«Бөбек» қоры
Адамның үйлесімді дамуы институты
Ә.Ш. Әлімжанова, Т.Х. Ғабитов,
Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Ұсынылып отырған оқу құралында өзінтану, педагогика, мәдениеттану мен философия ғылымдары салаларында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде көркем мәдениетпен байланысты қағидалар жүйелі түрде берілген. Оқу құралы өзінтану пәні бойынша мектеп оқушылары мен оқытушыларына, көркем мәдениетпен айналасушы мамандар мен жалпы оқырман қауымға арналған.
Ә.Ш. Әлімжанова, Т.Х. Ғабитов. Өнер - өзін-өзі танудың қайнар көзі. Алматы: , 2011
Алматы, 2011
Кіріспе
Ұлттық рухани мәдениет — сол халықтың дәстүрлі дүниетанымын, тарихи-мәдени және эстетика-этикалық ұстанымын, тілі мен ділін, болмыс-бітімін айғақтап, әлемдік өркенниеттегі орнын айқындайтын рухани құндылықтар мәйегі. Әбу Наср әл-Фараби мен Махмұт Қашқари, Ахмет Ясауи мен Абай Құнанбаев сияқты даналар шыққан ұлы дала ұрпақтарының мәдениеті — тұтас бір өркениет жемісі ретінде бұрын арнайы қарастырылмайтын. Тек қана еліміз тәуелсіздік алған соңғы жиырма жылда ғана Қазақстанның рухани мәдениетіне назар аударыла бастады.
«Өнер - өзін-өзі танудың қайнар көзі» деп аталатын бұл еңбек - халқымыздың мыңдаған жылдар тарихында қалыптасқан көркем мәдени мәдени дәстүрлерді жүйелі зерттеу арқылы өзін танудың бір бағытын ашуға арналған. Қазіргі кезде ұлттық рухты шыңдайтын осындай дүниелердің оқу-ағарту жүйелерінде тереңдетіліп оқытылмайтыны – ойланатын нәрсе. Мүмкін, бүгінгі жастардың арасындағы немқұрайлылық, бойкүйездік, мінез-құлықтағы ала-құлалықтардың барлығы – халықтың рухани дүниесінен нәр алмағандықтан болар. Ал құлықсыздық, халықтың рухани дүниесінен нәр алмағандық білместікке апарады. Оны таныта алмағандықтан, осындай құбылыстардың белең алуы – заңдылық. Өз халқының мәдениетінен, дәстүрлі өнер түрлерінен алшақ кеткен жастардың бүгінгі күнгі ахуалы – ойландыратын мәселе. Осылардың барлығы өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық саладағы жалпылаудың, яғни рухани өмірге аса мән берілмегендіктің салдарынан, сонымен қатар, тұрмыстағы шектен тыс шетелдік дүниелердің насихатталуынан. Қазаққа тән адами қасиеттерінің орташалануы ұлттық парасат тамырларының жойыла бастауына әкеліп соғуда. Жалпыға ортақ ізгі қасиеттердің көпшілігі кешегі кеңестік дәуірде орыстық сипатта насихатталып келгені мәлім. Ұлттық құндылық сезімдері ұлтшылдық нышаны болып көрініп, оған қатаң тосқауылдар қойылғаны да белгілі.
Барлық өнер туындыларын зерделеу процесінде оның көркемдік, этикалық, эмоциялық қуатын сезіну арқылы оның мәнін пайымдаймыз.Өнер атаулының басты міндеті – сезімге әсер етуі, сол арқылы ізгілікке, әдептілікке, көркем мінезге баулу, өмірдің мәнін аңғарту. Адам бойындағы ізгіліктің барлығы өнер арқылы қалыптасады. Адамның өнерге қатынасының өзі сол көркемдік пен этикалық мазмұндағы тұтастық қатынасы екенін ескерсек, онда бұл тұжырымдама адамзат баласының өнерге ізгілік, сұлулық, шынайылық қатынасын қалыптастыру қызметінің психологиялық-тәлімдік негіздерінің жинақты бағдары болғанын көрсетеді. Өнерден өмірді танып түстейміз. Өнердің озық туындыларының өзі өмірдің мәні мен тұрмыс-тіршіліктің мазмұнын бейнелеумен көрініс табады. Яғни, өнердегі негізгі ұстаным – өмірдің мәні, дүниетаным туралы білімін толықтырып, оны терең тани білу. Міне, бұл адамдардың өмір туралы дүниелік-танымдық қатынасын қалыптастырып және соған лайықты үйлесімді өмір сүрудің тиімділігін анықтауымен көрсетілді.
