениеттілік құндылықтарды қабылдау және ұлттық мәдени мұраны жаңғырту аясында өрістеді. Қазақ халқының дәстүрлі өнері мен оның тарихи типтерін, ұлттық ойлаудың көркем негіздерін, көркем мәдениеттегі құндылықтар жүйесін және категорияларын эстетикалық тұрғыдан зерттеген ғалымдардың арасында Қ. Нұрланованың, Б. Қазыханованың, М.Балтабаевтың, Г.Шалабаеваның, С. Ақатайдың, Мирлан Қаратаевтың, Т. Қоңыратпаевтың, А. Сейдімбектің, М.Мағауиннің, Ә. Әлімжанованың, т.т. еңбектерін атап өткен жөн. ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап Батыс елдерінде эстетиканың дамуы постмодернистік бағытпен тығыз байланысты болды. Қазақстанда бұл бағытта ұтымды шығармаларымен көзге түсіп жүрген авторлардың арасында Б.Нұржановтың, Ә. Қодардың, Ә. Наурызбаеваның, Н. Садықовтың, Ж. Баймұхамбетовтың, О.Аринованың, т.б. есімдерін еске алуға тұрады.

Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005




ҚАБЫЛДАУ – а) сезім органдарының рецепторлық сілеміне физикалық тітіркендіргіштердің тікелей әсері кезінде пайда болатын жағдаяттар мен оқиғалардың тұтас бейнесі; ә) заттар мен құбылыстардың мида тұтас бейнелену процесі; б) адам заттардың кеңістіктегі нышандарымен немесе адамдармен қарым–қатынас жағдайға ұшырағанда, олардың сезімдік–көркем бейнесін жасауы және психологиялық танымды қалыптастыруы. Қ. процесі, оның дәлдігі мен үйлестігі адамның ми қызметі мен мамандығына, практикалық іс–әрекет пен ғылыми ізденіске араласуына тікелей қатысты.
Қ–да заттардың түсі, дыбысы, исі, дәмі, түрі және т.б. қасиеттері тұтас күйінде, кейде іріктеле қабылданады. Қ – ми қабығының күрделі анализдік қызметінің нәтижесі, адам миында болатын түйсіну, сезіну процесі. Қ–ң физиологиялық негізінде бірнеше тітіркендіргіштердің жиынтығы мен олардың өзара әрекетінен пайда болған уақытша байланыс жатады. Қ. шындыққа жақындататын сезімдік танымның қажетті сатысы. Көрнекі Қ–у мотивациямен бағытталса, онда ол танымдық ықыластың жоғарғы түрлері – ойлаумен, еспен, зерде–зейінмен азды–көпті байланыста болады, тіпті белгілі бір аффектілік–эмоциялық реңкке бөленеді. Бұл талап орындалмай бұрмаланғанда Қ. иллюзияға, жалғандыққа итермелейді. Сондықтан перцептивті бейнені тексеру мен түзетудің, Қ–ды практикалық қарым–қатынас пен ғылыми–педагогикалық процестерге енгізіп қарастырудың маңызы зор. Ондайда Қ–ң дамыған түрлері мен деңгейлері субъектінің алдына қойған мақсатымен қадағаланады. Сезімталдықтың қарқынды, бағдарлы сипаты Қ–ды перцептивті әрекеттер санатында қарастыруға мүмкіндік ашады. Қ. лездік әсерді енжар көшіру немесе соған көз жұма еліктеу емес, ол танымның заттық негіздегі ширақ, өтімді, шығармашыл арнасы. Қазіргі уақытта Қ. психологияда, физиологияда, кибернетикада, өнерде және басқа да ғылым, дін салаларында зерттеледі. Қ–ң функциясы, құрылымы мен дамуы туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерді жасағанда, техникалық эстетикада, көркемдік конструкциялауда, жарнамада, педагогикада, өнерде, спортта және т.б. салаларда қолданылады.
Қ–дың синонимдері – аңғару, ұғу. Қ. функциясы мен құрылымы туралы тұтас көзқарастың қалыптасуына психиканың рефлекторлық теориясы (И. М. Сеченов), перцептивті жүйені субъектінің сипатына жақындату моделі (А.В. Запорожец, А.Н. Леонтьев), Қ өнері (Выготский), перцепция заңдылығы (Н.Н.Ланге) сияқты тұжырымдар шешуші ықпал етті. Қ. образды жетілдіріп, оны ойлану процесіне жақындатады, таным процесін серпілтіп, дұрыс шешім таңдауға мүмкіндікті арттырады. Халқымыздың, мың рет есіткенше, бір рет көргенге не жетсін, деуінің астары осында.

Әдебиет: Ананьев Б.Г. Психология чувственного познания. М.,1960; Хрестоматия по ощущению и восприятию. М., 1975




ҚАБІЛЕТТІЛІК – индивидтің қайсыбір іс–әрекетті орындауға дайындығы; белгілі бір өнімді іс–әрекетті табысты орындаудың алғы шарты болатын тұлғаның индивидуалды–психологиялық ерекшеліктері – білік, тәжірибе, шеберлік, таланттың жарамдығы. Индивидуальды ерекшіліктер жалпы бағыттылығымен, адамның белгілі бір қарекетке бейімділігінің орнықтылығымен, іс–әрекеттегі тапқырлықпен және олардың нәтижелілігімен тығыз байланысты. Қ–ң жалпы және арнайы, айқын және жүйелі түрлері өзара қабаттасып жатады, даму деңгейлері талант, дарын, жарамдылық, тиянақтылық ұғымдарымен байланысты. Оның сапалық сипаттары ептілік, икемділік, шеберлік, тәжірибе сияқты кәсіби дайындыққа тікелей тәуелді, ал құндылығы берілген уақытқа сай белгілі бір әрекетті өнімді жасауға тигізетін индивидтің ықпалымен анықталады. Қ–гі жарамдылық қызметті көтермелей орындайтын әлеуетті және субъективті ұмтылысты жаңғыртады, жітік қасиеттерді қажетті сұраныспен ұштастырады.
Қ. – адамның ақыл–ой өзгешеліктерінің жеке қабілет–қасиеттерін көрсететін әрі кез келген тұлғадан табылатын қасиеттер қосындысы. Сапалы қасиеттердің ойдағыдай дамуы адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағдының болуына байланысты. Қ. еңбек пен кәсіби жұмыс түрлеріне байланысты, мәдениетті игеру деңгейіне орай, тұлғалық мінез–құлыққа сай әрқалай өрбиді, жіктелінеді, бойдағы қасиеттерді іріктейді. Негізінде, Қ–ті адамның ой–ерекшеліктерінің жеке жақтарын көрсететін арнайы, арнаулы қабілет деп және мінез–құлық, көңіл күй оралымдылығы мен бақылағыштық, зеректік пен тапқырлық әрекеттерінен туындайтын жалпы қабілет деп жатады. Арнаулы Қ. іс–әрекеттің жеке жақтарынан көрінетін шығармашылықтан, оның орындалуына мүмкіндік ашатын, жағдай тудыратын іріктеулі қабілеттер жиынтығынан құралады. Бұған жазушы, сазгер, ғалым, әнші–күйші, инженер сияқты маманданған шығармашылық иелерінің өз міндеттеріне беріле де қызыға жұмыс істеуі дәлел.
Адамның Қ. қоғамның дамуына, әлеуметтік–мәдени ортаның үйлестілігіне, жеке жанның ынта–ықыласына байланысты жетіледі. Сондықтан, Қ–ті жеке бастың еңбек процесіндегі, көркем шығармашылықтағы, жұмысты басқарудағы икемділік, іскерлік қасиеті деп жатады. Әрбір жастың сапалық қасиеттері ойын–сауықта, өнер жарысында, оқу жүйесінде тезірек әрі тиянақты қалыптасады. Қ–ке ықпал етуге, яғни тәрбиелеуге болатыны күмәнсіз. Тек бір педагог–психологтар оқу–тәрбие жұмыстарын жеке баланың, оқушының жас ерекшелігін ескере оқытуды ұсынса, енді бір тобы Қ–ті сынып ұжымы мен жеке қарым–қатынас арқылы сабақты беру, жүргізу аясында қалыптастырып жетілдіруді жөн көреді. Ал Ф. Гальтон, Кокс, Дж. Кеттел сынды батыс ойшылдары Қ–ті тұқым қуалаушылық деп қарастырып, ортаның, тәрбиенің өзіндік рөлін жоққа шығарды. Қазақ ағартушылары Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Абай, Алтынсарин және т.б. Қ–тің тектілікке қатысты екенін қабылдай отырып, тәрбие мен өзіндік тәрбие шараларына үлкен мән берген.
Қ. жалпы және нақты арнайы түрде болады, ол тұлғалық өмірдің жалпы бағытымен, адамның белгілі бір қарекетке бейімділігінің орнықтылығымен тығыз байланысты. Қ–ң даму қарқыны мен деңгейін талант, дарын ұғымдарымен салыстыра отырып анықтаймыз, бағалаймыз. Қ. берілген уақытқа сай белгілі бір әрекетті жасауды мүмкіндік ететін сапалы мінез, табиғи дарындылық, есті ептілік, икемді тәжірибе, талант шеберлігі және т.б.
Психологиялық–педагогикалық тұрғыдан Қ. – а) белгілі бір өнімді іс–әрекетті табысты орындаудың шарты болатын тұлғаның индивидумдық–психологиялық ерекшеліктері; ә) тұлғаның белгілі бір іс–әрекетті табысты орындауына лайықты адамның бейімді қасиеті, іскерлігі және басқада дара–психологиялық ерекшеліктері; б) еңбек процесіндегі адамның жеке бастық икемділігі, іскер қасиеті. Қ.– әрекетке жарамдылық, бірақ Қ–ң индивидтің әрекетті орындауға дайындығы, ал жарамдылық – іс–әрекетті орындайтын әлеуетті немесе қабілетті дамытудың белгілі бір деңгейі екенін ескерелік.
Қ. – адамның ақыл–ойы мен мінез–құлықтарының дара қасиеттерін көрсететін, оның бойынан табылатын тартымды қасиет. Адамда тиісті білім жүйесі, икемділік үлгісі мен үйлесімді дағды болса, онда Қ. ойдағыдай дамиды. Баланың осындай қабілет–қасиеттерін дұрыс байқап, пайымдап, онымен санасып отыру – кез–келген тәрбиешінің, ұстаздың маңызды міндеті. Адам ерекшеліктерінің озат жеке жақтарын көрсететін қасиетті – жалпы қабілет деп аталады. Ақылдың оралымдылығы мен сыншылдығы, адамның зейінділігі мен бақылағыштығы, зеректігі мен тапқыштығы т.б. осы сияқты ақыл–ой әрекетінде көрінетін ерекшеліктер жалпы қабілетке жатады. Ал іс–әрекеттің жеке жақтарынан көрініп, оның нәтижелі орындалуына мүмкіндік беретін қабілетті арнаулы Қ. дейді. Бұған жеке кәсіби мамандардың – суретшінің, актердің, ғалымның, инженердің және т.б. қабілеті жатады. Адамның тұлғалық және кәсіби қабілетінің жетілуі қоғамның дамуына, оның әлеуметтік–мәдени сипатына байланысты. Қ–ті тәрбие жұмысының барысында жетілдіруге болады.
Әдебиет: Теплов Б.М. Проблемы индивидуальных различий. М.,1961