Өнердің ізгілікке баулу қатынасын адамның мәдениетін орнықтыру мақсатындағы тағылымдық, тәлімдік негіздемелері оның ғылыми методологиялық нұсқаларымен сабақтасып жатады, оның түпкі мұраты – рухани дүниесі бай, мәдениетті тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру.Өнердің өзегі – көркем туындылар, яғни олардың өзін оқу, сіңіру. Көркем туындыларды танудың негізгі мақсаты – туындының ішкі табиғатындағы құпиясын ашу. Сондықтан да өнердің мәдени-рухани қуатының көзі – оның ішкі сыры. Көркем туындылар өнердің жетекші түрлері бола отырып, оны танып-білудің жалпы философиялық заңдарын туындатады. Көркемдік, сұлулық негізіндегі өмірдің мәні туралы заңдылықтары, көркем туындыдан туындайтын адамның ізгілік қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселелері танымдық мазмұнын сақтай отырып, философиялық-мәдени мәнде шешімін табады.
Олай болса өнер дегеніміз не? – деген сұраққа жауап іздей отырып, оның түрлері мен адам тіршілігіндегі орнын саралауға, оның тарихи кезеңдеріне шолу жасауға жетелейді.Қазақ халқын өнерпаз халық дейді. Оның өнерпаздығын рухани дүние мұрасының байлығына қарап айтса керек.Сан ғасырлар бойынан ұмыт болмай келе жатқан үлкен өнердің арналы салалары болып, аңыз-әңгімелері, ертегі-эпостары мен ән-күйлері және түрлі қол өнерлері жетті. Олар жай ғана жеткен жоқ, сол замандардың дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі мен тұрмыс тұғырының, өмір сүруінің тірегі, жан сұлулығының тәрбиешісі болуымен жетті. Бүгінгі күнге дейін рухани әлемімізді нұрландырып келген өнер – дүниелік кемел зерденің айғағы, оның туындыларын зерттеп, зерделеу тұғыры биік ойдың өрісі болса керек.
Табиғаттың тіршілігін өз сырымен, өз заңымен түсіндіру, өнердің шынайылығын көрсетеді. Табиғаттың үйлесімділігі, үндестігі бір-бірімен тығыз байланысты. Жер мен күннің, ай мен жұлдыздың, малдың, өсімдіктердің бәрі-бәрі табиғи тылсым үндестіктің жіпсіз байланыстылығын пайымдатады. Өнерге, табиғатқа, адамға ізгілік қатынастарын қалыптастыру әдістері мол. Өнердің мәні – көркем туындылар арқылы адамдардың табиғатқа ізгілік қатынастарын аңғарту, оны бағалау, құндылық ретінде сезімдік қасиеттерін орнықтыру мен рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету.
Өнер адамзат баласының өмірлік тіршілігіндегі ең көне бейнелеу құралы ретінде танылған. Өнердің бұл қызметі саналылықтың маңыздылығын көрсетуімен, оған жаңаша талап тұрғысынан қарауды міндеттейді. Өнер грек халқының танымдық түсінігінде «жасау», «істеу» деген ұғымдармен байланыстылығын көрсетеді. Яғни, өнер қызметімен байланысты барлық өнімдер негізін құрайды.
Өнердегі көркемділік шығармашылықтың нәтижелерін, әртүрлілік салаларын, оның мәнін түсіндіреді. ХХІ ғасырда техникалық өркениеттегі өнердің мәні, адам қызметінің екі түрін көрсетеді: шығармашылық пен өндіріс. Шығармашылық адамзат әлемінің туындысы ретіндегі өз болмысының көрсеткішіне байланысты да, өндіріс техникаға байланысты дамып жетіледі. Мұндай көрсеткіш қоғамдағы адамның табиғаттылығын жасандылыққа, яғни еліктеушілікке жетеледі. Осындай бөліністің нәтижесінде өнер қызметтілігінің түрі анықталады. Өнер мәдениеттің ең бір бағамды бөлігінен саналады. Осыған орай адамның өміріндегі өнердің маңыздылығы және шыншылдықпен суреттеу арқылы шығармашылық ойдың адамның өмір сүруіндегі негізгі өзегі болғанын көрсетеді. Халықта мұндай шығармашылықты көркем шығармашылық өндірісі ретінде ерекше бағалап, өнердің даму процесіндегі мәдениеттің даму заңдылықтары қызметін атқара бастайды. Сонымен қорыта айтар болсақ, өнердің дамуы, оның даму әдіс-тәсілдері болмыс дамуының нәтижесін айғақтап, өмір сүруінің мақсатты іс-әрекеті ретінде танылады.