Қоғамдық қатынастар – әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар арасында және олардың ішкі экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени өмірінің барысында қалыптасатын түрлі байланыстар. Жеке адамдар қауымдастықтар мен топтардың мүшесі (өкілі) ретінде Қ.қ–қа араласады. Маркстік ілім Қ.қ–қа деген материалистік түсінікті қалыптастырды. Мұнда: а) материалдық, эконом., өндірістік қатынастарды қоғамның базисі, яғни оның бастапқы, анықтаушы жағы деген ұстаным айқын; ә) қоғамның материалдық сипаты адамдардың еркі мен санасынан емес, оның тек өндіргіш күштерінен анықталады; б) қоғамдағы идеологиялық қатынастар – саяси, құқықтық, адамгершіл және т.б. түсініктер материалдық қатынастар негізінде қалыптасады, соңына адам санасында біртіндеп сарапталды. Қ–ның қондырмасы дегенде: а) қоғам құрамдас бөлшектерінің тұтас жүйесі; ә) Қ. қ–ң нақты жиынтығын талдауға болады деген көзқарастар қалыптасты. Қ.қ–ң әрбір жиынтығында (мысалыға, таптар, ұлттар және халықаралық қатынастар арасында) материалдық және идеологиялық қатынастардың элементтері бір–бірімен тоғысып жатады. Қ.қ. күрделіленген сайын адамдар қызметінің жаңа – басқару, ғылыми, көркемдік, техникалық, спорттық, ағартушылық сияқты арнайы түрлері пайда болады. Қ.қ–ды арнайы әлеуметтік субъектілер – топтар, таптар, ұлттар, олардың өкілдері жүзеге асырады. Қ.қ. индивид пен әлеуметтік топтар өкілдерінің арасындағы, олардың әлеуметтік рөлдерінің түрлі байланыстары. Мысалыға, әлеуметтік бірлестік деңгейінде – топтық, таптық, ұлттық, отбасылық қатынастар, қызметпен шұғылдану деңгейінде – өндірістік, саяси, оқу жүйелік, топтағы адамдар арасында – тұлғааралық қатынастар деп саралаймыз. Қ.қ. әр формацияның жеке меншік негізіне түбегейлі ықпал етпей эволюциялық сипатта өзгеріп жатады. Қ.қ–ң тұрақты, негізгі жақтары өзгергенде, қоғамдық өмірдің ескі, көне салттары әлсірейді, ыдырайды, кейде жаңа Қоғамдық экон. революциялық жолмен өтеді. Қоғамдық дамудың бұл заңдылықтары дұрыс ескерілмегенде әлеуметтік ортадағы қала мен ауыл, ой еңбегі мен дене еңбегінің арасындағы, таптар мен әлеуметтік топтар арасындағы қайшылықтар шиеленіске ұшырайды. Қ. қ. – адамның әлеуметтікке, қоғамдық практикаға ену, ендіру тәсілі. Қазақстанда осы қағидаларға негізделінген саясат, яғни қоғамды басқарудың ғылыми негіздері қалыптасуда.