Мәдениет - адам рухани болмысының мәйегі
Мәдениет адам рухани болмысының айнасы ретінде
Рухани мәдениетіміздің зерттелу тарихын дәл мына уақыттан басталды деп басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге таратады. Сол сияқты рухани мұрамыздың жиналу, саралану, насихатталуы да тереңге тамыр созады. Мемлекеттің негізгі мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті сақтау дейміз. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау – қорғаныс күштерін нығайтып, ел ішіне енген арам пиғылды адамдарды аңду ғана емес, ел азаматтарының бірлігін сақтау, рухы биік, өз ұлтының барлық асыл қазынасы мен асыл қасиеттерін бойына сіңіре білген, өз дәстүрі мен салт-санасын өзгеге айырбастамайтын саналы азаматтарды тәрбиелеп, қалыптастыру. Оның бірден-бір төте де сенімді жолы біреу-ақ, ол – жас ұрпақты мәдениет арқылы тәрбиелеу. Мәдениет – көптеген тоғышарлардың түсінігіндей клубтар мен дискотекалар ғана емес, мәдениет – тіл, тарих, музыка, әдебиет, экран, телеэкран, т.б. Біз көп айта беретін ұлттық идеология дегеніміздің өзі негізінен мәдениетке сүйенеді. Сондықтан біз шекараны қалай қорғасақ, мәдениетті де солай қорғауға тиіспіз. Қоғам мүшелерінің парасат деңгейі мен рухани биіктігі жоғары болған сайын мемлекет негізінің іргетасы да соғұрлым берік болмақ.
Бүгінгі таңда отандық және шетелдік әдебиеттерде оған берілген анықтамалар саны 1000-нан асады. Солардың ішінде философиялық, ғылыми-педагогикалық, психологиялық, әлеуметтану ғылымдары саласында берілген анықтамалар мәдениет ұғымының әр түрлі қырынан тұжырымдалғанын байқатты. Олардың негізгілерін шартты түрде былайша бөліп көрсетуге болады: 1) мәдениет - белгілі бір тарихи-нақты қоғамды көрсететін адамзаттың атрибуты; 2) іс-әрекет образдарының (әдет-ғұрыптар, дәстүрлер) және олардың жүзеге асу формаларының жиынтығы; 3) адамның мінез-құлықтары мен қоғамның іс-әрекеттерінің нәтижесі; 4) адамның бастапқы өмірінен соңғы күніне дейін жасайтын дүниесі; 5) табиғат заттарынан материалдық дүниені жасайтын адами іс-әрекеттер; 6) адамда адамды қалыптастыру құралы; 7) адамдардың мінез-құлықтарында және іс-әрекеттерінде еркіндіктің пайда болу мүмкіндігінің өлшемі; 8) қарым-қатынас жасау тәсілі.
Көрсетілген топтамалардың барлығы да мәдениет ұғымының адамның іс-әрекетімен өзара байланыстылығын көрсетеді. Осыған орай мәдениетті адам еңбегінің жемісі тұрғысынан адамзат мәдениеті (жалпы деңгей), әлеуметтік топ мәдениеті (ерекше деңгей), жеке тұлғаның мәдениеті (жалпы мен ерекше деңгейдің бірегей көрінісі) деп, үш топқа бөліп қарастыруға болады.
Мәдениет ұлтты қорғайды, сол ұлттың басын құрып отырған мемлекетті қорғайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Демек, мемлекет те өз мәдениетін қорғауы керек, оның жаңарып, түрленіп, гүлденіп отыруына баса көңіл бөлуі қажет. Мәдениетті күнделікті болып жататын көңіл көтерер факт ретінде қабылдамай, ұлттың негізі, мемлекеттің тірегі деп қарайтын кез жетті. Олай болмаған жағдайда ұлт мәдениетінің босаған орнын басқа елдің жат өнері жайлап алады. Ол – жоңғар шапқыншылығынан әлдеқайда қауіпті.
Мәдениет - жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол - өзара қарым-қатынас нәтидесінде қалыптасатын ерекше құбылыс. Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады.