Қоғамдық пікір – қоғамдағы қауымдастықтың ашық көзқарасы; қауымдастықтың өмір құбылыстарына және әріптестерінің мінез–құлқына қатысты маңызды мәселелерді бағалаудың қалыптасқан түрі; адамның мінез–құлықтары мен іс–әрекеттерін реттеуге бағытталған қауымдасқан сананың ықпалдас әсері. Қ.п.–дің мән–мағынасы ғылымның әр саласында өз деңгейінде әрқалай талдануы ықтимал. Бірақ олардың бәріне ортақ проблемалар мынау: а) Қ.п.–дің субъектісін анықтау және талдау; ә) Қ.п.–дің маңызын ашу немесе жоққа шығару дәрежесі; б) Қ.п. мазмұнын тұжырымдау қажеті. Антикалық дәуірде Протагор Қ.п.–ді көптің үні, пікірі деп пайымдады. Кейінірек оны қалың бұқараның мемлекеттік істі басқаруға қатысу құралы деген ой түйінделді. Саяси билікті күшейтуге ашық жол іздегендер Қ.п.–ді элитаның күш–қуатына балады. 17–18 ғ. батыс ойшылдары Қ.п. биліктік бақылаудан тыс, бірақ саяси шешім қабылдауға ықпал ететін қауымдасқан ой–пікірді білдіруге пайдаланды. Қоғамда саяси–әлеуметтік өзгерістер қарқындаған сайын Қ.п.–дің саяси мағынасы артты. Көпшілік оның субъектісіне айналды. Қазіргі әлеуметтік–философиялық көзқарастар Қ.п.–дің субъектісін бір–бірінен бөле–жара қарай бермейді. Коммуникация теориясы (Луман) бойынша, Қ.п. бәріне ортақ, ашық, жариялы байланысты қамтиды, жеткізеді. Бірақ көзқарасты бәрі бірдей қолдай бермеуі ықтимал. Қ.п. «моральдық–нормалық» бағдар аясында қараушылар (Хабермас), оны «құқықпен», «саясатпен» салыстырды, бұқаралық ақпараттың құралы ретінде қарастырды. Енді бір ойшылдар, Қ.п және күнделікті пікірдің бір–біріне үйлесе бермейтініне назар аударды. Қ.п. ортаны тікелей бақылаудан, қайсы бір әрекетті қалаудан немесе жақтырмаудан қалыптасатынын ескерсек, онда мұндай ахуал көптің көңіл–күйіне міндетті түрде оң немесе теріс ықпал етуге жол ашады. Осыдан Қ.п. туралы құрылымдық–функционалды теория күшіне енді. Бұл теория қайсы бір қауымдастықтың қимыл–әрекетіне немесе адамның бейсаналық ынта–ықыласына негізделеді.
Қ. п. – демократиялық қоғамның басты бір айғағы. Оның дұрыс қалыптасуына қауымдастық арасындағы тиянақты байланыстар, адамдардың өзін–өзі басқаруға және қоғамдық пайдалы жұмыстарға араласуы оң, пайдалы және нәтижелі ықпал етеді. Мұндай түсінік адамның өзіне деген сыни көзарасты саралауды, ал қоғамда – бақылауды реттеуді қажет етеді. Қоғамдағы бұқаралық ақпараттар, саяси плюрализм, азаматтық еркіндік жайлары, білімді тарату тәсілдері мен стереотиптері Қ.п.–дің таралуына әрқалай қосымша әсер етті. Ендігі Қ.п. арқылы адамның өзін–өзі ұстай алатын қабілетін тәрбиелеу және оның интегративті қызметін жоғары қойып талқылаудың, қолданудың ықпалы артуда. Қ.п.–дің өзекті проблемалары мен бағдарлары демократиялық дәстүрдің де, күнделікті айтыс–тартыстың да нысанасына айналуда. Қазақ қашанда ел аузындағы сөзге құлақ түре тыңдап, оған үлкен мән берген, қарсы келе бермеген. Қазақстандағы жаһандану процесіне бейімделу, оны бейімдеу және түрлі модернизациялы процестер Қ. п.–ді жетілдіруге ауқымды ықпал етуде.