Мәдениет - әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты. Мәдениеттің тұрақты жағы - мәдени дәстүр, соның арқасында тарихтағы адамзаттық тәжірибесіне сүйеніп, оны кемелдендіреді, дамытады. Адамдар арасында келісім, ауызбіршілік, бірлік болмайынша, түрақты дамуды бағдар тұтқан қоғамды қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан еліміз үшін басымдық танытушы идеяға айналған мәселе әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан, әр түрлі тарихи кедергілерден мемлекетіміздің тұтастығын сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына қосылу болып табылады. Бүл жерде мәдениеттің гуманистік – адамгершілік принциптеріне сүйену, рухани бағдарды ұстануы терең мағынаға ие болды. Өйткені мәдениеттің құлдырауы адамның рухани дүниесін аздырады, оның шынайы даму жолынан ауытқуына әкеліп соқтырады. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің түп негізіне әсер ететін құбылыс болып табылады.
Өмірдің заңына сәйкес мәдениет үнемі жаңғыруды қажет етіп отырды. Өзен өзінің мөлдірлігін суы ағып жатқан кезде сақтайды, тазалығымен адамды тәнті етеді, әлемділігімен табиғатты құлпыра түседі. Сол сияқты кез келген мәдениет жаңа толқынға, жаңа мағынаға ұмтылады, оған зәрулік танытады. Әрине, бұл дегеніміз ғасырлар сынағынан өткен дәстүрлі құндылықтарды түбегейлі жоққа шығару деген сөз емес. Өйткені, тарихи сабақтастықтың логикасына сәйкес мәдениеттің ілгері үлгілері болады, онсыз үлттық мәдениеттің қабырғасы сөгіледі, іргесі шайқалады. Міне, сондықтан жаңа үлгілерге жаппай бетбұрыс жасаудың өз қисыны, өз ырғағы, өзіндік келбеті бар. Сондықтан, өтпелі кезеңнің мәдени өзгерістерінен дәстүрлік пен жаңашылдықтың ерекше синтезін, симбиозын іздеуіміз қажет сияқты. Әрбір жаңа нәрсені ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып қабылдаған абзал. Мәдениеттің басқа салаларында жіктелген заттық және руханилық, объектілік және идеалдық, рационалдық және эмоционалдық... - осылардың бәрі өнерде жігі бұзылмай, бірлесе, біте қайнасып жатыр.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының әлеуметтік-мәдени дамуы жөніндегі тұғырнамасында Республикада тұратын барлық халықтар мәдениетінің өзіндік ерекшелігіне тиісті көңіл бөлінетіндігі және кез келген мәдениет қайталанбас, теңдесі жоқ қазына екендігі, сондай-ақ, белгілі бір халықтың өзін дүние жүзіне сол арқылы толық танытатыны айтылған. Сонымен қатар, бұрынғы өткен өзіндік мәдени дәстүрлерін еске түсіру, есте ұстануына, одан рухани қуат алып, өзіндік жасампаздық үрдісін тыныту үшін оған басқа мәдениеттердің белгілерін шеберлікпен өз бойына дарытуға мүмкіндік беретіні көрсетілген. Халықтық мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін мойындай келіп, Қазақстан халықтары мәдени қазыналарының бірлігі қалыптасатынын ескеріп, мемлекет барлық халықтардың мәдени мұраларын сақтап, қорғайтыны, мәдениеттердің теңдігін және әрбір халықтың өз мәдени ерекшелігін орнықтыру, сақтау және дамыту құқығын қамтамасыз ететіндігі тұжырымдалған.
Эстетикалық мәдениет – рухани мәдениеттің маңызды бір саласы
«Эстетика» (грек. Aisthetes – сезінуші, сезім қызметіне қатысты) – көркемдік таным теориясы; әсемдік туралы, көркем шығармашылықтың жалпы заңдары туралы, адамның болмысқа эстетикалық қатынасы туралы ғылым. Эстетика ұғымы қолданысқа сұлулық, сезім жөніндегі ғылымды белгілеу мақсатымен тұңғыш рет неміс философы 1750 жылы А. Баумгартеннің ұсынысымен енгізілген.
Эстетика өнердің өзін зерттеумен ғана шектелмейді, адамның материалдық және эстетикалық көзқарасын зерттейді. Эстетика көркем шығармашылық эстетикалық бағасын әлеуметтік, саяси бағасымен біріктіре алып қарайтын көркем сынмен тығыз байланысты.
Көркем өнердің адамдардың сезіміне, жан-дүниесіне әсер ету мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып отырған шетелдік мәдениет құралдарының алпауыт иелері оны табыс көзіне айналдырып, құнсыз материалдармен жастар және балаларды санасыздық, ойсыздық селкілдеп бекер уақыт өткізу секілді жат істерге жетелеуде. Келе жатқан процеске қарсы Отанымызда «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өткеннен қалған мәдениет, әдебиет, өнер туындыларын тарихи құндылықтар ретінде жинақтап, сақтау және жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалану көзделсе, «Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында» жастардың рухани-эстетикалық тәрбиесіне көңіл бөлу проблемалары көтерілген. Тұлға мәдениетінің негізгі және қажетті құрамды буыны – оның эстетикалық мәдениетінің болуы.
Эстетикалық мәдениет – рухани мәдениеттің маңызды бір саласы ретінде табиғат пен адам баласының шығармашылық еңбегімен жасалатын эстетикалық құндылықтардың жиынтығы, оларды жасау және қолдану тәсілдері. Эстетикалық құндылықтар қоғамның өмірмен қарым-қатынасқа түсуіне, қоғамның жетілу талпынысына, қоғамдық қатынастардың барлық жүйесінің толыққанды өркендеуіне қатысады.
Эстетикалық мәдениеттің құрамына: эстетикалық қажеттілік; эстетикалық қызығушылық; эстетикалық талғам; эстетикалық әрекет; кәсіби біліктіліктер кіреді. Сондықтан жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастыру үшін осы айтылған құрамдас компоненттердің әрқайсысының студенттің бойында болуын міндетті түрде ескеру және оларды қалыптастыру қажет деп есептейміз. Демек, эстетикалық мәдениетті қалыптастырудың мақсаты – тұлға бойында эстетикалық құндылықтарды сіңіруді қажетсінуін, оған деген қызығушылығын, эстетикалық талғамын дамыту, білімі мен біліктілігін, қабілеттерін жоғары деңгейге жеткізу болып табылуы тиіс.
Қарым-қатынас эстетикасы. Мектепте оқушыларының ата-аналармен, мұғалімдер мен басқа адамдармен қарым-қатынас жасауы эстетикалық тәрбиенің іргетасы. Мұндай қатынас балалардың күнделікті өмірінде, іс-әрекетінде қалыптасып, эстетикалық сезіміне үнемі әсер етеді.
Үй-жағдай эстетикасы. Әрбір үйелмен өз үйіне жайлы жағдай жасауға тырысады. Дүние мүліктерініңіз орнында әдемі, ыңғайлы тұруын ойластырады. Балаларды үй ішінде өзінің жеке заттарын, нерселерін ретке келтіріп ұстауға, күтуге, үйді жинауға, тазалық сақтауға үйретеді. Осы жұмыстардың бәріне балаларды қатыстыру - әке-шешенің басты міндеті.
Киім-кешек эстетикасы. Адамның сыртқы көрінісі, киімі, жүріс-тұрысы оның эстетикалық мәніне байланысты. Киім эстстикасы, қазіргі өмір талабына сәйкес болуын талап етеді: Киім-кешек эстетикасында сұлулықтықтың өлшемін есепке алуы керек. Манера, жест (дене қимылы) - бұл әрбір адамның өзін ұстай білу үлгісі және дене қимыл жөніндегі ұғымды білдіреді. Адамның сыртқы мәдениетімен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы — эстетикалық сұлулықтың белгісі. Ата-аналар мен мұғалімдер оқушы жастардың эстетикалық танымын, сезімін, мәдениетін, білімін көтерудегі ең басты сүйеніші. Олар өздері үлгі болып эстетикалық тәрбие жұмысының мазмұнын, нормаларын және әдістерін жетілдірудің жолдарын іздестіріп, іске асырады.
Мінез-құлық эстетикасы - оқушылардың өзге адамдармен қарым-қатынасы және өмір сүріп отырған қоғамдағы іс-әрекет қылығын айтамыз. Мінез-құлықты дербес ғылым — этика зерттейді, сонымен қатар оны эстетика да қарастырады.
Сыпайылық - ішкі мәдениеттің сыртқа шығуы. Ол ұстамды болудан, өзіне-өзі шек қоя білуден, шыдамдылықтан, өзгелердің, билігі мен талғамын құрметтей білуден көрінеді. Әдептілік - көпшілік арасында өзіңді ұстай білетініңді дәлелдейтін, шартты түрде қабылдасанған мінез-құлық қағидалары. Байыптылық - байқампаздықпен, сергектікпен, өз шамасынан, өзгелердің де өлшем-шамасынан шыға білуге негізделген, мінез-құлықтағы сезім-түйсігі, өзін өзгелердің орнына қоя білу қабілеті.