Құқық – әлеуметтік–гуманитарлық білім саласында кең таралған, көп мағыналы ұғым. Қ. көпшілікке ортақ еркіндік ережесі мен формасын анықтайтын жағдайлардың жиынтығы. Оның жаратылысы туралы табиғи, тарихи, психол. материалистік теориялары, оны зерттеудің нормативті бағыттары таралған. Ғалымдар Қ.–тың мына негізгі белгілеріне назар аударады: а) Қ. – мемлекет қабылдаған немесе бекіткен адамдар мінез–құлықтарының ережелер жүйесі; ә) Қ.–ты орындау жаппай міндетті сипатта болғандықтан, оны әрдайым орындау және жүзеге асыру үшін мемлекеттік қадағалау, қажет дегенде оның арнайы аппараттарын (полиция, сот, армия және т.б.) іске тарту қалыптасқан дәстүр. Қ. нормалардың жалпыміндеттілігі оның моральдан, салттан, діннен айырмашылығын білдіреді; б) Қ.–тың заңға сүйенетін арнайы ресми формасы және негізгі қағидаяттары бар. Әділеттілік, теңдік, еркіндік, гуманизм, демократиялық және т.б. туралы принциптер мен идеялар Қ–тық жүйені толығымен қамтиды. Қ. нормалары өндірістің жеке саласын, өндірісаралық саласын қамтиды да, елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста болады. Мемлекеттің қоғамдық саяси–экономикалық дамуы Қ–тың мазмұнын анықтайды десек, Қ. қоғамдық жетілудің маңызды реттеушісі де, керісінше, тежегіші де болады деген сөз. Қ–тың маңызды қайнар көзі – Қ–тық рәсім–салттан, мемлекеттік органдардың нормативті–Қ–тық актілерінен, соттық өнеге жағдайлардан құралады. Мемлекеттің құқықтық жүйесі оның құқықтық формаларын реттейді. Қ–тық рәсім–салтқа өмірлік сыннан әрқалай өткен және мемлекет бекіткен мінез–құлық ережесі, нормативті Қ–тық актілерге, құқықтық нормаларға қатысы бар мемлекеттік органдардың арнайы шешімдері жатады. Мемлекеттегі нормативті–құқықтық актілердің жүйесі Конституция негізінде және конститциялық актілерге сәйкестендіре анықталады. Нормативті құқықтық акт – бұл Қ–тық шығармашыл орган қабылдаған ресми жазбаша құжат. Оған Конституция, заңдар, Президенттің бұйрықтары, үкіметтің қаулылары, Министрліктің нормативті актілері, республика шеңберінде күші бар халықаралық келісім құжаттары жатады. Конституцияы орындау – Қ–тық мемлекеттің басты нышаны. Қ–тық мемлекетте атқару билігінің, парламенттің, сот жүйесінің қызметтері Конституция негізінде айқындалады.
Қ. ішкі құрылымы бойынша түрлі саладан, Қ–тық институттардан тұратын күрделі жүйе. Қ–тық сала – қоғамдық қатынастардың жеке түрлерін реттейтін Қ–тық актілердің жиынтығы. Ол нысаны және қоғамдық қатынасты реттейтін тәсілдері бойынша бір–бірінен бөлінеді. Осыдан, әкімшілік, финанстық, азаматтық, табиғи–әлеуеттік, үй–тұрмыстық, азаматтық–процессуальды, қылмыстық, қылмыстық–процессуальды және т.б. Қ–қ деп аталып жатады.


Құндылықтық бағдарлар – индивидтің әлеуметтену және әлеуметтік бейімделу процесі аясында өмірлік тәжірибемен астасып бекітілген тұлғалық құрылымның ішкі элементтері, адамның өмірлік мақсаты үшін маңызды нәрсені маңызды еместен айқындау, алшақтату (шектеу), оларды жүзеге асыруға қолайлы тәсілдерді іріктеу желісі. Қ.б. жақын уақытта немесе болашақта адам тіршілігіне қолайлы, қажетті жағдайларды бағалаудың жоғары деңгейін құрайды. Оған нақты жағдайға сәйкес әрі индивидтің кейінгі өмірін болжауға лайықты жауапты шешімдерді қабылдау маңызды. Қ.б. тұлғаның тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажет сананың қызметін, іс–әрекеттің ыңғайын анықтайды, оның мотивациялық ұйытқылығы нақты объектіге немесе қызмет пен қатынас түрлеріне жеткізетін мақсатты ұйымдастырады және бақылайды. Қ. б–дың қағидалары қайшылықсыз және тұтас болса, онда ол тұлғаның тұрақты әрі дербес болуына ұйытқы. Онсыз адамның дұрыс баға бере алмауы, дұрыс шешім таба алмауы әбден мүмкін. Қ.б. адамның түрлі мәдени кеңістікте өзін ұстай және көрсете алатын, мәдениеттің түрлі талаптарына бейімдеткізетін мүмкіндігіне назар аудартқызады. Мұндай талаптарды тек адамдардың субъектаралық қатынастары шеңберінде дұрыс ұғынуға болады. Қ.б. ұғымдық және теориялық негіздерін қалаған У. Томас, М. Вебер, Знанецкий ілімдері қазақ жерінде өз өресін табуда. Қазақстандағы ынтымақ пен достықтың нығаюы Қ.б–ды тоғыстыратын Халық Ассамблеясының жемісті жұмыс істеуінде, ұлттық тілдің еркін дамуында, мәдени мұраны бірлесе зерттеп, олардың құндылығын бірдей қабылдауға және пайдалануға қолдау жасайтын салиқалы ұлттық саясаттың жүргізілуінде.