Эстетикалық тәрбие мен эстетикалық мәдениет теориясы бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары мен педагогикалық тәжірибелерде де бейнелеу өнері пәні негізін жас ұрпақ тәрбиесінде пайдалану өзекті алғы шарттарының бірі ретінде қарастырылып келді. Бұл салада еңбек етіп, үлес қосып жатқандардың арасында өнердің жастар тәрбиесіндегі педагогикалық, психологиялық факторларын ғылыми тәжірибе арқылы зерттеп, құнды тұжырым жасаған педагог-ғалымдар аз болған жоқ.
Эстетикалық тәрбие беруде кескіндеме, музыка, бейнелеу өнерінің алғы шарттарын теориялық тұрғыдан қарастырумен шектеп қана қоюға болмайды. Өйткені, эстетикалық тәрбие өнермен айналысу, жалпы адамдардың қабілеттері мен мүдделеріне сәйкес келетін көлемдердегі шығармашылық әрекет. Көркем айғақтар мен құбылыстарды тек қана эстетикалық цикл пәндерін зерттеу процесінде ғана игеру мен сезіну жеткілікті болмайтындығы баршаға мәлім. Оқушылардың эстетикалық шығармашылық дарындарын дамыту шынайы сөз арқылы, көру-көрнекілік және дыбыстық бейнелеудің көмегі арқылы ұсына отырып, олардың икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыру көзделген жағдайда ғана мүмкін болады. Тек осылай эстетикалық тәрбиенің диалектикалық аспектілерін қарастыра отырып, эстетикалық цикл пәндерін оқытудың мақсаты әрекетсіз теория көмегімен ғана мүмкін болмайды деп тұжырымдай аламыз.
Эстетика этикамен өнер мен өнегелік қалай байланысты болса солай тығыз байланысты, өйткені, өнер сезімге әсер ете отырып, адамгершілік, ізгілікке тәрбиелейді. Көркемдікке сүйсіну, соны тамашалаған сәтте сезімге бөліну барысында жанымыз тазарады. Жан тазалығы – ар тазалығы. Олай болса, эстетикалық тәрбие имандылық, ғибраттылық тәрбиесінің бір тарауы.
Әсемдік – материалдық және рухани дүниенің адамды ләззатқа бөлейтін сипаты. Эстетикалық ұғым ретіндегі әсемдік әдемілікпен тектес. Бірақ, әдемілік объектілердің сыртқы және ішкі қырларын бірдей қамтыса, әсемдік құбылыстардың сыртқы көзге түсетін және пішіндік ерекшеліктерін эстетикалық тұрғыдан қабылдауға жатады. Әсемдік ең алдымен, тепе-теңдік, тұтастық, үйлесімдік, ырғақтылық, мақсатқа сәйкестілік, түс пен жарықтың белгілі бір мөлшері т.б. табиғи өлшемдерін эстетикалық түсінуде адамның сезім мүшелерімен қатар, оның ішкі түйсігі мен ақыл парасаты ерекше рөл атқарады. Пішіннің сырқтқы әсемдігі оның ішкі мазмұнымен сәйкес келмеуі мүмкін. Ізгілік пен жылылықтан алыс әсемдік кейпіне ежелгі қазақ аңыздарындағы Пері қызы, грек мифологиясындағы Нарцисс бейнелері жатады. Әсемдікті рухани сұлулықтан алшақтатып жіберген дұрыс емес. Өмір мен өнерді әсемдік рухани қуаныш пен ләззатқа бөлей отырып, қоғамда зор танымдық және тәрбиелік рөл атқарады.
Адам дүниені әсемдік үлгісінде қайта құруға ұмтылады. Адамның түрі де, киімі де, жаны да, ойы да әсем болуы керек. Адамның сұлу тұлға мұратына ұмтылуына қай халық өмірінде болмасын үлкен көңіл бөлінген. Мысалы, қазақтар киелі әйел құдай Ұмайды өте әсем, сұлу және қайырымды, жарқын жүзді, күміс шашы аспанды жарқыратқан, күн сәулесімен кемпірқосақ нұрына шомылған, қолында балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келіншек немесе қыз ретінде таныған.
Ендігі бір тоқтала кететін категориямыздың бірі – эстетикалық мұрат. Эстетикалық мұрат – белгілі бір кезеңнің эстетикалық санасын анықтайтын басылымдылық, доминанты. Эстетикалық мұрат дегеніміз адамзат ұрпағының өз дәуіріне сай армандау, шырқау мүмкіндігі жайлы бүкіл ұғым түсінігінің жиынтығы. Эстетикалық мұратты идеалды болу, жүзеге асуға тиістілік деп қарастырса да жөн. Өйткені, ол қашан да болашаққа меңзейді, жанжақты жетілген мүлтіксіз сұлулыққа жетелейді.
Эстетикалық сезім шындық өмір құбылыстарын немемсе өнер шығармаларын эстетикалық тұрғыдан қабылдау процесінде болатын көңіл-күй сезімі. Эстетикалық сезім осы қабылдау туғызатын өзіндік ерекшелігі бар күйзеліс болып табылады және әсемдік немесе асқақ, трагедиялық немесе комедиялық сезім ретінде көрінеді.
Өнер шығармалары эстетикалық сезімді көркем образдар арқылы көрсетіп, идеялық ғана емес, сондай-ақ көңіл-күй тәрбиесін берудің пәрменді құралы болып табылады, олар адамдар үшін қуаныш пен шабыт көзі болуға тиіс. Эстетикалық талғам әр түрлі эстетикалық қасиеттерді көңіл-күй сезімімен бағалау, ең алдымен, сұлулықты, әсемдікті ұсқынсыздықтан ажырата білу жөнінде қоғамда практика қалыптастыратын адам қабілеті. Өнер шығармалары бағаланатын талғамды эстетикалық көзқарасын бұрмалайды, оны нағыз сұлулыққа немқұрайлы етеді, ол кейде адамның сұрықсыз не нәрселерден ләззат алуына апарып соғады. Эстетикалық талғамның жетілуі оның өмір мен өнердің эстетикалық игіліктерді қаншалықты терең және жан-жақты танып білумен сипатталады. Ол дамыған эстетикалық тәрбиенің аса маңызды міндеттерінің бірі.
Эстетика ілімінің атқаратын көптеген қызметтерінің ішіндегі эстетикалық дүниетанымды тәрбиелеу қызметіне тоқталатын болсақ, онда эстетикалық тәрбиенің мәні оның шығармашылыққа тәнті жасампаз тұлға тәрбиелеуінде болып тұр. Эстетикалық тәрбиенің өзіндік ерекшелігі оның тұлғаға тікелей емес, жанама түрде әсер етуінде. Мысалы, егер адамгершілік тәрбиесінде тікелей тәлімдік басым ғой, ал эстетикалық тәрбиеде тұлға көркемөнер туындыларынан ой түйіп, солардан алған эстетикалық әсер нәтижесінде таза өзінің қалауымен жол таңдайды.
Эстетикалық тәрбие жастардың эстетикалық талғамын, эстетикалық мұратын, эстетикалық ұстанымдарын қалыптастыру нәтижесінде эстетикалық сананы сомдайды. Эстетикалық сананың сомдалуы қоғам үшін болсын, тұлғанын өзі үшін болсын үйлесімді дамыған белсенді тұлғаны қоғамдық өмірге даярлауымен бағалы. Эстетикалық тәрбие алған адам өзінің адамсүйгіштігмен, бекзаттылығымен, сыртқы кейпінің, мәнерлерінің, өзін-өзі ортада ұстай білуінің жоғары әсемдік талғамға сай келуімен танылады.
Эстетикалы тәрбиелі жан қалай болса солай жүріп тұрмайды, не болса соны киіп шықпайды, жөнді жосықсыз әрекеттерге бармайды. Эстетикалық тәрбиелі жастар бойына талғампаздық қасиетін дарытады. Мұндағы талғампаздықтың мәні адамның сұлулық пен ұсқынсыздықты, асқақтық пен мешеулікті, шынай әсемдікпен жалған көзбояушылықты ажырата біледі.
Қазақ халқында көшпенділік өмір жағдайына байланысты табиғи өзгерістерге өте нәзік байқағыштық тән. Кең далада қозғалыс бағытын дұрыс табу, жайылымдардық күйін анықтау, ауа райының өзгерісін алдын ала болжау, өсімдіктердің атын өте дәл тауып қою, т.с.с. Халықтың эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік, тұрмыстың, әдет-ғұрыптық, еңбектік және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбиенің құралдары ретінде қызмет етті. Халқымыздың әндері жанры және тақырыбы жағынан бай. Халқымыздың тұрмысына енген қолданбалы қолөнер бұйымдары, олардың өшекейленіп жасалуы эстетикалық тәрбиеде өз алдына бір сала. Ағаш, тері, металл өңдеудегі өнері әлемге әйгілі. Эстетикалық тәрбиеде халық ауыз әдебиетінің маңызы зор. Оның мазмұны халқымыздың бүкіл өмір тәжірибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын, әсемдік сезімін, талғамын дамытады.