Құт – түркі–қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында береке, байлықтың басы дегенді білдіретін киелі ұғым. Көне түркі заманында Қ. сөзі: 1) жан, өмірлік қуат, рух; 2) бақыт, жақсылық; 3) сәттілік, табыс, сыбаға; 4) ұлылық, дәреже; 5) ақиқатқа жету, нұрлану, шаттықа кенелу деген түрлі мағыналарда қолданылған. Қ. ұғымы, а) өсіп–өну құбылыстары мен заңдарына ұқсас; ә) тылсым рухтарға тәуелді негізде; б) көк Тәңірден келетін сыбаға деген наным–сенім ыңғайында қалыптасқан–ды. Тарихқа көз жүгіртсек, түркілерде Қ–тылық пен құтсыздық ұғымының мән–жайы тұрпайы натурализм деңгейінде, жеке адамның этик. заңдарымен, тіпті елдің әдептілік дәстүрімен ұштастырыла тарқатылады. Қ. мәселесі тағы да адам мен жан–жануарлардың өсіп–өнуі тұрғысынан, байлық–молшылық сипатында сарапталынады. Ислам діні аясында Қ–тың түп–тамыры Алладан келетін киелі нұр, қуат көзі, күллі береке деген түсініктер қалыптасты. Содан Қ. пайғамбардан халифаларға, халифалардан сопы–пірілерге көшеді деген рухани сабақтастық нышаны орнықты, сопылық дүниетаным етек алды. Осылай пайымдаған Ж. Баласағұни Қ. туралы түсінікті иманмен, ақыл–оймен тығыз байланыста ширатты. Халықтық әдет–ғұрыптарда а) Қ–ты үлкеннен бата алу, атақонысын әулиедей көріп қастерлеу адамның басына қонатын «Бақыт Құсы» немесе Қыдыр деген рәсіммен бекіді; ә) отбасының, мал–жанның өсіп–өнуі, абырой–беделдің жоғарылауы басқа қонған Қ–пен байланыстырылды. Содан әулеттің, шаңырақтың берекесін ұстап тұрған қарапайым адамдар (аналар, әйелдер) бүкіл тайпаның, халықтың Қ–на айналған тұлғалар болады деген ырым орнықты. Тіпті ата–бабаларға қонған Қ. оның ұрпақтарына көшетініне, содан аруақты сыйлау, ата–баба өсиетін қатаң ұстану дәстүрі күш алатынына кәміл сенушілік туды. Қ. ұғымына қарама–қарсы түсініктер, ырым–нанымдар – апат, сор, жұт, аштық, жоқшылық, құлдық, қорлық, бейнет жағымды нәрсенің құлдырауын, кері кетуін білдірді. Қ–а деген дәмеден қалың жұрттың басынан бағы тайған кезде, жаңа заманды аңсау сарыны да жан–жақты көрініс тапты, жаманнан жирену, үмітке ұмтылу құлшынысы білінеді.


Қызығушылық – дүниедегі заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып–білуге шоғырланған әрі бағытталған адамның ой–санасы мен ниетінің ерекше көрінісі және қызметі. Қ–тың табиғаты күрделі, көрінісі алуан. Қ. көңіл тартатын нәрсеге құмарта Қ.–пен қараушылық, танымдық қабілетті меңгеруге, жұмысқа деген шығармашылыққа зейін аударушылық. Қ. заттардың тартымдылығынан тікелей туындайды, ал әрекеттің түп нәтижесін көксеушілікте жанама Қ. артады. Қажеттілікті ұққан адамның құндылыққа және тәрбиеге деген Қ–ғы тұрақты, терең, жан–жақты, ал затқа жалаң, жалпы, өтпелі түсінікпен қарағандарда Қ. өте таяз, тар, құбылмалы келеді. Осыдан адамның іс–әрекетіне, көзқарасы мен талғамына, мұрат–мүддесіне байланысты Қ–тары аумалы–төкпелі болады. Бірақ адамның еңбекке, тәлім–тәрбиеге деген Қ–тың басым болуы қажет. Адамның дамуына байланысты Қ. мән–мағынасы жетіледі, бір–бірімен үйлеседі. Адамдық құндылыққа деген Қ.ы. тұрақты қасиетке айналғанда ғана адам өз іс–әрекетінен жақсы нәтиже шығара алады. Осыдан Қ–қа ықпал ету, оны тәрбиелеу қоғамда практикалық маңызы зор мәселе. Іс–әрекеттің шығарм. жағын жетілдіру бүгінгі жастар арасында үлкен Қ. тудыруда. Тәрбиеде, оқу процесіне жаңа, өтімді тәсіл–құралдарды ендірудің маңызы да, нәтижесі де артуда. Адам сапасына деген Қ. алдыңғы шепке шығуда. Қ. өзінің мазмұны мен бағытына қарай: материалдық, қоғамдық, саяси, кәсіптік, танымдық, эстетик. т.б.болып сараланады.


ҚанаҒат — барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеуден көрінетін, Қ. – адамның оң моральдық сапасын анықтайтын этикалық категория. Қ. ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Қ–шыл кісі – барынша кішіпейіл, қарапайым, иі жұмсақ. Сондықтан да ол көпшіліктің көзіне түсе бермейді. Қ. — қолдағы барына, қол жеткізген табыстарына разы болу, шүкіршілік ету. Әрине, кейбіреулер мұны адамшылыққа жарасатын көркем сипат, өмірде ортаймайтын қазына деп түсіне бермейді. Қаншама мол байлығы болса да, оны Қ. қылмайтындар да кездеседі. Мұндайларды жұрт көзі тоймайтын, Қ–ы жоқ адам дейді. Ондайлар “болған сайын болсам деп, толған сайын толсам деп” ашкөздікке салынып, Алла тағаланың қанағат–нысабын ұмытады, көбіне жалған сөйлеп, екі жүзділікке барады. Пайғамбарымыз: “Монтаны екіжүзділіктің белгісі үшеу дейді. Олар өтірік айту, уәдесінде тұрмау және аманатқа қиянат жасау”. Екіжүзділік — жарамсақ жағымпаздықпен егіз қозыдай. Адам қолындағы барының игілігін көріп, соған шүкіршілік қылса, өмірі де мәндірек, қызығырақ болар еді. Қ–сыз адам ашкөз келеді. Қ–сыздық – тойымсыздық, өзі тойса да, көзі тоймаушылық. Бұл — ерсі қылық, тәрбиесіздік пен мәдениетсіздіктің белгісі.
Қазақ халқы Қ–ты – жоқтықтың, кедейшіліктің белгісі деп есептемеген. Керісінше, ол зерделілік пен сабырлылық, тоқтамдылық пен ұстамдылық мінездің, абзал моральдық қасиеттердің үлгі–өнегесі ретінде танылатын этикалық құндылық деп біледі. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аш көзділікке жібермейді, басқаның дүниесіне сұқтанудан арылтады, сұғанақтық жасатпайды, қызғану мінезін тежейді. Қ–шыл адам жұмсақ мінезді, жайлы, кіші пейіл, қарапайым болып, көптің құрметіне бөленеді. Қ. – баршаның бойына жарасатын көркем сипат, ешқашан солдыруға болмайтын рухани күш. Көп адамда кездесетін кесапаттық – Қсыздық пен мал және дәулетке масаттану. Осыны өз өмірлік тәжірибесінде көп көрген қазақ халқы: “Малым бар деп мақтанба, боран соқса қайтесің? Басым бар деп ойлама, ажал соқса қайтесің?” деп Қтыққа шақырады. Эпикурдың пайымдауынша, адамға рухани Қты әкелетін білім болып табылды. Әл–Фараби: “Қ. – табиғаттың төл перзенті. Тағы да денсаулықты күзетеді” –деп айтады. Р.Хорезми: “Тапшылықта азға Қ. ете білгенің, өзіңе–өзің патша боп, еркін өмір сүргенің” –десе, Парсы ойшылы Қайқаус (Кабус): “Әрдайым өкінішті жағдайға тап болғың келмесе, Қты бол, қанағатқа әдеттенсең, бостандықтағы денең ешкімнің де құлы болмайды. Қайыршы болсаң да, бұзақы болсаң да Қты бол. Демек, тәркі дүние бұзық болса да, қанағатты бол” (Қабуснама) –деп көрсетеді. Әл–Ғазали моральдық көрсеткіштердің бірі – Қ. болатындығын дәлелдейді. Оның пікірінше, Қ. – адамның қолындағы аз нәрсені жеткілікті тұтынуы, қал–жағдайына шағымданбауы. Азға Қ. қылған, аз жеген, аз ішкен, аз ұйықтаған адамның жүрегі жұмсарады, періштелерге ұқсайды. Дүниеде тек зәру қажеттіліктерін ойлап, соны орындауды Қ. тұтқан адамдар түрлі қауіптен, қиындықтардан аман болады дегенді меңзейді.
Қазақ халқының даналық сөздері: “Қ.– қарын тойғызады, Қ–сыз – жалғыз атын сойғызады”, “Қоя жесең, қой қалады, тарта жесең, тай қалады” – деген тұстарды көрсеткен. Абай: “Талап, еңбек, терең ой, Қ., рақым ойлап қой – бес асыл іс білсеңіз. Ақылды адам азғантайды Қ. қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де аз” – дейді. Бұл мысалдардан Қ. адами болмысының айналасындағы қорғаныс күші ретінде дәріптеледі. Қ. адам жаратылысына ғана берілетін, жаман әдеттерден сақтаушы имманенті субстанція Батыс философиясында Қ–шылдықты түсінгендер қатарына Диоген, Шопенгауэрді жатқызуға болады. М., Шопенгауэр, “мен философия арқылы үлкен байлық таппадым, тек қажеттіліктерді Қ–тандырудың мүмкіншілігіне ие болдым” – деп Қ. сезіміне бөленген.
Қ.– нысапсыздық, нәпсіқұмарлық, екіжүзділік антиподы ретінде қарастырылады. «Қ. – барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеу. Пайғамбарымыз: “монтаны екіжүзділіктің белгісі үшеу дейді. Олар: өтірік айту, уәдесінде тұрмау және аманатқа қиянат жасау”. “Екіжүзділік – жарамсақ жағымпаздықпен егіз қозыдай.. Адам қолындағы барының игілігін көріп, соған шүкіршілік қылса, өмірі де мәндірек, қызығырақ болар еді.
Қ–шылдық түсінігінің түркілік әлемде ерекше орын алғаны белгілі. Айталық, Жүсіп Баласағұн Одғұрмыш бейнесі арқылы бұл ұстанымды өз еңбегінің арқауы етіп алса, Қожа Ахмет Ясауи Қ –ты кісілікке жеткізетін басты жол деп сараптайды. Ақын–жыраулар бұл дәстүрді жалғастыра отырып, Қ. түсінігі мазмұнына хандық дәуірге тән рухани бітімдерді үйлесімді қоса білді. Айталық, Асан қайғы жырларында қанағат кең пейілділікпен, нәпсіні тыйюмен, ақсүйектер мен батырларды ел мүддесінен алшақтамауға шақырумен. Қ. – әдептіліктің басты белгісі және негізі. Ол – адамның сана–сезімі мен іс–әрекетіндегі жақсы әдет, дағды. Қ. – адамның барына, өз еңбегімен қол жеткізген табыстарына разы болу, шүкіршілік ету қабілеті. Қ. – адамзатының ғана болмысына бітетін ішкі интенциялық қуаты, имманенті субстанциясы. Қ–ы әдетке айналдыру – игілікті іс болып табылады және адамның тұлғалық болмысының жетілуін көрсетеді.