Эстетикалық тәрбие мен эстетикалық мәдениет теориясы бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары мен педагогикалық тәжірибелерде де бейнелеу өнері пәні негізін жас ұрпақ тәрбиесінде пайдалану өзекті алғы шарттарының бірі ретінде қарастырылып келді. Бұл салада еңбек етіп, үлес қосып жатқандардың арасында өнердің жастар тәрбиесіндегі педагогикалық, психологиялық факторларын ғылыми тәжірибе арқылы зерттеп, құнды тұжырым жасаған педагог-ғалымдар аз болған жоқ.
Эстетикалық тәрбие – адамгершілік тәрбиесі мен еңбек тәрбиесі арқылы ұштастырылған нәтиже. Адамгершілік тәрбиесі адам бойына қажетті ізгі қасиеттерді сіңірумен айналысса, еңбек тәрбиесі сол адамға қажетті іс-әрекеттерге дағдыландырады. Адамзаттың эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың негізі эстетикалық тәрбие беруден бастау алады.
Эстетикалық тәрбие беруде кескіндеме, музыка, бейнелеу өнерінің алғы шарттарын теориялық тұрғыдан қарастырумен шектеп қана қоюға болмайды. Өйткені, эстетикалық тәрбие өнермен айналысу, жалпы адамдардың қабілеттері мен мүдделеріне сәйкес келетін көлемдердегі шығармашылық әрекет. Көркем айғақтар мен құбылыстарды тек қана эстетикалық цикл пәндерін зерттеу процесінде ғана игеру мен сезіну жеткілікті болмайтындығы баршаға мәлім. Оқушылардың эстетикалық шығармашылық дарындарын дамыту шынайы сөз арқылы, көру-көрнекілік және дыбыстық бейнелеудің көмегі арқылы ұсына отырып, олардың икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыру көзделген жағдайда ғана мүмкін болады. Тек осылай эстетикалық тәрбиенің диалектикалық аспектілерін қарастыра отырып, эстетикалық цикл пәндерін оқытудың мақсаты әрекетсіз теория көмегімен ғана мүмкін болмайды деп тұжырымдай аламыз.
Тұлға мәдениетінің негізгі және қажетті құрамды буыны – оның эстетикалық мәдениетінің болуы. Эстетикалық мәдениет – рухани мәдениеттің маңызды бір саласы ретінде табиғат пен адам баласының шығармашылық еңбегімен жасалатын эстетикалық құндылықтардың жиынтығы, оларды жасау және қолдану тәсілдері. Эстетикалық құндылықтар қоғамның өмірмен қарым-қатынасқа түсуіне, қоғамның жетілу талпынысына, қоғамдық қатынастардың барлық жүйесінің толыққанды өркендеуіне қатысады. Жеке тұлғаның мәдениеті ұғымының мәнін адамның мәнді күштерінің дамуының жоғары деңгейі мен оларды материалдық және рухани құндылықтарды жасау мен тұтыну бойынша жүзеге асыру тәсілдері» делінген анықтамасын негізге ала отырып, бұл адамның қолынан келетін және игеруге тиісті адамзаттың ғасырлар бойы жасаған ең жақсыларына тәрбие арқылы қол жеткізуінің, оларды бойға сіңірудегі адами жетілуінің дәрежесі деп түсінеміз.
Жеке тұлғаның адами жетілу дәрежесінің қалыптасуы (білімі, іскерлігі, дағдылары) әр түрлі салаларда жүзеге асырылады. Осыған сәйкес оның мәдениеті сөйлеу мәдениеті, құқық мәдениеті, эстетикалық мәдениет және т.б. болып бөлінуі мүмкін. Өйткені жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті оның өмір мен өнер құбылыстарындағы сұлулықты немесе көріксіздікті, асқақты яки төменді, мұңды немесе қуанышты эмоционалдық тұрғыдан қабылдаудағы, ұғыну мен бағалаудағы, қоршаған ортаны «сұлулық заңымен» қайта өзгертудегі қабілеттері мен іскерліктерін көрсетеді. Соның негізінде біздің пайымдауымызша жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетінің негізгі құрамды бөліктері болып эстетикалық сана, эстетикалық іс-әрекет, эстетикалық тәрбие мен даму деңгейі табылады. Эстетикалық мәдениетті қалыптастыру – оның бойына халықтың объективті эстетикалық құндылықтарын сіңіре отырып, білімі мен біліктілігін, қабілеттерін жоғары деңгейге жеткізу үрдісі.
Достарыңызбен бөлісу: |