ҚАСИЕТТІ (лат. sacrum – қасиетті) –киелілігі құндылыққа, мінәжатқа жататын нәрселер. Теологияда Қ–ті Құдайға бағынышты болу мен иеленеді. Қ–нің символы ретінде қасиеттеу рәсімі, яғни күнделікті тіршілікке Тәңірлік, трансцендентті мағына беретін рәсім бай көрсетеді. Қасиеттеудің жүйесі: қоғамға тән ойлар құрамынан; осы ойлардың абсолютты ақиқаттығына сендіретін психологиялық тәсіл мен иландыру құралдарынан; арнайы таңбалар жүйесінен; арнайы ұйымнан; осындай арнайы жүйені қалыптастыруға көп уақыт кетеді, ол өзіне өткен және жаңа пайда болған дәстүрлерді сіңіреді. Қ. дәстүрдің және қасиеттеудің өміршең жүйесінің арқасында дін немесе идея қоғамның барлық кеңістігіне тарап, әлеуметтік топтармен қатар барлық буындарды біріктіреді. Таңдаулы объект қ–телген кезде қоғам нақты болмыстан гөрі, оның шынайлығына көбірек сенеді. Сондықтан қ–теу рәсімін идеологияның ең басты құралы деп санауға болады.


Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.


Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 4. Ислам философиясы. Астана: Аударма, 2005




Қоғам – адамдардың арасында қалыптасатын сан–алуан байланыстар мен қарым–қатынастардың жиынтығы жан–ұя, ру, тайпа, халық, ұлт секілді әлеуметтік ұйымдасу формалары. Жер бетінде өмір сүріп жатқан саналы адамдар бір–бірімен бірігіп, сан–қилы қарым–қатынастарға түсіп Қ–ды құрайды. Қ. ұғымының орнына көп жағдайда оған мән–мағынасы жағынан жақын категориялар қолданылады. “Ел” және “Қ.” категорияларын салыстырсақ, біріншісінің географиялық Қ. басымды. Мысалы, Қазақ елі – Азия құрылығының ортасында, мұхиттардан алыс орналасқан ел. Ал “мемлекет” пен “Қ–ды” салыстырсақ, ол мұхиттағы айсбергке балауға болады. Судың бетіндегі көрінетіні алып мұздың кішкентай ғана бөлігі – ол мемлекет болатын болса, су астындағысы – Қ.Қ. өміріндегі сан–алуан қарым–қатынастардың ең негізгілерін ғана мемлекет заң арқылы ретке келтіре алады, қалғандары әдет–ғұрып, моральдық, эстет., т.б. әлеуметтік нормалардың негізінде қалыпқа келеді. Сонау көне заманнан бері созылып келе жатқан үрдіс – Қ–дағы рухани, саналы байланыстарды негізгі деп есептеу. Өйткені, бір қарағанда Қ–ның жануарлар тобырынан айырмашылығы – оның мүшелерінде рухтың пайда болып, сол қоғамға тигізетін зор әсерінде болса керек. Қ. өмірінде өмір сүріп жатқан нақтылы адам басқалармен саналы қарым–қатынасқа түседі. Ол өз алдына неше–түрлі мақсат–мұраттар қойып, оларды Қ–дық өмірде іске асыруға тырысады. Яғни, идея әрқашанда алда, соңынан ол іске айналады. Олай болса, Қ. өмірін анықтайтын әрбір Қ. мүшесінің белсенді ұстанымы, қайрат кетірлігі және көшбасшы ұлы тұлғалардың саналы іс–әрекеті.



Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет